МАХАББАТ — МӘҢГІ ЕРТЕГІ

Әуезов, Мүсірепов және Қонаевтың хаттары мен естеліктері

~ 6 мин оқу
МАХАББАТ — МӘҢГІ ЕРТЕГІ

Дінмұхамед және Зуhра Қонаевтар / Д.А. Қонаев қоры

Қазақтың белгілі тұлғалары сүйіктілеріне арнап қандай хат жазды? Жан тебірентерлік естеліктерінде оларды қалай сипаттаған еді? Qalam бұл ретте Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов және Дінмұхамед Қонаевтың жан әлеміндегі нәзік сезімдердің бұлқынысын еске түсіріп көрді.

Мазмұны

Мұхтар Әуезовтің хаты

Ұлы қаламгер Мұхтар Әуезовтің бұл хаты зайыбы Валентина Николаевна Әуезоваға (Кузьмина) жазылған. Бұл хат «Мұхтар Әуезов шығармаларының елу томдық толық жинағының» 50-томына енген. Кітаптың «Отбасылық хаттар» бөлімінде жұбайынан бөлек қызына, ұлына, Ф. Ғабитова мен туысқандарына жазған хаттары топтастырылған. Ал Валентина Әуезова жазушымен 1923 жылы Ленинград мемлекеттік университетінің қоғамдық ғылымдар факультетіне оқуға түскен кезінде танысқан.

«Валечка, алтыным, сүйіктім менің!

Шипажайға келгеніме, міне, бес күн болды. Телеграммаңды уақтылы алдым. Қалаға көшкендерің қынжылтты. Мәскеуден жазған хатымда сені баламен тауда көбірек бола түс деп сонша үгіттеп едім. Бірақ демалыс үйін жауып тастаса, бәрі түсінікті. Қалада Ернарға қамқор болып, өз денсаулығыңды күтіп ұстауды жалғастыр. Мені ауырмай-сырқамай, жарқырап қарсы ал, ал өзім қайтадан арықтап оралармын.

 

Мұнда бәрі баяғыша: адамы да сол, тәртіп те бұрынғы. Тек қазір басқа дәрігердің емін алып жүрмін. Ер адам, тәжірибелі, мейірбан жан. Шипажайда жұрт көп. Келген күннің ертесіне бөлек бөлме алдым. Режимімді бастадым. Алдындағыдай ұзақ серуендеп, тамақты аз жеп жүрмін. Ішімдік ішпеймін. Ертең кешке өткендегідей ашығуымды бастаймын.

 

...«Абай» шипажайда танымал секілді. Қадірлі біраз адам маған әсерін айтып берді...

Мұхтар Әуезов жұбайы Валентина Николаевна және ұлы Ернармен / Ашық дереккөзден

Мұхтар Әуезов жұбайы Валентина Николаевна және ұлы Ернармен / Ашық дереккөзден

...Кеше кешке Мұхтардан жеделхат алдым. Жиналмалы тенті бар «Победаға» келісетінімді сұрап телеграфтауды өтінді. Мен ондай машинаның текке керек жоқ екенін, дұрысына, Әбділдәнікі секілді жақсысына қол жеткізсін, әйтпесе ауыстырмаймыз деп жеделхат жібердім. Иә, Валечка, маған шұғыл түрде ОлидордыңiОлидор О. – театртанушы, Әуезовпен хат жазысқан – ред. қолжазбасын рецензиялау керек, себебі бұл Қалибек туралы кітап емес пе? Росихина осы жаққа да жеделхат жіберіп жатыр. Кешеуілдетіп қалсаң, тездетіп қолжазбаны жіберуіңді өтінемін.

 

Қысқартылған «Абайдың» бірінші томының өзін әлі аяқтамадым. Дұрысы, сәл ғана қалса да, жұмысқа кіріспедім. Данаш жеделдетіп бастап кетуі үшін жақын күндері бітіріп, жіберемін. Тек қатесіз терсін. Таза жазып шығады деп үміттенемін, өйткені оралған соң оның нұсқасын қарап, оқуға уақытым болмайды.

 

Ләйләдан хат алып жүрсің бе? Мен кетіп бара жатқанда, тұмауратып қалдым деп еді. Мында келе салысымен оған, пәтеріне телеграмма салдым. Алды ма, жоқ па, білмеймін, әлі жауап бермеді. Сенің хатың жетіп үлгерген жоқ, ал мен тағатсыздана күтіп отырмын. Үйді, сені сағындым, сөзіңді тыңдап, саған оны-мұны оқып бергім келеді. Құдай үшін жиірек жазып тұршы, мұның маған ауадай керек, сондай қымбат дүние.

 

Әр хатыңда Ернардың жағдайы, өзін қалай ұстап жүргені, оған қалай қарайтыныңды жазып отыр. Өзің тәрбиелеп, оқытып жүрсің бе? Ернарды да қатты сағындым, ол мені сағынды ма екен? Мен жайлы ойлай ма? Григорьевна мен Үміш аман-есен бе? Бәріне сәлем айт. Құшып-құшып сүйдім сені, жақыным, сүйкімдім менің.

Сенің М. 15 қыркүйек, 1949 жыл»

Махаббат дастаны

Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Ғабит Мүсіреповтің бұл хаттары «Мүсіреповтің хатханасы» кітабына енген. Өкінішке қарай, Раиса Мұхамедияроваға жазған хаттарының қолжазбасы сақталмаған, тек машинкаға басылған нұсқасы Алматыдағы Орталық Мемлекеттік архивінде тұр. Екеуінің арасындағы махаббат дастаны аңызға бергісіз. Себебі 62 жастағы қаламгердің 25 жастағы актрисаға ғашық болуы кімді болса да таңғалдырмай қоймайтын еді. Сондай-ақ биыл жыл басында Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында жазушының хаттары негізінде «Раечка» қойылымы сахналанды.

«Махаббат жоқ жерде, қуаныш та жоқ» деген. Амансың ба, менің қымбаттым, аяулым, жалғызым Раечка! Менің осы хатым Жаңа жыл қарсаңында сенің қолыңа тисе деп едім. Өйткені сенің бар ойың, көңілің, бүкіл назарың менде болсын деген ой. Сенің хатыңды алып мазасызданып отырмын. Сөздерің қандай ақылды. Сен күн сайын есейіп, ақылың толысып келесің. Саған жеделхат жіберіп, екеуіміз Жаңа жылды Москвада қарсы алсақ деп едім, бірақ сені жұмыстан босатпас деп ойладым. Дәл осы минутта сені құшақтап, аймалағым келіп кетті. Бізді Африкаға жіберуге дайындап дәрігерлер тексеріп жатыр. Безгек, сүзек, тырысқақ ауруына қарсы екті. Басымыздан башпайымызға дейін тексеруде. Дәрігерлердің айтуы бойынша әзірге жүрек те, іш-құрылыс та жақсы. Мұнда жұмыс көп, ыстық жерге баратын болғандықтан соған өзімізді әзірлеп, әрі кітапханаға барып, сол елдің мәдениетімен, әдебиетімен кеңірек танысып жүрмін. Осы хатты бүгінгі самолетке үлгерейін деп мәжілісітің арасындағы үзілісте жаздым.

Сау, сәләмат бол көріскенше, өз Ғабитің.

29.12. 1962 жыл»

«Классиктің кешіккен махаббаты» фильмінен кадр. Ғабит Мүсірепов, Раиса Мұхамедиярова және қызы / Qazaqfilm

«Классиктің кешіккен махаббаты» фильмінен кадр. Ғабит Мүсірепов, Раиса Мұхамедиярова және қызы / Qazaqfilm

«Амансың ба, менің жалғызым!

Бүгін таңертең Гауһаржанның атына сендерге хат жазып едім. Сөйтсе де саған айтам деген бірер ойым айтылмай қалған сияқты болып, күні бойы мені маза бермеді. Міне, түрлі жиналыстардан қол босап, сол мазалаған ойларымды саған қағаз арқылы жеткізуге тағы отырдым.

 

Біріншіден, аман-есен жүрмін, денсаулығым ойдағыдай. Екіншіден, қатты сағынып жүрмін, құдайдан сұрайтыным, күніміз ерте батып, түніміз мезгілсіз тұтылмасын. Үшіншіден, сен «Ана Жер-Ана» жайлы білгің келетін шығар. Оны комиссия мүшелері кейінге қалдырды...

 

Қаламдас достардан Соболевті, Берді-ағаны көрдім. Саған шексіз сәлем айтып жатыр. Олардан басқа Боковты, Татяничеваны, Штокты, тағы басқаларды кездестіргенім жоқ. Телефон соғуға да уақытым болмады. Оларды 1-май мерекесімен құттықтауды ұмытпа. Сенің дайындыққа барып жүргеніңді естіп қуандым. Студияда кешкі жұмысқа қалуға тырыспа, оның орнына үйге келіп демал.

 

Ботақаным өсіп келе ме? Ақылы кіріп, жылауды азайтты ма? Жалғыз өзің оның жұпар иісін иіскеп рахаттанып жүрсің ә? Қымбаттым, саған тапсырма мынау. Май қарсаңында маған ұзақ етіп хат жаз.

Әдеттегідей сүйдім, өзіңнің мәңгілік Ғабитің.

08.04.1965»

Жарты ғасыр үзілмеген махаббат

Мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың «Ақиқаттан аттауға болмайды» кітабында жұбайы Зуһра Шәріпқызымен алғаш танысқан сәті керемет баяндалады. Сондай-ақ Риддерге жұмысқа ауысатын тұста екеуінің қол ұстасып жаңа өмірге қадам басқаны, үйлену тойы суреттеледі. Тау тұлғаның жазбасынан жан-жарына деген ынтық сезімін, мәңгілік махаббатын көреміз. Өмірінің аяулы кезеңін сағынышпен еске алатын тұлға: «Бұйрық шығар, тұп-тура елу жыл, алты ай, екі күн отасқан аяулы жарыммен мен осылай табысып, осылай танысқан едім», – дейді.

«...Қай ата-ана баласының жалғыз жүргенін қалайды дейсіз. Келе жан алқымға алды.

Дінмұхамед және Зуhра Қонаевтар / Д.А. Қонаев қоры

Дінмұхамед және Зуhра Қонаевтар / Д.А. Қонаев қоры

– Қарағым, бас екеу болмай, мал екеу болмас, – деп әкем шықты мына жақтан. – Бір мезгіл ыстық тамағыңды пісіріп, кір-қоңыңды жуып тұратын, өзіңе серік болатын біреудің кезікпегені ме? – деп шешем уайым шеге бастады екінші тұстан.

Мен «бұйрық болмай жүрген шығар» деймін қалай ақталудың есебін таппай.

Сөйтіп жүргенде Шымкенттен хат келді. Алдында ғана менімен бірге оқып, қатар диплом қорғаған, кейінірек кандидаттық диссертацияны да бір күнде қорғаған, сонда қызмет істеп жүрген Масғұт Бақаевқа: «Құдай қош көрсе, демалысқа келіп, өз үйім, өлең төсегімде аунап-қунап жатырмын», – деп хат жазып жібергенмін.

Екі-үш күннен аралатпай жауап алғаныма әрі таңдана, әрі қуана хатты оқыдым. Басы артық сөз жоқ. Тек: «Егер уақыт тапсаң, мына қосымша хатты Фурманов көшесіндегі 125-үйде тұратын Зуһра деген менің құдай қосқан қосағымның жан құрбысына апарып беруіңді сұраймын», – депті. Мен онша мән бере қойған жоқпын. Бірақ: «Масғұттың әйелінің есімі де Зуһра, мына құрбысының аты да Зуһра, қызық екен!» – деп таңдандым да, салып отырып әлгі адреске тарттым. Келсем, аққұба, талдырмаштау, орта бойлы бойжеткен майысып есік ашты. Мен жүзімді төмен салып тұрып: – Зуһра Әлімқызының жан құрбысы сіз боласыз ба? – деп сұрадым.

Ол әнтек қана жымиды. Жымиған кезде меңсіз аппақ өңіне нұр ойнап, екі бетінің ұшына қызғалдақтың түсіндей бояу үйіріле қалды. Не қысылғанын білмедім, не менің келісімді ерсілеу сезінді ме және онысын ажырата алмадым. Жауап орнына:

- Жәй сұрадыңыз ба? – деді.

- Шымкенттен, Масғұттан хат алып едім. Аман жіберіпті. Соны әкеп тұрмын.

- Сізге жазған хатқа біздің үйдің адресін көрсеткеніне қарағанда конверттің тапшы болғаны ғой...

Ол тағы жымиды. Мен Зуһра Әлімқызы мен Масғұттың «алдап» түсіргенін енді түсіндім. Бұйрық шығар, тұп-тура елу жыл, алты ай, екі күн отасқан аяулы жарыммен мен осылай табысып, осылай танысқан едім.

Қыз мені ыңғайсыз жағдайға қалдырмайын деді ме, хатты ала беріп: - Сіз іздеген Зуһра, иә, мен боламын! – деді. Ол мұны біртүрлі толқып тұрып айтты. Даусы ұяңдау шыққанымен, діріл бар еді. Сол бір сыпайы қалпын сақтай тұрып, нәзік үнімен: «Сіз іздеген Зуһра, иә, мен боламын!» деген сөзі әлі күнге құлағымда. Өзі көз алдымнан кетпейді».