ПАШТЕЛ-ДЕ-НАТА

Монахтар ойлап тапқан португал бәліші

ПАШТЕЛ-ДЕ-НАТА

Уолтер Денди Садлер. Жұма. 1883/Getty Images

Жеті жыл бұрын Португалияда «Елдің жеті керемет тағам түрі» таңдалып, ұлттық сауалнама жүргізілген. Сауалнама нәтижесінде 21 тағам түрінен шорт-лист жасалды. Оқырмандар жарыса пікір жазса, сарапшылар тарихшылар мен гастрономдарды талқы жасауға шақырды. Түпкілікті тізімге бірнеше балықтан, еттен жасалған тағамдар, сорпа, ірімшік және паштел-де-ната енді. Әрине, паштел-де-натаға ешкім әу бастан күмәнданған жоқ, себебі ішінде тіл үйірер салмасы бар бұл бәліш үш жүз жылдан астам уақыт бойы португал кондитерлерінің мақтанышы.

Мазмұны

Бәліштің монастырлық тарихы

Паштел-де-натаның баршаға белгілі классикалық рецепті бүгінде Лиссабонның бір бөлігі саналатын Санта-Мария-де-Белендегі Жеронимуш (Әулие Иероним) католиктік монастырында пайда болған. Аңызға сенсек монастырь тұрғындары монастырлық киімдерді крахмалдау үшін жұмыртқаның ақуызын пайдаланған, ал сарыуызын асханаға жіберген.

1 / 2

Құрамында жұмыртқа бар тәтті крем қосылған қатпарлы бәлішті пісіру кімнің ойына келгені белгісіз. Десе де 18 ғасырда ұзақ сапарға шығатын кеме капитандары португал отарлары мен империяның сауда серіктестеріне жұмыртқадан жасалған бәліштерді таныстырды. Сонау ұлы теңіз экспедицияларының ізі асханаларда әлі күнге сақталып, әсіресе Бразилия, Макао, Мозамбик, Гоа, Шығыс Тимор және Жапония паштел-де-натаны өздерінің ұлттық аспаздық мәдениетінің бір бөлшегі санайды. Дегенмен бұл тәтті тағамның рецепті кәдімгі түпнұсқа құрамынан ерекшеленеді. Мысалы, Жапонияда паштел-де-натаға көк шай қосады.

Көне асханадағы азулежу тақтайшасы, Санта-Мария-де-Белен шіркеуі, Жеронимуш монастыры,  Бален, Лиссабон, Португалия/Alamy

Көне асханадағы азулежу тақтайшасы, Санта-Мария-де-Белен шіркеуі, Жеронимуш монастыры, Бален, Лиссабон, Португалия/Alamy

1820 жылы Португалияда революция болып, оның салдарынан көптеген монастырь жабылды. 1834 жылы Әулие Иероним бауырластығының монастыры жабылып, Санта-Мария-де-Белендегі қант зауытының иесі монахтардан паштель-де-ната рецебін сатып алды. 1837 жылы олар Паштел-де-Беленде кондитерлік фабрика ашады. Ол жерде әлі күнге «құпия монастырь рецебі бойынша» «паштел де белен» деген сауда маркасымен белгілі бәлішті пісіріп сатады. «Паштел де белен» ең үздік әрі айрықша дәмі бар бәліштер, ал фабрика күніне 20 000-нан астам бәліш сатады. Оның кремі мен қамырын тағамның дайындалу тәсілінің жұмбағын ашпауға уәде берген адамдар «құпия бөлмеде» дайындайды. Елдегі қалған кондитерлік дүкендер бәліштердің бейресми нұсқасын пісіріп, оны «паштел-де-ната» деген ортақ атаумен сатады.

1 / 2

Бүгінде португалдың жұмыртқа қосылған бәліштері бас жүлдені бермей келеді. Батыс Еуропа бірінші болып аталған бәліштерге құштар болды, ал Еуропаның әр қаласында аталған бәліштерді пісіріп сататын кондитерлік дүкендер бар. Паштел-де-ната Азияда өте танымал, себебі португалдар бұл аймақты ұзақ уақыт отарлағаны рас. Отарсыздандыру үрдісі сәтті жүрді, десе де Макао мен Гоа тұрғындары отарлаушылардан қалған тәттілерді дайындауды доғарған емес.

Аспазға керек азық-түлік

Ұн, жұмыртқа, қант, сүт және су — аталған десерттің негізгі құрамдас бөлігі. Аспазға ашытқысыз қатпарлы қамыр және сарыуызы бар крем қажет болады. Қамырды біркелкі түтік ретінде илеп, бірдей бөліктерге бөліп, тоңазытқышқа қою керек. Салқындатылған қамыр қабырғалары өте жұқа бос «кесенің» пішініне ұқсас тоқаш пісіретін арнайы темір қалбырға салынады (немесе кекске арналған формаларға). Сосын пешті қосу керек, оның температурасы 240С төмен болмауы тиіс. Кремге сүт (шамамен 250 мг) және осы шамада су қосу керек, сондай-ақ 4 жұмыртқаның сарысы, 170 г., қант, даршын таяқшасы мен лимон қабығын қосуды ұмытпаңыз. Асханада сантүрлі тәжірибе жасаудан қорықпаңыз, өз қалауыңызға қарай даршын, жаңғақ, жеміс-жидек, бал немесе көк шай қоссаңыз да болады.

Дайын кремді іші қуыс қамырдан жасалған шыныаяқтарға толтырмай, аузына дейін жарты сантиметр қалдырып құяды, сосын он минут қызған пешке қояды. Піскен паштел-де-ната бидай түстес, қара дақтары болады. Қытырлақ қамыры мен барқыттай жұмсақ салмасының үйлесімі тіл үйіріп, адамды өзіне бірден баурап алады.

Әр паштел-де-ната құрамында 200-ден 300 килокалорияға дейін бар. (Ал 300 килокалорияны жағу үшін кем дегенде жарты сағат бой жазып, сағатына 9 км жылдамдықпен жүгіру керек). Бірақ толық марафон жүгіруге дайын болу керек, себебі бір бәліш жеп тоқтау өте қиын.

1 / 2

Мариам Новикова

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ