Қазақстанның тәуелсіздік тарихында аса маңызды екі дата бар: 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды, ал 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Конституциялық заң күшіне енді. Екі тарихи шешімнің арасында бір жылдан астам ғана уақыт өткенімен, бұл аралықта Кеңес одағының тағдыры шешіліп, бұрынғы одақтас республикалардың болашақ мемлекеттік құрылымы айқындалған еді. Qalam үшін тарихшы Сәбит Шілдебай сол кезеңдегі саяси контекстке үңіле отырып, Қазақстанның алдында тұрған күрделі тарихи кезеңді, сондай-ақ Егемендік туралы декларация мен Тәуелсіздік туралы Конституциялық заңның мән-мазмұнын саралап көрді.
Егемендік пен тәуелсіздік бір ұғым ба?
Егемендік декларациясы туралы сөз болғанда, оны тәуелсіздікке жасалған алғашқы қадам ретінде сипаттау жиі кездеседі. Бұл пікірдің тарихи негізі бар: декларация Қазақстанның аумақтық тұтастығын, мемлекеттік билігінің дербестігін, табиғи байлықтарына иелік ету құқығын жариялады. Кейін тәуелсіз мемлекеттіліктің құқықтық негізін қалыптастыруда осы қағидалардың маңызы зор болды.
Бірақ тарихи оқиғаның кейінгі нәтижесі мен сол кездегі саяси мақсатын шатастырмау қажет. 1990 жылғы Егемендік декларациясын 1991 жылғы Тәуелсіздік туралы заңмен теңестірсек, тарихтың күрделі шындығын қарапайым ұранға айналдырып жібермекпіз.
Негізгі сұрақ: 1990 жылы Қазақстан басшылығы Кеңес одағынан толық бөлінуді көздеді ме, әлде республикалардың құқықтары кеңейтілген жаңа Одақ құруға ұмтылды ма?
Бұл сұраққа жауап іздеу үшін Декларация мәтінін, оның жобаларын, Жоғарғы Кеңес отырысының стенограммасын және 1989–1991 жылдардағы тарихи деректерді салыстырдық.
Құжаттар көрсеткендей, 1990 жылы Қазақстан егемендігін жариялағанымен, Кеңес одағынан толық тәуелсіздік алған жоқ. Декларация алғашында жаңартылған Одақ шеңберіндегі республикалық дербестікті кеңейтуді көздеді, соңынан бұл «Егеменді Мемлекеттер Одағы» деп аталды. Ал КСРО ыдырағаннан кейін оның қағидалары тәуелсіз Қазақстан мемлекеттілігінің құқықтық негізіне айналды.
«Қайта құру» мен «егемендік шеруі»
Бұл мәселені түсіну үшін 1980 жылдардың екінші жартысындағы Кеңес одағындағы жағдайға назар аударуымыз керек.
КСРО ресми түрде одақтас республикалардың ерікті бірлестігі деп есептелді. 1977 жылғы КСРО Конституциясында әр одақтас республиканың егемен мемлекет екені және Одақтан еркін шығу құқығы көрсетілді. Бірақ бұл құқықтардың қағаз жүзіндегі жариялануы мен шынайы саяси өмірдегі жүзеге асуы екі бөлек мәселе еді.
Іс жүзінде негізгі саяси шешімдер Мәскеуде қабылданды. Коммунистік партияның орталық органдары республикалардың саяси бағытын белгіледі. Ірі өнеркәсіп кәсіпорындары, стратегиялық шикізат көздері, қаржы ресурстары және сыртқы экономикалық байланыстардың елеулі бөлігі одақтық министрліктердің бақылауында болды.
Конституция бойынша одақтас республика «егемен мемлекет» деп аталғанымен, өз аумағындағы көптеген мәселені дербес шеше алмайтын. Кеңес одағының басты қайшылығы осында болатын.
Қазан төңкерісінің 60 жылдығын мерекелеу кезіндегі Қызыл алаңдағы Ленин мен Брежнев портреті. Мәскеу, 1977 жылғы 7 қараша / Getty Images
1985 жылы Константин Черненко қайтыс болғаннан кейін КОКП ОК Бас хатшысы болып Михаил Горбачев сайланды. Алғашқы кезеңде Горбачев кеңестік жүйені жоюды емес, оны «жеделдету» арқылы жаңғыртуды көздеді. 1985 жылғы сәуір пленумынан кейін жарияланған экономикалық саясат біртіндеп «қайта құру» және «жариялылық» ұрандарымен толықтырылды.
Қайта құрудың алғашқы кезеңі (1985–1986) экономикалық дамуды жеделдетуге бағытталды. 1987–1988 жылдары кадрлық өзгерістер мен жариялылық күшейіп, ұлттық тарихтың жабық тақырыптары ашыла бастады. 1988–1990 жылдары саяси реформалар тереңдеп, консерваторлар мен радикал демократтар арасындағы қайшылықтар күшейді. Ал 1990–1991 жылдары орталық пен республикалар арасындағы билік үшін күрес Кеңес одағының тағдырын шешетін басты мәселеге айналды.
КОКП ОК Саяси бюро мүшесі Михаил Горбачевтің Лондонға ресми сапармен барған сәті. 1984 жылғы 15 желтоқсан / Getty Images
1986 жылғы желтоқсанда Дінмұхамед Қонаевтың Қазақстан Коммунистік партиясы ОК бірінші хатшысы қызметінен алынуы қазақ жастарының наразылығын туғызып, 16–18 желтоқсанда Алматыда қанды «Желтоқсан оқиғасына» ұласты. Геннадий Колбин тұсында КОКП ОК бұл оқиғаны «қазақ ұлтшылдығының көрінісі» деп бағалады.
Қайта құру саясаты қайшылықтарды жоюға тиіс еді. Алайда кезегін күткен жариялылық ұлттық және әлеуметтік мәселелерді ашық көтеруге мүмкіндік беріп, республикалардың Мәскеуден дербестік талап етуін күшейтті. Балтық елдері тәуелсіздігін қалпына келтіруге ұмтылса, басқа республикалар саяси және экономикалық құқықтарын кеңейтуді көздеді.
Қазақ КСР жетекшілері (солдан оңға қарай): Саламат Мұқашев, Нұрсұлтан Назарбаев және Дінмұхамед Қонаев соғыс ардагерлерінің ортасында. Алматы, 1986 жылғы 9 мамыр / ОМ КФДЖА
«Егемендік шеруі» республикалардың мақсаттары әртүрлі болғанын көрсетті. Эстония 1988 жылғы 16 қарашада егемендігін, Литва 1990 жылғы 11 наурызда тәуелсіздігін жариялады. Ал 1990 жылы РКФСР (12 маусым), Өзбекстан (20 маусым), Украина (16 шілде) және Қазақстан (25 қазан) мемлекеттік егемендігін жариялады. Қазақстанның толық тәуелсіздігі 1991 жылғы 16 желтоқсанда конституциялық заңмен бекітілді.
Вильнюстегі антисоветтік шеру, Литва. 1990 жылғы 21 сәуір / Getty Images
Қазақстандағы егемендік идеясының қоғамдық негіздері
Қазақстандағы мемлекеттік егемендіктің қоғамдық-саяси алғышарттары 1980 жылдардың екінші жартысында қалыптаса бастады. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы ұлттық намыс пен тарихи әділеттілік мәселелерін алға шығарды. 1989 жылғы 8 желтоқсанда Нұрсұлтан Назарбаев КОКП Орталық Комитетіне хат жолдап, Желтоқсан оқиғасына берілген «қазақ ұлтшылдығы» деген саяси бағаны қайта қарауды ұсындыi
Қайта құру жылдарында тарихи ақтаңдақтар ашылып, ұлттық сана жаңғырды, қоғамдық-саяси ұйымдар белсенді жұмыс істей бастады. 1989 жылғы маусымдағы Жаңаөзен оқиғасы этносаралық шиеленісті, ал шілдедегі Қарағанды кеншілерінің ереуілдері әлеуметтік қайшылықтардың күшейгенін көрсетті. Жаңаөзен оқиғасы кезінде Колбиннің орнына Назарбаев билікке келді. Осы оқиғадан кейін Маңғыстауда құрылған «Парасат» қоғамдық-саяси қозғалысының мүшелері қысқа мерзімде 7 мыңға жеттіi
Антиядролық «Невада-Семей» қозғалысының белсендісі, геолог Б.Әділов митингтің қарарын оқып тұр. Алматы, 1990 жыл / ОМ КФДЖА
1989 жылдың 22 қыркүйегінде сайланған ХІ ҚКСР ЖК-нің кезектен тыс ХІV сессиясында қабылданған «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Тіл туралы заңы» бойынша қазақ тілі — мемлекеттік тіл, орыс тілі — ұлтаралық қарым-қатынас тілі болып көрсетілді. Қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілуі ұлттық жаңғырудың маңызды қадамы болды.
1990 жылы Алматыда «Наурыз» мерекесін ұйымдастыру, Желтоқсан қатысушыларын босатуды талап еткен акциялар және «Желтоқсан» партиясының құрылуы қоғамдағы саяси белсенділіктің артқанын көрсетті. 24 қыркүйектегі ҚКСР ЖК қаулысымен «Комсомольская правда» газетінде 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан көтерілісінің бұқаралық сипаты мен ақиқатын алғашқылардың бірі болып мойындаған мақала жарық көреді.
Наурыз мерекесі кезіндегі республикалық айтысқа қатысушылар. Алматы, 1988 жыл / ОМ КФДЖА
1990 жылы маусым айында Алматы қаласының үйсіз жастары наразылыққа шығып, жер басып алу акциялары өтті. Нәтижесінде Алматыда «Шаңырақ» ықшамауданы пайда болып, «Азат» қозғалысы мүшелерінің саны күрт артады.
1990 жылы қазақ патриоттары Алматыдағы Дзержинскийдің ескерткішін құлатады.
Мұндай деректер егемендікке ұмтылыстың тек мемлекеттік билік органдары арасындағы өкілеттіктерді бөлісу мәселесі болмағанын көрсетеді. Оның астарында ұлттық намыс, тарихи әділеттілік, мәдени дербестік және республиканың өзін-өзі басқару құқығы жатты. Осы кезеңде күшейе түскен егемендік идеясы жоғарыдан қабылданған шешім ғана емес, қоғамда жинақталған саяси, әлеуметтік, ұлттық және экономикалық талаптардың да көрінісі болды.
Қазақстан шекарасының мызғымастығын қолдаған митинг. Алматы, 1990 жыл / ОМ КФДЖА
Алайда егемендікті түсінуде айырмашылық болды: бір топ толық тәуелсіздікті қолдаса, енді біреулер жаңартылған Одақ аясында саяси және экономикалық дербестікті кеңейтуді көздеді. Бұл қайшылық 1990 жылғы Егемендік декларациясының мазмұнынан да көрініс тапты.
1990 жылғы 25 қазан: Жоғарғы Кеңесте қандай мәселелер талқыланды?
1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің XII шақырылымдағы ІІ сессиясында мемлекеттік егемендік туралы Декларация талқыланды.
Стенограммадан бірден байқалатын жайт — депутаттар егемендіктің саяси мағынасы ғана емес, мемлекеттік биліктің нақты тетіктеріне, республиканың құқықтық өкілеттігіне, прокуратура құзіретіне, табиғи байлықтарға меншік құқығына қатысты мәселелерді көтерген.
Нұрсұлтан Назарбаевтың «Социалистік Қазақстан» газетінің бас редакторы Шерхан Мұртаза (оң жақта) және Қазақ КСР Мемтелерадио төрағасы Ғаділбек Шаяхметовпен (сол жақта) кездесуі. 1988–1990 жылдар / ОМ КФДЖА
Әсіресе прокуратура мәртебесі қызу талқыландыi
Қазақ тілін қорғауға арналған митинг. Алматы, 1990 жыл / ОМ КФДЖА
Неге десеңіз, 1990 жылғы қазанда Кеңес одағының Конституциясы мен мемлекеттік органдары қызметін жалғастырып жатқан. Сондықтан республика егемендігін кеңейту туралы шешім қабылдаған депутаттар жаңа құқықтық талаптарды бұрынғы одақтық жүйемен үйлестіру мәселесімен бетпе-бет келді.
Бұл — сол кезеңдегі саяси таңдаудың басты қайшылықтарының бірі.
Жер мен табиғи байлық кімге тиесілі?
Жоғарғы Кеңестегі пікірталастың ерекше маңызды бағыттарының бірі — табиғи байлықтарға меншік құқығы.
Салық Зиманов табиғи ресурстардың барлық түріне республиканың меншік құқығын бекіту қажеттігін атап өттіi
Қазақстандағы Теңіз мұнай кен орнының аумағы / Getty Images
Расында, экономикалық егемендіксіз саяси егемендіктің болуы неғайбыл. Алайда Декларацияда табиғи ресурстарға меншік құқығының жариялануы одақтық кәсіпорындар мен олардың мүлкі бірден республика басқаруына өтті дегенді білдірмеді. Құқықтық қағиданы жариялау — бір мәселе. Оны нақты мемлекеттік басқару жүйесіне айналдыру — басқа. Қазақстан бұл күрделі міндетті 1990–1991 жылдары және тәуелсіздік алғаннан кейін де кезең-кезеңімен шешуге мәжбүр болды.
Декларацияның бірінші тармағы нені білдіреді?
1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Декларацияның бірінші тармағында былай деп жазылған:
«Қазақ Советтiк Социалистiк Республикасы — егеменді мемлекет, ол басқа республикалармен Егеменді Республикалар Одағына ерікті түрде бірігеді және олармен өзара қатынастарын шарттық негізде құрады. Қазақ ССР-і Одақтан еркін шығу правосын өзінде сақтап қалады»i
Бұл — құжаттың саяси мазмұнын түсінудегі шешуші тұжырым.
Біріншісі — Қазақ КСР-інің егемен мемлекет екені және басқа республикалармен Егеменді Республикалар Одағына (немесе Егеменді мемлекеттер одағына) ерікті түрде бірігетіні. Екіншісі — республиканың Одақтан еркін шығу құқығын өзінде сақтайтыны.
Демек, 1990 жылғы Декларация Кеңес одағын таратуды емес, егемен республикалар негізінде жаңа одақтық қатынастар құруды көздеді. Сонымен бірге Қазақстан Одақтан шығу және өз болашағын дербес шешу құқығын сақтауға ұмтылды.
Декларацияның соңғы, он жетінші тармағы да осы қорытындыны нақтылай түседі. Онда Декларация жаңа Одақтық шартты жасауға, Қазақ КСР-інің жаңа Конституциясын әзірлеуге және республиканың егемендік мәртебесін жүзеге асыратын заңдар қабылдауға негіз болатыны көрсетілді. Қазақстанның саяси басшылығы сол кезде жаңа Одақтық шарт жасауға даярланып жатты.
Егемендіктің құқықтық мазмұны
Декларацияның бірінші және соңғы тармақтары оның саяси бағытын көрсетсе, басқа ережелері егемендіктің нақты мазмұнын айқындауға арналды.
Декларацияда Қазақстан аумағының тұтастығы мен қол сұғылмайтындығы жарияланып, халық мемлекеттік биліктің қайнар көзі ретінде танылды. Бұл республиканың саяси және құқықтық дербестігін нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды. Алайда одақтас республикалар егемендік декларацияларын қабылдаған сайын, олардың билігі мен Одақ орталығы арасындағы құқықтық қайшылықтар тереңдей түсті. Қазақстан да өз мемлекеттік мәртебесін жаңаша айқындауға ұмтылғанымен, одақтық құқықтық жүйеден толық ажыраған жоқ. Сондықтан Декларацияда жарияланған қағидалар мен іс жүзінде жүзеге асырылған мемлекеттік өкілеттіктерді ажырата қарастыру қажет.
Экологиялық егемендік неге маңызды еді?
Кеңес кезеңінде республика аумағындағы ірі әскери-өнеркәсіптік және стратегиялық нысандардың қызметіне қатысты көптеген шешім одақтық деңгейде қабылданды.
Мысалы, Арал теңізінің тартылуы орталықтандырылған шаруашылық саясаттың экологиялық салдары еді. Демек, өз аумағындағы халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге құқығы жоқ республиканың егемендігі толыққанды бола алмайды.
Арал теңізі тартылған соң қайраңда қалған кемеге мініп тұрған бұрынғы балықшы кемесінің капитаны. 1989 жыл / Дэвид Тернли / Getty Images
Экология мәселесінің Егемендік декларациясына енуі Қазақстанның тек мемлекеттік дербестікке ұмтылмай, халықтың өмір сүру жағдайына, табиғи ортаны қорғауға және республика аумағындағы шешімдер үшін жауапкершілік алуға ұмтылысымен де байланысты болды.
Қазақстан басшылығы қандай Одақты көздеді?
Одақтас республикалар дербестігін кеңейтуге ұмтылса, орталық билік бұрынғы өкілеттіктерін сақтауға тырысты. Осы қайшылықты шешу үшін тараптардың өкілеттіктерін жаңаша бөлуді көздейтін жаңа Одақтық шарт ұсынылды.
Борис Ельцин, Михаил Горбачев және Нұрсұлтан Назарбаев: республикалар арасындағы экономикалық келісімге қол қою рәсімі. Мәскеу, 1991 жылғы 18 қазан / Getty Images
Қазақстан басшылығы егемендік құқықтарын кеңейтуді қолдағанымен, одақтық байланыстарды бірден үзудің экономикалық салдарын ескерді. Өйткені республика өнеркәсібі, көлік, энергетика және қаржы жүйелері одақтық шаруашылықпен тығыз байланысты болды. Өнеркәсіп кәсіпорындары басқа республикалардан келетін шикізат, жабдықтар мен қосалқы бөлшектерге тәуелді болды. Теміржол, энергетика, қаржы, өндірістік кооперация және өнім өткізу жүйелері одақтық кеңістікте қалыптасқан. Осындай жағдайда республиканың барлық шаруашылық байланысын бір күнде үзіп, дербес экономикалық жүйеге көшуі күрделі әлеуметтік-экономикалық салдарға әкелуі мүмкін еді. Сондықтан жаңа Одақтық шарт егемендікті нығайту мен қалыптасқан экономикалық байланыстарды сақтаудың ымыралы жолы ретінде қарастырылды. Алайда бұл бастама жүзеге аспады.
1991 жылғы референдум
1991 жылғы 17 наурызда Кеңес одағын сақтау жөнінде бүкілодақтық референдум өтті. Қазақстанда Қазақ КСР-інің Егеменді Республикалар Одағына ерікті түрде бірігуі туралы қағида дауысқа қойылды. Бұл ұстаным 1990 жылғы Егемендік декларациясының мазмұнымен сабақтас болды. Республика басшылығы Одақты сақтауды белсенді қолдады. Ресми дерек бойынша, референдумға сайлаушылардың 88,2 пайызы қатысып, олардың 94,1 пайызы жаңарған Одақты қолдады, 5 пайызы қарсы дауыс берді.
Нұрсұлтан Назарбаев жұбайы Сарамен бірге Бүкілодақтық референдумда дауыс берген сәті. Алматы, 1991 жыл / ОМ КФДЖА
Тамыз бүлігі және саяси бағыттың өзгеруі
1991 жылдың көктемі мен жазында жаңа Одақтық шартты әзірлеу жөніндегі келіссөздер жалғасты. Ново-Огарево келіссөздері аясында жаңа Одақтық шарт әзірленіп, оған 20 тамызда қол қою жоспарланды. Алайда 1991 жылғы 19 тамызда Мәскеуде болған мемлекеттік төңкеріс әрекеті саяси жағдайды күрт өзгертті. «Тамыз бүлігі» сәтсіз аяқталған соң КОКП мен одақтық биліктің ықпалы әлсіреп, республикалардың тәуелсіздікке ұмтылысы күшейді.
Сәтсіз аяқталған Тамыз бүлігінен соң кеңестік нышандарды алып тастау кезінде құлатылған ескерткіш жанында тұрған бала. Мәскеу, 1991 жыл, тамыз / Getty Images
Яғни 1990 жылғы Егемендік декларациясын қабылдаған кездегі саяси жағдай мен 1991 жылғы тамыз оқиғаларынан кейінгі жағдай мүлде екі түрлі еді. 1990 жылы жаңарған Одақты сақтау мүмкіндігі қарастырылса, «Тамыз бүлігінен» кейін республикалардың дербес шешім қабылдауына жол ашылды.
1991 жылғы 16 желтоқсан: егемендіктен тәуелсіздікке
1991 жылғы желтоқсанда Кеңес одағының тағдыры түпкілікті шешілді.
8 желтоқсанда Ресей, Украина және Беларусь басшылары Беловеж келісіміне қол қойды.
21 желтоқсанда Алматыда бұрынғы одақтас республикалардың басшылары бас қосып, жаңа мемлекетаралық қатынастардың негіздерін айқындады.
Ал Қазақстанда бұдан бұрын, 1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданды.
Борис Ельцин, Нұрсұлтан Назарбаев және Леонид Кравчук: бұрынғы кеңестік республикалар басшыларының ТМД-ны құру туралы келісімді бекіткен кездегі кездесуі. Алматы, 1991 жылғы 21 желтоқсан / Getty Images
1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі жарияланып, оның жаңартылған Одаққа қатысу мүмкіндігі сақталса, 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі жарияланды.
1990 жылғы Декларация республика егемендігінің саяси-құқықтық негіздерін белгіледі. 1991 жылғы Конституциялық заң Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі мәртебесін бекітті.
Декларацияның шынайы мәні мен мазмұнын дұрыс түсіну арқылы оның тәуелсіз Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасуына қосқан үлесін нақты бағалауға болады.
Егемендік декларациясын қалай бағалауымыз керек?
1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Егемендік декларациясы — Қазақстанның тәуелсіздікке жету жолындағы маңызды саяси-құқықтық құжат. Алайда ол Кеңес одағынан толық тәуелсіздік жариялаған жоқ. Бастапқыда Декларация жаңартылған Одақ аясында республиканың егемендік құқықтарын кеңейтуді көздеді. Декларация Қазақстанның аумақтық тұтастығын, мемлекеттік дербестігін, табиғи байлықтарына иелік ету құқығын және азаматтардың құқықтарын бекітті. Сол кезеңде үш саяси бағыт болды: бұрынғы Одақты сақтау, егемен республикалар негізінде жаңартылған Одақ құру немесе толық тәуелсіздікке қол жеткізу.
Бейнеу, Қазақстан. 1993 жыл. Вольфганг Келер / LightRocket via Getty Images
1990 жылғы Декларация негізінен екінші бағытты көздеді. Ал 1991 жылғы саяси оқиғалар Қазақстанның толық мемлекеттік тәуелсіздік алуына жол ашты. Демек, 1990 жылғы 25 қазан — егемендікке бағытталған маңызды белес, ал 1991 жылғы 16 желтоқсан — Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі заң жүзінде жарияланған күн.