ЖАСЫЛ АЛАҢДАҒЫ ЖҮЗ ЖЫЛ

Футбол қалай Қазақстанның төл ойынына айналды?

~ 7 мин оқу
ЖАСЫЛ АЛАҢДАҒЫ ЖҮЗ ЖЫЛ

Коллаж / Qalam

Қазақстанда футбол әркез болған сияқты көрінеді. Әр аулада балалар доп теуіп жүреді, үй мен кеңседе екі жігіттің басы қосыла қалса, футболды сөз қылады, чаттардағы даудың да тақырыбы сол, экран алдындағы жанкүйерлердің қылығы өз алдына бір қызық. Тіпті футболсыз Қазақстан болуы мүмкін еместей көрінер. Алайда 20-ғасырдың басында Қазақстанда футбол болмаған. Доп қуалау әдеті жаңа заманмен, шетелдік көпес-саудагерлермен бірге келген.

Мазмұны

Жат жердің ойыны мен тұңғыш клубтар

20-ғасырдың басында Семей осы өңірдегі ең қарқынды дамып келе жатқан қалалардың бірі еді. Осы қаланың үстінен Орталық Азияны Сібір мен Ресей империясының Еуропа бөлігіне жалғайтын сауда жолдары өтетін. Мұнда әр аймақтан, түрлі мәдени ортадан келген жұрт тоғысатын, жыл сайын өңірдегі ең ірі жәрмеңкелер өтіп, сауда керуендері бірінің артынан бірі аттанып жататын. Толассыз адам мен тауар легімен бірге қалаға жаңа идеялар, жаңа кәсіптер, жаңа ойын-сауық түрлері мен сән үлгілері де жетіп жататын.

Футболды Семейге алғаш кім әкелгені жөнінде тарихшылар әлі күнге бір тоқтамға келген жоқ. Біреуіне сенсең, бос уақытын қала алаңында өткізген британ көпестер доп қуалап ойнайтын болған деседі. Енді біріне салсаң, Англияға барған жергілікті саудагерлер сол жақтан футболды көріп, бұрын-соңды беймәлім, бірақ аса қызықты ойынды туған қаласында неге ойнап көрмеске деп ұйғарыпты.

Cемейдегі базар. 1885–1886 жылдар аралығы / Library of Congress

Cемейдегі базар. 1885–1886 жылдар аралығы / Library of Congress

Екі болжамның да жаны бар. Қайткен күнде де, 1913–1914 жылдарға қарай Семейде он бес футбол командасы болған. Шамамен 35 мыңдай адам тұратын қалаға бұл — таңғаларлық көрсеткіш. Оның үстіне, сол кезде Семейден тыс өңірлерде көпшілік әлі де футболдың не екенін білмейтін.

Қаладағы тұңғыш клуб — Семей спорт үйірмесі (ССК) болған. Артынша «Олимп», «Ласточка», «Орлята», «Нептун», «Ярыш» секілді командалар құрылды. Ал алғашқы ресми матч 1914 жылы өтті. Семей спорт үйірмесі Томскіден келген студенттер командасын қабылдап, жеңіске жетті. Бұл ойынның қала өмірінде маңызды болғаны сонша — ойын болады деген хабарландыру алдын ала бүкіл қала афишаларында ілінетін болған.

Сібірдегі футболдың дамуына алғашқылардың бірі болып жол ашқан «Нептун» спорт клубының футбол командасы. Семей қаласы, 1910 жылдар / «Русский спорт» журналы

Сібірдегі футболдың дамуына алғашқылардың бірі болып жол ашқан «Нептун» спорт клубының футбол командасы. Семей қаласы, 1910 жылдар / «Русский спорт» журналы

Матчтар революцияға дейін күз сайын әйгілі Семей жәрмеңке орны болған алаңда өтетін. Бір кездері өңірдің ең ірі сауда орталығы болған бұл орынның міндеті біртіндеп өзгере бастады: енді мұнда жұрт тауар алмасуға емес, ойынның барысына бірге алаңдап, қуанышы мен күйінішіне ортақ болу үшін жиналатын болды. Кеше ғана базар болған алаң жаңа қала мәдениетінің аренасына айналды.

Алғашқы халықаралық матч

Сол 1914 жылы «Ярыш» Қазақстан футболы тарихындағы тұңғыш халықаралық матчқа қатысты. Қарсылас — Бірінші дүниежүзілік соғыста тұтқынға түскен неміс және Австрия–Венгрия офицерлерінен құралған команда болды. Оның қатарында әлемдік деңгейдегі футболшылар да табыла кетті: кей деректерге қарағанда, екі ойыншы 1912 жылы Стокгольмде өткен Олимпиада ойындарына қатысқан екен.

Сөйтіп, дәуірдің ең қасіретті оқиғаларының бірі аяқ астынан Қазақстан футболына алғаш халықаралық тәжірибе сыйлады.

Цивильск қаласындағы неміс әскери тұтқындарынан жасақталған футбол командасы. Ресей империясы, 1916 жыл / Wikimedia Commons

Цивильск қаласындағы неміс әскери тұтқындарынан жасақталған футбол командасы. Ресей империясы, 1916 жыл / Wikimedia Commons

Футболшы Мұхтар Әуезов

«Ярыштың» алғашқы ойыншылары қатарында бүгін Қазақстандағы әр оқушыға жақсы таныс бір есім бар. Алайда жұрт оны футболшы деп емес, мүлде басқа қырынан таниды. Келешекте «Абай жолы» эпопеясын жазып, 20-ғасырдағы қазақ әдебиетінің ең ірі тұлғаларының біріне айналған жас Мұхтар Әуезов алаңға команда капитаны Ахметсәлім Кәрімов, сондай-ақ Қасым-хан Мұхамедов, Салах Хисматуллин және Зиятдин Рыспаевтармен бірге шығып, «Ярыш» сапында жартылай қорғаушы болып ойнаған.

«Ярыш» футбол командасы. Үшінші қатарда оң жақтан екінші тұрған — Мұхтар Әуезов. Семей, 1913 жыл / ҚР ОМ КФДЖА

«Ярыш» футбол командасы. Үшінші қатарда оң жақтан екінші тұрған — Мұхтар Әуезов. Семей, 1913 жыл / ҚР ОМ КФДЖА

Мұны тарихтағы қызық деректің бірі деп қана өте шығуға болады. Алайда маңыздысы басқа. Кейін қазақ әдебиетінің символына айналған, «Алаш» қозғалысының қайраткері әрі сол дәуірдегі қазақ зиялыларының көрнекті өкілдерінің бірі болған Мұхтар Әуезов үлкен өмірге мұғалімдер семинариясында бірге оқыған достарымен бірге футбол алаңында қадам басқан. 20-ғасырдың басындағы сол буын үшін асқақ мәдениет пен бұқаралық ойын-сауықтың аражігі алшақ емес еді. Керісінше, екеуі қатар туып, қатар қалыптасқан.

Сол себепті футбол зияткерлік өмірге қарсы құбылыс болған жоқ, оның табиғи жалғасына айналды, театр, газет немесе кино секілді жаңа заманның айқын белгілерінің бірі болды.

Футбол және жаңа заман

Осы тұста футбол тарихынан сәл шегініп, сол дәуірдегі Қазақстанның жалпы ахуалына көз жүгіртіп өткен жөн. 20-ғасырдың басында қазақ даласында қарқыны әркелкі болса да, үлкен өзгерістер жүріп жатқан. 19-ғасырдың аяғындағы әкімшілік реформалардан кейін мерзімді баспасөз қарқынды дамып, уездік және облыстық қалаларда баспаханалар ашылып, жергілікті газеттер шыға бастаған. Теміржол желісі кеңейіп, соның арқасында тасымал, сауда және жаңа идеялар мен түрлі жаңалықтың таралу жылдамдығы түбегейлі өзгерген. Қалаларда телеграф байланысы дамып, кино, фотография және өзге де жаңа мүмкіндіктер мен ойын-сауық түрлері жете бастады.

Семей қаласындағы «Октябрь» кинотеатры. 1930 жыл / ҚР ОМ КФДЖА

Семей қаласындағы «Октябрь» кинотеатры. 1930 жыл / ҚР ОМ КФДЖА

Дәл осындай процестер дүниежүзінде де жүріп жатты. 19 және 20-ғасырлар тоғысындағы кезең индустриялық революция Лондоннан Буэнос-Айреске дейінгі аралықта бұқаралық қала мәдениетін қалыптастырған дәуір болды. Ал футбол соның ең демократиялық көрінісіне айналды десек артық емес. Ойынға доп, шағын ғана бос алаңқай және ниеттес бір топ адам болса жеткілікті еді. Ат спорты немесе семсерлесудегідей қымбат құрал-жабдықтың да, мүше жарнасының да, жабық клубтардың да керегі жоқ болатын. Футболдың бір қаламен шектелмей, тез таралып кетуіне жол ашқан да дәл осы көпке қолжетімділігі болса керек.

Англия кубогінің финалындағы «Бери» мен «Дерби Каунти» командалары арасындағы ойын сәті. «Бери» 6:0 есебімен жеңіске жетті. Лондон, 1903 жылғы 18 сәуір / Getty Images

Англия кубогінің финалындағы «Бери» мен «Дерби Каунти» командалары арасындағы ойын сәті. «Бери» 6:0 есебімен жеңіске жетті. Лондон, 1903 жылғы 18 сәуір / Getty Images

Әуесқойлықтан ұйымдасқан ойынға дейін

Семейдегі футболдың жетістігі көп ұзамай жергілікті құбылыс болудан қалды. 1915–1917 жылдары Павлодар мен Өскеменде де алғашқы командалар құрыла бастады. Замандастары оларды «жабайы», яғни еш ресми ұйымның қолдауынсыз, тек ойыншылардың өз ықыласымен құрылған командалар деп атаған.

Баянауыл ауылындағы алғашқы футбол командасы. Павлодар облысы, 1928 жыл / ҚР ОМ КФДЖА

Баянауыл ауылындағы алғашқы футбол командасы. Павлодар облысы, 1928 жыл / ҚР ОМ КФДЖА

Алайда көп ұзамай футбол ұзақ уақытқа тарихи оқиғалардың тасасында қалды. Қазақстандағы алғашқы футбол толқыны қазақ тарихындағы ең қасіретті кезеңдердің бірімен тұспа-тұс келді. Революция мен Азамат соғысы қалыптасқан тіршілік ағысының астаң-кестеңін шығарды. Оның артынан ұжымдастыру, ашаршылық және ұлт зиялыларының едәуір бөлігін жалмаған қуғын-сүргін басталды. Мұндай жағдайда таяуда ғана жаңа қала мәдениетінің белгісіне айналған футболдың жылдар бойы кейінгі қатарға ысырылып қалуы заңды еді.

Ойын 1934 жылы қайта оралды: сол жылы қазақстандық футболшылар алғаш рет бүкілодақтық жарыстарға қатысты. Ташкентте өткен төрт астана турнирінде Алматы құрамасы алаң иелері мен Ашхабад командасынан кейін үшінші орын алды.

«Динамо» стадионында өткен КСРО кубогі аясындағы Алматының «Динамо» және Иванованың «Основа» командалары арасындағы футбол матчы. 1940 жылғы 4 қазан / ҚР ОМ КФДЖА

«Динамо» стадионында өткен КСРО кубогі аясындағы Алматының «Динамо» және Иванованың «Основа» командалары арасындағы футбол матчы. 1940 жылғы 4 қазан / ҚР ОМ КФДЖА

1936 жылы алғаш рет Қазақ КСР чемпионаты өтіп, республика кубогі сарапқа салынды. 1951 жылы шымкенттік «Металлург» Бүкілодақтық кәсіподақтар орталық кеңесінің кубогін жеңіп алды. Ал 1959 жылы Қазақстан футбол федерациясы құрылды.

Осы кезеңде футбол жекелеген жанашырлардың әуестігі болудан біржола қалып, қоғамдық институтқа айналды.

1960 жылы Қазақстанның тұңғыш командасы «Қайрат» КСРО чемпионатының жоғарғы дивизионында алғаш рет өнер көрсетті. Содан кейінгі жиырма жыл бойы «Қайрат» кеңес футболының азулы командаларымен иық тірестіре алатынын үнемі дәлелдеп отырды.

Футболдан Қазақстан біріншілігі аясындағы Қарағанды және Қостанай облыстары командаларының матчы. Шымкент, 1956 жылғы 3 маусым / ҚР ОМ КФДЖА

Футболдан Қазақстан біріншілігі аясындағы Қарағанды және Қостанай облыстары командаларының матчы. Шымкент, 1956 жылғы 3 маусым / ҚР ОМ КФДЖА

Кеңес дәуірінің аяқталуының да Қазақстан футболы үшін символдық мәні болды: 1989 жылы «Қайраттың» шабуылшысы Евстафий Пехлеваниди Грекияның «Левадиакос» клубымен келісімшартқа қол қойып, шетелде доп тепкен тұңғыш қазақстандық футболшы атанды. Бұл оқиға Қазақстан тәуелсіздік алып, одақ жүйесінен бөлек өз футболын құру жолына түсерінен екі жыл бұрын болды.

Алматының «Қайрат» және Ленинградтың «Адмиралтеец» командалары арасындағы матч. Алматы, 1960 жылғы 1 сәуір / ҚР ОМ КФДЖА

Алматының «Қайрат» және Ленинградтың «Адмиралтеец» командалары арасындағы матч. Алматы, 1960 жылғы 1 сәуір / ҚР ОМ КФДЖА

Бастауларға оралу

Әңгімемізде әуелгі нүктеге айналып соғуға мәжбүрлейтін тағы бір ерекше сюжет бар. Осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын Семей жәрмеңкесі алаңында басталған футбол дәстүрін бүгінде «Елімай» жалғап келеді. Бір қызығы, бұл клубтың өз тарихы да Қазақстан футболының тағдырымен астасып жатыр.

Футболдан КСРО біріншілігі кезіндегі Семейдің «Цементник» командасы. 1970 жылғы 9 қыркүйек / FC Elimai Semey

Футболдан КСРО біріншілігі кезіндегі Семейдің «Цементник» командасы. 1970 жылғы 9 қыркүйек / FC Elimai Semey

Қазіргі «Елімай» Семейде Кеңес дәуірінен бері жалғасып келе жатқан футбол дәстүрінен тамыр тартады. Ондаған жыл бойы команданың аты бірнеше рет өзгерді: әуелі «Цементник», кейін «Спартак» аталды. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін, 1994 жылы клубқа «Елімай» деп ат қойылды.

Қазақстан чемпионатының алғашқы матчы алдындағы «Елімай» командасы. Семей, 1994 жылғы 30 сәуір / FC Elimai Semey

Қазақстан чемпионатының алғашқы матчы алдындағы «Елімай» командасы. Семей, 1994 жылғы 30 сәуір / FC Elimai Semey

Дәл осы атпен команда өзінің алғашқы алтын дәуірін өткерді. 1994, 1995 және 1998 жылдары «Елімай» Қазақстан чемпионы атанса, 1995 жылы ел кубогін де жеңіп алды. Сол кезеңде семейлік клуб елдегі ең мықты командалармен терезесі тең дәрежеде бәсекеге түсіп, жас Қазақстан футболының басты нышандарының біріне айналды. Жұрт арасында кең тараған мына әйгілі ұран да дәл сол жылдары шыққан деседі:

«Семейдегі футбол футболдан да зор!»

Алайда клуб тарихы тек жеңіс жолынан тұрмайды. 2016 жылы қаржы қиындықтарына байланысты «Елімай» іс жүзінде жұмысын тоқтатты. Сөйтіп, ұзақ уақыт бойы тұрмыс-тіршілігі бір кәсіпорын не бір демеушіге қарап келген көп посткеңестік клубтың кебін киді. Семейге үш чемпиондық атақ сыйлаған клуб мәңгі тарих қойнауына кеткендей көрінген.

«Елімай» командасы, 1994 жыл / FC Elimai Semey

«Елімай» командасы, 1994 жыл / FC Elimai Semey

Алайда 2022 жылы «Елімай» ресми қайта құрылды. Арада бір жыл өткенде жаңарған команда Қазақстанның Бірінші лигасында жеңіске жетіп, елдің ең жоғары дивизионы — Премьер-лигаға жолдама алды. Клубтың стратегиялық демеушісі KAZ Minerals компаниясы болды. Бұл қолдаудың жемісі де көп күттірген жоқ: «Елімай» Қазақстанның азулы командалары қатарынан ойып тұрып орын алып қана қоймай, жаңа тарихында алғаш рет Еуропа кубоктеріне жолдама алып, УЕФА Конференция лигасында өнер көрсету құқығына ие болды.

Дереккөз: «Елімай» ФК Telegram арнасы

Дереккөз: «Елімай» ФК Telegram арнасы

KAZ Minerals футболды жай ғана демеушілік нысаны болатын жоба емес, компанияның корпоративтік мәдениетінің бір бөлшегі деп біледі. Топ құрамындағы әр компанияның өз футбол командасы бар, қызметкерлер жыл сайынғы спартакиадада шағын футболдан бақ сынап, әуесқой лигаларда да өнер көрсетіп келеді.

Өзгені өгейсімейтін ойын

Жер жүзінде дәл футболдай жылдам әрі өздігінен тарап кеткен мәдени құбылысты табу қиын шығар. Бүгінде дүниежүзінде қанша адам футбол ойнайтынын ешкім нақты білмейді. Оның өзін дәлме-дәл есептеу қиынға соғар еді. Дегенмен ФИФА мұны анықтауға талпынып көрген. Ұйымның бағалауынша, әлемде шамамен 250 миллион адам азды-көпті ұйымдасқан түрде футбол ойнайды екен.

Дереккөз: «Елімай» ФК Telegram арнасы

Дереккөз: «Елімай» ФК Telegram арнасы

Англияда индустрия дәуірінің ойыны ретінде дүниеге келген футбол уақыт өте келе жүздеген тілде «сөйлеп» кетті. Бірақ қай жерде болса да, өз болмысынан айныған жоқ. Әр елде ол аздап өзгеріп, ағылшынның да, бразилиялықтардың да, аргентиналықтардың да, қазақстандықтардың да төл ойынына айналды. Бәлкім, футбол тарихының ең үлкен парадоксы да осында — баршаға бірдей ойын бола тұра, ол барған жерінің бәріне «жерсініп» кететінінде шығар.