Детектив жанрында қалам тартқан алғашқы әйел бақытты ғұмыр кешті, өйткені ол туындаған жағдаятқа қарамастан бақыт жолын таңдады.
Әдебиет майданында тер төккен 85 жылдық қызыққа толы ғұмырында Агати Кристи көптеген роман, әңгімелер мен пьессалар жазып, детектив жанрында қалам тартқан ең атақты авторлардың біріне айналды. Кітаптарын әлемнің 100 тілінде, 4 миллиард данамен тарату оңай дейсіз бе?!
Агата Миллер (Агатаның қыз күніндегі тегі) кәдуілгі викторияндық рухта тәрбиеленгенімен, бәрі де аяқ-асты өзгеріп отырған (техника мен сән ғана емес, сондай-ақ мораль мен мінез де) аласапыран 20 ғасырдың үш ширегін өз көзімен көрді. Жұрттың бәрі аталған өзгерістерді түсініп, қабылдай алмады, бірақ өз кезеңінің ең ақылды әйелдерінің бірі саналған Кристидің бұл қолынан келді. Агата ата-анасының тақырға отырғанын, жақындарының өлімін, екі дүниежүзілік соғыстыi
Өткен өмірі
«Өмір маған үш кезеңнен тұратындай көрінеді: көз ілеспес жылдамдықпен сырғып өтіп жатқан қым-қуыт әрі еліктіргіш осы сәт; қызықты көрінген түрлі жоспарды құруға (ессіз болса — тіптен жақсы, өйткені өмір бәрін өз орнына қояды, сондықтан қиялыңыз жеткенше арманға беріліңіз) мүмкіндік беретін бұлыңғыр әрі белгісіз болашақ; және соңғысы, осы шақтың іргетасы, аяқ асты қандай бір болмашы иістен, биік таудың бейнесінен, ескі әннен әсерленіп:
— Қалай болғаны есімде... – деп айрықша әрі сөзбен түсіндіруге келмейтін ләззатпен айтуға мәжбүрлейтін естеліктерге толы өткен шақ. Естелік — жасың ұлғайғанда қол жеткізетін еліктіргіш әрі тәтті сый».
Балалар хақында
«Менің ойымша, викторияндық дәуірдің соңына қарай ата-аналар саналы түрде ой жүгіртіп, өміріне бақыт боп енген өз балаларының мүмкіндігін есепке ала отырып шешім қабылдай бастаған тәрізді. Олар өз баласы «жұрттың баласынан қалып кетті» дегенді ойлап бас қатыра бермейтін болды. Ал қазіргі уақытта ата-аналар қара басының қамы үшін ғана баласының жетістікке жеткенін қалайтынын сеземін.
Викториандықтар өз тұқымына байыпты түрде қарап, олардың мүмкіндігіне қатысты нақты пікірі болған. «А» — өте сұлу болатыны, айдан анық, «В» — ақылды болады, «С» — көркімен де, ақылмен де жұртты тамсандыра алмайтын тәрізді. Сондықтан «С» нұсқасындағы балалар үшін өзіне лайықты саланы таңдаған дұрыс болмақ және тағысын тағы. Әлбетте, олар да ара-тұра қателесіп тұрды, бірақ жалпы алғанда аталған қағидат жемісті болды. Ендігәрі ешкім қолыңыздан келмейтін тірлікті жаса деп қолқаламайды. Аталған түсініктің өзі адам мойынына артылған ауыр жүктен арылта алды».
Жастық хақында
«Біз бұлқынып өскен гүл шоқтары (бәлкім, арамшөп) секілді болдық, бірақ қуатымыз бойымызға сыймай, түйірдей ғана мүмкіндіктің есігі ашылса болғаны, жоғары қарай өрледік, өмірге деген құштарлығымыз ең қараңғы өлкелермен жүруге итермелесе де ләззатқа сусап, әлде біреу келіп үзіп алғанша көктегі күнге қол создық. Бізді таптап тастаса да, қайта бас көтердік.
Амал нешік, гербицидтермен (айрықша!) уландық, енді арамшөптердің қайта бас көтерер қайраты жоқ. Айтуларға қарағанда, бейімделе алмағандар өледі-мыс. Бізге ешкім, ешқашан бейімделе алмайтын өскінсіңдер деп айтқан емес. Ал егер әлдебіреу солай десе, оған сенбес ек. Тек қылмыскер ғана өмірге бейім болмайды».
Махаббат хақында
«Ойым өте қарама-қайшы болып естілер, бірақ біз адамның қалжыңбас қырын көрген сәтте ғана, оған қаншалық ғашық екенімізді түсінеміз! Әлбетте, адамның сұлулығына, ақылына немесе сүйкіміне тамсануға болады, бірақ осының бәрі жүзіңе күлкі үйірер әзілі болмаса, көпіршік секілді жарылып кетеді. Тұрмыс құрмақ болған кез келген қызға айтар кеңесім мынау: бәрі керемет, бірақ ғашығыңызға суық тиіп қалып, бірдеңе деп міңгірлеп, «м» және «н» деудің орнына «б» және «д» деп айта сала артынша түшкіріп жіберіп, көзі жасаурап кеткен бейнесін елестетіп көріңізші!
Жақсы сынақ, солай ма? Дегенмен дәл осы оғаш сәтте күйеуіңізге деген махаббатыңыз, тіптен нәзік сезіміңіз бен бауыр басуыңызға да суық тиіп қалатын тәрізді».
Іш пысу хақында
«Өмір бойына «істейтін ісім жоқ» деп жалғыздықтан зардап шегіп, немен айналысарын білмей сарсаңға түскен әйелдерден айырмашылығым, іш пысу дегеннің не екенін ешқашан білмей келіппін. Ондай әйелдер өзінің бос уақытын ләззатқа берілер керемет мүмкіндік емес, нағыз сұмдық ретінде қарастырады. Егер көңіліңізді ұдайы басқалар көтеретін болса, оған да бой үйретіп аласыз. Сосын ешкім назар аудармай қалғанда, ішіңіз алай-дүлей болады».
Жалқаулық хақында
«Барлық өнертабыс мұқтаждықтан туды деп ойламаймын, — меніңше, жаңалықтың бәрі де тікелей сауық құрғанда, бәлкім, жалқаулыққа салынып жатқанда ашылады. Жағымсыз сезімнен арылу — адамзатты жүз мың жыл ішінде шақпақ тастан кір жуу машинасын жасауға дейін итермелеген басты күш».
Ләззат хақында
«Өмірде бар барлық дүниеден ләззат алуға болатыны мені таңдандырады. Барлық жаратылысты жақсы көріп, қабылдағаннан артық жанға жайлылық сыйлар ештеңе жоқ. Бұл жалғанда кез келген ас пен кез келген өмір салтынан ләззат алуға болады: ауылдың тыныштығынан, иттерден, тар көшеден; қаладан, айқай-шудан, қалың адамнан, көліктің гүрілінен.
Біреулердің кітап оқып, тоқыма тоқып, киім тіккеннен және гүлдерді суарғаннан жаны жай табады. Ал басқалары — театр, сурет галереясы, жақсы концерт пен жиі ұшырастыра бермейтін достармен жолыққаннан ләззат алады. Ал мен бәрін жақсы көре алғаным үшін бақыттымын».
Жазушылық хақында
«... жазған туындыңды бағалау үшін, әрқашан уақыт қажет. Бастапқы кезде желпіндіре түскен идея келеді және үміт пен тіптен сенімділікті (өзімді сенімді сезінетін өмірімдегі жалғыз сәт) арқау етіп процеске ынты-шынтыңмен кірісіп кетесіз. Егер сіз шын мәнінде сыпайы адам болсаңыз, онда ешқашан қолға қалам алып, ой желкенін басқарып, нақты қандай сөздермен оны қағазға түсіруге боларын көз алдыңызға елестетіп, толықтай экстаз күйіне еніп оқушы дәптерінің беттерін бірінен кейін бірін толтырған ғажап күйді басыңыздан кешпейсіз.
Алайда көп өтпей алдыңыздан еңсерілместей көрінген қиындықтар биік қабырға болып шыға келеді. Оны қай қырынан келіп шешуге боларын білмей дал боласыз, ақырында, өзіңізге деген сенімнің күлі көкке ұшып, бастапқы ойға қайта ораласыз. Жұмысты аяқтап болған соң, сәтсіздікке ұрынғаныңызды түйсінесіз. Ал бірнеше айдан кейін, бәлкім, бұл соншалықты жаман да емес сияқты деген ойға табан тірейсіз».
Әдеби форма хақында
«Жазушылық жолды енді бастап жатқан қаламгерге бір ғана сыни ескертпе айтумен шектелейін: олар өз өнімдерін ұсынып жатқан нарыққа мүлдем бағдарланбайды. Мәселен, көлемі 30 мың сөзден асатын романды жазудың қажеті жоқ — қазіргі кезде мұндай романды басып шығарудың машақаты жетерлік. «О, – деп автор сөзіме қарсы келеді, – бірақ роман өзі сондай болу керек қой»! Бәлкім, солай болар. Әлбетте егер автор данышпан болса. Бірақ басым көпшілігіміз жай ғана қалам ұсталары ғанамыз. Біз ләззат алатын әрі қолымыздан келетін тірлікті істеп және сол өнімді қымбатқа сатқанды қалаймыз. Сондықтан туындыңды сұраныс жоғары форма мен көлемде жазып басқаныңыз жөн болады. Қандай есі ауысқан ұста биіктігі бір жарым метр болатын орындықты соғады дейсіз? Осындай биік орындықтар сәнді көрінеді деген ойды таңуға қанша тырыссаңыз да, бұған жан баласы отырғысы келмейді.
Егер кітап жазуды ойға алып жүрсеңіз, нарықта қандай көлемдегі еңбектер жақсы оқылатынын біліп, сол көлеммен шектелуге тырысыңыз. Егер қандай да бір журнал үшін әңгіме жазғыңыз келсе, онда аталған журналдың қандай көлемдегі және қай жанрдағы туындыларды басатынын нақты білгеніңіз жөн. Ал өзіңіздің жан рақатыңыз үшін жазуға отырсаңыз, онда әңгіме мүлдем бөлек. Қалай жазғыңыз келсе, солай жазыңыз; бірақ мұндай жағдайда жазу барсында алған ләззатыңызбен ғана шектелесіз. Жас автордың өзін теңдессіз данышпан санауы жақсы дүние емес — әлбетте, дара туған қаламгерлер де бар, бірақ ондайлар өте сирек кездеседі. Алдымен өзіңді қолына қалам ұстаған адал іспен шұғылданып жатқан шебер ретінде сезініп, жазушылықтың барлық қыр-сырын меңгеріп алған жөн. Содан кейін ғана барлық шығармашылық идеяларыңды жүзеге асыруға болады; дегенмен жазу барысында шығарманың формасына қатысты қалыптасқан қағидаттарға бағыну — басты міндеттіңіз болуға тиіс».
Драматургия хақында
«Кітап жазғанға қарағанда, пьессаны жазу әлдеқайда жеңіл, өйткені оның ойша елестетіп көруге болады. Мұнда сіз кітаптағы сюжетті қарқынды түрде өрбітуге кедергі келтіретін көп суреттеуден құтыласыз. Сахналық диалогтың тар шеңбері істі жеңілдете түседі. Мұнда сіз бас кейіпкердің тепешекпен жоғары-төмен сабылғанда немесе тар теннис кортына барып, кері оралғандағы әрекеттерінің бәрін тәпіштеп жазып, сондай-ақ сипаттап шығуға тура келетін «ойлар жөнінде ой жүгіртіп» бас қатырмайсыз. Пьесада көзбен көретін, құлақпен еститін немесе жасауға болатын іспен ғана шұғылданасыз. Көру, есту және сезіну — сізден талап етілетін дүниелер осылар ғана».
Саяхат хақында
«Саяхат уақытындағы өмір — бұл арманның орындалған мезеті. Кейде бұл құдды бір тылсым секілді көрінеді, бірақ шын мәнінде осының бәрін өз басыңыздан өткеріп жатасыз. Саяхаттағы өмірде бұрын-соңды көрмеген, ендігәрі кездестіре қоюыңыз екіталай кейіпкерлерді мол ұшырастырасыз.
Ара-тұра үйге деген сағынышыңыз оянады, өзіңізді жалғыз қалғандай сезініп, жақын адамыңызды көргіңіз келіп кетеді. Бірақ өзіңізді, құдды бір шым-шытырықтар әлеміне енген, Елизавет дәуірінде жүрген викинг немесе шпикер ретінде елестетсеңіз болғаны, кері оралғанша үйіңізге деген сағынышыңыз басылады».
Даралық хақында
«Біз жалпы алғанда үш, алты, он немесе жиырма жыл бұрын қандай болдық, сол қалпымызда қаламыз. Алты-жеті жасқа толғанда баланың мінезі айқын көрінеді, өйткені дәл осы жаста адам баласының мінез-құлқында жағымпаздану деген болмайды, ал жиырма жасқа келгенде қандай да бір масканы киіп, қазіргі уақытта не нәрсе сәнді екеніне байланысты мінез-құлық үлгісін танытуға бейіл боламыз.
Егер интеллектуализм сәнге айналса, онда бәріміз интеллектуалға айналып шыға келеміз; егер қыздар арасында жеңілтектік пен ұшқалақтық сәнді болса, біз бірден жеңілтек әрі ұшқалақ адам боламыз. Алайда, уақыт өте келе, ойдан құрастырып алған рөлден шаршап, жеке даралық келбетіңізді қайта қалыптауға тырысып, өз болмысыңызға қайта ораласыз. Бұл кейде айналаңыздағы жұртқа қолайсыздық тудыруы мүмкін, бірақ адамның өзі ауыр жүктен құтылып, жеңілдеп қалады».
Соғыс хақында
Алайда қазіргі уақытта соғыс ешқандай да мәселені шеше алмайтыны анық бола түсті (осы бір ойдың өзі үрейіңді ұшырады); соғыста жеңіске жеткеннің салдары, жеңіліс секілді күйретуші сипатқа ие! Бәлкім, егер адам өмір сүріп, өз ұрпағын әрмен қарай өрбіткісі келсе, соғыстан басқа жол болмаған кезеңдер мен мекендер болған да шығар (ерте кезеңде соғыс болмаса адамзат жойылып кетер еді). Ол шақта кішіпейіл, мейірімді әрі мойынсұнғыш болсаң, өлім құшасың; сондықтан соғыстан басқа жол жоқ, тек бір тарап қана аман қалады: не сіз — не басқалар. Аң мен құс секілді, адамдар да табиғатта өз орынын табу үшін соғысты. Соғыстан құлдар, жер, азық пен әйелдер қолға түсті — ол шақта бұларсыз өмір жоқ. Бірақ енді біз соғыссыз өмір сүріп үйренуіміз қажет. Әлбетте, мықты болып кеткеніміз үшін я жақыныңа залал келтіруге тыйым болғаны үшін емес, соғыс қос тарапқа да тиімсіз болғандықтан доғару керек. Соғыстың салдары ауыр, ол бізді ғана емес, жауымызды да күйрететін залал. Жыртқыштардың уақыты келмеске кетті, енді, күмәнсіз, алаяқтар мен көз бояғыштардың, ұрылар, қарақшылар мен қалтаға қол сұққандардың дәуірі туды; бірақ осының өзі соғысқа қарағанда жақсырақ; бұл жақсы өмірге бастар жолдың басы.
Қалай болмасын, өз басым, жақсылықтың таңы бір атарына сенемін. Қазірде біз қандай да бір жер сілкінісі я кісі өмірін жалмаған оқиғалар жөнінде естігенде тас керең болып қалмаймыз. Көмек қолын созуға ұмтыламыз. Осының өз үлкен жеңіс; түбі осы ниетіміз жақсы жаққа бастайтыны анық. Әлбетте, ол күн таяуда келе қоймайды, өйткені жақсы дүние жылдам орнамайды, бірақ оған бола үміт үзудің қажеті жоқ».
НЕ ОҚУҒА БОЛАДЫ?
1. Агата Кристи. Автобиография. — Эксмо, 2019.
2. Agatha Christie. Autobiography. — William Morrow Paperbacks, 2012.