МЕНІҢ ОТБАСЫМДАҒЫ ҰЛЫ ЖЕҢІС ІЗІ

Үштөбе

Сен едің мені айырған достарымнан

Долы жау, дүниеге салған ылаң!

Бөбегін махаббатың жалынға атып,

Кеудеге қан аралас мұз қатырған

Қ.Аманжолов

Сұрапыл соғыс 1941 жылы 22 маусымда таңғы сағат төртте Гитлер бастаған фашистік Германияның Кеңес Одағына басып кіруінен басталды. Тез арада ел арасына тарап азаматтар әскер қатарына алынды. Күні кеше тыныш жатқан Кеңес Одағы соғысқа белсене қатысты. Бұл хабар көп кешікпей қазақ жеріне де келіп жетті. Әр ауыл әр қаладан әскерге жарамды деген азаматтар алынды. Бұл қантөгіс біреулер үшін кешегі өткен оқиға болса, біздер үшін мәңгі өлмес тарих, шежіре. Әр күн, әр жыл өткен сайын кешегіні тарих тозаңы басып барады. «Ер есімі-ел есінде» демекші, ержүрек аға-әпкелеріміз ұрпақ есінде. Өз кеуделерін елі үшін, қасиетті қара топырағы үшін, Отан үшін оққа тосты. Оларға қыстың аязы да, жаздың қапырығы да, бірнеше жылға созылған аштық та, анаға, елге деген сағыныш та, сүйіспеншілік те кедергі болған жоқ. Олар ел алдындағы сертін кеудесінен жұлып тастамай, өз еріктерімен қан майданға аттанды. Олар аялаған анасының, тәрбиелеген әкесінің, қасиетті Отанының алдындағы борышын осы жолда өтеді.

Соғыс дегеніміз не? Менің ойымша соғыс дегеніміз: сұрапыл жау, аяусыз адам, көл болып ағылар қан, ана мен бала жасы, мерт болған ағалар. Соғыстың адамзатқа әкелген зардабы қаншама десеңізші! Тыныш жатқан елді дүр сілкіндірді, баланы жетім, әйелді жесір, ерлерді мерт қылды.

Қан майданда әр минут қымбат. Жіберген бір қателік өзіңнің де, өзгенің де жанын қиып кетуі мүмкін. Бұл жерде ереже жоқ, сондықтан әркез барлығына дайын болу керек. Майданға аттанған әр азамат бұл қағиданы біле тұра, ерлік жолына аттанып, кеудесіне оқ тосты. Әрбір шабуылда қаңсыраған достарын көріп, әр шабуыл сайын өздерімен қатарлас достарын жоғалтып, қанды қол ортасында жүрседе, артқа бұрылмай, тек алға қарай жол бастады. Дәл осындай құдіреті күшті жігер оларға ананың ақ сүтімен бойға дарыды.

Қиын қыстау кезеңде орыс демей, өзбек демей бәрі бір атаның баласындай, жұдырықтай жұмылып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, Отанын жаудан қорғады. Әр жерден шығып жатқан танкілердің дүрсілі мен снарядтардың дүбірі онсызда мазасыз елдің жанын түршіктірді. Қаншама қалалар қоршауға алынды! Қаншама аналар қан майданда қаза тапқан ерлеріне қара қағаз алды десеңізші.!

Туған жерін тастап қан майда аттанған ерлеріміздің бірі менің нағашы әжемнің әкесі Қалиақпар еді. Шығыс Қазақстан облысының Көкпекті ауданынан 1941 жылы 17 жасында соғысқа аттанады. Үйленгеніне небәрі бір жылда болмаған. Әжем бес айлық шарана болып, анасының құрсағында қалады. Сол әжемнің соғыс туралы кино көрсе жылағанын сан рет көрдім. Кішкентай бала нені түсінер дейсіз?

-«Апа сізді өкпелеткен кім?» -деп сұрағанымда

-«Әй, құлынымай, сен нені білесің? Мына соғыста, мен тумай тұрып, майданға аттанған әкемде жүрген болар. Соны ойлап жылап отырмын», - дейтін.

Өсе келе ақыл тоқтатқан жасқа жеттім. Сонда ғана әжемнің сөзін ақылға салып ойлап қарасам, көзімен көрмесе де, әкеге деген сағыныш жүректің бір тұсында сақталған екен.

Әжемнің анасына бір жылдай хат келіп тұрады, алайда, уақыт өте келе хат та тоқтайды. Әжемнің анасы әр күнді бір хабар болар деген үмітпен өткізеді. Соғыс аяқталады. Майданға аттанған ерлеріміз жаралы болып елге қайтады. Ал, атамнан еш хабар келмейді... Дәл осындай хабарсыз кеткен ағаларымыз қанша десеңізші?! Артында ер бала қалса көңілге медеу болып, ұрпағын жалғастырар ер бар деп айтуға болар еді.

1993 жылы шыққан «Шежіре» атты кітабын қолына алғанда, «Менің әкем Қалиақпардың артында ұрпағы да қалмапты-ау»-, деп әжемнің егіліп жылағаның көрген едім. Қыз бала шежіреге кірілмейді, себебі жат жұрттық деп есептелінеді.

Әжемнің өмірінде өткен осындай қайғы-қасірет тек бір емес, мыңдаған адамдардың басында болған. Соғыста болмаса да, әкесінен айырылған әжем соғыс туралы әңгімені көп айтады.

Болашақ ұрпақ өз тарихын білуге міндетті. Б.Момышұлы, Қ.Қайсенов, Қ.Аманжолов т.б сыңды ағаларымыздың соғыс туралы кітаптары көбірек жарық көрсе деймін. Біз соғысты көрмедік. Біз соғыс туралы кітаптарды аз оқимыз. Ал киноларды тек Жеңіс күні жақындаған кезде көреміз. Қазақстанда әр түрлі қоғамдық ұйымдар құрылып, жақсы ізгі шараларды іске асырып жатыр. Менің ойымша, егер біз келешек ұрпаққа Ұлы Отан соғысының қалдырған ізін танытқымыз келсе «Ұлы жеңіс» , «Мен соғысты көргем жоқ» , «Іздеу саламыз» тақырыбында кездесулер, сұхбаттар өткізіліп тұрса. Ал тарихты білу әркімге парыз. Теледидар бағдарламасына соғыс туралы кинолар, ақын-жазушылар өмірінен үзінділер, Бауыржан Момышұлы атамыздың өмірінен үлгі аларлықтай патриоттық сабақтар енгізілсе. Бұл біздің жастарға ұсынылар ұлы тәрбие көзі болар еді, әрбір адамның бойына патриоттық сезім ұялату біздің борышымыз. Сөзімді қорыта келе мына өлең шумақтарын соғыста ерлікпен қаза тапқан ағаларымыз бен апаларымызға, тылда талмай еңбектенген аналарымызға, әкесінен айырылып, өмір бойы аңсаумен өткен ұрпақтарына арнаймын.

Соғысты мен көргем жоқ,

Бірақ менің жүрегім,

Сезеді сол сұм соғыстың

Әжем менен атама

Жеңшем мен ағама

Қайғы менен қасірет,

Азапты өмір салғаның.

..Туған жер мен ата*анасын

Қимай кетіп барады.

Сағынышпен өткен әр күні,

Белгісіз болып моласы,

Бір уыс топырақ бұйырмай

Аңырап ансап ағайын,

Әлі тосып сарғайған,

Сұм соғыстың келбеті

Көз алдыма келеді

Болмасын соғыс! Болмасын!

Ержан Нұрланұлы

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ