Ерте-ерте кезден бері адамдар жерді жерге жалғайтын жол іздеген. Жалғыз аяқ соқпақтар кеңейіп, керуен жүрер, әскер жортар жолдарға, кемелер шимайлаған теңіз жолдарына айнала берді. Сол жолдарда тауарлар мен саудагерлер ары-бері жосып, жолай идеялар, білім мен жаңалықтар тарата берген. Сол жолдардың бірі де бірегейі, Шығыс пен Батыстың арасын жалғап, дүниенің тарихи келбетін айшықтап берген тоғыз жолдың торабы — Ұлы Жібек жолы болатын.
Жібек жолы — жай ғана керуен, сауда жолдары емес-тін. Оның бойында империялар қақтығысып, керуендер жосып, жібек пен дәмдеуіштер ғана емес, діни наным, поэзия мен музыка да тараған. Осылайша соны мазмұнмен өрнектеліп, жаңа байланыстар туған аймақ өркен жайған нағыз өркениеттер тоғысына айналды.
Жолдың басы
«Әлемді 80 күн ішінде шарлау» романының авторы Жюль Верн ұлы саяхаттар туралы әңгімелерді жақсы көретін. Бір деректі туындысында ол Венеция тумасы Марко Полоның «Әлем ғажайыптары кітабын» мұқият мазмұндап берген. Өзі Марко Полоның әңгімелеріне сеніңкіремесе де, бір нәрсені — Еуропаның делебесін қоздырып, Үндістан мен Қытайға жеткізер жол іздеуге түрткі болған, дәл сол әңгімелер екенін мойындаған. Түптеп келгенде, бүкіл әлемді географиялық жаңалықтар дәуіріне жетелеп апарып, әлемдегі сауданы өзгерткен де — сол кітап еді.

Гиго Габашвили. Самарқандағы базар. Тбилиси, 1896 жыл / Грузия Парламентінің кітапханасы
Марко Полоның өзі Жюль Верн романдарының кейіпкерлері жүріп өткен жолдан анағұрлым ұзақ жүрген. Венециядан шыққан жасөспірім бала 24 жылдан соң үйіне сақа жігіт, дәулетті азамат болып оралады. Сол аралықта ол 24 мың шақырымдай жолды басып өтсе, сол жолдың бір парасы қазіргі Қазақстан жерінен өткен. Қазіргіше салыстырсақ: Сеулден Мехикоға ұшып барып, қайтып келгенге тең жол дер едік. Ол заманда ұшақ болмағанын тағы қосайық!

Ағайынды Пололар мен Құбылай ханның кездесуі. 1274 жыл / Wikimedia commons
Тауарлар мен әсерлер жолы
Ұлы Жібек жолының тарихы дегенде, әдетте б.з.б. 2-ғасырда қытай дипломаты Чжан Цянь аттанған миссиядан бастаймыз. Алайда сауда барысы әріде жатыр. Қазірге дейін Таяу Шығыстағы ежелгі қорымдардан табылған қытай жібегі ол жаққа Орталық Азия арқылы бармаса, басқа жетер жол болмаған.
Екі мың жылдан аса уақыт бойы бұл аймақ Еуразияның басты құрлық жолы болып келді. Аты Жібек жолы болғанымен, затында ол жолдан өтіп, сол жолмен таралған заттарда есеп жоқ. Асыл тұқымды сәйгүліктер, құлақ естіп, көз көрмеген аң-құстың түр-түрі, дәмдеуіштер мен дәрі-дәрмек, қолжазбалар мен идеялар — осының бәрі Жібек жолының бойында еркін жүріп, еркін таралған. Әйтсе де Ұлы жолдың бойымен өткен-кеткеннің бастысы — адамдар, олардың ойы, білімі мен тәжірибесі еді.

Чжан Цзэдуань. Цинмин мерекесі кезіндегі Кайфын (Бяньцзин) қаласының қақпасы. Сун әулеті. 12-ғасыр / Wikimedia Commons
Таң династиясынан шыққан Қытай императорлары сарайларына түркіден әнші-күйші, биші шақырса, Ли Бо деген ақын солардың әуенінің ырғағына елтіп, өлең жазады екен. Қарымтасы деп, қытайдың данышпандары мен монахтары жаңа білім іздеп батысқа жол тартатын. Солардың бірі, философ әрі саяхатшы Сюаньцзан Гоби шөлін кешіп, Тянь-Шань тауын асып, Орталық Азияны шиырлап, сонда көрген жолдары мен қалалары жайында «Батыс жеріне барған саяхат туралы жазбалар» деп сипаттап жазып кеткен.
Идеялар екі тараптан да ағылып жататын. Қытайға буддизм мен ислам, зороастризм мен манихейлік, христиандық пен өзге де наным-сенімдер жеткен. Жібек жолының бойында, Қазақстан аумағында да әлі күнге алуан-алуан діндердің ежелгі киелі нышандары бары да сондықтан. Саудагерлер мен елшілердің жартасқа қашап кеткен сан тілдегі жазуы сол уақыттағы әлемнің нағыз энциклопедиясындай еді.
Жердің жүрегі
Ең қызығы, біз айтып жүрген «Жібек жол» деген атау 19-ғасырда ғана пайда болған. Оны 1877 жылы неміс географы Фердинанд фон Рихтгофен ойлап шығарған екен. Ол Орталық Азияны көктей өтіп, Еуропа мен Қытайды жалғайтын темір жол салсам, ол жол ежелгі жолдар сияқты болса деп армандапты.
Содан ондаған жылдар өте британ географы Хэлфорд Маккиндер Heartland — «жердің жүрегі» концепциясын ұсынады. Оның теориясында алпауыт елдерден алыста жатқан, теңізге шығар жолы жоқ Орталық Еуразия бүкіл «Дүниенің аралына» билік жүргізуге жеткізер кілттің дәл өзі болса керек.

Чарльз Уилда. «Жасыл-нефритті Исида немесе Мысыр антиквариатын сатушы». 1884 жыл / Sotheby's / Wikimedia Commons
Алайда 19–20-ғасырлардағы географтардан бұрын-ақ аймақтың стратегиялық рөлі анық болатын. Ұлы империялардың бәрі осында ұмтылатын, бәрінің іздегені — сауда, көздегені — жолдарды өз қарауына алу. Ескендір Зұлқарнайынның өзі шығысқа аттанған ұлы жорығында Орталық Азияны да бетке алған, Вавилонда қапыда қаза тапқанға дейін тіпті сақтармен шайқасып, Ферғана аңғарында қала салып та үлгерген. Бұл аймақты тағы бір ұлы император — ұлы парсы патшасы Кир жаулап алмақ болған, тек Геродоттың жазуынша, массагеттер патшайымы Томиристің қолынан шайқаста өлген.
Көк сәйгүліктері мен таңғажайып жібек
Ғұндар, түркілер, өзге де көшпелі империялар керуен жолдары бойындағы көршілер ғана емес, сол жолдағы негізгі ойыншылар болатын. Олар қытай жібегін батысқа сатып, өз жерінен өтетін жол бөліктерінің қауіпсіздігін қадағалап отырған. Уақыт өте ғұндар қазіргі Шыңжаңнан шығып Соғдыға, Бактрия мен Каспий теңізіне апаратын сауда жолдарын толық өз бақылауына алған.

Керамикалық бұйымдарды тасымалдау. Жібектегі сурет. 15-ғасыр / Topkapi Palace Museum / Art Images via Getty Images
Ол заманда жібек тек сән бұйымы, екінің бірінің қолы жетпес байлық қана емес, валюта есепті де болатын. Сарбаздар мен шенеуніктердің жалақысы есебіне жібек берілетін. Алайда көбінесе жібек Қытайға бәрінен қымбат дүние — Орталық Азиядан шыққан сәйгүліктерге айырбасқа жүретін. Қытай жылнамаларында тіпті Жібек жолының қалыптасу идеясы мен Чжан Цянь елшінің сол аймаққа барған миссиясы Қытайдың У-ди императорының қайтсе де Орталық Азияның «терлегенде шып-шып етіп қан шығатын» (қытай дереккөздерінде дәл солай сипатталған) «көк сәйгүліктерін» қолына түсірсем деген есін алған құмарына байланыстыра айтылады. Оның үстіне екі мыңдай жыл бұрын ғұндардың өзі ғана тату қатынастан айнымағаны үшін Хань империясынан жылына 27 тонна жібек алып отырса керек. Сөйтіп, сәйгүлік саудасы мен алым-салықтың арқасында түрік қағандары орасан көп жібек тасымалын уысында ұстап, оны негізінен соғды саудагерлері арқылы өткізіп отырған.

Жан-Леон Жером. «Кілем сатушы». Шамамен 1887 жыл / Миннеаполис өнер институты / The William Hood Dunwoody Fund
Римге сол тауардың болар-болмас бөлігі ғана жетіп, көбі Орталық Азияның базарларынан аспай қалатын. Өйткені Жібек жолы дегеннің өзі бір ғана жол емес, аймақты торлай жатқан бағыттар торабы болатын. Саудагерлердің көбі өз ауылынан таяу маңдағы қалаға ғана қатынап жүретін, ал шұраттары көп, көшпелі мәдениет жайлаған Орталық Азияның өзі сол тораптың ең тіршілігі қыз-қыз қайнаған нүктесі еді.
Жол ауыр болатын: шұбатылған керуендер Тянь-Шань асуларынан өтіп, Гоби, Қызылқұм, Такла-Макан шөлдерін басып, Жерорта теңізінен Тарым ойпатына дейін бес айдай жүретін. Ондайда көшпенді халықтардың делдал қызметі жанданатын: жолшыбай жолыққан ауылдар жолаушылардың аты мен түйесін ауыстырып беріп, суы мен азығын қамдап, өз аумағынан алаңсыз өтуіне септесетін. Олардың «логистика» қызметі жүздеген, тіпті мыңдаған шақырым жерге созылатын.
Моңғолдардың жаһандануы
13-ғасырда түркі және моңғол тайпалары Шыңғыс ханның қоластына бірігіп, тарихтағы ең үлкен құрлық империясы құрылды. Еуразиядағы негізгі жол тораптарының бәрі, Жібек жолы да сол империяға қарап қалды.
Жан-жағын жайпаған басқыншылықтан кейін реформалар дәуірі басталды. Моңғолдар лау жүйесін қайта құрып, пайза деп аталатын металл «төлқұжаттар» енгізді, ақша мен өлшем бірліктерін біріздендіріп, халықаралық байланысқа жан бітірді. Қазіргі Сеулдан Анталияға, Тбилисиден Гуанчжоуға дейінгі ұлан-ғайыр аумақта заң ортақ болды. Мыңдаған лау бекеті саудагерлер мен елшілердің атын ауыстырып, ас-суын қамдап, жылдам әрі қауіпсіз жүруіне қамтамасыз ететін.

Алтын Орда ханы Абдолланың пайзасы. 14-ғасырдың екінші жартысы / Татар мемлекеттілік тарих мұражайы, Қазан / Fine Art Images / Heritage Images / Getty Images
Тіпті Шыңғысхан империясы ыдырап кеткеннен кейін де ол жүйенің жұмысы тоқтаған жоқ. Орталық Азия теңізге шығар жолы жоқ аймақтағы жалғыз көлік күрежолы болып қала берді.
Әлбетте ұшақтар шыққанға дейін.
Әуедегі Жібек жолы
Қазіргі Орталық Азия сол міндетін әлі де атқарып келеді, тек енді сол жол әуеде салынды.
Аймақтағы ең ірі әуе компаниясы — Air Astana бір кездегі керуен жолдарының міндетін атқарып отыр: Шығыс пен Батысты жалғап, жаңа бағыттар қалыптастырып, қалаларды бір-біріне жақындатып келеді.
2025 жылғы көктем-жазда компания жаңа бағыттар ашып, танымал бағыттарды күшейте түсті. Енді бұрын керуен тартып айлап жүретін жерге — Алматы не Астанадан Ыстанбұлға, Тбилиси не Анталияға санаулы сағатта жетуге болады. Қазақстаннан Еуропаның ең ірі жол тоғысының бірі — Франкфуртке, сондай-ақ бұрынғыдай қазір де сауда-саттық орталығына айналған Гуанчжоу мен Мумбайға апаратын тікелей рейстер тоқтаусыз ұшып жатыр.
Ал Марко Полоның «ғажайып саяхатын» жалғаймын дегендерге Air Astana Вьетнамның жағалауын аппақ құм көмкерген, ежелгі пагодалармен қоса ондаған мәдениеттің дәмі араласқан тағамдарын татып көруге болатын қалалары — Нячанг пен Данангке апаратын рейстер де бар.
Бүгінде Air Astana бағыттарының картасы баяғы Жібек жолына ұқсайды, тек енді ол жер бетін емес, көк жүзін шиырлап жатыр.
Жюль Верн мен оның аяны
Әйтсе де, осы әңгімеге мұрындық болған Жюль Вернге бір айналып соғайық.
1893 жылы ол «Клодиус Бомбарнак» («Арнаулы тілшінің Орталық Азиядағы басынан кешкендері» деген танымал атауы бар) деген роман жазады. Сол романда ол заманда әлі елесі де жоқ — Каспий теңізі мен Бейжіңнің арасын жалғап жатқан теміржол желісі туралы айтылады. 2014 жылдан бері сол жолды «Транскаспий көлік бағытымен» жүріп өтуге болады. Алайда Жюль Верннің ең басты аяны — оның 1886 жылы ағайынды Райттардың тұңғыш ұшағы алғаш рет көкке көтерілерден 17 жыл бұрын жазылған «Жаулап алушы Робур» деген ғылыми-фантастикалық романындағы бір сөйлем болар:
«Келешек аэростаттардікі емес. Келешек ұшатын машиналардікі».