ЕВРЕЙЛЕР МЕН МҰСЫЛМАНДАРДЫҢ БАТЫСТА ҚУҒЫНДАЛУЫ

4-дәріс. Дінаралық махаббат: жеңіл жүріс, нәзік сезім мен азап

ЕВРЕЙЛЕР МЕН МҰСЫЛМАНДАРДЫҢ БАТЫСТА ҚУҒЫНДАЛУЫ

"Жастық су бұрқағы (Әбілхаят)" фрескасының үзіндісі. Италия. 15 ғасыр / Getty Images

Ирина Варьяштың ортағасырда христиандар, еврейлер мен мұсылмандар арасындағы жыныстық қатынасқа тосқауыл қоюға тырысқан биліктің сәтсіз әрекеті туралы кезекті дәрісі.

«Төбемнен ысқырып өткен оқтың дауысын талай естісем де сасып қалған кезім жоқ; бірақ оның көйлегінің сусылын естісем болғаны, бүкіл денемді суық тер басып, бүрсең қағамын. Қолына қару ұстаған жауымның қадамын жиі естісем де санамды сақ ұстап, үрейге бой алдырмадым; алайда оның дауысын естісем болғаны, тұла бойым өртке айналатын» — бұл мұсылмандардың өңірі Севильядан христиандардың Толедосына келген Ракель есімді сұлудың ғашығы, кастилья королі Альфонсқа оқып берген араб өлеңі.

Король бастапқыда бұл өлең жолдарына қырын қарады өйткені нағыз рыцарь мұншалықты бейшара күйге түспеуі керек. Алайда сосын севильялық сұлудың жайнаған көзін (теңіздей көк) есіне алып, «аталған өлең жолдарының Евангелие сынды ақиқат екеніне» көз жеткізді. Дегенмен ол сұлуға иелік еткенімен, бірақ Ракелидің «жан дүниесінің терең түкпіріндегі сыры жабық екенін, онда бір бірде арабтық, бірде еврейлік, бұған мүлдем құпия болған бөгде, ақылымен ұғып болмайтын, тек түбірімен жойып жібере алатын ғана сырдың жатқанын» сезді. Лион Фейхтвангер өзінің «Испан балладасы» деген, шынайы махаббатты жырға қосқан шығармасына, барлық қиындықтар мен шектеулерді бұзып өтіп, бірақ фанатиктер мен бәле іздеген жандардың қолынан қаза тапқан нәзік Ракельдің өлімімен аяқталған махаббат оқиғасын арқау еткен. Ақылды Альфонс корольдің жалпы жылнамасында аталған оқиға жайында қысқа ғана жазба кездеседі (шамамен, 1279 жыл).

Шарль Ланделл. Танжерден шыққан еврей. 1908 жыл/Livre: Gérard-Georges Lemaire, L'univers des Orientalistes, éditions Place des Victoires, Paris, 2000

Шарль Ланделл. Танжерден шыққан еврей. 1908 жыл/Livre: Gérard-Georges Lemaire, L'univers des Orientalistes, éditions Place des Victoires, Paris, 2000

Адамзаттың ұзын-сонар тарихындағы әртүрлі дін өкілдерінің арасындағы қарым-қатынас үнемі жынысаралық аспектіде өрбіді: әртүрлі дінді ұстанатын әйелдер мен еркектер бір-біріне ғашық болып, қатынас орнатты, осылайша бір реттік және ұзаққа созылған сексуалдық байланысқа түсті. Мұндай қатынастардың сипаты қай уақытта болмасын әралуан болып, түрлі форма иеленді және тарихтың әр кезеңінде құқықтық я моралдық тұрғыдан болсын реттеліп отырды.

Дүниежүзі діндерінің дінаралық жыныстық қатынасқа деген көзқарасы қандай?

Қатынастардың реттелуі және әсіресе, олардың өмірде қандай формада көрініс беретіні, ең алдымен ортаның мәдени деңгейіне байланысты болды. Алалау заңдарына арналған осы лекциялар курсында, біз үшін қандай да бір жолмен ислам, иудаизм мен христиан діндерін ұстанған адамдар арасындағы сексуалдық қатынасқа қатысты болған ережелер қызықты болып отыр.

Ибраһим діндерінің арасындағы өзге дін өкілдерімен орнаған сексуалдық байланысты реттеу дәстүрі ең көне саналатын иудейлік, шынтуайтында ұлтты оқшаулағыш, иудейлерді өзге тайпа өкілдерімен некелесуге түбегейлі қарсы тұрған, қатаң жүйе саналады. Айталық, Ескі інжілде (Дварим)

«... олармен құдандалы болып, қыз алысып, қыз берісуші болмаңдар. Әйтпесе олар балаларыңды Жаратқан Иеден бас тартқызып, бөтен тәңірлерге құлшылық еткізетін болады...».

Бұл пұтқа табынушы халықтардың ортасында өмір сүрген монотеистік қоғамдарда туған ереже болғандықтан, жүз жылдықтар барысында қатаң түрде сақталып және оқтын-оқтын, әсіресе, тарихтың еврейлер өзге аймақтарда қалып кеткен кезеңдерінде қайталанып тұрды. Иудейлер көп құдайға табынып, мысырлық аруларды әйел қылып алған Ғұзайырдың заманынан бері, аралас некелерге қатаң тыйым салынып, заңға қарсылық ретінде қарастырылды,

«өйткені олардың өздері және ұлдары бөтен ұлттардың бірсыпыра қызына үйленіп алған. Осылайша Құдайға бағышталған халық жалған тәңірлерге табынатын көршілес ұлттармен араласып кеткен. Мұндай опасыздықты алдымен істейтіндер — басшылар мен қызметкерлердің өздері».

Бабылдық құлдықтан Иерусалим жұртын құтқарған соң, ғұзайыр, барлық еркектерді еврей емес әйелдерін тастауға шақырды. Сол көне замандарда аралас некеге қатаң түрде тыйым салынып, әкесі пұтқа табынушы, ал анасы иудей болған балаларды, иудей санайтын, ал әкесі еврей болғанымен, анасы пұтқа табынушы болған балалар, пұтқа табынушы саналады деген ереже енгізілді. Осы бір ереже, еркектерді өзге қауымның әйелдерінен аулақ жүруге итермелеуі керек.

1 / 2

Осы бір тыйым Талмудта да жазылған. Онда иудей еместермен некеге тұруға болмайды деген шектеудің заңды күші жоқ делінген, ал мұндай одақтағы әйелдің қаржылық қолдау алуға қақы жоқ.

Дегенмен христиандар, содан кейін мұсылмандар пұтқа табынушылар ретінде саналмағанымен, олар иудей емес-тұғын. Сондықтан олар да көнеден бері сақталып келе жатқан әрі қайта ой елегінен өткізілмеген, бөтендермен некеге тұруға болмайды деген ережеге сай келмейді. Мұндай шектеудің түпкі мағынасы, отбасына жорамалдар мен сенімді әкелетін, балаларды баулитын әйел адам деген сенімнен шыққан. Ал сенімі шайқалған әйелдің кесірінен хақ дін іргесі сөгіліп, діни ережелер сақталмайтын болады. Осылайша қоғам бұзылады. Осы тұста неке мәселесінде оқшаулағыш қатынас, ең алдымен, қорғаушы қызметті атқарады.

Ал христиан дінінде неке мәселесі бірден шіркеу құзырындағы іске айналып, пұтқа табынушылар және өзге дін өкілдерімен құрылған одақтар теріс қабылданды, ара-тұра тіптен, оған тыйым да салынды. Дегенмен Батыс Еуропада Орта ғасыр бойына азаматтық некелік одақтар деп аталған тәжірибе кең тараған, яғни шіркеу мақұлдамаған және келісімшартқа негізделген аралас неке түріндегі одақтар, бұл жағдайда норма ретінде қабылданбаған.

Маастрихт қасиетті кітабынан миниатюра. Сарай дворянының бейнесіндегі маймылмен сөйлесіп отырған әйел. 14 ғасыр/British Library

Маастрихт қасиетті кітабынан миниатюра. Сарай дворянының бейнесіндегі маймылмен сөйлесіп отырған әйел. 14 ғасыр/British Library

Исламда аралас неке мәселесі өте иілгіш келді. Әлбетте, мұнда да көп құдайға табынатындармен некеге тұруға о бастан рұқсат берілмеді, алайда «Қасиетті кітап түскен» қауымдарға қатысты көзқарас жағымды болды. Айталық, исламда мұсылман мен христиан немесе иудей арасындағы аралас некеге рұқсат болды, дегенмен ондай некелері айрықша дәреже берілді. Көптеген уағызшылар мен қазылар, мұсылмандарға осы іспеттес неке түрі опа бермейтінін дәлелдеуге тырысып, еңбектерінде сол жайында сөз қылды: олар шошқаның етін жеп, шарапты ішкен ерінді сүю қаншалықты жағымсыз боларын жазды. Бірақ мұсылмандық заң дәстүрі ешуақытта мұндай некеге тыйым салып, мұсылман емес әйелден туған балаларды заңнан тыс қалдырған емес. Керісінше, мұнда мұсылман қызға өзге дін өкіліне күйеуге шығуға тыйым салынды.

Испания қалаларындағы дінаралық жыныстық қатынас туралы заңдары

Әлбетте, діни қағидаттар мен дәстүрден туған аталған ережелерді сақтау қиынға соқпады және олар бөгде діни қауымдастықтың өкілдері кішігірім топ құрып дербес өмір сүріп, өзге дін өкілдерімен көп бетпе-бет келе бермеген аймақтарда немесе тарихтың сондай кезеңдерінде ешқандай да мәселе тудырған емес. Мәселен, аралас неке орта ғасырдағы Скандинавияда үлкен мәселе болды дегенді көз алдыңа елестетудің өзі қиын. Ал, керісінше, христиандар, мұсылмандар мен иудейлермен қатар өмір сүрген аймақтарда, бірнеше ұрпақ, аралас неке мәселесіне қатысты норма мен іс жүзіндегі туған кикілжіңнен айналып өте алмады. Айталық, орта ғасырдағы Испанияда аралас некеге қатысты мәселе мен оданда кең мағынасында алғанда (сексуалдық қатынас жөнінде) христиандардың өзге дін өкілдерімен байланысы тек уағыздарда немесе заңнамалық трактаттар ғана емес, сондай-ақ корольдің актілерінде, епископтардың хаттарында, қала ережелерінде және біз үшін қызықты болған, нақты оқиғалар көрініс тапқан сот құжаттарында бірнеше дүркін көтерілген.

Осындай тарихи материалдың арқасында Латиндық Батыстың сегрегациялық заңдарына тағы бір қырынан қарауға мүмкіндік туады. Егер алдыңғы лекциялардағы христиандар мен өзге дін өкілдерінің арасында физикалық жақындыққа жағымсыз көзқарасты соборлар мен корольдердің жазбалары паш етеріне арнайы назар аудартуға тырысқан материалдарды еске түсіретін болсақ, онда сексуалдық қатынас тақырыбының маңызы арта түсетіні түсінікті болады.

Шынтуайтында, папаның құжаттарында, корольдердің жарлықтарында және епископтардың хаттарында тура мағынасында: «христиан қанының тазалығына қауіп төндіретін, күйреткіш аралас байланыстарды болдырмау үшін мұсылмандарды айыру оңай болуға тиіс, сондықтан бірге тұрудан, ортақ баспана мен сексуалдық байланыстардан аулақ болған жөн» деп айтылған. Христиан қоғамына дәл осы физикалық жақындықты болдырмау идеясы таңылды және 13 ғасырда латиндік өркениет осы бір мәселеге қайта-қайта орала берді, дегенмен бәрі сәтсіз болды.

Айталық, 13 ғасырдың соңында испан қалаларында жергілікті жоралғыларды хатқа түсіру үрдісі белең алды. Аталған жазбаларды, әлбетте, Рим құқығы мен корольдік заңдарды жақсы білген заңгерлер жүргізді. Бұл жоралғыларда аралас сексуалдық қарым-қатынастарға көңіл бөлінді. Некеден тыс христиан әйелмен сексуалдық қатынасқа түскен иудей немесе мұсылмандарды Тортос Жоралғылары бойынша жануарға байлап, өліп қалғанша сүйрелейтін болған, ал әйелді өрттеген. Бұл — құқықтың осы саласындағы ең қатігез жазалардың бірі. Валенсия фуэросы бойынша да, осыған ұқсас жағдайда екі кінәлі адам да жазаға тартылуға тиіс болған. Екеуін де отқа жаққан. Барлық қалалардың заңнамасында осы іспеттес қылмыстарды қатаң түрде жазаға тарту тәжірибесі болмаған, бірақ Испанияда өзге дін өкілдерімен жыныстық байланыс орнатқаны үшін отқа жағу жазасы шынтуайтында іске асырылғаны белгілі. Сондай-ақ сексуалдық байланыс орнатқаны үшін кінәлі болған әйелдерді (мұсылман немесе иудей) заң бойынша отқа жақпай, корольдің күңіне айналдырған. Осыдан кейін ол әйелдерді корольге немесе оның бала-шағасының біріне қызмет етуге қалдырды не басқа біреуге сатып жіберді, я ақша табуға жезөкшелер үйіне аттандырды. Мұндай әйелдердің, егер өзінде және отбасында қаражат болса, бостандығын сатып алуға немесе корольдік лицензияны (бұл бостандығын сатып алу үшін, қайыр сұрауға берілген рұқсат) алуға қақы болды.

Гильберт де Мец. Жұмсақ құшақ / Walters Art Museum

Гильберт де Мец. Жұмсақ құшақ / Walters Art Museum

Ал христиан әйелмен жыныстық қатынасқа түсті деп айыпталған мұсылманға ешқандай кешірім жасалмады. 1311 жылы арагондық Дарокеде орын алған қайғылы бір оқиға белгілі: Әли Маталон есімді сарацинге Прона Гарсон есімді христиан әйелмен бірге тұрды деген айып тағылған. Осы бір махаббаттан бала дүниеге келіп, қатынас әрмен қарай жалғасқан деген жорамал айтылған. Әлиді жергілікті билік өкілдері ұстап алып, тез аяқталған соттан кейін отқа жаққан. Пронаға қаладан қашып кетудің сәті түскен, бірақ көп өтпей қолға түсіп, оны да сотқа тартқан. Ол ақыл-есі дұрыс және «пәк» екенін анықтаған тексерістерден өтіп, өзін кінәсіз екенін дәлелдей алған. Әлиге шығарылған үкімнің әділетсіз болғаны мойындалып, осы шешімді шығарған шенеунікке қарсы іс те қозғалған. Алайда бұл әрекет қайтыс болған мұсылманды қайтіп тірілтпеді.

Әлбетте, орта ғасырлардағы заңнамалар некеден тыс сексуалдық қатынастарға келгенде шамадан тыс қатаң болды: яғни әйелі бар еркек пен тұрмыстағы әйел арасындағы заңсыз қатынастар зина ретінде саналса, бойдақтардың некесіз байланысы азғындық ретінде қабылданды. Зинақорлық пен азғындық, егер өзге дін өкілдері іске қатысты болмаса да, ауыр қылмыс түріне жатқызылды. Алайда латиндік құқық жүйесінде өзге дін өкілімен жыныстық байланыс орнату айрықша жағдай ретінде, арнайы бөлім бойынша қарастырылып, жаза христиандар жасаған өзге ауыр қылмыстардағыдай жай ғана қатаң болып қана қоймай, көпшілікке сабақ болу үшін жария түрде орындалды.

Сонымен қатар, қатаң жазаға зинақорлар мен азғындар ғана емес, христиан әйелге ақысын төлеп сексуалдық қызмет алған мұсылмандар да тартылғанын атап өткен жөн. Бұл — христиан дүниетанымының өте маңызды айрықшалығының бірі.

Осы тұста орта ғасырлардағы жезөкше үйлері, модерн кезеңдегі жезөкше үйлеріне қарағанда дәрежесі өзгеше болғанын тілге тиек ету керек. Онда қызмет көрсеткен әйелдердің кәсіби лицензиясы болған және олар кірісінің бір бөлігін қазынаға өткізген. Жезөкшелерге бару тәжірибесі зайырлы заңнама негізінде реттеліп отырмаған, дегенмен жезөкше-христиан әйелдерге өзге дін өкілдеріне қызмет көрсетуге қатаң түрде тыйым салынды. Айрықшалағыш белгі немесе айрықша киім жөнінде сөз еткен лекциямыздағы айтылған папалық заңдарды немесе епископтардың хаттарын еске түсірер болсақ — олардың бәрі де сегрегациялық нормалар негізінен жезөкшелікпен айналысқан христиан әйелдермен мұсылмандардың «білместікпен қауіпті байланыс орнатып қоймауы» үшін қажет дегенге нұсқайды.

Тыйымдарды кім және қалай бұзған?

Осы іспеттес шектеулерден кейін, табиғи түрде қара нарықтар қалыптасты — өзге дін өкілдеріне қызмет көрсету бағасы тым қымбатқа соқты. Өйткені шектеуді бұзып, басын қатерге тіккен жезөкшенің тәуекелі үшін қосымша ақы төленді. Бірде, 1389 жылы рождество түндерінің бірінде жезөкшелікпен айналысқан христиан әйелі, сырт келбеті христианға ұқсайтын клиентті қабылдаған. Жезөкше өзге аймақтан келіп, жергілікті тұрғын болмағандықтан, клиенттің өзге дін өкілі екенін аңғара қоймаған. Оның есімі Лоп және оның мұсылман екенін жезөкше әйел, айтуынша, Лоп кетіп қалған соң, мекеме қожайынынан естіген. Мекеме қожайыны қымбаттатылған баға бойынша, өз үлесін алуға мүдделі болғанымен, әйел қаржының көп бөлігін бергісі келмеген және осылайша іс баршаға аян болған. Нендей жағдай түрткі болғаны беймәлім, әйел, таң атпай жергілікті қазының үйіне келіп, әділдік сұрап есігін тарсылдатып қаға бастаған. Осы тұста, қазы, ең алдымен Лоптың қанша ақы төлегенін және әйел жасырып қандай да бір қосымша сыйлықтарды айтпай қалып-қалмағанын білгісі келген.

Христиан әйелімен байланыс орнатты деген айыптың мұсылмандар үшін тағы бір қауіпті қыры, жергілікті билік мұндай жағдайларды ауыр қабылдап, еркектер өз қақы қорғалуы үшін күресуге тура келетіндей, тергеу ісін қатаң жүргізді. 1344 жылы бай қала Льейда өмір сүрген, Салем есімді еркек, тұрмыстағы Арнольдон есімді әйелмен жыныстық байланысқа түсті деп айыпталды. Салем ұсташылардың бай әрі атақты отбасында туып, қауым арасында үлкен лауазымды орынға жайғасқан адам болды. Дегенмен корольдік шенеунік жүргізген, әрі біреудің шағымы бойынша басталған сот процесінде, Арнольдонның күйеуі, әйелінің намысын қорғап, Салеммен қандай да бір зинақорлық әрекетке барғанын жоққа шығарды. Осылайша Салем корольдік хаттың арқасында жазадан құтылып кетті. Корольдің мөрі басылып, корольдік канцелярия жазған және елшісі жеткізген аталған хатты, Салемнің бауыры жаздыру үшін отбасының қыруар қаржысын құртқан. Ал корольдің қол астындағы бағынышты қызметкерінің өтінішіне жауап берілген хаттың өзінде, сотқа барлық ережелер мен тергеу тәртібін сақтап, Салемге заң аясында өзін-өзі қорғауға мүмкіндік берілсін деген ақпар ғана болған.

Қырық жыл өткен соң Льейда қаласында тағы да, бұл жолы ақысы төленген қызмет негізінде христиан әйелмен жыныстық қатынасқа түсті деген айып тағылған бай әрі ықпалды әулеттің екі мұсылман өкілі ұсталды. Байғұстарға тергеу барысында күш көрсетіп, өлім жазасына кесіп, отқа жаға ма деп қауіптеніп, бүкіл қауым болып қорғауға тырысты және бұл қауіптері негізсіз емес еді.

Ағашқа жасалған өрнек. Қасиетті Жерге неміс қажылығы. 1486 жыл/Wikimedia Commons

Ағашқа жасалған өрнек. Қасиетті Жерге неміс қажылығы. 1486 жыл/Wikimedia Commons

Христиан әйелімен байланыс орнатты деген айыптың мұсылмандар үшін тағы бір қауіпті қыры — жергілікті билік мұндай жағдайларды ауыр қабылдап, еркектер өз құқығының қорғалуы үшін күресуге тура келетіндей, тергеу ісін қатаң жүргізді. 1344 жылы бай қала Льейда өмір сүрген, Салем есімді еркек, тұрмыстағы Арнольдон есімді әйелмен жыныстық байланысқа түсті деп айыпталды. Салем ұсташылардың бай әрі атақты отбасында туып, қауым арасында үлкен лауазымды орынға жайғасқан адам болды. Дегенмен корольдік шенеунік жүргізген, әрі біреудің шағымы бойынша басталған сот процесінде, Арнольдонның күйеуі, әйелінің намысын қорғап, Салеммен қандай да бір зинақорлық әрекетке барғанын жоққа шығарды. Осылайша Салем корольдік хаттың арқасында жазадан құтылып кетті. Корольдің мөрі басылып, корольдік канцелярия жазған және елшісі жеткізген аталған хатты, Салемнің бауыры жаздыру үшін отбасының қыруар қаржысын құртқан. Ал корольдің қол астындағы бағынышты қызметкерінің өтінішіне жауап берілген хаттың өзінде, сотқа барлық ережелер мен тергеу тәртібін сақтап, Салемге заң аясында өзін-өзі қорғауға мүмкіндік берілсін деген ақпар ғана болған.

Қырық жыл өткен соң Льейда қаласында тағы да, бұл жолы ақысы төленген қызмет негізінде христиан әйелмен жыныстық қатынасқа түсті деген айып тағылған бай әрі ықпалды әулеттің екі мұсылман өкілі ұсталды. Байғұстарға тергеу барысында күш көрсетіп, өлім жазасына кесіп, отқа жаға ма деп қауіптеніп, бүкіл қауым болып қорғауға тырысты және бұл қауіптері негізсіз емес еді.

Мәриям даңқына арналған кантига. Мұсылман еркекпен зинақорлық жасады деп жалған айыпталған христиан әйел Мәриямның араласуының арқасында өртенуден құтқарылды / Wikimedia Commons

Мәриям даңқына арналған кантига. Мұсылман еркекпен зинақорлық жасады деп жалған айыпталған христиан әйел Мәриямның араласуының арқасында өртенуден құтқарылды / Wikimedia Commons

Тарросондық сарацин Махометтің (1317 ж.), Салем секілді жолы болмады. Оны «христиан-сылқымның тән рақатына бөленгісі келді» деп айыптады. Жергілікті соттың шешімі бойынша оны отқа жағу бұйырылды, сол шақта Махомет жоғары құрылым Арагон прокурдорына апелляцияға берді. Ол, алайда Махометті кінәлі деп тауып, сот шешімін мақұлдады. Осыдан кейін мұсылмандар әміршіге жүгінді. II Хайме (1291–1327) Махометті «өзге сарациндерге үлгі болуы үшін, отқа жағуға бұйырып», өтінішін аяқасты етті.

1510 жылы Монсондағы арагондық кортестер, егер екі тараптың да кінәсі дәлелденетін болса, жезөкшені де, оның клиентін де өлім жазасына кескен. Ал қылмыскер сарацин болса, отқа жағылған. Бұл бертінде қабылданған ережелердің, ол шақта іске аса қойғанына күмән келтіруге болады. Айталық, аталған нормалардың іс жүзінде сақталғанын айғақтайтын бізге жеткен бірде бір тарихи құжат жоқ. Алайда латиндік заңнамаға осы іспеттес реттеу нормаларының бірнеше дүркін енгізілмек болғаны, бұған қатысты нақты бір идеяның болғанын көрсетеді.

Христиан әйелімен қатынасқа түскені үшін неге алдымен өзге дін өкілін жазалаған?

Олай болса, испандық құқық дереккөздерінде «отқа жағу сынды қатаң шара неліктен тіркелген?» деген сауал туындайды. Латиндық заңнамада аталған жаза түрі сирек қолданылған әрі ол шешімнің астарында діни тазару сынды мағынаның жатқаны да анық. Мәселен, өлім жазасына, еретикті немесе мыстанды кесуі де мүмкін екені жалпыға аян.

Аталған сұрақтың жауабын орта ғасырдағы еуропалық менталитеттен, яғни ол кездегі адамдар қалай ой жүгірткенінен, олардың әлемді қабылдауына қандай мәдени және діни қағидаттар ықпал еткенінен іздеу қажет. Осы бір менталдылықтың салдарынан папаның заңдарында христиандық сылқымдардың пайда болғаны сөзсіз. Жамағатқа иудейлер мен мұсылмандардан аулақ болуды насихаттаған, Висент Феррер де танымдық уағыздарында осы жөнінде айтқан. Ол уағыздарында, егер бір сылқымның өзі кәпірге тәнін ашатын болса, сол арқылы христиан қауымдарына да қауіп төніп, ақыры оң болмасын ескертіп отырған. Христиан клирктері діннің тазалығы мен тұтастығына төнер қауіпті дененің ең ұятты жерінен тапты. Ақырындап дене мен тән метафорасы арқылы жеткізілген рухани санат, уағызшылар мен тыңдармандардың өз санасында дербес және қосымша мағынаға ие болғаны анық. Егер клирктер дін тазалығын сақтауға тырысса, ал діни тәрбиеден алшақ қарапайым жұрт, жеке тәнге бар назарын аударып, иудейлер мен мұсылмандардың денесінде қандай да бір түсініксіз настық кездеседі деген күмәнға құрылған тұжырымды тудырып алған.

Иероним Босх. Жердегі ләззат бағы. 16 ғасыр/Wikimedia Commons

Иероним Босх. Жердегі ләззат бағы. 16 ғасыр/Wikimedia Commons

Осы тәріздес тәсілді, сот процестерін хатқа түсірген шенеуніктердің жазбаларынан табуға болады. Мәселен, Арнальдонмен жыныстық қатынасқа түсті деп айыпталған Салемнің ісі тіркелген хаттамада:

«Льейданың сарацины, дінге сенген барлық діндарлардың арын аяққа таптап, <…> христиан әйелдің тәнін сүйген. Осы іспеттес сұмдық әрекет католиктердің сеніміне селкеу түсіргендіктен, сот бұған көз жұмып қарамай, кінәлі адамды жазасыз қалдырмауға тиіс...» делінген.

Осы іспеттес тәсілдер наным-сенімді, ал, өз кезегінде, наным-сенім — қорқынышты тудырды.

Біз осы бір қорқынышты нақты өмірлік жағдаяттардан және христиан жезөкшелерімен жыныстық қатынасқа түсті деп айыпталған мұсылман еркектеріне қарсы қозғалған сот істері туралы материалдардан нақты көре аламыз.

"Жастық су бұрқағы (Әбілхаят)" фрескасының үзіндісі. Италия. 15 ғасыр / Getty Images

"Жастық су бұрқағы (Әбілхаят)" фрескасының үзіндісі. Италия. 15 ғасыр / Getty Images

Дегенмен тарихта, қағазға түскен нормалар мен тыйымдардың, нақты өмірде болып жатқан жағдайлармен сәйкес келмей қалатын кезі жетерлік: мұсылмандар аталған тыйымға пысқырып та қармағаны белгілі. Айталық, 1304 жылы, мәселен, өз қызметін жайылымда жүрген жұмысшыларға көрсетуге келген Толбылық Алисентаға, Айтола есімді (атының өзі қайдан шыққанынан хабар береді) сарацин келген. Оған христиан бақташы Лоренс достық пиғылмен, Алисентамен жыныстық қатынасқа түскің келмей ме деп ұсынған. Айтола мұсылман екенін әрі жезөкшеге төлейтін ақшасы жоғын айтқанымен, Лоренс қарызға ақша ұсынып, христианмын деп өтірік айт деген. Ол үшін есімін Жоан деп, христиандар секілді сөйлеп, айлақтан келгенін айтса болғаны. Осындай аса айлалы болмаған өтірік, екі еркектің ойынша, өз дегендеріне жеткізуі керек. Осы тұста, екі ересек адам, сарациннің шашы мен киім үлгісіне мән бермегенін атап өткен жөн. Бұл ол аймақта осы іспеттес киім үлгісі мен адамның түр-тұлғасы қатты айрықшалана қоймайтынан хабар береді. Айтола «сырт келбет» тексерісінен сәтті өтіп, қабылданғанымен, көп өтпей өтірігі әшкере болған: сотта Алисента «оның мүшесіне қарап, сарацин екенін аңдағанын» жеткізген. Осы бір олқылықты анықтай сала, ол жұртты көмекке шақырып, сосын екі еркекке де қарсы (мұсылманды да және христианды да) шағым түсірген.

Испаниялық сот процесінің материалдарынан, жергілікті билік өкілдері мұсылмандарды олардың қылмысына қатысты ешқандай да ілік, куәгер болмағанда, тіптен күдік тудырмаған сәтте орынсыз қинағаны белгілі. Заңнамалық тұрғыдан мұндай тәсілді христиан адамға қолдану мүмкін болмайтынын атап өткен жөн. 1387 жылы Тортостағы корольдік шенеуніктің бірі өзінің өзге дін өкілдеріне қатысты көзқарасын айқын көрсеткен. Ол жергілікті қауымнан Алюша есімді сарацинінді «христиан-әйелмен жыныстық қатынасқа түсті» деген айып бойынша ұстап алып, оны «ешқандай да іліп пен күдік болмаса да тергеп, күш көрсетпек» болған. Аталған шенеунік осылай жасауға, ол ер адам — «сүндеттелген және христиан дінін өзге дінді ұстанғандықтан» негіз бар деп санаған.

Христиан билігі сүндеттеуді не үшін сынға алған?

Шенеуніктердің көз алдында піштірілген мүше мұсылманның немесе иудейдің денесіндегі айрықшалық ретінде қабылданып, олардың физикалық болмысына қатысты түсінігін өзгерткені соншалық, тергеу барысында күш көрсетіп, шектен шығудың өзі қалыпты құбылыс ретінде санаған. Осы бір қисын бойынша, спецификалық өзгертілген денемен жыныстық қатысқа түсу қазынадан тазарту жұмыстарын жасауды талап етеді — қылмысқа барған мұсылманда да, онымен байланысқан әйел де отқа жағылуға тиіс.

Ашықтан ашық қорлау рухани және физикалық деңгейде де ойластырылды. Христиан адам үшін, денеге қатысты жасалатын піштіру жоралғысы, жанама түрде христиан әйелдің денесіне физикалық қатер ретінде қабылданды. Көнеден бері жасалып келе жатқан түсіксіз жоралғы, латин қауымы үшін оғаш ота саналды. Сонау Рим империясы тұсында билік сүндеттеуге тыйым салып немесе осы жоралғыны жасауы мүмкін жандардың, яғни иудейлерді (ол шақта мұсылмандар болмаған) құқығын шектеуге тырысқан. Рим заңнамасында иудейлердің діни жоралғыларын оң қабылдай алатын құралдар болмаған. Еркін адамның денесінің тұтастығына ерекше мән берген орта ғасырдағы герман менталитеті, әлі де болса сүндеттеу жоралғысын қабылдай алмады. Римнің құқықтық дәстүрімен және христиан дінінде Құдайға тән арқылы емес, жан арқылы құрбандық шалу қажет деген шіркеу идеяларымен сәйкес келген бұл ереже әрмен қарай жалғасын тауып, заң тұрғысынан тыйым орныға түсті. Мәселен, Вестготстік құқық та иудейлердің құқығын аяққа таптап, тіптен сүндеттеуге тыйым салған.

Мәсіхтің сүндеттелуі. Австрия. 1340 жыл / Wikimedia Commons

Мәсіхтің сүндеттелуі. Австрия. 1340 жыл / Wikimedia Commons

12–13 ғасырда христиандар римдіктер мен вестготтардан айырмашылығы сүндеттеуге тыйым салмады, дегенмен ол жоралғыны әлі де болса түсіне алмай, қорқақтап жүрді және оған қандай да бір магиялық сипат дарытып, жоралғының орындап болған соң, мұсылманның мүшесі хақ діннің іргесін сөгіп, физикалық денені ластайтын жамандық ретінде саналды. Осыдан келіп бұзылған денені от арқылы тазарту идеясы туған болса керек. Дәл осыған байланысты 1510 жылы кортестердің ойынша, өрттеу арқылы өлім жазасына мұсылман да және жезөкше де кесілуге тиіс болды. Осыған байланысты махаббаттан жапа шеккен әйелдер, клиенттердің алдауына түсіп қалып, шындықты анықтағанда шошып кеткенін ынты-шынтысымен дәлелдеуге тырысқан: айқайлап, көмек шақырып, Рождествоны таңында сотқа жүгінген.

Дегенмен мұсылманның тәні, христианның тәнінен айрықшаланады деген түсінік, тек латин өркениетінде ғана болмағанын атап өткен жөн. 13 ғасырда Анадолыда өмір сүрген мұсылмандардың арасында, мәселен, шоқыну балаларды жаман иістен тазартады деген сенім кең тараған, яғни византиялық канониктердің айтуынша «иттің иісінен» арылтып, шайтандардан қорғайды. Пиреней түбегінде қолда бар деректерге қарап, мұндай тәжірибе болмады деп жормалдауға болады, бірақ күніне бес мәрте дәрет алу (әр намаз алдында) сынды жалпы христиандық идеяның өзі көп дүниені аңғартады немесе таза адамға мұншалықты көп жуына берудің қажеті жоқ деген тұжырым мұндағы полемистердің мәтіндерінде де кездеседі. Осы тұста біз әртүрлі конфессиялардың арасында өте төмен деңгейде ұдайы орнап тұратын әділетсіздіктер мен мазақ ету жөнінде сөз қылып жатпағанымызды атап өткенді жөн санап отырмыз.

Айталық, 10 ғасырда Бағдатта христиандар алқаштар, иудейлердің үстінен қолаңса иіс шығады деген әңгіме көп айтылған, ал жеңіл жүрісті деген жел сөз тарағандықтан монахиниялар мен шіркеу хорларындағы балалар жөнінде жағымсыз пікір қалыптасқан. Осының бәрі — табиғатынан кемсітетін, бірақ заңнамалық мәтіндерде немесе рухани беделді тұлғалардың сөздерінде әрі қарай өрбімеген ауыз-екі әңгімеде қалып кеткен ақпарлар.

"Жастық су бұрқағы (Әбілхаят)" фрескасының үзіндісі. Италия. 15 ғасыр / Getty Images

"Жастық су бұрқағы (Әбілхаят)" фрескасының үзіндісі. Италия. 15 ғасыр / Getty Images

Ал мұсылман еркектерінің настығы жөніндегі идея, керісінше, христиандардың ауызекі әдебиетінде кең тараған және уағызшылар мұсылмандарға көп әйел алуға рұқсат берген ислам нормаларына қарап, сексуалдық қатынасқа келгенде ала-құлалық басым, нәпсіге ерік беріп, азғындыққа бейім жандар ретінде тәпсірлеген. Алайда христиан билігін, рухани және зайырлы, шошындырған ең басты фактор, дейтұрғанмен сүндеттеу жоралғысы болған.

Пиренейлік иудейлердің тарихына ғана қолдануға болатын осы іспетте сюжеттерді, америкалық ғалым Давид Ниренберг зерттеді. Ол христиандардың иудейлермен физикалық (мәселен, бірге тұру сынды) және сексуалдық қатынасқа түсуге салынған тыйымдарын талқылай отырып, клирктер қауіпті діни терминдерден ғана көрмегенін атап өткен: христиандар уағыздарда, заңнамалардағы риторикаларында, әлеуметтік және сексуалдық қатер түсініктерін қолданған. Нәтижесінде, айрықша сексуалдық шегараны қабылдау арқылы жүзеге асқан діни бірегейлікті «натурализациялау» процесі орын алды.

Өзге дінді ұстанғаны мен денесіне өзгеріс енгізетін жоралғыға қарап, христиандар мұсылмандар мен иудейлерді бөтен деп қабылдады. Осы мәселеге қатысты пікірлердің алуан түрлі болуы, қатаң түсінікті жіпсіткен емес. Әлбетте, христиандардың арасында да өзге дін өкілдерінің тәніне қатысты пікір әртүрлі болды. Мәселен, Тортостағы шенеунік, сарацин Алюшанің ісіне қатысты сипаттамасымен король келіспеген: ол ешқандай себепсіз әрі іліксіз қол астындағы мұсылманды қинауға болады деп санамаған. Сондай-ақ ол өзінің жауап ретінде берілген нұсқауында, мұсылмандар вассал ретінде барлық салықтарды төлейді, сондықтан монарх пен шіркеу оларды алқауына алуға міндетті екенін еске салған.

Өзге дін өкілін кемсіту идеясының ең алдымен Батыста пайда болу себебі

Біздің, бір қарағанда маргиналды көрінген оқиғаға жан-жақты тоқталған себебіміз (өзге діннің өкілдерімен сексуалдық байланыс орнатуға салынған тыйым), өйткені бұл латиндік өркениеттің арнаулы ойлап шығарған ой-жүлгесі және оның сегрегациялық заңдарға тікелей қатысы бар. Батыста осы бір мәселеге қатысты құқықтық мәтіндердің көп жазылуының өзі үлкен әңгімеге арқау болады. Айталық, мұсылмандардың жерлерінде орта ғасырларда осы іспеттес тәжірибе болған жоқ. Тарих бетінде, иудейлік және исламдық доктринада мәселеге осындай тәсілмен келген мысал кездеспейді. Оның үстіне, Сирияға Крест жорықтарымен келген латиндер мен франктердің өзі, аймақта еркін әрекет етіп, тек христиан сылқымдарының ғана емес, жергілікті халықтың қыздарының етегін ашқаны белгілі дүние.

Осы тұста, әңгімеміздің басында тілге тиек еткен иудейлердің шектеу шаралары, аралас некелердің әлеуметтік салдарын жоюға бағытталғанын атап өткен жөн. Ол шешімдердің астарында ешқандай да сиқыр, мистика жатқан жоқ, бар болғаны тұрмыстағы тәжірибеге сүйенген, есепшілдікке құрылған тәсіл — әйел өз әдеті бойынша балаларды тәрбиелеп, артынан ертеді. Мұсылман дінбасылары, өз кезегінде, әйелдер мен балалардың жеке мүддесін ескеретін құқықтық нормаларды жасауға тырысқан. Олар мұсылман әйелдердің өзге дін өкілдеріне тұрмысқа шығуына, ары тапталғаны үшін емес, бар болғаны өзге дін өкілі әйелдің қорғанысын қамтамасыз етіп, мүддесін ескермейді және балалары өзге дін тәрбиеленіп кетеді деген қарапайым себепке байланысты қарсы болған. Дегенмен мұсылман қоғамы аралас сексуалдық одақтарды мәселе ретінде санамаған. Мәселен, мұсылман еркектің иудей әйелмен қатынас құруын немесе христиан күңімен сексуалдық байланыс орнатуына қырын қарамаған.

Маастрихт қасиетті кітабынан үзінді. 14 ғасыр

Маастрихт қасиетті кітабынан үзінді. 14 ғасыр

18 ғасырдағы Алеппоның өмірін суреттеген еңбек қалдырған ағайынды Расселдер, Левантиялық компаниялардың бірінде дәрігер болып қызмет атқарғандықтан, қала өмірінің, кәдуілгі еуропалықтар үшін жабық қырын көрген. Олар баяндарының бірінде, билеушінің бас әтегі, қожайыны ұйқыға кеткенде, түн ішінде сарайды тастап шығып, таяудағы үйлердің бірінде екі немесе үш жезөкшемен уақыт өткізгенін жазған. Жезөкше полицияға жақсы таныс мұсылман да, христиан да болуы мүмкін. Ал Алеппода иудей жезөкшелерді өз қауымы шектеген. Ағайынды Расселдің баянынан, мұндағы жезөкшелік, конфессиялық мәселеге мүлдем немқұрайлы қараған билік тарапынан реттелген және заңды тірлік саналғанын аңғаруға болады.

Тек латин мәдениеті ғана өзге дін өкілдерімен сексуалдық байланысты (бұл кек алу түрінде көрініс тапты) христиан дінінің тазалығына төнген қатер ретінде қабылдады. Осылайша, мұнда физикалық тән мен рухани тұтастық, сакралдылық пен материя бір-бірімен байланысты болып, қарапайым адам аяқ астынан шамасы жетпейтін, көзге көрінбейтін жаумен күреске түсті.

Түсініксіздік пен бөгделікті сиқырлы түрде қабылдау, клирктердің арасында туындаған рухани әлсіздікпен қабысып, төмен таптың діни санасына орнықты. Алайда, сиқырлы түсінік пен уағызшылардың идеялары өз әлсіздігіңнің алдындағы қорқыныш сынды бір ортақ сезімге ұласып, тамырын тереңге жайды.

Фреска. "Жастық су бұрқағы (Әбілхаят)". Италия. 15 ғасыр / Getty Images

Фреска. "Жастық су бұрқағы (Әбілхаят)". Италия. 15 ғасыр / Getty Images

Дегенмен, бір қарағанда заманауи тарих пен нацистік идеядан алшақта жатқан, жезөкшелердің анайы өмірі жөніндегі тек орта ғасырға ғана тиесілі материал, Батыс Еуропаның менталитетінің терең тарихи айрықшалығын әшкерелейді. Шынтуайтында, дәл осы орта ғасырларда ой-жүлгеге ықпал еткен маңызды қадам жасалды — конфессия тәнге байланды, тіптен, тура мағынасында тән арқылы айқындалды десек те болады. Алайда, осы тұстан этностық алалау мен еврейлерді қуғындау мәселесіне жету үшін, еврейлерге өз еврейлігін «өткеріп», «жуып шаятын» құрал қалдырмау үшін христиандықтың өзін қирату қажет болады (яғни христиан діні, сонымен бірге бәрін жеңуші шоқынудың құдіреті жоққа шығарылуы керек). Орта ғасырлардағы латиндердің нацистерден басты айырмашылығы, олар пендеге Мәсіхте рухани тұрғыдан қайта туу сәтінде келетін, барлық жанның құтқарылу мүмкіндігі мен құдайдың тазартушы күшіне қалтқысыз сенген. Сондықтан, айталық, 14 ғасырдағы христиандық сылқыммен жыныстық қатынасқа түсті деп айыпталып, өлім жазасына кесілген мұсылман, оттан және өлімнен христиан дінін қабылдау арқылы құтыла алды. Осылай жасау арқылы, олар өмірі мен дүние-мүлкін сақтап қана қоймай, кейде жаңа әлеуметтік мүмкіндіктерге жол салды. Ал 1939 жылы еврейлер үшін мұндай айналма жол ұсынылмады.

Осы бір дәрісті қорытындыламай тұрып, тағы бір маңызды жағдаятқа назар аударғымыз келеді: сексуалдық қатынасқа қатысты сегрегациялық нұсқаулар, латин дәстүрінде айқын гендерлік алалау сипатында көрініс тапты. Онда тек өзге діндегі еркектер ғана сексуалдық алалауға ұшырады. Мұсылман немесе иудей әйелдер сексуалдық қатынасқа түсіп, бас бостандығынан айырылуы мүмкін болғанымен, оларды ешқашан да физикалық тұрғыдан лас адам деп санамай, дінге қауіп төндірер қатер ретінде қарамады. Тіптен, мұсылман немесе иудей әйел заң бойынша өлім жазасына кесілген жағдайда да, христиан шенеуніктері ұдайы король сарайына күң ретінде жөнелту шешімімен алмастырды. Әрі әміршілердің қазынашылары мұндай істерді назарда ұстап, әйелдің ешқандай да зәбір шекпеуін қадағалады.

Иероним. "Жердегі ләззат бағы" суретінен үзінді. 16 ғасыр/Wikimedia Commons

Иероним. "Жердегі ләззат бағы" суретінен үзінді. 16 ғасыр/Wikimedia Commons

Жалпы алғанда, неке және интимді қатынастарға қатысты қабылданған сегрегациялық заңдар, ибраһим діндеріне жататын, барлық үш дәстүрге де тән. Топтың бірегейлікті сақтаудың көне тәсілдері қазіргі кезде де белгілі, дегенмен бүгін де оны билік немесе мемлекеттік заңнамалар ашық түрде қолдамайды. Көбіне-көп бұл тәсілдер діни қауым немесе этностық қауымдастықтар ғана жүгінетін жеке таңдау, отбасылық ереже, жергілікті жоралғы деңгейінде ғана кездеседі.