Метафизика іспетті киіз

Малдың жүні һәм көшпенділер әлеміндегі ата-баба үні: киіз неге киелі дүниеге айналды?

~ 8 мин оқу
Метафизика іспетті киіз

Киіз (сырмақ) басу. Семей. 1899 жыл / ҚФҚДЖ ОММ

Көшпенді жұрттың дәстүрлі мәдениетінде кездесетін киізді жәй ғана материал деуге келмейді. Киіз алуан түрлі салт-жоралғының, белгілер мен символдар жүйесінің бір бөлігі саналып, адам дүниеге келген сәттен бастап қайтыс болғанға дейін қасынан табылатын дүниеге айналды. Зерттеуші Зира Наурызбай киізді көшпенділер тұрмысындағы күнделікті заттан бөлек, жалпы әлемді танудың, онымен қарым-қатынасқа барудың жолы ретінде қарастырып көруді ұсынады.

Мазмұны

Киіз қалай пайда болды?

Киіз бұйымдардың текемет, киім, ат әбзелдері түріндегі ең ежелгі нұсқалары б.з.д. 9–3-ғасырлардағы Пазырық мәдениетінен қалған обалардан табылған. Шығыс скифтердің киіз басу өнері әбден кемеліне келгені сондай, ежелгі заманғы аталастарымыз оны біздің жыл санауымыздан бұрынғы бірінші мыңжылдықтан әжептәуір ертерек меңгергені анық.

Пазырық қорғанынан табылған киіз кілемнің фрагменті. Алтай таулары. Б.з.б. 1-мыңжылдық / Wikimedia Commons

Пазырық қорғанынан табылған киіз кілемнің фрагменті. Алтай таулары. Б.з.б. 1-мыңжылдық / Wikimedia Commons

Қазақ, қырғыз, өзге де туыс халықтардың киіз басу өнері — кемі үш мың жылдық тарихы бар сол дәстүрдің жалғасы. Дегенмен қазақтардың киізді нақты қай кезде пайдалана бастағаны әлі белгісіз.

Желдің сыбыры мен «кемпірдің жағын байлау»

Дәстүрлі қоғамда кез келген істің, әсіресе киіз басу сияқты маңызды шаруаның өзіндік мифологиясы — нанымдар мен ырымдар жүйесі болуға тиіс екені анық. Зерттеушілер бұрыннан-ақ бұл тақырыпқа қызығады, алайда ғылыми әдебиетте оны жан-жақты ашып жазған еңбек кемде-кем. Киіз басу технологиясы, оның түрлері, қолданылуы, оған тән өрнектер туралы ғылыми да, көпшілікке арналған да материалдарды табу оңай, бірақ бұл істі ел қалай түйсінгені жөнінде ештеңе жоқ. Этнографиялық әдебиетте киіз басуға қатысты «кемпірдің жағын байлау» деген бір-ақ ғұрып сипатталады.

Жюль Мари Кавелье де Кювервиль. Жүн сабап жатқан қазақ әйелдері. Сібір / Gallica

Жюль Мари Кавелье де Кювервиль. Жүн сабап жатқан қазақ әйелдері. Сібір / Gallica

Ғұрыптың мәні мынада. Қой қырқу, жүн сабау, киіз басу кезінде жел соғып кетпегені маңызды. Іске кірісер алдында, сол шаруаға араласатын әйелдерге:

«Сөйлемеңдер, сөйлесеңдер, жел соғып, жүн ұшады» деп ескерту айтылады.

Жалпы кез келген сакралды процесс кезінде, айталық үй тігіп, шаңырақ көтергенде не ұста темір соққанда да үн шығармаған ләзім делінеді.

Ал алда-жалда жел соғып кетсе, жастау келген бір балаға ерекше рәсім жасатады екен. Ол екі уыс шиді жүнмен таңып,

«Кемпірдің жағын байладым!» деп айғайлайды.

Яғни ата-бабамыз желді жаны бар тіршілік иесі ретінде қабылдаған. Оның жағын байлап тастаса, үрлей алмай қалады, сәйкесінше, жел де соқпайды-мыс.

Табиғат күштерін басқара алатын кемпір бейнесі біздің мифологияда аз болған жоқ. Бәлкім, бұл кемпір Көклен ана болуы да мүмкін.

Ислам мифологиясында желдің пірі Мірқайдар әулие саналатын. Маңғыстау облысы, Шетпе ауылындағы атақты киізші Күміс Әбдіқызы Қосбайдың Серікбол Қондыбайдың мифология музейінде жүрген визуал антропология экспедициясы барысында айтқанына сүйенсек, желдің бетін қайтару керек болғанда, киіз басып жатқан әйелдер:

«Желдің пірі Мірқайдар, өзің сақтай гөр» деп пірге қарата сөйлеген және орамалдың бұрышына жеті тиын не жетпіс теңге секілді жеті санына еселенетін соманы түйіп, үй сыртындағы бағанға байлап қою керек екен. Жел желпілдеткен «ақшалы» орамал пірге арналған тарту есепті болса керек. Музей директоры Рима Бердиева да мұны қостайды, тек ол кісінің айтуынша, күн ашық, тымық болсын деп, тиын түйілген орамалды қойдың кәрі жілігіне қосып, босағаның көзге түспейтін қалтарыстау жеріне байлап қою керек болған.

Самуил Дудин. Киіз есік. Семей. 1899 жыл / Romanov Empire

Самуил Дудин. Киіз есік. Семей. 1899 жыл / Romanov Empire

Tехника да ғұрып

Ырым мен ғұрыптың мәнін жақсырақ түсіну үшін, киіз жасау процесін қысқаша шолып шығу керек:

  • Күзде қырықтық алдында қой-қозыны алдымен өзенге не тоғанға тоғытып алады. Жүні құрғады дегенде, қырқып, жүнді түс-түсіне, сапасына қарай бірден бөліп жинап отырады.

  • Жүннің ұйысқанын жазып, арасындағы қоқымын түсіріп, қопсыту үшін сабайды. Сабау ұстаудың да түрлі тәсілі мен техникасы процестің түрлі кезеңіне қарай қолданылады.

  • Сабалған жүнді шиге салып, тегістеп жайып, үстіне қайнап тұрған тұзды су құяды. Жайылған жүннің бетіне өзге түсті не боялған жүннен ою, өрнек салынуы да мүмкін. Жүн жайылған шиді тығыздап орап, сыртынан жіппен таңып тастайды.

  • Шиге ораулы жүнді арқан байлап, ары-бері тербетіп, теуіп, домалатады. Бұл процесс жүн талшықтары әбден тұтасып, бірігіп, тоқылмаған матаға айналмайынша, үш сағаттай жасалады.

  • Осыдан соң шидің орауын жазып, әлі піспеген киізге қайнап тұрған су сеуіп, бетіп жауып, булап қояды.

  • Ораулы киізді білектеп, қарпып, сілкіп, лақтырып, созып әбден пісіреді.

  • Кепкен соң киіз қайтадан борпылдақ болып қалады, сондықтан оған қайнақ су сеуіп қайта пісіріп, қайта домалатып, білектейді.

Көріп тұрғанымыздай, киіз басудың өзі қамыр илегенге ұқсайды. Енді бір жағынан, нәрестені құндақтап, керіп-созғанға да ұқсатуға болар. Айталық, «пісіру» деген сөздің өзі асқа қатысты ғана айтылмайды. Жас нәрестені тұзды суға шомылдырған да «пісіру» деп аталады. Киізді де жас балаша тербетіп, «уқалап», нәрестеше керіп-созады.

Шиге ораулы киізді адам тәнімен салыстыру кейінірек, дәстүрлі мәдениетте қалыптасты. Күміс Әбдіқызы Қосбайдың айтуынша, киіз қандай да бір себеппен үйде сабалса, оны шиге орап, далаға шығарып, үстіне ақ құяды екен. Ата-баба салтында ақ — киелі азық, оны жерге төгуге болмайды. Үйге кірген жыланның басына ақ құйып шығару керек, сонда жылан разы болып, адамға тимей жөніне кетеді деп сенген. Сондай-ақ далада не орманда өрт шыққанда да рәсімін жасап, сүт төгетін болғанiҚазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі. Энциклопедия. – Алматы: DPS, 2011.

Осылайша ақ құю, жекелей алғанда, киізге ақ құю ата-бабаның әруағына арналған тарту ретінде қарастырылған.

Киіз басу: өрнек дұрыс түсу үшін оған ыстық су құяды. 31 тамыз 2019 жыл / MehmetO / Alamy

Киіз басу: өрнек дұрыс түсу үшін оған ыстық су құяды. 31 тамыз 2019 жыл / MehmetO / Alamy

Ақ киіз һәм өлім

Жасауы мол үйге, жас отауға, сондай-ақ өлім-жітім кезінде әдетте жоралғыға сай ақ қойдың жүнінен басылған ақ киіз төселеді. Материал ерекше ағарып тұру үшін кейде үгітілген сүйек не ақ балшық қосып та жатады. Күміс Қосбайдың айтуынша, қара киіз тез барады, яғни жылдам қатаяды, ал ақ киіз борпылдақ келеді, яғни қатаюы қиын, тез пісе қоймайтын көрінеді. Бұрын қара киізді қарғасаң да барады деген сөз болатын. Ал ақ киіз кірпияз, оған біраз күш салып, ұзақтау басады.

Жаңа сайланған ханды күнәһар ойдан арылып, ниеті мен пейілі таза болып таққа мінсін, еліне адал қызмет етсін деп ақ киізге орап көтерген. Сондай-ақ өлген кісіні де ақ киізге орап шығарған. Марқұмның сүйегі дәл ақ киізге оралатыны — адам дүниеге таза, күнәсіз болып келеді, дүние тірлігінде жаңылып, қате қылады, ал Жаратқанның алдына қайтадан таза болып баруға тиіс болған соң, ақ киіз оны тазартып, ағартады деген сенімнен.

Жюль Мари Кавелье де Кювервиль. Киіз басып жатқан қазақ әйелдері. Сібір / Gallica

Жюль Мари Кавелье де Кювервиль. Киіз басып жатқан қазақ әйелдері. Сібір / Gallica

Қытай қазақтарында бұрыннан келе жатқан салт бойынша марқұмды ақ киізге орап шығарады. Аппақ, жұқа киізді «талдырма» деп атап, тек қайтыс болған кісіні орауға пайдаланады. Ондай киіз әр үйде болады. Оны бүктеп, ақ құр байлап, жүк арасына жинап, көшкенде ала жүреді. Талдырманы аяққа басуға, төсенуге, жамылуға тыйым салынады. Әсіресе жастар не жаңа үйленгендер жамылуына болмайды. Тек бір шетін жағдайда ғана талдырманы шиыршықтап орап, жастанып жатуға болады. Оны үйден өлік шығарғанға деп қана сақтап, зират басынан бүктеп әкеліп отырады.

Киіздің өлілер дүниесімен байланысы тағы бір ежелгі ырымнан көрінеді. Қаза шыққан үйдің ісмер әйелі бір жыл аза тұтып болғанша киіз баспайды екен. Киіз басса, онысы піспей, сапасыз болып шығады немесе бара алмайды, яғни қажет тығыздықты жинап үлгермейді деп саналған. Сондықтан киіздің мінезі бар, еркі бар делінеді, ол ісмердің жай-күйіне, алда болар әлдебір жайттарға қарай өзгеріп отырады деп саналған.

Самуил Дудин. Қазақ әйелі. Семей. 1899 жыл / Romanov Empire

Самуил Дудин. Қазақ әйелі. Семей. 1899 жыл / Romanov Empire

Киіз басуға қатысты ырым-жоралғылар

Киіз дайын болып қалған кезде оны соңғы рет өңдеуге және шет-шетінің дұрыс басылғанына қатты мән берілген. Осы ретте бұл материалдың киелі екенін айқын ашып көрсететін бірқатар наным-сенім бар екенін айта кету керек. Киізді шиге орағанда, екі шеті тегіс болуға тиіс. Бір шеті шошайып шығып қалса, ондайды «сәукеле шығып кетті» деп, көп ұзамай сол үйдің бір қызы ұзатыладыға балайды.

Киіздің шеті біркелкі, тегіс болуы қажет, алайда киізді қырқуға болмайды. Ұстара не қайшы жүзі бір тигеннен киіз түгелімен босап, ыдырап кетеді. Бұл ырым да киіздің жаны бар деген түсінікке ұласады.

Киіздің шетін тегістеу үшін ши ораудың екі қапталына екі тас не кірпіш, кеспелтек ағаш қойып, ыстық су құйып, икемге келетіндей жұмсақ боп тұрған күйі тез-тез «бар да қайт» жасайды. Бұл қимыл білектегенге ұқсағанымен, білекке емес, алақанның қырына салып жасалады. Сонда киіз қапталына қойылған тас не ағашқа үйкеліп, теп-тегіс болып шығады.

Киізде отырған қазақ отбасы. Семей. Шамамен 1877 жыл/ Library of Congress

Киізде отырған қазақ отбасы. Семей. Шамамен 1877 жыл/ Library of Congress

Киіз басқанда, бір жағы шалғай боп кетуі, яғни тегістелмей, созылып кетуі мүмкін. Ондайда «биыл қойымыз көбейіп кетеді, бай боламыз, шалғайды қайырайық, қойды қайырайық, шалғайдағы қойымызды қайырайық» деп, жоғарыда айтылған тәсілмен киіздің шалғайын қайтарып жатады.

Тілеуін тілеуші, тыйымдар және магия

Киіз басу — әдетте топ болып істелетін жұмыс және көбіне әйелдердің ісі саналады. Бір үйдің қыз-келіні жүн сабауға отырғанда, сабаудың гүрс-гүрс еткені төңірекке түгел естілетін. Сабау даусын естіген көрші қыз-келін жұмылып, көмекке баруы керек. Бармай қалған өкпеге қалады, сөзге қалады. Көре тұра өтіп кеткен әйелге «Өрелі киізіме келмегенің, өліміме де келмей-ақ қой» деп реніш айтылатын.

Малдың жүні — көшпелі мәдениетте байлық пен берекенің нышаны болған. Оған «Тоғыз қабат торқадан тоқтышағымның терісі артық» деген мәтел куә. Жел айдаған бір тұтам жүнді көргенде «Желбіреп далада қалдың-ау, тұрмысқа шықпаған қыз құсап» дейді екен.

Жерде қалған қозының жүнін иіліп алмай кетуге болмайды.

Жайлаудағы киіз үйлер және қой отары. Шыңжаң, Қытай. 2008 жыл / Eye Ubiquitous / Universal Images Group / Getty Image

Жайлаудағы киіз үйлер және қой отары. Шыңжаң, Қытай. 2008 жыл / Eye Ubiquitous / Universal Images Group / Getty Image

Киізге қойдың күзем жүні басылады. Қыстан ұйысып шыққан жабағы жүннен киіз жақсы басылмайды, оған қоса кірі мен қоқымы да көп болады. Амалсыздан жабағы жүннен киіз басуға мәжбүр болса, Күміс Қосбайдың айтуынша, оны алдымен жақсылап сабап, содан соң қайшымен қырқып майдалап алып баспаса, түк шықпайды.

Төрт түліктің әрбірінің жүні мен қылының өз орны мен жөні бар. Түйе жүнінен киіз баспайды, ол өте майда, сезімтал келеді. Түйе жүнді көрпеге, жеңсізге, шекпенге салады. Түйенің шудасы киелі саналады, сондықтан оны төсеніш қылуға, байпақ, ұлтараққа жұмсауға болмайды.

Мұндай тыйымдар әр өңірде бөлек болатын сияқты. Мысалы, күнгей қазақтары оң жақта отырған қыз түйежүн көрпе жамылмайды, өйткені бойының қызуы артып, нәпсісі қозады дейді. Ал батыс өңірде ондай тыйым жоқ. Түйенің шудасынан жіп иіріп, оны киіз тігуге жаратады. Шуда ыстық пен суыққа да, құрғақ пен ылғалға да төзімді, берік әрі отыз сантиметрден аса ұзын болып келеді. Түйенің шудасы емдік қасиеті бар саналады: бойға сіңген суықты алады, ісікте қалған сарысуды алады делінеді, сынған сүйекті салғанда, сыртынан шуда орайды.

Жүннен арқан иіру. «Түркістан альбомы», ІІІ бөлім, 45-бет. 1871–1872 / Library of Congress

Жүннен арқан иіру. «Түркістан альбомы», ІІІ бөлім, 45-бет. 1871–1872 / Library of Congress

Дәстүрлі кәсіптің қай-қайсысының болса да өз пірі бар делінеді. Мысалы, туыт ана әйел босандырғанда «Менің қолым емес, Ұмай ананың қолы» дейтін, кейін оның орнына Мұхамед пайғамбардың қызы Бибі Бәтима (Бибәтима) есімі айтылып, «Менің қолым емес, Бибәтима ананың қолы» делінетін болған. «Киіз басу өнерінің пірі бар ма?» деген сұраққа Күміс Қосбай «Менің қолым емес, анамның қолы» деп айтатынын жеткізді.

Күміс Әбдіқызынан естіген деректерді Қытайда туып-өскен қандастар айтқан деректер толықтыра түсті. Қытайдың Іле облысынан келген Алтынгүл Иманмәдіқызы мына бір ырым туралы әңгімелеп берді. Шиге оралып, қайнап тұрған су құйылған киізді сыртқа, тебуге шығарарда, үлкендер әйелдерді жолатпайды. Өлікті ерлер ғана көтеріп шығаратындай, ораулы киізді де үйден ер-азамат алып шығады екен.

Қазақ әйелдері киіз басқанда, жақын-жұрағатына жылу берер, сән қосар жайлы да көркем дүние жасап қана қоймайды. Олар табиғаттың алапат күштерімен астасып, табиғаттың тартуы болған материалдардан келешегін жасайды. Осы ежелгі білімнің там-тұм бөлшектері ежелгі киіз басу өнеріне байланысты ырым-тыйымдарды аз да болса жаңғыртуға сеп болар.

Самуил Дудин. Қазақ әйелі. Семей. 1899 жыл / Romanov Empire

Самуил Дудин. Қазақ әйелі. Семей. 1899 жыл / Romanov Empire

Қазақ киізді жай ғана үй жасауы деп білмеген. Киіз — жаны бар серігің, мына дүние мен ана дүниенің дәнекері деп білген. Киіз басуға қатысты ғұрып-салт, дәстүр-жоралғылар, ырым-тыйымдар көз алдымызда шеті мен шегі жоқ, білектің әр қимылына мән дарыған, әр тұтам жүннен бабалардың үні ескен мифология әлемін аша түседі.

Самуил Дудин. Сырмақ. Семей. 1899 жыл / Romanov Empire

Самуил Дудин. Сырмақ. Семей. 1899 жыл / Romanov Empire