«КӨКПАР» ӘЛЕМІ

Көшпенділердің дәстүрлі ойыны тақырыбындағы Саид Атабеков көрмесі хақында

Саид Атабеков/Досжан Құрманов/Aspan gallery

Алматыдағы Aspan Gallery галереясында Қазақстандағы заманауи өнердің негізін қалаушылардың бірі — Саид Атабековтың «Молитва тысячи всадников» («Мың салт аттының дұғасы») атты экспозициясы ашылды. Суретші бұл туындысын өзі көп жылдан бері қызығушылық танытып жүрген көкпарға арнаған. Ұлттың өткеніне үңіле отырып, дәстүрдің мәнін зерттей келе, Атабеков қоғамның бөлшектенуі мен постколониялық жан жараның емін табуды көздейді.   

Мазмұны

Қызыл трактормен Миланға: суретші туралы

Саид Атабеков — қазіргі Өзбекстан аумағында, Ташкент маңында дүниеге келген қазақ. Ерте жастан ата-баба жеріне оралғысы келген ол Шымкенттегі Қастеев атындағы көркемсурет училищесіне оқуға түседі. Бұл таңдауы өте сәтті болды. Атабеков өнерге жолын ашқан талантты ұстаз Виталий Симаковпен кездесті. Симаков кейін әйгілі «Қызыл трактор» тобының негізін қалаушысы атанады. Саид Атабеков сол ұжымның құрамында жүріп өнер әлеміне өзін танытты. 90-жылдары «Қызыл трактор» Қазақстанның арт-сахнасындағы ең жарқын құбылыстардың бірі болды. Суретшілер дәстүрлі түркі мәдениетін, көшпелі өмір мен бақсылыққа бойлай білді. Осы терең қайнаркөзден түрлі мағына, ерекше бейне мен пішіндерді алып, өзіне сіңіре білген олар көрген-білгенін заманауи перформанстар мен объектілерге айналдырды.

90-жылдардың екінші жартысында Атабеков жеке шығармашылығымен танылды, ал 2000 жылдары оның аты Қазақстаннан тыс жерлерге тарай бастады. Ол 2003 жылы Прага квадриенналесіне, 2005 жылы Ыстамбұл биенналесіне және үш мәрте Венеция биенналесіне (2005, 2007, 2011) қатысып, Еуропа мен Америкадағы басқа да көрмелерге жол салды. Осыдан кейін Азия елдерінде — БАӘ-ден бастап Оңтүстік Корея мен Жапонияға дейін танымал бола бастады. 2009 және 2011 жылдары Миландағы Laura Bulian gallery Саид Атабековтың екі жеке көрмесін ұйымдастырды. Италияның заманауи мәдени астанасы суретші үшін әлі күнге дейін маңызды қала саналады. Тек 2020 жылғы пандемия көкпаршылар бейнесін Миланның сән сахнасына шығаруға кедергі келтірді.

Дала қасқырлары, көрме көрінісі/Аспан галереясы

Халықаралық жетістіктеріне қарамастан, суретшінің Отанындағы танымалдығы салыстырмалы түрде төмен болды. Шетелдегі көрмелері елдегіге қарағандай айтарлықтай жиі өткізіліп тұрды. Кейбіреулер оны эмиграцияға кетті деп те ойлаған, алайда Саид Атабеков әлі күнге дейін Шымкент шаһарында тұрады. Оның тақырыптары ауқымды болғанымен, басты назарында дәстүрлі дала мәдениеті мен оның заманауилық және жаһандану арасындағы байланысы тұр.

О, көкпар, сен бейбітшіліксің! Әлде соғыс па едің?

Қазіргі көрмеде көкпар ойыншыларының «Дала қасқырлары» және «Мың салт аттының дұғасы» деген екі фотопортрет сериясы орналасқан. Осы екінші атау тағы бір жобаның — спортшылардың жұбайларынан сұхбат алынған бейнежазбаның да атауына айналған. Көрменің басты жұмысы — «Қазығұрт порталы» атты ауқымды инсталляция. Бұл туындыны Атабеков өз коллекциясындағы көкпарға қатысты заттардан немесе «шайқас» алаңдарынан табылған бұйымдардан құрастырған.

Саид Атабеков, Мың салт аттының дұғасы #0119, 2012. Цифрлық баспа 105 х 70 см. 5+1АД басылымы/Aspan gallery

Суретші көкпарға арналған жобаларын 2010 жылдардың басынан бастап жүзеге асырып келеді. «Бұл мен үшін дерт не әдет секілді. Көкпарға бармасам, көзім ілінбей, тамағымнан ас өтпей қояды, – деп әңгімелеген ол YouTube-тегі «Zamandas outside» шоуында. — [Адамдар] өзі дизайн жасап, өзі киім тігеді. Ер-тұрманы да әртүрлі. Әр шебер өз тәсілімен жасайды… Мен осының бәрін көру үшін барамын. Қалада баратын жер жоқ, ал көкпар — нағыз көрме сияқты».

Ойын арқылы суретші ұлттық мәдениеттің эстетикалық және мағыналық кеңістігімен байланыс орнатады.

Көкпардың тарихы «ғасырлар қойнауында» жатыр. Оның шығу тегі көбінесе көшпелі халыққа тыныштық бермейтін жануар — қасқыр аулаумен байланыстырылады (атауы «көк бөрі» деп түсіндіріледі). Көкпар — регбиге ұқсас, ат үстінде ойнайтын қауіпті, қатал ойын. Мұнда шабандоздар серке тұлыбын қазандыққа (қарсыластың қақпасына) тастау үшін таласады. Ойынның қазіргі заманғы нұсқасында төрт адамнан тұратын командалар жарысады, ал тұлыптың орнына муляж қолданылады. Әдетте көкпар жайлауда ойналатын. Тұлыпты алдын ала келісілген мәреге (мысалы, өз ауылыңа немесе үйіңе) жеткізу керек. Ал жарысқа мыңға дейін шабандоз қатысып, ойын «қарсылас ауылдар» болып немесе «әркім өзі үшін» форматында өтетін. Мұндай анағұрлым қатал әрі қауіпті форматтағы жарыстар қазіргі таңда да Шымкентте және басқа өңірлерде өткізіледі. Атабековтың жұмыстары дәл осы «ескі» көкпар нұсқаларына арналған. Ежелде бұл ойын сарбаздарды дайындауға көмектескен. Тұлыптың зілдей салмағы, шапшаң әрі епті қозғалыс төзімді арттырып, ерік-жігерді шыңдаған. Ат үстіндегі күрес пен жылқыны басқару — дәл шайқастағыдай қиын. Бұл болашақ ұрыстарға тамаша жаттығу болды. Сонымен қатар осының арқасында шабандоздар мен аттардың жеке қасиеті, қаншалық дайын екені сыналды.

Саид Атабеков, Мың салт аттының дұғасы #1170, 2012. Цифрлық баспа 105 х 70 см. 5+1АД басылымы/Aspan gallery

Көрменің мәтінінде «Дала қасқырлары» (2010–2024) сериясы көкпаршылардың «ер жігітке тән мінезін, ерекше киім стилін және сенімді жүріс-тұрысын» көрсететінін түсіндіреді. Спортшылар суретші объективінің алдында кең далада тұр, қандай да бір контекстен алшақ сияқты көрінеді. Алайда портрет үшін дәстүрлі емес көлденең формат (5 фотосуреттің 4-еуінде) кейіпкердің кеңістікпен байланысына назар аудару керектігін меңзейді.

Фотосуреттерде күнделікті күйбең тіршіліктің белгісі жоқтың қасы. Оның бәрі сыпырылып, тек ашық дала мен «ғаламшарлық» мағынадағы «жалаңаш Жер» ғана қалады. Оның «шағылысы» — жер бетіндегі пенделерден шексіз ғарышты жасырып тұрған аспан кеңістігі. Бұл ауқымға қарсы қойылған жалғыз «тік өлшем» — көкпаршының өзі. Оның батыл бейнесі ерік-жігердің айқын көрінісі. Бойы қуатқа толы. Ғарыштың шексіз кеңістігі алдында тұрса да, өзіне төніп тұрған ұлы ауқымнан тайсалмайтындай.

Саид Атабеков, Мың салт аттының дұғасы #1181, 2012. Цифрлық баспа 105 х 70 см. 5+1АД басылымы/Aspan gallery

«Мың салт аттының дұғасы» (2013–2023) көкпаршылардың ойын алдындағы дұға ету сәтін бейнелейді. Алдағы сайыс ойыншыларды қатал жинақылыққа шақырады. Тәуекел мен ширыққан жүйке адамды тіршілік мәнімен бетпе-бет келуге мәжбүрлейтіндей. Бұл сәттер дұғаның бейнесіне айналады: адамның ішкі монологы — оны күнделікті күйбең тірліктен ажыратып, әлем мен өзіне бет бұрғызатын рухани әрекет.

Бұл сериядағы айқын даралық бірлікпен үйлеседі. Егер командалық сайыс болса — бұл командаластармен байланыс, ал жеке жарыс болса — көкпар мәдениетін қолдайтын, оны жылдар бойы тіршілік энергиясымен нәрлендіріп келе жатқан рухтас жандармен бірлік. «Мың салт атты» — ежелгі жауынгерлердің бейнесі. Дала батырларының рухы қазіргі спортшылардың бойына көшкендей. Адамдардың жинақы, ширыққан келбеті ойынның жай көңіл көтеру үшін емес, «өлермендікпен күресуге» арналғанын көрсетеді. Сонымен қатар Саид Атабеков антимилитаристік көзқарастарымен танымал. Оны зорлық-зомбылықты романтизациялайды деп айыптау қиын. Көкпаршы-жауынгерлер мүлде басқа мән-мағынаға ие. Осыны түсінуге көрменің басты туындысы — «Қазығұрт порталы» көмектеседі.

«Қазығұрт порталы» (2024) инсталляциясында бәрі араласып кеткен. Көкпар ардагерлерінің фотосуреттері балаларға арналған дөңгелекті ер-тұрмандар мен ойыншық жылқылармен қатар орналасқан («еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін» дегенді білдіреді). Қызыл бес жұлдыз бейнеленген фуфайка Dolce & Gabbana логотипі бар ер-тұрманмен (сондай-ақ DKNY, Coca Cola және Lucky Strike бар) көрші тұр. Мұнда дәуірлер тоғысқан: «көп брендті» тұтынушылық қоғам, кеңестік кезең және, мүмкін, одан да ертеректегі заман (кейбір фотосуреттер өте көне көрінеді) бейнеленген. Стразбен көмкерілген ер-тоқым қыздарға арналғандай, яғни ерлер мен әйелдер әлемі де тоғысқан.

Сондай-ақ, көрмеде шайқас үшін шыңдалған ат тағасы, етік, дулыға-баскиімдер, ғарыш пен Қызыл алаңда бейнеленген көкпар ойынының фотоколлаждары, аз уақыт шығып тұрған Kokpar Central Asia журналының нөмірлері, ақыры, жылқының сүйектері мен бас сүйегі бар — бұл жобада барлығы қамтылғандай әсер қалдырады.

Инсталляцияның ұсақ бөлшектерін біртұтас ететін үлкен жазықтықтар да осында: бұл екі жабу, жалауша, кілем және абстрактілі экспрессионизм стиліндегі «қатпарланған» кенеп. Жабу мен кілемдегі ою-өрнектер мәңгілікті, «ғарыштық өлшемді» еске түсіреді. Әлемнің көрінбейтін құрылымына қызыққан абстрактілі экспрессионизм бұл ойларды нығайта түседі. Бұл туындының негізгі кілті — «Қазығұрт порталы».

Көкпардың хаосқа толы әлемі көрмеде толыққанды бейнесін тапқан. Экспонаттар бөлшектерінің бей-берекет орналасуы көкпаршылардың серке тұлыбын бір-бірінен жұлып алуға таласқан қарбалас әрекетін еске түсіреді. Инсталляцияның қатал эстетикасы ойынның ауыр сипатына сәйкес келеді. Оның күрделі бедері (туындыны жақыннан бүйірінен қарап көруге тырысыңыз) сайыстың «энергетикалық толқынын» бейнелейді.

Көкпар әлемін толықтырған — «Мың салт аттының дұғасы» (2024) атты бейнежазба. Мұнда суретші көкпаршылардың әйелдеріне сөз береді. Олар күйеулерімен қиындықты бірге өткеріп, жолдасын тұлға ретінде қалыптастыратын негізгі жандардың бірі болғанымен, көлеңкеде қалып келеді. Атаудың қайталануы маңызды рөл атқарады, ол «майдан мен тыл жауынгерлерін», олардың көзге көрінетін және жасырын еңбектерді теңестіріп көрсетеді.

Қазақстан осындай болуы мүмкін

Көрме тақырыбы көрерменге дәстүр мен өткеннің рөлі туралы сұрақ қояды. Бір жағынан, өткенмен жұмыс істеу тарих салған жан жарасын емдеуге және дамуға кедергі келтіретін қауіпті үлгілерді қайта құруға байланысты (бұл тақырыпқа Гүлнұр Мұқажанованың көрмесі арналған). Екінші жағынан, өткен шақ — қазіргі уақытта өзгерістер жасау үшін сарқылмас үлгілер мен модельдердің қайнар көзі. Өз заманында сынақтарға тап болып, одан түрліше өткен ата-бабалар қазір есте сақтау формасында тірілерді белгісіздіктен сақтаушы болып тұрғандай: түсіндіреді, жігер береді, сақтандырады.

Дағдарыс кезеңдерінде адамдар үнемі өткеннің үндес кезеңдеріне терең үңіліп, үлгілердің асылын табу мен олардың қолдауын көруге тырысады. Олар осы үлгілер арқылы тәжірибесін толықтырып, болып жатқан оқиғаларды тереңірек түсінеді және оған лайықты жауап беру мүмкіндігіне ие болады. Бұл жерде әңгіме қайта қалпына келтіру туралы емес — тек жаңа жағдайда қайта құру туралы. Дәстүр тек даму арқылы өмір сүреді және ол сақталмаса немесе өзгеріссіз қалса, күші кемиді.

Саид Атабеков/Досжан Құрманов/Aspan gallery

Өткен заманнан қазіргі кездегі болып жатқан жайттарға әрдайым балама табылады, олар жаңару процесін іске қоса алады. Сондықтан тоталитарлық билік, әдетте, тарихты өз мүддесіне сай «қайта жазуға» және тарихи жадыны өшіруге тырысады. Дәл осылай большевиктер әрекет еткен, олардың соққысынан посткеңестік кеңістіктегі бірде-бір ел оңала алмаған. Әр ел КСРО ыдырағаннан кейін белгілі бір деңгейде ұлттық дәстүрлерге жүгінді (бірақ көбіне «қайта құру» тәсілінен гөрі, бейқам-консервативті «қайта жаңғырту» әрекеттері жеңіске жетті).

Көкпар дәстүріне терең үңіле отырып, Атабеков ерік-жігерге толы субъектінің үлгісін тапқан. Ежелгі жауынгерлердің көлеңкесі көкпаршы кейіпкері ретінде бейнеленіп, оны күшейтеді. Ол тек «Жердегі адам» ғана емес, сонымен қатар өз жерінің иесі, оның амандығына жауапты тұлға. Қадір-қасиетке және өзін құрметтеу қасиетіне толы ол өз кеңістігінде шынайылықты құруға қабілетті, яғни «әрекетімен дұға ету» қолынан келетін болмыс («Шығармашылығым — менің дұғам», - деп суретші жиі қайталайды).

Саид Атабеков, Дала қасқырлары #0007, 2022 ж., цифрлық баспа, 70 х 105 см, 5+1АД басылымы/Aspan gallery

Көкпар дәстүрінің кеңестік билікке қарамастан сақталып, дамуы — өміршеңдіктің айғағы. Суретші — «Қазығұрт порталы» әлемінің «әрлеушісі» ғана. Оның өзі көкпар мәдениетіне энергиясы мен қабілетін арнаған көптеген адамның ерік-жігерімен өрілген. Бұл мәдениет жоба аясында жалпы мәдениеттің, тіпті елдің бейнесіне айналады. Көкпардың философиялық түсіндірмесін Рахат Жақсыбайдың «Алпамыс батыр» эпосы ойынның басты идеясын жеткізеді: жараланған жауынгеріңді жау қолына тастап кетуге болмайды» деген сөзі арқылы ұғуға болады.

Атабеков постколониялық жан жарасынан, комплекстерден айығудың емін және сенімсіздікке бой алдырып, бөлінген халықты біріктіру жолын іздейді. Суретші көрерменге Қазақстан қоғамының тасада қалған әлеуетін көрсетеді, егер олар біріксе, қандай күш-қуат бітерін айшықтайды. Көкпар туралы эпикалық баяндау «болуы мүмкін тарихқа» айналады. Сондай-ақ, бұл — көпшілік санасына оңайлықпен орныға қоймас өзіне деген құрмет пен күшіне сенім артуға шақыру іспетті өнер.

Көрме 2025 жылдың 26 қаңтарына дейін жалғасады.

Саид Атабеков, Дала қасқырлары#0049, 2022 ж., цифрлық баспа, 70 х 105 см, 5+1АД басылымы/Aspan gallery

Көшірілді