АРАЛДАН ЖЕРОРТА ТЕҢІЗІНЕ ДЕЙІН

Орталық Азия көшпенділері ортағасырлық Таяу Шығысты қалай өзгертті?

~ 7 мин оқу
АРАЛДАН ЖЕРОРТА ТЕҢІЗІНЕ ДЕЙІН

Манцикерт шайқасы, 1071 жыл / Shutterstock

Селжұқтар – Ауғанстаннан қазіргі Түркияға дейінгі аралықтағы жерлерді біріктірген алғашқы түркі әулеті. Олар Бағдатты бағындырып, сүнниттердің қамқоршысына айналды, ортағасырлық аса қуатты держава — Византияны жеңіп, Осман империясының қалыптасуына негіз қалады. Ал селжұқтардың тарихи жолы Арал теңізі маңынан, қазіргі Қазақстан аумағынан басталған еді. Qalam британдық түрколог Эндрю Пикокпен селжұқтар мен олардың жеңіс жолындағы көшпенділер рөлі жайлы сұхбаттасты.

Тарихи әдебиет пен дереккөздерде түркі, оғыз, түрікмен, селжұқ деген сияқты әртүрлі атау жиі кездеседі. Олардың аражігін қалай ажыратамыз?

Бұларды ажырату кейде оңай емес, ал кейде тіпті мүмкін болмай жатады. Оның бір себебі — бізге жеткен дереккөздердің басым бөлігін отырықшы ирантілді және арабтілді мәдениет өкілдері жазған. Бұл авторлар селжұқ шапқыншылықтарының мән-жайын әрдайым терең түсіне бермеген, сондай-ақ селжұқ әскерінің құрамындағы тайпаларды да бір-бірінен анық ажырата алмаған.

Араб пен парсы авторлары «оғыз» деген атауды қолданғанда, ең алдымен, селжұқ әскеріндегі көшпенділерді меңзеген болуы ықтимал. Бұл атау көп жағдайда «таракима» немесе «түрікмендер» деген ұғымдармен қабысып жатады. Әдетте түрікмендер деп исламды қабылдаған көшпенділерді атаған.

Салт аттылар, бейнелі көріністер мен өрнекті жазу түсірілген бедерлі панель. Сәндік сылақ. Саве, Иран, 13–14-ғасырлар / Ананда Кумарасвами, Museum of Fine Arts, Boston / Wikimedia Commons, Public Domain

Салт аттылар, бейнелі көріністер мен өрнекті жазу түсірілген бедерлі панель. Сәндік сылақ. Саве, Иран, 13–14-ғасырлар / Ананда Кумарасвами, Museum of Fine Arts, Boston / Wikimedia Commons, Public Domain

Ал селжұқтардың өзіне келсек, «селжұқ» атауы, әрине, әулеттің негізін қалаушы Селжұқ есімінен шыққан. Кейін оның ұрпақтарымен қатар, олардың соңынан ерген жұртын да солай айтатын болды.

Осы атаулардың ішіндегі ең кең мағыналысы – «түркілер». Кейде ол нақты селжұқтарға, кейде кез келген түркітілдес тайпаға, тіпті кез келген көшпенді тайпаға да нұсқай алады. Немесе далалықтарды меңзеуі мүмкін. Кей контекстілерде, әсіресе 13-ғасырға қарай «түркі» атауы тіпті «моңғол» мағынасында да қолданыла бастаған.

Сондықтан бұл терминдердің мәні, меніңше, біршама күрделі. Оларды түсіну үшін контекстіні мұқият зерделеп, автордың осы мәтінде бұл сөздерді тағы қалай қолданатынына назар аудару қажет. Жалпылама тұжырым жасау өте қиын.

Селжұқтардың атамекені қай жерде болды?

Бұл жайлы түркілердің ауызша дәстүрінен бастау алды делінетін бір дереккөз бар. Кейін ол араб пен парсы нұсқаларында жазылып, алғашқы селжұқ билеушілерінің сарайында кең тараған. Бұл мәтін «Мәлік-наме» немесе «Патша кітабы» деп аталады. Онда селжұқтардың бастапқыда Хазар қағанатымен байланысты болғаны айтылады. Хазар қағанаты 8–9-ғасырларда оңтүстік орыс далалары мен Батыс Еуразияда үстемдік құрған ірі түркі мемлекеті еді.

«Мәлік-наме» әңгімелері Хазар қағанаты құлаған кезеңде хазар билеушісі мен Селжұқтың арасында белгілі бір қақтығыс болғанын аңғартады. Оның егжей-тегжейі көмескі. Алайда селжұқтардың арғы атасы бастаған қандай да бір көтеріліс болып, соның нәтижесінде олар Хазар қағанатынан бөлініп шыққанға ұқсайды.

Осы тақырып бойынша тағы

Шығыс

ВИЗАНТИЯ ЖӘНЕ ТҮРКІЛЕР: ЕКІ ӘЛЕМНІҢ КЕЗДЕСУІ

2-дәріс.

Бәлкім, бұл оқиға Хазар қағанатының құлауына ықпал еткен шығар, тіпті соның негізгі себептерінің бірі болуы да мүмкін. Мұндағы бір мәселе — дала төсінде өткен оқиғалар туралы дереккөздер мардымсыз. Дегенмен осының бәрі шамамен хазарлардың әлсіреу кезеңімен тұспа-тұс келуі кездейсоқ емес сияқты.

Сонымен, дереккөздерге сүйенсек, Селжұқ пен оның соңынан ергендер қуғынға ұшырап, Жентке кетеді. Бұл шаһар қазіргі Қазақстан аумағында орналасқан. Дәл сол жерде Селжұқ исламды қабылдаған.

Селжұқ-бек туралы толығырақ айтып бере аласыз ба? Ол шын мәнінде кім болған?

Әрине, бұл – күрделі мәселе. Өйткені біз, негізінен, «Мәлік-намеден» жеткен аңыз-әңгімелерге тәуелдіміз, ал оның мәтіні толық сақталмаған. Шамасы, Селжұқ-бек хазарларға қандай да бір қатысы бар көшпелі оғыздардың көсемі болса керек. «Мәлік-намеде» оның көшпенділер арасынан шыққанын айрықша атап көрсетеді.

Тақта отырған Алып-Арслан. Рашид әд-Диннің «Жамиғ ат-тауарих» еңбегінен миниатюра. Шираз / Герат, 15-ғасырдың басы, шамамен 1425 жыл / Топкапы сарайының кітапханасы, H.1654, 202b-парақ / Wikimedia Commons, Public Domain

Тақта отырған Алып-Арслан. Рашид әд-Диннің «Жамиғ ат-тауарих» еңбегінен миниатюра. Шираз / Герат, 15-ғасырдың басы, шамамен 1425 жыл / Топкапы сарайының кітапханасы, H.1654, 202b-парақ / Wikimedia Commons, Public Domain

Жазбада Селжұқ хазарлардан бөлініп, Жентке бет алған кезде оның қасында көшпенді өмірдің негізгі тірегі саналатын малы, сондай-ақ соңынан ерген жұрты болғаны айтылады. Біз анық білетін тағы бір жайт — ерте селжұқ дәуірінде Селжұқ-бек ерекше құрметке ие болған. Мысалы, 11-ғасырдың екінші жартысындағы сұлтан Алып-Арсланның Жентке барып, баба қабіріне зиярат еткені туралы дерек сақталған.

Бірақ кейінгі кезеңдерге қатысты мұндай деректер кездесе бермейді. Селжұқтар тарихы ілгерілеген сайын билеуші әулет өзінің көшпенді тамырынан біртіндеп алыстай түскенге ұқсайды.

Селжұқтар нақты қай кезеңде империяға айналды? Осыған ықпал еткен қандай да бір шешуші сәт болды ма?

Иә, бұл қызық сұрақ. Селжұқ дәуіріндегі тарихшылардың бірі Бейхақиден жеткен деректер бойынша, 1041 жылы Нишапурды алғаннан кейін Селжұқтың ұрпақтары жерді өзара бөлісу үшін жеребе тастаған.

Бұл жерде әңгіме сол кезде жауланған аумақтар туралы ғана емес еді. Олар өздерінің алдағы уақытта жаулап алуды көздеген жерлерін де бөліске салған. Мысалы, Нишапурдың батысындағы Иранның үлкен бөлігі ол кезде әлі селжұқтардың билігіне өтпеген-ді, бірақ сол бөліске алдын ала енгізілген.

1092 жылдағы Селжұқ империясының картасы / Wikimedia Commons, CC BY-SA 4.0

1092 жылдағы Селжұқ империясының картасы / Wikimedia Commons, CC BY-SA 4.0

Егер бұл мәлімет рас болса, дәл осы сәтті империяның бастау алған кезеңі деп санауға негіз бар. Бұл жерде біз жай ғана жаулап алу жоспарын емес, одан гөрі әлдеқайда кең әрі ойластырылған саяси жобаны көреміз.

Алайда тағы бір «1055 жыл» дейтін ықтимал дерек бар. Дәл сол жылы селжұқтар ислам әлемінің астанасы әрі халифаттың ордасы болған Бағдатқа алғаш рет басып кірді. Бұл уақытқа қарай олардың иеліктері Ирактан Иран арқылы Орталық Азияға дейін созылып жатқан еді. Сондықтан аумағы тұрғысынан қарасақ, өз басым Селжұқ империясының басталуын дәл осы кезеңмен байланыстырар едім.

Бағдатты алудың қандай маңызы болды?

Саяси тұрғыдан алғанда, мұның екі салдары бар. Біріншісі әрі ең белгілісі — селжұқтар халифатты басқару мүмкіндігін иеленді. Билік қолға тигеннен кейін халиф оларға сұлтан т.б. атақтар бере алды, ал бұл селжұқтардың ислам әлемінде заңды билік иесі ретінде танылуына жол ашты.

Алайда бұл жерде маңызды бір жайтты ескеру қажет деп ойлаймын. Селжұқтар 1055 жылы Бағдатқа кіргенімен, көп ұзамай қаланы тастап кетті. Өйткені Ирактың климаты көшпелі өмір салтына онша қолайлы болмады. Сондықтан Селжұқ мемлекетінің көшпенді ақсүйектері бұл аймаққа қоныстануға қарсылық танытты. Кейін осы жағдай Селжұқ империясындағы саяси шиеленістерге негіз болды.

Осы тақырып бойынша тағы

Қалалар

Ортағасырдағы Бағдатта қалай серуендеуге болады?

Көне заманға саяхаттаушыға арналған нұсқаулық

Селжұқ әскері қалай құрылды және олардың артықшылығы неде еді?

11-ғасырдың ортасына дейін селжұқ әскерінің құрамы түгелге жуық көшпенді түркітілдес топтардан тұрды. Империя құру жолында оларға ең басты артықшылық берген де осы еді. Бұл кезеңдегі селжұқтардың негізгі қарсыластары ғазнауилер болды. Түркітекті әулет — ғазнауилер де қазіргі Ауғанстан аумағын бағындырған.

Ғазнауилер әскери тұрғыда қуатты болды. Оның құрамында ауыр атты әскер мен Үндістандағы жорықтар кезінде қолға түскен пілдер болды. Алайда селжұқтарға тән шапшаңдық пен ұтқырлық жетіспеді. Демек, селжұқтардың алғашқы жетістіктеріне осы әбжілдігі, яғни көшпенділерге тән қасиеттері септесті.

Салт атты селжұқ ақсүйегі бейнеленген тостаған. Иран, 12–13-ғасырлар / The Metropolitan Museum of Art, New York, Harris Brisbane Dick Fund, 1951 / Public Domain

Салт атты селжұқ ақсүйегі бейнеленген тостаған. Иран, 12–13-ғасырлар / The Metropolitan Museum of Art, New York, Harris Brisbane Dick Fund, 1951 / Public Domain

Шын мәнінде, олар әр кез ғазнауилерге соққы беретін де, дала құшағына сіңіп, жоқ болып кететін. Ал ауыр қаруланған, әрі қимылы баяу ғазнауи әскері олардың соңынан ілесе алмайтын. Дала жағдайындағы соғыс қимылдарына үйренбеген олар үнемі су тапшылығына ұрынды.

Менің ойымша, далалық өңірді жақсы білуі мен әбжілдігі — селжұқтардың алғашқы жеңістеріне ықпал еткен негізгі фактор болды.

Уақыт өте келе әскердің құрылымы күрделене түсті. Бағындырған аймақтың адамдарын құлдыққа алып, әскерге жауынгер етіп қосты. Селжұқ әскерінің қатарында түркітекті көшпенділер азайса да, олар қашан да жетекші рөл атқарды.

Селжұқтардың 1071 жылы Манцикерт шайқасында Византияны жеңуінің мәні неде?

Манцикерт шайқасы Анадолы тарихында ғана емес, жалпы Таяу Шығыс тарихында шешуші кезең ретінде ерекше бағаланады. Зерттеушілердің біразы Анадолының түркіленуі мен исламдануы дәл осы оқиғадан басталды деп есептейді.

Осы тақырып бойынша тағы

Шығыс

ВИЗАНТИЯ ЖӘНЕ ТҮРКІЛЕР: СЕЛЖҰҚТАРДЫҢ БАСЫП КІРУІ

6-дәріс.

Манцикерт шайқасы сол дәуірдегі түркі жорықтарының шарықтау шегі болды. Түркілердің бұл өңірге жорығы Византияны әуелден-ақ әлсірете бастаған еді. Ал Манцикерттен кейін жағдай өзгерді. Византия императоры басқарған әскер түркілерге қарсы соғысып, жеңіліске ұшырады, ал Роман IV Диоген Алып-Арсланның қолына тұтқынға түсті. Бұл Анадолыдағы Византияның саяси құрылымдарының іс жүзінде толық дерлік күйреуіне алып келді.

Алайда бұл аумақта Селжұқ империясының қалыптасуы үшін әлі де біраз уақыт қажет болды.

Кей тарихшылар селжұқ экспансиясы Крест жорықтарына түрткі болды деп санайды. Осы рас па?

Бұл пікір ішінара ғана шындыққа жанасады. Расында, Папа құжаттарында Крест жорығының басталу себептерінің бірі ретінде Иерусалим мен Левантта селжұқтардың болуы аталады. Византиялықтардың Анадолыны жақында ғана иеленген түркілерге қарсы крестоносшыларды пайдаланғысы келгені де, сірә, шындыққа жақын.

Екінші крест жорығы. VII Людовик пен Иерусалим королі III Балдуиннің сарациндерге қарсы шайқасы. Гийом Тирскийдің «Теңіздің арғы жағының тарихы» еңбегінен миниатюра. Франция, 14-ғасыр / Bibliothèque nationale de France, Département des Manuscrits, Français 22495, fol. 154v / Public Domain

Екінші крест жорығы. VII Людовик пен Иерусалим королі III Балдуиннің сарациндерге қарсы шайқасы. Гийом Тирскийдің «Теңіздің арғы жағының тарихы» еңбегінен миниатюра. Франция, 14-ғасыр / Bibliothèque nationale de France, Département des Manuscrits, Français 22495, fol. 154v / Public Domain

Осы тұрғыдан алғанда, селжұқтар Крест жорықтарының басталуына белгілі бір дәрежеде ықпал етті. Сонымен бірге Иерусалим, әрине, селжұқтар келгенге дейін де бірнеше ғасыр бойы мұсылман билігінің қоластында болған. Сондықтан Крест жорықтарының түпкі себептері Батыс Еуропаның саяси жағдайларынан бастау алады. Мысалы, толық іске тартылмаған әскери элитаны қайтеміз деген мәселе болды. Көп жағдайда осы мәселенің бір жауабы мұсылмандарға қарсы соғыс еді. Сондықтан, меніңше, былай деуге болады: ол жерде селжұқтар болмаған күннің өзінде, басқа бір сылтаумен болса да Крест жорықтары бәрібір басталар еді.

Селжұқтардың саяси, әскери және мәдени дәстүрлері Осман империясының қалыптасуына қалай ықпал етті?

Османдар да, ерте кезеңдегі селжұқтар сияқты, көшпелі өмір сүрген. Оның үстіне Осман жылнамаларында селжұқ сұлтаны Ала ад-Диннің Осман сұлтанына заңды биліктің белгілерін тапсырғаны айтылады. Алайда Ала ад-Дин есімді бір емес, үш селжұқ сұлтаны болған. Сондықтан бұл әңгімелерде нақты бір тарихи тұлға емес, осы үш билеушінің жинақталған бейнесі туралы сөз болып отырғаны анық.

Кеудесіне «al-Sultan» деген жазуы бар екі басты қыран бейнесі. Қыш тақта. Кубадабад сарайы, Кония, Түркия, 1220 жылдар / авторы белгісіз / Wikimedia Commons, Public Domain

Кеудесіне «al-Sultan» деген жазуы бар екі басты қыран бейнесі. Қыш тақта. Кубадабад сарайы, Кония, Түркия, 1220 жылдар / авторы белгісіз / Wikimedia Commons, Public Domain

Ерте осман әскері де, ерте селжұқ әскері сияқты, даланың атты жауынгерлері дәстүріне сүйенді. Селжұқ дәуірінде алғаш байқалып, кейін Осман кезеңінде жалғасын тапқан басқа дәстүрлер де бар. Солардың бірі — ханзаданың қамқоршысы болған әскери шенеунік Атабек институты. Османдарда ол «лала» деген атпен белгілі болды, бірақ бұл селжұқтан бастау алатын институт екені анық.

Тағы бір дәстүр — патша әулетінің қанын төкпеуге ұмтылу еді. Селжұқ дәуірінде билеуші әулет өкілдерін көбіне садақ кермесімен қылғындырып өлтіруге тырысқан. Мұны Осман кезеңінен де көреміз. Жібек кермесі бар бағбан Осман ханзадаларын жазалаудың арнайы құралына айналды.

Соңғы мысал — тұғра институты. Тұғра — сұлтанның садақ пен жебеге ұқсатып салынған мәнерленген қолтаңбасы. Оның да селжұқ дәуірінде-ақ пайда болғанын білеміз. Тұғра осы тәжірибені қабылдаған Осман әулетінің соңғы деміне дейін сұлтан билігінің символы ретінде сақталып келді.