МЕДИЦИНАНЫҢ ҚҰПИЯСЫ

Гиппократтан ем алуға бола ма?

Гален шошқаға препарация жасауда. 1541 жыл/Alamy

21 ғасырға қазірдің өзінде-ақ өте көп кінарат-талап қоюға болады, бірақ оның алдыңғы ғасырлардан бір артықшылығы бар: 21 ғасырда бізге өткен дәуір дәрігерлерінен ем алу керек емес. Иә, олардың арасында нағыз данышпандар болған, бірақ өкінішке орай, медицинада жалғыз данышпандық жеткіліксіз болады. Тіпті өткен кездің ең ұлы емшілері де өз дәуірінің жаңсақ ұғымдарының тұтқынында болды да, дәрігерлердің ісін дүмшелік деп танудың сәл ғана азаюы үшін алуан түрлі ғылымдар ғасырлар бойы дамуға тиіс болды. Сізді төмендегілер қалай емдейтін еді, көрелік.

Гиппократ

Біздің дәуірімізге дейінгі 5 ғасырда өмір сүрген Сократ пен Платонның замандасы еуропалық медицина ғылымының атасы ретінде тарихта қалды. Ол толып жатқан трактаттарды жазған деп саналады, оның ішінде кем дегенде жиырма шақтысы бір адамның қаламынан шыққан болуы әбден ықтимал. Бүгінге дейін қалың жұртшылық дәрігер болмас бұрын студенттер Гиппократтың антын береді деп санайды. (Шын мәнінде олар, әрине, ант бермейді және де бұл өте дұрыс, себебі осы тамаша антта болашақ дәрігер, мысалы, дәрігер емес адамдармен медицина бойынша білімін ешқашан бөліспеуді міндетіне алады, өз табысының бір бөлігін өмір бойы оқытушыларына беріп отыруға, бүйректегі тастарды ешқашан алып тастамауға және өз емделушілерінің құлдарына қырындамауға уәде береді).

Гиппократ шынында да өз заманының тәжірибелі дәрігері болған және сол кездегі дәрігерлік білімді бір жүйеге келтіру үшін көп күш жұмсаған. Мысалы, ол әйелдерді босандыру ісінен босануға көмектесетін кіндік шеше кемпірлерді шеттеткен алғашқы дәрігер болып саналады — оның «Әйел жаратылысы туралы» атты трактаты екі мың жылға жуық уақыт бойы толып жатқан дәрігерлердің қолынан түсірмейтін кітабы болды.

Бірақ қазіргі заманның әйелі жатырдан қан кету дертін есектің құрғақ көңінен жасалған таңғышты жыныс мүшесіне таңып емдеу жайлы ұсыныстан қуанышқа бөлене қояр ма еді? Сондай-ақ түсік тастаудың алдын алу мақсатында сол жеріне сиырдың тезегімен түтін салуды да қоштамас еді.

Бүгінде атақты трактатты бастайтын сөздердің өзі де тіпті биологиямен шамалы ғана таныс адамды да айран-асыр қылар еді: «Әйелдердің болмысы мен аурулары туралы айтатыным, ең үлкен себеп — Құдайдан, содан кейін әйелдердің жаратылысы және терісінің түсі; өйткені аса ақ әйелдердің ылғалы көбірек және ағып кетуге бейім, ал қара өңді әйелдер — мықтырақ әрі құрғағырақ. Ал өңі шараптың түсіне жақынырақ әйелдердің жаратылысы осы екеуінің арасында болады».

Медицина атасынан көресіні көрген тек емделуші әйелдер ғана емес еді.

«Мұрны үшкір, көзі кішкентай жирен шашты пенделер жауыз келеді. Жирен шашты, таңқы мұрын, үлкен көзді адамдар мейірімді болады. Көзінің түсі ашық, шашы жирен, мұрны үшкір адамдар қасқа бас болмаса, шемен ауруына ұшырайды. Дауыстың әлсіреуі оң немесе сол жақ жұмалақтың көктамырларының кеңеюінің салдарынан болады; одан осылардың біреуінсіз арылу мүмкін емес. Ірі денелі, шашы түсіп қалған, кекеш, дауысы әлсіз адамдар — мейірімді. Кекештер, шашы түсіп қалған, дауысы әлсіз әрі жүндес адамдар меланхолиялық ауруларға бейім келеді».i«Физиогномика»

Анн-Луи Жироде-Трисон. Гиппократ Артаксеркстің сыйлықтарынан бас тартты. 1792 жыл/Alamy

Эсагил-кин-апли

Бізге Ежелгі Месопотамияның сына жазбалы тақтайшаларда қандай да бір оқиғаға байланысты аты аталған бірнеше дәрігерінің ғана есімдері жетті, сондықтан кезінде тіпті ГеродоттыiЕжелгі дәуірдің тарихшысы (б.з.б. 484 ж. – б.з. 425 ж. шамасы). да қайран қалдырған месопотамдық емшілердің бүкіл даңқы үшін Эсагил-кин-аплидің жауап беруіне тура келеді, оны ауруларды анықтау бойынша өз мәтіндерін (олар тым ұзақ болмаса да) бізге қалдырған бірден бір дәрігер деп санауға болады. Эсагил-кин-апли біздің дәуірімізге дейінгі 11 ғасырда өмір сүрді және науқастарға диагнозды едәуір қитұрқы жолмен қоятын. Мысалы, емшілерге — емделушіге бара жатқан жолда кездескен шошқалардың түсін мұқият байқауды ұсынды, егер тарғыл шошқа көп болса, демек, шемен ауру болуы әбден мүмкін. Себебі, месопотамдықтар кез келген ауруды зұлым рух шақыратын дуа деп санаған, сондықтан ол жақтың дәрігерлері ең әуелі жынды аластатумен айналысқан. Геродоттың айтуынша сол өңірлерде ем жасау екі қадамнан тұратын. Біріншіден, науқасты жолдың қиылысына апарып, өтіп бара жатқандардың бәрін оның жараларын, ісіктерін және басқа да сұрықсыз жайттарын пайымдап қарауға, содан кейін өздерінің таныстарының қайсысының соған ұқсас дерттен зардап шеккенін және қандай дәрілерден жазылғанын есіне түсіруге мәжбүрлеген.

Бірақ бұл ресми медицинаға жатпайтын тұрмыстық, отбасылық әдіс болатын. Ресми медицина екіге бөлінді: біріншіден, көздің шелін сылып тастай алатын, сынықтарды емдеп, ісіктерді кесіп тастай алатын хирургтар болды, бірақ олар төменгі буынның кәсіпшілері еді. Ал нағыз дәрігер деп шошқаның түсіне және басқа да маңызды белгілерге қарап науқастың бойына кіріп кеткен жынды барынша пәрменді жолмен айдап шығу үшін оның дәл қандай жын екенін анықтай білген «умману» саналды. Жынды өте қатал аластайтын, себебі егер әзәзілге адамның бойын жайлаған ұнаса, демек, ол ұнамай қалатындай ету керек деген қағидат басшылыққа алынды!

Бұл үшін науқасқа барып тұрған жиренішті және удай ащы дәрі-дәрмек ішкізетін, айта кету керек, олардың құрамына иттің нәжісі кіретін, бірақ ол тек дәмі мен қоюлығын жақсарту үшін ғана қосылатын, ал оған араластырылған басқа заттар одан да жаман болатын. Айталық, уларды да, басқа да неше түрлі ащы заттектерді де аямаған. Науқасқа түкірген, оны қалай мүмкін болса, солай қорлаған, тіпті ұрып-соққан. Кейбір жындар оттан, кейбіреулері мұздай судан қорықса, үшіншілері клизма мен қан алуға төзе алмайтын, ал төртіншілері жанында киелі дабыл аспаптар қатты соғыла бастағанда қашып кететін... Кейбір науқастардың осының бәрінен сауығып кететіні таңғаларлық. Осы Эсагил-кин-апли дәл сол умману болатын.

Гравюра. Ибн Сина науқасқа емдік шара жасауда. 1595 жыл/Alamy

Гален

Біздің дәуіріміздің 2 ғасырында Римде өмір сүрген, шыққан тегі грек Гален медицинада жұмсақ революция жасады: ол анатомияға және тәнді союға көп көңіл бөле отырып, дәрігерлік өнерді хирургиялық өнермен біріктірді. Бұған дейін дәрігер сырқаттың мән-жайына бойлайтын адам, ғалым, философ, химик болған, кім болса ол болсын, бірақ тек қасапшы хирург болмаған, әдетте оталарды шаштараздар мен басқа да кәсіпшілер жасаған, бірақ дәрігердің өзі қолына пышақты мүлде дерлік алмаған. Гален болса қолына түскеннің бәрін: шошқаларды, маймылдарды, адамдарды — тірісі ме, өлісі ме — бәрін соятын және анатомияны нашар білетін дәрігер тіпті де дәрігер емес дегенді бірінші болып мәлімдеді. Галеннің артында төрт жүзден астам еңбегі қалды және оның еңбектері кей жерлерде 19 ғасырға дейін оқытылды, өйткені христиан дініне көшкен Еуропада көп ұзамай мәйіттерді сою ісі өте нашарлай берді (кейде дәрігерлерді оқып-үйрену мақсатында зираттардан мәйіт ұрлағаны үшін дарға асатын), сондықтан Галеннің көптеген қателіктері екі мың жылға жуық уақыт дерлік байқаусыз қала берді. Ал ол кез келген ізашар сияқты, тіпті өзінің сүйікті анатомиясында да толып жатқан қателік жасады. Мысалы, жүректің ағзадағы рөлін аса түсіне алмады, қан айналымының кіші шеңбері бар екенін аңғарған жоқ, көктамыр мен күретамырдағы қанды іс жүзінде әртүрлі сұйықтықтар деп санады...

Галенге дейінгі және одан кейінгі медицина, әрине, екі түрлі медицина, біз ұлы дәрігердің еңбегін кемсітпейміз. Дегенмен Галеннің кеңестері бойынша емделуге қазір дәстүрлі құндылықтардың ең жанкүйер қастерлеушісінің де батылы бармас еді. Мысалы, Гален учаскелік дәрігер болса, тыныс жолдары жіті қабынған және температурасы ауытқып тұрған адамға қандай ем тағайындар еді. «Үш күн бойы безгек болған кезде, оны сары өттің қозғалысы басқаратындықтан, ылғал мен суықты мүмкіндігінше күшейту керек. Себебі кез келген нәрсе өзіне қарама-қарсы нәрсемен емделеді — осылайша емдеу артық нәрсеге жол бермей, жетіспейтінін толықтырады, ал сары өт — денедегі барлық сұйық заттардың ішіндегі ең ыстығы әрі құрғағы... Ал ағзаның өттен барынша жақсы тазаруы төменнен жоғары қарай өтеді. Асқазанды жұмсақ клизмалардың көмегімен тазалау керек, ал зәр айдаушы ретінде балдыркөк пен аскөк қосылған сусынды пайдалану керек».i«Главконға — емдеу әдісі туралы» Сонымен бірге Гален ішті босататын дәрілер және қан алу туралы ұмытпауға кеңес береді және де бал қосылған ыстық шай мүлде керек емес, суықты күшейту керек деп айтылды емес пе.

Гален. Қан айналымының теориясы. 1292 жыл / Alamy

Ибн Сина

Парсы, өзбек, ауған... Бәрібір емес пе, оның қаны парсы, ата-анасы Ауғанстаннан келген, Бұхарада тұрған, араб тілінде жазған. Жалпы алғанда, әлемнің адамы. 10–11 ғасырда өмір сүріп, әлемдік өркениеттің ең атақты дәрігерлерінің біріне айналды (еуропалықтар оны Авиценна деп атайды). Аристотельдің болмыс пен материя туралы идеяларының күшті ықпалында болды, оларды шығыс философиясы тұрғысынан ой елегінен қайта өткізді. Гиппократ пен Галеннің еңбектерімен де жақсы таныс болды, өзін олардың ізбасары деп санады. Құранды жатқа білді және 16 жасында Бұхара әмірінің жеке дәрігері болды. Дарынды бала.

Артында бес жүзге жуық еңбек қалдырды (шынында оның көбі бүгінге дейін жеткен жоқ), алғашқылардың бірі болып микробтар туралы болжам жасады, бірақ бұл тұста оның алдын үндістандықтар орағытып кетті, бірақ қалай болғанда да оның «Медицина туралы канон» атты еңбегі азиялық дәрігерлердің ғана емес, басқалардың да киелі кітабы болды.

Өкінішке орай, медицина бойынша еңбектер философия мен поэзия туындыларына қарағанда ғасырлар өте жақсара бермейді, риза болған ұрпақтары оларды ежелгі әдебиет мұражайлары мен бөлімдеріне жібереді, бірақ олардан алған білімін іс жүзінде пайдаланудан үзілді-кесілді бас тартады. Авиценнаның көптеген кеңестерін орындағаны үшін қазіргі дәрігер дереу сотталады.

«Нәрестелерге емшек емізу жағдайлары турасында... күніне екі-үш рет емізумен шектелу керек және де бастапқыда көп тамақтандырмау керек».

«Мұрынның ұшында бір тамыр бар, ол мұрынның ұшы екіге бөлінетін тұста жасырынған; егер осы жерді саусақпен қысса, ол екіге бөлінеді, сол жерден оны тесу керек. Оны бет секпіл болғанда, түсі таза болмағанда, көтеу кезінде, мұрынға шыққан безеу кезінде, сондай-ақ мұрын қышығанда тескен пайдалы».

«Тік ішекке банка қою қанды бүкіл денеден және бастан тартады; ол ішек үшін пайдалы және етеккірдің бұзылуын емдеп жазады. Содан кейін адамның денесі жеңілдейді».

«Егер науқас сандырақтаса, оның басына ешкінің желінінен немесе әйелдердің төсінен сүт сауу керек; егер науқастың күші көбірек болса, ешкінің сүті, ал егер ол әлсіз болса, әйелдің емшек сүті пайдаланылады. Әр кез сауғаннан кейін бір сағат өткенде сырқаттың басын құрамына шегіргүл кіретін, шаюға арналған теңгерімді дәрі-дәрмекпен жуу керек».

Жарайды енді, қайтеміз. Оның есесіне микробтар туралы күні бұрын болжаған ғой.

Омыртқаны түзету әдісі. 17 ғасыр/ Alamy

Сунь Сымяо

«Емшілердің сұлтаны», «Дәрілердің құдайдай жаратушысы», «Киноварлы құдірет» — біздің дәуіріміздің 7 ғасырында өмір сүрген, медицина туралы отыз томдық «Құны мың лян тұратын рецептер» атты еңбектің авторы тек ежелгі Қытайдың ең әйгілі дәрігері ғана емес, сонымен қатар императорларды, кедей шаруаларды, жолбарыстар мен айдаһарларды емдеген дәрігерлердің құдайы деп саналады — ол туралы аңыздар толып жатыр. Сунь Сымяо еңбектерінің сақталып қалған жұрнақтары оның жақсы дәрігер және фармацевт болғанын немесе болмағанын айтуға тіпті де мүмкіндік бермейді, себебі қазір медицина тарихы бойынша ең үздік мамандар да автордың қандай өсімдіктер мен заттектер туралы жазғанын түсінбейді. Цилиннің ізінің қандай тамырын қандай қызыл мяо быламыққа қосу керек? Еуропалықтарда ұғымдардың барлығының өзгеріп кеткені соншалық, ешкім де селкілдек ұстама кезінде қайнатындысын ішетін сильфийдің не екенін және тіпті сол селкілдек ұстаманың да не екенін білмейді, ал иероглифика пайдалана бастағанда тіпті де бәрі қиындап кетті. Оның есірткі заттектердің әсерін жақсы білгені және ауырсынуды басу кезінде оларды белсенді пайдаланғаны анық, бірақ ол кезде мұны кім білмеді? Ал ұлы дәрігердің жалпы уағыздары негізінен ци энергиясының ағынын сақтап қалып, санаға сәуле құйылатын етіп бағыттаудың түрлі тәсілдерін және даосiДаосизм - ежелгі қытайда пайда болған "жол ілімі". үшін маңызды нәрселерді үйретуге саяды.

Бірақ кейде даос та түсінбей қалады. Мысалы, ананың құрсағында жатқан нәресте, яғни тыныс алуы үшін сырттағы ауаны қажет етпейтін нәресте сияқты, эээ... ци энергиясын бүкіл денесімен сіңіруге мүмкіндік беретін «құрсақта тыныс алу» туралы нұсқауы, өйткені ауа — қажетсіз нәрсе. Кез келген дүниеге келмеген шарана сияқты, энергияны кеңістіктен тікелей алуға болады емес пе? Егер пайдасыз бос ойларды серпіп тастап, ыждағатпен жаттығатын болсаңыз, сіз де солай істей аласыз.

Осы тұста біз емшілердің сұлтанының анатомия туралы түсінігінің өте көмескі болғанын және нәрестенің таңғажайып энергияларды тіршіліктің жалпы қуат ағындарынан бойына сіңіретіндіктен емес, ол үшін анасы тыныс алып, соның тыныс алуынан нәрестенің қанының оттегімен байытылатынын ұға алмағанын түсінеміз. Ох! Әйтсе де, егер бүкіл ғаламның бір үлкен Ана екенін елестетсек...

Қытай медицинасының құдайлары/ Alamy

Көшірілді