Ортағасырдағы Бағдатта қалай серуендеуге болады?

Көне заманға саяхаттаушыға арналған нұсқаулық

~ 14 мин оқу
Ортағасырдағы Бағдатта қалай серуендеуге болады?

Бағдат көрінісі (Ирак), 1839 жыл шамасы. Иллюстрация, XIX ғасыр/Getty Images

«Бағдатты көріп өлу» — әйгілі тіркесті 9-ғасырға қатысты алсақ дәл осылай түрленер еді. Бұл шаһар сол уақытта әлемнің халқы ең көп, қазіргі Нью-Йорк тәрізді экономикалық орталық, ғылым мен мәдениеттің авангарды болғаны күмәнсіз. Ортағасыр үшін ең маңызды дүние — қалада кәріз жүйесі болды. Есекке мініп серуендегіңіз келсе, хамамда жатып рахаттанып, дәуірдің ең үлкен кітапханасына бас сұғамын десеңіз, онда Бағдатқа тартыңыз.

Мазмұны

Бағдат — Қытай шекарасынан Атлант мұхитына, Араб теңізінен Кавказ тауларына дейін созылған Араб халифатының астанасы. Араб халифаты арабтар құрған алып империя еді. 632 жылдан 1258 жылға дейін өмір сүрген халифат астанасының ең күшейген тұсында онда 1 200 000 адам өмір сүрген. Бағдатта қашанда келім-кетім көп болатын: мемлекеттік шаруамен жүрген шенеунік дейсіз бе, сауда-саттық жасаған көпес болсын, қонаққа келген туыс, саяхатшы, әртістер мен кезбелер — бәрі осы жерден табылатын. Ал бағдаттық тұрғындардың өзі — түрлі ұлт пен сенім өкілдерінен құралған сан алуан халық. Мұнда мұсылмандардан өзге христиандар мен иудейлер, зәрдүш дінін ұстанушылар да жетерлік. Бағдатта жүріп араб, ирандық, коптылар, еврейлер, гректер, сириялықтар, үнділер мен басқа да көптеген халық өкілін кездестіресіз.

Уильям Мьюир. Бағдат картасы (хижра бойынша 150-300 жж.  / б.з. 767-912 жж.). 1883 жыл / Wikimedia Commons

Уильям Мьюир. Бағдат картасы (хижра бойынша 150-300 жж. / б.з. 767-912 жж.). 1883 жыл / Wikimedia Commons

Қай ғасыр?

Бағдат — империяның 762–768 жылдары салынған астанасы. 9–10-ғасырларда қала өзінің ең шарықтау кезеңіне жеткендіктен Бағдатты дәл сол ежелгі айбыны мен сән-салтанаты асқан шағында барып көрген жөн. Ал 10-ғасырдың ортасынан бастап Бағдат біртіндеп құлдырай бастады әрі барған сайын қауіпті қалаға айналады.

Қалай жетеміз?

Ең оңай жолы — Орталық Азиядан шыққан керуенге ілесу. Мысалы, Тараздан сауда керуенімен Шаш (Ташкент) – Самарқан – Бұхара – Мерв бағытымен жүріп, ары қарай Иран қалалары — Нишапур, Рей мен Хамадан арқылы Бағдатқа жетесіз. Бұл — Бағдаттан Шығысқа және кері қайтатын дәстүрлі керуен жолы. Мәселен, Мервті арабтар «Қытай қақпасы» деп атаған. Ескеретін жайт, ол заманда керуен орташа жылдамдықпен күніне 20–40 шақырым жүретін. Сәйкесінше, барша аялдаманы есепке алғанда жолға 3–4 ай уақыт кетеді.

Мистер О’Донованның Орталық Азиядағы саяхаты. Мерв қорғаны. The Graphic журналынан иллюстрация, 1882 жыл / Getty Images

Мистер О’Донованның Орталық Азиядағы саяхаты. Мерв қорғаны. The Graphic журналынан иллюстрация, 1882 жыл / Getty Images

Уайымдамаңыз, жол бойында сізді саудагерлер мен жолаушыларға арналған аймақтық қонақүйлер — керуен-сарайлар күтеді. Дегенмен азық-түлік пен төсек-орынды өзіңізбен бірге алып жүруге тура келеді. Керуен-сарайда үнемі су бола бермейді. Есесіне қарақшылар тонап кетеді деп қауіптенбеңіз — мұндай орындар әдетте мықты дуалмен қоршалады. Егер керуен-сарай ірі қалада орналасса, ол жерден шайхана да табуға болады.

Керуен сарайы, Мейбод, Иран / Getty Images

Керуен сарайы, Мейбод, Иран / Getty Images

Қашан барған дұрыс?

Бағдатқа саяхаттауға ең қолайлы уақыт — қыркүйектен наурызға дейінгі аралық. Бұл уақытта аптап ыстық басылып, мерекеден мерекеге ұласқан қала өмірі қыз-қыз қайнап жатады. Космополит Бағдатта мұсылман, христиан және зәрдүш діндерінің мерекелерін ұлан асыр атап өтетін.

Мысалы, қыркүйектің соңғы сенбісінде Бағдаттың батыс бөлігіндегі Темір қақпа маңындағы «Түлкілер монастырі» мерекесіне бас сұқсаңыз болады. Бұл жер саябақтарымен, гүлзарларымен және жайқалған жасыл желегімен танымал әрі шаһардың қақ ортасынан орын тепкен.

Ал 3 қазанда шаһардың солтүстік-батысындағы Құтраббулде орналасқан христиандық Әулие Эшмун монастырінде Бағдаттағы ең жарқын мерекелердің бірі тойланады. Ол жаққа үлкенді-кішілі қайықтармен жетеді, әркім өзімен бірге шарап толы мес пен әнші қыздарды ала жүреді. Байлар жағы жағалауда шатырын тігіп, Тигр өзенінің бойында үш күн, үш түн бойы жалғасатын думанды той жасайды. «Шамдардың көз қарықтыратын жарығы мен балбұл жанған әсем жүздер» бұл кештерге ерекше көрік сыйлайды.

Мір Сейіт Әли. Сарай өмірі. 1540 жылдар шамасы. Гарвард университеті / Wikimedia Commons

Мір Сейіт Әли. Сарай өмірі. 1540 жылдар шамасы. Гарвард университеті / Wikimedia Commons

25 желтоқсанда Иса пайғамбардың туған күні — Рождество мейрамына дөп түсесіз. Бұл күні Бағдат халқы үйлерінде хош иісті түтін шығарып, шамдар жағады, ал ауқатты тұрғындар алау тұтатады. Кейбіреулер сол алаулаған отқа мал қақтап, аспанға құстар ұшырады. Мұндай рәсім бұрыннан келе жатқан пұтқа табынушылықтың сарқыншағы саналады, десек те бұл күндері тұрғындар:

«Ешкімге зияны жоқ мақұлықты азаптайтындарға Алланың қаһары жаусын!», – деп осы бір әрекеттерді айыптайтын болған.

Дегенмен сән-салтанаты ерекше мерекелер көктемге тұспа-тұс келетін. Бұл — Наурыз мейрамы мен егер сол жылы көктемге дөп түссе, Ораза айт пен Құрбан айт мерекесі. Халықтың әдепкі қыдыруымен қоса, мұнда Наурыз мейрамының құрметіне арналған алау шеруін тамашалай аласыз. Ал Құрбан айт кезінде құрбандыққа көбіне түйе шалынады.

Қалай есеп айырысамыз?

Бағдатта күміс дирхемдер мен алтын динарлар айналымда жүреді. Жолға қомақты қаражатпен шыққаныңыз абзал, себебі Бағдат арзан қала емес. Халифатта қағаз ақша қолданылмайды, сондықтан өзіңізбен бірге бағалы металл — күміс не алтын алып жүрген жөн.

1 дирхем шамамен 3 грамм күміс тартады, бұл шамамен 1600 теңгеге тең.

Бағдатқа жеткен соң күмісті базарда оп-оңай монетаға айырбастап аласыз. Орта есеппен 1 алтын динар 20 дирхем болады. Ал ұсақ тиын (фалс) номиналға қарай алтылық жүйемен есептеледі:

1 дирхем = 6 даник = 12 кират = 24 тассуджа = 48 хабба.

Мысалы, екі адамға арналған түскі асқа қуырылған ет, бидай наны мен тұздық, бадамнан жасалған бәліш және мұз қосылған су алсаңыз, 20 даник болады (шамамен 5000 теңге). Әрине, қажетіңе қарай шығын көлемі өзгереді. Ең қымбатқа түсетіні — Бағдатқа жету және кері қайту сапарының шығыны. Оған 5000–10000 дирхемге дейін жұмсайсыз. Ал Бағдаттың өзінде, тұратын жерді қоспағанда, жергілікті халық күнделікті 1 дирхемге өмір сүреді.

Б.з. 813 және 833 жылдар аралығында әл-Мамұн басқарған тұста Гератта (Қорасан) соғылған Аббасилер халифатының күміс дирхемі. Жеке коллекция / Getty Images.

Б.з. 813 және 833 жылдар аралығында әл-Мамұн басқарған тұста Гератта (Қорасан) соғылған Аббасилер халифатының күміс дирхемі. Жеке коллекция / Getty Images.

Бағдаттың тілі

Халифаттың ресми тілі — араб тілі. Бірақ парсы тілін қолданып көрсеңіз, ол да барлық жерде кеңінен қолданылады. Ал сізге қыпшақ тілдерінде, сирия, көне грек, хинди немесе тіпті латын тілінде сөйлесу ыңғайлы болса, уайымдамаңыз, Бағдатта сізге қуана көмектесетін әрі жолсерік болуға жарайтын аудармашы табу қиындық туғызбайды. Мұндай ұсыныстан бас тартпаңыз, ортағасырдағы Бағдатта жолсеріктің пайдасы зор.

Қайда тоқтаған жөн?

Жалдаған жолсерігіңіз қалтаңызға сай бірнеше қонақүйді ұсынады. Оның айтқанына құлақ асып, санитарлық талапқа сәйкес келмейтін жағдай немесе жағымсыз иіс бола ма деп алаңдаудың қажеті жоқ. Бағдатта қонақүй бизнесі жақсы дамыған, ал қызмет көрсету деңгейі — астанаға сай.

Дәстүрлі үй көрінісі, Бағдат, Ирак / Getty Images

Дәстүрлі үй көрінісі, Бағдат, Ирак / Getty Images

Егер оңаша тұруды қаласаңыз, гид сізге шағын үй де тауып береді. Бағдаттағы үйлер — жекеменшік, ал жалға беру ісі жақсы жолға қойылған. Үйді тұрмыстық жабдықтарымен бірге жалға алуға және қызметші жалдауға да болады. Жер төлесі бар екі қабатты шағын үйді бір айға жалдау құны шамамен 1,5 динар тұрады. Тәулігіне жалдайтын болсаңыз — 2 дирхем.

Егер жолсеріктің бірі сізді үйіне қонаққа шақырса, ұсыныстан тартынбаңыз. Бұл сол халықтың қонақжайлығын әрі олардың жаңа нәрсеге деген қызығушылығының белгісін көрсетеді. Үй иесінің сізді қонақ етуге жағдайы жетеді және сізбен бірге дастарқан басында әңгіме-дүкен құруға шынайы көңіл танытады. Ешқандай ақы сұрамай-ақ, соқыр тиын тілемей-ақ пейілін паш етеді. Сізге үй қызметшілері мен арнайы бөлінген құл мен күң жайылып жастық болады. Бірақ бұл сізді басы артық әңгімеге тартады немесе жақын араласуға міндеттейді деген сөз емес, бәрі өз еркіңізде. Бұл да Бағдат халқына тән мінездің нәзік қыры мен ерекше сипатын танытады.

Хан Мұржан күмбезінің (керуен сарайы) интерьері, Бағдат, Ирак. 1356 және 1358 жылдар аралығында Жалаиридтар тұсында Бағдат губернаторы болған Әмин әл-Дин Мұржанның тапсырысымен салынған. / Alamy

Хан Мұржан күмбезінің (керуен сарайы) интерьері, Бағдат, Ирак. 1356 және 1358 жылдар аралығында Жалаиридтар тұсында Бағдат губернаторы болған Әмин әл-Дин Мұржанның тапсырысымен салынған. / Alamy

Айта кету керек, үйлерде кәдімгі жиһаз жоқ, сол себепті кілем үстінде тынығуға тура келеді. Дегенмен көп жағдайда жеке үйлердің өзінде қарапайым монша (хамам), тіпті кәріз жүйесі де болуы мүмкін. Ирригация жүйесінің дамығандығының арқасында мұнда су тапшылығы атымен жоқ.

Уақытты қалай білеміз?

Біз білетін үйреншікті сағаттың мұнда жоқ екені түсінікті. Басты бағдар — дауыс. Бағдатта 27 мыңға жуық құлшылық орны мен Тигр өзенінің батыс және шығыс жағалауларында орналасқан екі үлкен мешіт бар. Дәл осы жерлерден күніне бес рет намаз уақытында азан шақырылады. Халиф сарайында намаз уақытын арнайы күзет хабарлайды — дабыл қағып, литавра соғып, керней тартады. Бұл — билеушінің жоғары мәртебесінің белгісін (cарайды аза тұту кезінде ғана бұл дәстүр тоқтатылады) айғақтайды. Кейбір жоғары дәрежелі шенеуніктер де үйлерінің алдында дабыл соғып, намаз уақытын жария етеді. Ал христиан шіркеулерінде таңертең және кешке шіркеу рәсімдеріне қоңырау үнімен белгі беріледі.

Қалада немен қатынаған дұрыс?

Қаладағы ең кең таралған көлік түрі — есек. Ең үлкен есек тұрағы — әл-Карһ қақпасының жанында, яғни іскерлік ауданға кіреберісте орналасқан. Бір реттік жолы ақысы — 2 кират. Сонымен қатар Тигр өзені бойымен жалдамалы «шумер қайықтарымен» (sumerian boats) де жүруге болады — олардың саны бұл жерде 30 мыңнан асып жығылады.

Әбді әл-Әзиз. Қала тұрғыны ауыл бақшасына ұрлыққа түсуде, Жәмидің “Хафт авранг” поэмасынан миниатюра. 1556-1565 жылдар шамасы. Фрир атындағы Өнер музейі / Wikimedia Commons

Әбді әл-Әзиз. Қала тұрғыны ауыл бақшасына ұрлыққа түсуде, Жәмидің “Хафт авранг” поэмасынан миниатюра. 1556-1565 жылдар шамасы. Фрир атындағы Өнер музейі / Wikimedia Commons

Бағдат Венецияға ұқсайды: «Келім-кетім кісілер қайықпен жүреді; тұтас Бағдаттың дүние мүлкінің үштен екісі өзенде». Жүк кемелері көптеген базарларға тоқтайды, ал тар көшелер судың үстінен салынған биік тас аркаларға алып шығады. Тигр өзенінің бойымен шығыс жағалауынан батыс тарапқа дейін қайықтар мен кемелер өтер кезде ашылатын қалқымалы көпірлер арқылы қатынайды. Өзенде ірілі-ұсақ мемлекеттік және жеке кемелер жүреді, мұнда жоғары дәрежелі кездесулер, көңіл көтеретін мерекелер өткізіледі. Үлкен желкенді қайықтар арыстан, піл, бүркіт, жылқы, дельфин, жылан немесе қарақұйрық секілді әртүрлі жануарлармен бейнеленген болуы мүмкін.

Дөңгелек қайықтағы (гуффа) жолаушылар Бағдаттағы Тигр өзенінің жағалауына шығып жатыр. The Illustrated London News графюрасы, 1853 жыл / Getty Images

Дөңгелек қайықтағы (гуффа) жолаушылар Бағдаттағы Тигр өзенінің жағалауына шығып жатыр. The Illustrated London News графюрасы, 1853 жыл / Getty Images

Атпен тек әскери және ақсүйек ер адамдар ғана емес, әйелдерді қоса алғанда, қолы жеткеннің бәрі жүре алады.

Бағдаттық жас жігіт шын мәнінде Хашими екенін көрсетіп жатыр. Тути-намеден (Тотықұс ертегілері) иллюстрация, қырық екінші түн. Моғол Үндістаны, 1560 жылдар шамасы. Кливленд өнер музейі  / Wikimedia Commons.

Бағдаттық жас жігіт шын мәнінде Хашими екенін көрсетіп жатыр. Тути-намеден (Тотықұс ертегілері) иллюстрация, қырық екінші түн. Моғол Үндістаны, 1560 жылдар шамасы. Кливленд өнер музейі / Wikimedia Commons.

Сауда керуендері жүк тасу үшін түйелер мен жүк кемелерін пайдаланады. Текті әйелдер үсті жабық зембіл тәрізді көлікті қолданып, жүзін жасырады.

Қайда баруға болады?

Мәдинат әл-Мансур (Шеңбер қала)

Шаһардың ең көне бөлігі, дұрысы, Бағдаттың орталығы әрі басты көрікті орны десек қателеспейміз. Бұл аудан Тигрдің батыс, яғни әкімшілік жағалауында орналасқан. Қаланың бұл бөлігі қақпалармен қоршалған, шеңбер пішіндегі, ортасында алып жасыл күмбезі бар Алтын Қақпа сарайы тұрған аумақ. Осы «қаланың» ішінде және оның айналасында бай кварталдар, бақтар, тоғандар мен каналдар бар. Онда халифтердің туыстары, қолбасшылар мен ақсүйектерге арналған сарайлар жайғасқан.

«Мансұр кезіндегі Бағдат», 1915 жыл. 8-ғасырда әл-Мансұр халифтің дәуіріндегі қабырғамен қоршалған қаланың көрінісі, реконструкция  / Getty Images

«Мансұр кезіндегі Бағдат», 1915 жыл. 8-ғасырда әл-Мансұр халифтің дәуіріндегі қабырғамен қоршалған қаланың көрінісі, реконструкция / Getty Images

Бұл жерді, тым болмаса сыртынан болса да, көруге асығыңыз. Әңгіме былай, егер сіз «Мың бір түн» ертегілерінде сипатталған айлакер амалдарға жүгініп, мысалы, мата сатушысы немесе бал ашушы кейпіне енбесеңіз осы сарайлардың тұрғындары немесе қызметшілері сізді қонақ ретінде қабылдай қоюы екіталай. Аз уақыт өткенде осы құрылыстың бәрі не қиратылады, не қайта салынады, не қараусыз қалады. Ал қазіргі Бағдаттың басты көрнекі нысаны саналатын Аббасилер сарайы 12–13-ғасырларда бой көтерген еді, ол кезде халифтердің салтанаты мен құдіреті әлдеқашан тарих қойнауына кеткен-тін.

Даналық үйі

Егер интеллектуалдық көңіл көтеруге әуес болсаңыз, онда Даналық үйіне соқпай кетпеңіз. Бұл — қоғамдық интеллектуалдық орталық, кітапхана әрі академия. Мұнда көне папирустарды ақтарып, атақты ғалымдардың дәрісін тыңдауға мүмкіндік бар.

Бағдаттағы Даналық үйі — IX ғасырда әл-Мамұн халиф негізін қалаған қоғамдық академия / Alamy

Бағдаттағы Даналық үйі — IX ғасырда әл-Мамұн халиф негізін қалаған қоғамдық академия / Alamy

Монша

Бағдат моншасына міндетті түрде барыңыз. Мұнда оның Тигр өзенінің қос тарапында 10 мыңы бар. Оларды табу оп-оңай: сыртын Куфа мен Басра арасында өндірілетін асфальтпен қаптайды, бейне бір қара мәрмәрмен әрлегендей әсер қалдырады.

«Хаммам еденінен сүйіктісінің шашын көтеріп алып жатқан дәруіш». Миниатюра, Сефевидтік Иран, 1556-1565 жылдар. Фрир өнер галереясы, Смитсон институты  / Wikimedia Commons.

«Хаммам еденінен сүйіктісінің шашын көтеріп алып жатқан дәруіш». Миниатюра, Сефевидтік Иран, 1556-1565 жылдар. Фрир өнер галереясы, Смитсон институты / Wikimedia Commons.

Монша қызметкерлері, кем дегенде, шомылдырушы, көмекші, тезек дайындаушы (кепкен тезекпен ысытады), от жағушы және ауыз су тасушыдан тұрады. Мұндағы моншалар көбіне «рим моншасы» деп аталады және сириялық-эллинистік дәстүрге сай ішкі жағы қабырға суреттерімен безендіріледі. Мысалы, қабырғаларда төрт қанатты, тырнағы сояудай екі қолы бар, адамның бетіне бүркіттің тұмсығы жапсыра бейнеленген құс кейпіндегі аңыздық мақұлық — әл-Анканың суреті салынған. Моншада жуынып, буға түсіп қана қоймай, түрлі спа-процедуралардан — массаж, денеге май жағу және уқалау сияқты қызметтерден өтіп, дәмді ас ішіп, әңгіме-дүкен құрып, рақаттана уақыт өткізуге болады.

Базар

Бағдат базарларын ұмытпаңыз, олар күні бойы жұмыс істейді әрі жер бетіндегі бар дүниені саудаға шығарады: бұхарлық кілемдер, Византияның алтын-күміс ыдыстары, Сабурдан әкелінген әтір майлары (күлгінгүл, лотос, нарцисс, аласа пальма, лалагүл, ақ жасмин, мирт, майоран мен апельсин қабығынан жасалған), франк пен орыстың аң терілері... Бағдатта дәмдеуіш, тәттілер мен бояу, жібек, асыл тас сататын базарлар бір-біріне жақын орналасқан.

Джон Дэниел Ревел. Мыс базар, Бағдат. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезі. Империялық әскери музей / Wikimedia Commons

Джон Дэниел Ревел. Мыс базар, Бағдат. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезі. Империялық әскери музей / Wikimedia Commons

Базарда қу жаныңа керектің бәрі табылады: ең қымбаттардың қатарына алма, алмұрт пен айва кіреді; зәйтүн, құрма, өрік, жүзім мен шабдалы; ал қарбыз, құрма атаулыны әртүрлі бағада сатып аласыз, ең қызығы анар мұнда өте арзан. Қауындарды мұзға орап, қорғасын жәшіктермен жеткізеді, ал кейде олардың бір данасының бағасы 700 дирхемге дейін жетеді! Базарларда тұздығы тіл үйіретін қуырылған ет пен нан берілетін асханалар самсап тұр.

Не жесек екен?

Жергілікті асхана қарапайым әрі нәзік талғамды шебер ұштастырған. Негізгі тағамдарға көкөніс, жемістер, бұқтырылған және қуырылған ет — көбіне қой еті мен құс еті жатады. Дастарқанға бидай нанымен бірге картопты еске салатын колокас қойылады. Анар тағам атаулының баршасына қосылады.

Қуырып әзірленген күнжіт пен жаңғақтарды (мәселен, каштан) міндетті түрде татып көріңіз, артынан жергілікті қымыз деуге келетін суло сусынымен шөл басыңыз. Егер қаржы мәселе болмаса, Ван көлінің бекіресін, испан тунецінің немесе мысыр буридінің де дәмін татып көріңіз.

Мейрамхана деңгейіндегі тағамды арзанға ішіп-жегіңіз келсе, халиф гаремінің қақпасына барыңыз, ол жерде сарай аспаздары патша асханасынан артылған дәмдерді сатады.

Алкогольді жергілікті христиандар ұстайтын шарапханалардан табасыз. Мұнда тамақ тартылмайды, шараптың өзі басты тағам.

Дастарқан әдебі

Бағдаттағы үйлерде дастарқанға тағам бірден әкелінеді. Асты рет-ретімен әкелу деген жоқ, қонақ қайдан бастауды, не жегісі келетінін өзі таңдайды. Жеке табақтар берілмейді, оның орнына жұқпа нанды пайдаланады.

Ас алдында барлығы қолдарын ортақ тостағанға жуып алады. Алдымен үй иесі жуады. Тамақтан кейін де қол жуылады, бірақ бұл жолы үй иесі соңынан жуады. Бай үйлерде қызметшілер қонақтардың қолына су құйып, мысыр матасынан тігілген сүлгілер ұсынады және қонақтардың жүзіне раушан суын сеуіп, сергітеді.

Дастарқанда әдеп сақтау өте маңызды. Ең қымбат немесе сирек кездесетін бөліктерді, мысалы, ми, бауыр, көз немесе балапанның төс етін теріп жеуге болмайды. Тіс шұқығышты дастарқан үстінде қолдану әдепке жат. Қажет болса, орныңыздан тұрып, көрші бөлмеге шығып кетесіз.

Яхия ибн Махмұд әл-Васити. Той көрінісі. Әбу Мұхаммад әл-Қасым әл-Хараридің Макаматынан иллюстрация. 1237 жыл. Францияның Ұлттық кітапханасы, Arabe 5847 манускрипті / Wikimedia Commons

Яхия ибн Махмұд әл-Васити. Той көрінісі. Әбу Мұхаммад әл-Қасым әл-Хараридің Макаматынан иллюстрация. 1237 жыл. Францияның Ұлттық кітапханасы, Arabe 5847 манускрипті / Wikimedia Commons

Тағам әдетте өте тұзсыз болады. Ауқатты ортада тамаққа қосымша тұз, сірке су қосу, асты қарбытып асап жеу немесе саусақты жалай беру ұят саналады. Қонақ өзін байыпты ұстауы керек.

Үй иесі қонақтармен тіл қатысып отырғанымен олардан ұзақ жауап күтпейді. Дастарқан басындағы әңгіме тамақтануға кедергі жасамауы керек деп есептеледі.

Iskander and the Sirens, 1495–1496. British Library, London / Wikimedia Commons

Iskander and the Sirens, 1495–1496. British Library, London / Wikimedia Commons

Үй иесінің жұбайы ортақ дастарқанға отырмайды. Оны дастарқанға шақыруды сұрау — ерсі тірлік. Ерлер отырған жерде тек қана — ән айтуға, биге және сыпайы әңгімеге машықтанған гетера төбе көрсете алады.

Шарап тартылған жағдайда

Шарап ішу әдетте шағын топпен — төрт-бес адаммен өтеді. Ішпейтіндер мұндай отырысқа қатысқан болып саналмайды. Тағамдар шараптан бұрын ұсынылады, бірақ шарапқа шамадан тыс қол созу құпталмайды.

Мұндай дастарқан басында тапқырлық жоғары бағаланады. Қонақтар анекдот айтып, поэзиялық сайыстарға қатысып, ойындар ойлап табады. Кейде көршіге шарап шашып жіберу сияқты жеңіл қылжаққа да орын табылып жатады.

Көктемгі бақта шарап ішу. Иран, 1430 жылдар шамасы. Боялмаған жібек бетіндегі түсті акварель және алтын. Метрополитен-музей, Нью-Йорк / Wikimedia Common

Көктемгі бақта шарап ішу. Иран, 1430 жылдар шамасы. Боялмаған жібек бетіндегі түсті акварель және алтын. Метрополитен-музей, Нью-Йорк / Wikimedia Common

Музыка мен биді мұндай жиындардан бөліп қарастыра алмайсыз. Қайналар лютня, флейта немесе лирада ойнап, кастаньета ұстап би билеп, ән шырқайды. Кейде олар алдымен перденің әр жағында қалып, қонақтар ұнаса ғана сахнаға шығады. Музыканың әсері өте күшті болуы мүмкін: біреулер еденге құлап түсіп, біреулер саусағын тістелеп немесе бетін шапалақтап тұрып таңданысын білдіреді. Бұл — қалыпты әрі сөгуге болмайтын құбылыс.

Дастарқан басына жайғасатын әйелдерге арнайы шақырылған гетералар, күңдер немесе азаттық алған бұрынғы күңдер жатады. 10-ғасырдағы Бағдатта атақты қайна өмір сүрген — ол лютняда шебер ойнаған. Ғашығының бірі оған хат жазып, тым болмаса түсіне кіруін өтінген көрінеді. Оған былай деп жауап жіберіпті: «Екі динар жіберсе болды, мен өңінде келем».

Қалай көңіл көтереміз?

Бағдат — күндіз тіршілігі қайнайтын, түнгі сауық тоқтамайтын қала.

Кабареге бару

Мұнда әнші, биші әйелдерді және музыкалық-драмалық қойылымдарды тамашалауға болады.

Ертегіге еліту

Көшенің бұрыш-бұрышында ертекшілер «Мың бір түнге» ұқсайтын әңгімелермен жұртты жинап алады. Бағдатта хикая айту — «әл-қасхун» деп аталатын ерекше кәсіпке айналған, күні бүгінге дейін сақталып келеді.

Спортпен шұғылдану

Бағдатта поло ойынына арналған арнайы ипподромдар бар әрі бұл спорт түрі өте танымал. Ал оған зауқыңыз соқпаса, арыстан аулауға белді бекем буыңыз.

Арыстан аулау. 1600 жылдар шамасы. Қағаз бетіндегі түсті акварель, тушь және алтын. Фрир өнер галереясы, Смитсон институты / Wikimedia Commons

Арыстан аулау. 1600 жылдар шамасы. Қағаз бетіндегі түсті акварель, тушь және алтын. Фрир өнер галереясы, Смитсон институты / Wikimedia Commons

Ең қарапайым, бірақ көп адамды еліктіретін ойын-сауық түріне әтеш пен ит төбелестіру, қошқар мен теке шайқасын жатқызуға болады. Құмар ойындардың ішінде кең тарағаны — сүйек ойыны. Бұл ойынға ресми түрде тыйым салынғанымен, оған ешкім назар аудара бермейді.

Қалай киінген жөн?

Бағдаттағы киім стилі негізінен унисекс сипатта: жейде мен шалбар. Дүкеннен дайын киім таңдасаңыз, астана халқының ашық түсті, ала-бөтен боялған киімдер мен бір-біріне үйлеспейтін түстерге жуымайтынын ескеріңіз. Кейбіреулер тіпті бастан-аяқ аппақ болып киінуді жөн көреді. Қара түстен аулақ болыңыз, ол — халифтің, сарай адамдары мен қызметкерлердің түсі. Күлгін түстен де сақтаныңыз — ол қаралы күннің белгісі.

Егер дәулетті көрінгіңіз келсе, екі жейде, шапан, түстері үйлесімді шалбар, қымбат белдік пен сәнді аяқкиім киіңіз. Кез келген матадан гөрі Византияның атласын, жұқа жүн матаны, Дабиктен жеткен ақ зығырды, Тиннистің құбылып тұратын түрлі-түсті матасын және шапанға арналған кестелі зығырды таңдаған жөн.

Оқушыларымен философияны талқылап тұрған Сократ. 13-ғасырдағы түрік манускриптындағы араб миниатюрасы / Getty Images

Оқушыларымен философияны талқылап тұрған Сократ. 13-ғасырдағы түрік манускриптындағы араб миниатюрасы / Getty Images

Суықта жаурамау үшін жүннен тоқылған шұлық пен флоренциялық жамылғы киюге болады. Ал жауын-шашында, тіпті нөсерде де су өткізбейтін арнайы қытай клеен плащымен амалдайсыз. Айта кетейік, бал-сары түсті плащ пен сәлденің орнына киетін биік бөрік мұсылман емес адамдарға тән белгі саналады. Ал сәлдені мұнда ерлер де, әйелдер де, қандай дінде болмасын, кие береді.

Тағы нені ескеру керек?

Жұрт алдында Құдайға тіл тигізуге, әйелдерді қолынан ұстап мазалауға және ұрлық жасауға болмайды. Мұндай жағдайда түрмеге түсу оп-оңай, ауыр жазаға тартылуыңыз бек мүмкін: дүре соғу немесе оң қолды шабу секілді жаза қолданылады. Кейде айыппұлмен құтылуға болады, бірақ бәрібір қиындық көп. Түнде де тәртіп сақтаңыз, бұл уақытта да полиция кезекшілік етеді.

Әлдене бола қалған жағдайда

Белгісіз суретші. Хирургиялық операция. 15-ғасырдағы түрік қолжазбасындағы иллюстрация / Wikimedia Commons

Белгісіз суретші. Хирургиялық операция. 15-ғасырдағы түрік қолжазбасындағы иллюстрация / Wikimedia Commons

Ауырып қалсаңыз, Бағдат ауруханаларының біріне жүгініңіз. Ортағасырда мұндағы жергілікті медицина әлемдегі ең озық деп саналған. Егер іріңді жараны жарып алу керек болса, сізге ауырсынуды басатын дәрілер береді, антисептик қолданып ота жасайды; қажет болса, арнайы ем-дом тағайындайды, дене қызуын түсіреді және тағы басқа ем‑шаралар жүргізеді. Бұл ауруханалардағы қызметтер қарапайым халықтың та қалтасын қақпайтындай арзан, кейде тіпті тегін көрсетіледі. Өйткені олар ізгі ниетті қайырымды жандардың қаражатына жұмыс істейді.

Егер сізді тонап кетсе, алаяқтық жасаса не ренжітсе, дереу базар мен әрбір шағын аудандағы арнайы лауазымды тұлғаға, басты мешіттегі қазыға немесе тіпті халифтің өзіне шағымдануыңызға болады, бұл әдеттегі қалыпты жағдай. Сіздің ісіңіз, сейсенбі мен жұманы қоспағанда, сол күні немесе бірнеше күн ішінде міндетті түрде қаралады. Жергілікті тәртіп сақшылары, қазылар мен халифтің хатшылары өте көп және көбісі өзіне жүктелген міндетті адал атқарады.

Қайтар сәт

Саяхатыңыз аяқталар сәтте сізге қажет Бағдат қақпаларының біріне бет алыңыз. Олар төртеу: Дамаск қақпасы, Куфа қақпасы, Хорасан қақпасы және Басра қақпасы. Астананың іргетасы қаланғанда салынған бұл қақпалар бұл күндері қираған. Бірақ дәл осы күйімен-ақ жоғалған даңқты өткен шақтың символы саналады. Олай болса, үйге қайтар сәтте дамылдап, көз тастауға ең лайық орын саналады.

НЕ ОҚУҒА БОЛАДЫ

1. Al-Tabari. The History of al-Tabari. Volume 29: Al-Mansur and al-Mahdi, A.D. 763–786/A.H. 146–169. Trans. Hugh Kennedy. – Albany: State University of New York Press, 1990. – 172 p.

2. Al-Jahiz. The Book of Misers (Kitab al-Bukhala’). Trans. R. B. Serjeant. – Reading: Garnet Publishing, 1997. – 256 p.

3. Ibn al-Nadim. The Fihrist of al-Nadim: A Tenth-Century Survey of Muslim Culture. Trans. Bayard Dodge. – New York: Columbia University Press, 1970. – 2 vols.

4. Kennedy, H. When Baghdad Ruled the Muslim World: The Rise and Fall of Islam’s Greatest Dynasty. – Cambridge: Da Capo Press, 2005. – 320 p.

5. Gutas, D. Greek Thought, Arabic Culture: The Graeco-Arabic Translation Movement in Baghdad and Early Abbasid Society. – London: Routledge, 1998. – 224 p.

6. Bennison, A. K. The Great Caliphs: The Golden Age of the ’Abbasid Empire. – New Haven: Yale University Press, 2009. – 256 p.

7. Lassner, J. The Topography of Baghdad in the Early Middle Ages. – Detroit: Wayne State University Press, 1970. – 285 p.

8. Nasr, S. H. Science and Civilization in Islam. – Cambridge: Harvard University Press, 2006. – 496 p.