МЕН ҚАЗАҚПЫН БА?

Алматы

Дүние есігін ашқан бала жан жағында болып жатырған ғажап сиқырларды білуге құмартады. Балаға сиқыр болып көрінгеннің бәрі негізі дәлелденген ғылым. Тілім шыққалы анау не?мынау не?неге ондай?деген сұрақтарыммен үлкендердің миын ашытып сұрай беретінмін. Мектепке барып әліппемен танысқаннан соң өзіме керек кітаптардан қажет ақпаратты оқып алатынмын, сонда да баяғы әдетім әлі қалмады. Бұл жолы мен шыққан тегімді қазбалап , тарих жайлы біраз ізденісте болдым. Соның бірін баяндап беруді жөн көрдім. Тарих сабағында кіші жүздердің көбісінің мекен ететін аумағы Батыс Қазақстан екенін біліп,«Біз Алматыда не істеп жүрміз неге көп шөмекейлер( руым) Бастыс Қазақстанда біз Алматыдамыз?» деген сауал ойымнан кетпей қойды. Басында ата анамның жұмысы үшін көшіп келген болар деп ойладым, бірақ кейінен әкемнің төл құжатынан «Өзбекстанда туылған» деген жазуды көзім шалды. Ойымда неше түрлі сұрақтар пайда болды. «Неге Өзбекстанда туылған, әкем сонда өзбек па?Әкем өзбек болса мен сонда қазақ емеспін ба ?» деген сұрақтар қызық қуған жасөспірімнің ізденісін арттырды. Әкем Азатбек пен анам Жамилия жалақысынан несиесі көп мына заманда бізді асырау үшін күні түні тынбай жұмыс істейтін ,менің сұрақтарыма жауап беру түгілі тіпті бізге қарауға уақыттары болмайтын.Ал атам мен әжемнен сұрайын десем олар ерте о дүниелік болды тіпті олардың түрлері есімде емес. Ішімді тыпырлатқан сан мың сұрағымның жауабын бір білсе әкемнің үлкен ағасы Рахматулла атам біледі деп үйіне барып сан мың сұрағымның жауабын сұрауды жөн көрдім. Рахматулла Атамның үйіне құр бармай бір сүзбемен жасалған бәлішімді ала бардым. Бегділлә атамның берген тәрбиесінен бауырмалдық қанына сіңген әулетте барлық балаларының бір біріне үйі жақын орналасқан. Рахматулла атам бізден бір көше алдын тұратын. Үйіне лезде жете қойдым. Әулетіміздің ең үлкені қазіргі ақылшы қариямыз Рахматулла Атам көпті көрген Қажы кісі қасында әжем Алмаш( жұбайы) тарихшы. Үйлеріне барған едім өздері де сәске шәйді ішіп отыр екен.

- Кел қызым- деп әжем мейірлене шақырды. Отырып біраз шәй ішкен соң келген жайымды айтып, диктофонымды қостым.

- Эхх, қызым ау- деп күрсініп, кішкене шәйнегіндегі ащы көк шәйді сіміріп:

- Онда тыңда- деп әңгімесін бастап кетті.

- Қазіргі заманда қазақ жастары өз арасында ру руға бөлініп келеді. Бірақ қазақтың сол ру тайпалардан құралғанын білмейді әу сірә

- Қалай сонда. Біз бірінші қазақ хандығы болып құрылып, кейінен руға бөлінбедік па сонда?- дедім мен таңырқап.

- Қазақ жерін мекен еткен рулар, тайпалар Қазақ хандығы құрылғанға дейін де болған. Саны көп, билігі басым ру тайпалар өздерінше қағанаттық құрғаны да жасырын емес. Сонау түркі заманынан бері тіпті одан ерте ру- тайпа болып бөлініп отырды.Ал енді ширатылған жіптей болған тарихымызды білу үшін жіптің ұшынан бастап тарқатайық.- деп сөзін жалғады.

Атамның мына сөзін іштей “жібі несі біз тарихты талдап жатырған жоқпыз ба” деп таңырқадым, кейінірек дыбысжазғышты қайта естігенде барып қана мағынасын түсінгендей болдым. Тарихты Ширатылған жіпке теңегені сол замандағы әртүрлі мағұлмат араласып қай оқиғаның қай уақытта болғаны нақты анық емес екендігін сипаттағандай болды. Ал жіптің ұшынан тарқатайық дегені өзімізге белгілі уақыттан бастап, қазіргі күнге дейінгі тарихты баяндағаны шығар деп ұқтым.

- Жазу, сызу бізге әлі жете қоймаған заманда біз қытай жылнамаларына үңілеміз. Көне Қытай жылнамалар аңызына сүйене отырып баяндайын. Көк түріктердің ата баба шежіресіндегі, Бөрі Анадан 4 ұл туатыны жазылған. Сол 4 ұлдың үшінші ұлы “Чучже өзенінің бойында мемлекет құрған”. Қазіргі түрік тарихында оны Шу тайпалары деп аталған. Шу тайпаларының негізін чумугунь ( шөмекей), шуми( шыбыл), чубан( жаныс) тайпалары бөріден туған үшінші ұлдың жұрты деп көрсетілген екен. Осы орайда Шөмекей сөзін Шу өзенін мекендеген дегеннен шықты деп пайымдайды кейбір ғалымдар. Шөмекейдің этникалық тарихи тамыры қайдан бастау алатынына тоқталайық. Қазақтың ауызша тарихына жүгінсек Шөмекей: Тоқа, Көнек, Аспан, Бозғұл аталықтарына жіктеледі деп жеткен.

Бірінші “Аспан аталығы (парсы тілінен еңген) түріктің көне тайпасы Ашинаның аудармасы Аспан дегенді білдіреді” деген еді кезінде бір тарихшы. Демек бұл бізге Түрік қағанатының құрамында болған дегенге келеді. Көне түркі сөздігіне қарасақ “көк”деген түсті білдірсе Көөк деген аспанды білдіреді. Сонымен Аспан түріктері Шөмекейдің Аспан аталығын білдіреді ау қызым- деді атам кіші қызына алдырған кітабын ақтарып отырып. Қарап отырсам бір сауалдың жауабын іздеймін деп, сан мың ақпаратқа жолықтым. Немересінің сұрағының жауабын бірге іздеген атам біресе кітапқа көз жүгірітіп, анда санда сырғып бара жатырған көзәйнегін көтеріп қойып маған: “Қарт шалдың тарих әңгімесін тыңдаудан жалығып кетпедің ба” дегендей қарап қояды.

- Ауыздан ауызға тарағанан тек осы ғана сақталған қалғаны толық зерттелмеген екен- деді де

- Ары қарай жалғастырсақ шөмекей аталықтары Түрік қағанатының құрамында болған, Түркі қағанаты ыдыраған соң Батыс Түріктің қармағында саудамен айналысып, Шу өзенінің бойында мекен еткен. Содан ұйғырлар мен қарлұқтардың біріккен әскерінен жеңілген шөмекейлер ата қонысын тастап алғашқы көш батысқа қарай жылжыған. Ал Шыңғысқан уақытында Шу бойындағы шөмекейлер солтүстікке қазіргі Қостанай маңына көшті деседі. Деседе біз бұл ақпаратты орыс зерттеушілерінің сол мекенді шөмекей руының аталықтарымен немесе шөмекей руынан шыққан әулет атымен атаған депті. Мысалы: солтүстіктегі Архангельск облысындағы Ақ теңіздің /Белое море/ жағасында Кошкаранцы елді мекенінің болуы. Шежіре бойынша Шөмекейден – Бозғұл – Келдібай – Сейін (Желдір) – Қошқаралы болып тарай­ды. Кошкаранцы мен Қошқаралы бір сөз. Тағы бір деректе шөмекей руының солтүстік орыс жеріндегі бір бөлігі - «ішкіліктер» III Иван патшаның кезінде Дон казактарына, енді бір бөлігі Кіші жүз, Қаракесек бірлестігіне қосылған дейміз. Орыс тарихында “ішліктер” деген атаумен шөмекейлер туралы ақпараттар жазылған. Көптеген орыс жазбаларында шөмекей руының қазақ хандығына кейіннен кешірек қосылғаны жайында баяндайды. Сондықтан болар шөмекейдің екі таңбасы бар. Ол екі таңбаның өзінің алуыныңда тарихы бар. Шөмекей өзінің бірінші таңбасын нағашы жұртынан Орта Жүзден алады. Дәстүр бойынша, жиеннің назары қатты, -деген бар, сол себепті жиеннің назаны түсірмейін,- деп нағашылары таңба беруге шешіледі. Ал таңба алу үшін белгілі мөлшерде құн төлеу керек болатын. Бірақ Шөмекейде құн төлейтін малы болмайды. Баланың көңілін қалдырмау керек, бірақ таңбағада құн төлену керек, осы мәселені шеше алмай басы қатқан Орта жүздің билері жігітке шарт қояды: Сайлап он алты жігітті жекпе-жекке шығарамыз, егер жеңсең таңба сенікі, ал егер біреуінен жеңіліп қалсаң бізге ренішің болмасын, – дейді. Шөмекей келісіп жекпе-жекке шығып барлығын жеңіп шығады. Содан соң ол өзінің таңбасын алады. Содан нағашы жұрты Шөмекейге ас береді. Ешкімді күтпей тамақты бастап жіберген Шөмекей үлкендердің келіп қалғанын көріп түйіліп қалады. Арқасынан қағып түсіргенде тамағынан көмекей шығады.Содан бері \” «Ет жаманы — көмекей, ел жаманы — шөмекей» деп осы нағашы жұрты баланың мықтылығына таңданып айтып кеткен деседі. Ал екінші таңбасын болса ағасы Әлім бермеген таңбаны Орта жүз бергенді сын көріп өз баласының таңбасын алып береді екен- деді де Атам көшеде жаңғырып шығып тұрған азан үнін естіп, кенже қызы дайындап қойған құманды алып, ақшам намазын оқудың қамына кірісті. Менде сол уақытта кешкі ас дайындауға әжеме көмектестім. Намазын оқып келген соң, әңгімесін жалғастырды.

- Қазақ қатарындағы руларды жүздерге біріктіргеннен бастап, кіші жүз рулары Сырдария Арал, Каспий теңізі маңында мекендейді. Ал Шөмекей Батыс Қазақстанның Ырғыз өзені маңына сол уақытта Жармола деп аталған жерге келіп қоныстанады- деп жазады көптеген деректерде. Бірақ өзім нақты жауабын таба алмаған сұрақ бар.- деп үлкендердің де жауапсыз қалған сауалдары бар екенін білдіртті ау шамасы

- Ол қандай сұрақ?

- Өзімде талайдан ізденісте жүрдім, жауабын нақты ала алмадым, өзімше пайымдап қана қойған жайым бар.- деді.” Атам білмейтін қандай сұрақ екен ол деп қатты білуге тырыстым”. Атам:

- Мені де мазалаған сұрақ “біз неліктен көшіп келдік”. Әрине дүниеге келгелі осы Баймұратта тұрамын( Өзбекстандағы туған жері) атам да, оның атасы да барлығы осы жерде туып өскен. Ешқайсысы нақты қай заманда неліктен көшіп келген себепті айта алмады, айтса да әркім әртүрлі оқиғаны айтты. Қалам алып қағазға түсірер жан болмаған соң, халық аузынан бұрмаланып кеткен. Оқиғаның нақты шындық немесе жалған екенін ешкім кесіп айта алмайды. Дегенмен сан мың оқиғалар арасынан шындыққа жанасатын, қисыны бар 3-4 әңгімені айтып берейін- деді де Бұл тек пайымдаулар ғана нақтысын білмеймін дегендей қарап, әңгімесін жалғастырды.

- Кейбір үлкендердің айтуынша біздің ата бабамыз Ырғыз жағалауында бауырларымен жерге таласқандықтан кетіп қалған деседі. Ал кейбірі жұт болып содан малға жайылым іздеп жүріп Баймұратқа тоқталған дейді.Ол уақытта Баймұрат жері мал үшін жайлы болған, шөбі мол, қысы жылы, жабайы аңдар да жоқ болғандықтан сонда тоқталған. Тағы бір деректерде Қазақ жерін отарлау барысында байларды барымталап, яғни мал мүліктерінен айыратын заманда мейлінше алысқа азды көпті малымен бала шағасымен басқа рулармен бірге көшіп кеткен деген әңгімелерде бар. Бірақ бұл оқиғалардың ішенен нақты мына себеп деп айту қиын. Бұдан бөлек тағы көшуге көптеген себептер бар. Бір қызықтыратыны қазіргі Өзбекстан жерінде басқа да кіші жүз руларынан шыққан атақтыларының да сол маңайда туылуы, мекендеуі. Мысалы: кіші жүз биі Әйтеке би, Жалаңтөс баһадүр, Базар жырау сынды тарих ізгілерінің қазіргі Өзбекстан жерінде өмір сүргеніне менде таңырқаймын. Әрине кейбір ата жұрт кіндігі тамған жерлер Өзбекстанға өткізілген, бірақ сұрағым “ол жерге қалай не үшін келді? “- деп біраз жыл сендей ізденісте болдым. Бірақ тарихи ақпарат жазба күйінде болмағандықтан, тек ауыз әдебиетінен естігеніміз ғана қалған. - деп іштей бір күрсінді.Санаммен жазба әдебиетінің тарихта қаншалықты маңызды екенін толық түсініп, болашақ ұрпақтарымызға өзімізден цифрлық ақпараттарды көп қалдыратынымызды түсінгенде іштей қуанып қалдым.

- Ары қарай не болды? Яғни Көшіп келгеннен кейінгі өмір туралы бар білгеніңізді айтып беріңізші- дедім.

- 1870-1890 жылдары Шемекей руының өкілдері Қызылқұм шөлінен оңтүстігірек жырақ жерде жатқан Тауелінде ( қазіргі Тамды) мекен етеді.Қарақалпақстанның бер жағында Ағытпа деген көл бар сол мекенге қоныстанып, өмір сүрген. Қазақтың сол заманғы күн көрісі тек мал болатын. Мүмкін сол жерге де малдың артынан келген болар, белгісіз.

- Сосын немен айналыстыңыздар не болды? Соғысқа қатысып, немесе орыстандыру саясаты әсер етті ме?

- Атадан балаға мұра етіп қалдырылған ата кәсібіміз бар, ес білгелі сол кәсіппен айналысып келеміз. Біз әбден малды меңгерген адамбыз ғой- деп сәл кідіртіп артынша

- Малдың арқасында қаншама аштықта тірі қалып небір қиын қыстау күннен аман шықтық. Әрине қаншама ғасырға созылған мал шаруашылығының нәтижесінде аз болса да бір- екі жетістікке жеткеніміз бар енді.

- Қандай жетістік ол ата?

- Біз Баймұратта тұрғанда ата кәсібіміз “қаракул” жасайтынбыз. Қаракул деген қозы терісінен жасалған киімдер, көбнесе бас киім мен тон жасаймыз. Қысты күні үсіп қалмау үшін. Ата кәсіп болып ұрпақтан ұрпаққа жалғасып отырып, қозы терісінің қыр сырын біліп алғанбыз. Тіпті Тамды ауданы сол уақытта қаракул жасаудан 1 орында болған. Біз көбіне шопандарға қыста ыңғайлы болсын деп тігетінбіз, кейінен небір көпес байлар сатып алатын.Менде сол ескі үйде бар еді. Бегділлә Молдамұрат аталарыңдікі. Кейін Баймұратқа бір барғанда алып келем.- деп ескі күндеріндегі бір балалығы есіне түсіп кеткендей бір ыржиып қойды

-Ата неге ыржидыңыщ айтар тағы мағұлмат бар ма? - деп едім

- Эхх қызым ау Қар үйде жатқан күндерім есіме түсіп кетті.

- Қар үй? Киіз үйдің баламасы ма?

- Ия бірақ бұл өзің ойлағандай ақ киізден жасалған 12 қанатты киіз үй емес. Қар үй деп аталуының да өз себептері бар. Құдай бізді жоқшылықпен сынаған, аштықтан халқымыз беймәлім күйге түскен. Бұл атау сол кезеңдерде пайда болған. Тезекті отын ретінде пайдаланып, түтінінен киіздер ыс болып, қарайып кеткен. Қай заманда түсірілген сурет белгісіз сол суреттегі адамдардың артындағы киіз үйден қорқасын. Суретте терісі сүйегіне жабысқан қарттар мен артында жымық жамау киіз үйлер бейнеленген, шамасы халық жағдайы нашарлап кеткен замандарда түсірген ау- деп бала кезінде көрген суретін бейнелеп. Киіз үйді “ қар үй” деп атау себебі киізі ыстанып, қарайып кеткен, жыртық жамау қара үйді атаған. Біз сондай қар үйлерде дүниеге келгенбіз. 1 ошақтың айналасында 20 маға жуық адам жататынбыз. Кейде мал бағып, тау тастың көлеңкесін паналаймыз. Мал бағуға 2-3 бауырыммен бірге шығатынбыз, кезектесіп күзетіп, апам орамалына салып берген азық түлікті бөліп жейтінбіз, ішіміз пысқанда домбыра тартып, ән шығарамыз. Айтпақшы сен ана Қалдыгүл бар ғой соның атасы Базар жырау екенін білесің ба? - деді алыс туысқанымызды айтып.

- Міне жаңалық- дедім

-Сосын Бегділлә атаң да домбырасымен ән айтып отыратын. Бір екі жырды өзі шығарса бір екеуін сол Базар жыраудан үйренген. Малдан қайтып келгенде, күн батарда алдына Бегзатты (кенже балның бірі) алып, өз термелерін айтып отырушы еді марқұм. Сол кезде осындай түсіріп, жазып алатын құралдар болғанда ғой- деп әкесін сағынышпен еске алып, жасаураған көзін мейлінше менен жасырып.

- Ал Қазақстанға қалай келдіңіздер, сіздерге өзбектерден қысым болды ма?

- Қысым болғанда айналамыз толған қазақтар болатын, мектепте те қазақ мектебі, тек бір кемшілігі біз өзбек тарихын оқыдық. Өз тарихымызды үлкендердің ауызынан ғана еститінбіз, ал міне қазір Құдайға шүкір сендер Қазақстан тарихын оқып жатырсыңдар.Бізге дүниеге келгеннен “ Сендер қазақсыңдар, Қазақ жері ата мекен елдерің “ деп құйып келеді. Кеңес одағы құлағаннан кейін Тәуелсіз елде 2000 жылдар ау қателеспесем Елбасымыз Жалпықазақтық құрылтайда қандастарды елге шақырды. Сол шақырту үндеумен өзімізде атамекенге келуге асығып отырдық. Ең алдымен біз үйдің үлкені болып келіп, жұмыс істеп, жайғасып алған соң қалған бауырларымыз бен ата анамызды көшіріп әкелдік.Алғашқы да қиын болды “ өз елісіз болса да, қалай күн көреміз, не істейміз, бізге кім көмектеседі” деген сұрақ көп болды. Сосын сатылған бірнеше қойдың ақшасымен қолымызға 2 дорба ұстап Қазақстанға келдік. Әкем марқұм:

- Бәрібір өз бауырларың қазақтардың арасына барып, сіңісіп кетіңдер, мұнда өзбектер бірте бірте көбейіп жатыр, не дегенмен өз Отандарыңа барыңдар- деп бата беріп Өзбекстаннан шығарып салды.Содан жарым Алмаш екеуміз Алматыға Өтеген Батырда қоныстанып, өз кәсібімізді аштық. Біз кеткен соң бірте бірте бауырларымда келді. Оларға қарап, сол кәсібімізді одан сайын көркейтіп, қазір бәріміз Байсерке ауылында өз жеке үйімізде тұрамыз.

- Сіздерді Қазақстанға келгенде кемсітіп, бөліп жарған сәттер болды ма?

- Бастапқы 1-2 жылда ия болды оны жасыруға келмес. Тіліміз бен сөзімізге бола кемсіткен күндер болды. Бірақ тымбай еңбектеніп, қалтаң қалыңдаған соң шеттету жайында қалды. Аллаға шүкір қазір өз қатарымыздың алдымыз. Ешкімнің ала жібін аттамай үбірлі шүбірлі болып отырмыз. Анам марқұм:

- Балаларының өз Отанында бауырларымен жақын тату тәтті тұрғанын армандаушы еді- деп еді анам. Ата анасын еске алып, барлық балалық естеліктерінен ба, әлде кезінде қолжетпес арманы қазіргі шынайысы екендігіне шүкіршіліктен ба, көзіне жас алып, менен жасыра алмады.

Атаммен өткен сұхбатта көп құндылықты ұқтым. Бұл әңгімелерлің кейбірі тарихта бар кейбірін еңгізу қажет, сол себепті көзі тірісі кезде дана қарттардың қазынасынан өз үлесімді алауға ұмтыламын.

Бұрмаланған тарихтан, сол заманның адамынан естіген эхалық аузында таралған шынайы оқиға артық.

Шынында біз тәуелсіз елде өз Отанымызда туылғандықтан бақытымызды сезінбей, елімізге қарсылықтар айтамыз, бірақ бұл ата әжеміздің асыл арманы болғанын түсінбеймізде. Қаншама азамат/азаматша өз Отанының бір уыс топырағына зар болғанда,аяғымыздың астындағы топырақты ластағанымыз жалған емес.

Өз руымның тарихын ізденіп, елімнің өшпес тарихына тап болдым. Осындай күнге жетуге еңбегін салған әрбір тұлғаға бас идім. Ру болып бөлінеміз деп жүргенде біріктірген Қазақ халқыммен, басқа ұлтпен ынтымақтастырған Қазақстанымның Тәуелсіздігі тұғырлы болсын.

Аяулым Бегдилла

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ

Көшірілді