Биыл Бөкей Ордасының құрылғанына 225 жыл толып отыр. Әлбетте, оның тарихи рөлі туралы сөз қозғау — үлкен бір бөлек тақырып. Алайда 19-ғасырда Ресей империясы қазақ даласындағы хандық билікті жойып, кейінгі саяси-әкімшілік реформалар нәтижесінде сұлтандардың қоғамдық-саяси ықпалын біртіндеп шектеді. Бұл үрдіс кеңес өкіметі тұсында да жалғасып, социалистік идеология тұрғысынан қоғамдағы «үстем тапты» жою көзделді. Соның аясында 1920–1930 жылдардағы кеңес өкіметінің репрессиялық саясаты бұрынғы хан әулеттерінің өкілдерін қуғынға ұшыратты. Әсіресе Бөкей ханның ұрпақтары солақай саясаттың зардабын қатты тартты. Тарих ғылымдарының кандидаты Есқайрат Хайдаров билеуші әулет өкілдерінің қалай қудаланғаны және олардың кейінгі тағдыры туралы баяндап берді.
Қуғындау қалай басталды?
Бөкей ханның Тәуке, Әділ, Жәңгір, Меңдігерей атты төрт ұлы болған. Солардың ішінде Тәуке мен Әділ сұлтандардың ұрпақтары кеңестік кезеңде саяси қуғын-сүргінге ұшырап, тоз-тозы шығып кетті. Әсіресе хан ұрпақтарының артынан шам алып түскен қуғын-сүргін 1925 жылдың қыркүйегінде Қазақ өлкелік партия комитетінің басшылығына Филипп Голощекин келгеннен кейін басталды. Себебі сол кезде «ауылды кеңестендіру», жайылымдық және шабындық жерлерді қайта бөлу, ірі байларды тәркілеу, ауыл шаруашылығын ұжымдастыру секілді саяси шаралар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, бұл науқандар Ордадағы Бөкей хан әулеті өкілдерінің шаруашылықтарын айналып өтпеді. Мәселен, 1926–1927 жылдары жайылымдық және шабындық жерлерді қайта бөлу кезінде Шоңай ауылы маңындағы Бөкейхановтарға тиесілі жерлер тартып алынды.
Махамбет Бөкейханов (1890–1937) — күйші-домбырашы, қазақ ұлттық аспаптар оркестрінің негізін қалаушылардың бірі / Автор ұсынған фото
Ал 1928 жылы 27 тамызда қабылданған Қазақ АКСР-ның ОАК мен ХКК-нің «Ірі бай шаруашылықтары мен жартылай феодалдарды тәркілеу және жер аудару туралы» қаулысына сәйкес, Орал округінде 71 бай шаруашылығы тәркілеуге ұшырады. Оның ішінде Орда ауданынан солақай саясаттың құрбанына айналған бес шаруашылықтың қатарында Мұхамбет Бөкейхановтың жеке шаруашылығы болды. Байларды тәркілеуге қатысты құжаттарда Махамбет Бөкейхановтың аты-жөні көбіне Мұхамбет Бөкейханов деп жазылды. Ол Бөкей ханның төрт ұлының бірі Тәукеден, одан Нұрқаттан, яғни Нұрмұхамедтен тарайтын еді.
Махамбет бай болған ба?
Ханның ұрпағы Махамбет Бөкейхановтың 1928 жылғы ірі байларды тәркілеу қарсаңындағы шаруашылығына тоқталсақ, ол отырықшы өмір сүріп, 370 бас ірі мал, 500 бас ұсақ мал ұстаған. Айыптау ісінің материалдарында оның иелігінде 750 десятинаi
Орал округінен тәркіленуге және жер аударылуға тиіс байлардың тізімі. «Красный Урал» газеті, 1928 жылдың 21 қыркүйегі / Автор ұсынған фото
Махамбеттің тұтқындалуы
Басына бұлт үйірілген Бөкейхановтар тәркілеуден және жер аударудан босату туралы Орал округтік тәркілеу комиссиясына екі рет өтініш берген. Алайда комиссия олардың өтініштерін қанағаттандырудан бас тартады. Ал ОГПУ өкілдері тәркіленген байлардың бірқатарына кеңес өкіметіне қарсы әрекеттер жасады деген айып тағады. Сөйтіп, 1928 жылы қыркүйекте Махамбет Бөкейханов тұтқындалды.
Құжатта оны 37 жаста деп көрсеткен. Бұдан өзге жеке басына қатысты мынадай мәліметтер келтірілген:
«Әлеуметтік жағдайы бойынша ірі бай, малшы, шала сауатты, партияда тіркелмеген, отбасылы, 9 жан, сотталмаған».
Оның Бөкей Ордасының негізін қалаушы Бөкей ханның ұрпағы ретінде революцияға дейін де, кеңес өкіметі орнағаннан кейін де халық арасында зор беделге ие болғаны атап көрсетілді.
Оған патша заманында ресми лауазымды қызмет атқармаса да ықпалы күшті болғандықтан, Шоңай төңірегіндегі жерлерді иеленіп, кедей шаруаларды қанады деп айып тағылған. Тіпті 1917 жылғы төңкеріс тұсында буржуазиялық құрылысты белсенді қорғап, Құрылтай жиналысына Алаш қайраткерлері Бақтыгерей Құлманов, Сәлімгерей Нұралыханов пен Уәлитхан Танашевты өткізу мақсатында ауылдарды аралап, үгіт-насихат жүргізді делінген.
Сонымен қатар 1918 жылдың басында Бөкей губерниясында кеңес өкіметінің берік орнығуына қарсы шықты, Астрахан жақтан Шоңай ауылына келген ақ гвардияшыларға қолдау көрсетті және оларды Ордаға дейін шығарып салып, одан әрі Оралға қарай кетулеріне ықпал еткені айтылған. Мұстафа Көкебаев және Шынтай Жүсіповтермен бірге кеңес билігіне қарсы қозғалыс ұйымдастырып, Азамат соғысынан кейін 1920–1921 жылдары «бандылық топтарға» ат-көлікпен көмек көрсетті деп те ашық айыптады.
Оны жазықсыз айыптау тізімі мұнымен шектелмеді. Жайылымдық және шабындық жерлерді қайта бөлу шаралары кезінде қарсылық білдірді, сондай-ақ ірі байларды тәркілеу қарсаңында иелігіндегі малдың бір бөлігін сатып жіберу арқылы билік органдарының нұсқауларын орындаудан бас тартты деген айып тақты.
Махамбет Бөкейханов өзіне тағылған айыптардың ешқайсын мойындамады. Шын мәнінде, ол аталған тарихи кезеңдерде өзінің азаматтық ұстанымын еркін білдіріп, дүние-мүлкін сақтап қалу үшін күрескен болатын. Сондықтан оған тағылған айыптар оның нақты іс-әрекеттерінен гөрі, сол кезеңдегі саяси ахуалдың ықпалымен қалыптасқан деген тұжырым жасауға болады.
Махамбет Бөкейханов шаруашылығының орнында совхоз құру туралы қаулы. 1928 жылдың 17 қыркүйегі / БҚОМА / Автор ұсынған фото
Ақиқатында осындай ұзын-сонар айыптау ісінен соң, оның аман құтылып шығуы мүмкін еместей көрінетін. Кейін жағдай өзгергенімен, ол бәрібір қыр соңынан түскен жаладан басы бүтін құтыла алмады. 1929 жылғы 18 қаңтардағы ОГПУ Алқасы жанындағы Ерекше кеңестің шешімімен мынадай үкім шықты:
«Махамбет Бөкейханов пен Шынтай Жүсіпов қамаудан босатылсын. Алайда оларға Мәскеу, Ленинград, Киев, Харьков, Одесса, Дондағы Ростов қалаларында, аталған губерниялар мен округтерде, Орта Азия мен Қазақстанда тұруға үш жыл мерзімге тыйым салынсын».
Арада көп ұзамай, сол жылдың 20 наурызында екеуі Пенза өңіріндегі кулактарға арналған қонысқа жер аударылды.
Махамбет Бөкейханов өзін жер аударудан босату туралы бірнеше рет өтініш берген. Алайда құзырлы органдар оның өтініштерін қараудан бас тартқан. Керісінше, жығылғанға жұдырық дегендей, 1932 жылы 2 сәуірде жаза мерзімі аяқтала салысымен оны Батыс Сібірдегі кулактар қонысына жер аудару туралы қаулы шығарылады. Осыдан кейін ол қайтадан шағымданып, әупірімдеп аталған қаулының күшін жойғызды. Соның нәтижесінде сол жылдың 27 қарашасында Махамбет Бөкейхановқа Қазақстаннан басқа КСРО аумағында жазаның қалған мерзімінде еркін жүріп-тұруға рұқсат берілген.
Алматыдағы жылдар
Алайда ол Қазақстанда тұруға қойылған шектеуге қарамастан, Алматы қаласына келіп, кейінгі өмірін осында өткізді. Бұл оған қатысты қабылданған соңғы қаулының кейіннен өзгертілгенін көрсеткенімен, оған кімдер ықпал етті, оқиға қалай болды, мұны әлі де зерттеуге тура келеді.
1933 жылдың көктемінде ол Алматыдағы Музыка және драма техникумы жанынан құрылған Қазақ музыкасы кабинетіне қызметке қабылданады. Бөкей Ордасынан шыққан дарынды күйші-домбырашы ретінде ол Ахмет Жұбанов, Евгений Брусиловский және басқа да өнер қайраткерлерімен бірге қазақ музыка өнерін дамытуға және ұлттық аспаптар оркестрін құру ісіне елеулі үлес қосты.
Алайда белгілі домбырашы Алматыда да қызыл террордың шеңгелінен құтыла алмады. 1937 жылы 20 қарашада тұтқындалған ол арада он күн өткенде Алматы облыстық НКВД басқармасы үштігінің шешімімен ату жазасына кесілді.
Сұлтангерей Бөкеев
Хан ұрпақтарының бірі — 1873 жылы дүниеге келген Сұлтангерей Бөкеевтің өмір дерегіне үңілсек, қатардағы қарапайым адам болғанын көреміз. 1929 жылға дейін шаруашылығында 10 бас ірі қара, 8 жылқы, 1 түйе және 20 қой болған. Хан тұқымынан шыққан демесең, асып-тасқан дәулеті жоқ. Тұтқынға алынған кезде де нақты кәсібінің болмағаны және ешқандай мүлікке иелік етпегені жазылған. Бірақ орта шаруаi
Тергеу барысында ол ұлы Даниялдың Алматыда оқитынын, туған ағасы Науша Бөкейхановтың 1929 жылы бай ретінде тәркіленіп, жер аударылғанын және қазіргі уақытта Алматыда тұрып жатқанын айтқан. Науша Бөкейханов Сұлтангерей Бөкеевтің туған ағасы екенін ескерсек, Сұлтангерей Бөкеевті Әділ сұлтаннан тарайтын ұрпақ деп есептеуге негіз бар. Құжаттарда Сұлтангерей Бөкеевтің аты-жөні кейде Сұлтан Бөкейханов деп те жазылады.
Науша Бөкейханов (1870–1944) — күйші, Төре күйшілік мектебінің өкілі, Сұлтангерей Бөкеевтің ағасы / Автор ұсынған фото
Ол өз жауабында бес жылға жер аударылған жазасын Ақтөбе облысында 1934 жылға дейін өтегенін, Орда ауданына 1937 жылдың шілдесінде оралғанын мәлімдеген. Ауданға келген соң туысы Хафиз Ақбаевтың көмегімен №88 түйе зауытына күзетші болып орналасып, қазан айының ортасына дейін сол қызметте істеген.
Алайда оны құзырлы органдар қатаң бақылауға алғанға ұқсайды. Себебі 1937 жылы қарашада Астрахан қаласынан келе жатқан жолда, одан Сайхында болған кезінде Сұлтангерей Бөкеев кездескен адамдарға былай деген:
«Кеңес өкіметі жазықсыз адамдарды көп тұтқындап жатыр. Мәселен, Ақбаев пен Сейтековті ешбір айыпсыз қамауға алды... Иә, кеңес өкіметі еңбекшілердің жағдайын жақсартуға тырысады, бірақ бұл тек сөз жүзінде ғана, ал іс жүзінде ешқандай жақсару байқалмайды, керісінше, жағдай барған сайын нашарлап барады. Колхозшылардың жағдайы тіпті нашар».
Бұл айтқандары жансыздар арқылы НКВД өкілдеріне жеткізілген. Соның кесірінен Сұлтангерей Бөкеевтің әртүрлі орында айтқан пікірі кеңес өкіметіне қарсы үгіт-насихат ретінде бағаланып, оған РСФСР ҚК-нің 58-10 бабы бойынша айып тағылған. Тергеу қорытындысында ол 1937 жылы қараша айында Астрахан қаласына барғанын, Сайхында болғанын растағанымен, кеңес билігіне қарсы үгіт-насихат жүргізді деген айыппен келіспеген.
Десе де, 1937 жылы 20 желтоқсанда тұтқындалып, айналасы бес күннің ішінде сотталып, оған 10 жыл мерзімге еңбекпен түзеу лагеріне қамау жазасына кесіледі. Келер жылы ақпан айында Сухобезводная станциясына жетізілген оның кейінгі тағдыры туралы мәлімет жоқ.
Ғабдол-Хәкім Бөкейханов
Бөкей ханның репрессияға ұшыраған ұрпақтарының бірі — Ғабдол-Хәкім Бөкейханов. 1896 жылы 15 сәуірде Батыс Қазақстан облысы, Орда ауданының Шоңай ауылында дүниеге келген ол — белгілі күйші Махамбет Бөкейхановтың туған інісі.
Жастайынан білімге құштар Ғабдол-Хәкім алдымен бір жылдық ауыл мектебінде, кейін қалалық төрт сыныптық училищеде білім алған. 1917 жылы Орал әскери реалдық училищесін тәмамдап, 1917–1919 жылдары Мәскеу ауыл шаруашылығы академиясында оқыған.
Ол 1919 жылы Ордадағы қазақ атты әскер полкінде қызмет атқарды. 1920 жылы РСФСР Халық Комиссарлары Кеңесі жанындағы Қазақ өлкесін басқару бөлімінің төрағасы, Казревком мүшесі және ҚазОАК-нің жауапты хатшысы болды. 1921 жылы Ақмола және Семей губерниялық атқару комитеттерінің төрағасы қызметін атқарған.
Ғабдол-Хәкім Бөкейханов. 1917 жыл / Автор ұсынған фото
1925–1937 жылдары Орынборда, Қызылордада Жерге орналастыру басқармасының бастығы, Нүкісте Қарақалпақ облыстық жоспарлау комитетінің төрағасы, Алматыда Қазақ мақта комбинатының бастығы, Шымкентте мақта-трактор орталығының және облыстық жерге орналастыру басқармасының бастығы болған.
Алайда 1937 жылы 7 қазанда Оңтүстік Қазақстан облыстық НКВД органдары Ғабдол-Хәкім Бөкейхановты тұтқынға алады. Оған «Халық жауы» деген жала жабылып, кеңес өкіметіне қарсы контрреволюциялық ұйымның мүшесі болды, Мұстафа Шоқаймен байланыс орнатты және Смағұл Сәдуақасов тобына қатысты деген айыптар тағылды.
Тақырыпқа орай
АЛАШ ОРДА ЖӘНЕ ТӘУЕЛСІЗДІК ДИПЛОМАТИЯСЫ
Ұмыт болған миссиялар мен қолдан сусып кеткен егемендік
1938 жылы 25 ақпанда КСРО Жоғарғы соты Әскери алқасының көшпелі сессиясы оны ату жазасына кесті. Үкім шыққан күні аты шулы «Горячев тізімі» бойынша Сәкен Сейфуллин, Құдайберген Жұбанов, Темірбек Жүргенов, Сейітқали Меңдешев, Ғаббас Тоғжанов, Санжар Асфендияров секілді 39 ұлт қайраткерімен бірге атылды.
Ғабдол-Хәкім Бөкейханов әйелі Софьямен бірге / Автор ұсынған фото
Шыны керек, қызыл террор күшіне мінген қуғын-сүргін жылдарында олардың өнер саласындағы еңбегі, ел басқару ісіне қосқан үлесі ескерілмеді. Тіпті қарапайым шаруа қатарындағы адамның тағдыры талқандалып, жүйенің құрбанына айналды. Олардың бар кінәсі — хан тұқымынан шыққаны еді. Кеңес өкіметі хан ұрпақтары өз беделдерін пайдаланып, халыққа ықпал етеді және билікке қауіп төндіреді деп қауіптенді. Оларды қуғын-сүргінге ұшыратудың басты себебі де осы болатын.
Әлбетте, кейінгі жылдары Бөкей хан әулетінің есімі қайта жаңғырып, олардың ел тарихындағы орны мен еңбегіне лайықты баға беріле бастады. Қуғын көріп, атылған хан ұрпақтарының есімдері де ақталды. Бұл — кеш те болса тарихи әділеттіліктің қалпына келуі деп айтуға толық негіз бар.