ӨРКЕНИЕТКЕ БАСТАҒАН МЫҢЖЫЛДЫҚ МЕТАЛЛ

Орталық Азияның мыс кеніштері адамзат тарихын қалай өзгерткені хақында

~ 6 мин оқу
ӨРКЕНИЕТКЕ БАСТАҒАН МЫҢЖЫЛДЫҚ МЕТАЛЛ

Қоладан жасалған бұқаның басы, Шумер. Б.э.б. 2600–2350 жж. / The Metropolitan Museum of Art

Мыстың тарихы — адамзат прогресінің тарихы. Адамзат мысты ежелгі дәуірден бойтұмар етіп тақты, одан қылыш пен зеңбірек жасады, тіпті күні бүгін де заманауи техникаға қажетті сым жасауға пайдаланып келеді. Бұл металл технологияның, байлық пен биліктің қайнар көзі болды. Ұлытау мен Кішіктаудағы ежелгі көшпенділер дәуірінен басталған бұл соқпақ Шан династиясы мен Жібек жолы базарларын басып өтіп, 21-ғасырдағы ғарыш станцияларына дейінгі аралықты жалғап тұр.

 

Бұл жазбада адам еңбегі, от пен кен біз өмір сүретін бүгінгі әлемді қалай жасап шығарғаны туралы баяндалады.

Мазмұны

Бәрі мыстан басталған

Адамзат мыстан жасаған алғашқы артефакті — ешқандай да еңбек құралы емес, әшекей болатын. Шамамен оң мың жыл бұрын жасалған бұл бойтұмар қазіргі Түркия жерінен табылған. Мыңдаған жыл бойы мыстан әртүрлі пішіндегі әшекейлер жасалса, олардың көбі магиялық күші бар деп есептелетін бойтұмарлар еді.

Қоладан жасалған бұқаның басы, Шумер. Б.э.б. 2600–2350 жж. / The Metropolitan Museum of Art

Қоладан жасалған бұқаның басы, Шумер. Б.э.б. 2600–2350 жж. / The Metropolitan Museum of Art

Уақыт өте адамдар мысты балқытып, оған басқа металдарды қосуға болатынын түсінді. Әсіресе мыс пен қалайының қорытпасын жасау адамзат тарихындағы маңызды оқиға еді. Осылайша қола пайда болды.

Қола революциясы

Таза мыс жұмсақ болғандықтан қару немесе құрал-жабдық жасауға жарамайды. Бірақ балқытқан кезде қатайып, беріктігі артып, әмбебап металға айналады. Қоладан жасалған құрал-жабдық, сауыт-сайман мен ыдыс-аяқ адам өмірін жеңілдеткенімен, қиян-кескі соғыстың қасіретін қалыңдатып жіберді.

Б.з.б. үшінші мыңжылдықта қоланың игерілуі адамзат тарихындағы алғашқы жаһандық технология революциясының бастауы болды. Ал мыс пен қалайының мол қоры шоғырланған Орталық Еуразия ежелгі дүниенің ірі металл өндіру ошақтарының біріне айналды.

Пышақ, солтүстік-шығыс Қытай не оңтүстік-шығыс Ішкі Моңғолия. Б.э.б. 8-ғасыр / The Metropolitan Museum of Art

Пышақ, солтүстік-шығыс Қытай не оңтүстік-шығыс Ішкі Моңғолия. Б.э.б. 8-ғасыр / The Metropolitan Museum of Art

Күллі Алтай аймағы, сондай-ақ бүгінгі Қазақстан мен Қырғызстан жері сол дәуірде мыстың басты шикізат көзіне айналып, бұл өңірлерден өндірілген металл Иран, Үндістан мен Қытайға жөнелтіліп отырған.

Мыс таулардың иесі

Қазіргі Қазақстанның шығысында, Ұлытау мен Кішіктау маңайында ежелгі кеншілердің іздері әлі күнге дейін сайрап жатыр. Тарихшы әрі Хиуа ханы Әбілғази Баһадүр хан (1603–1664) «Түрікмен шежіресі» еңбегінде нақ осы жерлерді атап өтеді:

«Оғыз елінің киіз үйлері шығысында Ыстықкөл мен Алмалыққа дейін, оңтүстігінде Сайрам, Қазығұрт пен Қаражық тауларына, солтүстігінде мыс өндірілетін Ұлытау мен Кішіктауға, батысында Сыр өзенінің сағасындағы Жанкент қаласы мен Қарақұмға дейін созылып жатты. Осы аймақтарда олар 4–5 мың жылдан бері өмір сүріп келеді және әдетте көбейіп келе жатқан рулардан билеуші сайлайды»iТүрікмен шежіресі. Хиуа ханы Әбілғазидің еңбегі, Ленинград: 1958, 56-бет.

Баһадүр хан үшін мыс — жай ғана кен емес, тарихи мақтаныш. Ол мысты тілге тиек еткенде ел мен жерге тең түсетін маңызды мұра ретінде баяндайды. Шынында да, Қазақстан жеріндегі мыс өндірудің мыңжылдық тарихы бар.

Ұлытаудағы Ақжар борлы тауларының көрінісі, Қазақстан / Getty images

Ұлытаудағы Ақжар борлы тауларының көрінісі, Қазақстан / Getty images

Көне жазбаларда ол туралы деректер жетерлік. Зороастризмнің қасиетті кітабы Авестада «Орталық Азия таулары металға бай» деп жазылғанiWilhelm Geiger, Civilization of the Eastern Iranians in Ancient Times with an Introduction on the Avesta Religion (London: 1886): 138–139. Зерттеушілердің пайымдауынша, бұл жердегі әңгіме, ең алдымен, осы мыс туралы.

Саф металдан империяға дейін

19-ғасыр археологтары далалық өңірді зерттей бастағанда бұл аймақтың металмен ежелден таныс болғанына қайран қалады. 1867 жылы Парижде өткен дүниежүзілік көрмеге қатысқан америкалық делегацияның есебінде Қазақ даласынан әкелінген салмағы 1500 фунт — 680 келідей тартатын сом мыс туралы айтыладыiReports of the United States Commissioners to the Paris Universal Exposition, 1867, Vol. 1 (Washington: 1870): 149.
Бұл жағдай америкалықтар үшін Солтүстік Америкадағы Ұлы өзендер аймағынан табылған мыс кесектерін еске түсіретін әрі сол өңірдің мысқа қаншалықты бай болғанын Еуропаға танытқан дәлел еді.

Сом мыс / Getty images

Сом мыс / Getty images

1893 жылы Ресей империясының Қаржы министрлігі Чикагода өткен Дүниежүзілік көрмеге арнап көптомдық баяндама жасайды. Сол баяндамада қазақ даласының мыс кен орындары егжей-тегжейлі сипатталады. Онда бұл уақта қазақ даласында 400 күміс және мыс кен орны бар екені, соның ішінде Спасск (Қарағанды ​​маңында), Риддер (Риддер), Зырянов (Алтай), Қарқаралы, Семей, Балқаш, Берқара (Ақтоғай ауданы) сияқты кен орындары игеріліп жатқаны туралы айтылғанiThe Industries of Russia. Vol. 5. Siberia and the Great Siberian Railway (St. Petersburg: 1893): 169. Алтайдан далалық аймақтың орталығына дейін созылып жатқан елді мекендердің барлығы кен өндірумен айналысып, аймақтың экономикалық әлеуетін қалыптастырды.

Қытай және қола өнері

Енді түсінгеніміздей, Орталық Азия сонау қола дәуірінде-ақ Таяу Шығыс пен Иранның, Үндістан мен Қытайдың мысқа деген шексіз дерлік сұранысын қанағаттандырып отырған маңызды жеткізуші болды.

Аймақтың өзінде де мысқа сұраныс аз емес еді. Мыс пен қоладан бұйым жасау дәстүрі бай тағы бір ел — Қытай. Мұнда 6500 жылдай бұрын сом мыстан алғашқы бұйымдар жасала бастады. Бірақ қола өнерінің нағыз гүлдену кезеңі Шан әулетінің дәуіріне тұспа-тұс келді. Орталық Азия, Сібір мен Таяу Шығыс шеберлері балауыз қалыптарға құятын техниканы пайдаланса, Қытай қолөнершілері композициялық қалыптарды жөн көрді. Екеуінің негізгі айырмашылығы да осы.

Сонымен қатар бұл аймақтар озық технологиялармен ғана тәжірибе алмасып қоймай, шығармашыл идеялармен де кеңінен бөлісіп отыратын. Орталық Азия даласына Қытай мектебіне тән симметриялы өрнектері бар қола бұйымдар жетсе, Қытайда сақ шеберлерінің «аң стилі» мен Сібірдің қола қаруларына ұқсата жасалған бұйымдар пайда болды.

Пластина немесе белдік тоғасы, солтүстік Қытай. Б.э.б. 5-ғасыр / The Metropolitan Museum of Art

Пластина немесе белдік тоғасы, солтүстік Қытай. Б.э.б. 5-ғасыр / The Metropolitan Museum of Art

Қытай өркениетінің маңызды бөлігі болған жылқы да Еуразия даласынан шыққан. Ғасырлар бойы көшпенділер мен қытай арасында ең құнды тауарлардың қатарына кірген қола үзеңгілер, зергерлік бұйымдар мен басқа да ат әбзелдері жылқымен бірге жетті. Қытайлар үшін қола әдеттегі материал емес, биліктің қасиетті символына баланды. Қоладан ғұрып-жоралғыда пайдаланылатын ыдыстар, сауыт-сайман, монета жасады. Салықтарды, шенеуніктердің жалақысын қоламен есептеді, империяның байлығы қоламен өлшенді.

Жерорта теңізінен Орталық Азия даласына дейін барлық жерде мыс біртіндеп байлықтың әмбебап өлшеміне айналды. Осылайша мыс тарихындағы жаңа кезең — валюта және сауданың қозғаушы күші ретіндегі дәуірі басталды.

Сауданың қозғаушы күші

Қағаз ақша айналымға енгенге дейін мыс әмбебап айырбас құралы ретінде қолданылды. Оны балқыту оңай, тот баспайды, пішінін жақсы сақтайды. Бұл ретте ежелгі әлемнің экономикасы үшін таптырмас металл еді. Әу баста ақшаның рөлін қола пышақ, балта, ыдыстар атқарса, 2600 жыл бұрын Лидия патшасы Алиатт құрамында мыс бар алғашқы монетасын шығарды. Сөйтіп, бұл металл сауданың жаңа дәуірінің символына айналды. Орталық Азияда мыс пен қоладан жасалған монеталар ғасырлар бойы Жібек Жолы бойындағы сауда төлемін жүзеге асыратын құрал болып келген. Араб географы әл-Мақдисидің жазуынша, көпестер Болгардан Таразға дейін мыс, одан жасалған қазандар, қару-жарақ пен мата секілді ең құнды тауарларды жылқымен тасымалдаған. Бір кездері мыс тауар ғана емес, билік құралына айналды: монета соғу ісін қадағалайтын адам сауда мен әскерді де басқаратын. Бұған әсер еткен тағы бір маңызды фактор — мыстың шексіз қайта өңдеуге қолайлы болуы. Қайта-қайта балқытсаңыз да бастапқы қасиетін жоғалтпайтындықтан, жүздеген жылдар бұрын өндірілген мыс әлі күнге дейін айналымда жүр.

Кен құйған империялар

Рим империясы құлағаннан кейін Еуропа күміске көшкенімен, Шығыс Еуропа қоладан бас тартпады.

Моңғол әулетінің Юань патшалығы кезеңінде, Шыңғыс ханның немересі Құбылайдың тұсында қағаз ақша айналымға енді, бірақ оның номиналы әлі де қоламен көрсетілді. Тіпті металл құн стандарты болып қала бергендіктен, салық пен ресми жалақы да қоламен есептелді.

Юань империясының монеталары / Wikimedia Commons

Юань империясының монеталары / Wikimedia Commons

Үндістанда мыс пен қола қорытпалары Бабыр билігі тұсында және Ұлы Моғол империясының құрылу кезеңінде шешуші рөл атқарды. Қоршаулар мен қола қару-жарақтар моғол әскеріне технологиялық артықшылық дарытты. Қоладан зеңбіректер де жасала бастады, сөйтіп, мыстың бағасы күмістен де қымбаттай түсті.

Темір дәуірі басталғанда қару-жарақ пен құрал-сайманға жаңа металл пайдаланыла бастаған-ды, алайда қола маңызын жоғалтқан жоқ. Өнер мен өлшем материалы ретінде одан әшекей, өлшеу құралдарын, монета және басқа да тұрмыс-салт бұйымдарын жасады. Бәрінің бастауында тұрған металл, солайша, сұлулық пен билік символы болып қала берді.

Мыстың оралуы

Электр энергиясы пайда болған дәуірде мыс қолданысқа қайта оралды. Ендігіде жаңа индустрия дәуірінің символы ретінде ол сым, машина, байланыс және коммуникацияның өзегі саналады. Онсыз қала, электр станциясы немесе телефон желісі салынбайды.

Аршылған мыс сымдар / Getty images

Аршылған мыс сымдар / Getty images

Бүгінгі автоматтанған, жасанды интеллект ғасырында да мыстың бәсі артып тұр. Ол ежелгі әлем мен жаңа әлемді — кен өндірісінен нанотехнологияға дейінгі адамзат өркениетін жалғап тұр.

Бүгінде ежелгі шеберлер мыс балқытқан өңірлерде инженерлер мен геологтар жұмыс істейді. Олардың құралдары өзгеше болғанымен, қызметінің мәні сол күйі: табиғи шикізатты прогреске айналдырады.

KAZ Minerals — осы дәстүрді жалғастырушы. Аймақтағы ең ірі тау-кен компаниясы мысты болашақтың ресурсына айналдырып келеді. Бұл компанияның Ақтоғай мен Бозшакөл жобалары Еуразиядағы ең ірі жобалардың қатарына кіреді.

Мұнда жоғары деңгейдегі автоматтандыру және қоршаған ортаны бақылау құралдарымен ашық карьерлік өндіру моделі қолданылады. Тек 2024 жылы ғана компания шамамен 380 000 тонна мыс өндірді, ал соңғы 10 жылдағы инвестициясы 6,5 миллиард доллардан асты.

Бұл тарихтың айрықша бір бөлшегі — Ақтоғай тау-кен өңдеу кешені. Мұнда 2015 жылдың желтоқсанында тұңғыш катодты мыс өндірілді.

Қуаттырақ бола түскенінің арқасында сульфидті кен өңдеуді бұрынғыдан екі есеге арттыруға мүмкіндік туды.
Цифрлық жүйелер энергия шығыны мен ауаға бөлінетін көмірқышқыл газын азайтты.

Өндірістің артуы мен модернизациялау KAZ Minerals компаниясын жаһандық мыс жеткізу желісіндегі жетекші орынға көтерді. Бұл — «жасыл» экономика мен электр көлігіне көшудегі маңызды ресурс.

1 / 4

Мыңдаған жыл бойы мыс адамзатқа металл балқытуды, ғимарат салуды, сауда жасауды үйретіп, прогреске жол ашты. Бүгінде мыс тағы да өркениеттің өзегі деуге болады. Бірақ бұл жолы цифрлық өркениеттің көш басында, ежелгі табиғи металдан 21-ғасырдың катодты мысына дейінгі аралықты жалғап тұрған үздіксіз желіні құрайды. Сол желінің алтын арқауы — Орталық Азия. Әу баста осы өңірде өркениетті қалыптастырған металл бүгін де адамзат болашағын айқындап тұр.