
Мари Фаверо / Ж. Зардыхан
«Орда. Моңғолдардың әлемді өзгерткені хақында» атты атышулы кітаптың авторы, тарихшы Мари Фаверо Еуразиядағы моңғолдардың және солардан кейін орныққан мемлекеттіліктің мұрасы жайлы әңгімелейді. Бұл сұхбатта ол көшпенділер өркениетінің алдынан шыққанды қирата бергені туралы мифті жоққа шығарып, Алтын Орданың өміршеңдігін түсіндіреді және билік пен дипломатиядағы әйелдердің маңызды, бірақ әлі күнге бағаланбай келе жатқан рөлін ашып береді.
ЖИНАЛЫСТАР, КЕҢЕСШІЛЕР ЖӘНЕ КЕЛІСІМ САЯСАТЫ
Әңгімемізді моңғолдардың түрлі дәуірде түрлі сипатқа ие болып келген мемлекет жүйесі туралы жалпы сұрақтан бастағым келеді. Орталық Азияда, оның ішінде, мәселен, қазақ мен өзбек арасында мемлекеттілік туралы түсінік күні бүгінге осы мұрамен тығыз байланысты. Моңғолдар моделін мұнша айрықша әрі өміршең еткен қандай дүние?
Меніңше, мұнда бірнеше фактор маңызға ие, алайда бастысы — билік жүйесінің бейімделе алатын қасиеті. Зерттеулерімнің негізгі тақырыбына айналған Алтын Орда тарихын енді зерттеп бастағанымда, маған Моңғол империясының қайдан шыққанына терең бойлап, оның эволюциясын Орда мұрагеріне айналған Қазақ немесе Қырым хандықтары секілді мемлекеттерді саралау арқылы талдап-тарқату қажеттілігі туды. Осы жолда Алтын Орданың да, одан кейінгі мемлекеттердің де белгілі бір іргелі ерекшеліктерді сақтап отырғанын байқадым. Әрине, соның бірі — Шыңғыс хан әулеті. Бұл жерде мәселе ханның өзінде ғана жатқан жоқ. Кітабымда биліктің іс жүзінде ұжымдық болғанын көрсетуге тырыстым. Мемлекетті басқару тек билеушінің қолында шоғырланған жоқ, оның айналасындағы кеңесшілерге, тіпті әйелдерге де арқа сүйеді. Бұл адамдар нақты ықпалға ие болды және маңызды шешімдер қабылдады.

Мари Фаверо. «Орда. Моңғолдардың әлемді өзгерткені хақында» / Amazon
Осы орайда саяси жиналыстардың айрықша рөлін атап өту керек. Мұндай басқосулардың атауы тарихи кезеңге немесе дереккөзге байланысты түрліше құбылып отыруы мүмкін. Бірақ билік топ болып ақылдасып, талқылау қағидатынан айнымады. Ханның басқалармен мәмілеге келіп не дауласып, бірлесе отырып шешім қабылдауын талап ететін сұрақтардың нақты тізімі болған. Ұжымдық биліктің мұндай ұстанымын моңғолдар мен олардан кейінгі мұрагер мемлекеттер тарихының қай-қай кезеңінен де көре аламыз.

Әмір Темірдің ұлы «құрылтайы». 1533 жылғы Зафарнама қолжазбасынан миниатюра / British Library / Wikimedia Commons
Бұл, әсіресе, тақ мұрагерін анықтау секілді аса сезімтал процесс кезінде айрықша маңыз иеленетін. Дәстүр мен икемділік таныта алудың мұндай үйлесімі мені қайран қалдырады. Бір жағынан, адамзат тарихындағы ең ұзақ уақыт бойы жалғасып келе жатқан Шыңғыс хан әулеті культі секілді тамырын тереңге жайған салт тұр. Екінші жағынан, жүйе саяси және геосаяси жаңа жағдайларға ебін тауып, бейімделе білген. Менің ойымша, байырғы Моңғол империясында немесе Қазақ хандығында болсын, осы үйлесім мемлекеттің ең мықты қасиеттерінің біріне айналған. Билеуші топ өзін қоршаған саяси ортаны өте нәзік түрде сезіне алды және тек мемлекетті іштен басқаруды ғана ойлап қоймай, көрші мемлекеттерге қатысты өзінің жай-күйін саралап, қандай да бір өзгерістерге дер кезінде жауап қатып, бейімделіп отырды.

Басаван мен Бхим Гуджарати. «Туманба хан, оның әйелі және тоғыз ұлы». Шыңғыснама қолжазбасынан парақша, шамамен 1596 жыл / Metropolitan Museum of Art / Wikimedia Commons
ҚАЛА ЕМЕС, АДАМ МАҢЫЗДЫ
Жақында Рашид әд-Диннің Мөңке ханның инаугурациясын, яғни саяси жиналыс пен сайлау құрылтайын қалай сипаттағанын оқыдым. Бұл процестің қазақ хандарын сайлау салтанаты жайлы, тіпті бертіндегі 17–18-ғасырларда жүрген ұлықтау шаралары туралы кейінгі жазбаларға қатты ұқсайтыны таңғалдырды. Салт-жоралар бірдей дерлік. Әрдайым билік үшін күрес жүреді және хан міндетті түрде сайланады.
Мен маңызды деп тапқан және Батыс модельдерінен ерекшеленетін тағы бір аспект — қалаларға деген көзқарас. «Көшпенділер қала салмайды, тек қиратады» деген кең тараған таптаурын пікір бар. Бұл, әсіресе, Батыс тарихнамасында етек жайған қате пікірдің көрінісі.
Ал біз Алтын Орда тарихына мұқият қарасақ, жағдайдың басқаша өрбитінін көреміз. Рас, жаугершілік кезеңінде құлаған-қираған қалалар болды, бірақ Орданың өзі де қала салып отырды ғой. Анау-мынау емес, дамыған инфрақұрылымы бар елді мекендер бой көтерді. Күрделі урбанистика жайында, яғни қалаларды қалай ұйымдастырып, жобалап, басқару туралы түсінік болды.

Бағдаттың құлауы. 14-ғасыр миниатюрасы / Wikimedia Commons
Бір қызығы, моңғолдардың өзі ара-тұра болмаса, қалаларда тұрған жоқ. Менің ойымша, бұл мемлекет пен қоғамның өзгеше бір концептін білдіреді. Далалық мемлекеттер үшін қала қабырғасы емес, адамдар маңызды еді. Сондықтан жағдай күрт өзгерсе, мәселен, климат нашарласа, соғыс, аштық не өзгедей бір қиын кезеңге тап келсе, олар қаланы оп-оңай тастап шығып, басқа бір жерде басқа бір қала салатын. Бұл — еуропалық ойлау бағытымен салыстырғанда мүлдем басқа дүние. Еуропада Рим немесе Париж секілді қалалар ұлттық бірегейлік пен егемендіктің ажырамас бөлігі саналады. Соған сәйкес мемлекет оларды қасық қаны қалғанша қорғайды. Алайда көшпенділердің қисыны басқа: мемлекет — қала емес, халық. Меніңше, бұл олардың саяси мәдениетінен үлкен хабар береді.
ЖОШЫ ӘУЛЕТІНІҢ БИЛІГІ НЕМЕН ЕРЕКШЕЛЕНДІ?
Жошы ұлысының, яғни Алтын Орданың моңғол әлеміне тән империялық биліктің өзге модельдерімен салыстырсақ, айрықшалығы неде? Жошы әулетінің мемлекеттілікке қатысты іс-әрекеті Юань немесе Шағатай әулетінен несімен ерекшеленді?
Мұнда бірнеше басты факторды ескеру керек. Соның бірі — география. Бүкіл Моңғол империясын алып қарасақ, стратегиялық тұрғыдан маңызға ие аймақтар Жошы ұрпақтарына мұра боп қалды. Бауырларына тиесілі жерлердің ортасында «қысылып» қалған, мемлекет аумағы әрі қарай кеңейтуге келмейтін Шағатай әулетіне қарағанда, Жошы әулеті үшін Батысқа апаратын жол ашылды және олар бұл мүмкіндікті тамаша пайдалана білді.

Алтын Орда тағында отырған Бату хан. Рашид әд-Диннің миниатюрасы, шамамен 1300 ж. / Gallica
Бітпейтін қиян-кескі соғыстың орнына олар бірте-бірте дипломатия мен саудаға баса мән бере бастады. Кітабымда тарқатып берген идеялардың бірі — осы: Жошы ұлысы алғашқылардың бірі боп әскери кампаниялар циклін бұзды және ұзақмерзімді экономикалық, дипломатиялық қарым-қатынас орнатуға кірісті.
13-ғасырдың соңына қарай Юань империясы шекарасын кеңейтіп, қол астындағы жерді ретке келтіріп жатқан кезде, Жошы ұлысы шекарасын нықтап, анықтап қойған болатын. Алтын Орда кіммен көрші екенін, олармен қалай сөйлесіп, бұл байланыстан қандай пайда табатынын көре білді. Мұндай жағдай белгілі бір дәрежедегі бейбіт өмір тудырды, яғни соғыс жәй ғана тоқтап қала салған жоқ. Бұл биліктің жаулап алудан, тартып алудан бас тартып, басқалармен айырбас жасауға қатысты стратегиялық таңдау жасағаны еді.

Қарақорымдағы сарай және Күміс субұрқақ. 19-ғасырдағы гравюра / Bridgeman Images
Жошы ұлысы Моңғолиядан бастап қазіргі Украинаға дейінгі солтүстіктегі сауда-саяси дәлізді айтарлықтай дәрежеде бақылауда ұстады. Жер көлемі бойынша олар басқа моңғол хандықтарынан көп алда тұрды. Бұл да Жошы ұлысының экономикалық тұрақтылығынан хабар береді. Тіпті Еуразияның көп бөлігін жалмаған Қара өлімiТарихтағы екінші оба пандемиясы. 1346–1353 жылдар аралығында ең көп зиян әкелді кезінде де Жошы ұлысы тез есін жинап ала алды. 14-ғасырдың соңына қарай олар қайтадан қуатты күшке айналды. Жәй ғана аман қалған жоқ, мемлекетін қалпына келтіріп, кеңейтіп, жаңа жағдайға бейімделді. Ал Құлағулар мемлекеті бұл кезде құлдырап, кері кеткен болатын.
ИСЛАМ, БИЛІК ЖӘНЕ БЕРКЕ ХАН
Біз сөз етпеген маңызды тақырыптың бірі — дін, жекелей алғанда, ислам. Моңғолдарды исламға «қулықпен» кіргізді, яғни діннің, мәселен, ішімдікке тыйым салу туралы ережесі жоқ «жұмсақтау» түрі ұсынылды деген түсінік бар. Алайда Берке хан туралы оқысаңыз, оны шын тақуа мұсылман деп танисыз, мысалы, өзіне арналған бөлек халал үстел қоймаса, құрылтайға қатысудан бас тартқан деседі.
Менің зерттеулерімде сол дәуірде, әсіресе, 13-ғасырдың ортасынан бастап исламның маңызды рөл ойнағаны анық көрінеді. Бұл — Аббасилер халифатының құлауымен тұспа-тұс келетін кезең. Әрине, халифат институтының өзі ешқайда жоғалған жоқ, ал халифтердің өзі, мысалы, Мысырдағы мәмлүктердің желеп-жебеуімен әрі қарай өмір сүре берді. Бірақ саяси тұрғындан алғанда, халифат бұрынғыдай біріктіруші күш болудан қалды.

Каталон атласындағы Алтын Орда. 1375 жыл / Wikimedia Commons
Осы кезде өзге мұсылман державаларының қандай оқиғаларды бастан өткеріп жатқанын түсінген абзал. Анатолиядағы селжұқтар елі құлдырай бастады, ал бір кездері аса үлкен әскери күш саналған, қуаты тіпті Аббасилердің өзінен артық тұрған Хорезмшах құлады. Моңғолдардың шапқыншылығы қалыптасқан саяси-діни тәртіпті тас-талқан етті. Мұсылман әлеміндегі көшбасшылық ыдырап, әркімнің қолында кетті және бағыт-бағдарсыз қалды.
Сондықтан Берке ханның исламды шартты түрде емес, жеке, саналы түрде қабылдауы алапат символикалық мәнге ие еді. Ал мұсылман әлемінің кімге бет бұратыны ислам Алтын Орданың ресми дініне айналардан бұрын да маңызды дүние болатын.

Сарай-Бату. Қазіргі заманғы реконструкция. Астрахань облысы / Shutterstock
Көптеген мұсылман жамағаты өзін қабылдап қана қоймай, қорғаныс пен құқық беретін жаңа саяси орталық іздеді. Берке мен оның мұрагерлері осындай кеңістік қалыптастырды. Олардың сарайы ислам өмірі мен билігінің жаңа ортасына айналды. Осыған қарамастан басқа моңғол хандары секілді Жошы ұлысының да көптеген билеушісі дінге келгенде қысастық жасамады. Олар дінді күштеп таңбады. Дәл осы икемділік, дәл осы жұмсақтық бүкіл Алтын Орда масштабында әлеуметтік бірліктің қалыптасуына мүмкіндік берді.
ЕКЕУГЕ ОРТАҚ ТАҚ
Зерттеу жүргізу барысындағы сіздің ерекше қызығушылығыңызды ескере отырып, мен айналып өте алмайтын тақырыптың бірі — әйел рөлі. Еуропамен, Таяу Шығыспен және Қытаймен салыстырғанда, моңғол әйелдері саясат пен экономикада маңыздырақ рөл атқарды. Сіз бұған қандай баға берер едіңіз?
Үйіріп әкететін тақырып. Мұсылман елдерінен, Еуропадан не Шығыс Азиядан шыққан саяхатшылар сарай маңындағы әйелдерді көргенде қайран қалып, таң-тамаша қалады екен. Мәселен, Жошы ұлысының сарайын алайық. Хан ешқашан мемлекетті жеке-дара басқармаған деп айрықша атап өткенді жақсы көремін. Рас, оның жанында ру-тайпа көсемдері, қолбасылар жүрді, алайда хан бәйбішесінің ықпалы да керемет еді. Сол заманға тән суреттерді қарасаңыз, хан мен оның жұбайының суреті қосарланған тақта отырған кейіпте жиі бейнеленгенін көресіз. Мұны студенттеріме билеуші жалғыз емес, мемлекет басында саяси жұп тұр деп түсіндіремін. Қандай да бір әулеттің билікке иелік ету құқығы — ханның жеке басына ғана емес, оның руына да, мұрагерлік сабақтастыққа да, жалпы билік жүргізуге де қатысты дүние.
Кейде тіпті діни міндеттерді де мемлекет басындағы ерлі-зайыпты бөлісіп отырған. Мысалы, ханның өзі мұсылман жамағатына, ал жұбайы христиандарға жетекшілік еткені туралы деректер бар. «Хатұндардың» кейбірінің өзі христиан болған, шіркеуге барып тұрған, осы діндегі қауыммен байланысын үзбеген. Көпконфессионалды империя жағдайында бұл даналыққа толы саяси шешім еді, яғни билік қол астындағы халықтың сан түрлі екенін мойындап, осы ерекшелікті ерлі-зайыпты боп бірлесіп билік жүргізу арқылы басқару жүйесіне енгізген.
Мұны дипломатия саласынан да байқаймыз. Жошы ұлысындағы «хатұндардың» еуропалық билеушілермен, тіпті Рим папасының өзімен жазысқан хаттары бар. Бұл әйелдер елшілерді қабылдаған, хат алмасқан, сауда жолдарын басқарған. Саудаға қатысты дау-дамайға араласқан, әсіресе, Орда саудагерлері генуялықтар тарапынан қысым көргенде, іске белсене кіріскен. Сарай әйелдерінің қолында нағыз экономикалық билік болды. Бұл Батыстағы көптеген ғалымды әлі күнге таңғалдырып келеді.
Бұдан бөлек өзім сол замандағы материалды мәдениетке, жекелей алғанда, киімге қызығамын. Миниатюралар да, археология да көшпенді әйелдердің ыңғайлы, кең, қозғалысқа толы өмірге бейімделген киім кигенін көрсетіп отыр. Бұл корсет пен тар аяқ киімдегі жандар емес. Олардың киімі атқа мінуге, саяхаттауға, басқаруға жайлы болған. Көшпенді әйелдер көп жағдайда басын жаппаған, ел алдына шығудан қорықпаған. Мұндай жағдай сол кездегі ислам әлемі үшін таңғаларлық дүние еді.

Моңғол патшайымының киіміндегі әйел. Ұлан-Батыр, Моңғолия / Alamy
Бас киім де айрықша рөл ойнады. Мысалы, моңғол әйелдерінің «бокка» деген биік келген қызыл түсті бас киімі бар. Оны сол дәуірдегі миниатюралардан жиі көреміз. Бокка киген әйелді басқалар бірден таныған. Бокка тек ақсүйектердікі емес еді, қарапайымдау нұсқасын малшының әйелі де кие алған. Қызыл түсті бокка мақтаныштың, өзін көрсетудің, мәртебе пен тұрмысқа шыққан-шықпағанының белгісін танытатын.
НЕКЕ ЖӘНЕ ДИПЛОМАТИЯ
Биік етіп жасалған, ұзатылғанда киілетін, ат үстіндегі қыздың басында көзге бірден түсетін қазақтың сәукелесінен аумайды екен. Жалпы, әйелдер дипломатияда да маңызды рөл ойнады ғой. Византияның бірнеше ханшайымы, жекелей алғанда, Палеологтар әулетінің қыздары Жошы ұлысындағы элита өкілдеріне күйеуге тиді. Бұл жәй ғана символикалық неке емес, сауда және саясатқа қатысты стратегиялық одақтар болды. Әйелді сыйламайтын, оларға қауіпсіз орта жасап бере алмайтын елге бірде-бір сарайдың ханшайымын жібермейтіні анық қой.
Бұл ретте мені ерекше қызықтыратын бір дүние — Шыңғыс әулетінің қызын көрінген жерге бере бермегені. Мәселен, Византияда ханшайымды тұрмысқа беру саяси машина элементтерінің бірі болды, сәйкесінше, әйелдің ерік-жігері ескерілмеді.
Ал моңғолдарда, әсіресе, Шыңғыс әулетіндегі ең биік тұрған ортада жағдай басқаша еді. Бұл әйелдер маңызды тұлға саналды. Қолда бар деректерге сүйенсек, оларды еркінен тыс қаламаған адамына тұрмысқа шығуға күштеп көндірмеген. Сарай әйелдерінің некесі, әсіресе, ықпалды рудан шыққан болса, ұзаққа созылған келіссөздердің тақырыбына айналатын.
Бұл некенің саяси салмағы ғана емес, әйелдің келісімі де маңызды болды деген әсер тудырады.

Салт атты Ғазан хан әйелмен сөйлесіп тұр. Бұл оның жұбайы Көкежін болуы мүмкін / Pictures From History / Universal Images Group / Getty Images арқылы