КҮЙ АТАСЫ — ҚҰРМАНҒАЗЫ

Дәулескер домбырашының ғасырлардан озған мұрасы

~ 9 мин оқу

Коллаж / Qalam

2018 жылдан бері шілденің алғашқы жексенбісінде Ұлттық домбыра күні тойланады. Ал қазақ халқы «күй атасы» деп атаған Құрманғазы Сағырбайұлының арқасында қос ішекті музыкалық аспап әлемге танылды. Оның «Сарыарқа» күйі 1973 жылы Халықаралық музыка трибунасында классикалық туынды ретінде ЮНЕСКО шеңберінде бағаланды. 

 

Бұл жолы Qalam-ға белгілі күйші, өнертанушы және педагог Жанғали Жүзбай қазақ музыка тарихында өшпес із қалдырған тұлғаның өміршең мұрасын, оның қилы тағдыры мен ешкімге ұқсамайтын өзіндік мектебін саралап береді.

Мазмұны

Күйші тағдыры мен мұрасының зерттелуі

Құрманғазыныңi1823–1896 тарихи-тұлғалық сипаты, өмірі мен шығармашылық қарымы жайлы зерттеулер баршылық. Осыларды саралай келе күйшінің өмірі мен шығармашылығына деген ғылыми таным 19-ғасырдан басталып, 20-ғасырда кеңінен жалғасқанын көреміз. Алайда әр заманның өзіндік үні, кезеңіне тән бағалау қағидасы бар. Соған сәйкес күйші мұрасына арналған зерттеулердің мазмұны біркелкі емес. Мысалы, Патшалық Ресей тұсында Құрманғазы Бөкей Ордасындағы аса дарынды домбырашы ретінде бағаланса, Кеңес үкіметі кезінде қазақ халқының ұлттық композиторы ретінде аты халыққа кеңінен танылды.

Құрманғазы Сағырбайұлының ескерткіші. Құрманғазы консерваториясы, Алматы / Qalam

Әсіресе академик Ахмет Жұбанов зерттеулерінің арқасында Құрманғазының рухты күйлері КСРО аясына мәшһүр болды, оның өмірбаяны кеңестік музыкалық әдебиеттер мен энциклопедияларға енді. Өйткені оны ұлт музыкасының алтын қазынасы деп бағалаған, оның күйлерін жинап, нотаға түсіріп, күйшінің өмірі мен шығармашылығы жайлы монография жазған осы Жұбанов болатын. Тіпті ол халық аспаптарынан құралған оркестрдің негізін қалап, Құрманғазы күйлерін алғаш рет музыкалық ұжыммен орындатты.

Ахмет Жұбанов. 1946 жыл, Алматы / ҚР ОКҚ ФДМ

Кеңес үкіметі тұсында Құрманғазыны зерттеп, зерделеген өнертанушылар ішінде П.Аравиннің орны бөлек. Ол архив материалдарына сүйене отырып күйшінің шынайы ғұмырбаянын көлемді мақала етіп ғылыми жинаққа жарияладыiАравин.П.В. Новые материалы о Курмангазы. Вестник АН КазССР, 1961, 4. стр.59.. Осы қатарда Құрманғазы мұрасын теориялық тұрғыда талдаған кеңестік музыкатанушылардан — Б.Асафьев, В.Беляев, Б.Ерзакович, А.Д.Алексеев пен Б.Амановты атап өте аламыз.

Десе де Кеңес үкіметі кезіндегі ғылымның негізгі әдістемесі таптық күреске құрылатын, бай мен кедей арасындағы тартыс арқылы тұлға образын сомдау жалпылама ережеге айналған еді. Сондықтан күйшінің Исатай мен Махамбет көтерілісіне куә болғаны, би-болыс пен ру старшындары билеген кер заманнан көрген жеке басының қорлығы, айдаудағы ауыр тіршілігі, түрмеден-түрмеге жалғасқан тағдыр-талайы көп жазылды. Кейінгі зерттеулерде де оның патша саясатына қарсы шыққаны, отаршылдыққа қарсы күрескер музыкант болғаны жөнінде басымырақ айтылды. Әрине, осы зерттеулердің бәрі дерексіз-дәйексіз дей алмаймыз. Әйтсе де ұлы күйшінің биографиялық һәм шығармашылық тұлғасын жаңа ғасыр мінберінен тануға келгенде бұл еңбектер аздық етеді.

Махамбет Өтемісұлының домбырасы. Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар мұражайы / Qalam

Құрманғазының «таптық күрестен» бөлек қырлары да көмескіленбеуі керек. Мысалы, Құрманғазы өзі ғұмыр кешкен өңірде қазақ, башқұрт, ноғай, қалмақ, орыс-казак жұртына ортақ өнерпаз болғанына тарихи дәлелдер мол. Мұны біз оның репертуарынан да аңғарамыз. Күйшінің биографиялық-хронологиялық деректері жайлы сұрақтар көп. Осы ретте ұлы тұлғаның өмір кешкен заманын, сол заманның тарихи кезеңдерін ескере отырып, кешенді зерттеу жұмыстарын қайта жаңғырту керек секілді көрінеді.

Көтеріліске куә болған күйші

Күйшінің тұлғалық бейнесін толық тану үшін музыкалық жетемен қатар тарихи білік те аса маңызды. Себебі ол өмір сүрген уақытта қазақ елінің саяси ахуалы, әлеуметтік жағдайы аса күрделі еді, тіпті ұлы далада өркениеттер алмасуы, жаһандық, технократтық өзгерістер басталып кеткен еді. Әсіресе Бөкей сұлтанның баласы Жәңгір хан тағына отырғанда саяси-әлеуметтік жағдай мүлде басқаша бағыт алды. Жәңгір ордаға реформа жасауға талпынды, елге еуропалық ғылым мен мәдениетті енгізуді көздеді. Ол мектеп-медресе салды, қазынашылық, пошта қызметі секілді істерді жүзеге асырды. Бөкей Ордасының тарихындағы қазақ қоғамының жаңғыруы — Жәңгір ханның осы әрекеттерімен басталды. Алайда әлеуметтік қарама-қайшылық күшейе түсті, себебі Жәңгір хан жер мәселесіне қатысты дау-дамайды шеше алмады.

Бөкей Ордасының картасы. 1842 / Wikimedia Commons

Әр рудың ежелден иелігінде болған жерлерді қазына меншігіне айналдырған соң ел іші бір-бірімен қырбай болды. Оның үстіне хан салығы пен зекет те қарапайым халықты тоздырып біткен еді. Ақыры 1836 жылы Беріш руының старшыны Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған көтеріліс бұрқ ете қалды.

Соңғы зерттеулерге сәйкес Құрманғазы 1823 жылы Бөкей Ордасында, бүгінгі Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданына қарасты Жиделі деген ауылда дүние есігін ашқан.

Исатай Исабаев. «Құрманғазы». Сәуірбек Бақбергеновтің «Мейірімді анам» кітабына иллюстрация. 1966 жыл / Bonart.kz

Яғни ол Исатай-Махамбет көтерілісі басталғанда 13 жаста еді, демек, күйші жас та болса санасында өзгеріс әкелген көтерілістің тірі куәгері бола алған. Жәңгір ханның да ресми билікке келуі де тап осы 1823 жыл екен, ол 1845 жылға дейін, яғни дүниеден өткенше тақта отырды. Бұдан шығатын қорытынды мынау: Құрманғазының жастық шағы, азаматтық көзқарасының қалыптасуы және күрескерлігі негізінен Жәңгір хан режимі тұсында, халықтың азаттық жолындағы сұрапыл соғыстарымен аралас өтті.

Ел басына туған осы жағдаяттар Құрманғазының әйгілі «Кішкентай» музыкалық полотносынан байқалады. «Кішкентай» — күй формасындағы поэма, бірнеше сюжеттен тұратын күрделі туынды. Домбыраның кеудесінен Исатай мен Махамбетті жоқтаған халықтың зары, азаттық үшін шейіт болған ерлерді жоқтаған кекті зар екі ішектен естіліп тұрады. Ұлы күйшінің ата-анасы, әулеті де осынау зұлматты басынан өткерген, заман ауыртпалығы кейінгі ұрпақтың да иініне түскені анық. Осының бәрін санасында сақтаған ұлы күйші сол заманның шері мен шеменін «үлкен музыкалық дастанға» айналдырды. Құрманғазы күйінде тек қана өзі туған Бөкей Ордасының зары емес, тұтас қазақ халқының трагедиясы бар.

Құрманғазы «бунтарь» болған ба?

Шыны керек, қазақтың кәсіби музыкалық танымы тек Кеңес үкіметі, қазан төңкерісінен кейін басталған деген кесіммен шектеліп қалған. Енді соны рет-ретімен тарқатып көрсек, 1868 жылы 27 қазанда «Уральские войсковые ведомости» газетінде Н.Савичев деген журналист әрі тарихшы-өлкетанушының «От Кармановского форпоста до Глининского» жолжазбасы жарияланады. Ол Құрманғазы күйлерін тыңдаған кездегі әсерін тебіреніспен жазады:

«Сағырбаев әуен тақырыптарын алмастыра отырып, бір тоннан екіншісіне өткен кезде таңғаларлықтай музыкалық талғам танытты! Оның музыкалық идеялары қатаң тәртіпке бағынғандай, мысалы, оның piano, forte және ad libitum белгілері әрдайым жараса кетеді, кей кездері andante, allegro және жарасымды финал да кездеседі, ал менің ойымша еуропалық музыканың формалары мен шарттарын ол білмейтіні анық. Қорыта айтқанда, Сағырбаев сирек кездесетін музыкалық жан, егер ол еуропалық білім алар болса, музыка әлеміндегі бірінші жұлдыз болар еді»iҚазақтың музыкалық фольклоры. Алматы: Ғылым, 1982. 17-бет.

Осындай сауатты музыкалық талдау жасаған Савичевтің білігін кәсіби емес дей алмаймыз.

Александр Затаевич қазақ халық әншісінен әуендер жазып алып отыр / ҚР ОКҚ ФДМ

Ал 20-ғасырдың 20-шы жылдары Құрманғазы күйлерін нотаға түсіріп, күйші мен оның мұрасы туралы өзіндік пікірін жазып қалдырған этнограф А.Затаевич еді. Ғалым Құрманғазы күйлерін аса жоғары бағалады, ол қазақ күйлерін тұңғыш рет еуропа симфониясына тең кемел дүние деп санады. Десек те, «бунтарь» Құрманғазыға деген патша режимінен қалған сарқыншақ салқындық Затаевичтің қолтаңбасынан әнтек аңғарылып қалады. Оның Құрманғазы күйлеріне жазған талдауларында

«Курмангазы был настоящим налетчиком и грабителем романтической складки, и вообще — «сорви-головой». Не жил дома, а вечно в поисках приключений, разъезжал верхом, с домброй за плечами...» деген пікірі бар.

Күйші тұлғасын сипаттауға келгенде кешегі 19-ғасырдағы Н.Савичевтің ой-түйіні мен 20-ғасырдағы А.Затаевичтің танымын салыстырсақ, екеуі екі басқа. Кезінде этнографтың осы тақілеттес пікірлерін сынаған академик Ахмет Жұбанов:

«А.Затаевич өзінің 1931 жылы жарияланған «Қазақ халқының 500 ән-күйі» деген еңбегінде Құрманғазы күйлерінің ноталарын келтіріп, күйші жайлы бірқатар артық-кемді пікір айтқан. А.Затаевич пікірінің біз нұсқап отырған шала жерлері болса да күйші жөнінде совет тұсында баспасөз бетіндегі тұңғыш дерек болғасын, оған мән бермеске болмайды», – деп өкінішін білдіредіiЖұбанов А. Құрманғазы. Алматы, «Өлке», 2006 ж. 22-бет.

Дегенмен А.Затаевич түсірген Құрманғазы күйлерінің ноталары («Серпер», «Ақсақ киік», «Кісен ашқан», «Ойбай, балам») және оның музыкалық анализдеріндегі керағар тұстары болғанына қарамастан ғылым үшін маңыздылығын жоймақ емес. Себебі ол Құрманғазы мұрасын хатқа түсірген тұңғыш кәсіби маман болып қала береді.

Құрманғазы және түркі әлемі

Құрманғазының күйі — қазақ ұлтының ғана емес, байтақ түркі әлемінің азаттық үні. Ол өзіне дейінгі Бөкей Ордасындағы ұлық күйшілер — Шеркеш, Соқыр Есжан, Ұзақ, Жаппас Байжұма, Байбақты Баламайсандардың батасын алған, олардың күйлерін тарта жүріп, өзі де сол дәстүрдің ізімен көптеген көркем туынды жаратқан дәулескер. Осы жерде оның алдыңғы күйшілер салған соқпақпен жүрмей, күйшілік өнерде өз мектебін қалыптастырғанын айта кету парыз. Құрманғазының қуатты да көркем қағысы, домбырасына тіл бітетіні, шабыты тасығанда саз толқындары арнасына сыймайтыны, орта және кіші сағадан асып, ұлы сағаға өрлейтіні, өзіне дейінгі домбырашыларда болмаған құбылыс.

Евгений Сидоркин. «Жырау/Жыршы/Аңызшы», «Ғасырлар түнегінен» сериясынан. 1971 жыл / Bonart.kz

Қазіргі замандағы күйшілік дәстүр мен салт сол Құрманғазы салып кеткен музыкалық қалыптан еш асқан жоқ. Күйшілік ғұмырында аспаптың техникалық мүмкіндігін мейлінше байытқаны соншалық, екі ғасыр өтсе де композициялық құрылымы өзгеріске түспеді. Оның күйлері жинақтала келгенде мазмұны жағынан біртұтас эпикалық дастан секілді, қай туындысы болмасын туған халқының бастан кешкен тағдырын жеке хикая етіп шежірелей, таусыла жырлайды.

Күйшінің шығармашылығы қазіргі таңда иісі түркі жұртына кең тараған. Бір ғана мысал айтсақ, 2018–2019 жылдары Түркияның бірнеше қалаларында Құрманғазы шығармашылығына арналған концерттер, алқалы жиындар өтті. Құрманғазы домбырасы туыстас халықтар музыкасына тән ладтық қасиеттің бәрін жатырқамайды. Оның күйшілігі байырғы жыраулардың жолына ұқсайды. Еділ мен Жайықты тел емген ноғай, башқұрт, татар, орыс, қалмақ фольклорына да Құрманғазы мұрасы ежелден жат болмағанын осы күні анық байқаймыз. Өзбекстандағы дутар шеберлері, Түркиядағы бағламашылар, Ресейдегі бурят, саха халықтарының домбырашылары мен топшуршылары Құрманғазының «Адайы» мен «Балбырауынын» нақышына келтіре орындап жүргені сөзімізге дәлел.

Құрманғазы күйлерінде шек жоқ, еуропалық музыкалық санамен сөйлер болсақ, ол «аяқталмай қалған симфониялық поэмаға» тең келетін құбылыс. Өнертану саласында Құрманғазы күйлерін тақырыптарға бөле жіктеу тәжірибесі бар, сол методикаға сүйенсек, азаттық тақырыбына — «Кішкентай», «Адай», «Ақбай», жеке басының тағдырына байланысты — «Аман бол, шешем, аман бол», «Қайран шешем», «Итог», «Бозқаңғыр» күйлері, туған жер тақырыбына — «Сарыарқа», «Алатау» секілді тамаша күйлері бар. Абақтыға түскен кездерінде шыққан күйлерінен «Кісен ашқан», «Түрмеден қашқан», «Арба соққан», «Ертең кетем», «Перовский маршы» сияқты күйлер тобы бір бөлек қарастырылады. Әрине, бұлардың бәрі зерттеу мақсаты үшін жасалған шартты түрдегі жіктеулер ғана, яғни Құрманғазы күйлерінің мазмұнын тануға арналған тәжірибенің бір парасы.

Құрманғазының домбырасы

Құрманғазының домбырасы туралы сөз еткенде, қазақ аспаптарын тізімдеген Болат Сарыбаевтың зерттеулеріне жүгінеміз. Ғалымның ұйғарымында қазақ домбырасының 20-дан астам түрі бар. Сыртқы формасына қарай — шанағы үшкіл тұмар домбыра, арқаның үкілі қазмойын домбырасы, сал-серілердің мойыны мен шанағы бүктеле біткен қапсырма домбырасы, шанағы пен мойыны тұтас жидеден шабылатын Сырдың шешен домбырасы, Адайдың кертолғау «кесікбас» домбырасы, шығыстың құмығыңқы қосбұрау домбырасы деп кете берді.

Болат Сарыбаевтың «Қазақ музыкалық аспаптары» кітабының мұқабасы / Bonart.kz

Құрманғазы ұстаған домбыра Батыс Қазақстан өңірінде кең тараған аспап — оның мойыны ұзын, алқымы кең, шанағы сопақша дөңгелек (алмұрт пішінді), кейде тұтас, кейде құрама болып келеді. Зерттеушілер техникалық мүмкіндігі жағынан Құрманғазы домбырасының басқа аспап үлгілерге қарағанда біршама артықшылығы барын жазған. Біріншіден, онда перне саны артық. Қазақ домбырасында әдетте 7 не 9 перне тағылса, оның домбырасында 14 перне болған. Біз мұны күйшінің шәкірті Дина Нұрпейісованың аспабынан байқай аламыз.

Құрманғазы Сағырбайұлы домбырасының көшірмесі. Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар мұражайы / Qalam

Кәдімгі шешен пернелер (диатоникалық) қатарында жарты тоннан да кіші ширек тондық пернелер байланғанын А.Жұбанов айтады. Мысалы, «Сарыарқа» күйінің бұғалық бөлімінде «сарыарқа» пернесі (си бемоль нотасына жақын) болған, яғни күй әсерін күшейту үшін домбыраның ладтық жүйесіне Құрманғазы өз қолтаңбасын кіріктірген.

Домбыра шертіп отырған Дина Нұрпейісова. 1951 жылдың наурызы, Алматы / ҚР ОКҚ ФДМ

Ескі күйшілердің тартысындағы бейне және аудиотаспалардан біз осы «сарыарқа» пернесін ап-анық аңғарып қаламыз. Кейінгі зерттеушілер Құрманғазы күйлерінің табиғатын саралағанда оның домбырасында қосымша жылжымалы пернелер болғанын, соларды қосқанда пернелердің жиыны 19-ға жететінін жазып жүр. Екіншіден, дыбыс тербелісі молырақ, яғни дауысы қыр асқан кісіге естілетіндей қуатты үні бар.

Дина Нұрпейісованың домбырасы. Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар мұражайы / Qalam

Құрманғазы домбырасының тембрі қоңыр болғаны анық, бұған Дина домбырасының алқоңыр үні куә. Солай бола тұра екпін жағынан есептегенде күй динамикасы ширыға ашық тартылады, қағыстың байлығы, диапозонның кеңдігі, байырғы дәстүрдің кенендігі Құрманғазы күйлерінің құдіреттілігін танытады.

Заманмен үндескен «күй атасы»

Күйшінің мұрасын зерттеу ешқашан тоқтаған емес. Отандық музыкатанушы ғалымдар Құрманғазы күйлерінің сирек тарауларын мұрағаттардан тауып, ел игілігіне айналдыру жолында Қаршыға Ахмедияров, Кәрима Сахарбаева, Айтжан Тоқтаған, Мұрат Әбуғазы секілді ғалымдарымыздың еңбектері ерен. Қазіргі таңда Атырау, Орал, Ақтөбе аймақтарында жергілікті домбырашылар Құрманғазы күйлерінің шежіресін, кезінде идеологиялық қысыммен жарияланбаған кейбір күй нұсқаларын сахнаға шығарып жүр. Мысалы, Ермек Қазиев, Едіге Нәбиев секілді талантты күйшілеріміздің жеткізуіндегі осындай туындылар легі қайта жаңғырып алтын қорымызға енді. Ал биыл жарық көрген «Асыл Мұра» атты тарихи аудиошығармалар жинағына «Алтын қорда» сақталған Құрманғазының ұранды күйлері төлтума қалпында енді.

Бір қызығы, Құрманғазының шығармалары кейінгі заман талабымен еркін үндесіп кеткен. Оркестрдегі орындау арқылы халыққа етене жақын оның күйлері эстрадалық өңдеуде де, симфониялық оркестрде де шырқалады. Кейде аспапты-джаз топтарында да Құрманғазы туындылары орындалып жүр. Қазір Құрманғазы күйлері хор капеллаларының репертуарынан да орын алған. Мұның бәрі Құрманғазы күйлерінің көкжиегі кең екендігін, қандай аспапта болса да өзіндік қасиетін сақтай алатынын айқындайды.

Көшірілді