Медеу: бұрын және қазір

Jerry смартбордтары арқылы ескі Алматыны аралайық

~ 3 мин оқу
Медеу: бұрын және қазір

Коллаж / Qalam

Ұлы Моғолдар империясының негізін қалаған Бабырдың 500 жылдан астам уақыт бұрын жазған естелігі «Бабырнаманың» ең басында ортағасырлық Алматы аталады. Ал содан үш жарым ғасырдай уақыт өткен соң әйгілі саяхатшы Семенов-Тян-Шанский Алматының тау бөктерін «Швейцария Альпісінен де айбынды» деп сипаттайды. Ортағасырдан бүгінге дейін аймақтағы аса маңызды экономика және мәдениет орталықтарының бірі болып келе жатқан қалаға әбден лайық. Алайда қаланың даңқы мен мәдени мұрасының байлығы кейде өзін бауырына басып жатқан тау көркінің тасасында қалады.


Алматыда қала аралап жүріп-ақ оның өткеніне үңілуге тамаша мүмкіндік беретін жоба таныстырылды. «Алматы: бұрын-қазір» — CITIX пен Qalam Media бірлесіп шығарған Jerry интерактив смартбордтарындағы арнаулы жобасы. Орталық мемлекеттік архивтен алынған суреттер сол көшелердің, алаңдар мен ғимараттардың қазіргі бейнесімен қатар берілген. Экран алдында аялдап, сол жердің ондаған жыл бұрын қандай болғанын көре аласыз. Навигатор, афиша және туристерге арналған гид қызметін бір арнаға тоғыстырған көшедегі цифрлық көмекші — Jerry смартбордтары енді Алматының тарихына да жол бастайды.

Медеу биік таулы мұз айдынының жалпы көрінісі. 1955 жыл / ҚР ОМ КФФҚ

Медеу биік таулы мұз айдынының жалпы көрінісі. 1955 жыл / ҚР ОМ КФФҚ

«Алматы: бұрын-қазір» жобасында таныстырылған тарих және сәулет ескерткіштері арасында биік таудағы «Медеу» спорт кешені де бар. Алайда оның өткенін, дәлірек айтсақ, кейін аттас спорт кешені салынған Медеу шатқалының тарихын жұрттың бәрі біле бермейді. Алматының кеңес дәуіріне дейінгі жер-су атауларының көбінен бір өзгешелігі — Медеуге өмірі осы өңірмен тікелей байланысты нақты бір адамның аты қойылған. Айтпақшы, оның Алматының тау бөктерін жайлағанына қоса, дәулетті көшпенділердің көбі сияқты, қаланың өзінде де меншікті үйі болған.

Медеу биік таулы спорт кешені. 2026 жыл / Виктор Магдеев / Qalam

Медеу биік таулы спорт кешені. 2026 жыл / Виктор Магдеев / Qalam

Ал кезінде коньки спортының «рекордтар фабрикасы» атанған осы биік таудағы мұз айдынынан небәрі жиырма шақырымдай жерде Медеу Пұсырманұлы жерленген. Өзі туып-өскен Іле ауданының жұрты оны күні бүгінге дейін қадір тұтады. Қазіргі спорт кешеніне сол кісінің есімі қойылғанын аңғару қиын емес. «Медеу» оның жайлауының орнына салынған.

Алайда Медеу шатқалын абаттандыру басталғанда жұрт спортпен шұғылданып көңіл көтерсін деген, тіпті коньки спортынан рекорд орнататын жарыстар өткізілсін деген мақсат болмаған.

1963 жылғы шілдеде Іле Алатауында сел жүріп, алматылықтардың сүйікті демалыс орындарының бірі — Есік көлі жер бетінен құрып кете жаздады. Апат талай адамның өмірін қиды. Сол күні Мәскеуден келген жоғары лауазымды делегациямен бірге көлге бет алған Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың өзі осы қасіреттің куәсі болды. Көп ұзамай Медеу шатқалында бөгет салу жобасын әзірлеуге шұғыл кірісті. Негізінде, бағытталған жарылыс арқылы бөгет тұрғызу идеясы 1950 жылдардың орта тұсында-ақ қарастырылған еді.

М.Галкин. Медеу биік таулы мұз айдынының жалпы көрінісі. 1955 жыл / ҚР ОМ КФФҚ

М.Галкин. Медеу биік таулы мұз айдынының жалпы көрінісі. 1955 жыл / ҚР ОМ КФФҚ

Жару жұмыстары 1966 жылы басталып, 1972 жылы бөгет пайдалануға берілді. Сол жылы мұз алаңының ауданы 10 мың шаршы метрден асатын, трибуналарына 12 500 көрермен сыятын биік таудағы алып «Медеу» мұз айдыны салтанатты түрде ашылды.

Бөгет, биік таудағы алып «Медеу» мұз айдыны мен спорт кешені Қонаевтың тікелей бастамасымен салынған деп есептеледі. Құны қымбатқа түсетін бұл жобаны Мәскеудегі одақ басшылығының алдында табандап тұрып қорғауына тура келген. Қонаев бұл өңірді бала күнінен бес саусағындай білетін, тіпті мектеп оқушысы кезінде осы шатқалда Троцкийдің өзін кездейсоқ ұшыратып қалғанын да еске алатын.

Медеу биік таулы спорт кешені. 2026 жыл / Виктор Магдеев / Qalam

Медеу биік таулы спорт кешені. 2026 жыл / Виктор Магдеев / Qalam

Қалай болғанда да, осы бір келбетті тау шатқалы патша мен совет өкіметі тұсында жер-су атаулары жаппай өзгертілген бірнеше кезеңнен өтіп, арғы ғасырдан бері тарихи атауын бүгінге дейін сақтап қала алды. Жергілікті ел ағасы Медеу Пұсырманұлының жайлауын қысқы спорт түрлеріне арналған әлемдегі ең ірі биік тау кешендерінің біріне әрі алматылықтардың сүйікті демалыс орындарының бірегейіне айналдырған ондаған жылға созылған алып құрылыс пен жер бедерінің қаншама өзгеріске түскені де оның тарихи атауын өшіре алмады.

БҰРЫН: «Медеу» биік таулы мұз айдыны

ҚАЗІР: «Медеу» биік таулы спорт кешені

Медеудегі алғашқы мұз айдыны 1951 жылы ашылған. Ол кезде табиғи мұз қатырылып, үлкен трибуналардың орнына ағаш құрылыстар мен орындықтар қойылатын. 1972 жылы теңіз деңгейінен 1690 метрдей биікте тау ішіндегі спорт кешені ашылып, кейін сол мұз айдынында жүзден астам әлемдік рекорд қойылған.

Медеу биік таулы мұз айдынының жалпы көрінісі. 1955 жыл / ҚР ОМ КФФҚ

Медеу биік таулы мұз айдынының жалпы көрінісі. 1955 жыл / ҚР ОМ КФФҚ

Мұз айдынының астында ұзындығы 170 шақырымға жуық салқындатқыш сұйықтық айналатын құбырлардан тұратын алып инженерлік жүйе жасырынған. Ал кешеннің сыртқы сәулетін тау шатқалының бедеріне үйлескен сатылы трибуналар мен екі конькишінің бейнесі бедерленген композиция айшықтайды. Қазір «Медеу» қайта жөнделіп жатыр, 2027 жылдың төртінші тоқсанында аяқталып, есігі қайта ашылмақ. Барардан бұрын кешенге апаратын жолдардың қайсы ашық екенін тексеріп алыңыз. Тіпті баруға рұқсат етілген тұстарынан да тау баурайына жараса кеткен зәулім құрылыстың ауқымы анық көрінеді.

Медеу — «Алматы: бұрын-қазір» жобасының бір парасы ғана. Jerry смартбордтарынан Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры, Орталық демалыс саябағы, Kazakhstan Hotel, «Целинный» заманауи мәдениет орталығы, Көктөбе саябағы, Қазақ мемлекеттік циркі, Республика сарайы, «Заңғар» сауда үйі, Оқушылар сарайы, Вознесенск кафедралы соборы және Ықылас атындағы Халық музыкалық аспаптары музейі туралы да біле аласыз.

Әр жердің тарихымен танысқан соң төрт сұрақтан тұратын сауалнамадан өтіп, өз қалаңызды қаншалық жақсы танитыныңызды тексере аласыз. Содан кейін фотоүйшікті пайдаланып көріңіз: жасанды интеллект сізді бұрынғы Алматының көшесінде жүргендей етіп суретке түсіреді. QR-кодты сканерлеп, суретті телефоныңызға сақтап алуға болады.

Jerry смартбордтарына аялдап, қала тарихымен танысып, Алматы көп жыл бұрын қандай болғанын көріңіз.