Подагра грек тілінен аударғанда «аяққа түскен қақпан» деген мағынаны білдіреді. Бұл ежелден сипатталған дерт саналады әрі мәдениеттегі өз алдына бөлек құбылыс. Подаграның қысқаша тарихында біз ежелгі дәуірде және Орта ғасырда аталған сырқатты емдеудің ең оғаш тәсілдері мен қатаң әдістері туралы сөз қозғап, подаграмен ауырғандардың неліктен өз сырқатын мақтан тұтқандарын әңгімелейтін боламыз.
Бұл қандай ауру?
Біріншіден, подагра қатты ауырсыну сезімін береді. Бәрі кенет буынның қатты ауруынан, әсіресе бақайлардың сырқырауынан басталады. Бірнеше сағат ішінде ауырсыну бүкіл денеге тарайды, адам қалтырауы мүмкін, дене қызуы да көтерілуі ықтимал. Бұл күй бірнеше күнге созылуы ғажап емес. Қимыл-қозғалыс жасау қиынға соғады. Подагра дертінің белгілерін 17 ғасырда ағылшын дәрігері Томас Сиденгам дәл сипаттаған еді, яғни төбет арандай азуымен сырқаттың бақайын тістеп алған сияқты әсер береді деп жазған. Оның ауыратыны сондай деп жазды Сиденгам, үстіңе киіп тұрған киіміңнің салмағына, тіпті адам жүріп өткен бөлмедегі тырсылға да шыдау мүмкін емес.
Подаграның ұстамасы масаңдық табы сияқты, бір стақан сыра мен мәрмәр сиыр етінен стейк жегеннен кейін мысық табандап пайда болады. Өйткені подаграның пайда болу себебі — пурин негіздерінің метаболизмінің бұзылуы. Пурин негіздері — барлық тірі ағзаның ДНҚ мен РНҚ-да кездесетін қосылыстар. Адамның ағзасына түскен кезде пуриндер несеп қышқылына айналады. Несеп қышқылы суда нашар еритін ақ түсті ұнтақ. Қалыпты жағдайда бұл «ұнтақ» денеден бүйрек арқылы шығады. Ал подагра кезінде несеп қышқылы алдымен қанға жиналады, сосын тұз кристалдары түрінде буындарға тұнады. Сәйкесінше, тұздардың буынға тұнып қалуы ауыр дерттің қозуына түрткі болады. Ал пуринге бай тағамдар қатарында ет, алкоголь, кофе, шай бар. Артық тамақтанудан басқа өзге де факторлар әсер етеді.
Мәдениеттегі подагра
1955 жылы подаграны «арашалау» әрекеті қолға алынды. Ғалым Эгон Орован Nature журналына «Адамның шығу тегі» деген мақала басып шығарды. Орованның пікірінше, данышпан адамдар подаграға ең бейім болады. Себебі зәр қышқылы құрылысы бойынша кофеинге, теофиллинге және теоброминге ұқсас, ал олар ойлау әрекетін белсендіреді және мидың жоғары қызметін, атап айтқанда, зейін қою қабілетін арттырады деп түсіндіреді.
Подаграның афродизиак сияқты әсері бар, яғни адамның жеңсіктігін арттырады деген кең таралған пікір бұл ауруды керемет нәрсе деп көрсетті. 16 ғасырдағы француз ойшылы Мишель де Монтень бір эссесінде: «Егер адамның подаграмен ауырғандағы сияқты аяғы әлсіз болса және оған қорек заттар бармаса, онда оның жыныс мүшелері үлкейіп, күші артады», – деп жазды. Подаграға шалдыққандар аз қимылдайды және көп демалады, сондықтан өз энергиясын «Венера спортымен» шұғылдауға жұмсай алады деп ойын жалғастыра түсті. Подагра туралы осындай түсінік ұзақ сақталды. Тіпті қазір де медицина төңірегінде жазылған әдебиетте подагра мен жыныстық белсенділік арасында байланыс бар деген тұжырымды кездестіруге болады, ал заманауи ғылымда подаграның әсері тура қарама-қарсы деп айтылады.
Ежелгі ауру
Алғаш рет бұл ауруды б.з. дейінгі 2640 жыл шамасында мысырлықтар анықтаған. Подагра — ең ертеде белгілі болған сырқат түрлерінің бірі. Подаграның ресми клиникалық сипаттамасын бірінші болып берген — Гиппократ. Ол мұны дене гуморларының тым артық болуымен түсіндірді.
Ежелгі және орта ғасырлық пәлсапашылардың пайымдауынша, әлем төрт элементтен: судан, оттан, ауадан, жерден тұрады. Ал олар өз кезегінде төрт шырынға (гуморға, латынның umor — ылғал сөзінен) — флегма, қан, қара және сары өтке сәйкес келеді. Қара өт — жерге, сары өт ауаға, қан — отқа, флегма — суға орайластырылады. Әрбір гумор екі критерий бойынша: құрғақ/ылғалды және жылы/суық деп сипатталады. Бұл шырындар тағамнан пайда болады, содан кейін асқазанға түсіп бастапқы заттарға ыдырайды, ал одан соң бүкіл ағзаға таралады. Әрбір шырынға «бекітілген» өз органы бар. Ылғалды және жылы қан асқазанда ең бірінші пайда болады және өзге де гуморлар бар деп есептелетін бауырда шоғырланады. Дымқыл және суық қара өт көкбауырда шоғырланады (латынша splen — «көкбауыр» және ағылшынша spleen — «сары уайым» да бір-бірімен байланысты). Құрғақ және жылы сары өт өтқабында, ал құрғақ және суық флегма — баста (мида деп оқыса да болады) және өкпеде болады. Ағзадағы осы шырындар үйлесімсіз болса, онда ауру пайда болады. Аурулардың пайда болуы туралы бұл теория — гуморалдық теория деп аталады. Осы күнге дейін біз осы теорияның ықпалындамыз: ол төрт психологиялық темперамент туралы ілімнің негізін құрайды: сангвиник темпераменті қанның мөлшерден тым артық болуынан (латынша sanquis — қан), ал меланхолик темпераменті қара өттің мөлшерден тым артық болуынан (грекше μέλαινα χολή — қара өт) деп түсіндіріледі. Сары өттің ағзадағы шамадан тыс мөлшері холерик темпераментінің (гректің ξανθη χολή — сары өт), ал шырыш мөлшерінің көптігі (гректің φλέγμα — шырыш) — флегматикалық темпераменттің себебі болады. Айта кету керек, «юмор — әзіл» сөзі мен ағылшынша of humour («әзілдік сезімі») сөз тіркесі де [гуморалдық теориямен] байланысты.
Гиппократтың моделі византиялық және араб дәрігерлерінің арқасында өте ұзақ уақыт қолданыста болды. Жалпы, бұл теорияның басты құндылығы — ағзадағы барлық нәрсе тепе-теңдікте болуы керек деген идеясында жатыр. Үйлесімді ем-дәм туралы түсінік те осыдан пайда болды. Сондықтан гумор теориясына сүйенген дәрігерлер подаграны ең алдымен ем-доммен емдеген, өйткені ағзадағы барлық шырын тағаммен келеді. Олар кереғар әрекет жасады, егер құрғақ және жылы өт басым болса, онда оны ылғалдандыру және жылыту керек деп есептеді. Сондықтан осындай сипаттамаларға сай келетін азық-түлікті қолдану қажет деп тапты. Сонымен қатар артық шырыннан арылуға да мүмкіндік туады деп есептелді. Диетадан басқа, әртүрлі шөп-гүл түріндегі дәрі-дәрмек ішу ұсынылды. Оған жануардан алынатын өнімдер мен сиқырлы салт-жора қосылды.
Біртүрлі ем
Көбіне (үнемі болмаса да) ежелгі дәуірде де, орта ғасырда да емдеуге арналған рецепті дайындау кездейсоқ жүретін. Ара-тұра медициналық теория тәжірибеден алшақтап кеткенін атап өткен жөн.
Мысалы, римдік дәрігер Гален (б.з. 1–2 ғғ.) мынадай рецепт ұсынған:
1. Қоянның аяғын ауырып тұрған жерге басу.
2. Аяқкиімнің ішін Жерорта теңізінің монах итбалығының терісімен қаптау.
3. Әсер етуі үшін Ай Таразыда немесе Арыстанда болған кезде алтын тағаға жазылған Гомердің өлеңін оқу керек,
Орта ғасырлық неміс дәрігері Лоренцо Фристің (1490–1532 жж.) рецепті әлдеқайда көп құрбандықты талап етті. Ол өз трактатында майлы қазды қуырып, оны доңыздың майымен, қарамаймен, балауызбен, қарабидай және туралған марғау етімен толтыруды ұсынған. Сырқатты емдеуге дәл келген тәсілдер де болды. Ежелгі ғылыми дәстүрлерді мұқият сақтаған византиялық дәрігерлер подаграны бәрінен де жақсы еңсере алды. Мысалы, Александр Траллесский (6 ғ.) подаграға шалдыққан адам күзгі лапыздың гүлін ішу керек деп шешті. Бір қызығы, күзгі лапыздан фармакологияда подаграны емдеу үшін қолданылатын зат — колхицинді бүгінгі күнге дейін өндіреді.
Диета
Көп жағынан ежелгі медицина дәстүрін ұстанған байқампаз мұсылман дәрігерлері науқастарға түйенің, сиырдың етін және тұздалған балықты жемеу керек деп дұрыс кеңес берді. Сондай-ақ күріш салып пісірген және бір шымшым табарзад (қатты ақ қант) себілген азғана сүттен басқа, барлық сүт өнімдерінен бас тарту керек еді. Бірақ ас үлесінде бадам жаңғағы және жүзім, інжір, алма, анар, айва және алмұрт сияқты қатты тәтті жемістер міндетті түрде болуы керек. Егер диета ұстаудан нәтиже болмаса, онда адамды құстыруға немесе қан алуға болады (бұл да барлық гумордың тепе-теңдігін қалыпқа келтіру үшін керек). Сонымен қатар қабынған буынды су немесе бу ваннасын жасап емдеуге болады. Кейбіреулерге ауру ұстағанда суық су көмектеседі, ал басқалары ұстаманың алдын алу үшін жылы суды пайдаланады.
Қытай әдісі
Осы уақытқа дейін білім мен ілімдердің жеке жүйесі ретінде мыңдаған жылдар ішінде қалыптасқан дәстүрлі Қытай медицинасы подаграны кешенді түрде емдеуді ұсынады. Қытай медицинасының қағидаларына сәйкес, адам табиғаттың бір бөлшегі болып табылады, ал табиғаттағының бәрі «инь» және «ян» энергияларының өзара әрекеттесуіне байланысты болады. Сондықтан кез келген ауру осы энергиялар арасындағы тепе-теңдіктің бұзылуы болып табылады. Сонымен бірге әлемнің бәрі бес элементтен: металдан, ағаштан, судан, оттан және топырақтан тұрады. Олар адамның түрлі мүшелеріне сәйкес келеді де, оны бес жүйеге бөледі. Барлық ағзалар бір-бірімен меридиан, қан және өмір беретін Ци энергиясымен байланысқан болады. Барлық жүйелердің байланыста және тепе-теңдікте болуы — денсаулықтың кепілі. Қытайдың пәлсапашылары мен медиктері адам өзінің осы күрделі жүйесін, ағзаның ауруға тойтарыс беру қабілетін қатайта және күшейте түсуімен бақылауға қабілетті деп санайды. Оны фитотерапияның, акупунктураның, күйдірудің, сылаудың (Туи-На), оңқа қоюдың, диетаның, дене жаттығуларын жасау мен серуендеудің көмегімен орындауға болады.
Подаграны жоғарыда аталып өткен — емдік шөптерді қолданумен, Ци энергиясының қозғалысына дем беруге және тепе-теңдікті қалпына келтіруге тиіс акупунктураны пайдалану, оңқа қою, қабынған жерлерді күйдіру және өмір сүру қалпын жақсарту, алкогольді мүлдем ішпеу, көбірек қозғалыста болу, диетаға отыру қағидаларына сәйкес емдеу ләзім.
Серпінді емдеу
17 ғасырда микроскопты ойлап тапқан дат ғалымы Антони ван Левенгук алғаш рет подагра түйіндерін зерттеп, сипаттап, олардың ине тәрізді ұсақ бөлшектерден тұратынын анықтады. Кейін 1776 жылы швед химигі Карл Шееле бұл бөлшектерді өзі ашқан несеп қышқылының кристалдары деп анықтады. Тек 1848 жылы ағылшын ғалымы Альфред Баринг Гаррод зәр қышқылының көп мөлшері подаграны тудыратынын дәлелдеді.
Ғылыми жаңалықтар науқастарды алаяқтардан арашалай алған жоқ. Француз фармацевтикалық «Шатлен» J.-L. Châtelain компаниясы ұйымдастырған айтарлықтай агрессивті жарнамалық науқанның арқасында 20 ғасырдың басында «Уродонал» препараты үлкен атаққа ие болды. Оны Еуропаның көптеген елдері, АҚШ және біраз уақыт КСРО өздеріне тасымалдады. «Уродонал» бауыр, бүйрек, өт қабы ауруларын және ревматизм мен артриттің әртүрлі түрлерін, соның ішінде подаграны емдейтін ғажайып дәрі ретінде жарнамаланды. Өндірушілер бұл дәрі ағзадағы зәр қышқылын ерітуге, шығаруға және бүйректерді емдеуге көмектеседі деп сендірді. Кейіннен компанияның барлық патенттері алынып тасталды, өйткені препарат тиімділігін көрсетпеді. Бірақ жарнама ұмытылған жоқ. Ол кеңестік «Ильф пен Петров» романының беттерінде және кеңестік «Хирург Мышкиннің күндері» атты фильмінде есте қалды.
20 ғасырдың ортасына қарай ағзадағы урат деңгейін төмендететін алғашқы дәрі-дәрмек пайда бола бастады. Аллопуринолды жасап шығарған Р. К. Робинс (1926–1992) ісікке қарсы препарат жасауға тырысты, бірақ одан оң нәтиже шыққан жоқ. Дегенмен ол жасаған аллопуринол деген препарат подаграны емдеуге көмектесті.
ОҚУҒА ҰСЫНЫЛАДЫ
1. Международная статистическая классификация болезней и проблем, связанных со здоровьем. Десятый пересмотр (МКБ-10).
2. Gritzalis KC, Karamanou M, Androutsos G. Gout in the writings of eminent ancient Greek and Byzantine physicians. Acta Med Hist Adriat. 2011; 9(1): 83-8.
3. Н.В. Жареникова, Н.В. Лопатинская, Ю.Е. Тугова Подагра — заболевание с тысячелетней историей // История и педагогика естествознания. 2016. №1.
4. The Cambridge illustrated history of medicine. / Ed. By R. Porter. Cambridge University Press, 1996.
5. Pow St. Gout of Khans: Disease, Treatments, and Medical Philosophy in the Mongol Empire. // The Proceedings of the 22nd Annual History of Medicine Days Conference 2013 / Eds. By A. Loewenau, W. Pratt, F. Stahnisch. Newcastle, 2018. P. 204-231.