ЖАЗҒЫ-ҚЫСҚЫ УАҚЫТТЫҢ ПАЙДА БОЛУЫ

Адамдар сағатты қашан жылжыта бастады?

ЖАЗҒЫ-ҚЫСҚЫ УАҚЫТТЫҢ ПАЙДА БОЛУЫ

Жазғы уақытқа көшуді насихаттайтын постер. Шамамен 1917 жыл, United Cigar Stores компаниясының басылымы/Photo by David Pollack/Corbis via Getty Images

Адамзат Жер шарын мекен еткелі бері, уақытының басым бөлігін сағатқа қарамай-ақ бақытқа бөленіп өткізіп келген. Ежелгі өркениеттер дамып, алып шаһарлар бой көтергелі бері уақыт пен кеңістікті реттеуге ұмтылыстар жасалып келеді: примитивті сағаттардың су сағат, күн сағат және құм сағат сынды бірнеше нұсқасы да пайда болды. Бірақ механиктер мен астрономдардың жетістіктеріне қарамастан, жұрт соңғы екі ғасырды есепке алмағанда, өз өмірін күннің қозғалысына сай бейімдеп келгенін байқаймыз.

Шіркеу қоңырауы таң қылаң бергенде құлшылық уақыты келгенін аңғартып соғылса, азаншы күн шапағы көрінгенде мұнараға шығып азан шақыратын. Ертеден бері барлық діни жоралғылар күннің атып-батуына орай орындалатын («Бірінші жұлдызға дейін нәр татуға болмайды», «таң қылаң бергенше жеуге болмайды»).

Дегенмен ежелгі уақыттарда жұрт жыл бойына күннің ұзақтығының өзгеріп отыратынын (экватор сызығынан ары ұзаған сайын, өзгерістер орасан бола түседі) ескермей де қоңыр тірлігін кешіп жүре берген. Таң атса — ұйқыдан тұрып жұмыс істейді, кеш батса — жатып демалады. Жазда ұйқы қысқа болса, есесіне қыстай жатып демалады.

Ал халқы миллионнан асқан Ежелгі Римде қызмет түрлерінің артуына орай уақыттың екі форматы пайда болған (қысқы және жазғы уақыт). Римдіктер мәселені қарапайым жолмен шешкен: жаз мезгілінде күндізгі сағаттар ұзақ, ал қыста — қысқа болған. Күн ұзарған сәтте бір сағат қырық бес минут та, сондай-ақ жетпіс минутқа созылуы мүмкін — мұның бәрін арнаулы шенеуніктер есептеген, ал қала халқына уақыттың өзгерісін алаңға шығып жариялаған жаршы хабарлап отырған.

Дегенмен Солтүстік өркениетінің дамуына байланысты және әсіресе индустриализация дәуірінің орнауына орай, жазғы уақыттың мәселесі өзекті бола түскен.

1918 жылы Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде жазғы уақытты насихаттау үшін АҚШ-тағы United Cigar Stores компаниясы шығарған плакат/Wikimedia Commons

1918 жылы Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде жазғы уақытты насихаттау үшін АҚШ-тағы United Cigar Stores компаниясы шығарған плакат/Wikimedia Commons

Қала көшелерін, шеберханалар мен жеке үйлерді жарықтандыру электр тоғы тарамай тұрып та, үлкен шығынға айналған. 1784 жылы АҚШ-ты аяқтан тұрғызған қайраткерлердің бірі, ғалым әрі өнертапқыш Бенджамин Франклин, Францияда елші болып жүрген шағында, қала халқын балауыз шамды босқа жақпауға және таң атқанда оянып, кеш батқанда ертерек жату үшін сағат тілін жазда және қыста өзгертіп отыруға шақырған сатиралық памфлетті жазған. Шамды үнемдеумен қатар, Франклин терезе жақтауына қойылған ағаш сүректерін де үнемдеуге шақырған. Ал күн шапағы жұртты ұйқысынан тұрғызуы үшін терезе қақпақтарын қоюға тыйым салу қажет деп шешкен. Ең дұрысы, Париж жұртын ерте ояту үшін таңертең зеңбірекпен атып, барлық шіркеу қоңырауларын қағу керек. Сонда қала халқы ерте тұруды үйреніп, түн жарымына дейін сауық кештері мен ойын бөлмелерінде шамды жақпайтын болады! Әлбетте, аталған памфлеттің қалжың екенін еске түсіріп өткен жөн болмақ. Дегенмен әр әзілдің астарында шындық жатқанын да ұмытпағайсыздар!

 Дэвид Мартин. Бенджамин Франклин. 1767/Wikimedia Commons

Дэвид Мартин. Бенджамин Франклин. 1767/Wikimedia Commons

Осыған ұқсас ұсыныс Наполеон тұсында да қарастырылғаны белгілі, бірақ заңнамалық, күнтізбелік, метрикалық және өзге ауқымды реформаларға жылы қараған қолбасшы аталған ұсынысты елемей қойған. Дегенмен бұл идея кең тарап, жұрт арасында талқыланып кеткен. Әлемнің әртүрлі аймақтарында осы мәселеге қатысты соны мақалалар мен ұсыныстар айтылған. Осы тұста жазғы уақытты жақтаушылармен қатар, оған барынша қарсыласқандардың да табылғанын атап өткен жөн. Айталық, атақты Чарльз Дарвиннің немересі Джордж Дарвин:

«Тіпті парламенттің өзі Күн мен Жердің орналасу ретін өзгерте алмайды. Олар тек Ұлыбританияның сағаттары бес ай бойына бұрыс уақытты көрсетіп тұруға бұйыра алады» деп жазған.

Жазғы және қысқы уақытқа ресми түрде ойысқан алғашқы мемлекет Канада болды. 1908 жылы 1 шілдеде Порт-Артур қаласында барлық сағаттар салтанатты түрде бір сағатқа алға жылжытылды. Сосын Порт-Артур қаласына Канаданың өзге қалалары да қосылды. Ал Бірінші Дүниежүзілік соғыстан кейін жазғы уақытқа басқа да мемлекеттер (Германия, Ресей, Ұлыбритания және т.б. елдер) ойысты. Олардың ойынша сағатты алға жылжыту электр энергиясы мен жарықтандыруға жұмсалатын жанармайды үнемдеуге сеп болады-мыс.

Алайда 21 ғасырда жасалған есептер, мұндай жоспардың үнемге айтарлықтай әсер етпегенін көрсетіп отыр: зерттеулердің орташа есебі бойынша үнем 1–2 пайызды ғана құрайды.

Сенат сержанты Чарльз Хиггинс, сенаторлар Уильям Калдер (Нью-Йорк), кіші Уильям Солсбери  (Делавер)  және Джозеф Т. Робинсон (Арканзас) 1918 жылы, алғаш рет жазғы уақыт үшін Оһайо сағатын алға жылжытып тұр. АҚШ Капитолий ғимараты, Уашиңтон, Колумбия округі/Alamy

Сенат сержанты Чарльз Хиггинс, сенаторлар Уильям Калдер (Нью-Йорк), кіші Уильям Солсбери (Делавер) және Джозеф Т. Робинсон (Арканзас) 1918 жылы, алғаш рет жазғы уақыт үшін Оһайо сағатын алға жылжытып тұр. АҚШ Капитолий ғимараты, Уашиңтон, Колумбия округі/Alamy

Есесіне сағат тілін өзгерту қозғалыс кестесі мен маршруттарды үлестіру жүйесі жиі істен шығатын тасымал саласына кері әсер етіп, жол апаттарының көбеюіне әсер еткен көрінеді. Денсаулық сақтау саласы мамандары келтірген статистика да кері әсерді байқатып отыр: жұрттың басым бөлігі сағат өзгерісін күнделікті режимін күйрету ретінде қабылдап, күйзеліске ұрынады. Соның салдарынан адамның қан алмасу жүйесінің жұмысы бұзылып, басқа ауруларға шалдығу ықтималдығы артады.

Қазіргі уақытта әлемнің 66 мемлекеті жазғы уақытты қолданып келеді және жыл өткен сайын олардың саны қысқарып жатыр: 20 ғасырдың 90 жылдары мұндай мемлекеттердің саны 90 болған. Жазғы уақыттан «бас тартқан» мемлекеттердің қатарында Қытай, Жапония, Индия, Ресей, Қазақстан мен бүкіл Оңтүстік Америка елдері бар.