КОХИНУР АЛМАЗЫНЫҢ ҚАРҒЫСЫ

Қанға бөккен ағылшын тәжі

Платинадан жасалған, әйгілі Кох-И-Нур гауһары мен басқа асыл тастармен безендірілген Елизавета патшайымының тәжі (1937)/Tim Graham Photo/Getty Images

Король III Карл мен оның келіні Кейт Мидлтонның кеселдері корольға анасынан мұраға қалған көне бриллиантпен байланысты ма?

Мазмұн

Аңыз бойынша, марқұм патшайым ІІ Елизаветаның тәжін қазіргі күні безендіріп тұрған Кохинур алмазыiпарсы тілінен аударғанда «Жарық тауы» деген мағынаны білдіреді бір кездері 700 караттан астам салмақта болған. Алмаздың ұзақ та даулы тарихы оның пішінінде қатты көрініс тапты: бірнеше қырлаудан кейін оның салмағы «бар болғаны» 105,6 карат болып қалды. Бірақ ол әлі күнге дейін әлемдегі қырланған алмаздардың ішіндегі ең ірісі саналады. Бәлкім, бұған қоса ең атақтысы.

Өлім қарғысы

Кохинур ғасырлар бойы дүлей күштің символы болды, бұған қоса иелеріне қасірет әкелетін, Кохинур алғаш рет дәйекке түскен 1306 жылғы хинду мәтінінде ол жайында «бұл тас өлім қарғысын тасиды» делінген.

Мәтінде нақты былай делінген: «Оны тек Құдай немесе әйел ғана жазасыз тағып жүре алады».

Кохинур гауһары, 3D рендеринг/Shutterstock

Кейбіреулер Кохинурды үнді эпосындағы мифтік Сьямантака тасымен байланыстырады. Аңыз бойынша, бұл асыл тас күн құдайы Сурьяға тиесілі болған және лайықсыз адамдарды өлім құштыратын қабілетке ие болған. Бұдан Кохинурдың тарихы мыңдаған жылдарға созылатынын болжау мүмкін.

«Патша Сатраджит Сьямантака тасын қамқоршысы, Күн құдайы Сурьяның рақымымен алды. Тасты тізбекке іліп, мойнына тағып, алды да Дваракаға бет алды. Дварака тұрғындары жарқыраған Сатраджитті көргенде оны Күн құдайы деп ойлап, Кришнаға күн құдайы Онымен кездесуге келгенін хабарлады. Алайда Кришна бұл келген Күн құдайы емес, мойнында Сьямантака тасы жарқырап тұрған патша Сатраджит екенін айтты».

Бхагавад-Гита

Сатраджит патша Сьямантака асыл тасымен/Ашық дереккөзден

Тәж бен патшайымдар

1849 жылы Британдық Ост-Индия компаниясының араласуымен алмазды алған патшайым Виктория қарғыс туралы әңгімеге немқұрайлы қарамады. Король отбасының еркектері ешқашан Кохинурды таққан емес. Виктория оны сәнді түйреуішке тағылған танамоншақ түрінде немесе білезікке бекітілген қалыпта тақты. Одан кейін Кохинур патшайым Александраға өтті.

Франц Ксавер Винтерхальтер. Виктория патшайым. 1856 ж. /Wikimedia Commons

1911 жылы ол патшайым Марияның тәжіне орнатылды, ал 1937 жылы патшайым Елизаветаның тәжіне ауысты.

2023 жылы патшайым-консорт Камилла таққа отыру рәсімінде патшайым Марияның қайта өңделген тәжін киіп шықты, онда ендігі Кохинур болмады.

Патшайым Камила күйеуі III Карлдың таққа отырғаннан кейін Букингем сарайының балконынан "Қызыл жебе" (Ұлыбритания Корольдік Әуе күштерінің тобы) ұшуын қарауда. 2023 жыл 6 мамыр. Камиланың Кохинуры жоқ тәжі/Getty Images

Алмазды қайтарыңдар!

Үндістан белсенділері алмазды өз еліне қайтаруды талап етіп келеді, өйткені оны Британ тағының иелігіне үнді бозбаласы раджа Дулип Сингх еріксіз, мәжбүрлі түрде сыйға тартқан көрінеді. Оның иеліктерін Ост-Индия компаниясы басып алып, Британияға тапсырған.

“Үндістан алмазды заңды иесі екенін бірнеше рет мәлімдеді, ал бұл алмаз патшайым-ананың таққа отыру рәсімінде қолданылған…

Алайда, Букингем сарайы Камилланың таққа отыру рәсімі Марияның тәжін киюмен өткізілетінін хабарлай отырып, бұл тәждің қайтадан қолданылуы «тұрақтылық пен тиімділік мүдделеріне» сәйкес келетінін мәлімдеді.”

BBC жаңалықтары, 14.02.2023

Үндістанның Кохинурын қайтаруды талап еткен наразылық білдіруші. Постердегі мәтін: Кохинур гауһары сикх мемлекетінің 10 жасар билеушісінен ұрланған/Getty Images

Бір шетінен, Кохинур жеті ғасырлық тарихында талай рет кісі өлтіру, ұрлық және сатқындық арқылы қолдан қолға өтіп отырған. Мәжбүрлі түрде сыйға тарту осы оқиғалар тізбегіндегі ең бір сорақысы болып та көрінбес еді.

Қанды жол

Кохинур әртүрлі әулеттен шыққан кем дегенде 20-30 король мен билеушіге тиесілі болған.

1200-1813 жылдар

Кохинур алмазы алғаш рет 13 ғасырда Андхра-Прадештің оңтүстік-шығысындағы Какатия әулеті кезінде жазба деректерде пайда болған деп болжанады. Оны Какатия өкілдері Малаван сұлтандығын басқарған Парамара әулетінен тартып алған. Парамара әулеті бұл алмазға ендігі жүз жылдай бұрын иелік етіп келген болуы мүмкін. Кохинурдың қай жерден табылғаны белгісіз. Бастапқыда оның түсі сарғыш болған, бұл түс үнді билеушілері арасында онша бағаланбаса керек. Соңғы қырлануынан кейін ол тек ғасырлар өткен соң ғана кристал-мөлдір түске айналған. Аңыз бойынша, Какатия әулеті кезінде алмаз храмдардың біріндегі құдай мүсінінің маңдайында орнатылған. Кейін әулет құлағаннан соң, алмаз келесі ғасырларда Оңтүстік Азиядағы әртүрлі билеуші әулеттерге өткен.

17 ғасырда ол Ұлы Моғолдар әулетінің билеушісі Шах-Жаханның қолына өтті. Бұл падишах алтын мен күмістен жасалған және рубин, сапфир және алмаздармен, оның ішінде Кохинурмен сәнделген керемет Тауыс кейіпті тақ жасауды бұйырды. 1658 жылы Шах-Жаханды өз ұлы тақтан тайдырып, қазынада қамауда ұстады, сол жерде ол сегіз жылдан кейін сүйікті асыл тастарының арасында көз жұмған еді.

Тауыс тағында отырған Шах-Жахан, 1635/Wikimedia Commons

Бірнеше жылдан кейін Үндістанға асыл тастардың саудагері әрі мемуарист еуропалық Жан-Батист Тавернье келді. Ол Тауыс тақты көріп, Кохинурдың бізге белгілі алғашқы нобайын хатқа түсірді. Бұл уақытта алмаз жаңаша қырланып үлгерген еді, соның нәтижесінде оның салмағы 186 каратқа дейін азайған, ал оны өндеген зергер қатты жазаланған.

Еуропалық зергер саудагері және мемуарист Жан-Батист Тавернье жасаған Кохинурдың эскизі/Alamy

Шах-Жаханның немерелері мен мұрагерлері бір-бірімен айқасқа түсіп, түрлі аурулардан ерте қайтыс болып, ақырында қазына мен патшалықтан айырылған еді. 1739 жылы парсы билеушісі Нәдір-шах Кохинур мен Ұлы Моғолдардың басқа асыл тастарын Парсы еліне алып кетті. Көп ұзамай ол да өлтірілді, ал алмаз шахтың генералдарының бірінің қолына түсті. Қанды өлімдер тізбегі жалғасты: ұлдар әкелерін, ал әкелер ұлдарын өлтірді, алмаз биік тауларды асып Ауғанстанға, содан кейін қайтадан Үндістанға оралды. 1813 жылға қарай ол Пенджабтағы Сингхтар империясының негізін қалаушы Ранджит Сингхтың иелігіне өтті.

Мұхаммед шахты жеңгеннен кейін тауыс тағында отырған Нәдір Шах. Үнді миниатюрасы, шамамен 1850 жыл, Сан-Диего өнер мұражайы/WIkimedia Commons

1813 жылдан бүгінге дейін

Көп ұзамай Сингхтар отбасында да қырғын басталды, және төрт жыл ішінде Кохинурдың иесі төрт рет ауысты. Ранджит Сингхтың тірі қалған соңғы мұрагері, он жастағы Далип Сингх, Кохинурға ие болған оңтүстік-шығыс әулеттерінің соңғы өкілі болды. 1845-46 және 1848-49 жылдардағы ағылшын-сикх соғыстары Пенджабты Британдық Ост-Индия компаниясының аннексиясымен аяқталды. Жеңістен кейін ағылшындар 1849 жылғы Лахор келісімшарты аясында бозбала-раджаны Британ тәжінің бағыныштысы екенін мойындауға және 1849 жылы алмазды патшайым Викторияға "сыйлауға" мәжбүр етті.

Қарғыс аз уақытқа болса да алмазға иелік еткен Ост-Үнді компаниясының иелеріне де әсер етті. 1857 жылы Үндістанда сипайлардың көтерілісі басталып, компанияның көзін құртып жібере жаздады.

Король III Карл

Кохинурды Ұлыбританияның корольдік отбасының ер адамдары ешқашан тақпаған болса да, жүз жылдан астам уақыт бойы бұл алмаз ер иесіне зиян келтіруі мүмкін деген сыбыстар айтылып келеді. Сондықтан, III Карлдың таққа отыру рәсімінде II Карлды 1661 жылы таққа отырғызу рәсімі үшін арнайы жасалған әулие Эдуардтың тәжі қолданылды. Бірақ Карл Букингем сарайының балконында Кохинурмен безендірілген ІІ Елизаветаның тәжімен көрінді. 2024 жылы корольдің қатерлі ісікке шалдыққаны белгілі болған кезде, газеттер бұл жағдайдың анасы мұраға қалдырған асыл тастармен байланысты болуы мүмкін бе деген сұрақты ортаға салды. Бұдан да қорқыныштысы, қазір корольмен бірге онкологиялық ем қабылдап жатқан Ұлыбританияның сүйіктісі, Уэльс ханшайымы Кейт Мидлтонды айтсақ болады. Бір отбасыда жарты жыл ішінде екі қатерлі ісік жағдайы тіркелді...

Дәл қазір Кохинурға ие ер адам ретінде монарх Карл үлкен қауіп-қатерде.

"Оңтүстік Үндістаннан шыққан асыл алмаз британдық корольдерге жетіп, қазіргі уақытта Біріккен Корольдіктің Корольдік регалиясын безендіріп тұр. Парсы тіліндегі "жарық тауы" деген мағынасына қарамастан, асыл тас қарғысқа ұшыраған деп есептеледі және оған талаптанған кез келген ер монарх бақытсыздыққа душар болады. "Кохинур" қарғысы туралы дау-дамай Король ІІІ Карл "қатерлі ісік" диагнозы қойылғаны туралы соңғы хабардан кейін қайта өршіді".

Патшайым II Елизавета қойған гүл шоқтары мен Кохинуры бар тәж. Патшайым-ананың табыты. 2002 жылғы 5 сәуір, Лондон/Tim Graham Picture Library/Getty Images

Қайдан көруге болады?

Дәл қазір кез келген турист, Британ монархиясының регалиялары сақталған Тауэрға кіруге билет алса болғаны, аңызға айналған тасты көре алады. Ол марқұм ІІ Елизаветаның тәжінде бекітілген, оқ өтпейтін витринада тұр және еш зиянсыз, қаннен қаперсіз көз қарықтырмастай болып жалтырап тұр. Витриналар бойымен келушілерге арналған платформа созылып жатыр, ал адамдар бейқам қызметшілердің жанынан қарайлап өтіп бара жатады.

Жағдай біршама орныққан, себебі Корольдік қазынадан бір нәрсе ұрлауға тырысқан алғашқы және соңғы әрекет 1671 жылы, яғни осыдан 350 жыл бұрын жасалып еді.

Ханзада Чарльз (ІІІ Карл) Тауэрге сапарында Кохинур гауһарымен безендірілген Британдық империаның тәжінің жанында. 20/3/2003/Alamy

Мариам Новикова

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ

Көшірілді