Советке дейінгі дәуірде-ақ басын қалыңмалдан арашалап, сүйгеніне қосылған, ғұмырын қазақ қыздарының теңдігі үшін күреске арнаған Нәзипа Құлжанова жалғыздың мұңын көптің мұратына жалғады. Нәзипа жолы — батыл әйелдің бұғаудағы сана, тұмшаланған үн, тұсауланған тағдырға қарсылық жолы. Оның қаламы да, қайраты да қазақ әйелін оятуға қызмет етті. Qalam-ның әйел құқығына арналған жобасын қазақ даласынан шыққан тұңғыш әйел журналист, ағартушы және жазушы Нәзипа Құлжанованың өмір тарихы жалғайды.
Еркіндік жолындағы күрес
19-ғасырдың соңы мен 20-ғасырдың басында оқу-ағарту ісінің дамуы және қыздарға арналған білім ордаларының ашылуы қазақ әйелдерін өз құқы үшін күресуге жұмылдырды. Нәзипа Құлжанова да сондай оқу ордаларының бірі — Ыбырай Алтынсариннің Торғайда қыздарға арнап ашқан орыс-қазақ мектебінде білім алған. Одан әрі «сол жылдары Торғай облысындағы бірден-бір оқу орны болған»iНәзипа Құлжанова. Шығармалары. — Алматы: «Ана тілі», 2014 – 360 б., сегіз-ақ жылдық тарихы бар Қостанайдағы орыс-қазақ әйелдер гимназиясында бес қазақ қыздың бірі болып оқып, төрт жылдық курсты жоғары үлгеріммен, біріншілердің қатарында аяқтайды. Алайда Нәзипаның сол кездегі басындағы жағдай ескіліктің шырмауындағы өзге қыздардың тағдырымен ұқсас еді. Сондықтан ол қазақ әйелінің теңдігі үшін күресті алдымен өзін қалыңмалдан азат етуден бастаған.

1908 жылы ашылған қыздарға арналған Александринская орыс-қырғыз гимназиясы. Қазір ол жерде С.Мәуленов атындағы гимназия орналасқан. Қостанай қалалық М.Горький атындағы гимназия музейінен алынған сурет / https://1879.kz / Gemini көмегімен өңделген
Ол заманда кедей отбасынан шыққан қыздардың сауат ашуына тыйым салынбағанымен, олар жиі қалыңмалдың құрбаны болды. Нәзипа оқуын бітірген соң ауылға қайтып, ата-анасы атастырған адамға ұзатылуы керек еді. Қарсыласайын десе — қалыңмал жұмсалып қойған, қайтаратын өз ақшасы жоқ. Оған қоса, 1903 жылы оқу бітірген соң Торғайдағы әйелдер училищесіне көмекші мұғалім болып тағайындалып, сол жерде қызмет істейтін бозбала, өзімен идеялас, пікірлес Нұрғали Құлжановпен танысып, сөз байласып қойғаны тағы бар.

Нәзипа Құлжанова жолдасы Нұрғалимен бірге / Wikimedia Commons
Мәселені шешудің жолын іздеген Нәзипа облыстық әскери губернаторға арызданып, осы тығырықтан шығу жолында көмек сұрайды. Санкт-Петербург орталық мемлекеттік тарихи архивінен табылған құжатта:
«Әрине, СегізбаеваiНәзипаның қыз күніндегі тегі — Авт. әлдебір сатылған мүлік сияқты болып мүлде бөтен адамға тұрмысқа шыққысы келмеген, ал қалыңмалды қайтарып беруге жағдайы жоқ. Сондықтан осы жағдайға байланысты облыстың әскери губернаторынан көмек сұраған және оны алған да» делінгенi
Алғашқы қарлығаштар. Құрастырған Д.Дәуренбекова. — Алматы, 1993 – 18 б..
Осылайша, Нәзипа Құлжанова қазақ қыздарының қатарында алғашқылардың бірі болып ескілік қамытынан босап шығып, сүйгеніне қосылған.
Кемелденген жылдар
Сірескен салтты бұзып, отау құрған Нәзипа мен Нұрғалиға үй болып кету оңайға соқпай, екі жас жергілікті үстем тап өкілдері тарапынан қысым көре бастайды. Ерлі-зайыптылардың кедей балаларын оқытамыз, жастардың сауатын ашамыз деген белсенділігі де көп адамға ұнамаса керек. Әрі Нәзипаның орысша жетік білуі, басқа әйелдер сияқты именбей, жаулықсыз еркін жүріп-тұруы, жаңаша киім киісі ел арасында қызу әңгімеге арқау болуы ғажап емес. Құлжановтардың Семейдегі үйінде жатып білім алған белгілі жазушы Сапарғали Бегалин «Замана белестері» романында
«Кенет жас әйел шығып сыпайы амандасты да, Нұрекеңнің қасына келіп тұрды. Еуропаша киінген, жалаңбас, шашын желкесіне түйіп, түйреп қойған, аққұба, орта бойлы, ашаң жүзді кісі екен» деп Нәзипаны еске аладыiНәзипа Құлжанова. Шығармалары. — Алматы: «Ана тілі», 2014 – 323 б.
Нәзипа мен Нұрғали Торғай аймағына екі мағынада да «сыймай», елдің шығысына — 20-ғасырдың басында қазақ интеллигенциясының бесігіне айналған Семей қаласына қоныс аударады. Нәзипа осы қалада қоғамдық істерге қатысып, шығармашылық әлеуетін шыңдаған. Абай мұрасымен танысып, Нұрғали екеуі жанына білімпаз, дарынды жастарды жинайды. Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Сапарғали Бегалин, Қабыш Кәкітайқызы сынды қазақтың талантты жастарына ақылшы болып, шығармашылыққа баулиды, бағыт-бағдар береді.
Осы тақырып бойынша тағы
СТАЛИН ҰЛТТАРДЫ ҚАЛАЙ ҚЫСПАҚҚА АЛДЫ
Қазақ КСРО ғылым академиясына қарсы жазылған арыз-шағымдар тарихы
Нәзипа 1913 жылы Орыс география қоғамының Семей бөлімшесіне мүше атанады. Патша үкіметінің тыйымдарын, әсіресе Столыпиннің 1910 жылғы «Бұратаналардың барлық мәдени-ағарту қоғамдарына тыйым салынсын» деген нұсқауын айналып өтіп, 1914 жылы 25 қаңтарда Абайдың қайтыс болғанына он жыл толғанда ұлы ақынды еске алу үшін шығармашыл қазақ жастарының басын қосып, әдеби кеш ұйымдастырады. Семейдегі «Халық үйінде» Нәзипаның және география қоғамының бастамасымен ұйымдастырылған әдеби кештің жаңғырығы бүкіл қазақ даласын шарлайды. Осы кеш туралы «Айқап» журналындаi1914, №4 «Семейпалаттан» деген атпен мақала жарық көріп, онда кешті ұйымдастырған Нұрғали Құлжановтың зайыбы — Нәзипа деп анық жазылғанi
З.Д.Сағыбай. Қазақ әйелдерінің публицистикалық мұрасы: кандидаттық диссертация. — Алматы: әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, 1999. . Бұл кеш географиялық бөлімше жұмысына жиыны 520 сомдай қомақты пайда әкеліп, сол кештің басы-қасында болған Нәзипаның есімі күллі зиялы қауымға кеңінен танылады.

Абайға арналған әдеби кештің бағдарламасы / Ашық дереккөз
Бір жылдан кейін, 1915 жылдың 13 ақпанында Нәзипа тағы бір әдеби кеш ұйымдастырады. Афишада бұл кештен түсетін қаражат Петроградтағы мұсылман соғыс ауруханасы мен тұрмысы нашар қазақ шәкірттерінің мұқтажын өтеуге жұмсалады деп жазылады. Алғашқы әдеби ойынның өтетінін естімей не кеш естіп жете алмай қалған қауым бұл кешке тайлы-тұяғымен жиналады. Кеште «Біржан мен Сара айтысынан» қойылым көрсетіледі. Нәзипаның идеясымен жасалған айтыскер қыздың образы (Сараны Тұрар Қозыбағарова, Біржанды Жүсіпбек Аймауытов сомдайды) — жұртшылық алдындағы еркін қимылы, ашық мінезі мен өктем сөзі жиналғандарды әрі шошытып, әрі таңғалдырған екен. Сол үшін жиын кезінде Нұрғали Құлжанов сахнаға шығып, «келіндеріңізді айыпқа бұйырмассыздар» деп көпшіліктен, ақсақалдардан Нәзипа үшін кешірім де сұрайды.
Нәзипа бас болып өткізген кештен 917 рубль қаражат жиналып, газеттер мұның өте қомақты ақша екенін жарыса жазады. Ал 1915 жылы 7 наурызда Нәзипа Құлжанова Семей оқытушылар семинариясының директоры атына қатынас хат жазып, кештен түскен қаржының 10 рублін семинарияда тәрбиеленуші Жүсіпбек Аймауытовқа табыстау туралы қолхат береді. Кейін Нәзипа қаражаттың Жүсіпбек Аймауытовқа жеткенін естидіiГ.А.Кәрібжанова. Н.С.Құлжанованың өмірі және қоғамдық-ағартушылық қызметі (1887–1934): кандидаттық диссертация. — Семей: Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті, 2003. .

Семей мұғалімдер семинариясы / Ашық дереккөз
1919 жылы Нұрғали Құлжанов ақ гвардияшылардың қолынан қаза тауып, Нәзипа қара жамылады. Төрт құрсақ көтеріп, бір қызы ғана аман қалған, өкпесінде дімкәстігі бар әйелді тағдыр тағы да сынайды. Дегенмен Нәзипа бұл қиындықтарды еңсеріп, ағартушылық және күрескерлік жолға түседі.
«Нәзипа жолдас»: Мағфуза мен Шолпанның тағдыры
Ер азаматтармен тең дәрежеде саяси-әлеуметтік маңызы бар істерге араласқан Нәзипа әсіресе қазақ қыздарын еріксіз тұрмыстан талай мәрте арашалап, дау-дамайды заң арқылы шешумен айналысады. «Айқап» журналы мен «Қазақ» газеті сияқты басылымдарда білім мен ғылымды насихаттап, өзі секілді қалыңмалға сатылған қыздардың қиын тағдырын көтереді. «Қазақ» газетінің 1915 жылғы №158 санында «Назифа» деген лақап атпен жарық көрген «Елге барғанда» атты мақаласында ол «ғылым қуған қыз Мағфуза Найманқожақызын» қалыңмалдан азат ету үшін қаражат жинағанын жазады:
«Жиылған бәйбішелер мен қыз-келіншектердің сол орында жиысып берген көмектері 33 сом 20 тиын ақша болып, Семейге Қасым мырза Сәнекен ауылында болған 6 сом қосылып, барлығы 39 сом 20 тиын болып еді».
Алайда сұрастыра келе Мағфузаны ағалары қазақшылыққа салынып, қалыңмалға сатып қойды дегенді естіп, қатты қапаланады. «Мағфузадай баланың оқуы жұрт үшін зор абырой еді» деп өкінген Нәзипа жиналған қаражатты «Қазақ» басқармасына жіберуді лайық көреді. «Қазақ» газетінің редакциясы бұл қаражатты оқу-білімге мұқтаж балалардың қажетіне жұмсаймыз деп, мақала соңында авторға алғыс білдіргенi«Қазақ» газеті, 1915 жыл. Екінші кітап. Құрастырған Ғ.Әннес, Т.Замзаева. — Алматы: Алашорда қоғамдық қоры, 2023. – 512 б. .

«Қазақ» газетінің №7 саны, 1913 жылдың 22 наурызы / Ашық дереккөз
1920 жылы 28 желтоқсанда Қазақстан Орталық атқару комитеті мен Халық комиссарлары советінің «Қалыңмалды жою» қаулысы шығады.
Нәзипа қазақ қыздарының еркіндігі мен сауаты жолында бұл мүмкіндікті барынша пайдаланып қалуға тырысады. Өйткені заң шыққанмен, әсіресе сауаты аз ауылдық жердегі қыз-келіншектер көмекке мұқтаж еді. Осылайша, Нәзипа қазақ қызын қалыңмалдан азат ету міндетін өз мойнына алады. Нәзипаға келіп, көмекке жүгінген қыз-келіншектердің қарасы көбейеді. Солардың бірі — ақын Шолпан Иманбаева.
«Шолпанды мен ең алғаш көруім — Ақмолада, 1921 жылдың күзінде. Соналы, Қорғалжын еліне берген жерінен уезден барған бір инструкторлардың жәрдемімен күйеуінен шығып, Ақмоладан 30 шақырым жердегі апасына келген екен. Сонан қалада қалған мүлкін іздеп келді. Үстінде көкшетоз барқыт бешпенті бар, басында қызыл шұбар салы орамалы, қара шұбар, дөңгелек бет, орта бойлы жас әйел. Жылаған жоқ, сықтаған жоқ, еркін отырып аз сөзбен хал-жайын айтты. Шеттен келген оқыған әйел деп менен жөн сұрап, ақыл сұрады. Ел әйелі келе беретін әйел бөлімі ол кезде жоқ. Сол қалыппен Шолпанға да ақылымды айтып, жөн сілтеп, исполкомдағы жігіттердің біреуіне хат жазып беріп жібердім»iНәзипа Құлжанова. Шығармалары. — Алматы: «Ана тілі», 2014 – 132 б..
Оған дейін қалыңмалдан азат етуді сұрап, бірнеше рет өлеңмен хат жазған Шолпан Нәзипамен кеңеседі. Нәзипа «қиырда жатқан мұндай талантты қыздардың дарыны ашылмай, жоғалып кетеді» деп қорқып, Шолпанды басшылықтағы азаматтарға айтып, жетім балалар үйіне тәрбиеші етіп орналастырадыiНәзипа Құлжанова. Шығармалары. — Алматы: «Ана тілі», 2014 – 133 б..

Шолпан Иманбаева / «Шолпан Иманбаева. Өлеңдері» кітабынан. Алматы, 1950 жыл
Шолпан Иманбаева 1926 жылы құрт ауруынан көз жұмды. 1927 жылы Нәзипа Құлжанова «Қызыл Қазақстан» журналының №3 санына «Ақын Шолпан» атты еске алу жазып, Шолпанның өлеңдерін журналға алғаш жариялағанын, тіпті оған 10 сом қаламақы алып бергенін («жазғанына ақша алатынын Шолпан сол жерде білді»), одан әрі ақын қыздың жұмысқа тұрып, сүйгеніне қосылып, ажары кіріп, жағдайы түзелгенін қимастықпен баяндайды.
«Өлеңдеріңді журналға басып шығардық, көрдің бе? — дедім. «Ә, ә...» — деді. Көрмеген екен. Сол нөмірді бердім, қарап шықты. Күлімсіреп жанындағы құрбысына көрсетіп отырды». Мен оған: «Әйел ақын болғандығыңның алды осы, Шолпан, қайырлы болсын!» дедім. Шолпан ақын еді. Көбіне әйел мұңын жырлады. Ойына алған сөзді еркін жазатын түрі бар еді» деп, Шолпанның арманда кеткеніне өкініп, 23 жасында келген мезгілсіз қазаға күйінішін білдіредіiНәзипа Құлжанова. Шығармалары. — Алматы: «Ана тілі», 2014 – 134-136 б..
Кейін, 1927 жылы Сара Есованың бастамасымен Шолпан Иманбаеваның жыр жинағы кітап болып жарық көреді. Нәзипаның шәкірті, ақын Мәриям Хәкімжанова бір естелігінде: «Нәзипа Шолпанның сол кітабына рецензия жазып, онысы 1927 жылы «Әйел теңдігі» журналына жарияланды» деп жазадыi1, 340 б.. Сара Есованың өзі де 1977 жылғы «Қазақстан әйелдері» журналына берген сұхбатында «орыс әдебиеті мен мәдениетіне жетік алғашқы ағартушы әйелдердің бірі» деп Нәзипа замандасын жылы еске аладыi
Қазақстан әйелдері журналы. — 1977. №11. .

«Еңбекші қазақ » газетінің редакциясы. 1924–1925 жылдар / ҚР ОМ КФДЖА
Сұлтанмахмұт Торайғыровтың, Сәкен Сейфуллиннің қазақтың қайсар қызына арнап жыр жазып, Алаш көсемдерінің бірі Ахмет Байтұрсынұлының өмір бойы «Нәзипа жолдас» деп құрметтеуі — сол кезде Нәзипа Құлжанованың Алаш қайраткерлерімен иық тірестіре жүріп қызмет еткенінің айқын көрінісі.
Қалам ұшындағы әйел теңдігі
«Әйелдер қауымын қалың ұйқыдан оятып, замана көшіне, жаңа мәдениетке шақырудың пәрменді құралы газет-журналдар екенін» терең түсінген көзі ашық Нәзипа — әйел теңдігі жолында қаламның күшіне жүгінген санаулы жанның бірі. Ұстаз Нәзипа енді тілшілік қызметті қатар алып, «Назифа», «Нәзекең», «Нон», «Е.Е.» т.б. лақап аттарыменi1, 345 б. «Қазақ», «Алаш», «Еңбекші қазақ» газеттеріне, «Айқап», «Әйел теңдігі», «Қызыл Қазақстан», «Жаңа мектеп» журналдарына әйел теңдігі тақырыбында тұрақты қалам тербейді.
Қалыңмалға тыйым салу туралы декретті желеу етіп, қазақ қыздарын ескі салтқа байланбауға, сауат ашып, білім алуға шақырады. Медициналық білімі болмаса да, көрген-білгеніне, оқығанына сүйене отырып, елдің қасіретіне айналған ана мен бала өлімінің шектен тыс көбею себебін зерттейді. Мақалаларында бала көтеруге денсаулығы көтермейтін аналардың жайы, бала күтімі, жүктілік пен босану, гигиеналық тазалық пен үй-жай күтімі, балалар арасында кең таралған аурулар тақырыбын терең қозғап, әйелдерге арналған тұрмыстық кеңестер беріп отырған.
«Орынсыз ұятпен бүркеп, әйел баланы надан қылып өсіру — кешірілместей кемшілік» деп, қыз баланың жыныстық саулығына ерекше мән беріп, дене мүшелерін күтім жасау мен тән тазалығын насихаттайды.
Жүкті және босанған әйелдің денсаулығы мен күтімі туралы көптеген пайдалы мақала жазады. «Ел еркегі буаз малды жүкті әйелінен артық қадірлейді» депi1, 56 б., ер адамның әйел саулығына немқұрайды қарауын ащы сынап,
«ел әйелінің ертеңіне тұрып кетуші едік деген мақтанышы өз жайын өздері білмегендік»i1, 67 б. деп, босанған әйелді күтудің маңызын шырқырай түсіндіреді.
Қазақ әйелінің көз жасы
Артында қалған аздаған мұрасының арасында Нәзипаның жазушылық қырын көрсететін «Маржан» әңгімесі қазақ әйелінің тағдырына арналған. Маржанның тағдыры оқырманның құйқасын шымырлатардай ауыр. Атастырып қойған күйеуі кенет қайтыс болып, қалыңмалын ауырсынған әкесін аяп, 14 жасқа енді толған қайын інісіне әмеңгерлікпен тиюге мәжбүр болған әйелдің аянышты тағдыры Нәзипаның жазушылық шеберлігімен, көркем тілімен суреттеліп, жүректі тіліп, сананы сарсаңға салады.

Поль Лаббе. Қалыңдығын ерткен сұлтан баласы. Жетісу, 1897 жыл / Gallica. Bibliothèque nationale de France
Маржан — ақындығы мен оқысам екен деген арманы бар бойжеткен. Бірақ тағдырдың қамыты жанын жесе, өкпесіне түскен құрт тәнін жеп, өмірден күдер үзе бастаған халде. Нәзипа оны арнайы іздеп барып, танысып, көкейінде үміт шырағын жаққандай болады.
Оған психологиялық қолдау көрсетіп, шығармашылығына баға беріп, «біздің еркек-әйеліміз тегіс надан. Надан еркек — ғұрыптың құлы, ақылына емес, ғұрыпқа, әдетке бағынады. Надан әйел өз басын кемшіліктен қорғай алмайды»
деп, қандай жолмен болса да білім алу, оқу керегін алға тартады.
«Сорлы Маржанның, ел әйелінің алдында мен ақылшы, ұстаз болыппын...»i1, 157 б.
Нәзипа Маржанның қазасын естіп күңіренеді. 1925 жылы «Қызыл Қазақстан» журналына жарияланған әңгімесінің соңын:
«Бауырым, құрбым, сорлы Маржан! Сен мыңдаған қазақ әйелінің, миллиондаған сорлы күн шығыс әйелінің бірісің, сенің көз жасың неше заманнан бері дәрия болып ағып келе жатқан қайғылы жастың бір тамшысы, көрден басқа жалпы қоныс таба алмаған күн шығыс әйелінің бірі, сен де көрге кіріп тыныш таптың. Неше асыл зейіндер, неше асқан жүйріктер жетпеген сенің заманыңда, соның бірі болып сен кеттің...»i1, 158 б. деп аяқтайды.

Нәзипа Құлжанованың «Маржан» әңгімесі жарық көрген «Қызыл Қазақстан» журналы, 1925 жыл, №1 / ҚР Ұлттық кітапханасы
Осы оқиғалардан әйел жанының емшісі болған Нәзипаны «бар әйелдің қайғысын бір өзіне жиып алғандай» талай Маржанға әпкелік, аналық қамқорлық жасады деп батыл тұжырым жасай аламыз. Сын сағатта сынбайтын, алған бетінен қайтпайтын қайсар мінезі, жаңа заманға лайық ой-өрісі мен білімі Нәзипаны соңынан ерген сіңлілері үшін кумир тұлғаға айналдырды. 20-ғасырдың басында қанатымен су сепкен қарлығаштай қазақ қыздарын оқуға шақырған, әйел тағдырына жанашыр бола білген қайталанбас тұлға — Нәзипа Құлжанова көтерген әйелдерге тең мүмкіндік беру мәселесі одан бері жүз жыл өтсе де әлі өзекті.
