МОҢҒОЛ МЕН ҚЫПШАҚ ТЕКЕТІРЕСІ

Алтын Орданың моңғол элитасы неге түркі тілінде сөйлей бастады?

~ 5 мин оқу

Януарий Суходольский. Фурусия. Қыпшақтекті мәмлүк. Познань, Польша, 1836 жыл / Познань Ұлттық мұражайы

Моңғол шапқыншылығы Еуразия картасын да, жаулап алынған халықтардың тағдырын да түбегейлі өзгертті. Алайда кең-байтақ империяның кей өңірлерінде Шыңғыс хан ұрпақтарының өзі жергілікті мәдениеттер мен тілдердің ықпалына түсті. Алтын Орданың моңғол элитасы түркі тіліне қалай ауысты? Шыңғыс хан қыпшақтарды жойып жібере алды ма және моңғолдар Осман империясының пайда болуына қалай жол ашты? Тарихшы Стивен Пау Qalam-ға берген сұхбатында осы сұрақтар төңірегінде ой өрбітті.

Тарихи деректерде қыпшақтарды үш түрлі атады: Шығыс елдерінің шежірелерінде қыпшақтар, Батыс шежірелерінде құмандар, ал орыс жылнамаларында половецтер дейтін. Бұлардың бәрі бір халық па, әлде әртүрлі топ өкілі ме?

Бұл тұрғыда 13-ғасырда Шығыс Азияға алғаш табан тіреген францискан монахтарының жазбаларына көбірек сенемін. Бұл — еуропалықтардың Моңғолия жеріне дейін саяхаттай отырып жазған алғашқы сенімді дерекнамасы. Бәлки, одан бұрын да ол жерлерге біреулер барған шығар, бірақ ешқандай дәлел сақталмаған.

Бұл монахтар құмандардың (Cumani) қыпшақтар деп те аталатынын нақты жазып кеткен. Сондай-ақ біз орыс жылнамаларында құмандардың «половец» деп анық сипатталғанын білеміз. Сондықтан тура мағынасында нақты бір халық туралы емес, керісінше, бір үлкен этносаяси қауымдастық туралы айтып отырмыз дер едім.

Асендер ескерткіші (Болгариядағы қыпшақ әулеті). Велико-Тырново, Болгария / Wikimedia Commons

Өз басым Батыстағы «құмандар» мен Шығыстағы «қыпшақтар» арасында ешқандай түбегейлі айырмашылық көріп тұрған жоқпын. Яғни бар болғаны — бір қоғам өкілдерін әртүрлі халықтың әртүрлі атауы деуге болады. Дегенмен құмандар кей уақыттарда далалық федерацияларға бірігіп, одақтар құрып, бірлесіп әрекет етті, бірақ Шыңғыс ханға дейін біртұтас мемлекет құрмағанын түсіну маңызды.

Иван Билибин. Половецтердiң (қыпшақтардың) лагері. «Князь Игорь» операсында қолданылған декорация эскизі. 1930 жыл / Wikimedia Commons

Қыпшақтардың тіпті орыс князьдерімен одақтасқан кездері бар. Ал өзара біртұтас саяси құрылым құрмай, көптеген ортақ белгі біріктірген туыс топтар болып қала берді. Қыпшақ элитасы түркі тілінде сөйледі, ал өздері мыңдаған шақырымға созылып жатқан алып өлкеге тарала қоныстанды.

Шыңғыс хан қыпшақтарды тас-талқан қылып жеңуді мақсат етті. Оның бұл ойы жүзеге асты ма?

Жоқ, олай ойламаймын. Ұлан-ғайыр аумақты мекен ететін, саны көп халықтың түбірімен жойылуы сирек. Тіпті олай болуы мүмкін емес. Моңғол шапқыншылығы далалы өңірді түбегейлі өзгертті, бірақ бұл қыпшақтар түп-тамырымен жойылып, орнын басқа халық басты дегенді білдірмейді.

Моңғол шапқыншылығын бастан өткерген қыпшақтар Шыңғыс ұрпақтарына бағынышты болды, уақыт өте келе олардың мәдени болмысы өзгерді. Олар өздерін татар, қазақ немесе басқа халық өкілдеріміз деп санай бастады. Бірақ бұл олардың қыпшақтан тартқан ата-тегі жойылып кетті дегенді білдірмейді.

Бұған бұлтартпас дәлелдердің бірі — басқыншылардың өз тағдыры. Моңғол элитасы бірте-бірте түркіленіп кетті. Моңғолдар мен қыпшақтардың бұдан өзге де ұқсастықтары көп еді, ең бастысы — екеуі де көшпелі өмір салтын ұстанды. Алғашқы ойсырай жеңілістен кейін де дала қыпшақтарының саны азайған жоқ, көп бөлігі аман қалды.

Кемал ад-Дин Бекзад. Әмір Темір әскерінің негізін қыпшақтар құраған Тоқтамыс хан әскерімен шайқасы. Мирхондтың «Раузат ас-сафа» қолжазбасынан алынған миниатюра. Осман империясы, 1599 жыл / Британ кітапханасы

Егер, кей зерттеушілер болжағандай, қыпшақтар шынымен де түп-тұқиянымен жоғалып кетсе, моңғолдар неге қырық-елу жылдан кейін түркі тілінде сөйлей бастады? Себебі Алтын Орда халқының басым бөлігі түркі тілінде сөйлеген, бұл жайтты солай ғана түсіндіруге болады. Біз мұны Алтын Орданың барлық халқы түркі тілінде сөйлейтінін анықтап жазып кеткен әл-Умари еңбектері арқылы білеміз. Түптеп келгенде, жаулап алдық дегендердің өзін қыпшақтар мәдени тұрғыда жаулап алды: моңғолдар олардың тілі мен көп жағдайда мәдениетін қабылдады.

Моңғол шапқыншылығы түркі тайпаларының Батысқа қарай үдере көшіп, Анадолыға қоныс аударуына себеп болды. Бас сауғалай қашқан кімдер еді, олар қайдан келді және кейінірек Осман империясы ретінде дәуірлеген әлемге не берді?

Өзімізге жақсы таныс тұлға Румиден бастайық11Руми (1207–1273). Руми — Коньяда өмір сүрген парсытілді ақын, сопылық әлем ойшылы, діндар адам болған; парсы тілінен өзге, түркі, араб және грек тілдерінде де жазған. Оның шығармашылығы Орталық Азия, Иран, Анадолыны шарлап, одан асып, бүкіл ислам әлемінің әдебиеті мен рухани мәдениетіне терең әсер етті.. Ол Хорезмшах мемлекетінде, шамамен Түркістан аймағында дүниеге келген болса керек, қазір нақты қай жер екені есіме түспей тұр. Қалай болғанда да, бұл ислам әлемінің қиыр шығысы еді. Оның отбасы моңғол шапқыншылығынан қашып, батыс Анадолыны бетке алған. Сол жерде Руми ұлы мистик ақын болып қалыптасты.

Мәулеви дәруіші Афлакидің «Тарджоме-и Тевакиб» шығармасынан үзінді. Жалаладдин Руми және оның жас шәкірттері. Бағдат, шамамен 1594 жыл / The Morgan Library & Museum

Бұл — бір ғана мысал. Айналасын жайпап, шабуылдап келе жатқан моңғол ұлысынан бас сауғалап, пана іздеген босқындардың осыған ұқсас көптеген оқиғасын білеміз. Олардың кейбіреуі Мысырды паналады.

Енді бірі Үндістанға, Дели сұлтанатына қашты. Бәзбіреуі Анадолыдан пана тапты. Ал кейбіреулері Еуропаға жетті.

Ханзада Ласло құман (қыпшақ) жауынгерімен жекпе-жекте. Шамамен 1360 жыл / National Széchényi Library

Қыпшақ-құмандардың бір бөлігі Латын империясының қызметіне кірді, ал көпшілігі Венгрияға қоныстанды. Одан өзге, олар сол елдің кейпін өзгерткені соншалық — тіпті күні бүгінге дейін Венгрияның орталық бөлігіндегі көптеген елді мекен түркі атауларымен аталады. Бұл 13-ғасырдағы қыпшақтардың көші-қоны мен сол жаққа таралуының тікелей мұрасы.

Моңғол идеологиясы — төрткүл дүниені уысында ұстап, «соңғы теңізге дейін» жаулап алу еді. Моңғолдардың өзі бұл идеяға қаншалық байыппен қарады?

Егер сіз осы сұрақты мәртебесі менен әлдеқайда жоғары тарихшыларға қойсаңыз, олар мұның жай ғана риторика екенін айтар еді. Бірақ, менің ойымша, моңғолдар бұл идеяға шындап ден қойғандай көрінеді.

Байқауымша, ғылымда мұндай мәлімдемелерді тура мағынасында қабылдауға болмайды деген пікір басым. Қытай императоры да өзін күллі әлемнің билеушісі деп атаған. Ұлы Карл қолына әлемді билеудің нышаны — державаны ұстаған. Бұлар көбіне бейнелі түрдегі мәлімдемелер еді.

Бірақ моңғолдардың жағдайында, меніңше, бәрі басқаша болды.

Әлемді жаулау шынайы саяси жоба болғанына әрі олардың мұны бірте-бірте жүзеге асыруға тырысқанына сенімдімін. Бұған айқын дәлел — билеушілер хаттарының таңғаларлық бірізділігі. Олар қытайлықтарға, Рим Папасына, не Франция короліне жазса да (және бұл хаттар сақталған), я болмаса парсыларға, кәрістерге жазса да хаттарының мазмұны бірдей болған.

Моңғол жауынгерлері мен олардың қоршау қаруы. Рашид әд-Диннің «Жамиғ ат-тауарих» шежіресінен алынған миниатюра, Эдинбург университетінің кітапханасы, 14-ғасыр / Wikimedia Commons

Мысалы, Құбылай ханды алайық. Ол сол кездің өзінде үлкен империяға иелік етті. Вьетнамға қарсы жорықтарды жалғастыру және Камбоджаға шабуыл жасау оған не үшін қажет болды? Жаулап алған жерлері аздық етті ме?

Бұған басқаша жауап беруге болады: иә, оған жаулап алған жерлері жеткілікті болды делік. Бірақ ол бар болғаны баба өсиетін жүзеге асырды. Моңғолдардың өздеріне сенсек, бұл Шыңғыс ханның да өсиеті емес дейді.

Бұл Тәңірдің қалауы еді. Көктің қалауы. Олар мұны осылай қабылдады. Моңғол қылышынан аман қалғысы келгендер бас ұрып, хан алдында тізе бүгіп, бәрінен жоғары бір ғана Құдай, бір ғана Көк Тәңір мен бір ғана билеуші екенін мойындауы керек болды. Ал осы жалғыз билеуші ​​— Шыңғыс хан еді. Және оның ұрпақтары.

Шыңғыс ханның Цонжин-Болдогтегі ескерткіші / Alamy

Көшірілді