Қазақтың кие культі

Дәстүрлі сенімдер ислам мәдениетімен қалайша сыйыса алды?

~ 12 мин оқу
Қазақтың кие культі

Шақпақ-Атадағы көне құлпытас. Маңғыстау облысы, Қазақстан / Alamy

Қазақстанда әулие-әмбиеге табыну культі көне сенім мен ислам дәстүрі арасын жалғайтын көпір іспеттес болғаны анық. Өйткені кесенелер мен киелі мекендерде табиғаттың, ата-баба рухы мен жердің киесі қақындағы архаикалық түсініктердің сарқыншақтары әлі де сақталып қалған.

Мазмұны

Ислам және әулие-әмбие культі

Көп халықтың, соның ішінде қазақтың діни өмірінде елеулі орны бар әулиеге табыну дәстүрі көп құдай туралы түсініктен ажырамаған архаикалық идеялардың әсерінен қалыптасты деген пайым бар. Түрлі құдай жайлы ұғым кейін исламның рухына сәйкес жаңаша тәпсірленген болатын. Белгілі бір дәрежеде, әулиеге табыну дәстүрі арқылы исламның ішінде политеизмнің, «пұтқа табынудың» қалдықтары сақталып отыр.

Өмірдің қиын-қыстау сәтінде, мәселен ауру-сырқау мен түрлі қиындыққа тап болғанда, мұсылман адам тағдырға иек артып қоймай, бақытсыздықты басынан аластауға тырысады. Сондықтан ол әулиелерден Алла пешенесіне жазған жағдаятқа ықпал етуді сұрап, медет тілейді.

Шақпақ-Ата қорымындағы көне құлпытас. Маңғыстау облысы, Қазақстан / Alamy

Шақпақ-Ата қорымындағы көне құлпытас. Маңғыстау облысы, Қазақстан / Alamy

Әулиелердің саны да көп, атқаратын «қызметі» де сан түрлі. Бұл қатарға құран дәстүрінен алынған әулиелер, сопылар, ру-тайпалардың негізін салғандар, сондай-ақ жекелеген іс-кәсіптің жебеуші пірлері кіреді. Бұған қоса мәдени қаһармандар, тарихи тұлғалар, белгілі бір аймақтардың жебеушісі, жергілікті беделді әулеттердің өкілдері мен табиғат қуатын паш ететін күштер де әулие саналуы мүмкін.

Ислам тараған өзге аймақтар секілді Орталық Азияда да Әбубәкір, Омар, Осман мен Әли сынды Мұхаммед пайғамбардың үзеңгілес серіктерінің аты кең тараған. Олардың түрлі аңызға түрткі болған есімі халық тұрмысына тереңдеп енген. Әсіресе, пайғамбардың немере інісі әрі күйеу баласы саналатын Әзірет ӘлініңiӘли ибн Әбу Тәліп есімі айрықша танымал. Оған Орталық Азия халықтары әспеттеп «Шах-и Мардан» (Құдайдың арыстаны, Батырлардың патшасы) деген лақап ат та берген. Бұл аймақта Әзірет Әлінің есімімен байланысты киелі орындар жетерлік.

Әулие батырлар мен пайғамбардың ұрпақтары

Ресми ислам дәстүрімен байланысты киелі жердің басым бөлігі Қазақстанның оңтүстік өңірінде сақталып қалған. Соның арасында Баба ата немесе Ысқақ баба атты әулиенің орны айрықша саналады. Аңыз бойынша, Ысқақ баба — төртінші халиф Әлидің ұлы Мұхаммед Қанапияның жетінші ұрпағы. Баба ата әулиенің мазары Түркістан облысы, Созақ ауданындағы аттас ауылдың маңында тұр. Өлке тарихы әулиемен тікелей байланысты. Жергілікті тұрғындардың бірі баяндап берген аңыз-әпсана бойынша, Ысқақ баба Қазақстанның оңтүстігінде исламды таратқан. Халықтың сеніміне сүйенсек, ол Орталық Азия халқын ислам дініне кіргізу үшін қалың қол бастап келген екен.

Баба ата кесенесі / wildticketasia

Баба ата кесенесі / wildticketasia

Жергілікті әулиелердің қатарында исламның өзге де көрнекті өкілдері бар. Мұхаммед пайғамбардың серігі және қолбасы Сәид ибн әбу Уаққас (Cәдуақас) Орталық Азияда, соның ішінде Қазақстанда аса танымал. Елдің сеніміне иек артсақ, Сауранда әулие батыр Сәдуақас ата жерленген мазар бар. Хорезм мен Түркіменстанда хатқа түскен аңыздардан айырмасы, Түркістандағы нұсқада Сәдуақастың әу бастағы «дін батыры» ретіндегі бейнесі сақталып қалған. Бұл ислам дәстүрінің ықпалы күшті болғанын көрсетеді.

Жалпы алғанда ислам діні тараған дәуірмен көптеген әулие есімі байланысты. Айталық Қарахан әулетінің негізін салған, ислам дінінің таралуына септескен, аты аңызға айналған Қарахан (Ұлы хан) есімімен Әулие ата кейпі ұштасып жатыр. Әулие ата қазіргі Тараз қаласында (бұрынғы Әулие ата) жерленген. Оның қалпына келтірілген мазары әлі күнге тұр.

Қарахан кесенесі, Тараз, Қазақстан / Alamy

Қарахан кесенесі, Тараз, Қазақстан / Alamy

Әулие алыптар

Түркістан облысында «кәпір» қалмақтар (жоңғарлар)11Қалмақ Кей түркі халқының, оның ішінде қазақтың құрамына кіретін ру-тайпалық топ арасында исламды таратуға белсене кірісіп, аты шыққан әулие Үкаша ата мазары аса танымал. Аңыздарда оның осал тұсы болмағаны айтылады, тек намаз кезінде ғана құдіретті күшінен айырылады екен-мыс. Бұл әулиенің ерекше тұсы — бойы болса керек. Аңызға сенсек, Үкаша атаның бойы 45 метрге жеткен. Сондай-ақ оның мазарының маңайында орналасқан құдық та киелі жер саналады.

Үкаша ата кесенесінде зияратшылар қалдырған ақ бау-маталар / Alamy

Үкаша ата кесенесінде зияратшылар қалдырған ақ бау-маталар / Alamy

Салыстырмалы түрде әулиелердің созылып жатқан, ұзындатып салынған мазары қазақ арасында ғана емес, қарақалпақ, түрік және өзбекте де бар. Айталық, Ұзын ата есімді әулие Шаржүй маңында «18 аршын болатын» молада жатыр.

Көне түркілердің мифологиялық түсінігінде алып Құдайлардың орны айрықша болған. Жанр эволюциясы нәтижесінде олардың кейбірі демонологиялық сипат иеленген. Әлбетте, әулиелерге ұзын бой, орасан зор күш дарыту дәстүрі қазақ халқының архаикалық түсініктерінен бастау алады.

Үкаша ата жөнінде сөз қозғағанда, 1986 жылы бұл әулие жатқан мазар қазылып, 20 метр тереңдікте ешқандай қабір ізі табылмағанын айта кеткен жөн. Дегенмен мазардың бос болуы кенотафтың, яғни мүрде жоқ мазар салу ретінде белгілі, құрмет көрсетуді білдіретін дәстүрдің барлық канонына сай келеді. Кенотаф деп туған жерден жырақта қаза тапқан жандарға символикалық түрде салынатын, әдетте ру зиратына қойылатын мазарды айтады. Сәулетті соғылған үлкен кесенелер көбіне-көп ежелде емес, бертінде салынғаны белгілі боп жатады. Алайда онда жатқан әулиелер бағзы замандарда өмір сүрген болып шығады.

Барша Қазақстан, сондай-ақ Шешенстан, Әзірбайжан, Грузия мен Қырғызстаннан келген жұрт зиярат ететін Үкаша ата мазарының ұзындығы 28 метрге жетеді. Бұл жерге ел әулиеден денсаулық, отбасы мен бала сұрап келеді.

Мұхаммед пайғамбардың аңызға айналған серігі Үкаша атаның 21 метрлік құлпытасы / Alamy

Мұхаммед пайғамбардың аңызға айналған серігі Үкаша атаның 21 метрлік құлпытасы / Alamy

Ал Түркістан облысы, Түркістан ауданы, Абай ауылында ұзындығымен бірден көзге түсетін Гүрзіхан ата әулиенің мазары (30 метр) орналасқан. Аңыз бойынша, ол Мұхаммед пайғамбардың замандасы болған және Үкаша ата іспетті Арабиядан бұл аймаққа ислам дінін таратуға келген. Ақырында осында қайтыс болып, жерленген. Мазардағы шырақшыныңiкиелі орындағы қызметкер сөзінше, Гүрзіхан «алып денелі, ұзын бойлы адам болған, сондықтан тізеден төмен жағы мазарға сыймай қалған» екен.

Әпсанаға сенсек, Гүрзіханның ұзақ жыл баласы болмапты. Күндердің бір күні әулиенің жұбайы «мес», яғни қағанақ киген бала туады. Сондықтан бұл өлкеде «Мес ата» деп аталатын бірнеше жер мен ауыл бар. Әулиенің жұбайы месті жерге қойғанда, бала қағанақтан ытқып шығып, тауға қарай қаша жөнеледі. Әудем жерге барып тоқтап, ата-анасына өзін іздемеуді, арғы әлемде кездесетінін айтып, артқа қарайламай біршама жер жүріңдер деп айғайлайды. Бірақ ата-анасы тыйымды елемей, баласына бұрылып, қарайлап қалады. Сол сәтте Сырдарияның суы құрғайды. Өзеннің суы дәл сол тұста тартылып қала беретіні осыған байланысты екен.

Қаратауда да балаға қатысты, тау бөктеріндегі жықпыл тасты қуалап аққан су тамшылап тұратын Жылаған ата деген киелі үңгір бар. Мұнда жұрт денсаулық сұрап зиярат етіп келеді. Оның суы күнәдан таза адамға ғана бұйырады деген сенім бар.

Оңтүстік өңірде Ғайып ата деп аталатын мазар (кесене, киелі қорған) тұр. Қазақ арасында Ғайып ата — жоғалған пайғамбар дейтін түсінік кең тараған. Әдетте, бұл есімнің артында тұрған әулиенің қандай да бір өмірбаяны бола бермейді. Осы тұста қазақ арасында жабайы аңдардың көбейіп, сақталып қалуына септесетін пір «Ғайып ерен» болғанын атап өткен жөн.

Ғайып Ерен Қырық Шілтен қасиеті орны / titus.kz

Ғайып Ерен Қырық Шілтен қасиеті орны / titus.kz

Қалай дегенде де, исламның қазақ жерінде тарауын баяндайтын деректер мұсылман мистицизмінің жергілікті әулиелер бейнесінің қалыптасуына орасан зор ықпал еткенін дәлелдейді. Бұған қаңлы руынан шыққан, қалмақтарды ислам дініне кіргізген әулие Хазірет Исмаил ата пірдің22«Пір» (парсы. данагөй қарт)әулие, сопылық тарихаттың ұстазы бейнесін мысал етуге болады.

Қожа Ахмет Яссауи және сопылық

Қазақтар киелі санайтын нысандардың арасында Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің алар орны айрықша. Атақты әулиенің есімін алып жүрген бұл кесене Түркістанның «Кіші Мекке» атануына сеп болған киелі орындар кешенінің орталығы саналады.

Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, Әзірет Сұлтан, Түркістан, Қазақстан / Education Images / Universal Images Group / Getty Images

Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, Әзірет Сұлтан, Түркістан, Қазақстан / Education Images / Universal Images Group / Getty Images

Бұдан бөлек Түркістан қаласына таяу маңда аңыз бойынша Ахмет Яссауидің рухани ұстазы болған әулие Арыстан бабтың кесенесі орналасқан. Осы екі кесене — жұрт ең көп зиярат ететін орындар. Қазіргі уақытта Арыстан баб кесенесінің жанынан шәйханасы, кітапханасы, тіпті неке қию рәсімін атқаратын ғимараты бар қонақүй кешені бой көтерген. Сондай-ақ Қожа Ахмет Яссауидің қызы Гауһар ана мазарының аймағындағы құдықтың суы емдік қасиеті бар саналады.

Гауһар Ана кесенесі, Түркістан, Қазақстан / Alamy

Гауһар Ана кесенесі, Түркістан, Қазақстан / Alamy

Халық Яссауи қайтыс болғанда, денесін жууға түскен Қарабура яки Бурахан әулиенің кесенесі Созақ ауылында тұр. Бұл киелі орынды қарап жүретін жергілікті ақсақалдың айтуынша, Қарабураның шын есімі Бурахан Аздар болуы мүмкін. Бурахан Аздар — исламды осы өлкеде алғашқы боп қабылдағандардың бірі, Қараған әулетінің негізін қалағат атақты Қараханның серігі болған деген пікір бар. Оның мазары Тараз қаласында бой көтерген. Яссауи қайтыс болар алдында жаназасын атқаруды осы Бураханға тапсырған деген аңыздан соң бұл тұлғаның есімі көпке танымал болды.

Түркістан қаласы. Кесенедегі әулие Қожа Ахмет Ясауи қабіріне апаратын басты бөлме / Library of Congress

Түркістан қаласы. Кесенедегі әулие Қожа Ахмет Ясауи қабіріне апаратын басты бөлме / Library of Congress

Шопан ата кешені — Маңғыстау облысындағы ең ірі киелі орындардың бірі. Шопан ата қабірі бұл кешеннің орталығы саналады. Кей аңыздарда бұл әулие де заманауи Қазақстан аймағына Арабиядан келіп, Қожа Ахмет Яссауидің шәкірті болғаны айтылады.

Шопан Ата мешіті.  Яков Фёдоров фотосы/ Wikimedia Commons

Шопан Ата мешіті. Яков Фёдоров фотосы/ Wikimedia Commons

Қазақстанның басқа әулиелері секілді, Шопан ата жайлы да әпсәна жетерлік. Соның бірінде қонақасы беріліп жатқан үйге бір жарлы адам кіріп, есік аузына отырып алғаны сөз болады. Бірақ үй иесі оны көрмегендей кейіп танытады. Шақырылған ең құрметті қонаққа қойдың басы тартылған мезетте, ас әуеге көтеріліп, кедейдің алдына кеп түседі. Осыдан кейін жиылған жұрт бұл адамның әулие екенін түсінеді.

Маңғыстау облысында Бекет ата мешітін білмейтін жан кемде-кем. Кей дерек бойынша, ол 18-ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген. Жас күнінде Бекет ата Хиуа медреселерінің бірінде білім алып, қырыққа толғанда сопы атанып, балалардың сауатын аша бастаған. Өз заманында ол қара күшімен айрықшаланып, көп ерлік жасаған көрінеді.

Бекет ата жерасты мешіті, Маңғыстау, Қазақстан / Alamy

Бекет ата жерасты мешіті, Маңғыстау, Қазақстан / Alamy

Бекет ата дау-дамайды ақылға салып шешіп қана қоймай, кедей-кепшікке қол ұшын созып, халықтың сенімі мен құрметіне ие болған. Ол Оғландыдағы өзі соққан мешіттің жанына жерленген. Ал өзі Бейнеу, Ембі, Үстірт (Арал теңізінің маңында) пен Оғландыда төрт жер асты мешітін соққан дейтін дерек бар.

Шақпақ ата мешіті. Шопан ата және Бекет атамен қатар Маңғыстау облысындағы сан түрлі киелі орынның бірі саналады. Яков Фёдоров фотосы.  2018 / Wikimedia Commons

Шақпақ ата мешіті. Шопан ата және Бекет атамен қатар Маңғыстау облысындағы сан түрлі киелі орынның бірі саналады. Яков Фёдоров фотосы. 2018 / Wikimedia Commons

Ру мен аймақтың жебеушілер культі

Қазақ арасындағы әулиелер культінде ата-баба рухына табыну сынды отбасылық-рулық элементтер де сақталған. Бұл, бірінші кезекте, патриархалды-рулық институттардың басым көбінің өміршеңдігімен байланысты.

Түркістан облысы, Бәйдібек ауданында албан, суан және дулат руларының бастауында тұрған әулиелер — Домалақ ана (Ақбастау ауылына 2 шақырым қашықта) және Бәйдібек атаның (Бәйдібек ауылында) мазарлары орналасқан. Аңыз бойынша, Бәйдібек атақты батыр ғана емес, Қожа Ахмет Яссауидың замандасы әрі туысы болған деседі. Сондай-ақ ел арасында ол қазақ халқының басын қосып, жергілікті халық арасында ислам дінін таратқан деген сөз айтылады. Бәйдібектің әйелдерінің бірі, Домалақ ана деген атпен белгілі Бибіажар асқан парасатымен танылған.

 Бәйдібек би мүсіні. Шымкент / Alamy

Бәйдібек би мүсіні. Шымкент / Alamy

Қызылорда облысы, Шиелі ауданында Оқшы ата (қыпшақ күзей руының жебеушісі) әулиенің кесенесі тұр. Оның күмбезін қыпшақ руының өкілдері салған. Жастар әулиенің мазарына жол аштыру үшін келіп, зиярат етеді.

Оңтүстік өңірде сый-құрметке ие әулиелердің қатарында өңірдің жебеушісі саналатын тұлғалар да бар. Айталық, бұл санатқа желеп-жебейтін, ал өзіне құрметсіздік танытқандардың басына бәле үйіретін Үйрек ата, сондай-ақ Түркістанның жергілікті тұрғындарының сәуегейі әрі жебеушісі болған қасиетті Үндемес атаны қоссақ болады.

Киелі табиғат

Қазақтардың діни түсінігінде табиғат культінің де орны елеулі. Түркі халықтарының арасындағы ең ежелгі діни көзқарастың бірі ретінде Көк Тәңірі культін атауға болады. Шоқан Уәлихановтың жазуынша, қазақтар Тәңір сөзін Алла (Құдай, Худа) түсінігіне синоним ретінде қолданған. «Тәңірдің» мағынасына қатысты бірізділік жоқ: ол аспанды немесе құдайды білдіреді. Соңғысы жиірек ұшырасады. Бұл екі ұғым жөнінде сонау 10-ғасырда «бір тәңір» түріктерде «бір құдай» мағынасын береді деп Макдиси де жазды. Тәңір сөзінің «құдай» деп тәпсірленуі жайлы Ибн Фадлан, Махмұт Қашқари, Сириялық Михаил да айтып кеткен, сондай-ақ түркілік, манихейлік және буддалық мәтіндерде де қатталып қалған. Ежелгі түркілердің көк тәңіріне жалбарынғаны туралы дәлел жетерлік. Дегенмен қазақтар су қайнарына, тау шыңына, ағашқа да табынғаны жөнінде мәліметтер бар.

Хан Тәңірі шыңы мен Тұзкөл / Alamy

Хан Тәңірі шыңы мен Тұзкөл / Alamy

Ежелгі анимистикалық көзқарастардың ізі әулиелер культінде көзге бірден түсе қоймайды. Осыған байланысты жаңа этнографиялық деректер айрықша мағынаға ие болуда. Қарқаралы ауданында (Қарағанды облысы) пішіні киіз үйге ұқсайтын Әулие тас деген киелі орын бар. Сондай-ақ «Үшқазан» деп аталатын жер де халық арасында кең танымал. Бұл орынның айрықшалығы — тас қазаннан қайнап шыққан таза су келесі қазанға барып құйылып отыратыны. Қарқаралыдан бес шақырым қашықтағы қарағай орманында Әулие бұлақ ағып жатыр. Зиярат етушілердің сөзінше, оның суы ас қорытуды жақсартады екен.

Әулиетас / greenway.kz

Әулиетас / greenway.kz

Архаикалық анимистикалық ойтанымнан өрбіп шыққан дәстүр элементтерін Жамбыл облысындағы Әулие бастаудан көреміз. Куәгерлердің сөзінше, мұндағы жел құлатқан қасиетті ағаштан қан аққан екен.

Әулиебастау. Яков Фёдоров фотосуреті, 2020 / Wikimedia Commons

Әулиебастау. Яков Фёдоров фотосуреті, 2020 / Wikimedia Commons

Қазақстанда киелі саналатын көлдер біршама белгілі. Айталық, Атыраудағы Әуежай көлі — соның бірі. Халық арасында оның суына түскен адам бәле-жаладан құтылып, жолы болып, бүкіл арманы орындалады деген сенім бар.

Жұмбақтас пен Бурабай көлі – Солтүстік Қазақстандағы аңыз-әпсанаға толы киелі және тылсым орынның бірі / Alamy

Жұмбақтас пен Бурабай көлі – Солтүстік Қазақстандағы аңыз-әпсанаға толы киелі және тылсым орынның бірі / Alamy

Қансырағандай, айғайлап я ызадан булыққан жанның үніндей дыбыс шығаратын ағаш пен бұта көп дәстүрде кездеседі. Оларға қандай да бір зиян келтірудің, тіпті бұтағын сындырудың өзі қауіпті саналады. Ағашқа зиян тигізген адамның басына қара бұлт үйірілмек. Киелі орынның жанында өскен тал-терек те қасиетті саналады. Сондықтан мұндай ағаштарға жұрт түрлі-түсті мата байлап қояды.

Бурабай маңында тілек тілеп жатқан әйел. Қасиетті орындарда өсетін ағаш-бұтаға  мата байланады, бұл жаратушы күштерге арналған сый деп саналады / Alamy

Бурабай маңында тілек тілеп жатқан әйел. Қасиетті орындарда өсетін ағаш-бұтаға мата байланады, бұл жаратушы күштерге арналған сый деп саналады / Alamy

Қазақ арасында мазар басына өскен ағаш жерленген адамның әулие екенін дәлелдейді деген ұғым тараған. Аңызға сәйкес, бағзы заманда «сұрақ алушы мен жауап беруші сөзінің рас-өтірігін» айырып беретін ағаш болған екен. Қабір басындағы киелі ағаш жайлы материалдың көптігі бұл атақты бейненің кең тарағанынан хабар береді.

Қазығұрт тауындағы Нұқ кемесі / shymkentsweettexas.com

Қазығұрт тауындағы Нұқ кемесі / shymkentsweettexas.com

Қазақтардың мұндай өсімдікті айрықша кие тұтуы «ұзақ уақыт бойы ежелгі және жаңа дәуірдегі адами ұжымның әлем туралы моделін анықтап келген әмбебап тұжырым» саналатын өмір ағашы бейнесімен тығыз байланысты архаикалық түсініктен тамыр тартады.

Қазақтардың тұрмысында ислам келгенге дейін болған өзге де культтер исламдағы әулиені кие тұту дәстүріне сай жаңаша түледі. Айталық, Түркістан облысындағы киелі таулардың бірі саналатын Қазығұрт Нұқ кемесі жайлы ислам (сондай-ақ библиялық) аңызымен қабысып кеткен. Бұл тауды қасиетті санау ислам дәстүрінің қазақтардың ежелгі тау культімен астасып жатқанына мысал бола алады.

ҚР Орталық Мемлекеттік Мұражайы экспозициясындағы арқар мүйіз оюы бар белбеу / Qalam

ҚР Орталық Мемлекеттік Мұражайы экспозициясындағы арқар мүйіз оюы бар белбеу / Qalam

Орталық Азияның көп халқы секілді қазақтарда да балықты кие тұтудың сарқыншақтары сақталып қалған. Мұндай дәстүр кей өңірде киелі балығы бар өзен-көл жайлы және онда балық ұстауға болмайтыны секілді бір сарынды өрбиді.

Жануар қасиетті дейтін сенім ежелгі замандардан бастау алатыны белгілі. Көптеген халықтың, соның ішінде қазақтың жоралғылық дәстүрлі мәдениетінде қойдың орны айрықша. Халық арасында кең тараған сенімге сүйенсек, қойдың магиялық күші бар, ал оның кей мүшесі бәле-жаладан қорғап, бойтұмар бола алады-мыс. Қой атауының бала есіміндегі антропонимнің құрамдас бөлігі ретінде кездесетін содан болса керек. Әдетте мұсылмандардың киелі орындарында айрықша құрметтің белгісі ретінде арқардың (таутеке) мүйізімен қатар тұрған қошқардың мүйізін кезіктіруге болады.

Орталық Азия халқының әлем жайлы байырғы түсінігінің көбі қой арқылы фарнның, береке-байлықтың көрініс табуымен немесе қойдың соның бәрінің тасымалдаушысы ретіндегі бейнесімен астасып жатыр. Қазақтың және өңірдегі мал шаруашылығымен айналысатын өзге халықтардың дәстүрлі ою-өрнегінің басты элементі — киіз-кілемде, кестеде кездесетін қойдың мүйізі. Ол молшылық культімен және архаикалық дүниетаным жүйесімен анық байланысты. Бұл ретте «қошқар мүйіздің» ең жиі ұшырасатынын айта кету керек.

Ұлттық нақыштағы, «арқар мүйіз» өрнегі салынған алқа-тұмар. Street Style VFW Almaty 10-маусымы, Алматы, Қазақстан. 16 қазан 2024 жыл, Алматы. Фото: Раймонда Куликаускене / Getty Images

Ұлттық нақыштағы, «арқар мүйіз» өрнегі салынған алқа-тұмар. Street Style VFW Almaty 10-маусымы, Алматы, Қазақстан. 16 қазан 2024 жыл, Алматы. Фото: Раймонда Куликаускене / Getty Images

Қазақ арасында жыланның басы пішіндес ұлу қабыршағы түріндегі тұмар кең тараған. Исламның ежелгі дүниетанымға айтарлықтай ықпал еткеніне қарамастан, қазақтарда жыланды байлықтың, аман-саулықтың, молшылық пен қауіпсіздіктің бейнесі ретінде көру идеясы сақталып қалған.

Қошқар ата өзенінің бастау алар тұсы, Шымкент / shymkentsweettexas.com

Қошқар ата өзенінің бастау алар тұсы, Шымкент / shymkentsweettexas.com

Киелі орындарға қатысты аңыз-әпсаналарда қасиетті мекен маңында ешкімге залал келтірмейтін жылан өмір сүретіні туралы жиі айтылады. Қазақта жыланға қатысты түрлі сенім жетерлік. Ең қатерлі әрі ең ақылды деп қабылданатын Ақ жылан — жыландардың патшасы саналады.

Қасиетті жебеушілер

Басқа халықтар секілді қазақтың да дәстүрінде белгілі бір іске қатысты культтың маңызы зор. Мұның ата-баба культімен байланысты екені айдан анық. Қандай да бір кәсіпке қатысты әулие-жебеушілердің қатарына қазақ бақсыларының пірі, музыкант, әнші саналатын атақты Қорқыт атаны жатқызуға болады. Ал батырлардың жебеуші пірі деп Баба Түкті Шашты Әзизді атайды. Кей аңызда бұл тұлға маңғыт руының мифологиялық арғы атасы деп айтылады. Егіншіліктің жебеушісі Диқан баба саналады. Сондай-ақ мұндай әулиелердің қатарында желдің пірі — Жалаңаш ата, қойдың пірі — Шопан ата, түйе пірі — Ойсыл қара, ірі қара пірі — Зеңгі баба, ешкі пірі — Сексек атаны қосуға болады. Қойдың пірі және қазақтың арғы атасы ретінде Қошқар ата аталады. Оның мазары Түркістан облысы, Созақ ауданында орналасқан. Бір кездері барлық қазақ кие тұтқан қасиетті орын совет заманында түбегейлі ұмыт қалған болатын.

Даладағы әулие мазары. Сергей Прокудин-Горский /  Library of Congress

Даладағы әулие мазары. Сергей Прокудин-Горский / Library of Congress

Қазақта да, Орталық Азияның басқа халықтарында да киелі орынға зиярат етуге дұға жасау, Құран сүрелерін, ең алдымен Фатиха сүресін оқу, киелі орынды сағат тіліне қарсы айналып жүру (тәуәп ету), сондай-ақ мазарға қол тигізіп, мата байлап, қасиетті бұлақтан жуынып, құрбандыққа мал шалу кіреді. Киелі жердің өзі секілді жоғарыдағы әрекеттің көп бөлігі де архаикалық түсініктер мен культтерден бастау алады. Қабірге, құлпытасқа, мазарға қол тигізу фетиштің тылсым күшіне қосылуға деген ұмтылысты, ал ағаш-бағанға мата ілу зияратшы мен культ нысаны арасында магиялық байланыс орнатуды білдіреді.

Киелі орынды айнала қозғалу әрекеті — әмбебап дүние. Ол көптеген діни дәстүрде бар. Айналып жүру жоралғысы, мәселен, қажылық кезінде атқарылады және ол арабтардың ежелгі дүниетанымымен ұштасып жатыр. Ғибадатхананы сағат тіліне қарсы айналып жүру буддизмде де кездеседі. Мұсылман әлемінде белгілі «шыр айналған» дәруіштер де осы қимылды дұға-мінәжатымен қатар атқарады. Қазақта кісіні айналу оның басындағы бәле-жала мен аурудың бәрін өзіңе алып, ол үшін жан беруді білдіреді. Әлі күнге дейін халық арасында «айналайын» деген еркелететін сөз кең тараған.

НЕ ОҚУҒА БОЛАДЫ

1. Валиханов Ч. Ч. Следы шаманства у киргизов // Собр. соч.: В 5 т. –

Алма-Ата: Наука, 1985. – Т. 4.

2. Достанов О. «Әулиелi» жерлер туралы шындық. – Алматы: Қазақстан,

1967.

3. Турсунов Е. Д. Тюрко-монгольские версии сказания об ослеплении

циклопа // Советская тюркология, 1975. – № 3.

4. Мустафина Р. М. Представления, культы, обряды у казахов (в контексте

бытового ислама в Южном Казахстане в к. ХIХ – ХХ вв.). – Алматы:

Қазақ университетi, 1992.

5. Снесарев Г. П. Хорезмские легенды как источник по истории культов

Средней Азии. – М.: Наука, 1983.

6. Басилов В. Н. Культ святых в исламе. – М.: Мысль, 1970.

7. Подвижники ислама. Культ святых и суфизм в Средней Азии и на

Кавказе. – М.: Вост. л-ра РАН, 2003.

Раушан Мустафина

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ