Ли Куан Ю — Сингапурдың бірінші премьер-министрі болып 31 жыл жұмыс істеген, тиісті экономикалық ғажайыптың авторы және Маргарет Тэтчердің айтуынша, бір де бір рет қателеспеген адам.
ИЕРАРХИЯ ТУРАЛЫ
«Ешкім де өзінен асып түсетін адамға дұрыс баға бере алмайды. Сондықтан біз ешқашан да өзімізден төмен адамның пікірін сұрамаймыз. Дәрежесі жағынан төмен тұрған адамның өзінен жоғары тұрған адам туралы «Ол менен артық» деп айта алуы өте сирек кездесетін жайт. Егер жоғарыда осал адамдар болса, онда бүкіл жүйе біртіндеп қирай бастайды. Бұған шара жоқ».
КОНФУЦИЙ ІЛІМІ ТУРАЛЫ
«Мен о баста конфуцийшілдік бойынша тәрбие алған жоқпын. Конфуцийшілдікті ең қарапайым деңгейде қабылдадым. Мен үлкендерді құрметтеу, отбасыма адал болуым керек екенін, достарыма қалай қарау керек екенін, үкіметті немесе корольді құлатуға болмайтынын білетін едім. Бірақ егер мені біреу қорласа, ал мен өзімді қорғай алмасам, қытайлардың әдет-ғұрпы бойынша мен сенімнен айырыламын. Азиялық модель деген нәрсе жоқ, бірақ конфуцийшілдік құндылықтары мен батыстың либералдық құндылықтарына негізделген қоғамдар арасында, Шығыс Азия мемлекеттері мен батыс мемлекеттерінің арасында түбегейлі айырмашылық бар. Конфуцийшіл қоғамдарда адамдар жеке адамның отбасы, туыстары, достары мен қоғамның арасында күн кешетініне, ал үкіметтің отбасының рөлін атқара алмайтынына және оны қабылдамауға тиіс екеніне сенеді. Батыстағы көптеген адамдар отбасын құру сәтсіз болған кезде, мысалы, жалғыз басты ананың жағдайында, үкімет отбасының міндетін атқара алады деп санайды. Шығыс Азия елдерінің тұрғындары мұндай көзқарасты қабылдамайды».
МЕДИТАЦИЯ ТУРАЛЫ
«Мен бірнәрсеге күйзелген жағдайда белгілі бір деңгейге жете аламын, ал егер ұрысқақ болып бара жатқанымды сезінсем, тыныш жерге отырамын. Жиырма-отыз минуттан кейін жүрек соғысым бәсеңдейді. Мұны пайдалы деп санаймын. Өзіңізге басқа адамның көзімен қараңыз, содан кейін сіз кенеттен әр нәрсені шынайы қалпында көруім керек деп ойлай бастайсыз. Меніңше, медитацияны мектепте үйрету керек, өйткені бұл адамдарды дәрігерге қаралудан, валиум қабылдаудан және сол сияқты пәлелерден сақтайды. Иә-иә, мен өзімді буддист деп атаймын. Буддист ғибадатханаларының көпшілігінде лотос қалпында отыратын монахтар мен шәкірттер болады, олар алақандарын тостағанша қосып, терең тыныс алады, бұл орайда олардың көзі ашық, бірақ алдында ештеңені де көрмейді, олардың денесі босаң. Мен олай істей алмаймын. Мен көзімді жұмып, соған ұқсас нәтижеге жете аламын, бірақ ол монахтардікі сияқты емес. Жапонияның бұрынғы премьер-министрі Ясухиро Накасонэ аптасына бір рет лотос позициясында медитация жасай отырып, бір сағатын ғибадатханада өткізген. Баяғыда Сингапурда оны кешкі асқа шақырған кезде ол маған: «Мен жай ғана тыныш жерде отырамын да, бүкіл дүниеден ада күй кешемін». Мен лотос қалпында отыра алмаймын. Отырып көріп едім, жамбас буыным тайып кетті».
ЭКСПАТТАР ТУРАЛЫ
«Егер дарынды шетелдіктер болмаса, Сингапур осындай өркендеген мемлекетке айналмас еді. Он адамнан құралған алғашқы үкіметтің құрамында Сингапурда дүниеге келіп, білім алған жалғыз мен ғана едім. Ал егер біз командамызды дарынды шетелдіктермен күшейте алмасақ, онда бізге дүние жүзі мемлекеттерінің жоғары лигасына кірудің де сәті түспейді».
ТҮКІРІК ТУРАЛЫ
«1976 жылы Бейжіңдегі Халықтардың үлкен сарайына (Great Hall of the People) алғаш барған кезімде мен онда түкіргіштер барын байқадым. Қытай басшылары оларды шынында да пайдаланатын. 1977 жылы Сингапурға Дэн Сяопин келгенде, біз оның отырыс залындағы орындығының жанына Мин әулетінің ақшыл көгілдір түсті түкіргішін қойдық, бірақ ол оны пайдаланған жоқ. Сірә, Сингапурда қытайлықтардың түкірмейтінін байқаса керек.
Мен 60-жылдары түкіруге қарсы науқанды бастадым, дегенмен, 80-жылдары да кейбір жүргізушілер көлік терезесінен түкіріп жататын, ал кейбір адамдар дүкендер мен базарларда түкіруін әлі де қоймайтын. Біз мектептер мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы түкірудің туберкулез сияқты аурулардың таралуына ықпал ететіні туралы айта отырып, осы бір пәлеге қарсы күресті табанды түрде жалғастырумен болдық. Ал қазір қоғамдық орындарда түкіретін адамдарды сирек көруге болады. Біз — үйреніп қалған жерінен қопарыла көшкен, демек, жаңа елде жақсы өмір сүру үшін ескі әдеттерінен бас тартуға дайын болған қоныс аударушылар ұлтымыз».
«ТАТЛЕР» ЖУРНАЛЫ ТУРАЛЫ
«Сіз айтып отырған береке-байлықты негізінен үнді халқының әйелдері дәл осылай паш етеді. Сіз «Татлер» сияқты журналдарда көрсетілетін сән-салтанатты қарай аласыз ғой, солай емес пе? Мен әлеуметтік таңдаулы топтардың мәдениетін қалыптастыруға жақтас емеспін, бірақ біз ондай мәдениеттің болуына құқық береміз деп шештік. Әр қоғамның шырқау шыңында жаңа сән үлгілерін шығарушы, зайырлы кештердің қыдырмасы болғысы келетін біраз адамдар болады. Оларды жайына қалдырайық. Олар көп емес. Олар стандарттарды белгілей алмайды. Стандарттарды министрлер, парламент мүшелері және жоғары дәрежелі басшылар белгілейді».
СЫНШЫЛАР МЕН ТЕОРИЯШЫЛАР ТУРАЛЫ
«Мен сарапшылар мен сарапшысымақтардан, әсіресе әлеуметтік және саяси ғылымдар саласындағы ғалымдардан шығатын сын мен ақыл-кеңесті елемеуді үйрендім. Олардың қоғамды өздерінің идеалына жақындату үшін оның қалай дамуға тиіс екені, әсіресе кедейлік жойылып, әл-ауқат артуы үшін не істеу керек екені туралы толып жатқан таңдаулы теориялары болады. Мен әрдайым саяси сыпайылыққа назар аудармастан, істің мәнісі бойынша дұрыс әрекет етуге тырыстым».
ЖОҒАРЫ БІЛІМДІ ӘЙЕЛДЕР ТУРАЛЫ
«Егер жоғары білімді еркек жоғары білімді әйелге үйленгісі келмесе, мен оны ақымақ дер едім. Білімсіз әйелге үйленсең, қиындық көп болады, балаларыңның кейбіреуі ақылды болады, кейбіреулері ақылды болмайды. Төбе шашыңды жұлатын боласың».
ТӘН ЖАЗАСЫ ТУРАЛЫ
«Сингапурды жапондар басып алған кезеңдегі тауқымет пен қиыншылық жылдары көрген жайттардан кейін қылмыскер қоғамның құрбаны деген теорияны қабылдамайтын болдым. Сол кездегі жазаның қатал болғаны соншалық, тіпті 1944–1945 жылдары көптеген адамдар аштықтан зардап шеккенде, қалада ұрлық-қарлық болмайтын, тұрғындар үйлерінің есігін қорықпастан күндіз-түні ашық қалдыра алатын. Қорқытып-үркітудің нәтижесі тиімді болды. Ағылшындар Сингапурда тән жазасын: бес тарамыс қамшымен немесе пальма таяғымен дүре соғуды қолданған. Соғыстан кейін олар қамшымен дүре соғудан бас тартты, бірақ таяқпен ұрып жазалауды сақтап қалды. Біз тән жазасы ұзақ мерзімге түрмеге қамауға қарағанда пәрмендірек болады деп санадық, сондықтан мұндай жаза түрлерін есірткіге байланысты қылмыстар, қару-жарақ саудасы, зорлау, Сингапурға заңсыз келу және қоғамдық мүлікке нұқсан келтіру қылмысы үшін енгіздік.
Мен өзім ешқашан балаларды ұрып-соққан емеспін — қатаң ескерту жасау жеткілікті болатын. Менің әкем жиі күш қолданатын, сондықтан мен бала тәрбиесінде қол күшін пайдалануға қарсы болдым».
ДЕМОКРАТИЯ ТУРАЛЫ
«Демократия тек егер адамдарда бір-бірін төзуге және бір-біріне бейімделуге негізделген мәдениет болған жағдайда ғана жұмыс істейді, бұл көпшіліктің өз кезегін шыдамдылықпен және бейбіт жолмен күтіп, сайлаушылардың көпшілігін өздерінің көзқарасын қолдауға алдын ала сендіріп, келесі сайлауға дейін істерін өзінше жүргізуге деген құқығын азшылықтың мойындауына мүмкіндік береді. Егер демократиялық жүйе халқы Оңтүстік Кореядағы сияқты соңына дейін шайқасуға дағдыланған елде енгізілсе, нәтижесі аса жақсы болмайды. Оңтүстік Кореяның тұрғындары өздерін әскери диктатор басқара ма немесе демократиялық жолмен сайланған президент басқара ма, оған қарамастан көшелерде шайқаса береді».
ІСКЕРЛІК МӘДЕНИЕТ ТУРАЛЫ
«Біздегі бизнес жүргізу мәдениеті қытай мәдениетінен мүлдем басқаша болатын. Сингапурлықтар келісімшарттарды сөзсіз орындауды өзінен өзі-ақ түсінікті нәрсе деп санайды. Егер біз келісімге қол қоятын болсақ, оны түбегейлі және біржола жасаймыз. Біз құжаттарды ағылшын және қытай тілдерінде рәсімдеуге баса назар аударамыз, және де екі нұсқасының да бірдей күші болады. Ал Сучжоудың билікi
КЕҢЕСТІК ҚАРЫЗГЕРЛЕР ТУРАЛЫ
«КСРО премьер-министрі Николай Рыжков 1990 жылдың ақпанында Сингапурға келген кезде ол мүлде басқа үкімет пен мүлде басқа елдің өкілі болатын. Оның өзіне деген сенімі де жоқ еді, тіпті өзін ұлы держава басшысы сияқты ұстаған да жоқ. Ол премьер-министрдің орынбасары Он Тен Чионнан Сингапурдан тұтыну тауарларын сатып алу үшін 50 миллион доллар мөлшерінде қарыз беруді сұрады. Мен бұған келіспедім де, Он Тен Чионға бұл өтінішке жауап бермеуді бұйырдым. Егер Кеңес Одағының премьер-министрі кіп-кішкентай Сингапурдан 50 миллион доллар қарыз сұрауға мәжбүр болса, демек, КСРО үлкен мемлекеттердің бәрінен бүкіл несиені алып тауысқан шығар. Кеңес Одағының мемлекеттік борыштық міндеттемелерінің құны түкке де тұрмайтын».
ЖАҢА ЗЕЛАНДИЯ ТУРАЛЫ
«Біз Жаңа Зеландия сияқты қауіпсіз жағдайдамыз ба және әуе күштерінен бас тарта аламыз ба? Жоқ. Жаңа Зеландия сияқты болғанымызды қалар ма едім? Шын мәнінде қаламас едім. Менің ойымша, мұндай экономика қызықсыз, онда орын алатын оқиғалар шамалы. Иә, олар жылқы, сиыр мен қой түлігі үшін әлемдегі ең жақсы шөпті өсіреді. Бірақ мұндай өмірдің қызығы жоқ».
ТЕМЕКІ ТАРТУ ТУРАЛЫ
«Мен 1957 жылға дейін күніне шамамен 20 шылым шегуді әдетке айналдырған болатынмын, сол кезде муниципалитетке сайлау алдындағы үш аптаға созылған науқаннан кейін дауысымнан айырылып, тіпті қолдау көрсеткені үшін сайлаушыларыма алғыс айта да алмадым. Темекіні ақылға қонымды түрде шектей алмағандықтан, оны тартуды мүлдем тоқтаттым. Екі апта бойы қатты қиналдым. 60-жылдары менде темекі түтініне аллергия пайда болды да, кеңсем мен кабинетімде темекі тартуға тыйым салдым. Бірнеше жыл ішінде министрлердің көпшілігі темекі тартуын қойды, тек екі шылымқор ғана тастай алмады, олар ашық верандада темекі тарту үшін үкіметтің отырыстарынан он минутқа шығып кететін».
ҚЫТАЙ МЕН АМЕРИКАНЫҢ БІР-БІРІНЕ ҚАРСЫ ТҰРУЫ ТУРАЛЫ
Әлеуметтік биолог Эдвард Уилсон (Edward Wilson) «екі тайпа күрескен кезде үшінші тайпа ДНҚ-сы өзіне неғұрлым жақын тұрған тайпаны қолдайды» дейді. Ол мұны туа біткен, тұқым қуалайтын, көбеюге ұмтылатын ген ретінде сипаттайды.
Қытайды қараңыз, сонда олардың ғасырлар бойы жаулап алынғанын және ғасырлар бойы ханьдықтардың бөгде халықтарды — маньчжурларды, моңғолдарды сіңіріп алғанын, ақыры олардың бәрінің ханьдықтарға айналғанын көресіз. Оларға сіңісіп кетпеген бірден бір тайпалар — ұйғырлар және Нинся (Ningxia) аймағының мұсылмандары. Олар сіңіріп ала алмаған тағы бір топ — тибеттіктер. Оның себебі — тибеттіктер ауасындағы оттегі мөлшері аз биік тауларда өмір сүреді, сондықтан ол жерге жіберілген көптеген ханьдықтар қайта оралуға мәжбүр болды, өйткені олардың өкпесі бейімделе алмады.
Ақ нәсілді адамдарға қараңызшы. Олар империя үшін күресте бір-бірімен соғысты. Әуелі британдықтар Үндістанның, Оңтүстік-Шығыс Азияның, Африканың ірі бөліктерін жаулап алды, Солтүстік Американы басып алды, бірақ оларды америкалық отарларға, Австралия мен Жаңа Зеландияға, Оңтүстік Африкаға берді.
Меніңше, бұл — адамзаттың дамуының ажырамас бөлігі, өйткені қазір бүкіл әлем бір-бірімен өзара байланысқан, сөйтіп, Америка мен Еуропаның ақ нәсілді басшылары әуелі қытайлар, содан кейін үнділер үстемдік ететін әлеммен бетпе-бет келді. Қытайлар біртіндеп америкалықтармен теңесе бастағанда не болатынын мен нақты білмеймін, ал бұл ғасырдың соңына қарай орын алады деп күтілуде. Келесі ғасырға қарай мынаны мойындауға тура келеді: сендер не бірге өмір сүресіңдер немесе бір-біріңнің түбіңе жетесіңдер».
ТЕҢСІЗДІК ТУРАЛЫ
«Мен теорияларды зертттеймін, себебі теория құрғанды өзім де жақсы көремін. Бірақ маған іс-тәжірибеде дәлелденген теориялар ұнайды. Мен адамдардың бәрі шын мәнінде тең деген теорияны кездестірген жоқпын».
ҮЙ ТУРАЛЫ
«Мен министрлер кабинетіне өзім қайтыс болғаннан кейін үйімді бұзып тастау туралы нұсқау бердім. Мен Неру, Шекспир сияқты басқа әйгілі адамдардың үйлерін көрдім. Біраз уақыттан кейін олар қирандыға айналды. Олардың ішінде шаршап-шалдыққан адамдар жүреді. Менің үйіме жақын жерде биік ғимарат тұрғызуға болмайды. Егер менің үйімді бұзып тастап, жайғастыру ережелерін өзгертсе, көп қабатты үй салуға болады және жердің бағасы да артады. Үйімді сақтаудың қаншаға түсетінін білесіз бе? Бұл жүз жылдан астам уақыт бұрын салынған ескі үй. Оның іргетасы жоқ. Оны жақсы күйде ұстау көп шығынды талап етеді себебі, іргетасы болмағандықтан қабырғасы сыз тартады. Көрші телімдерде қада қағудың салдарынан қабырғаларда жарықшақтар пайда болды. Бірақ, бір жақсысы, бағаналарға нұқсан келген жоқ».