«ЧЕЧЕВИЦА» ОПЕРАЦИЯСЫ

КСРО-дағы ең қаһарлы депортация тарихы

~ 12 мин оқу
«ЧЕЧЕВИЦА» ОПЕРАЦИЯСЫ

Коллаж / Qalam

1944 жылғы 23 ақпанда, тура Қызыл әскер күні жарты миллионнан астам шешен мен ингуш туған жерінен күштеп көшіріліп, жартысынан көбі Қазақстанға жөнелтілді. Qalam порталына тарих ғылымдарының докторы Зәуреш Сақтағанова сол халықтардың өкілдері қазақ жеріне неге және қалай келгені жөнінде арнайы айтып берді.

Мазмұны

Депортация: себебі мен алғышарттары

Шешен және Ингуш автоном облыстары Азамат соғысы аяқталысымен, 1922 және 1924 жылдары құрылған. Он жылдан соң, 1934 жылы олар Солтүстік Кавказ өлкесі құрамындағы Шешен-Ингуш автоном облысы болып біріктірілді. 1936 жылғы 5 желтоқсанда Шешен-Ингуш Автономды Кеңестік Социалистік республикасы (АКСР) болып қайта құрылды.

1989 жылғы картадағы Шешен-Ингуш АКСР-і / Wikimedia Commons

1989 жылғы картадағы Шешен-Ингуш АКСР-і / Wikimedia Commons

Шешендер мен ингуштердің дәстүрлі тұрмыс-тіршілігі ру-тайпалық құрылымға — тейптерге, жеке бас еркіндігіне және Кавказ халықтарының қоғамдық қатынастарын реттейтін жазылмаған дәстүрлер мен әдет-ғұрып, құқық нормалары жүйесіне — тау адаттарына сүйенетін. 18-ғасырдың аяғы мен 19-ғасырдың басынан бастап екі халық та біржола ислам дініне кіріп, аймақтың автохтон, яғни байырғы тұрғындарына айналған. Тағдырлас халықтар негізінен тау бөктеріне егін салып, жайылымға мал айдап күнелтетін.

Кавказ тауларындағы ортағасырлық Эрзи қонысының қирандылары. Джейрах ауданы, Ингушетия, РФ / Getty Images

Кавказ тауларындағы ортағасырлық Эрзи қонысының қирандылары. Джейрах ауданы, Ингушетия, РФ / Getty Images

«Жаппай ұжымдастыру» кезеңінде сол науқанның экономикалық қана емес, саяси әрі рухани ықпалының әсерінен әлеуметтік шиеленіс күшейе түсті. Мал-мүлікті жаппай тәркілеп, ауылшаруашылық өндірісіне жұмсалатын құрал-сайманды тартып алу арқылы халықты күштеп колхоздарға біріктірді. Бұл науқан Солтүстік Кавказ жұртының дәстүрі мен ұлттық психологиясын ескермей жүргізілгендіктен, байырғы тұрғындар наразылығын тудырды.

Мечислав Доброковский. «Ұжымдастыруға бар екпінмен кірісейік», «Безбожник» журналының мұқабасы. 1930 жылғы 1 қараша / Wikimedia Commons

Мечислав Доброковский. «Ұжымдастыруға бар екпінмен кірісейік», «Безбожник» журналының мұқабасы. 1930 жылғы 1 қараша / Wikimedia Commons

«1937 жылы ұжымдастыру жүріп жатқанда, атамның тұрмысы жақсы болатын, сондықтан алдындағы малы — 1 000 бас қойын колхозға ерікті түрде өткізді. Сонда да өкімет оны тұтқындап, алып кетті, әкемнің ағасын да әкетті. Ағайымыз оралды, ал атамыз сол күйі хабарсыз кетті».

 — Эмиль Абубакировтің естелігіненiДепортация народов в Казахстан в 1930–1950 гг.: общность истории / ред. Б.И.Ракишева. Астана, 2013. -683 б.

1930 жылдар мен 1940 жылдардың басында Шешен-Ингуш АКСР аумағында Кеңес өкіметінің саясатына қарсы әлеуметтік наразылық ұлғайған еді. Жүргізіліп жатқан саясатқа разы болмаған белсенді топтар Кеңес одағында «банда» аталатын, ал Германия Кеңес одағына шабуыл жасаған соң олардың саны артып, әрекеті күшейе түсті.

Шита Истамулов пен Межид Алханов — совет билігінің ұжымдастыру саясатына қарсы 1929–1930 жылдары шешен жеріндегі көтеріліске қатысушылар, 1920–1930 жылдардағы фотосурет / Wikimedia Commons

Шита Истамулов пен Межид Алханов — совет билігінің ұжымдастыру саясатына қарсы 1929–1930 жылдары шешен жеріндегі көтеріліске қатысушылар, 1920–1930 жылдардағы фотосурет / Wikimedia Commons

Кеңес өкіметі коллаборационизмнен қорыққаны өз алдына, Солтүстік Кавказ өңірінің стратегиялық маңызы да бар еді. Қазан төңкерісіне дейін-ақ Грозный ауданында мұнай кен орындары табылып, 1930 жылдары мұнай өндіру өнеркәсібі қарқынды дами бастаған.

Мұнай айдау зауыттары мен вокзал көрінісі, Грозный. Баспагер А.Шишковтың пошта карточкасы, 1910–1915 жылдар / Wikimedia Commons

Мұнай айдау зауыттары мен вокзал көрінісі, Грозный. Баспагер А.Шишковтың пошта карточкасы, 1910–1915 жылдар / Wikimedia Commons

1942 жылғы қыркүйекте неміс әскері Кавказдың мұнай шығатын аудандарын басып алмақ болған, алайда Моздок-Малгобек операциясының арқасында Кеңес өкіметі сол бағытты қорғап қала алды. Шешен-Ингуш АКСР аумағының бір бөлігі жау әскерінің қолында қалып, 1943 жылғы қаңтарға қарай ғана толық азат етілді. Кеңес өкіметі вайнахтардыiшешендер, ингуштар мен оларға туыстас Солтүстік Кавказдың байырғы жұрты өзін солай атайды, шешен тілінен аударғанда «біздің жұрт» деген сөз депортациялауды сол кезде-ақ жоспарлай бастаған .

Кавказ шыңдарындағы герман жаяу әскері, Шығыс майдан, 1942 жылдың қыркүйегі / Getty Images

Кавказ шыңдарындағы герман жаяу әскері, Шығыс майдан, 1942 жылдың қыркүйегі / Getty Images

Күштеп көшіруге дайындық

Алдағы депортация ауқымын жоспарлау үшін 1943 жылғы шілдеде орталықтан «республикадағы шешен және ингуш халқы толық тіркеуге алынсын» деген нұсқау түседі. Күзден бастап Шешен-Ингуш АКСР-іне әскери күштер шоғырлана бастайды. Қолда бар деректерге қарасақ, республика аумағына 19 мың КСРО ішкі істер халық комиссариаты (НКВД) мен СМЕРШ қызметкері, сондай-ақ 100 мыңнан аса НКВД әскері жайғастырылған. Оларға әскери техника, ұшақтар және өте көп автокөлік жеткізілгенiИбрагимов М.М. Выселение чеченцев и ингушей: как это было // Современная научная мысль. — 2018. -67 б..

1944 жылғы қаңтарда шешендер мен ингуштерді күштеп көшіруге 14 200 вагон мен КСРО-ға Иран арқылы АҚШ-тан ленд-лизбен келген автокөлік бөліндіiБугай Н.Ф. Л.Берия — И.Сталину: «После Ваших указаний проведено следующее...». М.: Гриф и К, 2011. 226 б., олардан адам тасуға 12 525 вагон жұмылдырылғанiОрымбаев А.Т. Депортация чеченского и ингушского народов в Казахстан в годы ВОВ и их положение в послевоенное время, Астана, 2006.

Донецк теміржолының тарихы мен дамуы музейі. Әдеттегі жүк вагоны / Wikimedia Commons

Донецк теміржолының тарихы мен дамуы музейі. Әдеттегі жүк вагоны / Wikimedia Commons

1944 жылғы 20 қаңтарда Шешен-Ингуш АКСР халық комиссарлары кеңесі мен Компартияның Шешен-Ингуш облыстық комитетінің «Солтүстік Кавказ әскери округіндегі әскери бөлімшелердің тау арасындағы тактикалық оқу-жаттығуына дайындықты қамтамасыз ету» туралы ортақ шешімі шығады. Ол оқу-жаттығудың көздегені — шешендер мен ингуштерді күштеп көшіруге астыртын дайындық жүргізу болатын.

29 қаңтарда ішкі істер халық комиссары Л.Берия «Шешендер мен ингуштерді көшіріп жіберу тәртібі туралы нұсқауды» бекітті. Көшіріп жіберу операциясын НКВД бірінші тұлғалары — халық комиссары Л.Берия мен оның орынбасарлары Б.Кобулов, И.Серов, С.Меркулов басқарды.

«Чечевица» («Жасымық») деген құпия ат қойылған операция 1944 жылғы 23 ақпанда басталды.

1944 жылғы қаңтардың соңғы күні «аса құпия» деген белгі қойылып, «Арнайы қоныс аударғандарды Қазақ және Қырғыз КСР аумағында орналастыру шаралары туралы» ГКО №5073сс қаулысы шықты. Қаулыда шешен не ингуш деп атап көрсетілмей, тек 400 мың «арнайы қоныс аударушыны» Қазақ КСР және 90 мыңдайын Қырғыз КСР аумағында тарата қоныстандыру туралы ғана айтылады. Алайда қоныс аударғандар саны мен одан кейінгі оқиғаларға қарасақ, әңгіме дәл вайнахтар жөнінде болып отырғаны анық.

Бір айдан аз уақыт өткенде, 1944 жылғы 17 ақпанда Берия Сталинге былай деп ақпар береді:

«… шешендер мен ингуштерді көшіріп жіберу операциясына дайындық аяқталып қалды. Нақтылағаннан кейін көшіріп жіберуге тиіс 459 486 адам есепке алынды, олардың ішінде Дағыстанның Шешен-Ингуш АКСР-мен шекаралас аудандарында және Владикавказ қаласында тұратындар да бар»iБугай Н.Ф. Л.Берия — И.Сталину… -229 б..

1944 жылғы 21 ақпанда шешендер мен ингуштерді көшіру туралы НКВД бұйрығы шығады.

НКВД конвой әскерлерінің бастығы, генерал-майор В.Бочковтың Мемлекеттік қауіпсіздік бас комиссары Л.Берияға шешендер мен ингуштерді депортациялау жөніндегі баяндамасы. 1944 жыл / Ашық дереккөз

НКВД конвой әскерлерінің бастығы, генерал-майор В.Бочковтың Мемлекеттік қауіпсіздік бас комиссары Л.Берияға шешендер мен ингуштерді депортациялау жөніндегі баяндамасы. 1944 жыл / Ашық дереккөз

«Чечевица» операциясы басталар қарсаңында, 1944 жылғы 22 ақпанда Берия Сталинге тағы бір ақпар жолдап, ұйымдастыру жайын баяндайды, оған қоса, Шешен-Ингуш АКСР өкіметімен арадағы келіссөз жайын да сөз етеді:

«Шешендер мен ингуштерді көшіріп жіберу операциясын табысты жүргізу үшін Сіз нұсқау бергеннен кейін мына шаралар жасалды:

Шешен-Ингуш АКСР халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Молаевқа шешендер мен ингуштер көшірілетіні және сол шешімге негіз болған себептер туралы айтылды. Молаев менің хабарымды естігенде көзіне жас алғанымен, тез ес жиып, халықты көшіруге қатысты берілетін тапсырманың бәрін орындаймын деп уәде етті».

1944 жылғы 23 ақпан

Операцияның ауқымын және таулы жердің ерекшеліктерін ескеріп, «Чечевица» операциясын сегіз күн ішінде аяқтаймыз деген ұйғарым шықты. Алғашқы үш күн төмендегі аудандарда, тау етегінде тұратындарды, сондай-ақ тау арасында тұратындардың бір бөлігін — жалпы ауқымы 300 мыңдай адамды көшіру жоспарланған. Қалған төрт күнде тау ішіндегі аудандардан 150 мың адамды көшіру керек болған.

Сұлтан Юшаев. «Туған жер». 1944 жылы депортацияланған вайнахтарға (шешендер мен ингуштерге) арналған картина. 1989 жыл / Wikimedia Commons

Сұлтан Юшаев. «Туған жер». 1944 жылы депортацияланған вайнахтарға (шешендер мен ингуштерге) арналған картина. 1989 жыл / Wikimedia Commons

Тау ішіндегі аудандарға алдын ала бұғат-кедергілер қойылды.

Операция таң ата басталды. Таңғы сағат 11:00-де Сталинге Бериядан алғашқы ақпар жетті:

«Республиканың елді мекендерінен 94 741 адам шығарылды, 20 пайыздан астамы (20 023 адам) вагондарға тиелді».

Депортация көргендер ұрпағының естелігінен:

«Мамам айтатын: оларды көшіріп жіберетін күнге дейін-ақ ауылға әскерилер келіп, үй-үйге бөлініп тұрған екен. Бәрі бір сәтте басталып, жұртты ауылдық кеңестің алдына қарай айдап апарып, иіріп қояды… Ол кезде тау жұртының әдетімен кавказ еркектеріне суық қару ұстап жүруге рұқсат етілетін, сондықтан таң алдында чекистерге қарсыласуы мүмкін-ау дегендердің бәрін тұтқындап, қаруын тартып алады. Қарсылық болмады емес, бірақ ол жер-жерде ғана жүріп, жағдайды өзгертердей ықпалды болмай шықты… Жұртқа жүгін жиюға аз-ақ уақыт берілген, тек ең керек деген заттарын алуға рұқсат етілген…» 

— М.А.Гулиевтің естеліктеріненiИз истории депортаций. Казахстан. 1939–1945 гг. Сборник документов. Алматы, 2018. -555 б.

Жүріп-тұруы қиын жандар — мүгедек, қарт, сырқаттарға, сондай-ақ қарсыласып баққандарға аяушылық болған жоқ: олардың көзін құрта салған. Соның бәрін көзі көргендер былай деп еске алады:

«…Наразы болдың ба — атып тастайды. Қашпақ болдың ба — атып тастайды. Бұйрықты ұқпай қалдың ба — атып тастайды…»iИбрагимов М.М. Выселение чеченцев и ингушей: как это было // Современная научная мысль, 2018. -68 б.

Күштеп көшірумен қатар, қалып бара жатқан мал мен шаруашылыққа ие болатын топтар да ұйымдастырылған. Сол оқиғаның куәсі болған студенттердің бірі былай деп сипаттайды:

«…Ол арада Грозныйда студенттер мен үй шаруасында отырған әйелдерді мобилизациялау басталды. 23 ақпанда кешқұрым институт жатақханасына директор келіп, студенттердің бәріне таңғы алтыда корпуста жиналуды тапсырды. Бір-екі ауыстыратын киім, үш күнге тамақ ала шығыңдар деді. Педагогика институтының студенттері де келді. Корпусқа барғанымызда, қызыл әскер толып отырған көп «студебеккер» тізіліп тұрғанын көрдік. Сөйтіп, мұқият жасалған жоспарға сай, әр ауылға 20–30 адамнан барып тұрдық. Ауылға жеткенімізде, төңірек тып-тыныш болып тұрғанына таңғалдық. Бізді апарып түсіргеннен кейін сол көліктерге алдында тұтқынға алынған ерлер, әйелдер мен балалар тиелді. Кейін оларды Грозныйда дайын тұрған тауар таситын пойыздарға мінгізген. Шешендер мен ингуштерді түгел алып кеткен. Дағыстандықтарға тиіспеген, біздің ауылда олардан жеті-сегіз адам қалыпты».

Тағы бір естелігінде былай дейді:

«Студенттердің міндеті — Курск және Орлов облыстарынан жер ауып келетіндер жеткенше мал мен шаруашылыққа ие болып отыру еді. Біз малды жинап алып, жем беріп, астық, құрал-сайман дегенді жиып-теріп, ұстап отыруымыз керек болды. Таудағы ауылдарда бұл шаруа басқаша жүрген. Ол жақтан малдың бәрін айдап әкетіп, «бандиттердің» күнелтетін жері болмасын деп, ауылдардың бәрін өртеп жіберген. Күні бойы тау ішінде жанып жатқан ауылдар көрініп тұратын»iУралов А. Убийство чечено-ингушского народа // Юридическая газета. – 1995. – №2.

«Чечевица» операциясы басталғанына бес күн өткенде, 1944 жылғы 28 ақпанда НКВД-нің «Шешендер мен ингуштерді көшіріп жіберу операциясына байланысты іс-шаралар туралы» №00193 бұйрығы шығадыiГА РФ. Ф. P-9401. Oп. 2. Д. 3. Л. 325–328. Операция барысында 2 016 адам тұтқындалып, 20 072 бірлік от қару тәркіленгенiЕрмебаев Ж.А. Чеченцы и ингуши в Казахстане. История и судьбы. Алматы: Дайк-Пресс, 2009. -84 б..

Ажал жолы

«Чечевица» операциясы басталғанына екі аптадай болғанда, 1944 жылғы 7 наурызда КСРО Жоғарғы Кеңесі президиумы «Жарияланбайды» деген белгі соғып, «Шешен-Ингуш АКСР-ін жою және аумақтың әкімшілік құрылымы» туралы жарлық шығарып, сонда биліктің ресми позициясы баяндалады.

Жарлықта депортация себептері былай деп көрсетілген:

«…Ұлы Отан соғысы кезінде, әсіресе неміс-фашист әскерінің Кавказдағы әрекеттері кезінде шешендер мен ингуштердің көбі отанға опасыздық жасағаны, неміс басқыншылар жағына өтіп кеткені, Қызыл әскер тылына тасталған диверсанттар мен барлаушылар отрядтарына қосылғаны, немістердің нұсқауымен Кеңес өкіметіне қарсы қарулы банда құрғаны, сондай-ақ шешендер мен ингуштердің көбі бірқатар жыл бойы қару алып Кеңес өкіметіне қарсы шығып келгені, оған қоса, ұзақ уақыт бойы адал еңбек етпей, көрші облыстардың колхоздарына банды болып шауып, ел тонап, Кеңес адамдарын өлтіріп жүргені ескерілді».

Жоғарғы Кеңес президиумы «Шешен-Ингуш АКСР аумағында, сондай-ақ оған жапсарлас аудандарда тұрып жатқан шешендер мен ингуштер КСРО-ның өзге аудандарына көшіріліп, Шешен-Ингуш АКСР-і жойылсын» деп қаулы етедіiГА РФ. Ф. Р-7523. Оп. 4. Д. 208. Л. 51-54.

Соғыс жылдары КСРО-ның көп аймағында бандалар құрылып, диверсия жасалып, жұрт неміс әскерімен істес болып жататын, бұл аймақта ондай құбылыс өзге жердегіден артық та, кем де болмаған. Әйткенмен сол жарлықта да, депортация науқанына ілесе жүрген өзге нормативтік-құқықтық актілерде де тұтас халыққа Кеңес одағына қарсы әрекет етті деп жала жауып, өкімет сол жаланы бүкіл әрекетіне сылтау қылып бүркеп отырған. Шешендер мен ингуштерді немістермен ынтымақтасты деп айыптауға нақты себеп жоқ еді, өйткені Қызыл әскер қатарында соғысып жатқандар ерлік көрсетіп жүрген, ал тылда қалған ер, әйел, бала-шаға мен қарттар бел жазбай еңбек етіп, жеңісті жақындатуға үлес қосып жатқанiЕрмебаев Ж.А. Чеченцы и ингуши в Казахстане… -73 б..

Қайтқан қызының жанында отырған ингуш Газдиевтер отбасы. Қазақстан, 1944 жыл

Қайтқан қызының жанында отырған ингуш Газдиевтер отбасы. Қазақстан, 1944 жыл

Ақырында, «босап қалған» аумақ іргелес өлкелер мен республикалар арасында бөлінді. Туған жерінен айдалған вайнахтар (ерлер, әйелдер, қарттар мен бала-шаға) тауар вагондарға тиеліп, мыңдаған шақырым жерге жөнелтілген. Әуелде тауар таситын вагондарға көшетіндердің жүгі тиеледі деген жоспар болған. Алайда кейінірек, 1944 жылғы 18 наурыздағы «Шешен, ингуш, балқарларды көшіріп жіберуге байланысты арнайы тасымал жүргізу туралы есепте» КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік халық комиссариаты 3-басқармасының бастығы Мильштейн сол процесті «оңтайландыра» алғаны жөнінде мақтана есеп бередіiДепортированные в Казахстан народы: время и судьбы. Алматы: «Арыс» — «Казахстан», 1998. -264 б.:

«Сөйтіп, арнаулы контингент санына қарай оларды тасуға 15 207 вагон (272 құрам) керек болды. Нақты 12 525 вагон не әрқайсысы 65 вагоннан тұратын 194 құрам жөнелтілді.

Арнаулы контингентті арасында 40–50% балалар екенін ескеріп, бір вагонға 40–45 адамнан тиеген тиімді болды.

Көшірілгендерге ауыр, үлкен заттар алуына рұқсат берілмегенін, ал жеке заттарын әркім жанына алғанын ескеріп, эшелондарда жүк тиейтін вагондарды алып тастау есебінен біраз вагон әрі құрал-сайман (шелек, тақтай, пеш) үнемделді.

Арнаулы контингентті тасымалдау ісіндегі кемшіліктерге санитариялық өңдеу жүргізу мүмкін болмағанын, соның кесірінен жолда бөртпе сүзекке шалдығу жағдайлары болғанын атай кету керек. Алайда шара жасалғаны нәтижесінде эпидемияның алды алынды».

Дәл сол есепте «шұғыл құрам мен НКВД әскеріне 4 711 жабық вагон керек болды» деп көрсетілген, яғни әскери құрамға бөлінген көлік депортацияланған халықты тасуға жұмсалған вагондар санының үштен бірінен көп болған.

Атақты ингуш ақыны әрі жазушысы Идрис Базоркиннің қызы Аза Базоркинаның естелігінен:

«Жарты миллион адамды мал таситын вагонға тиеген, кейбірінде сәкі бар, ешбірінде пеш жоқ. Тесік-саңылаудың бәрінен ақпанның желі ұрып тұр. Сәкісі бар вагондарда қарттар мен сырқат адамдарды жатқызып қоюға мүмкіндік болған. Әйелдер мен балалар еденде отырған. Жастар түрегеп тұрып, бір-бірін сүйеп ұйықтап жеткен. Төсектен суырып алып, жалаңаяқ, жалаңаш, ас-ауқат алғызбай айдап әкеткен үйлер де бар. Жұрт барын бөлісіп жеді. Он сегіз күн бойы жүрген, арасында иен далада сәл аялдап, есікті ашып, жұртты дәретке ғана шығарып отырған...»iБазоркина А. Терпение: Воспоминания // Так это было: Национальные репрессии в СССР 1919-1952 годы/ Ред.-құраст. С.У.Алиева. 3 томдық. 2-том. М.: ИНСАН, 1993. -109–110 б.

Депортацияға дейін Солтүстік Осетия облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі болып істеген Х.Арапиев былай деп еске алады:

«Аузы-мұрнынан шыға толған «сиыр вагонға» тиеліп, қайда бара жатқанымызды білмей, сусыз, жарықсыз бір айдай жүрдік... Бір кезде сүзек жайлады. Ем-дом жоқ, ана жақта соғыс жүріп жатыр... Анда-санда қысқа аял болғанда, елсіз разъездерде, пойыздан қатты алыстамай (бес метрден ары ұзап кетсең, сол жерде атып тастайды), паровоздың түтініне ысталып қарайып кеткен қарға өлгендердің сүйегін көмеміз…»iИз воспоминаний зав. отделом бывшего Северо-Осетинского обкома партии ингуша Х.Арапиева // Бугай Н.Ф. Л.Берия — И.Сталину. -229 б.

Бір айдай уақыт өткенде, 1944 жылғы 21 наурызда Қазақстан мен Қырғызстанда «арнайы қоныс аударылған» шешендер мен ингуштер тиелген эшелондарды қабылдап, адамдарды түсіріп алу аяқталды.

1944 жылғы күштеп қоныс аударудан кейін Талдықорған облысында жеке басына үй салып жатқан шешендер / ҚРОМКФДЖА

1944 жылғы күштеп қоныс аударудан кейін Талдықорған облысында жеке басына үй салып жатқан шешендер / ҚРОМКФДЖА

Архив құжаттарына сүйенсек, Қазақ КСР-іне 147 эшелонмен 405 941 адам, Қырғыз КСР-іне 33 эшелонмен 88 515 адам жеткенiИз докладной записки начальника ОСП НКВД СССР М.В. Кузнецова замнаркома НКВД СССР В.В. Чернышеву о приеме и разгрузке эшелонов со спецпереселенцами чеченцами и ингушами // Из истории депортаций Казахстан 1939–1945 г.: Сборник документов. Құраст. Ж.Т. Байкаш, Е.М.Грибанова. — Алматы 2018. -342 б..

Кейін бұл қатарға әскерден демобилизациялап, арнайы қоныстарға жіберілген вайнах ерлері, соның ішінде соғыс батырлары қосылды.

Қазақ КСР-іне шешендер мен ингуштерді жеткізген эшелондар туралы мәлімет:

КСРО НКВД Арнайы қоныс аудару бөлімінің басшысы М.Кузнецовтің КСРО НКВД халық комиссарының орынбасары В.Чернышевке арнайы қоныс аударушы шешендер мен ингуштер тиелген эшелондарды түсіру және қабылдау жөніндегі жазбасынан.

КСРО НКВД Арнайы қоныс аудару бөлімінің басшысы М.Кузнецовтің КСРО НКВД халық комиссарының орынбасары В.Чернышевке арнайы қоныс аударушы шешендер мен ингуштер тиелген эшелондарды түсіру және қабылдау жөніндегі жазбасынан.

КСРО Ішкі істер халық комиссариаты Арнайы қоныс аудару бөлімінің басшысы, мемлекеттік қауіпсіздік полковнигі М.Кузнецовтің деректері бойынша, жолай эшелондардағы адамдардың 0,27%-ы, яғни 1 361 адам қайтыс болған, 1 070 адам ауруханаға түскен. Оның сөзінше, эшелондарды қабылдап алып, адамдарды түсірген кезде төтенше оқиға болмаған.

Жер аударылған шешендер жеке басына үй салып жатыр / ҚРОМКФДЖА

Жер аударылған шешендер жеке басына үй салып жатыр / ҚРОМКФДЖА

НКВД ресми мәлімдемесі осылай дейді. Алайда Кузнецовтің ақпарында айтылған сандар вайнахтарды депортациялау кезіндегі трагедияның ауқымын жуықтап та жеткізбеген.

Осы мәселені зерделей түсіп, шешендер мен ингуштердің естеліктерін сақтап келген авторлардың еңбектеріне қарасақ, жолда қаза тапқан вайнахтар саны күштеп көшірілген жұрттың үштен бірінен асып, тіпті жартысына жуықтаған. Атап айтсақ, Д.Ходжаев былай жазады:

«200 мыңдай шешен, 30 мыңдай ингуш күштеп көшірілу кезінде қаза тапты. Әр екінші не үшінші дерлік шешен мен ингуш, ал 29 мың аққы-шешеннен 20 мыңы қаза тапты»iТак это было: Национальные репрессии в СССР 1919–1952 годы/ Ред.-құраст. С.У.Алиева. 3 томдық. 2-том. М.: ИНСАН, 1993. -70 б..

Бұл пікірдің объективтігіне де баға беру қиын. Оның үстіне күштеп көшіру операциясы 1944 жылғы ақпан-наурызбен шектелмей, 1945 жылы да жалғаса берген. 1945 жылғы қазанның басына қарай Қазақстанда арнайы қоныстанған 405 900 шешен мен ингуш болған екенiЕрмекбаев Ж.А. Чеченцы и ингуши в Казахстане. -89 б..

1944 жылы вайнахтарды күштеп көшіргеннен кейін Жамбыл облысына қоныстанған шешендер (оң жақта) / ҚРОМКФДЖА

1944 жылы вайнахтарды күштеп көшіргеннен кейін Жамбыл облысына қоныстанған шешендер (оң жақта) / ҚРОМКФДЖА

Реабилитация және отанға оралу

Туған жерінен күштеп көшірілген сәттен 1956 жылғы шілдеге дейін Солтүстік Кавказдың депортацияланған халықтары «арнайы қоныстанғандар» деген мәртебе алып тұрған: құқығы шектеулі болатын, комендатураның арнайы рұқсатынсыз тұрғылықты жерінен ұзап кетуге мүмкіндігі болмайтын.

1956 жылғы 16 шілдеде КСРО Жоғарғы Кеңесінің «Ұлы отан соғысы кезеңінде күштеп көшірілген шешен, ингуш, қарашайлар мен олардың отбасы мүшелерін арнайы қоныстандыру бойынша шектеулерді алып тастау» туралы №942 қаулысы шығады.

Қарағанды бекетіндегі паровоз депосының жүк түсірушісі Гарсиев ұлттық би билеп тұр. Сүйемелдеушілер — Гарсиева мен Давлетбаева. Жұмысшылар мен қызметкерлердің өнеріне шолу, 1955 жыл / ҚРОМКФДЖА

Қарағанды бекетіндегі паровоз депосының жүк түсірушісі Гарсиев ұлттық би билеп тұр. Сүйемелдеушілер — Гарсиева мен Давлетбаева. Жұмысшылар мен қызметкерлердің өнеріне шолу, 1955 жыл / ҚРОМКФДЖА

Сондай-ақ арнайы қоныстанушылар «мемлекет игілігіне» деп, жылына белгілі бір еңбеккүн санын өтеуге тиіс болатын. Есесіне күнкөрісіне жетер-жетпес астық, мал не киім-кешек алатын. Еңбеккүн нормалары тым жоғары болатын, тіпті сырқатқа шалдыққан не сыртқа киіп шығатын қалың киімі жоқ адамның оны мерзімінде өтеп шығуы мүмкін бола бермейтін. Еңбеккүнді әдетте колхоз председателі тіркеп отыратын, осы ретте адами фактор іске қосылатын: біреу принципке берік бола қалады, енді біреу адамның жағдайын түсініп, керек болса, қосымша еңбеккүн жазып бере салуға тырысады.

Шешендер мен ингуштерге қатысты шектеулер алып тасталған соң, Юрт-Аух ауылының тұрғындары отанына оралып жатыр, 1957 жылдың көктемі / Wikimedia Commons

Шешендер мен ингуштерге қатысты шектеулер алып тасталған соң, Юрт-Аух ауылының тұрғындары отанына оралып жатыр, 1957 жылдың көктемі / Wikimedia Commons

1944 жылы Ақкиік ауылынан депортацияланып келген Ахмед Докаевтың естелігінен:

«Еңбеккүн жазатын. Айтпағым, біз қатыгез адамдарға кез болсақ, ендігі шешен мен ингуш деген ұлт жер басып жүрмес еді. Құрып кетер еді. Қазақтардың жұмсақтығының арқасында аман қалдық»iДепортация народов в Казахстан в 1930–1950 гг.: общность истории. Жалпы ред. Ракишева Б.И. — Астана, 2013. -683 б..

1957 жылғы 9 қаңтарда КСРО Жоғарғы Кеңесі президиумы «Шешен-Ингуш АКСР-ін РСФСР құрамында қалпына келтіру» туралы жарлық шығарады. Күштеп көшіріп жіберілген халықтардың отанына оралуына рұқсат етілді.

«Жазаланған халықтар» бөтен жерде, қытымыр қыс ортасында үйсіз, дүниесіз, малсыз, айлық жолда арып-ашып қазақ даласына жетті. Қазақтардың өзі соғыс жылдары аш-жалаңаш жүргеніне қарамастан, келгендерге бір үзім нанын бөліп беріп, үйіне тұрғызып, вайнахтардың аман қалуына сеп болды. Вайнахтардың тарихи жадында сол жақсылық әлі де өшпей келеді.

Алжана Сатиханова. Аухтағы шешендер митингісі, 2017 жылдың 23 ақпаны, Фотосурет / Wikimedia Commons

Алжана Сатиханова. Аухтағы шешендер митингісі, 2017 жылдың 23 ақпаны, Фотосурет / Wikimedia Commons

Зәуреш Сақтағанова

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ