КИМОНО БАЙЛАУ ӨНЕРІ

Киіміне қарап адамын таны

КИМОНО БАЙЛАУ ӨНЕРІ

Нишикава Сукэнобу. Үш сұлу қыз. 18 ғасыр/Getty Images

Зомби, жеңіл жүрісті әйел немесе самурайдың қызына ұқсау үшін кимононы қалай байлау керек?

Кимоно жапон жұртының ұлттық киімі. Оның стилі де, матасы да (жібек, мақта секілді) өзгермеген. Жапоннан өзге адамның пікірінше, кимононың астарына кринолиндер де, турнюрлер де бекітілмеген, кеуде тұсына шілтерлі бүрме де тігілмеген немесе өңірі де қатты ашық болмаған. Ғасырлар бойына кимоно төрт бұрышты үлкен матадан тігілген ұзын жеңді киім болып сақталып келеді. Әйелдер ұзын әрі кең кимоно кисе, ерлер жағы тар әрі келтелеу келген түрін киген. Оған қоса белін буып тұратын сәнді, әшекейлі белбеуі болады.

Әйел мен еркектің кимоносы. 1890 жыл/Wikimedia commons

Әйел мен еркектің кимоносы. 1890 жыл/Wikimedia commons

Жапондардың айтуынша, кимоно сәні тез құбылды. Бүгінде ханымдар желпуіштің я болмаса кішкентай сазан балықтардың суреті бар кимоно киіп, маңғазданып жүрсе, кейін мұндай суретті кимононы кез келген қызметші әйелдер де кие беретін болмақ. Ал қазір талғамы биік әйелдер бамбук сабағы мен ұлу қабыршағы бейнеленген кимононы сәнді деп біледі.

Кимоно киген әйел. 20 ғасыр/Getty images

Кимоно киген әйел. 20 ғасыр/Getty images

Жалпы, кимононы қалай кигеніне қарап, адамды тануға болады.

16 ғасырдағы кимоно/Getty images

16 ғасырдағы кимоно/Getty images

Махаббатын іздеген әйел қалай киінді?

Жапон әйелдері әлі күнге дейін кеудесі ашық киім кимейді, себебі салтына жат. Олардың танымында әйел омырауының ешқандай да эротикалық сипаты болмады, жай ғана бала емізетін дене мүшесі ретінде көрді. Ал мойын мен желкенің жапондар үшін жөні бөлек. Әйелдің жалаңаш желкесін, мойнының шұқырын жан тебірентер сұлулық деп санайды.

Мысалы, гейшаларға грим жасағанда желкенің кейбір тұсын толық боямай, ашық қалдырған, мұндағысы қараған адам әйелдің табиғи тәнін көріп, сезімге бөленсін дегені. Кимононың жағасы мойын иыққа дейін көрінетіндей етіп арт жағына түсірілген. Бұл өте тартымды киім. Ерсі де емес, ашық-шашық та емес, алабөтен бір эротикалық сипаты бар. Мұндай жағасы өте кең кимононың майко деген түрі бар. Оны әдетте гейшалардың шәкірттері киеді.

Киоши Саито. Майко/Artelino.com

Киоши Саито. Майко/Artelino.com

Сезімін саудалаған әйел қалай киінді?

Кимоно құнын қалтасы көтеретін заманауи жапондар мен оны дұрыс киюге сауаты жеткендер кимононың белбеуін арт жағынан ғана байлайды. Бірақ 1619 ғасырларда «шай үйлерінің» ханымдары мен сайқал әйелдер, массаж жасаушылар мен арзан жезөкшелікпен айналысқан қыздардың бәрі кимононың белбеуін алдыңғы жағынан байлайтын болған. Ал ары таза әйелдер, аналар мен қыздар міндетті түрде белбеуді арқа тұсынан түйіп қояды.

Сузуки Харонобу. Куртизан әйел мен камуро (шәкірт).  1765-70/Kislak Collection

Сузуки Харонобу. Куртизан әйел мен камуро (шәкірт). 1765-70/Kislak Collection

«Аздаған уақыттан соң артқы есік жақтан сандал аяқкиімнің тыпырлап келе жатқан дыбысы естілді. Үй иесі қонаққа көзін қысып қойып, қарсы алуға шықты. Жаңа келген әйел апыл-ғұпыл киімін ауыстыруға көшті. Үстінде қарапайым ашық көк түсті қағаз көйлек, жеңінде қиығы жоқ және ұшында әдемілеп байланған түйіншегі бар екен. Онысын тездетіп ағытып шешінді де, талғаммен тігілген ақ түсті ішкиімін, оның сыртынан сәнді көйлегін кие бастады. Ол алқызыл түсті әдемі көйлек еді. Онда күйменің дөңгелектеріндей шеңберлер кестеленген. Жеңі кең. Сәлдегүл мен жүзім бейнесі өрнектелген, алтынмен кестеленген белбеуін ол алдымен кәдімгі жүргіш әйелдерше алдыңғы жағынан байлап жатып, бүгін самурай қызы боп жүретінін естіді. Сөйтіп, ол он екіде бір гүлі ашылмаған қызға ұқсап, белбеуін арт жағына қаратып қоя қойды. Мұндай мүләйім айланы байқамау мүмкін емес.»iИхара Сайкаку «Жалғызілік әйелдің махаббат хикаясы»

Кимоно байлау/Alamy

Кимоно байлау/Alamy

Аруаққа ұқсау үшін кимононы қалай байлаған?

Кез келген жағдайда ер адам да, әйел адам да кимононы солдан оңға қарай қапсырып киеді. Ал марқұм болған кісінің кимоносы, керісінше, оңнан солға қарай қапсырылады. Мысалы, осыдан елу жыл бұрын қаңыраған тау жолдарынан кимоносын оңнан солға қарай байлап алған адамға кезігіп қалса, аруақ көргендей зәресі ұшушы еді. Ал қазір Ямото тұрғындары қате киінген қала қонақтарына үйреніп те қалды.

Бамбук орманындағы жеті келіншек, 18 ғасыр/Getty Images

Бамбук орманындағы жеті келіншек, 18 ғасыр/Getty Images

Назгүл Сұлтанова

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ