Көшпенділер мысты жай металл ғана деп білген жоқ. Мыс өндіріп, жез өңдеу салыстырмалы түрде оңай, оны отқа қыздырмай-ақ соғуға болады, сондықтан әшекейге де, тұрмыс бұйымдарына да жарай береді. Орталық Азия даласында осы металл қарапайым тіршілікте қолданылғанынан бөлек, рәміздік мән дарып, қазақтың дәстүрлі мәдениетінде қуат пен ғайып күшінің қайнар көзі есепті болған. Тарих ғылымдарының кандидаты, зерттеуші Салтанат Асанова мыстың киелі металдан өркениет рәмізіне айналған жолынан сыр шертеді.
Мыс — адамзат баласы кен күйінде де, кеннен қорытып алған күйінде де игерген ең ежелгі металдардың бірі ғана емес, едәуір күрделі әрі техникалық жағынан ілгері басқан қоғамдар, яғни өркениеттің бастауы дәл осы мысқа телінеді. Тіпті адамзат тарихындағы екі — мыс және қола дәуірінің атауы да осы металдан шығады. Қола дәуірде металл қорытпаларды өңдеу жақсарып, тау-кен-металлургия технологиялары жетілгеніне қоса, жазу-сызу да дамып, ғылымның, күрделі иерархиялы қоғам құрылымдарының, діни наным мен эстетиканың негізі қаланды. Қойнауы мыс кеніне де, бірегей археологиялық жез жәдігерлерге де бай, ғасырлардан жеткен металл өңдеудің айрықша техникасы мен эстетикасы бар Қазақстан аумағы ежелгі заманда да, қазір де мыс кені мен оның қорытпалары игерілген мекен болып келді.

Табиғи мыс / Getty Images
Алайда ежелден мыс өндіру тарихы бар өзге аймақтардан бір ерекшелігі — қазақ даласында бұл асыл металға ерекше нышан, тіпті әлдебір ғайып күші дарыған саналатын. Қазақ хандарының ел бірлігі мен қуатының рәмізіндей мөр-жүзіктері де «шығыс қоласы» аталған мыс пен тағы алты металдың қорытпасынан соғылатыны бекер емес.
Тіл мен мифтердегі мыс бейнесі
Қазақ тілінде мыстың өзінен бөлек, оның кеңірек тараған қорытпасы жез деп аталады. Бұлар ықылым заманнан кәсіп сөздігінің аясынан асып, ауыз әдебиеті мен мифологияның бір бөлігіне айналып кеткен. Ертегі-аңыздардағы киелі жан-жануар бейнесінде «Жез киік», «Жез тұяқты Жиренше» (адамша сөйлей алатын ат) сынды кейіпкерлер бар.
Мыс сарыны қазақ мифтері мен ертегілеріндегі екі сұсты кейіпкер — «Мыстан кемпір» және аң-құс пен мыс кеніштерінің киесі «Жезтырнақ» есімінде де кездеседі.

Сақтардың жылқы бейнесіндегі әшекейі. Қола. Б.з.б. 4–1-ғасырлар / Wikimedia Commons
Этнографтар бұл құбылысты кездейсоқ емес, нышандық мәні бар деп есептейді: мыс қай кезде де жермен, отпен, яғни жер қойнауымен, кен балқыту процесімен тамыры жалғасқан металл деп танылған. Алтай және көне түркі мифологиясында мыс — отпен, сумен және топырақпен қатар жаратушы күш пен бақыттың қайнар көзі ғана емес, қауіп-қатердің бастауы деп те бейнеленеді. Көшпенділердің мифтік санасында бұл ассоциациялар әйелдер образына көшетін. «Мыс» қатысы бар кейіпкерлер тылсым, жойқын табиғат күштерінің бейнесіне айналып, қос астарлы — тудыратын да, қирататын да қабілеті бар әйел болмысы туралы әлеуметтік түсінікті көрсететін.
Күнделікті тіршілік пен ғұрып-жоралғылардағы жездің қызметі
Көшпенділер өмірінде жез тұрмысқа қолданылатын материал ғана емес, нышандар әлемінің бір бөлігі саналатын. Әсіресе жез қазан — үйдің берекесі, отбасы бірлігінің нышанындай құнды зат болатын.
Скиф-сақ дәуірінің өзінде қазанның айрықша рәсімдік мәртебесі бар еді: киелі аңдардың суреті бедерленген жез қазандар жоралғыларға қолданылатын. Кезінде олардың мәнін Геродоттың өзі атап өтіп, скифтердің Ариант патшасының сыйымдылығы шамамен жиырма мың литрлік қазанын әңгімесіне қосқан.

Сақ қазаны. Солох обасы. Б.з.б. 5-ғасыр / Эрмитаж. Санкт-Петербург
Орталық Азияда ислам діні таралған соң, мыс қорытпасынан құйылған қазандар сопылар арасында культ мәніне ие бола бастады. Солардың ең атақтысы — Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде тұрған Тайқазан жеті асыл металдың (арасында мыс та бар) қорытпасынан құйылған.

Тайқазан. Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, Түркістан / Getty Images
Кейінірек, 19-ғасырда этнографтар үлкен мыс қазандар ас пен тойда ұсталғанын дәлелдеп, тіркеген, ал Жетісудан табылған жәдігерлер осы дәстүр тереңнен тамыр тартатынын растайтын.
Күнделікті өмір мен рәсім-жоралғыларда табақ, шәугім, тостаған сынды басқа да мыс бұйымдар қолданылған. Сонда да жоралғыға арналған заттардың орны ерекше еді. Ас пен тойда су құюға, сүйек жууға жез леген қолданылған. Аттың тізгініне не бесіктің басына байланған жез қоңырау бәле-жаладан қорғайды деп сенетін.

Отау көтерген жастар. 19-ғасыр / Jules Marie Cavelier de Cuverville / Bibliothèque nationale de France / Gallica
Этнографтар тауып, жинаған, 19-ғасырға жататын коллекциялар көрсеткендей, қазақ тұрмысында жез бұйымдардың түр-түрі болған. Олардың құндылығы әдемі әрі ерік болғанында емес еді. Өзіне тән тарихы бар бұйымдар атадан балаға мұраға қалып отырды. Жезден жасалған ыдыс-аяқ қыз жасауына қосылып, ұрпақтан ұрпаққа жетіп, тұтас бір әулеттің қастеріне айналатын.
Әйел әшекейлері және мыстың эстетикасы
Қазақстан аумағында түрлі кезеңдерде табылған әшекей бұйымдар арасында сонау б.з.б. 2 мыңжылдықтан жеткендері болған: арасында ерлер мен әйелдердің қоладан жасалған әшекейлері — білезік, жүзік, салпыншақ, қапсырмалар бар.
Уақыт өте көшпенділер арасында мыс пен оның қорытпалары әшекей жасауға таптырмас металға айналып шыға келді. Майда қызыл реңі жылтыры өзгелерден ерекшелендіріп, одан білезік, шолпы, сырға мен жүзік соғылды.
Археологтар сондай бұйымдарды Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан аумағынан тауып, олар 10–13-ғасырларға тиесілі деген байламға тоқтаған. Әрі олардың тапқаны бірді-екілі бұйым емес, ондай жәдігерлер жер-жерде көп қалған, соған қарап кезінде аса танымал дүние болғанын болжаймыз.

Қазақ әйелі. «Түркістан альбомы», 1872 жыл / Library of Congress
Алайда мыс тек әшекей бұйымдарға қолданылып қана қоймай, поэтика тіліне де енген. Ел аузындағы ән-жырларда адамның күшін, сұлулығын, тіпті даусының әсем сазын сипаттағанда «жез кірпік», «жез қанат», «жез таңдай» сынды теңеулер кездеседі.
Жездің үні де бар, одан қоңырау, сылдырмақ жасап, музыка аспаптарына тағатын. Тұрмыста да, түрлі нышандық практикалар кезінде де жездің сыңғыры естіліп тұратын.

Ақзел Бейсембай. Шолпы. 19-ғасыр / Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер музейі / Qalam
Сол сыңғырдың арасынан айрықша әуездісі — қыз-келіншектердің шашына қоса өрілген шолпысы болса керек. Қыз баланың аяқ басқанына үн қосып, шолпының майда сыңғыры оны бәле-жаладан қорғайды деп сенген.
Жез ерлердің де қорғаны болған. Сабына жез тағылған сарала қамшы иесін бәле-жаладан қорғайды деген наным бар.
От пен жездің иелері
Әр жез бұйымды жасайтын ұста — көшпенді қоғамда жай кәсіп иесі емес, орнын ешкім баса алмайтын білім мен білік иесі. Тұтас бір елдің тұрмысы да, әскери қуаты да оның темірден түйін түйген шеберлігіне қарап тұратын.
Ұсталардың қоғамдағы орны да ерекше болған. Қатаң әулет иерархиясында орны болмаса да, дәстүрлі дүниетанымда әлдебір тылсым құдіреттің жұрнағы саналатын от пен жезді еркіне көндірген ұсталар жұрттың құрметіне бөленген қадірлі кәсіп иелері болды.
Ертегі-аңыздарда ұсталар бақсылармен қатар аталатыны да содан қалса керек. Жыр-дастандарда ұсталар батырлардың қолына сиқырлы қаруын ұстатып, ақылын аямайтын сенімді көмекшісіндей бейнеленеді. Шынайы өмірде де көшпелі тұрмысты оларсыз елестету мүмкін емес.

Далалық жылжымалы ұстахана. «Түркістан альбомы», 1872 жыл / Library of Congress
Ұсталық атадан балаға беріледі, әр руда дәстүрі үзілмеген ұста әулеттері болады. Бала шеберлерді кәсіпке баулығанда айрықша рәсімдер жасалады.
Парсы тарихшысы Фазлаллах ибн Рузбихан қазақтар Алтын Орда ұсталары мен зергерлерінің шеберлік дәстүрлерін көзінің қарашығындай сақтап, дамытқан деп атап өткен. Қалаларда өз алдына бөлек жататын шеберхана, ұстахана ауданы болатын, ал далада ұсталар көрігін артып алып, ауыл-ауылды аралай көшіп жүріп ыдыс-аяқ, қару-жарақ соғатын. Зергерлер арасында әйелдер де болса керек.
Жез дәуірлері
Қазақстан аумағындағы мыс тарихы бес мың жылдан асып кетеді. Археологтар Жезқазған, Успенск және Жезкент кен орындарында б.з.б. 3–2 мыңжылдықтарда-ақ кен игерілгенін тапқан.
Зерттеулер көрсеткендей, Жезқазған ауданының өзінде-ақ ежелгі кеншілерден қалған жүздеген шахта бар. Әлкей Марғұланның есебінше, қола дәуірде бұл маңда жүз мың тоннадан аса кен игеріліп, қорытылған екен. Ол кезде кен игеруге қарапайым технологиялар: тас балға, сүйек саймандар қолданылса, жынысты бұзып-қопаруға от қойылатын.
Андронов мәдениетінде қазақ даласы Еуразия металлургиясының ірі орталығына айналған. Бертінге дейін Орал мен Алтайдың арасындағы ұлан-ғайыр даланың әр жерінен жергілікті мыстан жасалған қару-жарақ, құрал-сайман, әшекей бұйымдар, ғұрыптық заттар табылып келеді.

Қоладан жасалған балта мен пышақ. Андронов мәдениеті. Б.з.б. 16–12-ғасырлар / Wikimedia Commons
Темір дәуірде де, одан кейін де мыс игеру тоқтамаған: сақ, үйсін тайпалары темірді игеріп алған соң да жезден ыдыс-аяқ, айна, әшекей бұйымдар соға берген.
Алтын Ордада күнделікті саудаға жұмсалатын ыңғайлы да жеңіл валюта есебінде күміс тиындармен қатар жез тиындар айналымда жүрген. Кейін бұл дәстүр Жошы ұлысының мұрагері Қазақ хандығында да жалғасты. 10–15-ғасырлардан қалған жәдігерлер Отырар, Тараз, Сығанақ сынды ортағасырлық қалаларда жезден тиын-теңге соғылғанын айғақтайды.

Алтын Орданың мыс теңгелері / ZENO.RU
Тағы бір белгілі дерек: 16-ғасырда күмістің емес, жездің құны тоқтаусыз өсіп отырған.
18–19-ғасырларда Қазақстандағы кен орындары өнеркәсіп ретінде игеріле бастады. Ресей империясы Жезқазғаннан, Алтайдан, Орталық Қазақстан жерінен кеніштер ашып, 1830–1840 жылдары өкіметке қарастысы да, жекеменшігі де бар, мыс қорытатын зауыттар жұмыс істей бастайды.
19-ғасырдың аяғына қарай Қазақстан империядағы мыс кенінің басты орталықтарының біріне айналды. Успенск кеніші, Жезқазған, Арысу кен орындары тоқтаусыз жұмыс істеп, экспортқа кететін, қорытылатын металл шығарып отырған. Құрамында мысы көп қойнау қорларына Ресей империясының инвесторлары ғана емес, шетелдіктер де көз тіккен. Айталық, Успенск мыс кеніштерін ағылшындардың Spassky Copper Mine Company компаниясы басқарған.

Спасск мыс балқыту зауыты. 1913 жыл / Wikimedia Commons
1930 жылдары Қазақстан жері Совет Одағындағы индустриялдандырудың негізгі нүктелерінің бірі болып, 1941–1945 жылдардағы соғыс кезінде қазақ жерінен шыққан мыс стратегиялық ресурсқа айналып, қару-жарақ, оқ-дәрі, байланыс сымдарын жасауға жұмсалды. Соғыстан кейінгі онжылдықтарда да республика дүниежүзіндегі ең ірі мыс өндіруші мәртебесінен айырылған жоқ: Жезқазғандағы кен орны Совет Одағындағы ең ірі әрі дүниежүзіндегі қоры бай кеніштердің бірі болатын.
Жаңа жез дәуірі
Қазір Қазақстан әлемдегі жетекші мыс өндірушілердің қатарында келеді. Қазақстаннан шыққан мыс Еуропадан бастап Қытайға дейін — бүкіл әлемге экспортталады. Сонда да металл — әлі де ресурс қана емес, одан да маңыздырақ, мыңдаған жыл өтсе де күнделікті тұрмыстың, салт-жоралғының, тіл мен мифологияның ажырамас бөлігі.
Қазақстанда жез тарихы ғасырлардан үзілмей жетті, тек ауқымы мен технологиялық келбеті өзгерді. Бір кездері ежелгі кеншілер тас балғасымен жынысты қопарып, ұсталар қол көрігіне салып жез балқытқан жерде, қазір асқан технологияға толы автомат кешендер жұмыс істейді. Алайда мыңдаған жыл өтсе де, жер қойнауынан шыққан кеніш отқа түсіп, металға айналатын процестің мәні өзгерген емес.
Осы сабақтастық Қазақстандағы заманауи мыс кәсіпорындарынан байқалады. Онда ежелгі мыс игеру, жез өңдеу дәстүрі сақталып, 21-ғасырдың технологиялық негізіне айналып келеді.
Айталық, KAZ Minerals компаниясы 2024 жылы 380 мың тонна мыс өндірген. Қазақстан мен Қырғызстандағы кәсіпорындарда 14 мыңнан астам адам жұмыс істеп, ежелгі кәсіпті 21-ғасырдың технологиясына ұштастырып отыр.
Бір кездері ежелгі адамдар кенді қолмен қопарып игерген жерде енді алып диірмендер айналып тұр. Қазақстанда сондай ауқымда KAZ Minerals кәсіпорындарында ғана қолданылатын бұл автомат басқарылатын жабдықтың көмегімен миллиондаған тонна сульфид мыс кені өңделіп, байырғы заманның ауыр кәсібі алдыңғы қатарлы инженерия ғылымына жалғасты.
Асқан технология қолданылатын кәсіпорындар металл өндіріп қана қоймай, тау-кен өндірісі ұғымының өзін өзгертті. Мұнда автоматтандырылған кешендер, кеніштердің цифрлық сыңарлары мен жүйелер кен шығынын азайтып, энергия қауқарын арттыра түскен. Мыстың әр тоннасы — инженерлердің, операторлар мен аналитиктердің жұмысының жемісі.
Осы тұста әлдебір символдық мән бар: ғасырлар бойы көшпенді қауымның тұмарына баланған мыс пен жез ендігі кезекте экономикалық әрі технологиялық қуатының қайнар көзіне айналды.