Салахаддиннің өмір салты

Қызметшілеріне кесе лақтырмаған Сұлтан әрі рыцарь

Жеңімпаз Салахаддин. Гюстав Доре гравюрасы, 19 ғасыр/Wikimedia Commons

Мысырдағы Аййубилер әулетінің негізін қалаушы, ұлы қолбасшы, крест жорықшыларына Құдайдың жіберген қаһары, Англия королі Арыстан жүректі Ричардтың (1189–1199) жеке дұшпаны һәм досы болған Салах әд-Дин (сөзбе-сөз: «дін тақуасы»). Еуропалықтар осы бір лақап атын «Саладин» деп атаған. Оның шын аты — Иусуф ибн Аййуб (1193 қ.б.).

Мазмұн

Ол Батыста да, Азияда да мифтік тұлға ретінде қабылданды. Ол келбетті, жұмсақ мәмілелі әрі ұрыста шексіз батыл жан саналды. Тегі — күрд. Мысыр мен Сирияны бағындырып, тұтас Таяу Шығысты қол астына біріктірді. Еуропа әскерін талқандады, Палестинаны, Акрды бағындырып, Иерусалимді тіке шабуылмен алған еді. Дей тұрғанмен Сұлтан Салах әд-Дин жомарттығымен, тұтқындарға мейірімділігімен, қарсыластарына кеңпейілділігімен де танылды. Еуропалықтар оны «Шығыстың ең сыпайы рыцары» деп атаған. Дұшпандардың өзі оған шын жүректен таңданған, ал Салахаддин есімі шынайы рыцарлықтың символына айналған. Салахаддиннің үш замандас биографы ол туралы естеліктер қалдырған — Баха әд-Дин бин Рафи‘, Ибн әл-Әсир және әл-Қади әл-Фадил, осылардың арқасында біз сұлтанның тұлғасын жақсы білеміз. Келесі дәйексөздердің барлығы осы биографтардың еңбектерінен алынған.

Орта ғасырдағы еуропалық миниатюра. Салахаддин/Wikimedia commons

Сезімталдығы жөнінде

Оның жүрегі шүкірлік пен жан ашуға толы еді; көзі оп-оңай жасқа толып шыға келетін.

Әділдігі жайында

Біздің сұлтан әділ, мейірімді, қайырымды және әлсіздерге көмектесуге әрқашан дайын жан еді. Әр дүйсенбі мен бейсенбі ол халықтың алдына шығып әділдік орнататын және сол мәжіліске заңгерлер, қазылар және заңды білетін адамдар қатысатын. Ол әділетсіздікке ұшырағандардың барлығын — үлкен-кіші, қарт пен әлсізді тыңдайтын. Бұл ісімен ол тек қалада жүргенде ғана емес, саяхат кезінде де айналысатын; әрі әрқашан оған ұсынылған өтініштерді өзі қабылдап, әділетсіздік пен бейберекет істерді тоқтату үшін бар күшін салатын.

Салахаддиннің 1187 жылы Иерусалимге келуі. Неміс жарнамасы, 1897/Getty Images

Жомарттығы хақында

Ол үнемі сыйлық тарататын; бұрын сыйлық берген адамдарына жаңа сыйлық беретін әрі мұны бейне бір бұрын ештеңе бермегендей зор қуанышпен жасайтын. Ол әрдайым жомарт болатын, екінші рет бергенде адамның бірінші мәрте алғанынан да көп сыйлайтын. Мұнысы кең тарап кеткені сонша, адамдар одан ақша алу мүмкіндігін пайдаланып қалуға тырысатын. Ешқашан оның «Мен саған бірнеше рет сыйлық жасадым; саған тағы қанша рет беруім керек?» дегенін естіген емеспін. Бұл өтініштерге жауаптың көбі менің айтқан сөзіммен жазылатын, кейде өз қолыммен жазатынмын. Оған өтінішпен келгендердің ашкөздігіне көбіне мен ұялатынмын; алайда сұлтанның қаншалықты жомарт әрі кеңпейіл екенін білгендіктен ойланбастан олардың өтінішін жеткізетінмін.

Орта ғасырдағы араб миниатюрасында бейнеленген Салахаддин /Getty images

Ұрыс майданындағы суыққандылығы хақында

Мен оның жаудың саны немесе күшіне қарап алаңдағанын ешқашан естіген емеспін. Өз ойымен әуре болып жүрсе, ол жоспарлардың барлығын тыңдайтын әрі жаудың артық тұстарын сабырмен талқылайтын. Ешқашан ұстамды қалпынан танбайтын. Тіпті мұсылман әскері Акр жазығында болған үлкен шайқаста түгел дерлік талқандалған кездің өзінде де, тіпті орталық әскер дабыл мен жалауын тастап қашқанда да, қасында аз ғана жақтасы қалғанына қарамастан, ол өз шебін берік ұстап тұрған еді. Ақыры ол биік тепсеңге шығып үлгерді де, сол жерге сарбаздарын жинап алған еді. Оның айтқан қайрау сөздері әскердің ұятын оятқаны сонша, олар майданға қайта аттанып, шайқасты жалғастырды.

Салахаддин мен ағылшын королі арыстанжүректі Ричардтың шайқасы (1189-1199). «Халықтар тарихы» кітабынан иллюстрация, 1915 жыл/Getty Images

Шыдамдылығы жайында

Кейде оған өтінішпен жүгінгендердің саны көп болатыны сонша, ол отырған көрпе мен жастықты аяғымен таптап кететін, бірақ оны бұл мүлде мазаламайтын. Бірде, мен кезекшілікте болғанымда, мен мінген қашар бірнеше түйеден қорқып, үркіп кетті де бар салмағыммен сұлтанға барып соғылдым. Қатты соғылғаным сонша оның қабырғасын ауыртып қойдым; бірақ ол жай ғана күлімсіреді де қойды.

Шарль-Филипп-Огюст Ларивьер. Аскалон шайқасы (1177). 1844/Wikimedia Commons

Әйелдер мен балалар жайында

Жорықтардың бірінде сұлтанның қызметінде болғанымда, тыңшылардың бірі киімін жыртып, жылап, кеудесін тоқтаусыз ұрғылаумен болған бір әйелді ертіп келді. Сұлтан аудармашы арқылы не болғанын сұрады, және ол: «Өткен түнде мұсылман тыңшылары шатырыма кіріп, кішкентай қызымды ұрлап кетті», – деп жауап берді. Сұлтан бұған қатты қайғырды; көзін жас жуып кең жүрегіне жүгініп, қосын жайлаған аумақтағы шаршыға жедел хабаршы жіберді. Хабаршыға баланы тауып, ендігі оны сатып алған адамға төлеген ақшасын қайтарып, қызды алып келуді бұйырды. Әйел таңертең ерте тағы да келді, бір сағат өтпей-ақ, хабаршы кішкентай қызды иығына салып алып келді. Анасы қызын көрген сәтте, жерге басын салып, жылады, мұны көрген баршамыздың көзімізге жас үйірілді. Анасы көзіне жас алып, біз түсінбейтін тілде көкке қарап сөйлей бастады. Біз оның қызын қайтарып бердік және оны жау қосына қайтуы үшін атқа отырғызып жібердік.

Кристофано дель Альтиссимо. Салахаддиннің портреті, 1568/Уффици галереясы/Wikimedia Commons

Мейірімі турасында

Сұлтан қызметшілері шектен шыққан жағдайдың өзінде оларды жазаға тартуды жөн көрмейтін. Бірде қазынаға мысырлық алтын монетаға толы екі әмиян түсті; оларды ұрлап, орнына мыс монета толтырылған екі әмиян қалдырып кеткен-ді. Сұлтан бұған қатысты бар болғаны бөлім қызметкерлерін жұмыстан қуумен ғана шектелді.

Иерусалим королі Ги де Лузиньянның (оң жақта) Салахаддиннің тұтқынына түсуі. 1187 год. 15 ғасыр миниатюрасы/ Getty Images

Кек қайтаруы жайында

әл-Керактың әміршісі Арнаут ханзада (Рено де Шатийон) мен франктердің Жағалау әміршісі екеуі бір уақытта тұтқынға түскен еді. Сұлтан оларды өзіне алып келуді бұйырды. Бұл қарғыс атқан Арнаут күнәһардың нақ өзі әрі опасыз тиран еді. Мұсылмандар мен франктер арасында бітім жасалғанына қарамастан ол, бірде соның қарауындағы аумақ арқылы Мысырдан келе жатқан керуенге шабуыл жасап, оны басып алған еді. Керуеншілерді қолға түсіріп, азаптаған, кейбірін шұңқырға тастап, ал кейбірін тар зынданға қамаған. Екі халық арасында бітім жасалғанын айтып, шағым айтқан оларға: «Босап шығу үшін Мұхаммедке жалбарыныңдар, көрейік», – деп жауап берген. Сұлтанға осы сөздерді жеткізгенде, ол Алла тілеуін берсе Арнаутты өз қолымен өлтіруге ант берді. Хаттин шайқасы күні Алла бұл шектен шыққан нәйісті сұлтанның қолына түсірді, сұлтан берген антын орындау үшін оны бірден өлтіруге шешім қабылдады. Сұлтан оны корольмен бірге алып келуді бұйырды. Король шөлдеп, сұлтан оған шәрбат құйылған тостаған әкелуді бұйырды. Король су ішіп болғаннан кейін тостағанды Арнаутқа берді, сол кезде сұлтан аудармашыға: «Корольге былай де: «Сен оған шөлін қандыруға тостаған ұсынсаң да, мен оған тамақ та, су да бермеймін», – деді. Бұл сөзімен ол қонақжайлылығын пайдаланған адамға зиян тигізуге ар-намысы жібермейтінін білдіргісі келді. Содан кейін, антын орындау үшін әлгі ханзаданы өз қылышымен өлтірген еді. Король жанындағы серігінің соңын көріп, келесі құрбан өзі боларына мойынұсынып та қойған еді; бірақ сұлтан оны шатырға кіргізіп, үрейін сейілтті де: «Корольді корольдің өлтіруі жараспайтын іс. Алайда бұл адам шектен шыққандықтан солай істедім», – деді.

Салахаддиннің Иерусалимді қоршауға алуы кезіндегі арабатар мен кіресшілер арасыңдағы шайқас. 14 ғасыр миниатюрксы/Getty Images

Былапыт сөздерден аулақ болуы жайында

Ол сөз тазалығын сақтайтын, ешқашан сөзбен қорламайтын; хат жазғанда да ешқашан дөрекі сөздерді қолданбайтын.

Ұлдары жайында

Қолға түскен тұтқындарды жасаған зұлымдықтары үшін өлім жазасына кескенде, сұлтанның ұлдары әкесінен залымдардың басын алуға рұқсат сұрайтын. Сұлтан бас тартып: «Балаларымның жас кезінен қан төгуге үйреніп, бұған бой үйретуін қаламаймын», – деген еді.

Ян Ливенс. Салахаддин мен Ги де Лузиньян. 1625/Wikimedia commons

Науқастанып жатса да кең пейілінен айнымайтыны турасында

Сұлтан ауырып, қатты әлсіреп жатты. Алтыншы күні біз оның арқасына жастық қойып, отырғыздық; дәрі қабылдап болған соң оның жағдайын жеңілдету үшін жылы су бердік. Ол суды байқап көріп, тым ыстық екенін айтты; басқа тостаған әкелді, енді ол судың тым суық екенін айтты. Десе де, ол ашу, ызаға берілмей: «О, Алла, жай ғана жылы су әкелетін ешкім жоқ па?» – деген еді. Әл-Фадил екеуіміз оның жанынан көзімізден жас сорғалап шығып кетіп бара жаттық, сонда әл-Фадил маған: «Біз қандай ұлы жанды жоғалтқалы тұрмыз! Оның орнында кез келген басқа адам болғанда тостағанды қызметшінің басына лақтырар еді!» – деп еді.

12 ғасыр монетасында бейнеленген Салахаддин. Моентадағы жазу: «Жеңімпаз патша, Әлем мен Сенім игілігі, Юсуф ибн Айюб»/Wikimedia commons

Байлығы жайында

Ол барша қаражатын қайырымдылыққа жұмсайтын. Осыншама байлықты уысында ұстаған жанның қазынасынан ол қайтыс болған кезде бар болғаны қырық жеті насри дирхамы мен бір ғана Тир алтынының құймасы табылды. Артында ешқандай дүние-мүлік, үй, жылжымайтын мүлік, бақша, егістік жер немесе басқа да мүлік қалдырмаған еді.

Каир. Сұлтан Хасан мешіті/Getty images

Оқуға ұсынамыз:

Баха ад-Дин. «Саладин, победитель крестоносцев». — «Диля», 2022.

Көшірілді