Ирина Варьяш қорытынды дәрісінде барлық қоғамдағы басқа конфессия өкілдеріне қатысты кемсітушіліктің бастауы туралы және толеранттылықтың болмауы неге қауіпті екенін түсіндіреді.
Осы бір лекциялар курсы сегрегациялық белгілер тақырыбына арналған және мұнда біз адамзат өз тарихында бөтендерді таңбалау үшін қандай әдістерге жүгінгені жайында да сөз етеміз. Жанымызда өмір сүретін, бірақ бізден ерекшеленетін әлдебіреуді таңбалау қажеттігі, анықтағанымыздай, тереңде жатқан бірегейлігіңді сақтап қалып, өз үніңді өшірмеу үшін керек. Өзімізден тысқарыда жатқан нәрсемен, тұрмыстың барлық деңгейде қарсы қойып, өзімізді бөтеннен өзгешелеу арқылы ғана күрделі ойлау процесі негізінде «мендігімізді» табамыз. Жеке өмірінде адам ата-анасымен өзін біртұтас ретінде қабылдап туып, өседі. Уақыт өте келе «мен» деп айтуды үйренеді. Осылайша ер жетіп өскен үйінен, ата-анасының алқауынан босанады. Жаһандық тарихта, араласып кеткен халықтар, тілдер, мәдениеттер, өзгеше өмір салты, жоралғылар мен сенімдер ұшырасқанда, адам өзін жақсы танып, бойындағы бірегейлікті түсініп, қан араластық пен жойылып кетуден өзін сақтауды жақсы үйренген. Сондай-ақ олар ортақ тіл тауып, бір-бірінің бойынан анықтаған өзгешеліктер жағдайында қарым-қатынастарын қандай да бір жолмен реттеуді ойлап таба алған.
Алайда өз-өзіңді танып, бірегейлігіңді қорғау — бұл өзгелерді ырқыңа күштеп бағындыру керек деген сөз емес. Жалпы алғанда адамзатты бірнеше мың жылдық ішінде ойлап тапқан сегрегациялық және алалаушы стратегиясының (ережеге күштеп бағындыру) басты айырмасы осында жатыр. Тіптен, айталық қоршалған қыстақ, квартал ішінде өмір сүру сынды жалпыға мәшһүр әдеттің өзі қоғамдық санада саяси биліктің таңған ой-жүлгесінен кейін, тез арада сонда өмір сүрген топтың ерекшелігі ретінде емес, тұрмыс салты қалыптан тыс әрі оғаш болған қауым ретінде қабылдана бастайды. Осылайша өзгешелік бұзып-жаруға келмейтін қабырғаға, жатсыну — жаулыққа, ал әлеуметтік теке-тірес — агрессияға айналды.
Күштеп орнатылған сегрегациялық ережелер, жоғарыда айтып жеткізуге тырысқанымыздай, қоғамның ішкі иілгіштігін жойып, өздігінше ұйысу қабілетінен айырады. Бұрындары ереже орнағанға дейін жұрт шаруашылық және қоғамдық қажеттіліктерге сүйенсе, енді олар, бәлкім, бірден болмаса да, қоғамның дамуына байланысты (бес ғасырдан кейін я жүз жылдан соң) экономикалық және қоғамдық мүддеге қайшы келетін нормаларға көзсіз ереді.
Әлеуметтік біріздендіру, бірдей қылу арқылы тұтастыққа жету сынды «асқақ идеяға» бағынған батыс өркениеті өз-өзіне ауыр соққы жасады. 15 ғасырдың соңында Котолик корольдер Испания жерінен иудейлерді қуып шықты. Оларда үйі мен мүліктерін сатып елден көшу, не шоқынып, дінді қабылдау деген таңдау болды. Тағы жүз жылдан соң Испанияда мориск мұсылмандарының үрім-бұтағы қуылды. Испаниядан кеткен жүз мыңдаған адам шаруасын тоқтатып, қоғамдық өмірді ұйыстыру, ондағы тұрмыстың өзегін құру сынды қызметтерінен аластатылды. Олардың білімі, кәсіби білігі мен байланыстары әлемнің өзге аймақтарында сұранысқа ие болып, қисапсыз байлыққа кенелтті. Халықаралық сауда мен қаржы саласын дамытуға мүдделі болған италиялықтар иудейлерді арнаулы түрде өз қалаларына шақырды.
Дегенмен иудейлер мен морисктердің басым бөлігі Осман империясына қоныс аударды. Испания эмиграцияның алғашқы толқынын Жаңа Әлемнен, яғни колониялардан түсе бастаған толассыз ресурстардың арқасында ғана еңсере алды. Тарихтың тәлкегі бойынша, «өздерінің» иудейлері мен мұсылмандарының орнын «бөтен» үндістер басты, конкистадорлардың пікірінше, пұтқа табынушылар мен жабайылар (сол шақтағы испандық ғылыми әдебиетте олар адам ба деген мәселенің өзі шын мәнінде талқыға түскен) келді. Алайда осы адамдарды да басқарып үйренуге көп уақыт пен күш кетті. Эмиграцияның екінші толқыны испан экономикасына жойқын соққы берді және оның салдарын ешқандай колониядан түскен пайда жуып-шая алмады.
20 ғасырдың 30–40 жылдары Германияда еврей халқының көзін жою туралы доктрина құрылып, алты миллионға жуық адам қаза тапты, мыңдаған адам Германиядан өзге Еуропа мемлекеттеріне қашып кетті. Осы ғасырдың екінші жартысында неміс билігі, елдің мәдени, шаруашылық және интеллектуалды ақыл-ойының өзегін құраған еврей диаспорасын қайта қалпына келтіру үшін барын салғаны белгілі.
Тарих бізді сегрегациялық және алалау шаралары әркезде де орны толмас қатерге ұрындыратынына үйретіп келеді және аталған заңдылық жоғарыда сөз еткен шектен шыққан жағдаяттардан өзге мәселелерде де жұмыс істейді.
Қазірде біз толықтай әралуандық пен байланыс жайлаған жаһандық әлемде өмір сүріп жатырмыз. Басқаларды өз болмысымен қабылдап, сонымен қатар бірегейлікті сақтап қалу қабілетімізге байланысты: ілгері жылжимыз ба, ойлана алатын және жасампаз тіршілік иесі ретінде дамимыз ба, айналамыздағы жұрттың өмірін жақсарта түсеміз бе, балаларымыз киіміне ешқандай да таңбаны жапсырмай, дарбазаның сыртына шығуға және ғашық болуға қорықпай қамсыз тірлік кешуіне жағдай жасай аламыз ба деп қорықпай әрі қарайғы тіршілігіміз анықталады.
Ол үшін бізге сегрегациялық механизмді іске қосатын іштегі жасырын жатқан күшті түсіну аса қажет. Барлық алалағыш норма немесе сегрегациялық ой-жүлгенің артында әрекет бағыттары кейде сәйкес келетін, кейде қарама-қайшы болуы мүмкін екі күш тұр.
Бірінші күш — есепшілдік. Саяси бағынышты бөгде халықтан пайда көріп, өз талаптарың бойынша оларды шаруашылық жұмыстарға күштеп жегу — қандай да бір шектеу әрекеттерін енгізуге негіз болған себептердің бірі. Мәселен, қаланы басып алған кезде, өзге дін өкілдерін арнаулы, қайта тұрғызылып жатқан кварталдарға көшіру әрекеті, негізінен қаланың жайлы аудандарына басқыншылар жайғаса алуы үшін жасалады. Ал елден шығуға салынған тыйым, елдегі жұмыс күші мен бағынышты халықтан айырылып қалмау үшін қажет болады.
Екінші күш — үрей. Әдетте адамның үрейі, жеке басындағы әлсіздігіне байланысты туындайды. Батыс мәдениеті Шығысқа Крест жорықтарын жасаған дәуірде дәл осындай өркениеттік қорқынышты бастан кешірген. Бір жағынан, ол шақта мұсылман өркениеті мен Византия үстемдік құрған, 13 ғасырға дейін әрекеттері сәтсіз болып, осыған байланысты агрессиясы артқан Батыс Жерорта теңізінде әсіре пайдалы сауда-саттықты орнатуға бар күшін салды. Екінші жағынан, Батыс Шығыстың таусылмайтын байлығы және даналығы, құдіретті әрі салтанатты өркениеті алдында дәрменсіз күйде қалды.
Үрей адамды батыр қылатын және осы бір қозғалыстан туындаған идея сау ақылды көктей өтіп, мезі қылар фобияға айналады. Осыдан келіп римдіктер ғибадатханаларды қиратып, большевиктер шіркеулерді талқандайды және қытайлықтар қорған орнатып, ақ адамдар әрекетке көшеді... осы іспеттес тарих бетіндегі мысалдардың санында есеп жоқ.
Дегенмен бірде бір идея немесе саяси биліктің интенциясы қоғамның қолдауынсыз сәтті бола алмасын есте ұстаған жөн. Бұйрықтар мен ережелерді жер-жердегі шенеуніктер, қалалық кеңес түріндегі жергілікті өзін-өзі басқару органдары, таптардың жиындары, кәсіби қауымдастықтар сынды құрылымдар ғана іске асыра алады. Көбіне-көп аталған ережелер қатаң болды және пайда табу мен метафизикалық қорқыныш біте қайнасып кеткен индивидуалдық таңдауында да қатаңдана түсті. Мұсылмандарды ұстап алып, оларды христиан сылқымдарымен жыныстық қатынасқа түсті деп айыптаған шенеуніктер көз алдымызға дәл осылай елестейді. Уағызшыларға құлақ түрген қарапайым азаматтар, фюрерге бағынған тұрғындар — осылардың бәрі де идеяны әлеуметтік алалағыш тәжірибеге айналдыру әрекетіне ат салысады.
Сонымен алалаушы ережелерді Рим папасы да, халиф пен партия жетекшісі де ойлап таба алады. Бірақ жұрттың осы бір ойды құптауы немесе оған немқұрайлы қарауы тарих тасы қалай домалайтынын айқындайды. Бәлкім, орта ғасырлардағы және Ерте Модерн кезеңіндегі Батыс Еуропасы мен Таяу Шығыстағы тәжірибенің арасындағы айырмашылық осыған байланысты туындаған болуы мүмкін. Араб халифатында, Фатимидтік Мысырда және Осман империясында халықтың прагматизмі мен сау ақылы оқтын-оқтын билік ұсынған алалаушы сипаттағы идеяларды еңсеріп отырды. Алдыңғы лекцияларда өзге дін өкілдерін алалау идеясын ең алғаш болып II Омар халиф хатқа түсіргенін айттық. Әл-Хәкім халиф 11 ғасырда христиандарға үлкен ағаш кресті тағуға мәжбүрлесе, осман сұлтаны III Мұрат иудей әйелдерге жібек матадан тігілген киімді киюге тыйым салғаны белгілі. Дегенмен осы айтылған мысалдар, мемлекеттік саясатты немесе халықтың менталитетін емес, жекелеген билеушілердің әрекеттерін ғана сипаттайды. Модерн кезеңіне дейін Таяу Шығыста болсын, Орта Азияда болсын ешқандай да антисемитизм немесе христиандарды қудалау әрекеттері орын алған емес. Діни толеранттылық, сауда-саттықты, өнерді, ғылым мен медицинаны қолдау, аталған өркениеттің негізгі байлығы болды.
Қорыта келе, алалайтын заңдар ешуақытта, ешқандай да қоғамда немесе мемлекетте, әуелгі кезден болған емес, олар белгілі бір шарттар аясында туындап, үнемі әлеуметтік тәртіпті бұзып отырды. Ақыр аяғында адамзат осының кесірінен азап шекті.
НЕ ОҚУҒА БОЛАДЫ?
1. Лиотар Ж.-Фр., Хайдеггер және еврейлер. СПб., 2001.
2. Мец А., Мұсылман ренессансы. М., 1973.
3. Варьяш И.И., Арагон патшаларының билігіндегі Сарацендер. Құқықтық кеңістікті зерттеу. СПб., 2016.
4. Nirenberg D., Neighboring Faiths. Christianity, Islam and Judaism in the Middle Ages and Today. Chicago, 2015.
5. Leiser G., Prostitution in the Eastern Mediterranean World. The Economics of Sex in the Late Antique and Medieval Middle East. London–New-York, 2017.
6. Poliakov L., Auschwitz. Paris, 1973.