ОСМАН ИМПЕРИЯСЫ НЕГЕ ҚИРАДЫ?

Үш құрлықтың тағдырын анықтаған тарихи драма

~ 10 мин оқу

Льюис Ларссон. Иерусалим мэрі Хусейн Сәлім әл-Хусейнидің ақ ту ұстаған делегациямен бірге британ әскеріне Осман Иерусалимінің тізе бүгуі туралы құжатты тапсыратын сәті. 1917 жылғы 9 желтоқсан / АҚШ Конгресі кітапханасы / Wikimedia Commons

19-ғасырдың ортасынан бастап Осман империясын сағаты таяп қалған «Еуропадағы дімкәс адам» деп атап, ал оның мұрасын бөлісу үшін тезірек қимылдау керек деп есептелді. Бүгін де көпшілік Осман империясының күйреуі — алдын ала шешілген мәселе еді деп санайды. Дегенмен Оксфорд университетінің танымал профессоры, османтанушы ғалым Юджин Роганның пайымы басқаша. Тарихтағы ең ұлы империялардың бірінің құлауына не түрткі болды? Түрік ұлтшылдары оның құлдырауын жылдамдатты деген пікір қаншалық рас? Егер Осман мемлекетінің шаңырағы шайқалмаса, не болар еді? Qalam-ға берген арнайы сұхбатында ол осы және өзге де сұрақтарға жауап берді. 

Юджин Роган / Ашық дереккөздерден

Әуелі негізгі терминдерді анықтап алайық: «осман» сөзі де «түрік» дегеннің мағынасын бере ме?

Бір жағынан, Османлылар империяны Ыстанбұлдан билеп отырған ​​әулет еді. Екінші жағынан, олар — империя ішінде өмір сүрген халық. Яғни Осман империясының билеуші ​​әулеті түрік халқынан шыққанымен, мемлекеттің өзі этникалық жағынан алуан түрлі ұлыс өкілі тұратын ұлан-ғайыр территорияны қамтыды. Шарықтап тұрған шағында империя Балқан өлкесіндегі көптеген түрлі этникалық топты, Анадолының алуан түрлі қауымдастығын: түріктерді ғана емес, күрдтер, армяндар мен этникалық гректерді, барлық араб провинциясы мен Солтүстік Африканың көп бөлігін, тіпті ондағы амазиг қауымдастықтарынiэкзонимі «берберлер» деп аталатын Солтүстік Азияның байырғы халқы да басқарды.

І Осман, Османлы әулетінің негізін қалаушы. Белгісіз суретшінің портреті / Wikimedia Commons

Демек, Осман империясы түрлі ұлт өкілінен құралған топтарды қамтиды. Бірақ империяны билеуші ​​​​әулет Әли-и Осман немесе Осман әулетінен болған, яғни сөзсіз түрік халқынан шыққан.

«Осман империясының құлауы» кітабыңыз неге 1914 жылдан емес, 1908 жылғы Жас Түріктер революциясынан басталады?

1908 жыл Осман тарихында маңызды бетбұрыс болды. Дәл сол кезде жас түріктерiЖас Түріктер 19-ғасырдың соңында пайда болған, Осман империясын жаңғыртуды жақтаған реформатор белсенділер мен әскери офицерлердің саяси коалициясы II Абдул-Хамид үкіметін конституциялық билікті қалпына келтіруге мәжбүр етті. Конституцияның маңызы зор, себебі олар билеушінің билігін белгілі межелерде шектейді.

1876 жылы конституция қабылданып, небәрі бір жарым жылда күші тоқтатылды да, II Абдул-Хамид билігін асыра пайдалана бастаған.

II Абдул-Хамид сұлтан. Белгісіз суретшінің портреті / Wikimedia Commons

Абдул-Хамидті жас түріктер дәл осылай қабылдады. Олар конституция қалпына келтіріліп, парламент шақырылымы болғаннан кейін, Осман империясында басқалардың да басқару және билікке ықпал ету мүмкіндігіне ие болуы керектігін мойындатты. Дегенмен жас түріктер белсенділері арасынан ешкім империяны басқармады, премьер-министр (ұлы уәзір) не кабинет мүшесі лауазымдарын да атқармады, олар тек парламентте үстемдік етті.

Осылайша, олар Осман тарихында жаңа дәуірдің басталуын қалады. Бірақ дәл осы жас түріктер дәуірінде Осман империясы Бірінші дүниежүзілік соғысқа тартылды. Егер мұның жай-жапсарын түсінгіміз келсе, әуелі жас түріктер кім болғанын анықтап алуымыз керек. Әңгімені 1908 жылдан бастауымыздың себебі — аса маңызды бастапқы нүкте.

Сонымен, сіздің ойыңызша, жас түріктер империяны сақтап қалуға тырысты ма, әлде оның күйреуіне үлес қосты ма?

Бұл сұраққа біржақты жауап беру қиын. Жас түріктер — жалындаған патриоттар еді. Олар өздерінің бар әрекеттері Осман империясын сақтап қалуға және нығайтуға қызмет етеді деп сенді.

Олардың көсемдерінің көбі әскери адамдар еді, демек, олар — Осман мемлекеті мен оның сұлтанын қорғауға ант берген қызуқанды патриоттар, жан-тәнімен берілген османдықтар еді. Дегенмен олардың өмірден түйгені аз, Осман сияқты күрделі империяны басқаруға тәжірибелері кемшін түсті.

Осман Әрекет әскерінің штабы және 3-әскер штабындағы 1-дивизия офицерлері. Салоники, 1909 жылғы 13 сәуір. Авторы белгісіз / Wikimedia Commons

Сондықтан олар империяны күйрететін импульсивті, ағат шешімдер қабылдап, қақтығыстарға жол ашты. Яғни бұл қайраткерлер патротизмнің жетіспеуінен емес, тәжірибенің аздығынан империяның күйреуіне жетеледі.

Бірінші дүниежүзілік соғыс Осман империясын қалайша қиратты?

Османдықтар өздерінің бұрын-соңды тарихында мұндай қуатты үш бірдей қарсыласпен ұзақ әрі үздіксіз соғысқан емес. 19-ғасырда олар біраз соғыста Ресейден жеңілді. Бірақ Ұлыбританиямен немесе Франциямен үлкен шайқасқа шықпады, жалпы, ондай текетірестен өзін үнемі аулақ ұстауға тырысатын.

Бірінші дүниежүзілік соғыста бір мезетте үшеуіне қарсы соғысуға тура келді. Сонымен қатар 1914 жылғы Осман империясының картасына көз салсақ, бұл империяның шекарасы Еуропа, Азия және Солтүстік Африкамен шектесіп, мыңдаған шақырымға созылып жатқанын көруге болады.

Османдықтардың осындай қуатты үш державаға қарсы табандылықпен шайқасқанына қайран қаламын: олар 1914 жылдың қазанынан 1918 жылдың қазанына дейін, соғыстың соңына дерлік әскери операциялар жүргізді: олар Германиядан 11 күн бұрын ғана соғыстан шыққаны белгілі. Ресей де, Австро-Венгрия да одан әлдеқайда бұрын шығып кеткен.

Галлиполи науқаны кезіндегі Осман артиллерия батареясы. Шамамен 1915–1916 жылдар / Bain News Service / АҚШ Конгресі кітапханасы / Wikimedia Commons

Солайша, Осман мемлекеті соғыста Германия мен Австро-Венгрия күткеннен әлдеқайда төзімді екенін дәлелдеді. Соғыс барысында бірнеше үлкен жеңістерге жетті. 1916 жылдың басында олар Ұлыбритания мен Францияны Галлиполиден бас тартуға мәжбүр етіп, тізе бүктірді. Ирактың Әл-Кут қаласын паналаған бүкіл британ әскерін қоршап алып, тас-талқанын шығарды. Олар 13 000 британдық және үндістандық сарбаздар мен офицерлерді берілуге ​​мәжбүр етті, бұл әлем тарихындағы ең ұзаққа созылған қоршап алудың бірі болды. Британ әскері Америка соғыстарынан бері жау қолына мұндай ауқымда берілмеген. Сондай-ақ Османдықтар Газа үшін болған шайқастарда британдықтарды екі рет жеңді. Олар өз жерін қорғауда білекті де табанды жауынгерлер екенін дәлелдеді.

Османдықтар төрт жыл бойы қиын әрі діңкелеткен соғысты бастан кешті. Ақырында олардың ресурстары таусылды. Америка Құрама Штаттарының соғысқа араласуы ерекше соққы болды. Бұл соғыс әрекеттеріне жаңа серпін берді және күштер тепе-теңдігін Антанта державаларының пайдасына қарай бұрды, нәтижесінде Германия күйреп, Осман империясы әлсіреді.

Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін османдықтар тағы бір соғысқа қатысты. 1921–1922 жылдардағы грек шапқыншылығына қарсы ұлт-азаттық соғысқа қайтадан әскер жинай алды. Олар жеңімпаз державаларды келіссөздер үстеліне қайта оралып, 1923 жылы жаңа келісімшарт — Түркия Республикасының тәуелсіздігін мойындаған Севр келісімшартына (Лозанна келісімшарты) қол қоюға мәжбүр етті.

Рюмин сарайында Лозанна бейбіт келісіміне қол қою рәсімі. Лозанна, Швейцария, 1923 жылғы 24 шілде / Keystone-France / Getty Images

Османдықтар Бірінші дүниежүзілік соғыста жеңілді, бірақ Мұстафа Кемалдың басшылығымен қайта аяққа тұрып, тағы бір соғыста жеңіске жете алды. Бұл жолы Осман империясы жойылып, оның орнына Түрік Республикасы құрылды.

1914 жылы Осман сұлтаны Үндістаннан Мысырға дейінгі дүние жүзі мұсылмандарын Ұлыбритания мен Францияға қарсы соғысуға, жиһадқа шақырды. Бұл әрекет неге нәтиже бермеді?

Бұл оқиға бүкіл мұсылман әлемін дүр сілкіндірді. 1914 жылдың жазында Сингапурда үлкен көтеріліс болды: британ әскерінде қызмет ететін мұсылман сарбаздар ағылшындарға қарсы көтеріліс жасап, ағылшын отары Сингапурдағы билікті басып алды. Бірақ тәртіпті қалпына келтіру үшін ағылшындарға бір-ақ апта қажет болды.

Осман империясының қасиетті соғыс (жиһад) жариялау туралы декларациясының үзіндісі. Константинополь, 1914 жылғы қараша / Wikimedia Commons

Десе де 1914 жылдың қазан айында Ыстанбұлда жарияланған сұлтанның үндеуі сол жылдың күзінде-ақ алыс Сингапурда бұдан да ауқымды көтеріліс тудыруы мүмкін деп қатты алаңдады. Бірақ, шын мәнінде, мұсылман әлемінен осы жағдайдан басқа бәлендей жауап болған жоқ. Османдықтардың стратегиясына оған қысым көрсетіп отырған Германия ықпал етті. Ол қарсыластары Ресей, Ұлыбритания және Францияның жағдайын тұрақсыздандыруды көздеді. Ол үшін отарланған мұсылмандарды Британ, Ресей және Француз империяларына қарсы көтеріліске шығуға итермелеп, осылайша, олардың Еуропада соғыс жүргізу қабілетін әлсіретпек болды.

Ақырында мұсылмандардың, кез келген өзге діни қауым өкілдері сияқты, барынша рационалды ойлайтыны белгілі болды. Ыстанбұлда отырған біреу жиһадқа шақырса, Ауғанстандағы, Үндістандағы немесе Индонезиядағы мұсылман қолына қылыш алып, британдықтар мен француздарға қарсы шабуылдай кетеді дегенді білдірмейді екен. Шалғайда жатқан бұл елдердегі адамдарды ең алдымен отбасымды қалай асыраймын, қалай баспанамен қамтамасыз етемін дегендей күйбең тіршілік мәселелері көбірек алаңдататын болып шықты.

Тіршілік үшін күрес болжамды діни фанатизмнен әлдеқайда маңызды екен. Меніңше, жиһадқа шақырудың өзі және оған Германияның қатысуы, шын мәнінде, еуропалық ориенталистердің бұрмаланған түсініктерінің көрінісі еді. Олар мұсылмандарды болмысынан фанатик санап, сонысын пайдаланып, соғысып жатқан еуропалық державаларға қарсы қоюға болады деп ойлады.

Біз көптеген түріктің «Арабтар бізге опасыздық жасады» деген сөзін естіп өскенін білеміз. Бұл пікір туралы не ойлайсыз? Бұл тарихи факт пе, әлде миф пе?

Кітабым Түркияда жарық көргенде университеттерге барып, көпшілік алдында дәріс оқуға мүмкіндік алдым. Аудиториямен талқылау барысында арабтардың түріктерге «арқадан пышақ сұққаны» жайлы ой бірнеше рет айтылғанын байқадым.

Әрине, бұл жерде 1916 жылдың жазында Мекке шерифі Хусейннің жариялаған Араб көтерілісі туралы сөз болып отыр. Ол араб халықтарын тәуелсіздік алу мақсатында Осман империясына қарсы көтеріліске шақырды. Оның үстіне, олар Осман империясының жауы — британдықтармен одақ құрды.

Араб көтерілісі кезінде көтеріліс туын ұстаған Араб әскерінің сарбаздары. Хижаз, 1916–1918 жылдар. Авторы белгісіз / Wikimedia Commons

Мен үшін бұл тарихтың бір эпизоды ғана. Оның үстіне, осыдан 100 жыл бұрын өтіп кеткен оқиға. Сондықтан қазіргі түріктердің сол кезеңді еске алып, арабтарды әлі күнге дейін өз еліне опасыздық жасады деп айыптайтыны таңғалдырды. Меніңше, мұны арабтардың «түріктер араб әлемінің дамуын тежеді» деген біржақты түсінігімен ғана салыстыруға болады.

Ұлыбритания арабтарға Осман империясына қарсы соғыссаңдар тәуелсіздік береміз деді. Ұлыбританияның нақты уәдесі қандай және олар неге уәдесінде тұрмады?

Ұлыбритания тым көп уәде берді. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі олардың уәделерін «бөліске салу дипломатиясы» деп атар едім. Британдықтар Осман империясының құрамында түрлі еуропалық елдің геостратегиялық мүддесіне сай келетін аймақтар бар екенін түсінді. Сондықтан олар Германия мен Австро-Венгрияға қарсы соғыста одақтас тарту үшін Осман территорясын бөлшектеуді ұсынды.

Соғыс кезінде айтылған бұл сөздерге қатысты мынаны есте ұстау керек: бейбіт уақытта мұндай уәделер берілмес еді. Дипломатиялық тұрғыдан алғанда, британдықтардың айтқанының басым бөлігі ақылға қонбайтын. Ұлыбритания әртүрлі серіктесіне жер бөліп беруге қатысты сан алуан, таңғаларлық уәделер берді. Себебі олар бұларды соғыста жеңіске жеткен жағдайда ғана орындауға тура келетінін жақсы түсінді. Егер Ұлыбритания соғыста жеңілгенде, оның нақты нені уәде еткені маңызды болмай қалар еді. Ал жеңіске жеткен жағдайда, өз уағдаларындағы қайшылықтарды шешу соғыста жеңілуден әлдеқайда жеңіл болар еді.

Әдетте дипломатия ережелерін сақтағыш Ұлыбританияның неге мұндай асығыс әрі әңгүдік шешімдер жасағаны түсінікті. Бәрі 1915 жылғы наурызда жасалған Константинополь келісімінен басталды. Сол кезде Осман империясының астанасы Константинопольді Ресейге беруге уәде етілді.

Францияға Сирия мен Киликияны береміз деді, бірақ Ұлыбритания өз мүддесін де жібермей, басқа аумақтарға қатысты талап қою құқығын өзінде қалдырды. Бұл — жиі ұмытылып кететін алғашқы келісім. Екінші уәдені Мекке шерифіне берді: егер арабтар Осман империясына қарсы көтеріліс жасаса, онда оларға Египеттің шығысы мен Түркияның оңтүстігінде орналасқан араб жерлері түгел беріліп, Араб корольдігі құрылады деді. Алайда бұған дейін Францияға уәде етілген Сирия жағалауы мен Ұлыбританиямен одақтық келісімі бар Парсы шығанағы жағалаулары бұл уәдеден тыс қалу керек болды. Үшіншіден, британдықтар Францияға қайта жүгінді. Өйткені олар Мекке шерифіне берген уәделерінің Константинополь келісімі аясында Сирияны Францияға беру жөніндегі уәдемен қайшылыққа түсуі мүмкін екенін түсінді.

Британ дипломаты Марк Сайкс пен француз дипломаты Франсуа Жорж-Пиконың Сайкс–Пико келісімінде бекітілген карта. 1916 жылғы 8 мамыр / Ұлыбританияның Ұлттық архиві / Wikimedia Commons

Осылайша, Сайкс–Пико келісімі пайда болды. Сайкс–Пико келісімі тіпті сорақы болды, осы бөлу жоспарын жасаған британдық Марк Сайкстың өзі оны «Сайкс–Пико келісімі» емес, «Кіші Азия келісімі» деп атауын сұрады. Өйткені ол бұл келісімнен ұялды. Оның үстіне, оны бұл келісім үшін сан тарап сынға алды. Біз «Сайкс–Пико» деген сайын Марк Сайкстан қисынсыз уәдесі үшін кек алғандай боламыз. Бұл келісім бойынша Сирия Францияға берілді, ал Ирактан Трансиорданияға дейінгі аумақ негізінен Ұлыбританияның қолына өтті, Палестинаға халықаралық басқару жүйесі қарастырылды. Палестинаның халықаралық мәртебесі британдықтар үшін кейін проблемаға айналды. Өйткені олар Палестина аумағынан Суэц каналына қауіп төнуі мүмкін екенін түсінді.

Сайкс–Пико келісімі аясында Франциямен келісілгендей, британдықтар Бальфур декларациясын жариялап, Палестинаны сионистік қозғалыс өкілдеріне беруге уәде етті.

Бұл соғыстың әртүрлі кезеңінде Ұлыбританияның әскери мақсаттарына сәйкес берілген, бір-біріне қайшы, өзара үйлеспейтін уәделер еді. Олардың мақсаты — қалай да Германияны жеңуге көмектесетін жаңа одақтар құру болатын. Ал соғыстан кейін Таяу Шығыстың қандай болатыны туралы біртұтас әрі нақты түсінік болған жоқ. Сондықтан бұл уәделер бір-біріне соншалық кереғар келді.

Егер Осман империясы сақталып қалғанда, бүгінгі Таяу Шығыс қандай болар еді?

Ең алдымен, британдықтар мен француздар араб жерлерін өз білгенінше бөліске салмас еді. Бұл жерлер Осман билігінің құрамында қалар еді. Демек, Ирактың және, мүмкін, Кувейттің де барлық мұнай табысы империяға тиесілі болар еді. 1899 жылдан бастап Кувейттің мәртебесі Ұлыбританиямен жасалған келісімдер арқылы айқындалғанымен, ол, бәлкім, Осман билігіне қайта оралудың жолын табар еді.

Тіпті Осман империясы мұнай ресурстарына ие бола отырып, жаңадан қалыптасып келе жатқан Сауд мемлекетіне қысым көрсетіп, оны да өз иелігіне өтуге мәжбүр ете алар еді деп болжауға болады.

Сонда 19-ғасырда қаржылық ресурстары біртіндеп азайған Осман империясы кенеттен мұнай державасына айналып, 20-ғасырда үстем болғанын көрер едік. Мұнайлы шейхтықтардың орнына «мұнайлы сұлтанат» пайда болар еді.

Бальфур декларациясы. 1917 жылғы 2 қараша / Британ кітапханасы / Wikimedia Commons

Бұл қазір бізге мұраға қалған, бір-бірінен алшақтап кеткен мемлекеттерден мүлде өзгеше араб және осман әлемі болар еді.

Екіншіден, әрине, егер бөлшектемесе, Бальфур декларациясы да, Палестинаға сионистерді қоныстандыру да, араб-израиль қақтығысы да болмас еді.

Демек, Осман әлемінің өмірі 20-ғасырдың екінші жартысында Таяу Шығыстың болмысына айналған қарулану жарысына тәуелді болмас еді. Егер бұл қаражат аймақты қаруландыруға емес, оны дамытуға жұмсалса, біз әлдеқайда өркендеген Шығыс Жерорта теңізін көрер едік. Себебі бұл жеңілген еуропалық державалар да, жеңімпаздар да өз елдерін қалпына келтіруге тырысып жатқан кезең болатын.

Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін Францияның да, Ұлыбританияның да қаншалық қиындықпен қалпына келгенін еске түсіріңіз. Бұл — мұнайлы сұлтанаттың мүмкін деуге болатын жақсы жақтары. Бірақ мәселенің екінші жағы да бар: осындай Осман империясы күшейіп келе жатқан этносаралық қайшылықтарды қалай шешер еді?

Мол мұнай қорына ие болған күннің өзінде, сөзсіз, Бірінші дүниежүзілік соғысқа дейін-ақ байқала бастаған араб ұлтшыл қозғалысының қысымына тап болар еді. Сондай-ақ армяндар, гректер мен күрдтердің талаптары да күшейер еді. Этникалық ерекшеліктерін сақтап қалуға байланысты түрлі талап Осман империясының ішінде өзара текетіреске, тіпті азаматтық соғысқа әкелмес пе еді?

Яғни «мұнайлы сұлтанат» орнаса, тек өркендеу, өсу және даму ғана болар еді деп, тым жарқын картина жасағым келмейді. Ұлтшылдық күшейіп, қақтығыстар туындап, Осман әлеміне шиеленіс пен түрлі қиындық әкелетін сценарийлерді де елестетуге болады. Бірақ бір нәрсе анық: егер Осман әлемі сақталып қалса, ол әлдеқайда ұзақ өмір сүре алар еді.

Мен Осман мемлекеті сөзсіз құлар еді деген пікірге баяғыдан қарсылық білдіріп келемін. «Еуропаның дімкәс адамы» міндетті түрде өлуге тиіс болды деген түсінік дұрыс емес. Ол өз ажалымен өлген жоқ.

Оны Бірінші дүниежүзілік соғыс өлтірді. Ал еуропалық державалардың «бөліп алу дипломатиясы» осы ауру жанның денесін бөлшектеуге кірісті. Егер османдар соғысқа кірмегенде немесе соғыста жеңіске жеткенде, Осман мемлекеті реформалар жүргізіп, тірі қалуы әбден мүмкін еді.

Оның иелігіне өтетін ресурстар Осман империясының өміршеңдігін 21-ғасырдың біраз уақытына дейін сақтауды қамтамасыз ете алар еді.

Көшірілді