
Ижма өзені арқылы жүк тасымалдап жатқан ГУЛАГ тұтқындары. 1930 жылдар / Wikimedia Commons арқылы
1954 жылдың 16 мамырында «Степной лагерьдің» қазіргі Ұлытау облысының орталығы Жезқазған қаласында орналасқан Кеңгір бөлімшесінде тұтқындардың ең белгілі көтерілістерінің бірі басталды. ГУЛАГ жүйесіне қарсы бас көтергендердің қатарында “саяси” айып тағылғандар да, қылмыскерлер де болды. Бұл оқиғаға ерлермен бірге әйелдер де қатысты. Арада 42 күн өткен соң кеңес билігі көтерілісті аяусыз басып-жаншып тоқтатты.
Көтерілістің алғышарттары
Кеңгір оқиғасы КСРО-ның концентрациялық және еңбекпен түзету лагерьлеріндегі алғашқы һәм жалғыз көтеріліс болған жоқ. 1953 жылы Сталин өлген соң «саяси» айыппен қамауда отырған тұтқындардың көбі іс қайта қаралып, тіпті амнистияға ілігемін деп үміттенген еді.

ГУЛАГ жүйесіне кіретін еңбекпен түзету лагеріндегі әйелдер барағының ішкі көрінісі. 1936–1937 жылдар / NYPL Digital Library / Wikimedia Commons
Лагерь тәртібінің жұмсаруына қатысты алғашқы қадамдар жұрт күткендей ауқымды бола қоймады. Соның салдарынан 1953 жылдың 26 мамыры мен 4 тамызы аралығында 16 000-нан астам тұтқын қатысқан ең үлкен Норильск көтерілісі бұрқ ете қалды. Бұған қатарлас, яғни сол жылдағы шілденің аяғынан тамыздың басына дейін Воркута маңындағы Речлагта да сотталғандар көтеріліске шықты.
Степлаг қайда еді?
Тұтқындағылардың басым көпшілігіне саяси айып тағылған “Степной лагерь” (Дала лагері) ерекше лагерь санатына кіретін. Оның құрамында 75 шақырым радиуста шашырай жатқан алты бөлімше болды. Лагерь әкімшілігі үшінші бөлімше төңірегінде, яғни Жезқазған маңындағы Кеңгір ауылында орналасқан еді. Қазір бұл жер қаланың бір бөлігіне айналып кеткен. Көтеріліс те осы жерде өтті.

Литвалық саяси тұтқындар Жезқазған-Рудник шахтасында. Қазақстан. 20-ғасырдың екінші жартысы / Kaunas 9th Fort Museum / Europeana / Wikimedia Commons
Лагерьде кімдер болды?
1954 жылдың маусым айындағы мәліметтер бойынша, Степлагтың барлық алты бөлімшесінде 20 000 шамасында тұтқын отырған. Олардың қатарында орыс, беларус, поляк, неміс, қазақ, молдаван, өзбек, еврей, армян, грузин, татар, шешен, әзірбайжан, түркімен, ингуш, қытай, тәжік, корей, қырғыз, жапон, румын, грек, удмурт, ирандық, фин, карел, башқұрт, ауған, түрік, моңғол секілді 30-дан астам ұлт өкілі бар екен. Барлық тұтқынның 46%-ы украиндар, шамамен 22%-ы Балтық елдерінен шыққан адамдар еді.

ГУЛАГ жүйесіне кіретін Кеңгір лагеріндегі тұтқындар тобы / Kaunas 9th Fort Museum / Europeana / Wikimedia Commons
Степлаг тұтқындарының көпшілігі, нақтысы 70%-ы отанына опасыздық жасады деген айыппенi58.1-бап сотталған. Көтеріліс басталған үшінші бөлімшеде 5 617 адам отырған, оның 3 203-і — ер кісі, 2 414-і — әйел болған. Алғашқылары бөлімшедегі екінші және үшінші пунктілердің тұтқыны саналса, әйелдер бірінші пунктіде өмір сүрген. Пунктілерді бір-бірінен биік саман қабырғалар бөліп тұрған, ал әйелдер мен ерлердің аймақтары арасында шаруашылық аула орналасқан.
Көтеріліс себептері
Кеңгір көтерілісінің себебіне қатысты тарихшылар түрлі пікір айтады. Ең ықтимал нұсқа бүлік Компартияның ізгілікке бет бұрғанына қарамастан, тұтқындарға деген қарым-қатынасты қатаңдатып жіберген лагерь әкімшілігіне қарсы бағытталды дегенге саяды. 1954 жыл бастала салысымен Степлаг әкімшілігі сотталғандарға бірнеше рет оқ жаудырған болатын. Бұдан қаза тапқандар да бар еді.
Ал қылмыстық баптар бойынша сотталғандарды үшінші бөлімшеге көшіру жағдайды ушықтырып жіберді. Бұл — лагерь әкімшілігі жиі қолданатын тәсіл еді, яғни нақты қылмысы үшін түрмеге түскендер саяси тұтқындарға ықпал етеді деген сенім болатын. Бірақ бұл жолы екі топ бірігіп кетеді.

ГУЛАГ лагері. «Өлі жол» аталып кеткен Салехард–Игарка теміржолының құрылысы. КСРО, 1950 жылдар / Laski Diffusion / Getty Images арқылы
Мамыр айының ортасына қарай айдауылдар автоматпен кезекті рет тұтқындарды атқылап, бірнеше адамды өлтіріп, жаралайды. Осы оқиғадан соң қамаудағылардың шыдамы таусылып, 17 мамырға қараған түні Кеңгір көтерілісі басталды.
Келіссөздер және тұтқындардың талабы
Кеңгір ауылына ГУЛАГ, ҚазКСР ІІМ, КСРО прокуратурасының жоғарғы басшылығы келген кезде, яғни 19 мамырда көтерілістің алғашқы кезеңі аяқталды. Лагерьдегі ел жұмысына оралды.

ГУЛАГ жүйесіндегі ең ірі лагерьлердің бірі Воркутлагтағы тұтқындар барақ ішінде. КСРО, Коми Республикасы, 1945 жыл / Laski Diffusion / Hulton Archive / Getty Images
Бірнеше күнге созылған келіссөздер әкімшіліктің екі тарап бекіткен келісімді орындауды ойға да алмағанын көрсетіп берді. Сөйтіп, 24 мамырға қараған түні көтеріліс жаңаша қарқын алды. Тұтқындар қойған талабының орындалуына кепіл ретінде келіссөздерге Орталық Комитет Президиумының мүшесі немесе Компартия Орталық Комитеті хатшыларының бірі қатыссын деуден айнымады. Олардың талаптарының арасында келесідей дүниелер болды:
«25 жылға сотталған тұтқындардың жаза мерзімін қысқарту және контрреволюциялық қылмыс үшін сотталғандардың ісін қайта қарастыру; тұтқындар үшін 8 сағаттық жұмыс күнін бекіту; ерікті түрде жұмысқа тұрғандармен қатар тұтқындарға да жалақы төлеу; тұтқындағы ерлер мен әйелдердің еркін араласуына рұқсат беру; жаза мерзімі аяқталған соң жер айдалу шарасын қолданбау…»iМарта Кравери «ГУЛаг дағдарысы: ІІМ құжаттарындағы 1954 жылғы Кеңгір көтерілісі».
Көтерілісті басып-жаншу
Басшылықтың бұйырығына сәйкес, ІІМ және прокуратура комиссиясы 25 маусымнан 26-на қараған түні үшінші бөлімшенің тұтқындар тұратын аймағына 1600 әскери сарбаз мен 98 ит жіберді. Көтерілісті басу үшін алғаш рет танк қолданылып, Т-34 модельді бес техника лагерьге басып кірді.

Евгений Халдей. 1943 жылғы үлгідегі Т-34-76 танкі. Венгрия, 1945 жылдың ақпаны / Wikimedia Commons
Ресми дерекке сүйенсек, арнайы операция барысында 37 адам қаза тапқан. 61 адам жарақаттанып ауруханаға түскен, оның тоғызы кейінірек көз жұмған. Ал әскерилер арасынан 40 шақты сарбаз жарақат не контузия алған.
Көтерілістің салдары
Кеңгір көтерілісі аяусыз басып-жаншылғанымен, бұл оқиға лагерьдегі тұтқындардың жағдайына оң ықпал етті. Себебі сол жылдан кейін сотталғандардың жағдайына көбірек мән беріле бастады. Ең бастысы, 1954 жылдың 16 қыркүйегіндегі Шешімге сәйкес, ерекше лагерьлерді қысқартып, еңбекпен түзету лагері ретінде қайта құру бұйрылды. Ал 1956 жылдың сәуірінде Степной еңбекпен түзету лагері жабылды.

«Кеңес билігі жазаламайды, түзетеді» — ГУЛАГ жазалау камерасындағы «Қызыл бұрыш» қабырғасына жазылған ұран / Ресей саяси тарих мемлекеттік музейі, Санкт-Петербург / Fine Art Images / Heritage Images / Getty Images арқылы
Көтерілісшілер тарапынан келіссөзге қатысып, комиссия құрамында болған жеті адам өлім жазасына кесілді. Кейбірі үшін бұл үкім өзгертілді: олар 25 жылға бас бостандығынан айырылды. Мысал ретінде келіссөз тобының төрағасы болған, тергеу барысында куәлік берген Капитон Кузнецовты айтуға болады. Комиссия құрамындағы үш әйелдің бірі – Лидия Супрун 26 маусымға қараған түні көтерілісті басу кезінде қаза тапты.

ГУЛАГ жүйесіне кіретін Кеңгірден (Жезказганлаг) шамамен 40 шақырым жерде орналасқан мыс кеніші. 1955 жыл / Wikimedia Commons