КОРЕЙ СЕРИАЛЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫМЫ

2-бөлім. Тәтті мұң, ауыр атлетика перизаты және түлкілер

Нок Ду жайлы ертегі/ашық дереккөзден

Дорама — әу баста жапон сөзі, әйтсе де соңғы кездері Оңтүстік Корея сериалдарымен ассосацияланатын болып жүр. Бұл фильмдер тоқсаныншы жылдардан бері қарай әлем мәдениетіне күн өткен сайын белсенді түрде ықпал ете бастаған корей толқынының ажырамас бөлшегі. «Кальмар ойынын» барлығымыз білеміз, десек те ол соңғы кездері жер жиһанның теңізі мен мұхитында еркін жүзе бастаған кинематографиялық айсбергтің ұшы ғана. Кинотанушы Алексей Васильев арнайы Qalam үшін корей дорамаларының феномен болуын талдайды. 

 

Бұл корей сериалы туралы материалымыздың екінші бөлімі. Бірінші бөлімін мына жерден оқуға болады.

Мазмұны

«F4» (Kkotpoda Namja) — деп аталатын осынау заманауи мәдениет қатпарымен жақын таныстырғаны үшін тұтас Батыс әлемі қарыздар 2009 жылы шыққан дораманың атауы. Осы бір дорама Кореяда жарыққа шыққанының әсері дейміз бе, дәл қазір өзін құрметтейтін әрбір елде міндетті түрде арнайы корей дорамалары үшін жеке телеканал пайда болды. Бірақ бұл фактінің Жапониядағы Корей дүмпунің «Қысқы сонатаның» (2002) экранға шығуымен басталғанына еш қатысы жоқ. Оның ықпалы әртүрлі дүниелермен шарттанған. Ал Батысқа жол өте ұзақ болды, соншалық қатпарға толы болмаса да, дегенмен жол бойында маңызды бір бұрылыс жасалған да еді.

«Гүлден де тартымды бозбалалар» — картинаның атауының өзі рецензия болуға жетерліктей дөп түскен ерекше жағдай: сондай толымды атау әрі 25 серия бойына экранда болып өтетін дүниені соқырға таяқ ұстатқандай дәл бейнелейді. Фильмді жапон мангосы негізінде қойып шыққан және авторлардың батылдығы кинематография шарттарына манго әлемін бейімдемеу шешімі арқылы көрініс тапқан. Бар болғаны Ёко Камио суретпен салып шыққан образдарды жас актерлар дәлме дәл сомдаған. Онда чеболь мұрагерлері,11Чебо́льiқаржылық-өндірістік топтардың Оңтүстік Кореялық формасы, белгілі бір әулеттердің біртұтас әкімшілік және қаржылық басқаруында болатын, шартты түрде тәуелсіз саналатын фирмалар тобын құрайтын конгломерат айнымас дос төрт жоғары сынып оқушысының жайы баяндалады. Ішіндегі серкесі кішкентай кір жуушы қызға ғашық болады. Топ бастаған жігіттің рөлін Ли Мин Хо сомдаған. Әлі күнге дорама авторлары үйлену тойындағы алып тортқа бүкіл денеңді батырып алғандай әсер туғызу үшін барын салуға, тіпті шетелде түсірілім жасап болсын («Бозбалаларды» Жаңа Каледония мен Макаода түсірген) қатты шығындалуға дайын — оның басты рөлде ойнауы ғана мұндай шығынның босқа кетпеуінің жалғыз кепілі бола алады.

Бұл жігіттердің барлығы Камио салған сурет кейіпкерлеріне айналды. Олардың ерні кәсіби грим бойынша емес, оқушылар жағатын опа далаптың дәл өзімен әрленгені анық көрінетін. Шаштары өткір әрі өмірде жоқ түстерге боялды. Тіпті, 1970-жылдардағы «барбершоптардың» өзінде көзге түспейтін шаш үлгісімен шыққан еді. Мысалы, Мин Хоның шашы кейіпкердің бірі айғұлақ деп дәл сипаттағандай өрілген еді. Тағы бірінің бұрымы басын жауып тұрғаны сонша қоңыраудың кәдімгі қаптаушасындай еді. Бұл қоңыраубас жігіт шлем киіп алып мотоциклмен жүретін, көк джинс шалбарына қоңыр қайыс тағып алған кейпі сурет салғандай десек болады. Қоңыраубастың ақ көйлегіне ақшыл қызғылт түстегі галстук тағып алғаны тағы бар (мұндай түстің бір тамшысының өзі сары шаш баланың әлпетіне жараса кетер еді), бірақ осының барлығы ақ жағалы қызғылт күдері күртешемен қапталып еді. Раушан түстің брандсбойттан шашылған қиындылардай болып өрнектелгенін көреміз.

«Гүлден де тартымды бозбалалар» сериалының постері/ашық дереккөздерден

Дәл солай олардың бозбалалық ойындары — хоккей, ат жарысы келесі сахнада шәй ішу дастарқанымен жылы кейіпке алмасады, операторлар олардың алдына қойылған тәттілер, тоқаш пен тарталеттердің өзін қадала көрсетіп тартымды күлкілерінен де өткен маңызды объектке айналдырады. Шәйді манго заңы бойынша барынша қиялдан шыққан және 19–20-ғасырлар шегіндегі еуропалық қызметші әйелдердің мәнеріне жақын киінген бес қызметші қыз ұсынады: етегі қысқа қара көйлектің үстінен әппақ шілтерлі алжапқыш пен әдемі түйреуіш таққан, аяқтарына құйып қойғандай жараса кететін фильдеперс шұлық. Кейбір сәтте бұл енді тым күлкілі көрініп кететін, көрермен қыздар, мейлі мектеп оқушысы болса да, барлығы ақымақ емес қой. Бәрі күлетін — авторларға емес, авторлармен бірге, онда да өздерінің қияли әрі шынайы өмірде болуы неғайбыл армандарына күлетін. Сосын кенеттен, әдепкі дорамалардағыдай ішіңді суырып алатындай шынайылық сәті туады. Барын беруге дайын достық пейілдің кезекті сахнасы алдымыздан шығады: топ бастаған серке жігіт анасының бопсасына еріп немесе қызғаныш тікеніне беріліп қызметшісін тастап кетпек болғанда оның үш нояны интрига ұйымдастырады, нәтижеде «қоңыраубас» (оған да қызметші қызбен қарым-қатынас сондай жайлы еді) серкеден таяқ жейді, бастысы жақын досы ең маңызды, онсыз бақытты бола алмайтын адамынан айырылып қалмаса болғаны. Бір күні мәдениеттанушылар осы дорама мен оның жетістігі постирония дәуірін ашып берді деген пікірге тоқайласып жатса таңғалмаймын.

«Гүлден де тартымды бозбалалар» сериалынан көрініс/ашық дереккөздерден

Тағы бір маңызды фактор: бұл дорамада бозбалалар қызға ашықтан-ашық сексуалдық арбау жасайды, қызбен бірге көрермендерді де арбайтындай көрінеді. Бұрын олай болмайтын, ендігі заңды дүниеге айналды. Серкенің Жаңа Каледониядағы жеке аралында өрбитін бесінші серия қызды жағалаудағы иелігіне әкелумен — ол уақытта қыз әлі дәулетті өмір мен кавалерінің өмір салтына бой үйретпеген, екеуіне дастарқан дайындаумен, сосын орнынан оқыс тұрып бойз-бэнд әртістің тұрысында (аяғы кең ашылған әрі кішкене солға қарай шалқайған кейіпте): «Таңғалып болсаң, іске кірісейік» деп мәлімдеуімен аяқталады. Осы сөзін айтып ол түймесін ағытып, көйлегін шешеді, бала емесін ұқтырғысы келгендей шыныққан кеудесі мен денесін паш етеді. Осымен стоп кадр, келесі серия басталғанға дейін көрермен қыздар экран алдында қатады да қалады.

«Гүлден де тартымды бозбалалар» сериалынан көрініс/ашық дереккөздерден

Сол уақытта дорамалардың Оңтүстік-Шығыс Азия территориясын ендігі жаулап үлгергеніне қарамастан «Бозбалалар» теңізге аққан мұнайға қойылған оттай алаулады: қайталанбас жетістік. Сонда олар не ұсынып еді? Үптелген оқушыларды — генетикалық ерекшеліктеріне орай кәрістердің денесіне түк шықпайды, мұрт пен сақал басынан сәтсіз болар еді, сондықтан авторлар мұрт қойған да емес, қырынған да емес, міндетті түрде үптелген кейіпкерлерге тоқтады. Сөйте тұра олардың гүрілдеген дауыс тембірі мен талапшыл, қызбалығы бар интонациясы, оған қоса бала деуге тіпті келмейтін бұлшық ет иірімдері көзге ұрады. Ли Мин Хо тартымды дене тұрқын паш етудің пионері болды десек те, бұлшық еті кемел актерлардың чемпионы болды демес едік: әрине, осы уақытқа дейін оны тартымдылық жағынан динозавр Ким У Бин секілді басып озғандар көп, ал бірегей образы жағынан алғанда періштедей әлпетімен Ким Мин Чжэ әлдеқайда эталон болып көрінеді дер едік. Бұдан бөлек олар бозбаланың да, бойжеткеннің де киім үлгісін қалауынша араластырған, ақылға сыятын да, сыймайтын да шаш үлгісін паш еткен образдармен шықты. Сіз ендігі қазіргі күннің трендін жақсы білетін болсаңыз, желдің қайдан ескенін сезіп қойдыңыз: «Бозбалардан» тамыр тартатын образдар бойз-бэнд BTS-тің пайда болуына түрткі болды. BTS — «Биллборд» хит-парадында альбомы «Битлздан» соң топ бастаған алғашқы америкалық емес топ. Оның Америка стадиондарындағы концертінің онлайн сатылымы бар-жоғы жиырма минуттан соң «билеттің барлығы сатылып кетті» деген хабарландырумен аяқталған еді. 2017–2018-жылдары BTS Американы шаппай жаулап алған кезде, табынушылары олар жайлы барлығын білгісі келді. Топты ертеректен білетін әрі олар жайында көбірек оқыған азиялық қыздар әлеуметтік желіде батыстық құрбыларымен ақпарат бөлісуге көшті және осы сұқбаттар барысында корейлік басқа да жұлдыздардың, яғни айдолдардың суреттері жылт етіп көріне бастады. Бірінші тарауда бұған дейін айтып өткеніміздей, корей айдолы шоу бизнестің жекелеген саласымен тұйықталып қалатын жағдайлар өте сирек.

Оңтүстік Кореялық BTS тобы/ашық дереккөздерден

Дәл осылай, әлеуметтік желі, интернет пен YouTube арқылы дорамалардың Батыстағы тасы өрге домалады да кетті. Әрдайым жаңа бағдарламалар табуға ізденгіш әрі сезгіш келетін телеканал директорлары дереу оларға эфир ұсынуға тәуекел етті, бұл тәуекел бірден өзін ақтады: оқушы қыздарға бозбалалармен қоса кемпір-қалаш та қосыла кетті. Дәл осы сәтте бір-біріне жалғасқан локдаундарымен пандемия да бұрқ ете қалды. Үйден шықпаған дұрыс деген бер жағы, шығуға болмайтын жағдай туды: күні бойы және шексіз мөлшерде осы көп сериялы фильмдерді жұта беретін оңтайлы жағдай туды әрі ол үшін арың мазаламайды, мазаламағаны былай тұрсын мұның партия мен үкіметтің бұйрығын орындау болып шығайын деп тұр. Ал локдаун алынған тұста көзімізді уқалап ашсақ Том Круздың түрі қандай екенін әрең еске түсіретін, Брэд Питт ойнаған фильмді бірден айта алмайтын жағдайға жетіппіз, есесіне түн ортасында оятып Ким У Биннің ескектей аяғын қайдан көрдің деп сұраса қатесіз айтатын күйге жетіппіз (дұрыс жауап: «Мектеп 2013» / Hak-gyo 2013, 2013).

«Мектеп 2013» сериалының постері/ашық дереккөздерден

Десек те дорама актерлары амплуа құрбаны болмайды — бұлар көп ретте кең ауқымды, кейде тіпті болжап білу мүмкін емес диапазондағы рөлдерді сомдайды. Дорамадан дорамаға қарай жұлдызды экран бетіндегі аңыз кейпіне сай қандай да бір атрибуттармен алып жүруді ұнататыны да өтірік емес. «Гүлден де тартымды бозбаларда» Ли Мин Хо көрерменнің көзінде Жаңа Каледонияның мұхиттағы күннің батуымен және Макаоның қуыршақ телеарналарымен ассосацияланса, «Мұрагерлерде» ол Калифорния жағалауында серферлік тақтайды қолына ұстап жүріп махаббатын кезіктіреді. Ал енді «Көк теңіздің аңызында» (Pureun Badaui Jeonseol, 2017) оның күлдіргі заманауи Су перісі алғаш рет оның алдына теңіз суынан шығып Испания жеріне аяқ басады. «Сен кімсің? — Мектеп 2015» сериалында мектептегі жүзушілер командасының лидері болып ойнаған болса, «Ауыр атлетика перісінде» (Yeojdoyojeong Gimbokju, 2017) сомдаған кейіпкерінің рөлінде жастар арасында жүзуден олимпиада жүлдесін алу мақсатының бірі болады. Рөлдің өзі, суреттелуі, өзін ұстау мәнері жер мен көктей айырмашалық көрсете береді. Ким У Бин 2013 жыл ішінде екі сериалда — «Мектеп 2013»-пен «Мұрагерлерде» сомдаған мектептегі бұқаланып жүретін бейнесінің өзі екеуінде екі түрлі. «Мектеп 2013-тегі» оның серігі, үлгі боларлық жақын досы, «Мектепте» онымен жүрек ауыртардай дуэт болып ойнай келе актерлықтың қыр-сырын жақсы меңгерді, Ли Чон Сок — кенеттен бетбұрыс жасап өзгешелене кететін және жұмбақ жанға айналатын, сөйте тұра айғақтарды көзі тез байқағыш із кесушінің рөлін сомдай алатын әлемдегі сирек актердің бірі. Әрине, ол жанрды терең сезінеді, десе де осы «із кесуші режимін» керек кезінде қоса салатындай көрінеді. Мысалы, ауылдан шыққан ашық ауыз, жап-жасыл аралда әрі-бері велосипедпен сандалып, айналма ойыншықпен ойнап жүретін «Пиноккиодағы» (Pinokio, 2015) болмысының ар жағында ұлттық телевикторинаны ұтып алатын эрудициясы жоғары оқыған жігіттің мінезі жатыр. Бірақ онда тым артық кетіп қалғандай көрінеді, Чон Сок бұл қылығын «Параллель әлемдердегі» (Deobeoryu, 2016) комикс кейіпкері рөлінде ендігі қалдырғандай көрінеді. A-ha тобының Take On Me (1985) қысқа клипінен шыққан 16 сериялық бұл фильм көруге әбден тұрарлық. Фильмде комикстерді қатты жақсы көретін қызды кумирі Мортен Харкет қол бұлғап шақырып алып ақ-қара графикалық шытырманды оқиғаға тартып кетеді.

Қорғансыз кейпімен жүрек ауыртатын Чан На Ра да аз бұрын қарға түстес болып шашын бояп «Қарғыс атқан мүлік» (Daebakbudongsan, 2021) мистикалық детективінде қара күштерді аңдитын мүлдем өзгеше, буырқанған әрі сондай сымбатты мәнерде ойнады. Оны «романтика ханшайымы» деп атағанның өзінде, дорамалардың романтикасының өзіндік бір түсінігі бар екенін ұмытпаған жөн: ол түскен қым-қию шатысқан, комедия, трагедия, мелодрама мен өндірістік фильм ажырамастай бірігіп кеткен көп «Сені сүюге жаралған» (Unmyeongcheoreom Neol Saranghae, 2014) жанрлық дорамадағы оның болашақ жарымен алғашқы сериядағы таныстығы екеуі де өлесі мас күйде қонақ үй нөмірін екеуінің де өзінікі деп ойлап қалумен басталады. Таңертең бір төсекте жалаңаш болып оянуы сюжетті ары қарай ширата түседі. На Раның кейіпкері бұған қоса екі қабат болып та қалады.

Қырқыншы жылдардағы Голивудтағыдай жұлдыздар шығару жүйесі тықылдап тұрғаны өз алдына, локдаун басталған шақта дорамалар материал мен жанрдың түрленуі жағынан да бұлшық етін нығайтып алып еді. «Гүлден де тардымды бозбалалар» мектеп фильмдерін белгігі бір схемасын сәнге айналдырып жібергенімен (кедей отбасынан шыққан қыз тағдырдың сыйымен элиткалық мектепке ауысады да жас байлардың назары әбден ауатын объектке айналады, оған «Мұрагерлер» / Sangsokjadeul, 2013, мен «Шынайы сұлулықты» / Yeosin-gangnim, 2021 жатқызсақ болады), дораманы дүниеге әкелушілер қайталауға келмейтін нәрсені қайталауға келгенде ұстамдырақ десек болады. «Бозбалалардың» тәтті сұмырайлықтары өзіндік дүние болып қалды. Олардың жалтыраған сыртқы кейпі келесі фильмдерде ұстамды әрі ер сипатты бола бастады, ал бірінші орынға ішкі жан-дүниесі, жалғыздық пен сонымен байланысты жан-жарасы, қатарластарымен байланыс құруға қабілетсіз мінезі мен адами жылулыққа деген өксікке толы сағынышы мидай араласып, әрбір сәтте ерекше ингредиенттермен толығып отырады. Әрине, дорама атаулының көбі тек оқушылар жайын ғана емес, барша жастағы адамдарды, тіпті «Қызғаныштың инкорнациясының» (Jiltuui hwashin, 2016) авансценасына айналған елу жастағы ажырасқан және жесір қалған ханымдардың да тағдырын суреттейді.

Романтикалық комедия, дәл қазіргі күнделікті өмірді сипаттайтын картиналар дорамалар енді ғана сынақтан өткізіп жатқан алаң болғанына қарамастан, түпнұсқалығы мен сапасы жағынан кез келген дамыған телеиндустриядағыдай дамып келеді. Кем дегенде америкадағыдай дамып келеді деуге болады.

Дорамалардың #2 ең айқын жанры — Чосон дәуірі (15–19 ғғ.) жайлы костюмдік фильмдер. Нақты тарихи тұлғалардың беллетристік ғұмырбаяндары («Император Ханшайым Ки» / Gi Hwanghu, 2014, сәтті шыққаны сонша 50 серияға бір-ақ созылды) мен сол дәуірдің әдеби классикаларын экранизациялаумен қатар, тұрпайы қатпарларды суреттейтін фильмдер («Ай сәулесі» /Kkot Pimyeon Dal Saenggakago, 2022, құрғақ заң жылдары самогон дайындаушылар жайындағы фильм) мен түрлі сипаттағы фэнтези/мистика жанры да кең тарап жатыр.

Әдеби классиканы экранизациялайтын сериалдар Оңтүстік қана емес Солтүстік Кореяның өзіне бастан-аяқ тарап кеткен-ді («Хон Гиль Дон» / Ноng Gil-dong, 2008). Ерекше мысалдың бірі — костюмдік-тарихи фильмнің үстіне вампирлер жайлы хоррор жанрын сәтті орналастырған «Түнгі кезбе ғалым» (Bameul Geotneun Seonbi, 2015) картинасы. Ондағы порнокомикстарды тарататын басты кейіпкер әйелдің ер бала болып киінуі ерлер арасында шекспирлік «Он екі түннің» мәнеріндегідей екіұдай сезімдердің бұлқынысын туғызды. Костюмдік дораманың кейіпкері әйел болып киінетін «Нок Ду жайындағы ертегі» (Joseolloko Nokdujeon, 2019) бұған кері мысал бола алады, онда елді мекендегі жесір әйелдердің арасына әйел болып киініп келіп тығылған жігіттің ересек жастағы еркектердің назарын тартуы тым күлкілі әсер етеді. Батыста ондай қышқылтым дүниені экранға шығаруды қырық жыл бұрын, «Тутси» заманында қойып кеткен-ді. Дорама осындай архаикаға жүгіне отырып, өзінің әлі де болса есеймегенін, сонымен қоса қазіргі батыстық өлшемге салсақ әлі де ысылмағанын ашып айтатындай.

Жоғарыда айтып өткендерімізден белгілі болатындай, түрлі ғажайыптарға толы заманауи ертегілердің, әсіресе Күлбикелерге (Золушка) ханзаданың жүрегін жаулауға көмектесетін фильмдердің танымал болуы таңғаларлық жәйт емес. Мысалы, «Сақина ханшайымы» (Banjiui Yeowang, 2017) — онда ата-тегінен ұсқынсыз қыз ғажайып сақинаны барып тұрған әйелқұмар жігіттің саусағына кигізсе болды ол өмір бойы армандаған әйелім сенсің деп шыға келеді. «Парфюм» (Peopyum, 2019) фильмінің семіз кейіпкерінің ең ыңғайсыз жер мен ыңғайсыз жағдайларда үрілген шардай қампая кететіні сондай күлкілі. Негізі ол сиқырлы әтірді сеуіп үлгергеніне қарай топ модель боп шыға келеді. Мұнда ең мықты дорамалардағыдай туған анасынан арланатын әрі оны қызметшісіндей қолданатын қыздың сол анасы үйінен кетіп қалған кездегі күйі күлкіңді дереу жаспен шайып өтеді. Қыз сағал-сағал әйдік көйлекпен түскен анасының суретін көрсетіп: «Анамнан қалған жалғыз фото осы», – дейді.

Уақыт кеңістігіне саяхат жайлы таспалар да кең жайылған: «Бір-біріне сай жұп», «Ат жасау» (Myeongbulheojeon, 2017) картиналарында басты кейіпкер дәрігерлерді қазіргі Сеул мен Чосон арасында ары-бері тасиды. Аурухана жайлы сериалдар да құрметке ие: біз бірінші бөлімде айтып өткен «Жақсы докторды» (Gut Dukteo, 2013) америкалықтар римейк жасаған еді. Даулы жағдайда ажырасқан жас жұп алты жылдан соң бір бөлімде интерн болып қайта кезігетін «Жедел жәрдем дәрігерлері» (Eung-geumnamnyeo, 2014) де назар аударарлық.

«Әдепкі таңғажайыптан» бөлек мистика жанрындағы таспалар да жеткілікті. Тым сәтті шыққандардың бірі — «Тоғыз құйрықты түлкінің тарихы» (Gumihodyeon, 2020) фильмінің алғашқы сериялары баурап алып қана қоймай, қараңғы жерде жалғыз қалу үрейлі көрінетіндей дәрежеде қорқытып алады да, бұдан кейін сізді сценаристер шеберлігімен таңғалдыруға көшеді. Олардың шеберлігі сол — корейлік болсын, жапондық болсын фольклордың басты фигуралары саналатын құбылғыш түлкілерді қазіргі күнге алып келеді, әрине, бұл жерде Микеланджелоның «Дәуіті» тұрған музейде денесін жарқыратып қойса артық етпейтін Ли Дон Уктің бұлшық етін айтпай кете алмаймыз. Мұның артынан «Деллун қонақ үйі» (Hotel delluna, 2019) дауылдай ескен жетістікке жетті — әруақтардың барар орнын анықтайтын парасат майданындай қонақ үй жайлы фильм. Ә дегенде ол «Жарқырау» фильміндегі қонақ үйге оның қызметшілері мен тұрақты келгіншілері түгел оралғандай әсер қалдырады. Біртіндеп біз қызметшілер арасындағы қарым-қатынасқа қанығып, айтылмаған сезім, орындалмаған арман мен жоспарлардың жайын ұғына бастаймыз, мұның барлығы ендігі егде тартқан екі адамның қимыл-қозғалысы мен көзқарасы арқылы басқарылатыны күлкілі әрі әсерлі, бақытын қолдан берген жандардың сондай мұңды опереттасынан шебер түзіліп шығады да қонақ үй барында өрбитін сахналар бас шайқататар актерлік ансамбль мен ерекше атмосфера арқылы беріледі. Нәтижеде, Джек Николсонды қатты қорқытқан «Кабак 13 үстелді» еске салады.2ii2 «Кабак «13 үстел»» iСССР кезіндегі әзіл-оспақ телебағдарламасы, 1966–1980 жылдар аралығында экранға шыққан, бағдарламада оқиға поляк кафесінде өрбіп жатқандай болып берілетін Мүлдем өзгеше, аяздай ызғарлы, ашылмаған кісі өліміндей үрейлі «Чири тауындағы» (Jirisan, 2021) Чжун Чжи Хённің сән-салтанаты өзгеше. Оның сұлулығы аспанға атылған отшашудай бас айналдырады. Түсініксіз жағдайда тұтас ұрпақ тауда қырылып келгенін жұмбақтайтын мистикалық триллер шынайы детектив жанрына ауысып отырады, осының барлығына соңында жауап табылады.

Корей дорамасында жапон дорамаларында кең тараған детективтерді ойнамайды. Мысалы жапондарда орталық фигура ретінде әр серияда логика мен физика заңына бағынбайтын жаңа қылмысты ашумен тұлғасы сомадала түсетін ұлы із кесушінің бейнесі бар («Жабық бөлме» / Kagi no Kakatta Heya, 2012, «Із кесуші Галилей » / Garireo, 2007. Десек те, ең ұзаққа созылған әрі жұмбақтауы жағынан әрі оның шешімін табу тұрғысынан бас шайқатар болып шыққан мультсериалдар еді — «Жас детектив Киндаитидің тергеуі» / Kindaichi Shounen no Jikenbo, 1997-2016, «Детектив Конан» / Meitantei Conan, 1996 жылдан бері тоқтаған емес). Кореяда мұндай картиналарды тым сирек түсіреді, түсіргеннің өзінде өлімнің соңы бір ғана қылмыскерге келіп тіреледі. Мұнда дорама ұлттық тамырға, яғни жерлігікті мифологияларға табан тірегенде ғана жетістікке жетеді, мысал ретінде жаңағы айтқан «Чири тауы» немесе көп ішетін, бірақ сезімін білдіруге қысылатын романтикалық комедияларды айтсақ болады («Күдікті әріптес» / Susanghan Pateuneo, 2017). Өйткені ұлттық мифология дораманың бастау нүктесі, базалық жанры саналады.

Дорама табынушылары өздері шедевр деп бағалаған атыс-шабыс, тыңшылық триллер, фантастика мен тіпті әскери фильмдердің біразын тізбектеп беруі мүмкін. Егер кез келген жанрдағы корей өнімі сапалы жасалған болса, мысалы «Хилер» (Hilleo, 2015) секілді, онда ол америкалық фильмдерден айыру мүмкін еместей сапалы болып шығады. Ал оны не америкалық аналогын көруді таңдау қажеттігі туындайтын болса әңгіме басқаша. Корей жұлдыздарының әлеміне әбден тереңдеп кеткен болсаңыз әрі солардың біріне байланып қалған болсаңыз — бәрі түсінікті.

«Хилер» (Hilleo, 2015)/ашық дереккөздерден

Осы әлемге терең ену үшін біз он дорамадан тұратын тізім жасадық. Біз батыстық аналогы табылмайтын дорамалардың ішінен таңдау жасадық. Мұнда басқа ешбір киномәдениеттен таба алмайтын дүниені ұсынатын дорамалар таңдалып алынды. Олардың барлығы дерлік (десек те, біразы) жоғары рейтинг ала қойған жоқ — бірақ барлығы кірпияз сезім мен оның пиғыл-әрекеттегі ақылға қонымды көрініс табуын сөз еткен, барлығы да күнделікті өмірді терең танытады. Таспалар корей телевизиясында қайсысы бірінші шыққанына қарай ретпен түзіліп берілді.

Мектеп 2013 / Hak-gyo 2013

«Мен мақсатсыз өмір сүрдім. Өйткені болашақ жоқ екенін білетін едім. Сосын сенімен ойнап жүрген кезімде қайбір сәтте бәрін ұмытып кетіппін». Достық жайындағы керемет дорама, ең мықты демесек те әлемдегі достық жайында түсірілген ең өткір фильм екені анық. Дорамалардың шекті аспаптағы квартеттерінің парадының фонында гүрілдеген гитара дауысындай болып көрінетіні осы «Мектеп 2013». Картина әдетте корей телевизиясының талғамшыл мамандары барынша қашатын жапондық олқы-солқы хоум-видео стилінде түсірілген. Он алты жасар, өмірден түйгені аз бозбалалардың өз өмірін күйретуін және бірі жетім, бірінің алқаш әкесі бар, екеуіне ортақ бір ғана жастыққа таласып ұйықтайтын сұрқай өмірін суреттеген. Жастық былай тұрсын қаланың қора-қопcығында өмір сүріп тілім-тілім болған аяғын сүртетін сүлгісі де ортақ екеуінің үш жылдан соң зорға қалпына келген достығын басқаша қалай беруге болады? Ли Чон Сок пен Ким У Бин бірінші және соңғы мәрте бар қалпында алдымыздан шығады: әбден ыңғайланған студия жарығы, опа далап пен грим, жарқырап әрленген түр-әлпет атаулыдан алыс, шынайы, мотоциклмен жүйіткіп бандиттерден қашып келе жатқандағы қыс ауасындағы желге қақталған екеуінің осы бір бейнесі сондай тартымды, олардың осы қалпын ендігі ешқашан көрмейміз. Грим таза техникалық шешім тұрғысынан да қолайсыз еді: жігіттер көп жылайтындықтан гримді ағызып жіберер еді. Жылайтын себеп өте көп, бір шетінен. Чон Сок досын енді көрмеймін деп ойлайтын, соңғы рет тамақтанайық деп өтініп, ерні дірілдеп, көзі барлығын айтып қоймасын деп дірілдеген дауысын жасырып аузын толтырып тамақ ішетін эпизод, 10 минуттан соң өміріндегі ең бағалы, ең бағалы деппін-ау «өмірдегі барым да, жалғызым да сенсің, оңбаған» дейтін адамынан айырылатынын білетін жанның күйін дәл беретін ең бір жүрек ауыртар сахна екені анық.

«Мектеп 2013» сериалы/ашық дереккөздерден

Мұрагерлер / Wang-gwaneul Sseuryeoneun Ja, Geu Mugereul Gyeondyeora – Sangsokjadeul

Тағы да бозбала достықтың албырт қателіктерімен өрілген достықтың жайы, тағы да бір сыныпта үш жыл өткенде тоғысқан тағдыр, тағы да Ким У Бин — тек оқиға махаббат үшбұрышымен күрделене түскен әрі декорация басқаша: оқиға чеболдар әлемінде өрбиді. Режиссерлар миллиардерлердің әйелдері мен көңілдестерінің отбасылық қасіретін бразилиялық теленовеллардың мәнеріне салып біраз ойқастаған. Таспаның басты капиталы әрине, бәрібір Ким У Бин. Оның бұл жердегі досы әрі дұшпанын «Мектеп 2013-тегі» бейшара бозбала деуге келмейді. Оның кекшіл әрі менмен пиғылының ар жағында «сен мені өзі сағындың ба, оңбаған?» дейтін лепес жасырынып жатқандай. Мұнда У Бин акуладай жыртқыш. Акуланың ауыз қуысында адамдар теңізге тастаған жеуге келмейтін нәрселер толып тұрады: консерві банкілері, пластик бөтелкелер. Акулалар тым әуесшіл, ал ауыз қуысы оның басқаны тануына септесетін жалғыз мүшемі. У Бин міне осындай кейіпкерді сомдайды, адамды жаралау — оны жақын тану құралы, ал соңына қарай ол репликасыз, мимикасыз-ақ кейіпкерінің ішкі тұңғұйық жарасын ашып көрсетеді. Мұнысы оны актерлердің ішіндегі әулиесі деп бағалауымызды заңдастырып беретіндей.

Мұрагерлер/ашық дереккөздерден

1988 жылға оралу / Eungdaphara 1988

«Нәрестенің дүние келгенін тұтас аула боп тойлап, ақжолтай айтатын» әлем ендігі көзден бұлбұл ұшқан. Фильм «үш үйден тұратын көшеге», 1988 жылдың қыркүйегіне бізді алып барады, дәлірегі — бес үй оқшау қалған тұйық көшеге, оның орнына дәл қазір көк тіреген зәулім үйлер түскен. Онда кедей-кепшік демесек те қызметші таптың отбасылары өмір сүріп келген, бірақ Кореяда кеше ғана алғашқы демократиялық сайлау болып өтті, Сеул Олимпиаданы өткізуге қызу дайындалып жатыр, өмір сапасы дәл қазіргіге жете қойған жоқ, үй шаруасындағы әйелдер әлі де үй маңындағы топырақта тырманып жұмыс істейді әрі күйеуі мен балаларының жайын кешке дейін сөз қылады, әлі де студент демонстранттарды күшпен тарату жалғасады, тіпті жұрт әлі де болса бізге таныс деңгейге өсіп үлгермеген дорамалардың орнына Гонконг фильмдерін көреді: мектептегі бір қызды аула балалары Мэгги Чун деп атап алған, ал сериалдың өзі бес оқушының Джон Вудың «Жарқын болашақ 2» атыс-шабыс фильмін көріп отырған сахнамен басталады. Олар Қытай ликеріне сылқыя тойып алып, қаз-қатар тізіліп жатады. Ішімдікпен оларды тойдыратын го бойынша халықаралық чемпион Тэк, ол шетелдерге шығып тұрады әрі қалағанын жасай алады, бірақ өзі өсіп жетілген осы көше мен адамдарын көргенде ғана жүзіне күлкі үйіріледі. Бұл ерекше күлкі Пак По Гомды «ұлт ағасы» титулының иегері етіп қана қоймай, жанындағы тентектерін қоспағанда фильмнің соншалық ауқымды, әлемдік деңгейдегі жетістігіне әсер еткен тікелей фактор — ностальгияның көзі болды. Авторлар асықпайтын ритмді таңдаған: серияның өзі әдеттегідей бір сағат емес, бір жарым сағатқа созылады.

«1988 жылға оралу» сериалы/ашық дереккөздерден

Ауыр атлетика перісі/ Yeokdoyojeong Gimbokju

Мектептегі проблемалардан әбден титығы шыққан бірінші сынып оқушысы қатарластарын көргісі де, естігісі де келмегені сонша үшінші қабаттағы терезе жақтауының ең шетіне жайғасып ойға шомып отырғанын сезбей қалады. Дәлізде келе жатқан тым семіз қыз тұтас кексті аузына салып жіберіп құмарлана көзін жұмып жеп келе жатады. Ол қыздың толық болғанына сонша, жаңағы кішкентай кейіпкеріміз терезе жақтауынан сырғып тікелей соның үстіне құлаған кезде томпиған қарнынан серіппеден тебілгендей аспанға секіріп түсіп, еш жері жарақаттанбай шығады. 13 жыл өткенде ол жүзу бойынша жастар арасындағы олимпиада құрамасының үміті, ал қыз — ауыр атлетика бойынша дәл сондай елдің үкілі үміті болып есейеді, екеуі Олимпиадаға дайындық өтетін спорт мектебінде ұшырасып қалатыны онсыз да түсінікті болса керек. Ендігі тартымды жігітке айналған кейіпкеріміз жарақаттан сақтап қалған қызға барынша ұмтылады, ал қыз бала күнінде еденге сұлатып, сондай сүйсініп жеп жатқан кексінен айырған баламен достасуға құмарта қоймайды: бала оның қарнына бар салмағымен құлаған кезде жеп жатқан тамағы аузы-мұрынан ытқып шыққан да еді. Керісінше оған жігіттің бауыры ұнайды: ат жақты Ли Чжэ Юн мұнда көрерменге күлгін кашемир жемпірмен, үстіне бұршақ түскен плащ киіп, қолшатыр ұстаған бейнемен ер болмысының сондай жұмсақ қырын таныта өзін паш етеді. Актерлық құрамның қайталанбас ансамблін елгезек жігіт Чи Иль Чжу басты кейіпкердің досын сомдап толықтырады. Күлкілі қызға деген досының сезімі оның бойында қызғаныш тудырды демейміз, оның мінезі тым жұмсақ әрі кең пейілді, досын қызғанатындай жан емес, бірақ енді жалғыз өзі бөлмесінде қалатынын білгенде басын қасып қалатыны да орынды емес пе? Фильмге кадр сыртындағы Ким Мин Сын орындайтын From Now On гитара әні дөп түскен, күн шыққандағы бетіңді аймалайтын сәуледей жүгіріп өтетін әуез смартфонның оятқыш әніндей тым тартымды. Дораманың өзі де сондай сүйкімді, күлімсіреген дүние, десек те мағынасыз деу артық болады.

«Ауыр атлетика перісі» сериалы/ашық дереккөздерден

Көк теңіздің аңызы / Pureun Badaui Jeonseol

Дорама жұлдыздарының ішінде сүйкімді актрисалар аз емес, сырт келбетінің кемшілігін таңғажайып характерімен жауып кететіндер де кезігеді, тіпті бар қырынан алғанда іске алғысыз боп көрінетіндері де жоқ дей алмаймыз. Бірақ нағыз пері біреу, ол — Чжун Чжи Хён. Командир сөзі оның болмысын дәл ашады: сұлулығы жағынан да, өткірлігі жағынан да, рөлді дәл сомдау қырынан да және ансамбльді толықтыру жағынан да. Мұнда ол заманауи су перісі рөлін сомдай отырып, екшелген комедия актрисаларының көшін бастайды. Оның алаяққа (Ли Мин Хо) ғашық болатыны сонша халық арасына, қазіргі Сеулға барудан тайсалмайды. Иә, андерсондық ертегімен салыстырғанда түгелдей моданың құрбаны болған жандармен араласады, дизайнерлік киімдерін бір рет киіп лақтыра салатын нуворишелердің ауданы — Каннамадағы қоқыстан киініп те алады. Өзінің су перісі ретіндегі талғамына сай етіп түрлі түстегі әрі түрлі стильдегі киімдерді үйлестіріп киіп алады, мұнысы Vogue журналын парақтап отырып уақыт өткізетін ханымдардың таңданысын туғызады: «Мен қалай өмірден қалып кеткенмін: Chanel мен Dior біріккенін білмеппін!» Адамдардың өмірін бұл су перісі дорамалардан үйренеді, мұнысы қайта-қайта күлкілі жағдайларға қалдырады, өйткені ол өзін сериалдағыдай ұстайды. Онда ашуға булыққан тәтелер пейілі түзу жандардың бетіне су шашып, балаларымнан аулақ жүрсін деп ақша тықпалап жүреді емес пе? Чжи Хен, әрине, кез келген адам дос болғысы келетін қарапайым қыз болып та көрінеді — сегіз жасар қызға барып мойнынан ұстап, жан-жағына ысқырып қойып, кішкене ойнақтап билеп: «Ақша шыға ма?» деп сұраудан тайынбайтын. Бұл да керемет достықтың басы болып шығады.

«Көк теңіздің аңызы» сериалы/ашық дереккөздерден

Бұзып шығамыз! / Ssam Maiwei

Корейлік стильдегі неореализмнің эталон боларлық мысалы, яғни «кедей болса да бақытты жандар» тақырыбындағы комедия. Жігіт пен қыз бір-біріне қарсы орналасқан пәтерде тұрады. Қыз радиожүргізуші, конферансье, теледиктор болуды, қысқасы не болса да микрофонмен жұмыс істеуді армандайды, бірақ супермаркетте жеңілдіктер мен біреулер ұмытып кеткен заттарды хабарлайтын жұмысты қанағат тұтады. Жігіт таэквондо чемпионы болған, әйткенмен Оңтүстік Кореядағы міндетті үшжылдық әскери қызметтен кейін бұрынғы қолдаушыларынан айырылған ол жасырын сайыстарға қатысады. Жігіт қызға інішектері сияқты қарайды: жұмысқа шығар кезде баспалдақта ұшырасып қалғанда сәлемдесудің орнына қылқындырады. Қыз да өзін көршің тұз сұрап келгенде есікті қырынбақ болған сақалы көпіршік болып ашатын бозбала секілді ұстайды. Спорт трико мен құтыдағы гүл, қол созым жерде болғанымен ұласу мүмкін емес арман, әрдайым бірдеңе кесірін тигізетін достық — екеуі де махаббат екенін түйсінуі нәрсе еді, бірақ пәтер иесі төленбеген ақы үшін қуып жіберем деп тұрғанда қайдағы сезім?! Жан жылытар дуэт, дораманың ең жылы жүректі әрі күлімдеген актерлары — жалпақбет Пак Со Чжун (Оскар алған «Паразиттердің» бастапқы бөлімінде ол байдың үйінде досы үшін уақытша ағылшын тілі репиторы болып алмастыруға келіскен кейіпкер) мен мұнда 1970-жылдардағы жапон перісі Комаки Курихаруға қатты ұқсайтын әмбебап Ким Чжи Вон. Салыстырмалы түрде айтар болсақ Ким Чжи Вон «Мұрагерлерде» асау әрі қыңыр мінезді чеболь мұрагерінің рөлін сомдаған. Онда айналасы қатты бас қатыратын махаббат пен достық атаулыдан әбден жырақ қалғанын сезінуден азап тартады.

«Бұзып шығамыз!» сериалының постері/ашық дереккөзден

Мен робот емеспін / Robosi Aniya

Бұл фильмді басты кейіпкері үшін ғана жақсы көруге болар еді. Елестетіп көріңізші, жігіт әскери комиссияның шақыруына келіп қызметке алына алмайтынын, себебі адамдарға аллергиясы ұстайтынын мәлімдейді. Әскери дәрігерлер, әрине, күлкіге қарық болады, ол қолын қысып көруді ұсынады — сол-ақ екен тұла бойы бөртіп шыға келеді. Риза болып шыққан ол қымбат көлігіне мініп үш қабатты жекежайына жөйткіп келеді — ата-анасы көп жұл бұрын қайтыс болған жігіт миллиардтардың мұрагері және бар болғаны 20-дан енді асқан оның біреулермен қарым-қатынасқа басын ауыртудың қажеті шамалы, өйткені оған ешкім жолай алмайды. Көңілі толмаған қызметшіге немесе ұқыпсыз даяшыға реті келсе сілтей салатындай етіп қолына метрге жуық сойыл ұстап жүреді. Қысқаша, жиырма жасар есерсоқтың түсіне ғана кіретін рақат өмір. Бар қызық мынада: оның компаниясы қыз бейнесінде робот-андроид жасаумен шұғылданып жатады, жоба жетекшісі оны бұрындары жақсы көрген қызының бейнесінде жасайды. Бірақ таныстырылым кезінде робот істен шығады, дәл сол кезде өнертапқыш ғалымдар роботты жөндегенге дейін дәл сол роботқа бейнесі алынған қызға бастықтың алдында робот бола тұруды өтініп сұрайды. Жігітке басында қызық болып көрінеді, сосын оған роботты қиналмай ұстай беруге болатыны жайлы ой келеді... Өзіңіз ары қарай сюжетті өрбітіп жатырсыз деп ойлаймын. Басты рөлде Ю Сын Хо ойнайды, 2002 жылы ол ауылдағы мылқау әжесіне әбден бетімен кеткен ерке баланың жұғысуын баяндайтын «Үйге барар жол» атты әлемдегі ең әсерлі фильмде басты рөлді сомдаған еді.

«Мен робот емеспін» сериалы/ашық дереккөзден

Транссібір жолаушылары / Siberia Seonbaldae

9 сериядан тұратын фильм әу бастан 20 жастан 40 жасқа дейінгі киножұлдыз жігіттер туарлы реалити шоу секілді ойластырылған. Олар Владивостокқа жетеді, сол жерден Иркутскке плацкартқа мінеді, осылайша бірнеше пойыз ауыстырып, міндетті түрде плацкартпен Мәскеуге жетеді. Жанр соңына дейін сақталады деуге болады. Бірақ фильмнің бар магиясы сонда ол көп өтпей өте үлкен, өте маңызды картинаға айналады. Ыңғайсыз, тер сіңген плацкартқа корей прессасы ол сапарға шығып кеткен кезде Чан На Рамен романтикалық қарым-қатынаста деп жариялайды, ал дәл сол күндері Ресей мен дүниежүзінде премьерасы болып жатқан «Паразиттер» фильмінде дәулетті үйдің қожайыны рөлінде ойнаған Ли Сон Гюнді танып қояды, суретке түсуді өтінеді және корей киносы жайлы ұзақ әңгімеге тартады. Фильм өмірді жәрмеңге-жарысқа айналдырмай, нағыз өмір етіп сүруге мүмкіндік берсең, қалай сезінетінің жайында.

«Транссібір жолаушылары» сериалы/ашық дереккөзден

Шынайы сұлулық / Yeosin-gangnim

Сыныптастары әбден қинаған тентектеу қыздың бейнесі арқылы баяндалатын бұзылған достық жайындағы тағы бір оқиға. Басқа мектепке ауысқан ол не болса да бұл жағдайдың екінші рет қайталануына жол беруге болмайды деп шешеді де асқан шеберлікпен жасалған макияждың арқасында айдай сұлу қызға айналады. Ал сыныпта ешкіммен араласпайтын, жалғыз өзі өмір сүріп, сауық құратын тағы бір көрікті жігіт бар. Ол жігіт қыз кешкісін жұмыс істейтін комикс дүкеніне барғанды ұнатады, тек қыз онда гримсіз, безеу-безеу әлпетімен және көзілдірігімен жүреді. Осы жерде қызық басталады: жігіт басынан бастап комикс дүңгіршегіндегі қыз бен сынаптағы нөмір бірінші сұлу қыздың бір екенін аңдап қояды. Дәл осы сәттен дос-дұшпан оқиғасы бұрқ ете қалады және бұзылған достықты қалай қалпына келтіруге болатындығы жайын бұрынғыларға ұқсамайтын кейіпте баяндайтын өзгеше оқиғаға айналады. Бұқаралық мәдениеттің «әдемі болып тума» деген секілді штампы көп кезіксе де жасандылықтан ада әрі қоғам қабылдаған шектегі нәзіктікке тола болып шыққан. Бірге ауруханаға түскенде жарақаттанған досын әжетханаға апаруға мәжбүр болатын краш жігіт жайлы сахнаға ұқсас. Бәріміз анамыз секілді нәрестедей әлпештеп аялағанға мұқтажбыз немесе шын досымыздың аялы алақанын сезуге лайықпыз: олай емес дейін десек, неліктен дәл осы таспа әлемнің ондаған елінде ең мықты деп танылды?

«Шынайы сұлулық» сериалының кейіпкерлері/ашық дереккөзден

Даль-ли және камджатхан / Dalliwa Gamjatang

«Бұл картиналар сондай ірі, бояуға қанық әрі өте әдемі», – деп мәлімдейді жапон өнертанушысы жақында ғана қолға түсірген Модильянидің туындыларын таныстырып жатқан голландтық коллекционердің қабылдауында. Жапонға бәрінен де қатты ұнағаны коллекционердің әжесінің қолынан шыққан шошқалар бейнеленген картина еді: жапон биік өнерді бағалаушылардың жиынында картинаны мағыналы екенін түсіндіруге талпынады. Өйткені жерде жатқан шошқаның құйрығында нәжіс бар, мұнысы оның пролиферативті энтерит дейтін сырқатпен ауыратынын, сәйкесінше оны оқшаулау керек екенін білдіреді. Әрине, ол ешқандай да өнертанушы емес, камджатхан деп аталатын шошқа сорпасына маманданған ресторандар желісінің иесі, бар болғаны жергілікті галереяның кураторы Даль-ли шатасып алып келген-ді. Ол ендігі 11 жылдан бері өзі дайындап сатқан асының арқасында Сеулдағы ірі шошқа еті сатылатын базар — Маджандондағы кез келген саудагердің ақшасын айлакерлікпен иемденіп алуды меңгерген біреу еді. Оны барлығы тыңдайды, ол қолын артына қойып алып айналасындағы тек шошқаның жайын ғана білетін жандармен әңгімені қыздырады. Даль-ли оған Леонардо да Винчи «Үш бақа, Сандро және Леонардо» деп аталатын ресторан ашпақ болған деген кезде ол көзі шарасынан шығардай болып: «Кореяда емес екені анық, менің білмеуім мүмкін емес: мен корей рестораторлары ассосациясының басқарма мүшеcімін» деп қойып қалады. Мұндай диалогтың бес-алтауы кетеді, сосын барынша нәзік Даль-ли бүктеліп күліп: «Сіз мен танитын адамдардың ішіндегі ең бір күлкілі жансыз» дейді. Ол да барын салып күледі — бұған дейін ешкімнің бұлай көңілін көтеріп көрмеген ғой. 1920-жылдардағы өлеңдердің мәнерімен берілген қарама-қайшы дүниелерді осылай жақындастыру оқиғасы тым сән-салтанатқа толы, барлығы құс жүнінен тоқылған киім мен желдеткіш ұстаған бейнеде: Даль-ли өнер әлемінен еді ғой, ал Чин мырза тыржалаңаш кейіпте оған үстіне құлаған кезде эрекциясынан ұялып кетеді. Даль-ли күлкісін тыя алмайды, ал ол болса кездейсоқ туған әсерге риза болып кеудесін соққылайды: «Бәрекелді! Керемет!» Бұрынғы рэппер Ким Мин Чжэнің нағыз актерлық балетіндегі дорамаларға тән емес комедия.

Корей сериалдары туралы материалымыздың бірінші бөлімін мына жерден оқуға болады.

«Даль-ли және камджатхан» сериалынан көрініс/ашық дереккөзден

Алексей Васильев

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ

Көшірілді