ЛИВАННЫҢ ЖАПОНДЫҚ ДӘМІ

Реко Секигутидің «Бейруттағы 961 сағат және олар жол-жөнекей талқажау еткен 321 тамақ» кітабы жөнінде

Грек Әулие Георгий соборы және Мұхаммед әл-Амин мешіті. Бейрут, Ливан / Alamy

Жапондық эссеист Реко Сегикути бұл кітапты 2018 жылы Бейрутқа жасаған сапары барысындағы гастрономиялық мотивтер бойынша жазған (үлкен соғыстардан кейін және жаңа дүрбелеңге дейін).

Секигутидің бақылауынша, бейруттық отбасылардың ішіне бұққан сырлары жетерлік. Дегенмен, оның мәтіндерінде өткір тұжырым мен артық ауыз сөз жоқ. Кітаптың атауына қарап, туындыда ақпарат шамадан тыс көп әрі энергияны сарқитындай көрінгенімен, шынтуайтында бұл мәтінді қысқартса да, толықтыра түссе де ұтымды болатын сезімтал адамның қысқа қайырған бақылаулары баяндалған күнделік іспеттес. Бастапқыда мұндай баяндау оқырманның титығына тиеді (Бейрут тәрізді бәрі де айқын әрі азап шеккен қала жөніндегі туындыдан тығыз әрі шымшытырық баяндау тәсілін күтесің). Бірақ кітапты оқып отырып, автордың ашықтығы дөп тиген әрі ақталған тәсіл екенін түсінесің. Реко Сегикути айтпақшы, «бұл елестер жайлаған қала» және қала жөніндегі шындық соғыс өрті тұсында балқып кеткен жергілікті музей стақандары секілді аңдатпаларға мұқтаж емес.

«Бейруттағы 961 сағат» еңбегі прозаның әйелдік документалдық жанрына жатады. Бұл жанрда (идеяға қарағанда, импрессия басым болған лирикалық нон-фикшн) ағылшын жазушысы Оливия Лэнг қалам тартып жүр. Алайда Реко Секигутидің ұтымды тұсы, ол аталған жанрда өзінің ұлттық мәнерімен айрықшаланады. Оның нұсқасында «жақын болашақ — қиялға ерік беруге қолайлы уақыт» деген секілді таптаурынға айналған кез келген тіркес, хокку тәріздес мағынасы айқын түсінік секілді көрінеді. Бала кезінде автордың атасы қайтыс болған соң екі күн бойына ас ішуден бас тартып, ақыры бір тілім қуырылған тауық етін жегенде, өлілер мен тірілер әлемінің айырмашылығын айқын аңдағанын, өйткені тамақ қана осы әлемдегі тыныс тіршілігімізді қамтамасыз еткенін түйсінгені жөніндегі естеліктері әсерлі шыққан.

Секигутидің Бейруттағы бүкіл сапары «Сіздерде қалай екенін білмеймін, ал бізде Жапонияда» деген секілді таусылмайтын лирикалық шегіністерге құрылған. Сондықтан бұл баян, шынтуайтында, оқырманды Ливаннан гөрі Токиоға жақындатады. Бұл, әсіресе, автор моллюскіден жасалған токиолық сорпа сынды жапон асханасы, жылына елде бір жарым мыңдай адам аштықтан өлетіні (жалпы, жапондар үшін Екінші Дүниежүзілік соғыс тұсында қаза тапқан сарбаздар, шын мәнінде ұрыстарда емес, майдан даласына жеткілікті дәрежеде ас-ауқат, керек-жарақ жеткізілмегендіктен өлгені табуға айналған басты тақырыптың бірі) айтуға тыйым салынған тақырыптар жөнінде жазғанда байқалады.

Бұл еңбек, жалпы алғанда гастрономиялық анықтама емес. Әрі кітапта тек бір ғана тамақ рецепті жазылған және оның өзі Ливанның асы емес (жүзім жапырақтарынан жасалған темпура). Бұл жағдайда, гастрономия қаланы танудың бір тәсілі ретінде ғана қызмет атқарған (кітаптағы жергілікті кейіпкердің бірі айтқандай, Ливан туының түсі — табуладағы түспен бірдей: пияз, ақжелген, қызанақ). Айталық, жазушының өзі табуланы «жарылғыш ас» және «кішігірім бомба» деп атаған. Ал географияны ескерер болсақ, оның зерттеулері айтарлықтай қауіпті метафоралардан тұрады (өзіндік акварелдік баяндау стилі бар автордың ойын толық қолдауға болмайды).

Рёко Секигути. «Бейруттағы 961 сағат (және олармен бірге келген 321 тағам)» кітабы

Тамақтың образдары мұнда, рецептураны қажет етпейтін өмір белгілері секілді, өз бетінше өмір сүреді — мансаф (қозы етінен жасалатын мереке кезінде дайындалатын ас) және мигли (даршын мен күріштен жасалған тәтті), анистен демделген шай және жасыл бидай дәнінен жасалған фрике, «Гитлер» коктейлі мен «кішкентай қаншық» деп аталатын бәліш. Секигути, ең алдымен жақсы күйді қалыптастырады. Ол тамаққа ұмсынған қолды, дыбысты, иістерді, сондай-ақ көгөністер неліктен онымен сөйлеспей қойғанын жазады. Ливанға бас сұққан жандар, автордың бақылаулары дәл жасалғанын аңғарады (мәселен, жергілікті ас үйге қатысты, бұл «тәкаппар әйелдердің ас үйі» деген сөзінің дөп түскенін мойындау керек, оның үстіне Бейруттың өзі қартайған өркөкірек кемпірге ұқсайды). Аталған еңбек дәмдерге қарағанда, сөздер жөніндегі баянға келеді: «Тағамдардың аттарын атаумен-ақ күпті болып жүрміз. Бұл тұмсығымен балапандарына ас тасыған құстарды еске салады».

Бұл кітаптың негізгі мотиві — соғыс, осалдық пен ностальгия. Мұнда тамақ өткенді сақтап қалудың ұмтылысы ретінде суреттелгені түсінікті. Өткен өмір күлкілі-күйбең («Ол тағамдар ешқайда кетіп қалған жоқ. Олар жоғалып кетпейді де. Тек кейбір әйелдер ол тағамдарды жасағысы келмейді») немесе тағылымы терең әңгіме болуы да мүмкін. Автордың концлагердегі жұрт бейбіт өмірдің соңғы естелігі ретінде тамақ рецептерімен алмасқаны жөнінде жазған тұсы сөзімізге дәлел.

Аталған кітаптан Ливан асханасы жайында көп ақпар ала қоймайсыз, бірақ оның орнына мүлдем күтпеген салаларға қатысты теңдессіз мағлұматқа жолығасыз. Мәселен, Алматыда жақында ғана болған жер сілкінісіне байланысты, пайдасы тиетін жапондық тәжірибе жөнінде сөз болған: «Бізде Жапонияда жер сілкінісі мен тайфун кезінде ешкім терезеге жақын келмейді. Өйткені терезеден сілкініс кезінде тысқа құлап кетуіңіз мүмкін. Сондай-ақ түн ішінде болған жер сілкінісі кезінде сынған терезе сынықтары аяққа кіріп кетпес үшін, аяқкиімді төсек астына қойып жату ұсынылады».

Көшірілді