АЙНАНЫҢ ТАРИХЫ

Адамдар айнаға қараудан неге қорықты, оның қандай жасалу тәсілдері мен түрлері бар?

АЙНАНЫҢ ТАРИХЫ

Норман Роквелл. Айнадағы қыз. 1954 / Норман Роквелл мұражайы

Адам баласы айнаны тастан, қоладан, күміс пен шыныдан жасаған. Оған — тіпті құлдар да ұстаған арзан зат немесе баға жетпес құнды бұйым деп қарайтын. Не десек те, айнаны қай заманда болсын екіұдай мәнге ие: бір жағынан, қарапайым тұрмыстық зат, екінші жағынан, өмірді, көз көріп тұрған әлемді ғайыппен байланыстыратын есік деп санаған.

Айна — Венера символы, шеңберге жалғанған крест түрінде бейнеленеді, жалпы әйел затын білдіретін белгі. Себебі адамзаттың арғы-бергі тарихында, барлық мәдениеттерде айна — әйелдер қолданатын зат болып есептелген. Мезолит дәуірінің кейінгі кезеңінде қыз бала қайтыс болғанда, қасына обсидианнан қашап жасалған шағын айна салып жерлейтін, Ежелгі Римде бойжеткенді ақтық сапарға аттандырғанда қола айна салатын, ал жапон ақсүйектері әулетінде әкесі балиғатқа толған қызына қымбат қобдишаға салынған, жалтыраған темір айна сыйлайтын дәстүр болған.

Байқасақ, айнаға қараған әйел, әйел құдай, қыз сюжетін — көне Мысыр билеушілері жатқан мазарлардың, одан бертін Қайта өрлеу дәуірінде Флоренциядағы сән-салтанатты сарайдың қабырғаларына салынған кескіндерден және The Saturday Evening Post басылымының мұқабасынан да көреміз (аты аңызға айналған суретші Норман Роквеллдің қылқаламынан туған Girl at the Mirror бейнесі).

Алайда айнаға телмірген, өзін-өзі тануға ден қойған бикеш және оның айнадағы бейнесі — біз ойлағандай әйелге тән қылымсу, менменсу не зымырап ұшып бара жатқан уақыттың теріс әсерінен қауіптенуді ғана білдірмейді. Бұл образ суретшілер мен көрермендер үшін қашанда әлдеқайда терең мәнге ие болған.

Айна және Мен

1970 жылы психолог кіші Гордон Гэллап жасаған «айна тесті» — жер бетін мекендеген биологиялық түрлерде ақыл-ес (сана-сезім) белгілерінің бар-жоғын анықтау үшін қолданылатын маңызды әдіс. Сынаққа қатысатын жануардың бетіне (тұмсығына, басына) жарқын түсті бояу жағып, таңба салады, ол таңба жануар айнаға қарағанда ғана көрінеді. Мақұлық айнадан өзін көріп тұрғанын түсінсе, айнаға тиіспейді, үстіндегі таңбаны сипап, ұстап, сүртіп тастауға тырысады. Сәби шамамен бір жарым жасқа толғанда айнаға алақанын басып, тиісуді қойып, өз бетін, біртүрлі дақ жағылған жерді ұстап, байқап көре бастайды. Айна тестін адамнан басқа ойдағыдай мүдірмей өтетіндердің қатарында приматтар (адамтектес маймылдар), дельфиндер, косаткалар, пілдер мен қарғатектес құстар бар.

Ежелгі грек мифінің кейіпкері, бақташы Нарцисстің сондай сынақтан өте алмай, қор болғанын білеміз: судан өз бейнесін көріп, соған өлердей ғашық болып, сүйікті образына «судан шықшы» деп жалынып, жүдеп, солып қалады. Ол жалғыздықты көтере алмайтын тотықұстың күйін кешкен десек те болады: табиғатта тотықұстың осы түрі қосағынсыз тіршілік ете алмайды, тор ішінде жалғыз қалғанда қиналмасын деп, қасына айна қойып қояды, құс айнадағы бейнесін басқа құс деп таниды, тұмсығымен айнаны түртіп, «жұбына» қарап, қиқулап дыбыс шығарып, мәз болады.

Осыған ұқсас жайтты баяндайтын қытай ертегісі бар: көмекші таппақшы болған шаруа алаяққа кез болып, содан білместікпен айна сатып алады. Айнаға қараса, шомбал денелі жігітті көреді, соған ырза болып үйіне қайтады, үйге келсе, анасы оның аяқ-қолы сау жұмысшы емес, кәрі қақпас сатып алғанын көріп, сөгеді.

Жалпы, айнаның не екенін білмейтін адам болған күннің өзінде, айнадан өзін көргенде біраз уақыт танымай тұрады деген тұжырым күмәнді: дамудың тас дәуіріне тән сатысында қалып қойған халықтар өзге өркениет өкілдерімен бетпе-бет келгенде, айнаны көргенде, оның мәнісін бірден аңғаратын — шағын айналардың сол кезде айырбастап алуға болатын валюта орнына жүргені де бекер емес.

«Сальвадoрдан кeлгeн көпeстeрмeн дe танысып алдым. Oлармeн жoлыққан сайын баяғы Гвинeяға eкі рeт барған сапарым туралы, зәңгілeрді алтын мeн пілдің сүйeгі түгіл, алқа, пышақ, қайшы, балта, шыны сияқты түккe тұрмайтын нәрсeлeргe айырбастап, Бразилияға әкeліп, қара жұмысқа салуға бoлатыны туралы әңгімeлeп бeруші eдім». (Даниель Дефо, «Робинзон Крузо». Ауд. Қ. Өтеғұл)

Елең еткізер «егіз»

Айнадан көргенін «өзім» деп танудан бас тартқан адамдар болған күннің өзінде, олардың сол әрекетін қателік деп бағалағанымыз ағаттық болар. Өйткені біздің айнадан көретініміз дәл өзіміз емес, біздің тегіс бетке шағылысқан бейнеміз. Бояу жұққан көлеңке яғни бұл — бізге ұқсас, қимыл-қозғалысымыз бен ым-ишаратымызды қайталайтын, бірақ бізден ерекше образ. Ол, мәселен, екі өлшемді және бастысы, шағылысып тұрған қалыпта болғанымен ерекше. Сол қолымыз — айнадағы сыңарымыздың оң қолы болып шығады. Айнадағы бейненің шындықты осылайша бұрмалап, керісінше көрсететін ерекшелігін адам баласы әлдебір зұлымдықтың нышаны деп білген. Мысалы, өнегелі өмір қағидаттарын насихаттаған христиан уағызшылары айнаға қызығудың қажеті жоқ, тұрмыста одан бас тарту керек деген ұстанымда болған, себебі:

1. Айна — қымбат мүлік, бұл зат қарапайым болу, асып-таспау қағидасына адал, иманды жанға жат.

2. Айнаға көп қараған адам менменшіл, жылтыраған әдемілікке құмар келеді, түбі азғындайды.

3. Оң мен солды ауыстырып көрсететін айналардың шайтан ойлап тапқан дүние екені даусыз, себебі адамды жаңылыстыратын осындай айла, кереғарлық — шайтанға тән амал.

Осы орайда әлемнің бір-бірінен алшақ түкпірінде, әртүрлі мәдениет ошақтарында жасалған мына екі туындының үндес екені таңғаларлық жайт. Бірінші туынды — 15 ғасырдың соңында жарық көрген «Бойжеткен тәрбиесі жайлы» («О воспитании юных дев») атты трактатқа арнап салған гравюрасы. Айнаға қарап, шашын тарап тұрған қызға айнадан өз бейнесі емес, артын сипап, күліп, мазақтап тұрған әзәзіл көрінеді.

Альбрехт Дюрер. Менмендік жыны және сылаң қыз. 1498 жыл / Alamy

Альбрехт Дюрер. Менмендік жыны және сылаң қыз. 1498 жыл / Alamy

Екінші туынды — жапон график суретшісі Таисё Ёситосидің «Дзигокудаю тозағынан шыққан, айнаға үңілген куртизанка» (1882 жыл) гравюрасы. Көздің жауын алатын сәнді көйлек киген бикеш айнаға қарап отыр, айнада оған сондай көйлек киген қорқынышты сүлде көрінеді.

Таисё Ёситоси. Тозақтан келген жеңіл жүрісті әйел Дзигокудаю айнаға қарап тұр. 1882 жыл

Таисё Ёситоси. Тозақтан келген жеңіл жүрісті әйел Дзигокудаю айнаға қарап тұр. 1882 жыл

Ортағасырлық неміс графигі мен жапон суретшісінің ойы ұдайы бір жерден шығады деуге сену қиын, алайда осы жолы бірдей ойға ерік берген сыңайлы: айна адамды алдайды, сөйте тұра көзге көрінбейтін үрейлі құбылысты — шындықты да бетке басатын қасиеті бар.

Айнадан бізге үңіліп тұрған ұсқынсыз бейне — доппельгангер, жын-шайтандар әлеміндегі сыңарымыз, айнадағы шын бейнеміз осы деп білеміз.

Адамның айнаға қызықтап қарайтыны да рас, қараған бойда әлденеден бойын үрей билейтіні де рас. Әлбетте, адамды айнадан өзін көріп, жүні үрпиіп, зәресі ұшатын мысыққа теңеп отырғанымыз жоқ, дегенмен осы ретте адам мен мысыққа ортақ инстинктілер бар екенін атап өту қажет. Айнадағы адам ырқына бағынбайтын, бергі жаққа шығып, өз білгенін істеуге ұмтылатын зұлым образын мистикаға жақын авторлардың бәрі жақсы көреді.

Ғайыпқа жол ашатын есік

Айнадағы адам бейнесі ғана емес, күллі әлем төңкерілген, кереғар кейіпте көрсетіледі. Кейін опық жемей, шындықты бүкпесіз сипаттап беру үшін барды теріс айналдырып жіберіп, өзіндік логикасы, себептер мен салдары айқын сюжет құрып, Алисаны ғажайыптар әлеміне аттандырып жіберген Льюис Кэрроллдың айна образына жүгінгені ғажап емес. Асылы, айнаның о дүниеге жол ашатын есік екенін аңғару үшін Оксфорд профессоры болудың қажеті жоқ: мыңдаған жылдар бойына тұрмыста айнаны пайдаланып келген елдердің бәрі түбінде осы ойға бекігені анық. Қай мәдениет болмасын, дәстүрлі ортада айнаға қатысты көптеген наным-ырымдар қалыптасқан. Марқұмды аза тұту кезінде айнаның бетін жауып қою жоралғысы иудейлерде (шива кезінде) iШива — еврейлердің марқұмды аза тұту салты. Қайтыс болған адамның ағайындары тиісті тыйымдарды сақтап, оңашада біраз уақыт өткізеді. ирланд католиктерінде, мұсылмандарда, орыс крепостнойлары мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі буддисттерде де болған.

Бұл жора марқұмның аруағы о дүниеге кетпей, айнаға тығылып қалады, көзі тірісінде қанша жақсы көрсек те, қайтыс болған жан о дүниелік, оның екі ортада, тірілер арасында қалғаны жөн емес деген нанымнан туындаған. (Әрине, мұның бәрі — халық арасында тараған ескі ырым ғана, Ибраһим діндеріндегі дін қызметшілерінің ішінде бұл жоралғыны иудейлер ғана атқарады, соның өзінде оны айнаға қатысты ырым деп емес, шива — марқұмның жаны жай тапсын деген ниетпен аза тұту рәсімі деп біледі.)

Айнаға қарап бал ашу, магиялық ритуалдар жасау, көріпкелдің қолындағы хрусталь шар (бұл да айнаның бір түрі)... Адам қолданатын басқа заттардың төңірегінде осыншалық мистикалық, сыры ашылмаған образ қалыптаспаған-ау.

Шытынаған, шағылған айна — жаман ырым; айна көзге көрінбейтін әлемді шын өмірмен байланыстырып тұратындықтан, айна иесі өмірде қиын жағдайға душар болады деген жорамал айтылады.

«..бетіне айнаның түскен сызат,

«Жазмыш солай!» – деп айқай салып,

Үрейге бой алдырды

Шалот ханым» 

                                  А. Теннисон «Сиқыршы Шалот» («Волшебница Шалот»)

Ағылшын ақынының балладасына арқау болған осы бір көне аңыздың кейіпкері — сиқыршы әйел айнала қоршаған әлемге тек айна арқылы қарауға мәжбүр, шын өмірді көрсе, ажал құшады, содан сиқырлы айнадан көргенін кілем бетіне өрнектеп тоқумен болады, айнасы шағылған кезде өзі де көз жұмады.

Джон Уотерхаус. Ланселотқа қарап тұрған Шалот ханым. 1894 жылы/Wikimedia Commons

Джон Уотерхаус. Ланселотқа қарап тұрған Шалот ханым. 1894 жылы/Wikimedia Commons

Тас, металл және шыны

Айна жасау тәсілдері жетіле түсіп, бетіндегі бейне неғұрлым анық болған сайын, адамға соғұрлым үрейлі көрінетін.

Бізге мәлім ең көне айналарды (су құйылған тостақты санамағанда) тастан жасаған. Жарғанда беті тегіс әрі жылтыр келетін обсидиан, гагат, қара мәрмәр сияқты тас түрлерін кәдеге жарататын. Бір қызығы, тастан жасалған айналар қазір бар айна түрлерін ойлап тапқан кезде де ешқайда жоғалмай, ұзақ уақыт бойы қолданыстан шықпаған екен.

Сабин Мельшиор-Бонне «Айна тарихы» атты кітабында былай деп жазады:

«...кеніштерді тексермек оймен жолға шыққан Дюплесси мырзаның бір сатушы қолындағы гагаттан жасалған әдемі бес айнаға көзі түсіп еді, ойламаған жерден қазынаға жолыққандай қуанып, кәдеге жарататын әйеліме беремін деп, бірден сатып алды; әйеліне жазған хатында «әлі ешкім көрмеген мұндай керемет заттар ілуде бір кездеседі» деп, айнаның үлкенін ешкімге бермей, өзінде қалдыруын өтінген».

Дюплесси мырзаның гагаттан қашап жасалған айналарды сатып алған кезі — 16 ғасырдың соңы, сол шақта Венецияда жасалған шыны айналар сатылымда бар еді (қалталы адам аламын десе, қолжетімді еді), соған қарамастан ол тастан жасалған айналарды нағыз өнер туындыларына теңеп, жоғары бағалаған. Қара тас бетіне шағылысып түскен бейне — шыны бетіндегі бейне сияқты емес: қазір көз үйренгендей ашық, анық емес, бояуы да басқа, адам кескіні салынған жанды картина іспетті (қара фонда сәл бұлыңғырланып тұрған бейненің ақау тұстары білінбей де қалады).

Алайда айна жасауға жарайтын тастар сирек кездеседі, оларды өңдеп, жылтырату да оңай шаруа емес, сол себепті тастан жасалған айналарды ауқатты адамдардың үйлерінің интерьерін безендіру үшін қолданатын, ал күнделікті тұрмыстық қажеттілікті өтеуге темірден (алдымен мыстан, кейін қоладан) жасалған айналар да жарайтын. Қазір сондай айна үлгілерін мұражайдан көргенде, «тот басқан мына табақтан ештеңе көрінбейді ғой» деп таңданамыз, бірақ қоладан жасалған айнаны дұрыс күтіп ұстаса (уақытылы жылтыратып, бетін киізбен, бор ұнтағымен ысқылап, сүртіп отырса), тәп-тәуір айна қызметін атқарады — ертедегі қыздар ұқсап, соған қарап-ақ қасыңызды, ағарған шаштарды жұлып, көзіңізді бояп, бетке шыққан безеуді сығып, қажетінше сәнденсеңіз болады.

Париcтің соты бейнеленген қола айна. Б.д.д. 4 ғ. / Wikimedia Commons

Париcтің соты бейнеленген қола айна. Б.д.д. 4 ғ. / Wikimedia Commons

Шыны айналар сонау антика заманында, ежелгі Римде болған деседі.

Сабин Мельшиор-Бонне айтпақшы: «...қазба жұмыстары кезінде табылған шыны айналар біз ойлағаннан да кейінгі кезең жәдігерлері қатарында, шамамен б.д. 3 ғасырына жатады. Қатты бүлінбей, жақсы сақталған көптеген айна үлгілері әсіресе Мысыр, Галлия (Реймс), Кіші Азия, Германия аумағынан табылды. Айта кетерлігі, олар аса үлкен де емес: диаметрі екі-жеті сантиметр, соған қарағанда ұстап қарауға ыңғайсыз болған шығар, бұдан сол үлгілердің тұрмыста қажет зат емес, тұмар не әшекей қызметін атқарған ба деген тұжырым жасап отырмыз. Антинопольдегі археологиялық зерттеу жұмыстары барысында беті дөңес келген шағын айналар көптеп табылды, өңдеу тәсілі қарабайыр, артқы жағына қорғасын жапқан, бір үлгісі гипстен жасалған жақтауға салынған, қыз бала ұстап жатқан басқа бір түрінің жақтауы темірден, төбесіне шағын тәж орнатқан; қыздырып, түтік арқылы үрлеп шығарған шыныға аздап бояу жаққанда беті шығыңқы келеді...»

Содан бері жүздеген жыл бойына айнаны шыныдан жоғарыдағыдай күрделі әдіспен жасап шығаратын: балқыған күйінде шарға ұқсатып үрлеп, түбіне қорғасын немесе оңай балқитын металдар қоспасын құяды да, суыған кезде металл жұққан төменгі бөлігін кесіп алғанда дөңес айна шығатын. (Сондай айнаны, мысалы, ван Эйктің «Ерлі-зайыпты Арнольфини портреті» атты картинадан көруге болады.)

Ян Ван Эйк. Арнольфинидің портреті. 1434 жыл/Wikimedia Commons

Ян Ван Эйк. Арнольфинидің портреті. 1434 жыл/Wikimedia Commons

Мұндай айналар қымбатқа түсетін, бетіне шағылысқан бейне де аса айқын көрінбейтін, ал өлшемі шағын болатын, өйткені аса үлкен шыны шар үрлеп шығару әр шебердің қолынан келе бермейтін. Қоладан жасалған айналардың кең тарап, ұзақ уақыт бойы қолданыстан шықпағаны да содан.

Венеция шеберлері 15–16 ғғ., мөлдір шыныға қола, сынап және күміс қоспасын жағу арқылы ойлап тапқан айналар металдан жасалған үлгілерден озық шығып, солардың орнын басады. Металл айналардан жаппай бас тартып, шыныдан жасалған жаңа түрлерін сатып алғандар — көбіне бай-бағландар еді, өйткені Венеция шеберлерінің өнімдерін алуға былайғы жұрттың жағдайы көтермейтін. Сол айналардың қымбат болғаны соншалық — оларды Батысқа емес, негізінен Шығысқа, қалталы сатып алушылар көп жаққа экспорттайтын.

«Мәселен, Исфахандағы сарайдың бір бөлмесін тұтас айна салып безендірген, ал Лахорда жергілікті билеуші ордасындағы жатын бөлменің төрт қабырғасын саф алтынмен аптап, Венециядан әкелген адам бойындай биік, керемет айна іліп тастағаны мәлім», – деп жазған Мельшиор-Бонне.

Венеция шеберлері шыны жасау әдісінің сырын ешкімге ашпай, «өмірден де қымбат дүние» деп, құпия сақтаған (өмірден қымбат дегені құр теңеу емес, шындық еді. Шыны үрлеу кәсібін меңгерген адам алда-жалда Венециядан сыртқа шығып кетсе, жақын-жуықтарының бәрі өлім жазасына кесілетін, шебердің «жансыздармен» араласқаны дәлелденген жағдайда да осындай жаза қолданатын). Шыны-айна монополиясы жылдары, яғни 14−16 ғасырларда, Венеция әлемдегі ең бай қалаға айналып, аумағы зәулім сарайларға толды. Сол тұста өзге аймақтардың шеберлері мен өнертапқыштары да қол қусырып отырған жоқ, олар шыны жасаудың қыр-сырын өз бетімен меңгерді — уақыт өте келе, мейлінше мөлдір, бірқалыпты тегіс шыны алу, бетін жұқалап амальгамамен қаптау тәсілін Богемия, Фландрия, Лотарингия шеберлері де игерді. Сол заманда үлкен айна алтынға барабар құнды мүлік саналатын, ал кішірек келгендері, қалтаға салып жүруге болатындары 15–16 ғасырға таман шаруа әйелдері де жәрмеңкеден сатып ала алатын бұйым санатында еді. Көп ұзамай, венециялықтарды айна нарығынан өзге елдердегі өндіріс иелері ығыстырып жіберді: Еуропада — богемиялықтар мен француздардың, Азияда — Осман империясының үстемдігі орнады. Ыстанбұлдағы шыны жасайтын цехтер Текфур сарайы маңында шоғырланған еді, 17 ғасыр саяхатшысы Эвлия Челеби сол шақта бас қалада мыңнан аса шыны жасаушы шебер бар, ал шыны бұйымдарын (соның ішінде сапалы айналарды) сататын дүкендер саны 364 деп жазған.

Бірде қап-қара айнаға үңілгенде

Нағыз драма санатындағы әрі футурология сюжеттерінен сусындаған «Қара айна» сериалы («Черное зеркало», Ұлыбритания, экранға 2014 жылы шыққан) болашақта бізді не күтіп тұр деген сұрақ төңірегіндегі қауіп-қатерлерді сөз етеді: болашақта жеке тұлға құқықтары мен оның цифрлық сыңарының құқықтары, адам тәнінің трансгуманистік өзгерістері және туа біткен инстинктілер мен тілек ұмтылыстары қайшылыққа түседі, технологиялық прогресс пен адамгершілік мұраттарының регрессі, тоқырауы қатар жүреді-мыс. Авторлардың бізге қазір онсыз да таныс, қауіп төнгенін сезгендегідей амалсыз күйді суреттегенін талдамай-ақ қояйық, оданда телехикая атауына мән берейік. Қара айна дегеніміз — экран ғой. Ноутбук, планшет, смартфон экраны.

Сериал авторлары қара тастың айна қызметін атқара алатынын меңзеп тұр: желіде, көркем фильмдерде, БАҚ-та көзге түскеннің бәрі, түптеп келгенде, өз бейнеміз емес пе! Тұтас адамзат және жекелеген тұлға бейнесі.

Еріксіз келісуге тура келеді. Әрине, былай қарасақ, әуелі фотосурет, кейін видео — бұлар да шағылысқан бейне іспетті. Бастан кешкеннің, өткен-кеткеннің ізі, таспаға, цифрлық тасымалдауышқа жазып сақталған шындықтың бір көрінісі.

Адам баласында өзін, айнала қоршаған әлемін мұқият бақылап, үңілуге болатын осындай құрал бұрын-соңды болмаған, осындай үлкен, ауқымды айнаның болуы сиқыршы Шалот ханымның үш ұйықтаса түсіне де кірмеген: онда бар шағын айнадан Камелоттың iКамелот — аты аңызға айналған Артур патшаның қамалы. Шалот сиқыршысы туралы аңыз Артур туралы аңыздар цикліне кіреді. төңірегі ғана көрінетін.

Ал қазір кез келген адам экрандағыны жақындатып, алыстатып, қалағанынша толық, тіпті патша мұрнына шыққан безеуді үлкейтіп көре алады, болған жайттың мән-жайын анықтап, туындаған ойлардың даму динамикасын бағамдауға мүмкіндігі бар.

Айнадан көргенің көңіліңнен шықпаса, не шара қолдануға болатынын білеміз. Істеп көрмесек те, теория жүзінде білеміз.

НЕ ОҚУҒА БОЛАДЫ?

1. Сабин Мельшиор-Бонне. История зеркала. — М.: Новое литературное обозрение, 1994.

2. Эвлия Челеби. «Книга путешествий». М.: Наука 1979.