1930 жылдардан бастап Қазақстанға 800 мыңға жуық адам жер ауып келді. Арасында түрлі ұлт өкілі бар. Ресми мәліметте олардың азаматтық мәртебесі ГУЛАГ лагерьлеріндегі тұтқындардан басқаша еді. Ал іс жүзінде арнайы қоныстанушылар азамат құқығын толық пайдалана алмады. 1948–1953 жылдары арнайы қоныстанушылар істерін зерттеген тарихшы Әлия Болатхан олардың күнделікті өмірі қатаң шектеу мен өкіметтің кірпік қақпас бақылауында болғанын айтады.
Арнаулы қоныстар қалай шықты?
Арнайы қоныстандыру жүйесі 1930 жылдардағы «байларды жер аудару» деп аталған саясаттың жалғасы ретінде шыққан. Қайсыбір топтарды күштеп көшіру туралы шешім шыққан соң, арнайы бөлінген аймақтарға жіберілген оларға «арнайы қоныстанушы» мәртебесі берілетін. Осы сәттен бастап олардың өмірі ырқынан тыс еді: қайда тұрады, қайда жұмыс істейді, шаруасын қалай жүргізеді — бәрін арнайы комендатура шешетін. Бұл совет өкіметі үшін «сенімсіз» немесе «жау» саналғандарды оқшаулау, басып ұстау және басқарудың тиімді құралы болды.

КСРО үгіт плакаты: «Кулактарды колхоздардан қуып шығайық». 1930 жыл / Arthive
1944 жылғы 17 тамызда, «сенімсіз халықтарды» жаппай жер аудару науқанының қызған шағында, Ішкі істер халық комиссариаты басқармасы (НКВД) арнайы қоныстанушылар бөлімі лагерьлер жүйесінің құрамынан алынып, жеке мекеме болып құрылды. Ал 1946 жылдан бастап Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігі (МҚМ) құрамындағы бұл құрылым миллиондаған жер аударылған адамды бақылап, басқарып отыратын дербес жүйеге айналды.
1953 жылдың басына қарай арнайы қоныстандыру жүйесінен үш миллиондай адам өтті. Олардың көп бөлігі ұлтына бола күштеп көшірілген халықтар — неміс, қарашай, шешен, ингуш, балқар, қалмақ, қырым татарлары және өзгелер еді.

КСРО-дағы депортация. 1930 жылдар / Wikimedia Commons
1945 жылы өкімет арнайы қоныстанушыларды ресми түрде Совет одағының азаматтары деп таныды. Алайда бұл шешіммен бірге олардың өмірін шектейтін түрлі тыйымдар қатар жүрді. Ең басты міндет — жұмыс істеу болатын, оған да көбіне таңдау құқығы берілмейтін: қай салада, қай жерде, қандай жағдайда жұмыс істейтінін адам өзі шеше алмайтын. Бұл еңбек ету еркіндігіне кепілдік берген КСРО Конституциясына тікелей қайшы келетін.
Ең қатал шешімдердің бірі 1948 жылғы 26 қарашада шыққан қаулы болды. Оған сәйкес арнайы қоныстандыру мерзімі шексіз деп жарияланып, әр адам «мәңгі жер аударылды» деген құжатқа қол қоюға тиіс еді. Ал тұрғылықты мекенінен рұқсатсыз кету ауыр қылмыс саналатын, мұндай әрекет істеген адам жиырма жыл «каторгаға» кесілетін.
Сөйтіп, теңдік қағаз жүзінде ғана қалып, шын мәнінде, арнайы қоныстанушылар үнемі бақылауда, оқшауланып, негізгі азаматтық құқықтарынан айырылып өмір сүрді.
Тұрғылықты орнын таңдау құқығынан айыру
Міндетті мекенге жетісімен депортацияланғандар арнайы қоныстанушылар контингентінің бір бөлігіне айналатын. Олар НКВД-ІІМ-МҚМ органдары белгілеп берген елді мекендерде ғана тұруға міндеттелді, ал ол жерден арнайы рұқсатсыз мүлде шыға алмайтын.
Көбіне мұндай жерлер жұрт сирек қоныстанған әрі табиғи климат жағдайы қолайсыз өңірлер болатын. Қатты суық, қатал табиғат күнделікті тіршілікті ауырлатып, адамдардың жаңа жағдайға бейімделуіне мүмкіндік бермейтін. Тіпті ауыр дертке шалдыққан не отбасындағы жағдайы қиындап кеткен адамның өзі мекен ауыстыра алмайтын. Өмірлік маңызы бар өтініштердің өзі әкімшілік тыйымға тіреліп, жылдап мекемелер арасында «сандалып» жүретін.

Ағаш дайындау жұмыстары. Верхнеаршинский арнаулы қонысы. 1933 жыл / russiainphoto.ru
Мысалы, 1955 жылғы қарашада қалмақ ұлтынан шыққан арнайы қоныстанушы әйелі ауыр науқас болғандықтан, тұрып жатқан орнын ауыстыруға рұқсат сұраған екенiҚР БП ҚСАЕАКА (Астана), 9-қор, 42522-іс, 23-п..
«Осы арызды берген себебім — әйелім буын ревматизміне шалдыққандықтан, басқа жерге барып тұруға рұқсат беруіңізді сұраймын.
Басқа жерге, яғни құрғақ та ыстық жерге барып тұру керек деген дәрігердің қорытындысы бар. Медициналық анықтаманы қоса беріп отырмын. Арызымды орындауды сұраймын».
Бұл кісінің арызы орындалыпты, өйткені баратын жағында бір жамағайыны үй, жұмыс тауып берген екен. Алайда бұл ілуде бір болатын жағдай еді. Тағы бір жағдайда, Алтай өлкесінде тұрып жатқан 1904 жылы туған арнайы қоныстанушы Қазақ КСР-де тұратын бауырының қасына көшіруді сұрайды. Арызында «денсаулығым нашарлап кетті, жұмыс істеп қызым мен өзімді баға алмай қалдым» деп көрсеткен. Бұл арызға оң жауап тоғыз жыл өткеннен кейін ғана келгенiҚР БП ҚСАЕАКА, 9-қор, 515-іс, 8–9 пп.

Үгіт плакаты: «КСРО халықтарының бауырластық одағы мен достығы жасасын!» 1930 жылдар / Wikimedia Commons
Осындай жағдайлар қозғалу еркіндігін шектеудің репрессиялық сипатын анық көрсетеді: тіпті өмірлік маңызы бар себептердің өзінде арнайы қоныстанушылар жылдап мекенін ауыстыруға рұқсат ала алмай қиналатын. Бұл тәжірибе кең көлемді әкімшілік репрессиялар жүйесінің бір бөлігі еді, ал арнайы қоныстандыру оқшаулау мен мәжбүрлі еңбек элементтерін қатар алып жүрген құрылым болатын. Формасы жағынан ГУЛАГ жүйесімен қатар жүргенімен, арнайы қоныстандыру жүйесі іс жүзінде соған ұқсас жазалаушы механизмді қайталайтын. Айырмашылығы — қатігездігінде емес, ұзаққа созылатын сипатында және күнделікті зорлықтың қалыпты жағдай ретінде орнығуында еді.
Жүріп-тұру еркіндігін шектеу
Арнайы қоныстанушылар үшін қозғалу еркіндігі қатаң тәртіпке бағындырылған болатын. Міндетті тұру аймағынан шығу үшін арнайы рұқсат алу керек. Алыс-жақын — көрші ауылға, басқа облысқа не басқа одақтас республикаға барған әр сапарға арнайы хабарлама, бағыт қағазы және рұқсат беріліп, тіркеліп отырды.

Аше өзеніндегі салшылар. 1933 жыл / russiainphoto.ru
Олай жол жүру үшін базар не жәрмеңкеге бару, қызмет бабымен баратын іссапар, туыс-туғанға барып-қайту немесе әкімшілік аумақ шегінен тыс жатқан жұмыс орнына жету сияқты себеп керек болатын.
Арнайы қоныстанушылардың жеке істерінде осындай тәртіп болғанына куә құжаттар аз емес. Мысалы, 1948 жылғы желтоқсанда бір арнайы қоныстанушы мынадай мазмұнда қолхат жазған екенiҚР БП ҚСАЕАКА (Алматы), 9-қор, 539-іс, 5-п:
Қолхат
Маған, Алтай өлкесінің Рубцовск қаласында тұрып жатқан, 1881 жылы туған жер аударылған Ш.Э-ге КСРО Жоғарғы кеңесі Президиумының 1948 жылғы 26 қарашадағы жарлығы жеткізілді, онда мен арнайы қонысқа мәңгіге көшірілгенім, бұрынғы тұрған жеріме қайтуға құқығым жоғы және міндетті қоныстану орнынан өз еркіммен кеткен жағдайда 20 жыл қара жұмысқа жегіліп жазаланатыным айтылған.
Тіпті туған-туысқа барып қайтпақ сапардың өзін жазбаша келістіру керек болатын. Бір мысал — 1954 жылғы 14 маусымдағы мына арызiҚР БП ҚСАЕАКА (Алматы), Ф. 9, Д. 476, Л. 6:
... қаласына, көптен көріспеген әжем Ч.А.-ға барып қайтуға рұқсат беруіңізді сұраймын. Өтінішімді аяқсыз қалдырмасаңыз екен.
Қызмет бабымен баратын іссапарларға да шектеу қойылатын.
Арнайы рұқсат алып сапарға шыққанның өзінде арнайы қоныстанушылар әлдебір тәртіпті қатаң ұстануға тиіс болатын: уақытша барған жерінде де, өз елді мекеніндегі сияқты, комендатураға барып белгі соғып отыруы шарт еді. Мұндай талаптар көбіне олардың кәсіби міндетін атқаруын қиындатып жіберетін. Мысалы, бір агенттік мәліметте симфония оркестрі құрамында қаралы жиынға барған неміс ұлтынан шыққан арнайы қоныстанушының сөзінде оның қызметтік міндет пен әкімшілік шектеулер арасындағы шиеленісті күйі айқын көрінедіiҚР БП ҚСАЕАКА (Алматы), 9-қор, 248-іс, 404-п.:
«Жоқ, енді ешқайда бармаспын. Бір жағынан үкімет комиссиясы көз жазбай қарап жүреді, енді бір жағынан комендатура бар, еш себеппен ойынға (белгіленуге де) кешігуге болмайды, әйтпесе арты жаман болуы мүмкін».
Бұл зерттеуде пайдаланылған арнайы комендатуралар материалдарында арнайы қоныстанушылар режим тәртібін бұзғаны үшін әкімшілік не қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны туралы көп дерек ұшырасады. Комендатура құжаттарынан көрінетіні — тіпті абайламай, байқамай тәртіп бұзғанның өзінде жаза болмай қоймайтын. Маршруттан ауып кету, кешігіп оралу, белгі соқпау, уақытша рұқсат қағазын жоғалтып алу — бәрі «тәртіпке қайшы әрекет» деп тіркеліп, «тәртіп бұзушыға» айыппұл салынатын не аз уақытқа қамап тастайтын. Мәселен, 1951 жылы жер аударылған шешендердің бірі Алматыда жүруге берілген рұқсат қағазының мерзімі ұзартылмағанына бола ұсталып, 100 сом айыппұл төлеген.

Орталық арнаулы қонысындағы барақтың жалпы көрінісі. 1930 жылдар / russiainphoto.ru
1953 жылы қырым татарларынан шыққан арнайы қоныстанушы әйел өзі тұратын аумақтан тыс орналасқан колхоз базарына барғаны үшін ұсталып, «режим бұзды» деп тіркеліп, 25 сом айыппұл төлеген. Ал тәртіпті абайсыз бұзуға қарағанда, арнайы қоныстану орнын қасақана тастап кету «қашу» деп бағаланып, 1948 жылғы 26 қарашадағы Жоғарғы Кеңес Президиумының жарлығына сай жиырма жыл лагерьге айдауға кесілетін.
Мұндай істер бірнеше деңгейлі келісу кезеңдерінен өтетін: коменданттан бастап облыстық прокуратура мен Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігі органдарына дейін қаралып, ақырында Ішкі істер министрлігінің жанындағы Арнайы кеңесте шешім шығатын.
Тіркеуге тұрмастан, арнайы қонысынан өз бетімен шығып кеткен қалмақ ұлтынан шыққан әйелдің ісі дәл осындай тәртіппен қаралған. 1949 жылғы 23 наурызда ол ең ауыр жазаға — жиырма жылға еңбекпен түзеу лагеріне кесіледіiҚР БП ҚСАЕАКА (Алматы), 9-қор, 472-іс, 60–62 пп.:
М.М. 1897 жылы, Ростов облысы Котин ауданында туған, ұлты қалмақ, КСРО азаматы, сауаты аз, партияда жоқ, кедей шаруадан, мамандығы жоқ, 1-Алматы станциясында, Ленин көшесі, №123 үйде, 3-пәтерде тұрған, бұрын сотталмаған.
ІІМ органдарының рұқсатын алмастан тұрақты қонысы — Новосибирск қаласынан шығып кетіп, 1948 жылғы тамызда Алматы қаласына барып, арнайы тіркелмей бірнеше ай тұрған, сөйтіп, КСРО Жоғарғы Кеңес Президиумының 1948 жылғы 26 қарашадағы жарлығында көзделген қылмыс жасаған.
М.М. кесілген жаза — 20 жыл каторга.
Отбасына қосылу
1940 жылдары асығыс әрі алдын ала дұрыс ұйымдастырылмай жүргізілген жаппай депортация он мыңдаған отбасының бір-бірінен ажырап кетуіне соқтырды. Бір үйдің адамдары түрлі ауданға, облысқа, тіпті түрлі республикаға жер ауып кеткен жағдайлар көп болған.
1944 жылы өкімет бұл мәселенің ауқымын мойындауға мәжбүр болып, бөлініп кеткен отбасыларды қайта қосуға мүмкіндік беретін директивалар қабылдады. Бұл шаралар бойынша бір бірінен жырақта жүрген бір үйдің адамдары арнайы арыз беріп, ол мақұлданған жағдайда қосылу үшін бір жерге көшуге рұқсат алуға құқылы едіiЗемсков, В. Спецпоселенцы в СССР. 1930–1960. Диссертация д.и.н., Москва: Институт российской истории РАН, 2005: 155; Бердинских, В. А. и др. Система спецпоселений в Советском Союзе 1930–1950-х годов. Сыктывкар: ИЯЛИ Коми НЦ УрО РАН, 2015: 64.

Нарымдағы арнаулы қоныстың учаскелік комендатура ғимараты. Томск облысы. 1930 жыл / Library of Congress
Алайда шынайы өмірде отбасылардың қосылу процесі өте баяу жүрді. 1948 жылы шыққан Ішкі істер министрлігінің директивасы мұндай өтініштерді жедел қарауды тапсырғанымен, шешімдер көбіне кешеуілдеп, тіпті мүлде іске аспай қалатын. Оған бір себеп — жергілікті өкімет жұмыс күші ретінде тіркелген арнайы қоныстанушылардан айырылғысы келмейтін: мұндай жағдайда отбасының бірігуге ресми құқығы бола тұра, одан маңыздырақ саналған шаруа мүддесі алға шығарылатын.
Мұндай мысалдар Алматы облысындағы арнайы қоныстанушылар арасында да кездеседі. Формалды рәсімдер болғанымен, отбасының басы қосылуына барар жол күрделі әрі көбіне түсініксіз әкімшілік жүйеден өтетін. Құжаттардан көрінетіні — мұндай арыздардың орындалуы тікелей жергілікті жағдайға, мекемелердің мүддесіне және нақты әкімшілік тәжірибеге байланысты еді.

Нарымдағы арнайы қоныстанушылардың үйлері. Томск облысы. 1930 жыл / Library of Congress
«Тиімсіз» деген уәжбен арызданушылардың бетін қайтарып жіберетін жағдайлар да аз болмаған. ІІМ органдары «отбасы мүшелерінің бірі жұмыс істеп жүр және баспанасы бар, демек, көшуге негіз жоқ» деп жауап беретін. Ерлі-зайыптылардың бірге тұрайық деп берген арыздары дәл солай қаралатын.
Осылайша, арнайы қоныстандыру жүйесінде отбасының басын қосу әркімге тиесілі құқық емес, әкімшілік бақылаудағы процедура есепті реттелді. Көшу мүмкіндігі мекемелер арасындағы келісімдерге тәуелді болатын, ал арыздар жергілікті шектеулер мен бейресми факторларға байланысты кейінге шегеріліп не мүлде қаралмай қалуы әбден мүмкін еді.
Еркін еңбек ету мүмкіндігі
Совет кезінде адам құқықтары қайта қаралып, социалистік қоғамдағы еңбек құқық қана емес, азаматтың ортақ игілікке өз еркімен қосатын үлесі деп қарастырылатын. Совет заңгерлері социализм жағдайында адам құқықтарының әлеуметтік табиғаты, экономикалық негізі мен мақсаттары өзгеше екенін ерекше атап көрсететін. Бұл құқықтар азаматтардың күнкөрісіне қажет материалдық жағдайларды қамтамасыз етіп қана қоймай, «шын мәніндегі еркін еңбекке» жол ашады деп саналатынiДавтян, В. Идея прав человека в советской юридической науке (1946–1991 гг.). Диссертация ... к. юр.н. Москва: Рос. акад. гос. службы при Президенте РФ, 2011: 44, 49.
Алайда жер аударылғандарға келгенде, бұл формула құр декларацияға айналып кетер еді.

Башқұртстандағы украиндердің үйі. 1930 жылдар / Wikimedia Commons
Жер аударылғандар айдалып келген тұрғылықты мекенінде еңбек жолын еркін таңдау құқынан қағылып, жұмысқа тұруда алалау көретін. Жоғары білімі, ғылыми атағы не кәсіби жетістігі болған күннің өзінде, олардың «жер ауып келген» деген атының өзі жұмыстан шығарып жіберуге не жұмысқа алмай қоюға себеп болатын.
Бұл жағдайға жер аударылып келген ұлты қалмақ Ц.Н. есімді азаматтың тағдыры анық мысал бола алады. Ол филология ғылымдарының кандидаты, қырықтан астам ғылыми және қолжазба жұмыстың авторы еді. 1951 жылы ол КСРО Коммунистік партиясы Орталық Комитеті жанындағы комиссия төрағасына арыз жазып, жұмыссыздық мәселесін шешіп беруді сұрайды. Арызында С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіндегі жұмысынан жер ауып келген деген себеппен шығып қалғанын, бұрынғы орнына орта білімі де жоқ адам тағайындалғанын айтады. Сонымен қатар дәл осындай жағдай 1949 жылғы наурызда Хақас ғылыми-зерттеу институтында да қайталанғанын, ол кезде де «жер ауып келген» деген атына бола тіл секторының меңгерушісі қызметінен босатылғанын атап көрсетедіiҚР БП ҚСАЕАКА (Алматы), 9-қор, 444-іс, 35–37 пп..

Очир Кикеев. Депортациядан кейінгі қалмақ ауылы / Wikimedia Commons
Жер ауып келгендерді алалау үнемі жүріп отыратын, мемлекет механизмдеріне кіріктірілген үдеріс еді. Жер ауып келгендер кез келген сәтте мемлекеттік қауіпсіздік органдарының бұйрығымен жұмыстан шығып қалуы мүмкін болатын. Мысалы, 1952 жылғы шілдеде Қазақ КСР МҚМ бөлім басшысының орынбасары Алматы облыстық МҚМ басқармасының 9-бөлімінің басшысына астыртын хат жолдап, жер ауып келген түрік азаматын жұмысынан шығару керек дейді:
«Мұнда, Алматыдағы Горпромторгте (Қалалық өнеркәсіп сауда басқармасы) құрылысшы-инженер болып жер ауып келген Б.З. деген азамат жұмыс істеп жүр. Шұғыл қажеттілік туғанына байланысты Горпромторг директорына … (телефон № 24-30) үш апта мерзімде Б.З.-ны толық есеп айырысып жұмыстан шығаруды ұсынсақ дейміз. Біз жоспарлап отырған іс-шаралар маңызды болғандықтан, осы өтінішімізді тездетіп орындауды сұраймыз».
Ең қызығы, жер ауып келген азаматтың өз қолынан жазылған өмірбаянында да, кадрларды есепке алу жөніндегі жеке парағында да осы жұмыстан шығару жағдайы «ұзақ сырқатқа байланысты» деп көрсетілгенiҚР БП ҚСАЕАКА (Алматы), 9-қор, 410-іс, 7–11 пп..

Қалмақтардың депортациясы жайлы декрет. 1943 жыл / Wikimedia Commons
Жер ауып келген ұлты неміс азаматтың КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасына екі мәрте — алғаш рет 1953 жылғы 12 қаңтарда, содан кейін 24 мамырда жолдаған бес бет шағымы да осыған айқын мысал бола алады. Ол Сталин Конституциясындағы азаматтардың бәрі тең құқылы деген баптарға сүйене отырып, өзінің біліктілігі мен тәжірибесі бола тұра, ешқандай тәртіп бұзбағанына қарамастан, жүйелі түрде жұмыстан шығарылып отырғанын атап өтеді. Сонымен бірге ол Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігіне бірнеше рет жүгінгенін, алайда «ешқандай шара қолданылмағанын» жазады, өйткені, оның пайымдауынша, бұл органдардың өзі «алалау мен құқықты шектеуге мүдделі болған». Шағымда бірқатар нақты жағдай келтіріледі, соның бірі мынадай мазмұндаiҚР БП ҚСАЕАКА (Алматы), 9-қор, 248-іс, 382-383 пп.:
«Мындағылар мені мазақ қылып жүрген сияқты. Кировец кинотеатрында өз біліктілігімнен тыс, төмен айлыққа жұмыс істеп жүргенмін, аяқ астынан мені жұмыстан шығармақ болды, ал не себеп болды десем, кинофикациядағылар жоғарыдан келген бұйрық деді».
Жағдай шектен шықпағанның өзінде, әр жер ауып келген азамат жұмыс берушіге толық тәуелді еді, оған қоса, жүйелі бақылау тағы бар. Бұл жер ауып келгендердің жүйедегі орнын айқындайтын негізгі факторлардың бірі еді: жұмыс беруші арнайы комендатураға үнемі мінездеме өткізіп отыруға тиіс болатын. Бұл мінездемелер жер ауып келген адамның жеке ісіне тіркеліп отырды.

Облыстық ішкі істер халық комиссариаты басқармасының (УНКВД) еңбек қоныстары бөлімі орналасқан ғимарат. Нарым, Томск облысы. 1930 жыл / Library of Congress
Тіпті жұмысқа тұрғанын растайтын анықтама, мінездеме, қызметтік жазбалардың өзі ең алдымен бақылау құралы ретінде қолданылды. Жұмыс істеу, қызметте қалу немесе жұмыс орнын ауыстыру адамның өз еркімен емес, әкімшілік органдардың келісіміне қарай шешілетін.
Осылайша, жер ауып келгендер еңбек еркіндігі ұстанымынан тұтастай айырылды. Олар жұмысқа алынса да үздіксіз бақылауда болды, жұмыс таңдай алмайтын және берілген жұмыстан бас тарта алмайтын. Мұның бәрі кеңестік құқық доктринасында жария етілген «еркін әрі ерікті еңбек» ұғымына түбегейлі қайшы келетін.
Білім алу құқығы
КСРО-да әркімнің білім алуға құқығы бар делінсе де, жер ауып келгендердің балаларына ол құқық жүйелі түрде берілмейтін. Жергілікті өкімет оларды оқуға жіберуге тыйым салып, орта және жоғары оқу орындарына алынуына шектеу қоятын.
1952 жылы Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің «аса құпия» деген белгімен қабылдаған қаулысында Алматыдағы жетекші жоғары оқу орындарына жер ауып келгендерді қабылдауға іс жүзінде тыйым салынды. Ал басқа институттарға саяси сүзгіден өткен, қатаң лимитпен белгіленген қабылдау тәртібі енгізілді.
Тіпті қабылдауға рұқсат етілген оқу орындарында да жер ауып келгендер арасынан тек конкурстан өткендер, ең алдымен, партия мүшелері мен комсомол белсенділері, яғни өндірісте не қоғамдық жұмыста ерекше көзге түскендер ғана түсе алатын. Олардың өзін қаулыға қосымша тіркелген тізімдегі белгілі саннан артық қабылдауға болмайтын. Осылайша, білім алу құқығы да саяси сипаттағы іріктеу негізінде берілетін болған.

Арнаулы қоныс мектебіндегі сабақ барысы. Нарым, Томск облысы. 1930 жыл / Library of Congress
Бұл тұрғыда республика астанасы әрі білім орталығы саналатын Алматыға жер ауып келгендердің басым көбі тіпті жете алмайтын. Мәселен, 1951 жылғы шілдеде Ақтөбе облыстық МҚМ басқармасына жолдаған «аса құпия» деген белгісі бар анықтамасында 1932 жылы туған, қырым татарлары қатарындағы бір қыздың медицина институтына емтихан тапсыру үшін Алматыға баруына рұқсат берілмегені жазылған. Оған Алматыдан өзге, Қазақ КСР аумағындағы кез келген оқу орнын таңдасын деп кеңес берілгенiҚР БП ҚСАЕАКА, 9-қор, 403-іс, 13-п..

Мектеп оқушылары. Верхнеаршинский арнаулы қонысы. Башқұртстан. 1933 жыл / russiainphoto.ru
Академиялық жетістіктері не білім алуға деген ұмтылысына қарамай, жер ауып келгендердің Алматыда білім алуына жүйелі түрде жол жабылған еді. Алайда, өзге дереккөздерде көрсетілгендей, жекелеген жағдайда астанадағы жоғары оқу орындарына түсіп жатқандар болған: бәлкім, шектеулі санмен қабылданған я комендатура органдарымен істес болып, тыңшылық-хабар беру жұмысына атсалысқаны үшін марапат есебінде берілген мүмкіндік болса керек.
Бұл жүйенің ең қайғылы көрінісі — 1932 жылы туған неміс ұлтынан шыққан жер ауып келген қыздың 1952 жылғы 30 сәуірде Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің хатшысына жолдаған хаты. Ол хатта Алматыға оқуға құжат тапсыру үшін баруға рұқсат беруді сұрап, көмек көрсетуді өтінген:
«Комендант мені колхоздың бақшасына жұмысқа жіберіп жатыр. Сонда мен 10 жыл оқып, өкімет менің он жыл оқуыма ақша жұмсағанда, мені кетпен ұстап жүлге қазсын деп оқытты ма? Көз алдымда биыл мектеп бітіргендер институтқа кетіп барады, мен тағы қалып барамын…»
Бірнеше мәрте өтініш жазғаннан кейін ғана оған міндетті тұрғылықты орнынан уақытша шығуға рұқсат берілген, оның өзінде емтихан тапсыруға ресми шақырту қағазын көрсетсін деген шарт қойылған.
Бұл жағдай білім алудың азаматтық құқық емес, өкіметтік рұқсат мәселесі болғанын айқын көрсетеді. Сөйтіп, ресми жарияланған оқу, даму және болашақ таңдау құқығы, шын мәнінде, әкімшілік сүзгіден тұратын жүйеге айналып, жер ауып келгендерді оқу-білімнен ғана емес, армандау құқығынан да айырды.

Сал ағызудан кейінгі арнаулы қоныс тұрғындарының митингісі. 1930 жылдардың екінші жартысы / russiainphoto.ru
Жер аударылғандардың жеке істерінен алынған көп мысал бұл жағдайдың жүйелі сипат алғанын дәлелдейді. Арнаулы қоныстар сырттай заң нормаларына сәйкес көрінгенімен, іс жүзінде адамдарды ұзақ уақыт бойы негізгі құқықтарынан айыратын институт болып жұмыс істеді. Оның өзі КСРО Конституциясында жарияланған қағидаттарға қайшы келіп, адам құқықтарының әмбебап сипатын жоққа шығаратын тұрақты заңдық шеттету механизміне айналды.
Дереккөз
ҚР БП ҚСАЕАКА — Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің архиві.
