Мұсылман қоғамдары әйелді езгіде ұстауға ерекше бейім келеді деген идеяны ондаған жылдар бойы медиа нарративтері, Батыс елдерінің сыртқы саясат риторикасы, тіпті феминизмнің жекелеген ағымдары қалыптастырып келген. Алайда әйел өмірін империялық және ұлттық-мемлекеттік жобалардан социализмге, мұнай дүмпуі мен авторитарлық режимдерге дейінгі тарихи перспективада зерделегенде, реформа модельдері, оларға берілген жауаптар мен қарсылықтың өзі гендер теңдігі жолындағы жаһандық күрес процестеріне қатты ұқсайтыны анық болып шығады. Осы жағдайда әйел тәжірибесі «өркениеттің айрықша сипатын» емес, дүниежүзінде теңсіздік қалыптастырып отырған саяси, экономикалық және тарихи күштердің ықпалын көрсеткендей.
- 1. Мұсылман қоғамдарының «айрықша» сипаты хақында
- 2. Білім беру және реформалар
- 3. Национализм, секуляризм және мемлекеттік феминизм
- 4. Трансұлттық феминизм және постколониал мемлекеттер: 1930–1960 жылдар
- 5. Мұнай, урбанизация және алмағайып 1970 жылдар
- 6. 21-ғасыр: авторитаризм, исламизм және қарсылық
- 7. Неге мұсылман қоғамдарындағы әйелдер өмірін зерттеу маңызды?
- 8. НЕ ОҚУҒА БОЛАДЫ
Мұсылман қоғамдары болмысынан әйелді езуге айрықша бейім келеді деген тұжырым қоғамдық дискурста, Батыс елдерінің сыртқы саясат риторикасында және феминистік зерттеулердің бірқатарында баяғыда-ақ бекіп қалған. «Мұсылман әйелдерін құтқару керек» деген сипаттағы ұрандар геосаяси интервенцияларды ақтап алу үшін қолданылып келеді. Бұған АҚШ-тың Ауғанстанға басып кіріп, әскери күш қолданғанда «азат ету» риторикасын да іске қосқаны мысал бола алады. Алайда мұндай өркениеттік ұстанымдар шынайы көріністі айқындағанның орнына, оны бүркемелей түседі. Олар күрделі тарихи процестерді жалғыз діни факторға сығымдап, гендерлік теңсіздікті жекелеген саяси, экономикалық және тарихи жағдайлардың нәтижесі емес, жалпы исламға тән сипат деп қарастырады.
Тегеран көшесіндегі пәренже киген әйелдер. Иран, 20-ғасырдың басы / Getty Images
Шын мәнінде, мұсылман қоғамдарындағы әйел өмірі түрлі мемлекет құру жобалары, империя мұрасы, ұлттық қозғалыстар, социалистік реформалар, авторитарлық шектеулер мен жаһандық экономикалық өзгерістер ықпалымен қалыптасқан. Салыстырмалы әрі тарихи тұрғыдан қарағанда, мұсылман халқы басым қоғамдардағы реформа модельдері, оларға берілген жауаптар, бейімделу мен қарсылық түрлері — өзгелерден ерекше де, өзгермейтін де құбылыс емес, қайта гендер теңдігі жолындағы ауқымдырақ дүниежүзілік күрес процестерімен сәйкес келеді. Мұндай қоғамдарды айрықша қанаушы етіп көрсету — сараптамалық тұрғыда ғана жаңсақ емес, сонымен бірге елеулі саяси салдары бар пікір: ол әлемнің әр түкпіріндегі әйелдер тәжірибесін қалыптастырып отырған құрылымдық күштерді елемей, дінді қысыммен теңестіретін нарративтерді қайта өндіреді.
Мұсылман қоғамдарының «айрықша» сипаты хақында
Ондаған жыл бойы мұсылман әйелдері «артта қалған» мәдениеттердің құрсауынан шыға алмаған дәрменсіз құрбандар деп бейнеленіп келді. Эдуард Саид атап өткендей, Батыс өз үстемдігін ақтап алу үшін тарихи тұрғыдан «Шығысты» төмен деп сипаттап, оның кем бейнесін құрастырып келгенi
Ирандағы «Ақ революция» жөніндегі референдум кезінде алғаш рет дауыс беріп жатқан әйел. 1963 жыл / Getty Images.
Лейла Ахмед «Исламдағы әйел мен гендер» (Women and Gender in Islam) деген еңбегінде мұсылман қоғамдарындағы әйел туралы түсініктер ешқашан өзгермеген немесе діни сипатта ғана болған құбылыс емес екенін көрсетедіi
Бұған Иран тарихы айқын мысал бола алады. 1920 жылдары батысшыл Пехлеви әулеті билік құрып тұрғанда әйелдердің жаулығын сыпырып, жүзі ашық жүргені модернизацияның және Еуропаға қарап бет түзеудің символына айналды. 1979 жылғы Иран революциясынан кейін құрылған Иран Ислам Республикасы кері бағытты ұстанып, хиджаб жамылуды міндеттеді. Енді әйел киімі Батыс ықпалынан бас тартудың және ислами саяси бірегейлікке адалдықтың белгісіне айналды. Екі жағдайда да әйел денесі мемлекеттік идеологияны репрезентациялайтын құралға айналды.
Тегеран көшесіндегі «батыс» үлгісіндегі сәнмен киінген бойжеткендер, 1968 жыл / Getty Images
Сондықтан әйелдер өмірін едәуір кеңірек — империялар, ұлтшылдық және мемлекеттік идеология контексіне салып қарастырғанда, мұсылман қоғамдарындағы айрықша езгі көріп жүрген әйелдер туралы тезистің күл-талқаны шығады. Оның орнына, дүниенің өзге аймақтарында болып жатқан тартыстарға көп жағынан ұқсайтын, кімдік пен билік төңірегіндегі конфликтілерді көреміз.
Білім беру және реформалар
Көп жағдайда білім — әйелдің азат болуының кілті есебінде көрсетіледі. Алайда, тарихтан көретініміздей, ол аса күшті бақылау құралы да болған.
Осман империясынан Британ империясына дейін, алпауыт мемлекеттердің бәрінде қыздардың білім алуы «прогресс» пен өркениеттің дәлелі есебінде жүретін. Орталық Азиядағы реформаторлар, әсіресе жәдидтер қыздардың білім алуы — қоғамды құтқарып, нығайтудың басты алғышарты дейтінi
Білім беру ешқашан оқшау тұрған құбылыс емес. Зерттеулер көрсеткендей, мектептер тек оқу-жазуды үйретумен шектелмей, әйелдің жүріс-тұрысына қатысты да: қалай киінеді, үйін қалай ұстайды және «әдептілік» идеалын қалай танытады дегендей ұстанымдарды орнықтырдыi
Өзбек қыздары КСРО Жоғарғы Кеңесі сайлауында. Ташкент, 1937 жыл / Getty Images
Осындай қайшылықтар білім алған әйел бірден азат болып шыға келеді деген қарапайым ойдың өзін күрделендіріп жібереді. Дүниенің кез келген аймағындағыдай, мұсылман қоғамдарында заманауи мектеп жаңа мүмкіндіктерге жол ашқанымен қатар, мемлекетке адал әрі «дұрыс» азаматтар қалыптастыру құралына да айналды. Әйткенмен әйелдер білім алып қана қойған жоқ, сол процеске араласып, оның жекелеген аспектілерімен күресіп, алған білімін биліктің пиғылына сәйкес келе бермейтін бағытта жұмсай бастады.
Национализм, секуляризм және мемлекеттік феминизм
Республикалық Түркия — мемлекеттің өзі мүмкіндік бере отырып, эмансипацияны шектегеніне көрнекі мысал болса керек. Мұстафа Кемал Ататүрік тұсында ауқымды реформалар он-ақ жылда әйелдің құқықтық мәртебесін өзгертіп жіберді. Әйелдер дауыс беру құқығына ие болды, жаңа мамандықтарға жол ашылды, қоғамдық салада көзге түсе бастады, әрі жаңа заманның нышаны ретінде билік оларды бірде мақтап, бірде мәжбүрлеп, жаулығын сыпырта бастады.
Орта мектептегі оқушы қыздар. Анкара, шамамен 1935 жыл / Getty Images
Сол реформалар нақты нәтижелер көрсетті: әйелдер білім алып, мансап жолында ілгері жылжыды, бұрын жол ашылмаған қоғамдық рөлдерді атқара алатын болды. Алайда бұл игіліктердің тағы бір астары — әйелдер жаңа, модернизацияланған түрік ұлтының нышанына айналып бара жатқан. Олардың сырт келбеті мен жүріс-тұрысы елдің ілгерілеуінің визуал дәлелі іспетті ұсынылған. Нәтижесінде баяғы жартас: «заманауи әйелдің» сырт келбеті мен жүріс-тұрысы қандай болатынын мемлекет белгілеп отырды. Ондай бейнеге сыймайтын әйел шеттеліп, маргинал күйге түсетінi
1935 жылғы 18 сәуірде Ыстанбұлдағы Йылдыз сарайында Әйелдердің сайлау құқығы мен тең азаматтығы үшін халықаралық альянсының XII конференциясының ашылуы / Getty Images
Басқаша айтқанда, эмансипация «жоғарыдан», мемлекет белгілеп берген шектерден асырмай жүргізілді. Әйелдерге құқық берілді, алайда олардың саяси үні мен өзін-өзі таныту аумағы әлі де бақылау аясында болды.
Бұл механизм Түркияға ғана емес, өзге мұсылман қоғамдарының бәріне тән еді. Көп елде социалистік, колониал және постколониал режимдер әйел құқығын жаңашылдық нышаны ретінде пайдаланып, ол құқықтың қолданылу аясын уысынан шығармады.
Трансұлттық феминизм және постколониал мемлекеттер: 1930–1960 жылдар
Екі дүниежүзілік соғыс арасындағы кезең мен одан кейінгі онжылдықтарды сараласақ, мұсылман қоғамдарында әйел құқығына айрықша қарсылық бар деген тезисті қабылдау тіпті де қиындай түседі. Өйткені сол уақытта Таяу Шығыс пен Орталық Азиядағы әйелдер ұйысып, жұрт алдына шығып, тіпті халықаралық қозғалыстар құра бастаған.
Мереке кезінде дойрашы сүйемелдеуімен өнер көрсеткен биші. 1930 жылдар / Getty Images
Димашқ пен Тегеранда конгрестер өткізіліп, әйелдердің сайлау құқығы, еңбек заңнамасы және білім алу мүмкіндігі талқыланды. Худа Шаарауи, Саиза Набарауи және Набауийя Муса сынды белсенділер оқшауланып қалмай, халықаралық феминист желілерінің бір бөлігіне айналды. Мысыр, Сирия, Ирак пен Ливанда әйел одақтары гендер теңдігі жолындағы күресті ел тәуелсіздігі жолындағы қозғалыспен астастырып жатқан. Олар әйел құқығын саясаттан бөлек деп білмеген, керісінше, болашақ мемлекетті қалыптастырудың кілті деп таныған.
Худа Шаарауи жұмыс бөлмесінде / Wikimedia Commons
Ол арада советтік Орталық Азияда Екінші дүниежүзілік соғыс әйелдердің өмірін түбегейлі өзгертіп жіберді: әйелдер фабрикалардағы жұмысқа, әкімшілік сала мен қоғам өміріне араласа бастады. Мемлекет әйел белсенділігін әскери жағдайды қолдау және социализм идеалдарын насихаттау үшін қоштап отырған. Әйелдер жаңа машық, тәжірибе жинай берді, алайда олардың мобилизациясының өзі әлі де мемлекет мүддесіне қызмет етті.
Иосиф Сталиннің кітаптарын көтерген қыз. Ташкент, 1930–1940 жылдар, Өзбекстан / Getty Images
Осы жағдайлардың бәрінде әйел құқығы ел дамуының нышанына айналған. Кейде бұл әйел үшін шынымен де мүмкіндіктер туғызатын, кейде әйел тағдыры саяси пікірталас нысанына айналатын. Көп жағдайда сол екеуі қатар жүретін.
«Шығыс әйелдерін азат ету» плакаты, 1925 жыл / Wikimedia Commons
Мұндай процестер мұсылман қоғамдарында ғана жүрді деу жаңсақ болар. Латын Америкасы, Шығыс Еуропа мен Шығыс Азияда да үкіметтер әйел құқығын жаңашылдық нышаны ретінде ұсынып, бұл құқықтың қолданылу тәсілдерін өздері анықтап, шектеп отырған.
Мұнай, урбанизация және алмағайып 1970 жылдар
1970 жылдар мұсылман әлемінің бірқатар елінде қарқынды өзгерістер кезеңіне айналды. Мұнайдан түскен табыс қалаларды түбегейлі өзгертіп, университеттердің көбеюіне жол ашты, әрі әйелдерге ғылымнан бастап мемлекеттік басқару мен қарулы күштер қызметіне дейін жаңа мансап мүмкіндіктерін ұсынды. 1979 жылға қарай Иран мен Ауғанстан сияқты елдерде әйелдердің білім деңгейі ел тарихында бұрын-соңды болмаған биік межеге жетті.
Батыс медиасында қысқа етек киген мұсылман әйелдерінің немесе аралас аудиторияда отырған студенттердің бейнесі «прогресс» символына айналды. Алайда бұл образдар болып жатқан өзгерістердің сыртқы көрінісі ғана еді. Шын мәнінде, трансформацияның қозғаушы күштері — урбанизация, білім саласына мемлекеттен құйылған инвестиция және ауқымды модернизация жобалары сияқты терең саяси-экономикалық процестер болатын. Киім үлгісі мен аралас білім беру сол өзгерістердің көзге көрінетін белгісі болғанымен, олардың себебі емес-ті.
Тегеран бойжеткендері. Иран, 1970 жылдар / Ашық дереккөздерден
Алайда одан кейінгі оқиғалар маңызды көрсеткішке айналды. Саяси жүйелер қирап не түбегейлі өзгеріп жатқанда, мысалы, 1979 жылғы революциядан кейінгі Иранда немесе соғыс жылдарындағы Ауғанстанда — әйел құқығына қатысты бұрынғы жетістіктер қаншалық осал екені көрінді. Әйел құқығы діни нұсқаулар әсерімен ғана шектелмеді, бұл шектеу саяси дағдарыстар, мемлекеттік институттардың ыдырауы және ел болашағы төңірегіндегі идеологиялық тартыстар аясында жүрді.
Тарихтан көргеніміздей, әйел құқығы саласындағы прогрестің түзу сызық бойымен жүруі сирек. Әлдебір саяси және экономикалық жағдайларда ол тез кеңеюі мүмкін — дәл сол жағдайлар өзгергенде тез жойылып кетуі де ықтимал. Дүниенің қай түкпірінде болса да әйел құқығы билік құрылымына, саяси институттардың тұрақтылығына және билеуші элитаның саяси шешімдеріне тәуелді.
21-ғасыр: авторитаризм, исламизм және қарсылық
Кейінгі жылдардағы оқиғалар мұсылман әйелін үні жоқ, дәрменсіз тұлға деп көрсететін түсінікті күл-талқан етті. Ирандағы «Әйел, өмір, еркіндік» қозғалысы авторитарлық билікке ашық қарсы тұрған ондаған жылдық феминистік әрекеттің нәтижесінде қалыптасты. Ауғанстандағы жасырын қыздар мектептері ең қатаң репрессияның өзі әйелдердің білім алуға деген ұмтылысын толық тұншықтыра алмайтынын дәлелдеді. Ал Түркияда үкіметтің Ыстанбұл конвенциясынан шығып кетуі әйел құқығын мемлекет бақылауында ұстауға қарсы ұзақ жүрген қарсылықтың жаңа толқынын туғызды.
Maхса Аминидің хиджаб тағу ережесін бұзды деген айыппен Иранның «әдеп полициясына» ұсталып, қайтыс болуына байланысты Ирандағы наразылықтарды қолдаған «Әйел, өмір, бостандық» акциясына қатысушы плакат ұстап, ұрандап тұр. Лондон, Ұлыбритания, 2022 жыл / Getty Images
Бұл қозғалыстарды өткеннен аяқ асты әрі кездейсоқ тамыр үзіп кету деп айта алмаймыз. Олар тұрақты тарихи үдерістерге сай келеді: мұсылман әйелдер дүниенің басқа аймақтарындағы авторитаризмге қарсы тұрған феминистік қозғалыстар сияқты, өзгермелі саяси жағдайға бейімделіп, ұйым құрып, қарсылық білдіреді.
Сонымен бірге «жоғарыдан» басталған реформалар — көбіне мемлекеттік феминизм деп аталатын құбылыс әрқашан екіұдай нәтиже көрсетеді. Тунисте мемлекет деңгейіндегі өзгерістер әйел құқығын қорғаудың берік құқықтық негізін қалады. Көп әйел осы жетістіктерді қорғап келеді. Дегенмен бұл реформалар ер адамдардың қолындағы орталықтанған өкіметтен бастау алған. Құқық берілсе де, авторитарлық тәртіп аясынан шықпады.
Ташкент қаласында қызымен бірге аялдап отырған әйел. КСРО, 1970 жылдар / Getty Images
Осы процестің тағы бір нұсқасы совет дәуіріндегі Тәжікстанда байқалды. Кеңес өкіметі мұсылман әйелдерін «азат ету» науқандарын жүргізді: жаулықтан бас тарту акциялары, жаппай сауатсыздықты жою бағдарламалары және еңбекке жұмылдыру қолға алынды. Бұл бастамалар шынында да білім мен жұмыспен қамтуға жол ашты, бірақ сонымен бірге жаңа теңсіздік түрлерін де туғызды. Қала әйелі ауыл әйеліне қарағанда көбірек мүмкіндік алды; орыс тілін білетін әйелдердің жолы өзгелерге қарағанда жеңілдеу болды. Жоғары білім мен басшылық қызметке қол жеткізу әлі де шектеулі болып қалды, бұл кей жағдайда әйелдер арасындағы ынтымақтастықтан гөрі бәсекені күшейттіi
«Жүрек жұтқан» фильмінің постері. Режиссері — Әли Хамраев, 1971 жыл / Ашық дереккөздерден
Ерте тұрмысқа шығып, көп бала туып, бала күтімі инфрақұрылымы тапшылығын көріп, білім алу мүмкіндігі шектеулі болған ауыл әйелінің алдынан қосымша кедергілер шықты. Соның салдарынан эмансипация процесі біркелкі жүрген жоқ: бір әйелдер ілгері жылжыса, енді біреулер жергілікті өкімет құрылымдары мен экономика жағдайлары шеңберінен шыға алмай қалдыi
Бұл мысалдардың бәрінен бір нәрсе анық көрінеді: мемлекеттік реформалар әйел құқығының аясын кеңейтуі мүмкін, алайда сонымен қатар әлеуметтік тапқа, этностық шығу тегіне, географиялық жағдайға және саяси шешімдерге қол жеткізу мүмкіндігіне сүйенетін жіктерді де тереңдетеді. Мұндай процесс мұсылман қоғамдарына ғана тән дей алмаспыз. Әлемнің көп елінде «жоғарыдан» басталған гендерлік реформалар қалыптасқан өкімет иерархиялары мен қақтығыстар аясында қалыптасады.
Душанбе көшесіндегі жаяу жүргіншілер, КСРО / Getty Images
Алайда әйелдер жай ғана біреу келіп азат етсе деп күтіп отырған пассив жаратылыс емес. Олар өздері өмір сүрген жүйелер аясында әрекет етіп, кейде оларға қарсы шығып, кейде өз балама тәжірибелерін қалыптастырады. Сондықтан олардың тарихы — әрекетсіздік немесе мәдени «айрықша сипат» туралы әңгіме емес. Бұл билік жолындағы саяси күрестің және күрделі, соқтықпалы өзгеріс жолының тарихы.
Неге мұсылман қоғамдарындағы әйелдер өмірін зерттеу маңызды?
Мұсылман қоғамдарындағы әйелдер өмірін зерттеу көбіне ер адамдар тәжірибесіне сүйенетін дәстүрлі тарихнамада көзге көріне бермейтін саяси құрылымдарды аңғаруға сеп болады. Осы арқылы заңдар, білім беру институттары, отбасы байланыстары мен саяси қозғалыстар күнделікті өмірді қалай қалыптастыратынын түсінеміз. Мұндай зерттеулер сол қоғамдардың ішкі әралуандығын да айқындап, жергілікті нарративтерді империялар, ұлтшылдық, капитализм және жаһандық саясат сияқты кеңірек процестермен байланыстырады.
Сонымен бірге мұндай анализ ерекше сақтықты талап етеді. Лила Әбу-Лугод, Чандра Моханти және Лейла Ахмед сынды зерттеушілер атап өткендей, «мұсылман әйелдері» ұғымына шектен тыс назар аудару олардың тап, этнос және география айырмашылықтарын, сондай-ақ саяси контекст ерекшеліктерін елемей қалдырса, стереотипке айналып кетуі мүмкінi
Әйелдер тарихын түйсіне, сын тезіне салып зерттегенде, мұсылман қоғамдары айрықша қоғамдар болудан қалады. Керісінше, олар жалпыәлемдік процестерге кірігіп, солардың айнымас бөлігі бола түседі. Олардың «айрықша сипаты» туралы ұғымнан бас тартуымызға себеп — әділетсіздікті жоққа шығаруда емес, оны бүкіл дүниежүзінде әрекет ететін саяси және тарихи күштердің нәтижесі деп тануда.
НЕ ОҚУҒА БОЛАДЫ
- Abman, Zamira. Coerced Liberation. Muslim Women in Soviet Tajikistan. University of Oxford Press, 2024.
- Ahmed, Leila. Women and Gender in Islam: Historical Roots of a Modern Debate. Yale University Press, 1992.
- Abu-Lughod, Lila. ‘Do Muslim Women Need Saving? Anthropological Reflections on Cultural Relativism and Its Others’. American Anthropologist 104, no. 3. (2002).
- Fahmy, Khaled. All the Pasha’s Men: Mehmed Ali, His Army and the Making of Modern Egypt. Cambridge University Press, 1998.
- Graham-Brown, Sarah. Images of Women: The Portrayal of Women in Photography of the Middle East, 1860–1950. Columbia University Press, 1988.
- Kamp, Marianne. ‘Between Women and the State: Mahalia Committees and Social Welfare in Uzbekistan’ in The Transformation of Central Asia, edited by Pauline Jones Luong. Cornell University Press, 2004.
- Kandiyoti, Deniz. ‘End of Empire: Islam, Nationalism and Women in Turkey’ in Women, Islam and the State, edited by Deniz Kandiyoti. Temple University Press, 1991.
- Khalid, Adeeb. The Politics of Muslim Cultural Reform: Jadidism in Central Asia. University of California Press, 1998.
- Mohanty, Chandra Talpade. ‘Under Western Eyes: Feminist Scholarship and Colonial Discourses’. Boundary 2 12/13 (1984).
- Najmabadi, Afsaneh. ‘Feminism in an Islamic Republic: “Years of Hardship, Years of Growth”’ in Islam, Gender, and Social Change, edited by Yvonne Yazbeck Haddad and John L. Esposito. Oxford University Press, 1998.
- Said, Edward W. Orientalism. Random House, 1978.