Кеңестік жүйе күшіне мінген 1930 жылдары қазақ даласына орны толмас экономикалық, демографиялық апат әкелуімен қатар, мәдени-рухани әлемін тас-талқан етіп жіберді. Қуғын-сүргін жылдарында көзі ашық, оқыған саяси тұлғалармен қатар, өнер иелері де қарауылға ілікті. Әсіресе күйшілер қуғын көріп, алды атылып та кетті. Совет билігі күйшілерден неге сезіктенді?
Qalam-ға күйші, өнертанушы Жанғали Жүзбай совет кезінде басына қара бұлт үйірілген күйшілердің тағдыры, тыйым салынған күйлердің бізге жеткен жаңғырығы мен сол қуғын-сүргіннің қазақ күй өнерінің табиғатына, дамуына қалай кері әсерін тигізгенін саралап көрді.
Империя кезіндегі қазақ өнері
19-ғасырда жер-жерде ұлт-азаттық көтерілістер мен қарсылық қозғалыстар бұрқ еткенімен, империя қамытын сыпырып тастай алмағаны белгілі. Исатай мен Махамбет, Кенесары хан секілді арсыландардың дәурені өткен соң, нақтылай айтсақ, 19-ғасырдың екінші жартысында қазақ даласы патша билігіне түбегейлі мойынсұнды деуге болады.
Патша билігінің пәрменімен аймақтарға әскери бекініс-қалалар салынып, соның салдарынан жер де тарылды. Саяси тізгін патша үкіметінің жергілікті жандайшаптарының қолына толықтай өтті. Десек те, бір мәселені ескермей өте алмаймыз, бұқара халық осындай ауыр жағдайдың өзінде бірсыпыра экономикалық және мәдени игіліктерге қол жеткізе білді. Сауда-саттық өркендеді, алғашқы дала жәрмеңкелері ашылды, соның есебінен қазақта ұлттық буржуазия өкілдерінің алғашқы толқыны бой көтерді.

Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы ескерткіші / Ашық дереккөздерден
Жергілікті халықтарға арналған орыс-түзем мектептерінің салынуы да ағарту саласындағы бірқатар ізденістерге түрткі болды. Яғни сол уақыттарда қазақ халқы отаршыл саясаттың сауырында болғанымен, өзіндік мүддесіне қолайлы әрекет етуге бейімделе бастаған еді.
Алайда 19-ғасырдың екінші жартысында туған домбыра күйлерінің сарынын саралай келсек, бір таңғаларлық жайға тап болғандаймыз: бейбіт халықтың көңілінен кешегі өкініш, өксік бір сәт басылғандай. Ендігі жерде азаттық аңсаған асау салдардың орнына жаңаша жүйеге көндіккен жағымпаз жыршы, көңілшек күйші қауым келгендей көрінеді. Себебі нақ осы кезеңде қазақтың аты шыққан ақындары патшаға, оның жергілікті ояз-жандаралдарына, аға сұлтандар мен би-болыстарға мадақ жырлар айта бастаған еді. Тіпті «Зар заман» ақындарының шығармашылығында да мұндай сарындар кездесіп қалады.

Қазақ ақсүйектері: Тәттімбет сол жақтан екінші тұр. 1862 жыл / Ашық дереккөздерден
Ән мен күй бағытында да патшаға бас ұрған, жасық мінез туындылар шырқалды. Орыс тілін әнге, орыс ырғағын музыкаға кіріктіру өнердің өресі секілденді, бұл үрдіс жаппай етек алмаса да, көпшілікке ұнасымды жаңалық болып та кеткені бар. «Астыма мінген атым генадушка» (халық әні), «Қыпшақский жәрмеңке-ай» (Жаяу Мұса), «Перуайым» (Ақан сері) секілді әндер, «Камаринская» (Жалдыбай), «Штат» (Қазанғап), «Жарым патша» (Ықылас) секілді басқа да күйлер – осы кезеңнің мұрасы. Керек десеңіз, 19-ғасырда қазақ даласын билеген генерал-губернаторлар – Василий Перовский мен Константин Кауфманның есімі күй тақырыбына айналды. Петерборға барған, патша үкіметінің сый-сияпатын көрген, ұлықтардан ат-шапан, ақша алған сал-серілер, аға сұлтандардың қасына ерген әйгілі домбырашылар болды.
Музыкалық тұрғыда қазақ дәстүріне саздық табиғаты келмесе де, орыс әуендері ұлы далада емін-еркін қанат жая бастады, балалайка мен сырнай үні жергілікті сазбен араласып, өзінше бір субмәдениет түзе алды. Қазақтың ән-күйінің басында тұрған классиктеріміздің шығармаларынан да «орысша» мелодияларды, «орысша» шығарма атауларын аңғаруға болады. Академик Ахмет Жұбанов бұл тенденцияның етек алуына байланысты былай тұжырым жасайды:
«...Кейбір халық сазгерлері қазақ мәдениеті, музыкасы мен музыканттары жөнінде деректер жинап жүрген орыстың прогресшіл мәдениетінің өкілдерімен жүзбе-жүз кездесіп, көзімен көрген. Ал кейбіреулері орыстың халық аспаптарымен һәм музыкасымен шындап танысқан, тіпті қайсыбір күйшілер қазақтың аспаптық пьесасына қойылатын күй деген ат бар уақытта бірдей музыкалық шығарманың мәні мен мазмұнын аша бермейтінін байқап, жанрларды талдап-тараулап мағынасын ашуға да талпынды. Осы мақсатпен бір күйінің атын «Марш» деп те қойған. Бағзы бір күйшілер өз күйлеріне лайықты қазақша ат қоюға болса да, «Охота», «Машина», «Не кричи, не шуми», «Каспий», «Итог» деп әдейі айдар таққан. Мұның бәрі бекерден-бекер емес, суреткердің жүрек көзімен уақыт талабын, жаңа заман рухын сезінуден туған заңды жайлар еді»iЖұбанов А. Ғасырлар пернесі. Қазақтың халық сазгерлерінің өмірі мен шығармашылығы туралы очерктер. Алматы: Дайк-Пресс, 2002. 23-бетте.
Екіұдай ахуал 20-ғасырдың алғашқы онжылдығына дейін сақталды. Тек 1916 жылғы патша үкіметінің Дала өлкесі мен Түркістанның «бұратана» халқын тыл жұмыстарына алу жөніндегі жарлығынан кейін қазақ шарт сынды. Оның арты ұлт-азаттық көтеріліске ұласты. Дина Нұрпейісованың (1861–1955) азалы «16 жыл» күйі шықты, ал Мәмен Ерғалиұлының (1868–1931) «17 жыл» күйі жортуыл жырындай жарқ ете қалды. Күйші Сейтек Оразалыұлының (1861–1939) «Заман-ай» туындысы халықтың басына түскен уайым мен мұңды толғады. Бұл қазақтың 20-ғасырда ұшыраған жаппай қырғынының басы болатын.
Дүрбелең жылдар: мәдениетке қарсы террор
Большевиктер билік басына келісімен, бұрынғы Ресей империясына қарасты отар аймақтарға жаңаша тәртіп орната бастады. Кеңес үкіметінің 1925–1928 жылдардағы атышулы «Кіші Қазан» төңкерісі ұлт өнерін жоюға бағытталған алғашқы саяси науқан еді. Сол дүрбелеңде халық өнерпаздары, ағартушылар, ақындар, жыршылар мен әншілер алғашқы болып мылтықтың қанды ауызына ілікті. Әсіресе халық күйшілері қатты жапа шекті, оларды қудалау өз алдына, домбырашылығымен аты шыққандар ату жазасына да кесілді.

Күштеп ұжымдастыру. 1932–1933 жылдардағы аштық және ауыл тұрғындарының жаппай қалаға көшуі салдарынан туындаған әлеуметтік күйзелістен қорыққан кеңес билігі 1930 жылдан бастап қуғын-сүргін саясатын жүргізе бастады. 1930–1939 жылдар аралығында жүздеген мың адам өлді / Alamy
Қанқұйлы саясаттың қалай жүзеге асқанын түсіну үшін «мәдени қырғынның» екі кезеңмен жүргенін айта кетуіміз керек. Мұны шартты түрде «Голощекин кезеңі» және «Мирзоян кезеңі» деп атауға да болатын шығар.
1925–1933 жылдары Қазақстанды Ф.И.Голощекин басқарып, қазақ даласына «Кіші Қазан» революциясын әкелді. Қолдан ұйымдастырған ашаршылық салдарынан халық қырғынға ұшырады. Зұлмат уақытында халық өнерпаздарын «итжеккенге», яғни Сібірге айдау арнайы саяси үкімдер арқылы орындалып жатты. Бұл қанды науқан қазақ даласының қай аймағында да сұрапыл сипат алды.
1933–1938 жылдары Қазақстан өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы болып Л.И.Мирзоян тағайындалды. Ол Алаш қайраткерлерін қудалаумен тарихта аты қалды. Ашаршылықтан әупірімдеп әрең аман қалған қазақтың ендігі жерде кеңес үкіметінің саясатына көнбеске амалы жоқ еді. Ал кеңестік идеологтар жаңа өкіметті, социалистік тұрмысты, колхозды мадақтайтын әндер мен күйлердің насихатына даңғыл жол ашты. Сталинге, Мәскеуге арналған жырлар, күйлер мен әндердің жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптайтыны осы уақыт.

VI Бүкілқазақстандық Кеңестер съезінде жолдас Голощекин баяндама жасап тұр. 28.03–03.04.1927 / Партиялық мұрағат құжаттарының репродукциясы / ҚР ОМКФҚДЖМ
1937 жылы 30 шілдеде КСРО Ішкі Істер Халық Комиссариаты бұрынғы кулактарды, қылмыскерлерді және басқа да антисоветтік элементтерді репрессиялау жөніндегі №00447 шұғыл және өте құпия бұйрықты шығарды. Мемлекеттік қауіпсіздік жөніндегі бас комиссар Н.Ежов қол қойған бұйрыққа сәйкес, әр республикаға арнайы ату квотасы бекітілді. Сол тізім бойынша Қазақтанның әрбір аймағынан мақсатты түрде өнерлі жандар тізімделіп, ату жазасына кесілді. Олардың арасында ишан-молдалар, ақын-жыраулар, қиссашы-дастаншылар, күй тартып аты шыққан қобызшы, домбырашы, сыбызғышылар бар еді.
Осы тақырып бойынша тағы
АПАТТЫҢ АНАТОМИЯСЫ
1931–1933 жылдары Қазақстанда ашаршылықты кім, қалай және не үшін ұйымдастырды?
Арқада атылған күйшілер
Күйшілерді жаппай қуғындау Арқа жерінде ерекше жүргізілді. «Ескілікті көксейді» деген желеумен ел ішінде аты шыққан күйшілердің көзін жаппай жою үшін арнайы науқан жарияланды.
1930 жылдары атылған өнерлі азаматтардың көбі сол кездегі қылмыстық кодекстің «58-бабымен» сотталған. Бұл отанын сатқандарды, көтеріліске қатысқандарды, шетелмен байланысқандарды, шпионаж, зиянкестік әрекет, террор, диверсия жасағандарды, кеңес үкіметіне қарсы үгіт жүргізгендерді, революцияға қарсы шыққандарды соттайтын қаһарлы бап еді.
Күйші Ахметжан Сармантайұлы (1862–1930) — осы баппен сотталғандардың бірі. Ол советтік жүйеден тайсалмақ түгілі, талайдың түбіне жеткен қылмыстық бапты күйге қосып, сол жылдардың қасіретін «58-статья» атты күйде қалдырды.
Большевиктердің қолына түскен тұтқын күйшінің осы шексіз батыл әрекеті кеңес өкіметінің беделіне оңай тиген жоқ. Арқаның әйгілі күйшісі 1930 жылы тұтқындалып, «үштіктің» үкімімен өзі күйге қосқан «58-статьямен» Қарқаралы түрмесінде атылды.

Сталинге жазылған шифрлық жеделхат / Ашық дереккөздерден
Ахметжан атылған соң, оның «58-статья» күйін тартуға, атауға тыйым салынды. Күйшінің мұрасын білетіндер бертіннің өзінде күйді өз атымен атауға батылы бармай, «Ахметжанның қосбасары» деп шертіп жүрді. Тіпті бұл күй жайлы ақиқатты ашқан жазушы Күләш Сардарбектің зерттеуінде белсенділер оның сүйегін таппасын деп, тас байлап Қарқаралының үлкен өзеніне тастап жібергені айтыладыiСардарбек К. 58 статья зарзаман. Алматы: Дайк-Пресс, 2007. 136-бетте. Ал 2010 жылы осы күй өнертанушы Базаралы Мүптекеевтің орындауында «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» антологиясына енді.
Тартушы да, таратушы да сотталған жылдар
Сембек Айдосұлы (1864–1930) да Арқаның ірі күйшілерінің бірі еді. Ол — Тәттімбет пен Итаяқтың мұрасын жалғастырған, өзі де көптеген айшықты күйлерімен аты шыққан өнерпаз. Әділдігінің арқасында ел арасында «Сары би» атанған беделді кісі болған.
Ол «кәмпеске» қырғыны келетінін алдын ала сезіп, Арқадан бетпаққа жылыстайды. Жазушы Кәмел Жүністегі белсенділердің күйшіні Шу бойында, Хан тауы деген жерде тұтқындағанын жазады. Атар алдында жендеттер оның саптама етігін, азын-аулақ қаражатын тонап алады. Бір қызығы, атылар алдында Сембекке күй тартқызып, домбырасын алып кетеді. Бұл домбыра аса шешен, әйгілі шебердің қолынан шыққан аспап екен. Сембектің осы домбырасын кейін Омар Тәйбек деген кісі сақтап қалады да, уақыт өте Кәмел Жүністегінің қолына аманат етіп тапсырады. Қазір сол домбыра жазушының үйінде сақтаулы тұр.
Қызыл өкіметтің қиянатына қарсы тұрған Сембек күйші де Ахметжан секілді өз наразылығын күймен жеткізіп, тарихта аты қалды. Айтқанда да ел есінен кетпейтіндей етіп — «Сезбес» деп атап, жауларының қабырғасын қақырата шертті.

ІІХК №00447 бұйрығы / Ашық дереккөздерден
«Сезбес» дегені ГПУ аңдушыларының лақап аты болатын. Себебі ағайынға ағайын жау болған заманда ел ішіндегі жансыздарды сезу шынында қиын еді. Сол «Сезбестердің» нақақ жаласымен 1930 жылы есіл күйшінің өзі де опат болды.
Сембек күйлерінің мазмұны — кеңес өкіметіне қарсы ымырасыз күрес жүргізген барша қазақтың мұңы. «Сезбес» күйі де сотталды, оны тартуға тыйым салынды. Тек 1989 жылы күйші ақталған соң, Сембек күйлерін Дәулетбек Сәдуақасов, Орал Исатаев сияқты дәстүрлі домбырашылар қайта жаңғыртты. Күйтабақтарға жазылуы тек Қазақстан егемендік алғаннан кейін қолға алынды.
Бұл күйді алғаш жазып алған, Сембек күйшінің атын күй тарихында қайта жаңғыртқан ғалым — фольклорист Тымат Мерғалиев. Ал Сембектің «Сезбес» қосбасарын жастайынан ел ішіндегі өнерпаздардан естіп өскен, кейін сотталған күйдің ақталуына тікелей араласқан зиялылардың бірі, күйшінің тікелей ұрпағы, әйгілі скрипкашы — Дүйсен Қасейінов.
«Қарғыс» қосбасар
Әбди Рысбекұлы да алағай-бұлағай заманда белсенділер қолынан қаза тапқан бір мұңлық еді. Артында «Зар қосбасар» атты күйі қалды.
Ол 1929 жылы Қызылеспе деген жерде ұсталып, абақтыға айдалады. Жүніс Ыбышев деген күй қадірін білетін кісінің көмегімен 1930 жылы түрмеден қашып шығады. Алайда белсенділер оның соңына түсіп, Ақсу-Аюлыда 1930 жылы қайта тұтқындайды. ГПУ оны Қарқаралының түрмесіне жауып, сол жерде үштік соттың шешімімен өлім жазасына кеседі. Атылар алдында күйші абақтыдағыларға ақырғы өтінішін айтыпты дейді. «Хасеннің Әбікенін шақырыңдар, бір күйімді алып қалсын» депті. Әбікен «Зар қосбасарды» екі тыңдағанда өзіне қайталап берген екен. 1958 жылғы жылымық уақытында Әбікен осы күйді күйтабаққа жазып қалдырған. Бұл қанды оқиға жөнінде Ақселеу Сейдімбек, Кәмел Жүністегі, Несібелді Әбдірахманова секілді зерттеушілер жазды.

Е.Александер. «Домбырашы». Павлодар. 1911 жыл / Гамбург этнографиялық музейінің қоры / ҚР ОАФКҚ ММ
Әбди алашшыл болған, қызыл өкіметтің елді ашықтан-ашық тонауына, малын алғанына тікелей қарсы шығып, қолына қару алып майданға түскен. Мәселен, 1930 жылы қазіргі Қарағанды облысы, Шет ауданында большевиктерге қарсы Алаш қайраткерлері Жақып Ақпаев пен Әлімхан Ермековтің жетекшілігімен «Бетпақдала» көтерілісі болғаны тарихтан белгілі. Көтерілістің мақсаты мал мен жанды аман алып қалу еді, Арқадан Бетпақдаланың жолымен Жетісуға көшуді мақсат етеді. Көтерілістің бас сардары Еркебек Дүйсенов еді. Кейін ОГПУ құжаттарында осы тергеу ісі «Дело Дюйсенова» деп аталды. Осы көтеріліске белсене араласқандардың арасында Әбди Рысбекұлының аты аталадыiM.Абсеметов. Сакен Сейфуллин — Председатель Совета Народных Комиссаров Казахстана (г.Оренбург, 1922–1924 гг.) Астана, «Рух-пресс»-2006. 205 стр..
Әбдидің Арқа даласын дүр сілкіндірген күйі «Қарғыс» деп аталады. Бұл да, «Зар қосбасар» сияқты, сол бір нәубетті жылдарға нәлет айтқан ащы күй. Жазушы Кәмел Жүністегі «Шырағдан» атты зерттеуінде бұл күйдің шығуы туралы былай деп жазады:
«Әбди «Қарғыс» атты күйін малы тоналып, ашыға бастаған ел қырыларға шақ қалғанда оған жаны ашып, қол ұшын бермеген сол дәуір басшыларына, қасіретті заманға арнаған. Әбди бұл кезде өзі де қуғында еді»iК.Жүністегі. Шырағдан, 95-бет.
«Қарғыс» күйін кеңес заманында тартуға ешкімнің батылы бармаған, тек ел ішінде күйші Бегімсал Орымбеков шерткен екен. «Қарғыс» күйі жойылған емес, тек «Әбдидің қосбасары» деген атаумен бірнеше тарау болып тартылып келеді. Мысалы, Әбдиден қалған тоғыз қосбасардың қайсы нақты «Қарғыс» деген тарауы екенін білетіндер жоқ. Әпике Әбенова мен Мағауия Хамзин жеткізген нұсқасын ғана Кәмел Жүністегі «Әбдидің «Қарғыс» деген күй осы ғой» деп отыратын.

«Ашаршылық 1933» фильмінен алынған кадр / Ашық дереккөздерден
«Қарғысты» Әпике үлгісімен жақсы шертетін Ақселеу Сейдімбек «Әбди өз жанынан көптеген сазды күйлер шығарған. Алайда бүгінгі күнге оның «Қарғыс», «Зар қосбасар» атты екі-ақ күйі жеткен» деп жаздыiА.Сейдімбек. Қазақтың күй өнері. Монография. Күлтегін баспасы. Астана, 2002. 791-бет.
Қазақ күйі қалай өзгерді?
Күйшілердің басына туған зобалаңнан соң кеңестік заманды, социализм мен коммунизмді күйге қосқан дүбірлі заман басталды. Ол да тұтастай жарты ғасырға созылды. Қазақтың күй өнері өз дәстүрімен дамыған сан ғасырлық мәдениет болғанымен, халықтық фольклор есебінде саналды. Бұдан былай оның дамуы тек еуропалық сауат алу арқылы жүзеге асуға тиіс деп есептелді. Соған сай халықтық музыканы камералық өнерге бейімдеу, өңдеу жұмыстары қарқын алды. Ұлт аспаптарынан құралған оркестр, ансамбльдер жасақталған соң күй өнері лезде мүлде басқа бағыт алып кетті.
Сөз жоқ, музыкалық білік қазақ күйінің орындаушылық тұрғыда мүмкіндігін арттырғанын мойындауымыз керек, осы бастама дами келе сахна мәдениетін де әкелді. Алғашқы қазақтың кәсіби әртістері, ноталық білімі бар домбырашылары әртүрлі деңгейдегі концерттік ұжымдарда, оқу орындарында еңбек етті.

В.Позденко. «М.Өскенбаев — ақын-импровизатор, композитор, домбырашы-виртуоз». Алматы қаласы. 1958 жыл / ҚР ОАФКҚ ММ
Ноталық сауаттың игілігін көрген домбырашылар Батыс Еуропа мен орыс композиторларының шығармаларын орындауға да машықтанып алды. Домбыра мен фортепианоға арналған күйлер, концерттер қанат жайды.
Қазақ күйлерінің тақырыптары да саясиланды десек болады. Пролетариат көсемдеріне, партияға, жұмысшы-шаруа, ауыл еңбеккерлерінің өмірін күйге қосу шығармашылықтың қалыпты жағдайына айналды. Кеңестік заманда қалыптасқан домбырашы даярлау әдістемесі осы күні едәуір өзгерді, күй дәстүрі, орындаушылық импровизация, туындының жанрлық ерекшеліктері, аймақтық күй мектептері оқытылады.
Дегенмен кеңес кезеңіндегі методиканың сарқыншағы әлі де бар. Мысалы, қайсыбір күй сайыстарының талаптарында Батыс Еуропа мен орыс композиторларының туындыларын міндеттеп қою секілді ескі көзқарастар сақталып келеді. Осы мәселе төңірегінде өнертанушылар мен орындаушылар, күй зерттеушілер мен әдіскерлер арасында ауық-ауық дау туындап жатады.

Евгений Сидоркин. «Жыршы», «Ғасырлар қойнауынан» сериясынан. 1971 жыл / Bonart.kz
Арқаның ұлық күйшілері — Сембек, Әбди, Ахметжандардың бізге жеткен туындыларында ұлттың зар заман кезеңіндегі тауқымет-тағдыры жатыр. Бұлардың қатарында сол жылдары репрессияға іліккен Кәрібек, Мақаш, Рысқұлбек, Ақмолда сынды дарынды күйшілердің де аттарын айтпай кете алмаймыз. Қазақ күйшілерінің осынау шағын ғана шежіресінен біз 20-ғасыр басындағы төңкерісті, өнерпаздардың ауыр тағдырын және жалпы руханиятқа түскен нәубетті баян еттік. Бұл шынында күйшілер тарапынан кеңес үкіметіне ашық «Қарғыс» айтылған кер заман еді.
