Кез келген қазақ он екі жылда бір рет келетін өтпелі кезең — мүшел жас жайлы біледі. Бұл циклдің тамыры уақытты табиғатқа қарап анықтаған көшпенділер дәуірінде жатыр. Сағат болмаған кезде кездесу уақытын қалай жоспарлады? Тойға қалай шақырды? Немесе жерлеу рәсімін қалай, қашан өткізді? Бұл сұрақтың бәріне төмендегі мақаладан жауап табасыз.
Жыл мезгілдері
Көшпелі халық уақытты бағдарлауда, негізінен, жыл мезгілдерінің ауысуын меже етті. Дәстүрлі көшпелі қоғамда уақыт пен кеңістік етене байланысты еді. Жұрт жыл бойы жаз жайлауға, қыс қыстауға көшіп отырды. Той тойлауды жазға қалдырды. Себебі түсінікті: қыстан аман шығудың өзі оңай емес, ал жазда азық-түлік мол еді. Сондықтан әлдекім тойға шақырса, оның күн жылы кезде өтетіні бірден түсінікті болатын. Ал күнін нақтылау үшін олар бар болғаны:
«Ауыл пәлен жайылымға көшкенде келіңіз» деуі мүмкін.
Көшпелі дәуірдегі тойға кешігіп қалу мүмкін емес-ті, себебі той-томалақ бірнеше сағат қана емес, бірнеше күн, тіпті апталарға созылатын. Егер тәулік ішіндегі бір уақытты белгілеу қажет болса, күнге қарап «шаңқай түсте», «қас қарая», «таң сібірлеп атқанда» деп анықтайтын. Немесе тұрмыс-тіршіліктегі нақты бір шаруаларға баса назар аударатын. Мәселен, бие сауудың бұлжымас уақыты болатын.
Тосын жағдайлар туындаса, уақытты үйлестіру әлдеқайда қиын болған. Мысалы, кенеттен болған өлім-жітім. Қаралы хабар желден тез жеткенімен, марқұммен қоштасып қалғысы келетіндерге бірнеше күн мұрсат берілетін. Алыстан ат терлетіп келген ағайын-туыс пен жолаушыларды күтіп алу үшін жерлеу рәсімінің алдында қонақасы беру дәстүрі қалыптасты. Алайда марқұм жер қойнына тапсырылғаннан кейін де көңіл айта келушілердің қатары үзілмеген. Өйткені мұндайда ең маңыздысы — дер кезінде жету емес, қаралы шаңыраққа арнайы келіп, марқұм мен оның жақындарына құрмет көрсету еді.
Жайлаудағы киіз үйлер. Қытай, Шыңжаң / Eye Ubiquitous / Getty Images
Әр мезгілде жыл сайын қайталанып отыратын табиғат құбылыстары бар. Көшпелі халық сол белгілерге қарап, көктем мен жаздың қай кезеңі келгенін аңғарған. Мәселен, әлемде қандай жағдай болып жатса да, сәуір айында көкек құсы ұшып келеді. Сондықтан ата-бабаларымыз бұл айды осы құстың атымен «көкек» деп атаған.
Сәуірдің ортасына қарай қой қоздайды. Табиғатта бәрі де кемел ойластырылған: қозылар ызғардың беті қайтып, қырға көктің қаулап шығатын кезінде туған.
Қыркүйекте ұсақ құстар жылы жаққа қарай ұшады. Соған орай «қыркүйек» атауы екі сөзден құралған деген түсінік бар. Бірінші бөлігі — осы кезеңде бозторғай аулайтын «қырғи», яғни қаршыға тұқымдас жыртқыш құсты меңзейді. Ал екінші бөлігі — «күйек» сөзі — мал шаруашылығындағы ежелгі үрдіспен байланысты. Күйек деп қойлардың шағылысуын белгілі бір мерзімге дейін шектеу үшін жүннен әзірленіп, қошқарларға кигізілетін тосқауыл жабдықты атаған.
Жұлдыздар
Табиғаттың төрт мезгілі баршаға ортақ болғанымен, әр аймаққа қыс пен жаз әртүрлі уақытта келді. Бірақ өзгермейтін бағдар — аспандағы жұлдыздар еді. Олар әрі компас, әрі түн мезгілінің сағаты мен күнтізбе қызметін атқарды. Мысалы, аспан төріндегі бір орнынан мызғымайтын Темірқазық жұлдызы көшпенділер үшін жол нұсқаушы жұлдыз болған. Бетпақдала мен Мойынқұм секілді ұлан-ғайыр құла түз бен шөлді аймақтағы ата-бабаларымыз Темірқазыққа қарап бағыт-бағдарын анықтаған.
Саяхатшыларға әдетте «Темірқазыққа қарап, содан айырылма» немесе «Темірқазық үнемі сол жағыңда болатындай етіп жүр» деген секілді нұсқаулар берілген.
Түн баласы мал қарауға шыққан қазақ Жетіқарақшыны іздейтін: ол түн ортасында бір жерде, ал таң ата басқа жерде тұрады. Былайша айтқанда, әйгілі «шөміш» көшпенділер үшін сағат тілінің қызметін атқарды.
Әбд әр-Рахман әс-Суфи. «Тұрақты жұлдыздар кітабы» («Book of Fixed Stars»), шамамен 964 жыл / Бодлиан кітапханасы / Wikimedia Commons
Жұлдызды аспан үнемі қозғалыста. Жердің айналуына сәйкес оның да өзіндік қозғалыс ырғағы бар. Ата-бабаларымыз осы заңдылықты бақылап, жыл мезгілдерінің қай кезеңі келгенін аңғарған. Мәселен, Үшарқар көріне бастаса, жаздың аяқталып, таңғы ауаның салқындайтынын білген. Ал Сүмбіле жұлдызының туғаны түнгі салқынның күшейіп, судың суи бастайтынын білдірген.
«Сүмбіле туар сүмпиіп, ат семірер құнтиып» деген мақал бар.
Бұл мақал жаздың өтіп бара жатқанын, жылқыларды мазалайтын маса, шыбын сияқты жәндіктердің азайып, күн салқындап, шөптің пісіп, қоректік құнары артқанын, сондықтан жануарлардың семіріп, жүндері жылтырай түсетінін меңзейді.
Халық астрономдары
Табиғат құбылыстарын жіті бақылап, аспан әлемін бағдарлай білу — есепшінің басты міндетінің бірі еді. Ондай маман аспанға қарап бағыт түзеп қана қоймай, тұтас дала тіршілігінің тамырын басқан. Айталық, Ай мен Үркердің қалай орналасқанына қарап, есепші малды жаңа жайылымға көшірудің ең қолайлы уақытын бірнеше күн дәлдікпен анықтай білген. Көктемде жас төл боран мен аязға ұрынбас үшін мал төлдететін мезгілді есептеп, алдағы қыстың жайлы не қатты боларын да болжаған. Осылайша, күллі ауылдың тұрмыс-тіршілігі мен әл-ауқаты есепшінің білімі мен болжамына тікелей тәуелді болатын.
Жюль Мари Кавелье де Кювервиль. Қажылық ғұрпын атқарушы қария. 19-ғасырдың аяғы / Bibliothèque nationale de France / Gallica
Айдың толу және туу кезеңдерін осылай бақылау түркі халықтарының күнтізбелік жүйесіне негіз болды. Жыл он екі айдан құралып, Ай мен Күн айналымдарын сәйкестендіру үшін әр үш жыл сайын қосымша он үшінші ай енгізіліп отырған. Қазақ халқының он екі жылдық мүшелге негізделген дәстүрлі жыл санау жүйесі де осы күнтізбелік таныммен сабақтас.
«Мүшел жас» қайдан шыққан?
Қазақтар көрген-білгеніне сүйене отырып, әр он екі жыл сайын адам өмірінде белгілі бір өзгерістер, яғни, бүгінгі тілмен айтқанда, трансформация болатынын байқаған. Бала жасөспірім жасқа жеткенде сыртқы келбеті де, психикасы да өзгереді. 25 жасқа қарай адамның физикалық дамуы аяқталады: көбінің отбасы, бала-шағасы болады, демек, құндылықтар жүйесі де өзгереді. 37 жасқа қарай кісі баласы жастық шақтың біртіндеп өтіп бара жатқанын түйсінуі ықтимал.
Самуил Дудин. Қазақтың үш бозбаласы. Семей, 1899 жыл / Гамбург этнографиялық мұражайының қоры / ҚР ОМ КФҚДА
Мүшел есебі 12 жылдық айналымға негізделгенімен, қазақ дәстүрінде алғашқы мүшел 13 жасқа сәйкес келеді. Мұны баланың ана құрсағында өткізген уақыты да өмір жасының есебіне қосылуымен түсіндіреді. Көшпелі қазақ халқы баланың туған күнін нақты күнтізбелік датамен белгілеуге аса мән бермеген. Оның орнына «баламыз ақ түтек боран соққан күні дүниеге келді» немесе «ауыл болып ұлан-асыр той жасаған күні туды» деп, сол күнді есте қаларлық оқиғалармен байланыстырып отырған.
Сондай-ақ көшпелі қоғамда мүшел есебі Наурыздан басталады. Жаңа жылды да дала жұрты бір күнге бекітіп, сол күні ғана атап өтпеген. Наурыз ауылдың қыс қыспағынан құтылып, көктемге аман жеткенін білдіретін. Сондықтан Наурыз мейрамы күн жылып, жер көгеріп, тіршілік қайта жанданған шақта тойланған. Осы күннің құрметіне қошқар шалып, ақ киіз төсеп, ақсақалдар сол киіздің үстінде бір-бірімен құшақтасып көрісіп, жыл құтты болсын айтысқан. Жылдың әрқайсына тышқан, сиыр, барыс, қоян, мешін секілді жануарлардың атауы берілген. Он екі жыл циклінен тұратын осы жыл санау жүйесі қазақ мәдениетінде кісі жасын анықтаудың негізгі өлшемдерінің бірі болды.
Көне түркі күнтізбесі. Заманауи реконструкция / Wikimedia Commons
Уақытты сағатпен өлшеу ұғымы қазақтарға ғана жат емес еді. Адамзат ғасырлар бойы циферблатсыз өмір сүрді, әлемнің қай бұрышында да қарапайым халық қалта сағатын ұстаған жоқ. Христиан немесе ислам қалалық өркениеттерінде уақытты шіркеу қоңырауының үні немесе азаншының азаны арқылы да анықтауға болатын. Еуропа қалаларында сағаты бар мұнаралар пайда болғаннан кейін де дәстүрлі уақыт бағдарлаудың маңызы бірден жойылған жоқ. Еуропалық шаруалар да ғасырлар бойы уақытты көшпенділер секілді табиғат белгілеріне қарап анықтады. Теміржолдың пайда болуымен ғана түбегейлі өзгеріс болды. Пойыздардың жүру кестесі адамдарды уақытты минутына дейін дәл есептеуге үйретіп, күнделікті тіршілікті сағат тәртібіне бағынышты етті.