ҚОЖАНАСЫР ШЫН МӘНІНДЕ КІМ БОЛҒАН?

Халық кейіпкерінің ғасырлар бойғы өзгерісі мен совет дәуіріндегі жаңа бейнесі

~ 10 мин оқу

Коллаж / Qalam

Қожанасыр — қазақ фольклорының кейіпкері ғана емес, Таяу Шығыс пен Түркиядан бастап Балқан түбегі мен Орталық Азияға дейінгі мұсылман және оған іргелес мәдениеттерде кеңінен танылған тұлға. Қазақ түсінігіндегі Қожанасыр мен өзгелердің түсінігіндегі Қожанасырдың қандай айырмашылығы бар? Біз білетін Қожанасыр келбетіне совет дәуірі қандай үлес қосып, өзгерістер енгізді? Орталық Азияға жеткенге дейін Қожанасыр кім болып еді? Зерттеуші Әсия Бағдәулетқызы Қожанасыр бейнесінің трансформациясын талдайды.

Мазмұны

Қожанасырдың көп келбеті

Қазақ арасында кең танылған ауызекі әңгімелерде Қожанасыр тапқыр да сайқымазақ, сонымен бірге әпенді адам ретінде сипатталады. Қожанасырдың қысқа хикаялары сырттай қарағанда көңіл көтеру үшін айтылатын әзіл-оспаққа құрылған. Қазақ мәдениетіне ислам ықпалымен келген бұл кейіпкерде өзге өңірлермен салыстырғанда діни сипат аздау, ол көбіне өткір тілмен адам болмысындағы қайшылықтар мен кемшіліктерді әшкерелейді. Солайша, қоғамдық сын мен пайымның маңызды құралына айналады.

Қожанасыр / Alamy

Совет дәуіріндегі иконографияда ол — ықшам денелі, көбіне жас не орта жастағы, кедей арасынан шыққан, жарлылардың жарылқаушысы. Басындағы бір жапырақ сәлде мен үстіндегі жұпыны шапаны, шоқша сақалы мен тарамыстай тартылған бейнесі оның шыққан ортасы мен жас шамасы туралы сондай әсер қалдырады. Өзбекстан, Тәжікстан мен Ресейде түсірілген бірнеше фильм мен мультфильм, сондай-ақ Бұхарада 1979 жылы қойылған ескерткіштен сондай жинақы образ қалыптасты. Түрік мәдениетіндегі сақалы мен сәлдесі дағарадай, көбіне егде жастағы, ауқатты адамдарша киінген, есегінен өзі үлкен Қожанасыр образы тіпті бөлек. Осындай қайшылықтардың бір образға сыйып тұруы бір қарағанда қызғылықты болғанымен, зерттеулер халық арасынан шықты дейтін фольклор мен саясаттың байланысынан сыр тартады.

Қожанасырға қойылған Бұхарадағы ескерткіш, Өзбекстан / Getty Images

Араб мәдени кеңістігінде бұл кейіпкер Жуха (немесе Жоха/Гурха) атымен танымал, кей зерттеулер ол Қожанасырдан бұрын пайда болғанын, ал кейін ислам әлеміндегі қос кейіпкер бір-бірімен тоғысып кеткенін көрсетеді. Иран мен Ауғанстанда ол Молла Наср әд-Дин деген атпен белгілі. Балқан түбегінде де халық арасынан шыққан деп саналатын бұл бейне Осман империясының әсерімен кең танылды.

Фольклортанушы Ульрих МарцольфтіңiUlrich Marzolph, ‘What Is Folklore Good for? On Dealing with Undesirable Cultural Expression’, Journal of Folklore Research, 35.1 (1998), 5–16 пікірінше, Қожанасырды халық ішінен шыққан, тапқырлық туралы түрлі әңгімелер телініп, жапсырыла беретін «жинақтаушы бейне» (focusee) ретінде түсінген жөн. Алайда кей елдерде Қожанасырды фольклор кейіпкері ғана емес, өмірде болған тарихи тұлға ретінде қабылдайды. Түркияда, мысалы, Ақшехир қаласы ресми түрде Қожанасырдың мәңгілік мекені ретінде дәріптеледі. 13-ғасырда қазіргі Түркия аумағында дүниеге келген, білімді, ғұлама адам болған деп саналатын Қожанасыр 1284–1285 жылдары Ақшехир қаласында қайтыс болыпты-мыс. Алайда зерттеуші Абдуселам Арвастың пайымдауынша, Қожанасыр — тарихи сипаты бұлдыр, «псевдотарихи» тұлғалардың фольклорлық архетипке айналуының анық мысалыiAbduselam Arvas, ‘The Place of Tamerlan in the Nasreddin Hodja’s Jokes’, Karefad, 7.2 (October 2019), 167–80. Қожанасыр туралы зерттеулер, негізінен, екі бағытқа бөлінеді: біріншісі — ұлттық-тарихнамалық (көбіне түрік, мемлекеттік қолдаумен), екіншісі — халықаралық, фольклортанулық, мұнда «Қожанасыр өмірде болды ма, әңгімелердің қаншасы шынымен оған тиесілі?» деген сияқты сұрақтар маңызды емес.

Қожанасырға қойылған Енишехирдегі ескерткіш, Түркия / Alamy

Алдымен Түркиядағы Қожанасыр сипатына тоқталсақ. Фольклортанушы Джо Энн КонрадiJo Ann Conrad, ‘“This is not our Hoca!” Repurposing, Repacking, and Reappropriating Nasreddin Hoca’, Terra Ridens – Terra Narrans. Festschrift zum 65. Geburtstag von Ulrich Marzolph, Beiträge zur Kulturgeschichte des Islamischen, 45, ред. Regina F. Bendix, Dorothy Noyes (Dortmund: Verlag für Orientkunde, 2018), 263–99 қазіргі Түркиядағы Қожанасыр бейнесін «басқаруға» бағытталған мемлекеттік талпыныстар туралы жазады; басқа зерттеушілер оны бұрын да «османдықтардың идеологиялық қолшоқпары болғанын» айтады. Мысалы, Осман империясы дәуірінде тараған көптеген әңгімеде Қожанасыр Әмір Темірді сөзбен жеңіп, сан соқтырып кетіп жатады. Бұл Темір қолынан бір кезде оңбай жеңілген империяның фольклор арқылы кек алуы болатын. Осман мемлекеті бір кездері Қожанасырды өз идеологиясы үшін пайдаланса, кейін бұл мәселеде Кеңес одағы да қалыспады.

Қожанасыр бұрын қандай болды?

Қожанасыр туралы әңгімелер ғасырлар бойы ауызша таралып келген. 1571 жылдан бастап қана бұл оқиғалар әртүрлі жазба деректерде жүйелі түрде қағазға түсе бастады, осылайша, ауызша мәдениеттен жазба мәдениетке көшті. Ең көне жазба деректің біріне жататын «Хикаят-и Китаб-и Насреддин Қожа» атты қолжазбада Қожанасырға қатысты 43 әңгіме қамтылған. Олардың көбіндегі Қожанасыр бүгінде бізге таныс бейнеге мүлде ұқсамайды. Қожанасыр бейнесінің ғасырлар өте өзгеруі мәдениеттің, моральдің өзгеруі ғана емес, түрлі билік режимдерінің әсері екені де даусыз.

Алғашқы әдеби нұсқаларда Қожанасыр ережелерге бағынбайтын, қоғамдық нормадан тыс тұлға ретінде бейнеленіп, дін талаптары мен рәсімдерін белден басатын «сотқар» кейіпте суреттеледі. Мұнда ол нәпсісін тыймайтын, табу саналған әрекеттерге баратын тұрпайы кейіпкерiSeyfi Karabas, ‘The Use of Eroticism in Nasreddin Hoca Anecdotes’, Western Folklore, (July) 1990 (49–3), 299–305 (301). Бұл гротескілі бейне кейінгі парасатты Қожанасырдан мүлде алшақ.

Қожанасыр. 17-ғасыр миниатюрасы / Wikimedia Commons

Қожанасыр бейнесінің дамып, өзгеруі Осман империясы кезеңінде айқын байқалды. Бұл уақытта ол біртіндеп «әлеуметтендіріліп», гетеронорматив некенің шарттарына көнеді, әйел алып, балалы-шағалы болады, тіпті империялық діни жобаға қатысып, сүнниттік ортодоксияның өкіліне айналады. Уақыт өте келе оның әдепсіздігі мен еркіндігі бәсеңдеп, қартайып, мойынсұнғыш, тақуа ақсақал кейпіне енеді. Осылайша, Түркияда Қожанасырдың сотқар жүгермектен парасатты ұлттық символға айналуы — идеологиялық бейімделудің нәтижесі болды.

Қожанасыр қалай советтенді?

Орталық Азияда ауызша дәстүрдің үстем болуына байланысты Қожанасыр бейнесі қашаннан бері және қалай таралғанын айту қиын. Дегенмен 19-ғасырдың басындағы жазба деректерде оның бейәдеп, бүлікшіл қырлары жойылып, ол «тазартылған», «қауіпсіз» қарт кейіпкер ретінде ұсынылған. Алайда бұл аймақтағы Қожанасырдың османдық Қожанасырдан айырмашылығы да жоқ емес еді: Орталық Азия фольклорында ол — қалай да әлеуметтік шектеулерден тыс өмір сүретін, отбасы жиі аталмайтын, есегіне мініп ел кезген, тапқа, ұлттық шекараларға бағынбайтын, мәңгі саяхаттаушы еркін тұлға.

Совет дәуірінде осы көпқабатты мәдени капиталға ие, халықтың сүйікті кейіпкері заманауи социалистік батыр кейпінде қайта жасалды. Советтік Қожанасыр — феодалдық әділетсіздікке қарсы тұрған, кедей таптың мұңын мұңдаған протосоциалист ретінде бейнеленді. Мұндай Қожанасыр бейнесін насихаттау Орталық Азияның мұсылман халықтары арасында таптық тартысқа негізделген социализм идеологиясын мәдени «заңдастыруға» бағытталған әрекет болатын.

Қожанасыр бейнесі бар Әзербайжанның «Молла Насреддин» сатиралық журналының бірінші санының мұқабасы / Ашық дереккөздерден

Ә дегенде бұл кейіпкерді одақ көлемінде танытқан журналист, жазушы Леонид Соловьев еді. 1938 жылы ол сценарист Виктор Витковичпен бірлесіп Қожанасыр тақырыбында сценарий жазады. Бұл да кездейсоқтық емес, өйткені әкесі Василий Соловьев Таяу Шығыста қызмет етіп, өзі қазіргі Ливан жеріндегі Триполида дүниеге келген-ді. 1923–1930 жылдары Леонид Соловьев өзбекстандық «Правда Востока» газетінде қызмет атқарған және жергілікті фольклорға қызығып, жинай бастаған. Десе де, үлкен әсермен жазылған Қожанасыр туралы тырнақалды сценарий жүзеге аспай, кейінге қалдырылады. Қожанасырдың орыстілді ортада жұлдызы жанған шақ — Соловьев осы материалды өңдеп, сол негізде «Тыныштықты бұзушы» («Возмутитель спокойствия») деген роман жазатын 1940 жыл еді. Күтпеген жерден роман қалың оқырман арасында танымал болып, бірнеше рет қайта басылып, одан бері көптеген тілге аударылды. Көп ұзамай Соловьев пен Виткович осы романды киносценарийге бейімдеді.

Леонид Соловьев / Ашық дереккөздерден

1941 жылдың аяғында Орталық Азияға советтік кино өндірісі эвакуацияланғанда, осынау алып өндірісті Ташкенттен басқару үшін киногер Михаил Ромм Өзбекстанға жіберіледі. Жергілікті партия басшыларымен танысуға құрқол баруды жөн санамаған Ромм дайын тұрған Қожанасыр сценарийін ала кіреді. Мәскеуден де келісімді жылдамдатып алып, режиссер ретінде Тәжікстанға көшірілген «Союздетфильмнен» Яков Протазановты шақырады. 1943 жылы Ташкент студиясында түсірілген «Насреддин Бұхарада» фильмі КСРО көлемінде ғана емес, әлемнің көптеген еліне тарайды. Айта кетерлігі, мұнда Қожанасыр, Бұхара әмірі, Нияз, Уәзір т.б. басты рөлдердің бәрін орталықтан келген «еуропалық советтер» сомдады. Осы уақыттан бастап Қожанасырды советтендіру процесі анық басталып кетті.

«Бұл Қожа бұрынғы Қожадан өзгерек»

«Правда» газеті сол кезеңде «Насреддиннің экранға қайта оралуы ұлттық республикалардағы «туыс аудитория» арасында ерекше ықылас тудырары сөзсіз» деп атап өтті. Бірақ советтік киноиндустрияға жасалған қысымның әсерінен «туыс аудиторияға» танымал бейненің қалай өзгергенін тәптіштемеді. Кеңестік Шығыс фольклорында Қожанасыр «Қожа», «Эфенди», «Молла» деп құрметпен аталатын: мәселен, Әзербайжанда «молла» діни құзіретті ғана емес, «білімді, ғұлама, тәжірибелі» ұғымдарын білдіретін. Орталық Азияда «қожа/қажы» сөзі әлеуметтік әрі рухани мәртебемен бірге қажылық парызын өтегенді меңзесе, «Насреддин» есімінің өзі — «Наср әд-Дин» «діннің жеңісі» деген мағына беретін. Алайда кеңестік әдеби және кинорепрезентацияларда бұл діни әрі рухани қабаттар жойылды.

Қожанасыр қай «тыныштықты» бұзды?

Ең алдымен, фильмге негіз болған Соловьев романына тоқталсақ. Мұнда ескере кетер жайт: советтік еуропалық жазушылардың Орталық Азия туралы көзқарасы патшалық Ресейдің империялық дискурсынан тамыр тартатын ориенталистік дәстүрден бастау алды. Соловьев те сол қатардан еді. Ғылыми әдебиетте оның шығармашылығы, әсіресе қысқа әңгімелері ориенталистік үлгілерге сүйенгені талданадыiE. Shafranskaya and T. Volokhova, ‘Central Asian Social Types as an Orientalism Pattern in Leonid Solovyov’s Prose’, Polylinguality and Transcultural Practices, 18.2 (2021), 44–59. Кеңестік ориентализм аймақты экзотикаға айналдыруға ғана емес, Ресей келгенге дейінгі Орталық Азияны артта қалған, мешеу өңір ретінде көрсетуге ұмтылды. «Тыныштықты бұзушы» романында бұл айқын көрінеді: бір жағынан, Бұхараны экзотикаға айналдырса, екінші жағынан, бұл қоғам феодалдық тоқыраудың символы ретінде ұсынылады. Сол шіріген қоғамды протосоциалист Қожанасыр келіп құтқарады. Яғни Қожанасырдың тасасында совет билігі жасырынып тұрады.

Леонид Соловьев, «Повесть о Ходже Насреддине». Молодая гвардия баспасы, 1957 жыл. Станислав Забалуев иллюстрациясы / Ашық дереккөздерден

Соловьевті Қожанасыр аузымен Сталин билігін сынады деп санайтындар бар. Алайда романда да, сол шығармаға сүйенген Протазановтың фильмінде де «бұзылатын тыныштық» — совет билігінің емес, әмірдің «тыныштығы». Осы тұрғыдан алғанда, Соловьевтің еңбегі Сталинге астыртын қарсылықтан гөрі, «көсемнің» «азиялық мешеулік» туралы риторикасына әлдеқайда жақын болды. Кеңестік идеологияға қарсы шығудың орнына, ол оны ориенталистік бейнелермен көмкерілген, кең аудиторияға түсінікті сатира арқылы нығайтты. Осы себепті Қожанасыр туралы роман мәдени бақылау мен жіктеудің ыңғайлы құралына айналды деуге болады.

«Насреддиннің бастан кешкендері» фильмінің постері / Wikimedia Commons

Соловьевтің Витковичпен бірлесіп жазған бірінші жұмысы Ташкент студиясында түсіріліп жатқанда, оның жалғасы да жазылды. Екінші сценарий де Протазановқа тапсырылғанымен, ол өзбек режиссері Нәби Ғаниевтің еншісіне бұйырып, «Насрединнің бастан кешкендері» деген атпен таралды. Соловьев мұнымен де тоқтамады. 1954 жылы «Тыныштықты бұзушының» жалғасы — «Басы айналған ханзада» («Очарованный принц») романын шығарып, оның негізінде 1959 жылы «Тәжікфильмде» тағы бір толықметражды фильм түсірілді. Бұл шығармалардың бәрі Орталық Азияны экзотикалық фольклор арқылы бейнелеуге бағытталған ауқымды советтендіру үрдісінің айқын көрінісі болды. 1940–1950 жылдары «Қазақфильмнің» Алдар Көсе тақырыбына қызығушылығы да (Қожанасырды алға тартып) Соловьев салған жолдың әсері деуге болады.

Қожанасырдың кинодағы советтенуі

Зерттеушілер атап өткендей, Қожанасырдың кеңестік интерпретациясы «нәсілдік кодталған», исламдық белгілерден әдейі тазартылған және кеңестік нәсілдік иерархияға қауіпсіз түрде енгізілген «көңілді сайқымазақ» бейнесін ұсындыiJo Ann Conrad, ‘“This is not our Hoca!” Repurposing, Repacking, and Reappropriating Nasreddin Hoca’, in Terra Ridens – Terra Narrans. Festschrift zum 65. Geburtstag von Ulrich Marzolph, Beiträge zur Kulturgeschichte des Islamischen, 45, ed. by Regina F. Bendix and Dorothy Noyes (Dortmund: Verlag für Orientkunde, 2018), 263–99, 280. «Тыныштықты бұзушы» романы мен «Насреддин Бұхарада» фильмінде Соловьeв пен Протазанов Қожанасырды отыз бестер шамасындағы, белсенді, сергек, ширақ кейіпкер ретінде таныстырды. Бірақ оның еркіндігі «ауыздықталды»: ол қоғам нормаларына бағынған, таптық санасы бар, гетеронормативті кейіпкерге, тіпті романтикалық қаһарманға айналды. Фильмде Қожанасыр кедейдің қызын сүйіп қалып, оны тоқалдыққа алмақшы болатын әмірден құтқарады. Мұндай баяндау желісі Қожанасырды кеңестік (және батыстық) қалыпқа салып, халықтық бейнесінен алыстатты.

«Насреддиннің бастан кешкендері», 1946 жыл. Режиссері — Нәби Ғаниев / Ашық дереккөздерден

Қожанасырдың әсіре саясилануы диалогтарда айқын көрінеді: бір көріністе қарыздан құтқарғаны үшін табысына ортақтасуды ұсынған кедейге ол: «Егер қожайындардың бәрі табысын жұмысшылармен бөліссе, дүниенің күні не болар еді? Мұндай тәртіпсіздікке Алла мен Әмір шыдай ма?» деп жауап береді. Яғни әділетсіздіктің ошағы ретінде діни және тарихи билікті қатар қою арқылы ол үгітшіге айналып, «компартияға мүшелікке өтуге дайындалып жатқандай» әсер қалдырады.

Ауызекі әңгімелерден — экран жұлдызына

«Насреддин Бұхарада» фильмінен кейін совет киносы Қожанасыр бейнесіне талай рет қайта оралды, олардың кейбірінен социалистік реализмнің иісі шықса, ара-тұра заманауи қоғамды сынаған терең жұмыстар да кездесіп отырды. 1946 жылы Ташкент киностудиясында Нәби Ғаниев түсірген «Насреддиннің бастан кешкендері» алдыңғы фильмнің жалғасы болды. Бірақ Қожанасыр рөліндегі Раззақ Хамраев Свердлинге қарағанда сенімді болып, оның жас шамасы да, сырт келбеті мен мінез-құлығы да Орталық Азиядағы ежелгі Қожанасырға көбірек ұқсады. 1959 жылы «Тәжікфильмде» Амо Бек-Назаров пен Эразм Карамян қойған «Қожанасыр Хожентте немесе басы айналған ханзада» киноертегісінде фантастикалық элементтер күшейіп, саяси астар әлсіреп, шытырман оқиға мен шығыс экзотикасы алдыңғы қатарға шықты. Бұл фильмде Қожанасыр — ғашық жастарды қосуға үлес қосатын орта жастағы адам, бірақ фильм стилистикасы «Мың бір түн» фильмдерінен алынған еді. Ал 1967 жылғы Мухтар Ага-Мирзаевтің «Қожанасырдың он екі қабірі» («12 могил Ходжи Насреддина») Қожанасырды советтік Душанбеге «әкелу» арқылы фольклорлық кейіпкерді заманауи шындықпен бетпе-бет қойды; басты рөлді сомдаған Башир Сафароғлының ойынын Аркадий Райкин «Оңтүстіктің Чаплині» деп бағалаған. Бұл фильм совет шындығын сынаған меланхолиялық, сатиралық, терең туынды болды. 1975 жылы М.Горький атындағы киностудияда Павел Арсенов түсірген «Халуаның дәмі» («Вкус халвы») музыкалық киноертегісі Қожанасырдың «бұрнағы тарихын» баяндап, оның қалыптасу кезеңі мен жасөспірім шағын суреттеді. 1982 жылғы «Көңілдірек бол» («Гляди веселей») атты үш сериялы телефильмде («Тәжікфильм», режиссері әрі басты рөлде — Марат Арипов) Насреддин бейнесі философиялық, лирикалық және ирониялық сипат алды. Қайта құру дәуірінде Анатолий Бобровский түсірген «Қожанасырдың оралуы» («Возвращение Ходжи Насреддина», 1989) бас кейіпкерді Әмір Темірдің замандасы ретінде сипаттап, советке дейінгі тарихқа сыни көзқарас пен философиялық толғанысты алға тартты.

«Қожанасыр Хожентте немесе басы айналған ханзада» фильмінің постері / Кинопоиск

Қысқа қайырғанда, совет дәуірінде Қожанасыр ауызекі әңгімелердің кейіпкерінен киноның тұрақты кейіпкеріне айналды. Халық кейіпкерін кино арқылы өңдеп, қайта таныстыру фольклорды басқарудың талпынысы еді. 1943 жылдан советтік шапан киіп, кедей таптың жоқшысына айналған экрандағы Қожанасыр совет дәуірінің соңына дейін социалистік идеалдарға адал болды, бірақ жас, көңілді қалпынан ойшыл, сыншыл данагөйге дейін түрлі трансформациядан өтті. Айта кетерлігі, совет билігі де Қожанасыр бейнесін толықтай билеп-төстей алмады: ол кей жағдайда совет шындығын сынап, «жинақтаушы бейне» ретінде дәуірмен бірге түлеп, дамып, жаңа әңгімелермен байып отырды. Алайда көп жағдайда сырткөз режиссерлердің қолына түскендіктен, совет экранындағы Қожанасыр советтік ориентализмнің бет-бейнесі болып қала берді.

Әсия Бағдәулетқызы

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ

Көшірілді