МЕНІҢ ҚАРНАҚ АУЫЛЫ ТУРАЛЫ ӘҢГІМЕМ

Қарнақ ауылы

Мазмұн

Сәлеметсіз бе, менің атым — Чинора Алимова. Мен Түркістан облысы, Қарнақ ауылынан боламын. Махмуд Қашғари атындағы мектепте 11 сыныпта оқимын. Тарихи-археологиялық құндылықтарға бай шағын Отаным туралы сіздерге айтып бергім келеді. Мен Қарнақ ауылы деген әдемі тарихи жерде тұрамын.

Алдымен Қарнақ атауы қалай пайда болғанын айтқым келеді

Ежелгі мекеніміз сайын дала, жасыл жайлау, айдынды көл, балды бұлақ, талды өзен, көкорайлы шалғын, базарлы шаһар халқымыздың тарихи жадында атау болып жатталып қалды. Халқымыздың біртуар перзенті Шоқан Уалиханов: «Көне түркі салт-сана, әдет-ғұрпының қаймағы бұзылмаған қазақтарда өмірдің бір саласын қамтитын тарихи оқиғалармен байланысты жер-су атаулары, адам аттары, тағы да басқалары есте сақталып, атадан балаға жалғасып жатады» деп, жер-су атаулары елдің болмысы салт-дәстүрі, тілі-діні екенін, олардың ешқашан жөн-жоқсыз, ойсыз-мәнсіз кездейсоқ қойыла салмағандығын айтады. Қазіргі таңда Қарнақ атауы туралы көптеген көзқарастар белгілі болып отыр.

Бұл атауға 11 ғасырда әйгілі ғалым Махмуд Қашқари «оғыз шаһарларының бірі»; «қарыны үлкен (қарнақ ер) кісі» деп түсінік берген. Бұдан соң Қарнақ атауы туралы жазылып, айтылған пікірлер аса көп болған жоқ.

Тарих ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия университетінің профессоры Ж.О. Артықбаев «Қарнақ құпиясы: тарих және сабақтастық» атты мақаласында Қарнақ атауының шығуы жөнінде біршама зерттеу жұмыстарын жүргізген.

Қазақ хандығына сан ғасыр астана болған, қасиетті Түркістан қаласының солтүстік-батысына қарай 25 км жерде, Қаратау бөктерінде Қарнақ аталатын көне қалашық орналасқан. Он үш мыңдай халқы бар бұл қалашық совет заманында шолақ белсенділерге қарсы көтеріліс жасаймыз деп Атабай ауылы атанды. Археологтардың бір тобы Қарнақты ортағасырлық Ишкент деп жорамалдаса, екіншілері Қарнақты Әмір Темір әулеті тұсында салынған деп тұжырым жасады.

«Әзірет Сұлтан» қорық мұражайының Археология және ескерткіштерді қорғау бөлімінің қорытындысы бойынша Қарнақ ауылы 2000 жылға толып отыр.

Тайқазан — Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қазандық бөлмесінде көреген Әмір Темір заманынан қалған құнды жәдігерлердің бірі. Оны Қарнақ қаласында 1399 жылы 25 маусымда Тебриздік шебер Абд ул-Әзіз ибн Шараф уд-Дин 7 металл (темір, мырыш, қорғасын, қола, мыс, күміс, алтын) қоспасынан Әмір Темірдің бұйрығымен Қожа Ахмет Ясауи кесенесі үшін құйған. Қазанның салмағы — 2 тонна, сыйымдылығы — 3 мың литр, биіктігі — 1,60 м, диаметрі — 2,42 м. Тұғырының биіктігі — 0,54 м, диаметрі — 0,607 м. Оған 60 шелек су кеткен. Қазан суы қасиетті деп танылған.

Екі мыңжылдық тарихы бар қарт Қаратаудың баурайында орын тепкен ежелгі Қарнақты ерекше атап өтуге турарлық мекен. Карнақ айналасы екі жағынан қырмен қоршалған, ортасында ұзына бойы созылып жатқан, қайталанбас әсем табиғаты мен географиялық орналасуымен ерекшеленетін елді мекен. Қарнақ ауылы өзінің көркем табиғаты, ерекше ауа райы және қонақжай халқымен өзгешеленіп тұратын қасиетті мекен. Әсіресе, жаз айларында бұл жерге келген қонақтар әсем табиғатына тәнті болғандығын, ауыл тұрғындарының ерекше қонақжайлылығын тілге тиек етеді.

Қарнақ тек көркем табиғатымен ғана өзгешеленбеген, көне мекеннің бірнеше жылдық терең тарихы, ежелден отырықшы егіншілік мәдениетіне сай ерекшеліктері және де ғасырлар бойы ұлттық қадір-қасиеттерді өзінде жинақтаған жұрт ретінде танымал, Қарнақта бірнеше мыңжылдық ағаштар, ескі обалар мен қабіртастар, ежелгі қоныстар орнындағы төбешіктер және сол көне мекендерден табылған археологиялық тарихи заттар бар. Сонымен қатар, бұл мекенде оннан артық киелі зиярат орындары орналасқан.

Қарнақта әулиелердің киелі зиярат орындары өте көп болған. Ол әулиелер: Хазірет Укаша Ата, Имам Бахли, Жылаған ата, Қара бұра ата, Ер Мұқым ата, Хусейн ата, Сәдірбаб, Қадырмат ата, Қайып ата, Ақташ ата, Исмаил ата, Ұлұғ Латиф ата, Қайнар ата, Қызыл ата, Темір Таяқ ата, ер Қоян ата.

Хазірет Укаша ата кесенесі мен құдығы.

Түркістан қаласынан солтүстікке қарай 55 км жерде, Бабайқорған ауылдық округі аумағында, Қаратау бөктерінде орналасқан. Республикалық маңызы бар монумент. Басында тек бейіт болған, 1989–1990 жж., жергілікті тұрғындар қазіргі кесенені тұрғызған. Кесене екі бөлмеден тұрады: біріншісі кішігірім кіреберіс бөлме, екіншісі ұзынша, ұзындығы — 22,2 метр, биіктігі — 4 метр, ені — 4,6 метр. Жеті кішкентай терезе бар.

Үкаша ата туралы аңыздар көп. Олардың бірі Мұхаммед пайғамбардың шәкірті екенін айтады. Аңыздарға қарағанда, Үкаша ата — қылышпен де, оқпен де өлтірілмейтін батыр. Бұл кезде Үкаша атаның діни қарсыластары оны өлтірмек болғанымен, оның осал тұсын таба алмаған. Ақыры Үкаша атаның әйелінен өтірік айту арқылы оның тек таң намазында ғана дәрменсіз екенін білді. Діни дұшпандары Үкаша атаның дұға оқып жатқанда басын кесіп алған. Жаулар кесілген басты келеке еткісі келді, бірақ басы жерге түсіп, екі төбеден асып түсіп, жер астына түседі. Сол жерде құдық пайда болды.

Қарнақтағы мыңжылдық тұт ағашы.

Аңыз бойынша, тұт ағашын 8 ғасырда Орта Азияға ислам дінін таратумен айналысқан арабтардың көсемі Кутейба ибн Муслим отырғызған. Уақыт өте келе ағаш үлкен өлшемдерге дейін өсті. Болжам бойынша тұт ағашының биіктігі тоғыз метрге жетеді.

Тұт ағашы жергілікті тұрғындардың мақтанышы. Ағаш осы күнге дейін өз қамқорлығының арқасында ғана өмір сүрді дейді. Баяғыда бұл жерде екі ағаш өскен дейді ескі адамдар. Бірақ он жыл бұрын балалар абайсызда олардың біреуін өртеп жіберген.

Осы оқиғадан кейін жергілікті тұрғындар бірегей ағашты қорғап, оған барынша ықыласпен күтім жасай бастады. Оның айналасы тас қоршаумен қоршалып, жанына орындықтар орнатылды.

Туып-өскен жері әр адамға қымбат, Қарнақ ауылы — менің шағын Отаным. Мен туған ауылымды жақсы көремін. Маған осы ауылда тұру және туылу бақыты бұйырды. Әрбір адам үшін туған жері ерекше, әдемі және қымбат көрінеді деп ойлаймын. Әркімнің өз қалауы бар: біреу үшін бұл үлкен қала, біреу үшін бұл шағын ауыл. Бірақ барша халық өзінің шағын Отанын бірдей сүйеді. Өйткені, Сенека Люций Анней айтқандай, «Олар өз Отанын ұлы болғандықтан емес, өз Отаны болғандықтан жақсы көреді».

Көшірілді