КІСЕ - БЕЛБЕУ

Көктөбе ауылы

Мен - Ілияс Аянат Сейсенғалиқызы, Жамбыл облысы, Шу ауданы, Көктөбе ауылының тумасы, 11-ші сынып оқушысымын. Ата анам қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Қанмен дарыған тілшілік өнер, кітап оқуға деген құмарлық, жазуға құмарлық мені де айналып өтпеді. Анамнан естіген оқиға ойландырып, қолыма қалам алуыма себеп болды.

“Өзбекәлі және Мәдени майдан” кітабы, 2023 жыл

Анам Торғай өлкесінің тумасы. Әкем екеуі Арқалық қаласындағы педагогикалық институтта оқып жүріп танысып, отбасын құрған. Ауыл мектебіндегі ұстаздық кәсібін анам жалғастырып, әкем мал шаруашылығына бет бұрды. Анам бос уақытында балалық шағын, ата-тегін әңгімелегенді ұнататын. Тарихи маңызды оқиғалар жадымда сақталып, ​​​​​​бүгінде зерттеу жұмысын жазуыма арқау болды. “Өзбекәлі және Мәдени майдан” кітабында кейбір фактілердің дұрыс жазылмағанына зерттеу барысында көзім жетті. Автор Санжар Керімбайдың бұрмаланған тұстарын, анамның айтуы бойынша, сондай-ақ, өзге де азаматтардың дәлелді пікірлерін нақтылай, тарихи естелікті зерттеу жұмысын толық жүргіздім.


Санжар Керімбай “Өзбекәлі және Мәдени майдан”

Отбасы хрестоматиясы, 2023 жыл

Осы жазбадағы, “молда” дегеннің кім екенін, кісені бере салған “молданың баласы” кім екенін нақты баяндасам, ​​​​​​​​​​​​​​менің анамның анасы, әжем - Уазира Нүридденқызы, бүгінде жасы 83-ке келген, әулеттің үлкені. Ең бірінші болып, үлкен және кіші қажылыққа барған. Әжемнің әкесі - Нүридден ишан (жазбадағы яки “молда”) атасы - Мырза ишан, арғы атасы - Сатыпалды ишан. Торғай жеріне беделі асқан, құранды жетік меңгерген, діни сауаттары озық, ғұлама болған. Өз заманында Меккеге сапар шегіп, ол жақта он төрт жыл білім алып, Орта Азия Мұсылмандар кеңесінің алдында емтиханды үздік тапсырып “Ишан” атанған. Құран хатымды жатқа айтып, "Құран Қари" атанған екен. Баласы - Мырза Ишан. Шын аты - Жәлелидден Сатыпалдыұлы. Бірде, Бұхарада Құранды жатқа айтудан жарыс болыпты. Сатыпалды ата баласын сол жарысқа алып барады. Жалелидден атамыз тұлымданған жүйрік тайына міне барады. Әр елдің балалары қатысқан жарыстан “бала Жәлелидден” ерекшеленіп, бірінші орын алған.Бұл хабарды естігенде қуанышы мен ризашылығын білдіргісі келген боз бала сүйіншісіне астындағы жүйрік тайын мінгізеді. Кеңдігі мен зеректігіне тәнті болған жұрт содан бері Жәлелидден атамызды “Мырза бала” деп атап кеткен.

Уазира Нүридденқызы, қолындағы суретте атасы - Жәлелидден Мырза Ишан

Мырза атамыздың Омар қалпе деген досы болады. Екеуі бала күннен арасынан қыл өтпес, адал, сырлас дос болады.Кейіннен екі дос сыйластығын туыстыққа ұластырғысы келіп, баласы Нүридденге Омар қалпенің қызын атастырып, құда боламыз деп келіседі. Сол жылдары Мырза атамыз зергер ұстаға ақысына бұзаулы сиыр беріп "кісе-белбеу" жасатады . Қанжар, пышақ салатын қынаптарын қайыстан қиып, ілгелігі, көзі таза күмістен құйылған екен. Ер жігіттің беліне таққанда, мәні мен сәні келіскен кісенің құнды жәдігер болатынын кім білген сонда? ​​​​​​​​​Заманның аумалы-төкпелі кезеңі басталып, Мырза атамызды қыспаққа ала бастайды. Қарбаласта уақыттың ретін тауып, кісені Омар досына табыстап қояды. Қуғын-сүргін басталып, атамызды үш ұлымен халық жауы деп қамауға алынады. Сол кеткеннен атамыз да, үш бірдей аяқтанбаған ұлдары да оралмады. Ал, Мырза атаның кенже ұлы кішкентай Нүридден ауылда қалады. Өмір жалғаса береді. Айдауда кеткен әке, үш бірдей бауыры бала Нүридденнің сағынышын арттырып, жүрегін жаралап, ату жазасына кесілгені туралы хабар келеді. Нүридден ер жетеді, оны да өкімет жай қалдырмай, халық жауының тұқымы, бай-кулак деп айыптап, екі рет айдауда болып, аман оралады. Екінші рет оралған кезде, әкемнің досына сәлем берейін, өзіне атастырылған қызды көрейін деген ниетпен іздеп барады. Ол кісі Нүридден атаны жақсы қарсы алады, бірақ, “біз айыптымыз, сөзімізде тұра алмадық, саған атастырылған қыз тұрмысқа қашып кетті” - деп, шығарып салады. Қонағы кеткен соң қалпе біраз ойланып, досының аманатын табыстау керектігі жөнінде шешімге келіп, қайта хабар жіберіп, Нүридден атамызды шақыртады. Атамыз немере ағасы Файзолла атамызды ертіп барады. Сонда, қалпе киізден тігілген мәсінің ішінен кісе-белбеуді алып шығып, “мына кісенің иесі өзіңсің, досымның аманаты еді, қаншама жылдар бойы өзім жастанатын құс жастықтың ішіне салып тығып сақтадым”- деп, атамызға береді. Үлкендіктің жолын білетін жас жігіт кісені немере ағасы Файзоллаға: “Әке менікі болғанмен, аға сіздікі, жасыңыз үлкен, жол сіздікі, сізге тағамын” - деп табыстапты. Файзолла атамыз 1959 жылы өмірден озған соң, кісе қайта бауырының баласы Нүридден атамызға қалыпты.

Анам Аманкелді ауданында туып, өскен екен. Нағашы атасы Нүридден сол ауданның Қайыңды ауылында тұрады екен. Анам жаз бойы атқа мініп, суға шомылып, қымыз ішіп, атасы мен әжесіне еркелеп қайтамын дейді. Сонда, “кісе-белбеу атамның сәкілі бөлмесінде, төрде ілініп тұрады. Жиі-жиі далабымен, әтір жағып жалтыратып сүртіп, төрге қайта іліп қоятын. Арасында, "Ее, жарықтық әкемнің көзі ғой, әкемнің қасиеті күшті, аруағы мықты еді, бұл кісенің де киесі бар, қолдарыңмен ұстамаңдар” - дегені есімде қалыпты”, дейді.

Нүридден атамыз кісе-белбеуімен

Торғай облысының жаңадан құрылған кезі, Обком хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков болатын. Сол кісінің басшылығымен Арқалық қаласынан музей ашылу жоспарланған. Жан-жақтан көне жәдігерлер іздестіріліп, экспонаттар жинақталып жатқан кезең екен. Ел арасында бұрыннан сөз болатын кісе белбеу туралы мәлімет обком хатшысына да жетеді. Артынша, Нүридден атамыздың үйіне Обком хатшысының көмекшісі, совхоз директоры тағы бірнеше кісі келіп, кісені музейге беруін сұрайды. Нүридден атамыз кісенің атадан балаға мұра, әулетке тиесілі жәдігер екенін айтып музейге беруге қарсылығын білдірген. Жазбада жазылғандай-ақ, қаладан үй, “Москвич” көлігі, түрлі бағалы заттарды ұсынса да ойынан айнымапты. Содан үнсіз қалады. 1976 жылы күзде Нүридден атамыз әжемізді алып Сарыағашқа демалуға кеткенде, үйдегі баласы Әскербектен, Обком хатшысының көмекшісі келіп, “музейге комиссия келе жатыр, мына кісені екі-үш күнге бере тұр, комиссия кеткен соң әкеп беремін” - деп алдап алып кетеді. Уәделі уақыт өтеді, кісені ешкім әкелмейді. Әскербек ағамыз қалай болғанын айтып береді. Үнсіз ғана тыңдаған атамыз баласын қамшымен сабап алады. Келесі күні атамыз Арқалыққа жол тартып, бірден музейге барады. Иесі "Мурзин Әскербек Нүридденович" деп жазулы тұр екен. Атамыз музей жетекшісін шақырып алып, "мына кісе Әскербек емес, әкесі Нүридденде жоқ, бұл менің әкем Мырзаның дүниесі. Кім әкеліп қойды, адресін айт"- деп талап етеді. Музей жетекшісі журналдан қарап, бәрін жазып береді. Бірақ, өкіметтен қайтып алу оңай болмапты. Ата егде жасқа келіп, денсаулығы сыр беріп, бір аяқты солтып, әрең жүрсе де кісені қайтару үшін бармаған жері, баспаған тауы қалмаған. Шарасыз қалған ақсақал сотқа арызданып, екі жылдан аса уақыт өткенде ғана мақсатына жетеді. Кісені қайта қолына алады. Өкініштісі, артында ұзақ әңгіме қалады. Әркімнің өз шындығы өзінде демекші, атамыздың шындығы кісенің артына жазылған сөзінде еді. " Мырза ишан.1926 ж" деген араб тілінде жазылған, әкесінің аты, жасалған жылы және ұстаның аты еді.

Нүридден атамыз баласы Әскербекпен

Көшірілді