КӨШПЕНДІЛЕРДЕ МЕМЛЕКЕТТІЛІК БОЛДЫ МА?

Шыңғыс ханнан сұраңыз. Және басқа да ықтимал жауаптар

КӨШПЕНДІЛЕРДЕ МЕМЛЕКЕТТІЛІК БОЛДЫ МА?

А. А. Ельцов. Шыңғыс хан. 1986 жыл / Новокузнецк өнер мұражайы

Біздің мемлекет туралы түсінігіміз отырықшы қоғамда қалыптасты. Бұл ұғым көшпенділердің мемлекеттік феноменін қаншалықты деңгейде дәл сипаттай алады? Спойлер: бұл мүмкін емес. Сұлтан Әкімбеков «мемлекет» термині неге дұрыс емес екенін және дала саясатының қандай болғанын сөз етеді. 

Бәріңізге аян, тарихты жеңімпаздар жазады. 13 ғасырда ең алып құрлық империясын құрған моңғол көшпенділерінің көсемі Шыңғыс хан заманында әлдекімнің осы бір сұрақты жүрек жұтып талқыға салуын елестетудің өзі ауыр. Моңғолдар Тынық мұхитынан Адриатикаға дейін мыңдаған шақырым жол жүріп, Қытай, Орталық Азия, Иран, Месопотамия, Камбоджа, Бирма, Корея, Күнгей Кавказды, Русь пен Сібірді жаулап алды.

Бірақ содан бері жүздеген жылдар өтті. 18 ғасырдың аяғында көшпенділер әскери және саяси тұрғыдан маңызды рөл атқармайтын болды. Дүниені аграрлық мемлекеттерден шыққан, енді теңізге де, құрлыққа да үстемдік ететін құдіретті империялар биледі. Көп ұзамай олар көшпелі қоғамның қалдықтарын «жұтып жіберді». Осылайша көшпенділер аграрлық қоғаммен күрделі қарым-қатынасының ұзаққа созылған тарихында шартты түрде жеңілгендердің біріне айналды.

Тәкаппарлық пен жаңылыс

Соған қарамастан, Еуразия кеңістігінде көшпенділерде мемлекеттіліктің болған-болмағаны туралы мәселенің Ресей президенті Владимир Путин 2014 жылы Назарбаев «қазақ мемлекеттілігін құрды» деп жариялағанға дейін өткір саяси сипаты болған жоқ. Путиннің ойына сәйкес, ол кезде оның құрылғанына небәрі 23 жыл болған екен.

Бұрын көшпелілер мемлекеттілігінің түп негізі мен сипаты туралы пікірталасты кең-байтақ континентіміздегі көшпелі халықтардың тарихына арналған ғылыми еңбектерден ғана кездестіруге болатын. Осы ретте дәстүрге айналғандай, көшпелі қоғам тарихына кез келген бағаны аграрлық қоғам өкілдерінің бергенін түсіну маңызды. Бұл 19 ғасырда жазылған ғылыми еңбектерге ғана емес, сонымен қатар біз негізінен антика заманындағы және орта ғасырдағы көшпелі халықтар туралы мәліметтерді алатын әлдеқайда көне мәтіндерге де қатысты. Бәлкім, көшпенділерде жазба дәстүрінің болмауы өздері туралы мүлде ештеңе жазбаған немесе аз және өте қысқа жазған сыңайлы.

Демек, көне заманда да, қазіргі заманда да тарихшылардың қызметі көшпелілер мәдениетін сырттай бағалау мен сипаттаудың бай дәстүрі аясында жүзеге асқан. Соның нәтижесінде 18–19 ғасырларда қалыптасып болған тарих ғылымында көшпелі халықтардың бұрынғы саяси өміріне қатысты олармен тарихи бәсекелес аграрлық мемлекеттердің өкілдері әзірлеген көзқарас басым болды.

Ғасырлар бойы егіншілікпен айналысатын қоғам мен көшпелі қоғамның қарым-қатынасы күрделі болды, кейде қатты шиеленісті де. Егіншілікпен айналысатын отырықшы қоғам үшін көшпелілермен көрші болғаны айтарлықтай жиі алаң туғызғаны сөзсіз. Көшпенділер отырықшы қоғаммен өзара әрекеттесудің күрделі жүйесінде, дәстүрге айналғандай, шабуылдаушы тарап ретінде әрекет етті, сондықтан егіншілер оларды басқыншы ретінде қабылдады. Олардың өмір салты мен әдеттері жат, «жабайы» немесе «варварлық» болып көрінді.

Сыртқы бақылаушылар көшпелі қоғамды қарастырғанда өздеріне үйреншікті аграрлық қоғамның ұйымдасу формаларын негізге алғаны қисынды. Бұл саясатқа, экономикаға, мәдениетке, сондай-ақ оған байланысты институттарға қатысты болды. Атап айтқанда, кәдімгі аграрлық қоғамда бюрократиялық аппарат, салық салу жүйесі, сот, заңгерлер немесе нотариустар бар. Күнделікті өмірдің осылай құрылуы мемлекеттің мінсіз моделі ретінде қабылданды. Сондықтан егер қандай да бір саяси құрылым мұндай модельге сәйкес келмесе, онда аграрлық қоғам тұрғынының әдеттегі түсінігінде ол мүлде мемлекет емес.

Ресей президенті Владимир Путиннің 2014 жылы қазіргі Қазақстан мемлекетіне баса назар аударуы да сондықтан. Мұндай мәлімдеменің саяси мақсаттарын (болмауы мүмкін емес) былай қояйық. Ол отырықшы қоғам өкілінің жалпы көшпелі мемлекетке деген терең көзқарасын жанама түрде бейнеледі. Қазақ хандығының түгел тарихын қазақ мемлекеттілігінің жақшасынан шығара отырып, Путин оны толыққанды мемлекет деп есептемейтінін ұқтырды. Дегенмен Қазақ хандығы 400–500 жыл өмір сүрді және Жошы ұлысының мұрагерлерінің бірі. Ол өз кезегінде Моңғол империясының мұрагері атанған. Оны орыс тарихында Жошы ұлысы құрған «Алтын Орда» деп атайды.

С. В. Иванов. Басқақтар. 1909/Wikimedia Commons

С. В. Иванов. Басқақтар. 1909/Wikimedia Commons

ҮСТЕМДІКТЕН ӘРІПТЕСТІККЕ

Бұл ретте орыс тарихнамасында Моңғол империясы, сол сияқты Алтын Орда да мемлекет деп танылғаны анық. Оның үстіне, Александр Невскийден бастап III Иванға дейінгі Мәскеу княздарының саяси легитимділігі, шын мәнінде, алдымен Моңғол империясының, содан кейін Алтын Орданың хандарының жарлықтарымен расталды. Сонымен бірге олар Мәскеу княздігін Солтүстік-Шығыс Русьтің өзге князьдіктерінің есебінен кеңейтуді дәл осы заңдық негізде жүзеге асырды. Сонымен қатар Ресей мемлекеті Қазан, Қырым, Астрахань және Сібір хандықтарын, сондай-ақ Ноғай Ордасын мемлекет деп мойындады. Олармен дипломатиялық қарым-қатынас жасады, ол арнайы мемлекеттік орган — Посольский приказ арқылы жүзеге асырылды.

Московия да, Ресей империясы да Қазақ хандығымен дипломатиялық қатынас орнатқан, бұл оның мемлекеттік мәртебесін мойындағанын көрсетеді. Алғашқы байланыстар Қасым ханмен, сонау 16 ғасырда ол басқарған мемлекет Еділ бойында белсенді саясат жүргізіп жатқан тұста жасалды. 16 ғасырдың аяғында Тәуекел ханмен де дипломатиялық хат алмасу болған.

Айта кететіні, 18 ғасырдың басында Кіші жүздің ханы Әбілқайырмен тәуелділік туралы біршама формалды келісімдерге қол қойылғаннан кейін де қазақтың әртүрлі хан-сұлтандарымен қарым-қатынас бұрынғыша Ресей империясының сыртқы істер алқасы, одан кейін министрлігі арқылы жүзеге асырылды, яғни әлсіреп бара жатқан қазақ хандықтарындағы мемлекеттік ұйымдастырылу деңгейі үнемі төмендеп отырса да, бұл байланыстар мемлекетаралық қатынастар контексінде қарастырылды. Ресейде бұл бағыт 19 ғасырдың 60 жылдарына дейін, Орта Азия жаулап алынғанда Қазақстанның бүкіл аумағы империяның ішкі провинциясына айналғанға дейін сақталды.

Тап осы жағдайда бұрынғы көшпелі мемлекеттер заманында өмір сүрген, әсіресе, олармен халықаралық қатынас саласында өзара әрекеттестік жасаған адамдар көшпелі халықтардың мемлекеттілігі болғанына күмән келтірмегені маңызды. Көшпелі мемлекеттер ол кезде де саясаттың белсенді субъектілері болды. Бұл жағдайдың дамыған бюрократия мен аграрлық мемлекеттерге тән басқа да институттардың болуынан маңыздырақ болғаны анық. Егер сіз не ол, не бұл хандықпен дипломатиялық хат алмасып отырсаңыз, онда хаттарды нақты кімнің — сыртқы істер министрлігі сияқты үлкен мекемедегі көп адам жұмыс істейтін әкімшілік аппараттың немесе ханның киіз үйіндегі шағын хатшылықтың жазғаны маңызды емес.

Александр Орловский. Атты қазақ/Alamy

Александр Орловский. Атты қазақ/Alamy

КӨНЕ ЗАМАН МЕН ДАМУДЫҢ ОЙША СОҒЫСЫ

Жағдай көшпелі мемлекеттердің тарихы аяқталғаннан соң өзгерді. Саясат пен халықаралық қатынастар екінші планда қалды. Бірінші планға аграрлық қоғамға тән белгілі бір институттардың болуына, сондай-ақ олардың саны мен сапасына және тағы бір маңыздысы, мәдени дәстүрге қатысты көзқарас пайда болды. Соңғысына ерекше назар аударылды, өйткені егіншілікпен айналысатын қоғамға әрқашан материалдық мәдениетке жататын заттар мен ескерткіштерді көптеп өндіру тән болды. Осы тұрғыдан егіншілікпен айналысатын қоғаммен салыстырғанда кез келген көшпелі қоғамның осал жері осы болғаны анық. Тиісінше, егер мұндай заттар жасалмаса немесе аз жасалса, онда бұл да көшпелілердің мемлекеттілігіне сыни немесе тіпті жағымсыз баға беруге негіз болды.

Жалпы, көшпелі қоғам нақты саясаттан ығыстырылғаннан кейін көшпелілер мемлекеттілігіне деген көзқарастың сыни сипаты арта түсті. Өркениет аспектілері барған сайын маңызды рөл атқара бастады. Бұл жерде еуропалық дәстүр, әсіресе 16 және 19 ғасыр аралығындағы отарлаушы соғыс дәуірінде жалпы адамзат тарихына өркениеттілік көзқарас тұрғысынан келуі тән болғанын айта кеткен жөн. Британдық тарихшы және философ Арнольд Тойнби (1889–1975) еңбектері мұның айқын мысалы. Ол «батыс өркениеті көшпенділікті тарих бетінен өшіріп жатыр... Экономикасы қарқынды дамыған дүниежүзілік қоғамда көшпелі ордалардың жете дамымаған өркениеті мен тоқыраған экономикасына орын жоқ» деп жазды.

Бұл жағдайда отырықшы қоғам өкілінің көшпенділерге және олардың тарихына деген көзқарасының өте радикалды екені анық көрініп тұр. Тойнби және 19 ғасырдағы еуропалық елдердің интеллектуалды ортасынан шыққан көптеген өзге адамдар өздері құрып жатқан қазіргі әлемнің ілгерілеуінің жалпы көрінісінде көшпелі қоғам шартты түрде қажетсіз немесе артық элемент деп қарастырды. Атап айтқанда, бұл көшпелі қоғамның сан ғасыр бойы қоғамдық және экономикалық ұйымдастырылуының өзгермейтінімен ерекшеленсе, отырықшы қоғамның ертедегі егіншілікпен айналысатын қауымнан қазіргі заманғы мемлекетке дейінгі белгілі бір жолдан өткенімен байланысты болды.

Атап айтқанда, бұл өзгерістерді сандық және сапа көрсеткішімен тіркеу мүмкін екені маңызды. Соңғысының ішінде материалдық мәдениет объектілері, шартты түрде, Мысыр пирамидалары немесе Ұлы Қытай қорғаны ғана емес, ғылыми-техникалық және әлеуметтік прогреспен байланысты барлық нәрсе болды. Осы тұрғыда көшпелі қоғам архаикалық болып көрінді. Отырықшы өмір салтын ұстанатын көршілері өзгеріп жатқанда, көшпенділердің әлеуметтік және экономикалық ұйымдастырылуы тас болып қатып қалғандай көрінді.

МАРКСИЗМНІҢ ДӘРМЕНСІЗДІГІ

Марксизм теориясы11МарксизмМарксизмнің идеологиялық негізінде базис пен қондырма арасындағы сәйкестік идеясы жатты. Карл Маркс (1818-1883) ілімі бойынша қоғамның базисы өнімді өндіру, бөліп беру және айырбастау процесіндегі қатынастар деп түсінетін өндірістік қатынастардан тұрады. Қондырма – идеологияға және оған жауапты мекемелерге қатысты барлық нәрсе. Осыған сәйкес өндірістік қатынастардың өзгеруі қондырманың өзгеруіне әкеледі. Бұл тұрғыда материалдық мәдениетке және ондағы болып жатқан өзгерістерге қатысты нәрсе бірінші кезекте тұрады. Осы негізді ала отырып, марксизм қоғамдық-экономикалық формациялардың ретімен ауысу схемасын жасады. Жалпы саны бесеу болып шықты – алғашқы қауымдықтан коммунистікке дейін. да айтарлықтай көрнекі. Оның идеологиялық негізінде база мен қондырма арасындағы сәйкестік идеясы жатыр. Марксизм бойынша қоғамның базисі өнім өндіру, бөлу және айырбастау процесіндегі қатынас деп танылатын өндірістік қатынастардан тұрады. Қондырма — бұл идеологияға және оған жауапты мекемелерге байланысты барлық нәрсе. Сәйкесінше, өндірістік қатынастардағы өзгеріс қондырманың өзгеруіне алып келеді.

Бұл контексте материалдық мәдениетке және ондағы болып жатқан өзгерістерге қатысы бар нәрсе бастапқы болып табылады. Осы негізде марксизмде қоғамдық-экономикалық формациялардың дәйекті өзгеруінің схемасы әзірленді. Алғашқы қауымдық құрылыстан бастап коммунистік құрылысқа дейін барлығы бес формация бөліп көрсетілді. Мұнда өндіріс құралдарына меншік негізіндегі қатынастар басты рөл атқарды. Марксистердің пікірінше, меншік нысандарының және онымен байланысты өндірістік қатынастардың ауысуы формациялардың ауысуына әкелді. Мысалы, алғашқы қауымдық құрылыс құл иеленушілікке, содан кейін феодалдық құрылысқа, ал одан капиталистік және әрі қарай коммунистік құрылысқа өтті.

Бұл тұжырымдама ең бірінші кезекте егіншілікпен айналысатын қоғамның тарихымен байланысты болғаны анық. Әсіресе егер марксистердің өндірістік қатынастар туралы түсінігінің негізінде жатқан меншік мәселелеріне қатысты жағдайды алып қарасақ, осылай. Егер отырықшы қоғамда материалдық өндіріс пен өндірістік қатынастарда дәйекті өзгеріс болатын осы іспеттес формациялық модельді құру теориялық тұрғыдан мүмкін болса, көшпелі қоғамға қатысты мұны жасау өте қиын. Дегенмен мұндай талпыныс жасалды.

Мысалы, КСРО-да көшпелі феодализм тұжырымдамасын негіздеп, сол арқылы көшпелі қоғамды жалпы формациялар теориясына кіргізуге талап жасалды. Бірақ әңгіме мынада: көшпелі халықтың мүліктік қатынасы мен қоғамдық ұйымдастырылуы олардың өмір сүрген барлық кезеңінде өзгерген жоқ. Оларда жерге меншік әрқашанда қауымдық сипатта болған, ал малға меншік жеке меншік болуы мүмкін еді. Сонымен бірге көшпенділердің қоғамдық ұйымдастырылуы ру мен тайпаға негізделді. Осыған сәйкес ру-тайпалық құрылым шеңберіндегі отбасы-туыстық қатынастар меншік мәселелеріне де таралды. Көшпенділер үшін мал мен басқа да мүлікке жеке меншік ру-тайпалық мүддемен байланысты болды. Бұл оның қауым мүшелерінің арасында ішінара қайта бөлінуінің әртүрлі нысандарының болуын қажет етті, мұның өзі көшпенділердің біршама әлеуметтік біртектілігін алдын ала анықтады.

Н. Каразин. Қазақ ордасындағы орыс казактар. 19 ғасыр/Wikimedia Commons

Н. Каразин. Қазақ ордасындағы орыс казактар. 19 ғасыр/Wikimedia Commons

ОТАРЛАУШЫЛАР БОЛАШАҚТЫ ҚАЛАЙ КӨРДІ?

Ал отырықшы халықтардағы алғашқы мемлекеттік құрылыс процесі, керісінше, рулық қауымның әлеуметтік жіктелуімен байланысты болды, яғни мемлекет тайпалық және туыстық құрылымның жойылу үдерісінде, қоғамның басым бөлігі алым-салық төлейтін тәуелді ​​халық санатына өткен өте ұзақ процесс барысында құрылды. Осыған сәйкес, халықтан жиналатын салық мемлекеттің табысын және қоғамның жоғарғы топтарының жағдайын ерте қамтамасыз етті. Соңғылардың арасында жауынгерлер, дін иелері мен шенеуніктер болды.

Осылайша ертедегі аграрлық мемлекеттер тайпалық қоғамдық ұйымдастырылудан шықты. Ал көшпенділердегі бүкіл қоғамдық ұйымдастырылу негізінде тіпті жаңа заманға дейін тайпа болды және бұл жағдай аграрлық қоғамдардың өкілдері жасаған кез келген теориялық құрылым үшін іс жүзінде шешілмейтін қайшылық туғызды. Аграрлық қоғамның негізінде әзірленген әлеуметтік эволюция теорияларын көшпенділерге сіңіру қисынсыз болып шықты. Мұның өзі марксистердің құрылмалары шектеулі кенін көрсетіп, көшпенділердің өмір шындығын түсінуге жарамсыз етеді.

Егер әлдене қоғамдық прогрестің ойдан шығарылған моделіне мүлдем сәйкес келмесе, оны эволюцияның тұйық тармағы деп атаған ыңғайлы. Мысалы, Тойнби ұстанымына сәйкес өркениетті көзқарас тұрғысынан тайпалар мемлекеттік құрылыстан тыс өмір сүреді, сондықтан оларды артта қалған және мәдениетсіз деп мәлімдеуге болады. Отарлау, жаулап алу соғыстары дәуірінде Азия мен Африканың көптеген тайпасына мұндай жалпылама баға беру жалпы еуропалық санаға тән құбылысқа айналды. Осыған сәйкес көбіне-көп көшпелі тайпаларды әлдебір өркениет матрицасына кірмейтін, сондықтан жойылуға тиіс халықтар санатына жатқызады. Ақыл-парасат пен прогресс билейтін жарқын болашақта оларға орын жоқ деп есептеледі.

Батудың Ресейге шапқыншылығы. 13 ғасыр. 19 ғасыр нақышы / Getty Images

Батудың Ресейге шапқыншылығы. 13 ғасыр. 19 ғасыр нақышы / Getty Images

КӨШПЕЛІ ИМПЕРИЯЛАР: ОТЫРЫҚШЫЛАРДЫҢ АШПАҒАН СЫРЫ

Алайда неліктен тарихта көшпелі халықтар көбіне-көп алып мемлекеттердің, соның ішінде құдыретті империялардың негізін қалады? Сонымен бірге көшпелілер осыншама дамыған және прогрессивті аграрлық елдерді жаулап алғанда бізге белгілі көп жағдайда отырықшы халықты тұрақты қанау жүйесін оңай ұйымдастырды. Бұл ретте олардың өздері жаулап алған халықтың басқару және әкімшілік құзыреттерін пайдаланғаны анық. Дегенмен көшпенділердің өзінде де белгілі бір машықтардың болуы қажет етілгені даусыз және оның болғаны сөзсіз.

Отырықшы қоғамның өкілдері айтатын әңгімелерге тән нәрсе — оларда әдетте көшпенділердің бір елді жаулап алған кезінде олар нені және қаншалықты көп қиратқанына баса назар аударылады. Мұның айқын мысалы — Моңғол империясы дәуіріндегі жаулап алу соғыстары. Алайда моңғолдардың чжурчжендік Цзинь империясын біршама тез жаулап алуы олардың жергілікті ресурстарды кеңінен пайдалануынан болғанын енді түсініп отырмыз. Моңғолдар билікті өз жағына өтіп кеткен адамдарға берді, ал олар бұрынғы бүкіл бюрократиялық басқару жүйесін сақтады. Олардың негізгі міндеті салық жинау және кейін оны Моңғол империясының пайдасына ішінара бөлу мақсатында егіншілікпен және қолөнермен айналысатын халықты мемлекеттің қанауын жалғастыру болды.

Сондай-ақ моңғол әскерінің Орта Азияға басқыншылығының басында қираған Отырар қаласы отыз жылдан кейін Қытайдан Еуропаға баратын сауда жолының жаңа маршрутындағы аса маңызды коммерция орталығына айналғаны белгілі. 13 ғасырдың ортасынан бастап бұл жол Отырар, Сырдария бойындағы қалалар, Жайық өзенінің бойындағы Сарайшық, Еділдің бойындағы қалалар арқылы Қырымдағы Генуяның Каффа портына және Дон өзенінің сағасындағы Венецияның Тана портына апарған. Бұл саудадан түсіп тұрған салық Жошы Ұлысының немесе Ресей тарихындағы Алтын Орданың алатын табысының қомақты үлесін құрады.

Бұл мемлекетте басқару жүйесі мұсылман елдерінің басқару үлгісімен жүзеге асырылды. Оны Алтын Орда хандарының құзыретінде болған хорезмдіктер қамтамасыз етті. Бұл жерде диван (үкімет), уәзірлер (министрлер) болды, тәуелді аумақтармен хат-хабар алмасу кеңсе арқылы жүргізіліп, орта азиялық түркі тілінде жасалды.

Моңғол империясы өмір сүрген дәуірдің бастапқы кезеңінің өзінде онда алдымен Ұйғыр қағанатының, содан кейін Қытай бюрократиясының әкімшілік тәжірибесін пайдаланды. Атап айтқанда, салық төлеушілердің санын айқындау және салық жүктемесін есептеу мақсатында жаулап алынған барлық жерде халық санағы жүргізілді. Мысалы, орыс князьдіктері үшін Моңғол империясы тұсында енгізілген салық жүйесі үйреншікті емес еді және моңғолдар жаулап алғанға дейінгі кезеңмен салыстырғанда оның жүктемесі тым ауыр болды. Осыған байланысты 1260 жылы Солтүстік-Шығыс Русьте санаққа және жалпы Моңғол империясының салық жинаушыларының болуына қарсы көтеріліс басталды. Оларды баскак деп атаған. Бірақ кейін князь Александр Невский мен Алтын Орда әкімшілігі арасындағы келіссөз нәтижесінде моңғолдардың пайдасына тәуелді халыққа салынатын салықты есептеп, жинау функциясын баскактардың орнына тікелей орыс князьдерінің орындайтыны туралы келісім жасалды.

Осылайша бюрократиялық мемлекеттілік негіздері орыс князьдіктерінің өзінде пайда болды. Ал салық өте көп және алуан түрлі болғандықтан, оны жинау үшін тиісті әкімшілік қажет. Осы орайда жиналған салықтың бір бөлігі оны қамтамасыз етуге жұмсалды. Нәтижесінде мемлекеттік құрылыстың күшті құралы — зорлық-зомбылыққа монополия князьдердің қолына өтті. Айта кететіні, Алтын Орданың әлсіреп, құлағаннан кейін жергілікті бюрократия Мәскеу князьдерінің орталық билігінің күшеюін қамтамасыз етті. Бұған қоса, Мәскеу князьдігінің билігі Алтын Ордадан мұраға қалған салық жүйесін түгелдей сақтап, енді оны өз мүддесінде пайдаланғаны көрнекі жағдай.

Моңғол империясы мен оның мирасқорларының басқару жүйесі қаншалықты қолайлы болғанын көріп отырмыз. Әуел баста ол көшпенді ұйғырлардың тәжірибесін, соның ішінде олардың әліпбиін іскерлік құжаттама жүргізу үшін пайдаланды. Содан кейін Қытайда жергілікті әкімшілік тәжірибесі іске қосылды және де бастапқыда бұл салық жинауды жалғастыру мақсатымен Қытай халқын басқару үшін жасалды. Бірақ кейінірек моңғолдар Қытай бюрократиясының жұмыс қағидаттарын жаулап алынған аумақтардың барлығына, соның ішінде тәуелді орыс князьдіктерінің аумағына да тарата бастады. Моңғол империясы жеке ұлыстарға ыдырағаннан кейін Жошы ұлысы мұсылмандық басқару моделіне көшті. Бірақ онда Қытай тәжірибесі есепке алынған тәуелді аумақтарға салық салудың ескі жүйесі сақталды.

Осылайша Шыңғыс хан мен оның мирасқорлары өз мемлекетінде басқаруды ұйымдастыруға өте икемді көзқарас танытты. Олар өздеріне тәуелді халықты одан әрі қанауды жалғастыру үшін жаулап алынған егіншілік аумақтарындағы жергілікті шенеуніктерді пайдаланумен шектелген жоқ. Сонымен қатар билікті орталықтандыру және салық салуды біріздендіру үшін белгілі бір басқару әдістерін қолдану жағынан маневр жасады. Олар шенеуніктер аппараты (жергілікті бюрократия) болмаған жерде, мысалы, орыс князьдіктерінде оның пайда болуына жағдай жасады.

Тап осы жағдайда Моңғол көшпелі мемлекетінде өзіне қолжетімді барлық басқару тәжірибесін пайдаланатын басқару аппаратының қаншалықты жылдам құрылғаны маңызды. Атап өтетіні, жаңа империя өмір сүрген бірінші кезеңде жаулап алынған Солтүстік Қытай, Орта Азия, Иран мен Месопотамия аумақтары оның жеке провинциялары болғанымен, өз бюрократиясын сақтап қалды. Ал бүкіл империяны басқару орталығы Моңғолия даласында орналасты және басқасына қоса кейбір әкімшілік әдістерді егіншілікпен айналысатын басқа тәуелді аумақтарға тарату саясатын жүргізе алды.

Әлбетте, Моңғол империясының мұндай мүмкіндіктері оның басқа көшпелі мемлекеттердің саяси ұйымдастырылуы мен мемлекеттік дәстүрін жалғастырған байланыстың болуы себепті еді және де әңгіме 744 жылдан 840 жылға дейінгі аралықта Моңғолияда өзінің мемлекеті болған жоғарыда аталған ұйғырлар туралы ғана емес. Сондай-ақ бұл 907 жылдан 1125 жылға дейін Солтүстік Қытай мен Маньчжурияда мемлекеті болған киданьдар да бар. Бұған қоса түркілерді, ғұндарды, сяньбилерді еске түсіруге болады. Олардың барлығына көптеген тайпаның күш-жігерін біріктіруі тән болды, мұның өзі саяси ұйымдастырылудың тиісті деңгейін қажет етті.

Бірақ Моңғол империясы әлдеқайда ауқымды болуымен ерекшеленді, сондықтан оның саяси ұйымдастырылуының сипаты да күрделірек болды. Оның мысалы империя дағдарысқа ұшыраған, сондай-ақ оның мирасқоры болған мемлекеттер құлдыраған кезде жүйенің біртіндеп оңайлатылғанымен көрнекі болып отыр. Атап айтқанда, 1368 жылы Қытайда Юань империясы құлағаннан кейін моңғол әулеті, әскердің және моңғолдар арасынан шыққан басқарушы әкімшіліктің белгілі бір бөліктері Қытай қорғанының солтүстігіндегі далаға шегінді. Олар Юань империясына қатысты формалды сабақтастықты сақтады. Бірақ іс жүзінде тайпалық ұйымдастырылу жүйесіне қайта оралды. Қытайдан қашқан бюрократия өкілдері тайпалық жүйеге бейімделуге мәжбүр болды. Шыңғыс хан әулетінен шыққан соңғы төре Лигдэн-хан Юань империясының мұрагері болып есептелгенімен және биліктің рәмізі — императорлық мөрге ие болғанымен, де-факто ол моңғолдың чахар тайпасының көсемі болды және 1634 жылы гегемониядан жаңа үміткер — маньчжур тайпасымен шайқаста қаза тапты.

Моңғол империясының құрылуы мен құлауының мысалы айқын. Бір жағынан, Моңғолияның көшпелі тайпаларының әкімшілік басқару жүйесі өте күрделі мемлекетті құру жолын қалай жүріп өткенін көріп отырмыз. Екінші жағынан, сыртқы жағдай өзгерген кезде тура сол моңғол билеушілері қайтадан тайпалық жүйеге оралды.

Бұл жағдайға байланысты өзгеруге қабілетті көшпелі қоғамның әлеуметтік-саяси ұйымдастырылуының икемділігі өте жоғары дәрежеде екенін көрсететіні сөзсіз. Ал егер көшпелілерде егіншілікпен айналысатын қоғамға тән институттар болса, бұл икемділікті тіпті елестету мүмкін емес еді. Бірақ көшпенділерде бұл институттар не себептен сол күйі қалыптаспады?

Юрий Падалка. Дала көшпендісі. 2009 жыл/Волгодонск өнер мұражайы

Юрий Падалка. Дала көшпендісі. 2009 жыл/Волгодонск өнер мұражайы

КӨШПЕЛІЛЕР ТАРИХЫНЫҢ БАСТЫ ЖҰМБАҒЫ

Көшпенділер тарихының бұл басты құпиясы толығырақ талқылауға лайық. Мәселе мынада: көшпенділер бастапқы мемлекеттік құрылыс үшін әдеттегі құбылыс — барлығы тең қауым мүшелерінің арасынан алдымен жауынгерлер мен дін иелерінің топтары бөлініп шығатын еңбектің мамандану кезеңінен өтпеді. Егіншілік өте көп еңбекті қажет етеді және оны әскери дайындықпен, жорықтармен, өте маңызды білім жинаумен, салт жораларын атқарумен немесе басқарумен қиыстыруға болмайды. Сонымен бірге егіншілік өнімдері өндірісінің өсуі қордың айтарлықтай жинақталуына әкеледі және бұл өз кезегінде оны көршілес тайпалардан қорғау қажеттілігін үнемі арттырады. Ежелгі Месопотамия, Қытай, Үндістан мен Мысырдан көріп отырғанымыздай, мұндай қажеттілік ертедегі мемлекет-қалалардың негізінде орталықтандырылған үлкен бірлестіктерді құрудың басты стимулы болды.

Егіншілікпен айналысатын қоғамның оқшауланған басқарушы элитасы көп ұзамай зорлық-зомбылық монополиясын және діни саланы бақылауды өз қолына шоғырландырады. Осы құралдарды қолданудың арқасында ерте мемлекет басқа адамдарды еңбек етуге және өндірілген ресурстардың айтарлықтай бөлігін салық түрінде төлеуге мәжбүрлеуге мүмкіндік алады. Осылайша қоғамның көп бөлігі алым-салық төлейтін халық санатына өтеді.

Көшпенділердің арасында мұның ешқайсысын көрмейміз. Мұнда еңбекке мамандану мүмкін емес, өйткені ерлердің барлығы бір уақытта жауынгер болып қала береді және барлығы бірге тайпаның күш-қуатын құрайды. Зорлық-зомбылық монополиясының пайда болмауының тағы бір себебі, көшпендінің диқаннан айырмашылығы, ол нақты бір аймаққа байланбайды және өзіне қысым жасалған жағдайда оп-оңай басқа жерге көшіп кетеді. Еңбек бойынша мамандану болмағандықтан, салық жинауға да еш негіз жоқ. Бірақ егер мұндай негіз табылса да, бұл салықты қалай жинақтау керектігі түсініксіз. Ұзақ сақтауға болатын астықтан айырмашылығы, ет тез бұзылады, ал мал асырау үшін барған сайын жаңа жайылым, су және адам қажет.

Солай болғанымен, неліктен аграрлық қоғам көшпелілерге қарағанда ұзақ уақыт әлсіз болды? Шынында да, аграрлық қоғам егіншілікпен айналысатын басқа тайпалар мен құрылымдарды оңай қосып алады. Көшпелілердің даласы мүлдем басқаша. Ең бірінші кезекте, көшпенділердің мобильді болуы маңызды. Бірақ ең бастысы, аграрлық мемлекеттер тіпті тәуелді көшпелі қоғамда көшпелі шаруашылық жүргізудің ерекшелігіне байланысты еңбекке мамандандыруды жүзеге асыра алмайды. Кең-байтақ далада зорлық-зомбылыққа монополия орнату мүмкін емес. Мұндай кең ауқымды зорлық-зомбылық аппаратын сол кездегі экономика көтере алмайтын еді.

Керісінше, көшпенділердің екі бағытта күш біріктіріп, әскери тұрғыдан отырықшылардан басым түсуге мүмкіндігі болды. Бұл жағдайда олар жаңа әскери-саяси жүйе құрып, жері мен меншігіне байланған отырықшы халыққа қатысты зорлық-зомбылық жасауға монополияны іске асырды. Әңгіме тонау мақсатында жорық жасау емес, салық жинау арқылы тұрақты қанауды ұйымдастыру туралы болған жағдайда, бұл мемлекеттік құрылыстың шешуші факторына айналды.

Көшпелі қоғамның мүшелері көбіне-көп мемлекеттік басқару үшін қажетті тіпті ең аз дәрежедегі әкімшілігі болмаса да, бұл міндетті жақсы атқарды. Соңғы жағдай көшпелі мемлекет алдында тұрған міндеттерге байланысты болды. Егер оның алым-салық салатын халқының болмауына байланысты одан салық жинауға мүмкіндігі болмаса, онда әкімшілік минимумға дейін қысқарды. Юань империясы құлағанда Моңғолияға қашып кеткен моңғол билігінің жағдайы осыған ұқсас болған.

Бірақ әкімшілік басқару сонда да болды, өйткені көшпелі мемлекет әртүрлі тайпалардың күш-жігерін үйлестіруге тиіс еді. Өз кезегінде олардың күш-жігерін үйлестіру мемлекетке аграрлы көршілерімен, мысалы, Қытаймен қарым-қатынаста күшті позициядан әрекет етуге мүмкіндік берді. Бұл егіншілермен қарым-қатынастың әлдеқайда қолайлы шарттарына ие болу үшін қажет болды. Әңгіме, атап айтқанда, шегаралық саудаға рұқсат беру немесе ішкі нарықтарға кіру немесе сыйлық деп бүркемеленген алым алу немесе тікелей төлем туралы болуы мүмкін еді. Нәтижесінде мұның барлығын қашықтан қанау деп атауға болады.

Бұл орайда кез келген көшпелі мемлекеттер орталықтан тепкіш үрдіс мәселесіне тап болды. Кейбір тайпалар өздерінің салық cалынудан немесе әскери жорықтарға қатысу түрінде мемлекет тарапынан түсетін артық ауыртпалықтан аулақ болуға тырысты. Атап айтқанда, 17–18 ғасырларда Жоңғар хандығында жауынгерлерді әскери жорыққа қатысуға аяусыз мәжбүрлейтін заңдар жүйесі болды. Негізінен жоңғарлар Орталық Азиядағы бәсекелестерінен, соның ішінде қазақтардан әскери жағынан басым түскен кезең дәл осыған байланысты болды.

Джон Кастл. Әбілқайыр хан (Кіші жүз).  1784 жыл / Alamy

Джон Кастл. Әбілқайыр хан (Кіші жүз). 1784 жыл / Alamy

СОҢҒЫ АЗАТ КӨШПЕНДІЛЕР

Қазақ хандығының өзінде тура 17–18 ғасырларда биліктің орталықтандырылу деңгейі төмендеді. Тайпалар мен Шыңғыс ханнан тараған жеке ақсүйектер біршама дербестікке ие болды. Сондықтан қазақ руларының жасақтары, әрқайсысы жеке-жеке, қолбасшылығы орталықтандырылған, әлдеқайда тәртіпті жоңғар әскерімен бетпе-бет келгенде жеңіліске ұшырады. Тек 18 ғасырдың 20 жылдарында толық күйреу қаупі төнгенде ғана қазақ тайпалары күш-жігерін біріктіріп, жоңғарларды талқандады. Бірақ 40 жылдардың өзінде олар қайтадан Қазақ хандығына қарсы шығып, оны бірнеше рет жеңіліске ұшыратты.

Атап айтқанда, 18 ғасырдың басында Қазақ хандығында орталық биліктің әлсіреуі жоңғар шапқыншылығының табысқа жетуіне жағдай жасап қана қойған жоқ. Сонымен бірге бұл көптеген күштік құрылымдардың пайда болуына әкеп соқты, олардың арасында Шыңғыс ханнан тараған ақсүйектер де, жеке тайпалар немесе тайпалық топтар да болды. Сыртқы мемлекеттермен қарым-қатынасқа түскен қазақ хандары жоңғардан қорған іздеді. Бірақ өзін-өзі танытуға және бедел жинауға мүдделі өзара билеушілердің есебі маңызды болды. Қазақ хандарының Ресей империясының бодандығын қабылдау туралы келісімдерге қол қойғанын атап өту керек. Олардың біріншісі — Кіші жүздің ханы Әбілқайыр Ресеймен келісімнің үш нұсқасына қол қойған, оның біріншісі 1731 жылы жасалған. Оған қоса мұндай келісімдерге Орта жүз хандары Сәмеке мен Әбілмәмбет те қол қойған.

Бірақ бұл келісімдердің барлығы формалды сипатта болды және оларға қол қойған қазақ хандары аса мән берген жоқ. Оны сыртқы күштерге, айталық жоңғарларға қарсы күресте, сол сияқты ішкі саяси бәсекелестікте Ресей империясының қолдауына ие болу мүмкіндігі деп есептеді. Сондықтан Әбілқайыр Ресейге алғашқы қадамын жасағанда оның бәсекелесі Сәмеке хан шетте қала алмады.

Ресей империясы да бұл келісімдерді маңызды деп есептемеген. Мысалы, көшпелілер мемлекетті үшін Моңғол империясының дәстүрі бойынша заттай салық — жасақтың төленуі іс жүзіндегі саяси тәуелділіктің белгісі болды. Көшпенділер үшін ол әр бір жүз бас ірі қара малдың бірі деген есеппен жүзеге асырылған. Қазақ хандары 18 ғасырда жасақ төлемеген. Атап өтетіні, Ресейдің жергілікті билігіне берілген Петербург нұсқауларында жасақ төленуін талап етудің қажеті жоқ деп көрсетілген. Санкт-Петербургтегілер бұл талаптың орындалмайтынын және ол кезде Қазақ даласындағы жағдайды бақылау мүмкін еместігін түсінді.

Бірақ Ресей билігі әртүрлі қазақ хандарымен қарым-қатынас орнату арқылы оларды бір-біріне қарсы қойып, саяси шиеленіс жасауға мүмкіндік алды. Сондай-ақ 18 ғасырдың аяғында жергілікті орыс билігі Әбілқайыр хан мұрагерлерінің отбасымен текетіреске түскен Батыс Қазақстандағы қазақ руларына қолдау көрсетті. Бұл Сырым Датұлы22Сырым Датұлы (1753-1802)1783-1797 жж. Кіші жүз қазақтарының отаршылдық саясатына қарсы қозғалысының басшысы. бастаған қозғалыс еді. Сонымен бірге Санкт-Петербург Кіші жүздің өз ханы бар екенін сылтау етіп Абылай ханды бүткіл қазақтың ханы деп танудан бас тартты. Сөйте отырып Ресей империясы Абылай ханды Орта жүздің ханы деп мойындап, оның тиісті қағаздарды алуы үшін шегаралық бекіністердің біріне келуін талап етті. Өз кезегінде Абылай хан орталығы бұрынғы астана — Түркістанда орналасқан Қазақ хандығының орталықтандырылған мемлекеттілігін қалпына келтіруге тырысып, Ресей империясымен де, маньчжур Цин империясымен де тиімді қарым-қатынас жасауға күш-жігерін салды.

Жалпы көшпелі қоғамның аграрлық қоғамнан айырықша ететін саяси және қоғамдық ұйымдастырудың айырмашылығы бар екені анық. Оның негізінде тайпалық құрылым мен мобильділік болды. Бұл еңбектің мамандануымен, қоғамның әлеуметтік топтарға бөлінуімен, зорлық-зомбылыққа мемлекеттік монополияның қалыптасуымен және салық жинауға мәжбүрлеумен сипатталған аграрлық қоғамның өткен жолын қайталауды мүмкін етпеді.

Анығын айтқанда, көшпелі қоғамдар халықтың жаппай қаруланғанына және атты әскердің өркениет тарихындағы рөліне негізделіп әскери маңызын сақтап тұрған кезінде бұл мүмкін емес еді. Сонымен қатар Еуразияда көшпелі қоғам 19 ғасырға дейін ұшы-қиыры жоқ дала кеңістігіне сүйенді, өйткені бұл оларға аграрлы мемлекеттерден тәуелсіздігін сақтауға мүмкіндік берді. Далалық Еуразияның мұндай біршама тәуелсіз көшпелі қоғамының соңы қазақтар болды.

Алайда Еуразиядағы аграрлық мемлекеттер — Ресей империясы мен маньчжур Цин империясы ен даланы бақылауына алған кезде көшпелі қоғамның дербес саяси тарихы аяқталды. Көшпелі мемлекеттің өте айрықша, бірақ айтарлықтай тиімді моделінің тарихының аяғы осындай болды. Көшпелі қоғам енді аграрлы мемлекеттер шеңберінде жаңа тарихын бастады. Бұл тарих Қазақстанды 1991 жылы кәдімгі заманауи мемлекет стандарттары бойынша тәуелсіз мемлекет мәртебесіне жеткізді. Бірақ бұрынғы көшпенділік пен көшпелі мемлекеттіліктің мұрасы қазіргі заманғы Қазақстан мемлекетіне әсерін тигізетіні сөзсіз.

НЕ ОҚУҒА БОЛАДЫ?

1. Акимбеков С.М. История степей: феномен государства Чингис-хана в истории Евразии. Алматы. 4-ое изд. Алматы. 2021.

2. Акимбеков С.М. Казахстан в Российской империи. Алматы. 2018.

3. Барфильд Т. Опасная граница. Кочевые империи и Китай. (221 г. до. н.э. – 1757 г.). СПб. 2009.

4. Владимирцов Б.Я. Общественный строй монголов. М., 2002.

5. Крадин Н.Н. Кочевники Евразии. Алматы. 2007.

6. Тойнби А.Дж. Исследование истории. СПб. 2006.

7. Фукс С.Л. Очерки истории государства и права казахов в XVIII и первой половине XIX в. Астана. 2008.

8. Хазанов А.М. Кочевники и внешний мир. Изд. 3. Алматы. 2000.

Сұлтан Әкімбеков

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ