Ежелгі түркілердің тарихында ақтаңдақ көп. Оларға ғұндардың тигізген ықпалы қандай? Түркілер моңғолдарға туыс па? Тарих сахнасына аяқ астынан шыға келген түркілер қалайша бүкіл құрлықты жайлаған империя құра алды? Түптеп келгенде, олардың отаны қайда? Бұл сұрақтардың жауабын білмек күшін Qalam редакциясы Ыстанбұлдағы Едитепе университетінің профессоры Ахмет Ташагылмен сұхбат құрды.
Түркілер туралы ертедегі жазба куәліктер қытай дереккөздерінен шығатыны қалай?
Мен Орталық Азияны мекендеген түркі халықтарына арналған қытай дереккөздерінің бәрін дерлік зерттеп шықтым. «Түркі» атауы мен түркі тайпалары туралы алғашқы жазбалар қытай дереккөздерінде 542 жылдан бастап кезігеді.
Сол ғасырдың өзінде араб, парсы және Византия дереккөздерінде «түркілер», Түркі қағанаты және Түркі империясы туралы айтыла бастайды. Бұл дереккөздерден түркі тайпаларының қоғамдық құрылымы, мемлекет жүйесі, заңдары, басқару тәртібі, билеушілері және басқа да көп қыры жайында мәлімет ұшырасады. Қытайлар неге түркілерге сонша мән берген? Өйткені олар түркілерді өздерінің ең басты қарсыластарының бірі деп білген.
Жыл сайын дерлік, әсіресе күзде түркілер Қытайдың солтүстік өңірлеріне жорыққа шығып, көтерілістерге көмектесіп не шапқыншылық жасайтын. Сондықтан қытайлар солтүстіктегі халықтардан, ең алдымен түркілерден үнемі қауіп көретін. Ал түркілер Орталық Азияның әлдебір өңірлерінен кеткенде, олардың орнын басқан моңғол тайпалары да жыл сайын сол жақты шауып отырған.
Ежелгі түркілердің атамекені қайда, олардың қалыптасуының ең алғашқы кезеңдері қалай өтті дегенге бүгінгі зерттеушілер не дейді?
Бұл жөнінде бірнеше көзқарас бар. Маған салса, ежелгі түркілердің атамекені қазіргі Қазақстанның солтүстік-шығысы, Оңтүстік Сібір — Таулы Алтай, Тыва және Батыс Моңғолия болған.

Бұғыты ескерткіші (көшірмесі) және Цэцэрлэг ғибадатханасы. Цэцэрлэг, Моңғолия. 6-ғасыр / Wikimedia Commons
Бүгінде ол өңірлерде қазақтар да тұрып жатыр. Мысалы, Баян-Өлгей аймағының батыс бөлігі мен Алтай тауының маңайын қазақтар мекендеп отыр. Әсіресе Хакасия, Тыва және Оңтүстік Сібірдің өзге өңірлері ерекше маңызды. Бұған Танну-Ола мен Саян тауларын да қосар едім.
Сондықтан түркі халықтарының ең ежелгі атамекені Оңтүстік Сібір деп білемін.
Шығыс Қазақстандағы Өскемен маңында Берел обалары жатыр. Бұдан бөлек, Елеке сазы мен Тарбағатайдан ежелгі түркілерге қатысты көп археологиялық дерек табылған. Осыған сүйеніп, Оңтүстік Сібір мен Қазақстанның солтүстік-шығысы ежелгі түркілердің атамекені болған деп нық айта аламыз.
Ғұн мемлекеті мен Түркі қағанаты арасында әлдебір байланыс бар ма?
Меніңше, «Чжоу шу», «Суй шу» және басқа да қытай дереккөздеріндегі Түркі қағанаты туралы алғашқы сөйлемнің өзі-ақ түркілердің ғұндардан — сюннулардан тарағанын көрсетеді. Әңгіме дәл осылай басталады. Сондықтан түркілердің арғы аталары ғұндар болған деуге толық негіз бар. Мұны нық айтуға болады.

Көшпенділер сыбызғысының он сегіз әні. 15-ғасырдың басы / Metropolitan Museum of Art
Әрине, еуропалық зерттеушілердің кейбірі ғұндардың тегі — үнді-еуропалық дейді. Тіпті жапон және моңғол ғалымдарының кейбірі оларды моңғолдар болған деп біледі. Ал мен ғұндар түркітекті халық болған деген көзқарасты ұстанамын.
6-ғасырдың ортасында Бумын қаған мемлекеті тарих сахнасына аяқ астынан шыға келгендей көрінеді. Сіздің ойыңызша, дәл сол кезеңде түркілердің осыншама ұлан-ғайыр дала кеңістігін біріктіріп, қоластына қаратып алғанына қандай себептер ықпал етті?
Маған салса, олардың тәуелсіз болғанына дейінгі кезеңді үш негізгі сатыға бөліп қарайтын едім.
Біріншіден, Бумын Қытайдағы Батыс Вэй мемлекетімен дипломатиялық байланыс орнатты.
Екіншіден, еларалық сауданы дамыта бастады. Мысалы, түркілер жылқы мен даладан шығатын басқа да тауарларды сатып, оның орнына Жібек жолымен Қытайдан жібек және өзге де өнімдер алдыратын.
Үшіншіден, 545 жылы Қытай императоры Бумынға елші салады.

Бумын қаған мүсіні. Эсеньюрт, Ыстанбұл, 2019 жыл / Alamy
Алайда, маған салса, ең маңыздысы бұл емес. Бумын Моңғолиядан Қара теңізге дейінгі, яғни бүгінгі Қазақстан, Қырғызстан және Моңғолия аумағын мекендеген телеiТеле — ғұндар конфедерациясы ыдырағаннан кейін қалыптасқан, Қытайдың солтүстігі мен Орталық Азияны мекендеген түркітекті тайпалар бірлестігі тайпаларының басын біріктірді. Бұл тайпалардың бір бөлігі Қытайдың солтүстігінде де тұрып жатқан.
Артынша Бумын Жужан қағанына елші салып, ханшайымын әйелдікке сұрайдыiЖужан қағанатының негізін қалаған ежелгі моңғол тайпасы (330—555). Оған не себеп? Ол түркілердің мәртебесі жужандармен тең екенін көрсетпек болды.
Алайда Жужан қағаны оны қорлайтын мынадай жауап айтып жібереді:
«Сен менің темір соғатын құлымсың».
Түркілердің темір ұқсатып, ұсталық қылатынын меңзегені ғой. Осы оқиғадан кейін екі арада шиеленіс басталады. Бумын қаған Жужан қағанатына қарсы жорыққа аттанып, жужандар мемлекетін күйрете жеңеді. Содан кейін тәуелсіздігін жариялап, 552 жылы дербес Түркі қағанатының негізін қалады.
Ежелгі Түркі қағанатының өзінен бұрынғы дала империяларынан қандай ерекшелігі болды?
Менің пайымымда, ең басты ерекшелігі — Түркі қағанатының өткенін ғұндар мен басқа да көптеген көшпелі бірлестіктің тарихына қарағанда әлдеқайда жақсырақ тани алатынымыз. Өйткені түркілердің өзінен қалған жазба ескерткіштер бар.
Орхон жазбаларында, яғни Тоныкөк, Білге қаған және басқа да тұлғаларға арналған ескерткіштерде түркі есімдері, мемлекет туралы түсінігі, саяси философиясы және басқа да көп мәлімет сақталған. Сондықтан Түркі қағанаты туралы олардың төл дереккөздерінен мол мағлұмат ала аламыз.
Түркі қағанаты күллі түркі әлеміне үлгі болған мемлекет деп есептеймін. Бүгінгі қазақ, қырғыз немесе өзге де түркі халықтарының тарихын терең түсінгіміз келсе, оның бастауын дәл осы Түркі қағанатынан іздеуіміз керек. Бұл бастау 6-ғасырға барып тіреледі. Ал Жужан қағанатын күйреткен Бумын түркілердің тұңғыш тәуелсіз мемлекетін құрды.

«Ырық бітік» (Көріпкелдік кітабы), 7-бет. 9-ғасыр / The International Dunhuang Project, British Library
Мысалы, Маньчжурияда әлі күнге дейін қырғыздардың шағын бір тобы — фуюй қырғыздары тұрып жатыр. Қазір олардың саны 1200 адамдай ғана. Соның өзінде олар әлі күнге дейін түркі тілінде сөйлейді. Ал Түркияда біз шамамен 85 миллионбыз, түрікше сөйлейміз әрі қазақша да түсіне аламыз. Демек, бүгінгі түркі әлемі Түркі қағанатының дәстүрімен тікелей сабақтас деуге болады.
Түркі қағанатының тарихына тоқталсақ, олардың ақырында әлсіреп, ыдырауына не себеп болды?
Мұның негізгі үш себебі бар.
Ең алдымен — кейінгі қағандардың сәтсіз билігі.
Одан кейін — дәргейіндегі тайпалардың толассыз көтерілістері.
Үшіншісі — Қытайдың дипломатиясы мен саясаты, әсіресе қытай жансыздары мен тыңшыларының әрекеті. Олар үнемі қағанаттың ішінде, әсіресе Шығыс Түркі қағанатында тіміскілеп жүріп, түркілердің арасына жік салып, бірлігін бұзу үшін небір айла-шарғы жасаған.
Түркілер мен Қытай қарым-қатынасы туралы айтсақ, түркілер қытай мемлекеттік басқару жүйесінен немесе соғыс жүргізу өнерінен қандай да бір үлгі алды ма? Керісінше, түркілердің өзі Қытай саясатына ықпал ете алды ма?
Мен білсем, түркілердің бір бөлігі уақыт өте Қытайға сіңіп кеткені рас. Қытай ежелден азық-түлігі мол, тұрмысқа жайлы мемлекет болған. Бірақ Қытай билеушілері түркілердің қытай қоғамына түгел сіңіп кеткенін қаламаған.
Өйткені шығыс түркілері мықты жауынгер келетін. Қытай билігі оларды ең алдымен империяның қарапайым боданы ретінде емес, әскер қылып жұмсауды көздеген.

Ань Цзя мен түрік көсемі киіз үйде (үзінді). 579 жыл / Шэньси провинциясының археология институты, Сиань / Wikimedia Commons
Сондықтан 6-ғасырдан 9-ғасырға дейінгі аралықта түркі ақсүйектері мен әскери элитасы Қытайдың әскери тарихына едәуір ықпал етті дей аламын.
Кейінгі онжылдықтарда қол жеткен елеулі жетістіктерге қарамастан, ежелгі түркілер тарихында әлі де жауабы табылмаған сұрақтар аз емес. Бүгінде қай мәселе бәрінен даулы немесе бәрінен аз зерттелген деп ойлайсыз?
Ең үлкен мәселе — дереккөз тапшылығы. Жазба деректердің басым бөлігі қытай тілінде сақталған, ал олармен жұмыс істеу өте қиын.
Деректерді дұрыс түсініп, дұрыс тәпсірлеу оңай емес. Оның үстіне, дереккөздердің өзі де жеткіліксіз. Соның кесірінен зерттеушілер кейде нақты дәлелденбеген тұжырымға ұрынып жатады. Ақпарат аздығынан ежелгі түркілер тарихы әлі күнге дейін біз қалаған деңгейде зерттелген жоқ.

Орхон жазулары — ең көне түркі ескерткіштері / Getty Images
Білуімше, Моңғолия, Қазақстан және Ресей археологтары ежелгі түркі ескерткіштерін тоқтаусыз зерттеп келеді. Алайда сол зерттеулердің нәтижесі әзірге толық әрі анық мәлімет бере алмай отыр.
Сондықтан қазақтар, қырғыздар, сондай-ақ моңғолдар мен осы өңірдегі өзге де халықтар төл тарихын өздері барынша объектив түрде зерттеуі керек деп ойлаймын.
