Гетто — адамдар арасында кемсітушілік өршіген 20 ғасырдағы қорқынышты терминдердің бірі. Кемсітушілік туралы курстың үшінші дәрісінде Ирина Варьяш геттоның түп тамырын ортағасырлық Еуропадан іздеп, христиан билігінен қорқып, тас қабырғаның артына тығылуға дайын болған өзге дін өкілдері туралы айтады.
1969 жылы сахнаға қайта оралған Элвис Преслидің, Мак Дэвис шығарған «Гетто» әні хитке айналды. «Қыстың аязы қарыған таңында, Чикагода дүниеге келген бейшара бала және оған қарап көзіне жас алған ана...» – деп басталатын әнде Чикагоның геттосында туып, сонда өскен әр баланың тағдыр-талайына жазылған бақытсыздық хақында сөз болады. Аталған әнді Солтүстік Ирландиядан бастап Аустралияға дейін мекен еткен бүкіл әлем жұртшылығы тыңдады. Әнде айтылатын гетто қаралар мекен ететін кедей аудан емес, «еврей мәселесін толыққанды шешу үшін жасалған» нацистік резервация екенін жақсы білген Батыс Германия, Аустралия, Польша және өзге де Еуропа елдерінде тыңдармандардың ықыласына бөленді.
Гетто дегеніміз не?
Жалпы айтқанда, «гетто» түсінігінің өзі еуропалық елдердің тілінде қаланың ұзақ уақыт бойына арнаулы иудейлер үшін, бертінде еврейлерге бөлінген, оқшау қалған бөлігін таңбалау үшін қолданылып келді. Геттоның тарихы — Ондық Кеңесі қаладағы барлық иудейлерді оларға арналған арнаулы жерлерге көшіруді талап еткен соң, 1516 жылы Каннареджо ауданында қос су аңғарының арасында соғылған Венециялық геттодан тамыр тартады. Аталған гетто жабық болған және оқшаулағыш есік те орнатылған әрі оларды христиандардан құрылған күзет бақылауда ұстаған. Иудейлерге күн батқан соң және христиандардың мереке күндері геттодан шығуға тиым салынған. Дегенмен өз кварталдарының ішінде иудейлер автономияға ие болған.
«Гетто» сөзінің жалпы қабылданған бір ғана этимологиясы жоқ. Бәлкім аталған сөз сол аймақта иудейлік кварталға дейін болған ескі темір балқытпаларын құятын шеберхана — ghetto немесе getto-дан шыққан болуы да мүмкін. Қалай болғанына қарамастан, қазіргілер бұл атауды иврит тіліндегі ажырасуды я бөлек тұруды таңбалайтын — get/ghet сөзінен тарқатады. Өзге ұқсас екі сөз де қызықты естіледі: gehektes идиш тілінде «жабық» деген мағына берсе, италиялық borghetto сөзі — «қала, қаланың кішігірім бөлшегі» деп аударылады.
Термин қаланың оқшауланған ауданында тұратын этностық, нәсілдік, діни азшылық өкілдерін таңбалау үшін 20 ғасырда кең қолданыла бастады.
Гетто өзге діндегі қауымды сегрегациялаудың бір тәсілі ретінде пайда болғаны анық — бұл жолы қала халқының негізгі бөлігінен физикалық тұрғыдан оқшаулау арқылы бөлді. Модерн кезеңдегі Орталық және Шығыс Еуропада бұл айрықша кварталдар болатын: әдеттегідей халық саны шамадан тыс көп болды, өйткені биліктегілер ауданды кеңейтуді ойламады, соған байланысты халық саны үздіксіз өсіп, биік үйлер тұрғызылды, халық тығыз орналасты, тазалық сақталмады әрі жұрт ішінде кедейлік жайлады. Уақыт өте келе дәл осы кедейлік геттоның негізгі ерекшелігі ретінде қабылдана бастады десек қателеспейміз.
Сырт келбетке қатысты сегрегациялық ережелер жөнінде аз-маз ақпар алған соң, екінші санаттағы діни азшылықтарды оқшаулауды 16 ғасырда венециялықтар ойлап таппағанын, оған дейін де әлеумет арасында қолданыста болғанын аңғара бастайсыз. Айталық, еврейлерді күштеп қоныстандырған «Дельта» деп аталған арнайы ауданның пайда болуы туралы алғашқы деректер — Александриядағы иудейлерге қарсы жасалған қозғалыстар 38 жылдан жеткен. Алайда аталған аумақта мұндай әрекет кең қолданыстағы тәжірибеге айнала қоймаған.
Қалайша гетто орта ғасырда пайда болды?
Таяу Шығыста исламға дейінгі кезеңде және Араб халифаты пайда болғаннан кейін де, діни «азшылықтардың» көп болғаны соншалық (өткен лекциямызда осыны көрсетуге тырыстық), оларды оқшаулау идеясының өзі оғаш саналатын. Оның үстіне өзге діндегілер, айталық, христиандар, халифаттың шенеуніктері арасында үлкен лауазымдарға да ие болды және осы бір әрекеттер оқтын-оқтын бір діндегі бауырларының мүддесін қорғауға тырысқан қарапайым халық арасында наразылық тудырып тұрды.
Әлбетте, орта ғасыр дәуірі қауым болып ұйысу қасиетімен айрықшаланатын, спецификалық қоғамдық құрылысымен танымал. Қауым болып ұйысу — Орта ғасырға тән белгінің бірі. Шығыс та болсын, әсіресе, Батыста жұрт қауым болып ұйысып өмір сүрді.
Орта ғасырдағы қауымдастықтар әртүрді қағидалар бойынша біріге алатын: бір жердің жұрты жиналып ұйысқан территориялық қауымдар, кәсіби корпорациялар, мәселен, етікшілер немесе ұсталар, кілем сатушылар немесе дәрігерлер, рыцарлық және рухани бірлестіктер. Сондай-ақ діни қауымдар да болған. Мысалы, Испаниядағы иудей және сарацин альхамдары, Осман империясындағы иудейлер мен христиан милеттері.
Орта ғасырдағы қолөнершілер жинақты, әдетте бір көшенің бойында немесе жақын орналасқан бірнеше көшенің бойында шоғырланып, қала ішінде кішігірім кварталды құрайтын орында жайғасқанды жөн көретін. Әлі де болса да ескі қалалардың картасынан, күмістен бұйым соғатын зерлер тұрған — Күміс немесе Көзешілер көшесі, Қалпақтылар көшесі, қасапшылар кварталын кезіктіруге болады. Мәселен, Бұқарада қазіргі кезде де махалла – «Ткачи», «Гвоздори», яки қасапшылардың «Гаукушон» және «Мургкуш» (сиырлар мен құстарды соятындар) сынды кварталдар бар.
Шетелдіктер мен өзге дін өкілдері Еуропада қалай қоныстанды?
Дәл осылай, бөтендер де қалаларда тұрақтап, шетелдіктердің сауда колонияларын, мәселен, Испаниядағы генуиялықтар мен пизандықтардың қауымы, Александриядағы каталондықтар, Бұқарадағы арабтар («Арабон» кварталы) қауымын құра алды. Айталық, мұсылмандар пайда болғанға дейінгі Ясрибте (Мадина), қала тайпа бойынша кварталдарға бөлінген. Осылардың маңайында діни қауымдастық құрылған. Жоғарыда атап өткен Бұқарада «Махалла Кухна» («Ескі квартал») исламдық Орта ғасыр мен Модерн кезеңдегі мәшһүр болған иудейлік квартал саналады. Әлбетте, бір діндегі адамдарға қалыпты өмір салтын сақтап, күнделікті діни жоралғыларын, қауымның нормаларын орындауға мүмкіндік беретін мұндай кварталдарға культты жіберу орнығудың ең табиғи әрі қалыпты түрі болғаны анық.
Мұсылмандар өз кварталдарында мешіттер мен медреселерін, христиандар — шіркеулерін, иудейлер — синагогаларын салды. Мұсылман кварталдарында — «халал» ет, ал иудейлерде — кошерлік ет сататын дүкендер орналасты әрі әрқайсысының өз қасапханасы болды. Әр діни қауымдастықтың, діни конфессиялар бекіткен, ішкі істерін дербес реттей беретін рухани көсемдері мен шенеуніктері болды. Мирасты бөлісуге, келісімді бұзуға қатысты қандай да бір ұрыс-керіс бола қалған жағдайда, қауымның кез келген мүшесі «өз» сотына жүгініп, оның ісімен «өз» қазысы айналысып, «өз» Заңдары бойынша мәселені шешуге қақылы. Әлбетте, егер қандай да бір үлкен мәселе туындаса, ауыр қылмыстық іс қозғалса, өз қазыларымен ғана қауым ішінде шешім шығарып құтыла алмайсың. Дегенмен күнделікті күйбең тірлікте, дәл осы бір діндегі қауымдар мейрамдарды ұйымдастырып, күнделікті жоралғылар орындайтын орта болды.
Орта ғасырлардағы діни қауымдастықтар, осылайша, бір уақытта қауымдастық, адамдардан тұратын ұжым, өзіндік мінез-құлық нормалары, мүмкіндіктері мен мүдделерді жүйелі түрде қорғайтын жүйесі қалыптасқан әлеуметтік кеңістік және ғимараттарымен қандай да бір территорияға байланған физикалық кеңістік (үйлермен, көшелермен, діни жоралғы өткізетін мекемелермен, мектептермен, дүңгіршектермен, базарларымен, ортақ наубайханаларымен, қонақ үй аулаларымен және т.б) бола алды.
Өзге дін өкілдері христиандардан өздерін неге аулақ ұстады?
Орта ғасырлардағы тілдер осы айырмашылықты жақсы сезініп, екі сөзбен берді: бірі адамдар тобын аңғартса, екіншісі — картадағы физикалық кеңістікті білдірді. Пиреней түбегінде, мәселен, мұсылмандар мен иудейлердің де қауымдастықтары — aljama de moros/de judios, aljama sarracenorum/judeorum және кварталдары — moreria және juderia болды. Біз қазіргі уақытта да виртуалды я тікелей болсын, Лиссабондағы жудериа, Толедодағы худериа, Жиронадағы жудериа сынды құнды ескерткіш ретінде қорғалған тарихи кварталдарға саяхат жасау арқылы осы бір тарихтың куәсі бола аламыз. Осы іспеттес иудейлердің кварталдары Еуропа, Орта және Шығыс Азияның орта ғасырлық қалаларында жетерлік: Париж, Ыстамбұл, Бұқара, Самарқанд... Еуропадағы мұсылман кварталдары және Шығыс және Орта Азиядағы христиан кварталдары 19–20 ғасырларда қиын-қыстау кезеңді бастан кешірді және орта ғасырлардағы тұтастығынан айырылып, саф қалпында бізге жетпеді.
Орта ғасырларда діни кварталдардың инфрақұрылымы жергілікті тұрғындардың қажеттіліктері мен діни ережелеріне байланысты бекітілді. Қызметтер саласы да діни қажеттіліктерді ескерді. Сол себепті, мәселен, саяхатшылар бір діндегі адамдардың қонақ үйлеріне, басқа діндегілерді арам, нас яки төмен адамдар деп санағандықтан емес, өзін барлық ережеге сай және діни ұсақ-түйек талаптарды сақтай отырып қызмет көрсетеді деген сеніммен тоқтады.
Біз адам туғаннан өлгенге дейінгі тағдырын және әлеуметтік өмір ырғағын бекіткен қасиетті жоралғылар, жыл сайын тойланатын мерекелер, тамақтанудағы және тұрмыстық ғұрыптағы күнделікті ережелер сынды діни мазмұннан тамыр тартатынын қауымдық ережелер мәселесін тыңдарман сезіне алу үшін, тереңірек қайзайтын боламыз... Дәл осы себепті Батыстағы көптеген мұсылман және иудей қауымдары христиандардың қалаларындағы оқшауланған кварталдарға өз еркімен барып орналасты.
Осы тұста Реконкиста кезеңінде, яғни ислам қалалары христиандық басқыншы-корольдің қол астына өткен мезетте, мұсылмандардың діни көсемдер өздерін қалай ұстағаны көп дүниені аңғартады. Олар басқыншылармен екі жақты келісімге келіп қана қоймай, Заң мен автономияны сақтай отырып вассалдарына айналды. Сондай-ақ қала ішінде оларға арнаулы кварталдарды бөлуін де сұраған. Кейде христиан билеушілері мұсылмандар мен иудейлерді жаңа кварталдар пайда болғандықтан, негізгі қаладан тысқары аймақтарға көшіріп отырды. Аталған жағдайларда тарихшыларға белгілі рақымшылық жасалған қауымдастық көсемдерінің әрекеті, олар қоныс аударуды намысқа тиер немесе қауіпті іс деп санамағанынан хабар береді. Олар негізінен өз мүлкін және жайылымдық жерлеріне бастар төте жолды сақтап қалуға ғана ұмтылған. Бұл дінаралық кикілжің емес, жеңгендер мен жеңілгендердің қақтығысы ғана болды, өйткені мұсылмандардың өзі де, жерлерін жаулап алған басқыншы-христиандардан оқшаулануды жөн санады. Мұсылмандар кварталдарын биік дуалмен қоршап, түн болғанда есіктерін бекітіп, өз күзеттерін қойған жағдайлар да ұшырасқан. Айталық, мұсылман қауымдастығы бақуатты әрі саны көп болған Хатива қаласында осындай жағдай орын алған.
Айталық, арагон корольі II Хайменің 1310 жылға тиесілі хатының бірінде керемет Иосиф жайындағы библиядағы аңызбен салыстыруға болатын Хатива морерийдегі бір баланың тағдыры баяндалған. Христианға күйеуге шығып, шоқынған әпкесі мен бауырының айтуымен дінді қабылдамақ болған бала, түндердің бірінде қалып кеткен затын алмақ болып мұсылмандардың кварталына келеді. Сосын морерийдің қақпасындағы тесіктен өтіп кетпек болғанда, күзетке ұсталып қалады. Кішкентай қылмыскерді жазаға тарту үшін сарациндерге береді, ал олар баланың христиан дінін қабылдамақ болғанынан хабардар болған. Өз дінінде баланы қалуға үгіттеп, көндіре алмаған соң олар баланың әділетсіз жазаға кеседі (хатта солай делінген). Баланы еркіндігінен айырып, корольдің құлы етіп жазалаған. Бала құл болғанына қарамастан, шоқынып, дінді қабылдайды. Ол кезеңнің заңы бойынша бала шоқынған соң еркіндігін алуға тиіс болған. Алайда корольдіктегі христиан шенеуніктің бірі оны әлдебіреуге құлдыққа сатып жібереді. Аталған оқиғаны естіген король, баланың еркіндік алғанын қалап, сатып жіберген шенеунікке оны тауып, қожасына сатқан кездегі құнын төлеп, босатуын тапсырады.
Билік христиандардың өзге дін өкілдерімен бірге тұруына не үшін қарсы болды?
Батыс Еуропада мұсылман және иудейлік қоныстар, әлбетте, әртүрлі болған. Ол жекелеген көше немесе тұтастай квартал, я қала ішіндегі кіші қалай түрінде болуы да мүмкін — бұл бірінші кезекте қауымның санына байланысты.
14 ғасырда Валенсияда иудейлер және мұсылмандардың көп болғаны соншалық, «азшылық» топ қала халқының 80% құраған.
Мұндай жағдайда арнаулы кварталдарда жұрт мұқтаждық сезінбеген. Айталық көрші аймақта реконкис оқиғасы орын алған соң «көшіп кетпей», аралас-құраластықта, бір көшенің бойында өмір сүруін ары қарай жалғастыра берген мұсылмандар мен христиандар шоғырланған үлкен сауда қалалары болуы мүмкін. Оның үстіне, мұсылмандар мен иудейлер өз кварталдарында да, христиандардың арасында да үй алуға қақылы болды. Сондай-ақ христиандар да өзге дін өкілдері жайғасқан кварталдардан да үй сатып ала берген. Мәселен, 14 ғасырдың соңында Валенсия қаласында мореридегі 80 үй христиандарға, ал 15–17 үй сарациндерге тиесілі болған.
Христиан билеушілері мұндай тәжірибемен күресуге тырысқан. Олай жасауына екі себеп түрткі болды. Бірінші себеп: бізге бұйрықтардан белгілі болған, өзге діндегі жандардың сырт келбетіне қатысты. Христиандардың иудейлер және мұсылмандармен бір кеңістікте қатар өмір сүруін билік өкілдері қауіпті үдеріс деп санаған. Христиандардың өзге ден өкілдермен қатар өмір сүруіне Төртінші Латерандық Собор (1215 ж.) тұсында тиым салынды делінгенімен, шынтуайтында олай емес. Мұндай тәжірибені тыю әрекеті алғаш 1179 жылы Үшінші Латерандық Собор тұсында жасалған еді. Онда сарациндер мен иудейлерге христиандардың жалшы болуына тиым салған.
Мұнда балалардың тәрбиесі және үй шаруасымен айналысатын челядилер жөнінде сөз болып тұр. Осы іспеттес норманы испан корольдігінің жерлерінде енгізу талпынысын христиандар да, өзге дін өкілдері де қолдамады. Сол кездегі деректерге қарап аталған тыйым салу жөнідегі тәжірибенің сәтсіз болғанын көруге болады: 17 ғасырда христиандар мұсылман және иудейлермен көрші тұрғаны былай тұрсын, олармен бір шаңырақ астында тұра алатын. Папалар мен епископтардың пікірінше бұл тым жақын байланыс саналғандықтан, қауіпті физикалық жақындық ретінде танылды. Сырт келбетке қатысты ережелер секілді, испан корольдері собордың бұйрықтарын іске асыруға асықпады. Бұйрықтардың қалаларда орындалуына қатты бас қатырмай, жергілікті епископтардың айтуымен, формальді түрде ғана көңіл бөлді.
150 жыл өткен соң қала ішінде қатар өмір сүруге қатысты көзқарас түбегейлі өзгерді: 14 ғасыр бойына испан христиандарына морериден үй алуға, сарацин кварталына кіретін жерлерге үй соғуға тыйым салынды, сондай-ақ мұсылмандарға маврлармен араласпас үшін мореридегі үйлерін сату бұйырылды. Сонымен қатар сарациндерге морериде орналасқан христиандардың үйлерін сатып алып, ал шіркеуге қарсы орналасқан үйлерін құлыптап, оның қасындағы қоныстарды сату жөнінде ереже қабылданған кездер де болды.
Әдетте жалпыға ортақ корольдің шешімі ретінде таралмаған аталған бұйрықтар, қандай да бір нақты қалаға немесе, нақты бір қыстаққа ғана жүрген. Дегенмен билік тарапынан бөгде діндегі адамдармен көрші болу мүмкіндігінің өзін жоққа шығарып, оларды оқшаулау ниеті болғаны анық нәрсе.
Жоғарыда атап өткеніміздей, екінші себеп те болған. Корольдер өзге дін өкілдері тұратын қыстақтардың сақтап қалуға мүдделі болды. Өйткені аталған кварталдың тұрғындарына қомақты салықтар салынып, шамадан тыс қаражат жиналды. Егер морерийдің байлығына қызыққан христиандар, мәселен, кварталдардан мұсылмандарды ығыстырып шығарса, олар корольдің алқауындағы бай бағландардың қол астына кетуді жөн көріп, ақсүйектерді паналаған. Бұл өз кезегінде, қазынағы тиімсіз әрекет. Осыған байланысты корольдер мұсылмандарға қаланың христиандар шоғырланған бөлігінен үй алуға емес, христиандарға морериден үй сатып алуға тыйым салған бұйрықтарды шығарды. Айталық II Хайме христиандарға «корольге сарациндер төлейтін салықтың бәрін төлеу міндетін» мойнына алмайынша, Кривилльеннен жылжымайтын мүлік сатып алуға рұқсат етпеді.
Осы тұста шіркеулік иерархтардың идеологиялық ережелері мен зайырлы биліктің қазынаға қатысты мүддесі бір-біріне қарама-қайшы келгені анық. Орта ғасырдағы қоғам, туындаған күрделі тарихи ойынға қатысы бар қала тұрғындары, ақсүйектер, жергілікті шенеуніктер мен патша қызметкерлері «үшінші ойыншы» ретінде, осы бір мәселені сау ақылмен шешуге тырысты.
Билік өзге дін өкілдері кварталының болуына неге мүдделі болды?
Епископтың хаты немесе корольдің жарлығы кішкентай шенеунік үшін өзге дін өкілдерінен қосымша салық жинап алудың тамаша мүмкіндігі болды. Оның үстіне корольдер де өздерінің ескі (оғаш болған шаш үлгісі мен арнаулы кесілген киімі кимеу, айрықшалағыш белгіні тақпау немесе қаланың қай бөлігінде орналасқанына қармастан үйлерін сақтап қалу сынды) артықшылықтарын қулыққа салмай «сатып алғысы» келген иудейлердің немесе сарациндердің делегаттары ұсынған сыйлықтар мен өтемақыларын қуана-қуана қабыл алды.
Христиан қауымдастығы сенім мәселесіне және өзге діндегі көршілері иудейлер мен мұсылмандардың ісіне, олар экономикалық мүдделеріне ортақтасқанша немесе қалада қасиетті түсініктерін бұлғаған қандай да бір уағызшы пайда болғанша пысқырып та қарамаған. Олай болуына елді жайлаған аштық, соғыс немесе эпидемия ықпал етті.
Алайда аталған екі жағдаятта идеялар қарама қайшы болғанын және қоғамның әртүрлі таптары ұмтылған мақсаттар да әртүрлі болғанын атап өткен жөн. Есепшіл өзек христиандарға өзге дін өкілдерін табыс көзі және жұмыс күші ретінде қабылдауға мәжбүр етті. Осы бір жағдайды сақтап қалу үшін король билігі мен жұрт иудейлер мен мұсылмандардың көшірмей ұстап қалуға барын салды.
Олардың оқтын-оқтын мемлекеттен тысқарыға шығу қақын, ел ішінде еркін көшіп-қонуын, шетелге сапарға шығуын (туғандарына, оқуға, сауда ісіне немесе қажылыққа баруды мақсат еткеніне қарамастан) шектеді. Осы іспеттес шектеулер, қауым мүшелері христиан билігімен жасаған келісімдерге және аталған келісім негізінде билік өкілдері берген артықшылықтарға мүлдем қарама-қайшы болды. Қауымдар жаңашылдықты қабылдамай, қарсылық білдірді, кешірім беруін сұрап хаттар жазып құқығын қайтарып алды немесе елден заңсыз жолдармен кетіп жатты. 14 ғасырда Пиреней түбегінен тысқарыға, сыртқа шығуға ресми рұқсат беретін баж салығын төлемей, заңсыз түрде көшкен мұсылмандардың эмиграциясы қалыпты құбылысқа айналды: және оған себеп негізінен дискриминациялық ережелер болды. Корольдер бағынышты адамдарынан айырылды, ал елден кетуді көздеген мұсылмандар жол-жөнекей ұры-қары мен қарақшылардың қолына түсіп қалу қаупіне қарамастан, тәуекелге бел буды.
Өзге дін өкілдері сыртқы жау ретінде
Керісінше, наным-сеніммен жиі тоқайласқан діни сезімдер, христиан қоғамының, әсіресе, қарапайым жұрттың өзге діндегі қауымдар алдында қорқынышын туғызды. Олар жеке басындағы қайғы-қасіретті өзге дін өкілдерінен көре бастады, қорқынышты күнәлар мен қылмыстардың бәрін аяқ-астынан соларға жауып, түрлі жолмен оларды алшақтатуға тырысты. Ол үшін өзге дін өкілдерін үйінен шығарып, қаладан немесе қыстақтан қуып шығу, үйін жойып жіберу мақсатында тонауды ұйымдастыру және ақыр соңында, ақиқат дінге шақыру сынды әрекеттер жасалуға тиіс.
Зайырлы билік, сау ақылдың мүддесіне қатер төндіруі мүмкін стихиялық бүліктерді бақылауда ұстауға барын салды. Дегенмен Алғашқы Крест жорығы тұсында Германиядағы иудей кварталдарын, 14 ғасырдың орта тұсында Францияда және 14 ғасырдың аяғында Испаниядағы мұсылман және иудей кварталдарын қирату сынды қақтығыстардың болғаны белгілі.
Әділдік үшін Шығыста да қысымның болғанын атап өткен жөн. Мәселен, 14 ғасырда Хорезмде иудейлер мен христиан қауымдастықтарының мүлкі 100 үйден асып кетпеу керек деген шектеу қойылған. Христиан мен иудейлердің кварталдарына шабуылдар да орнап тұрған және әртүрлі қауымдастықтар арасында көшелерде қақтығыстар болған, осылайша қарапайым тұрғындардың әлеуметтік наразылықтары сыртқа шығып тұрды. Олар, байқағанымыздай, діндар адамдар болғандықтан, барлық құбылыстардың себебі мен салдарын сакральді түсініктер аясынан іздеуге бейім келеді.
Батыс Еуропаның тарихында, өзге дін өкілдерінен саяси билік қырын қарап, теріс айналған кезеңдерде болған. Айталық, 1290 жылы Англиядан иудейлерді I Эдуард король, ал 1394 жылы IV Карл Франциядан, 15 ғасырдың соңында Испанияның Католикалық корольдері мен XII Людовик Прованстан қуып шыққан. Балама шешім ретінде иудейлердің бәріне шоқыну ұсынысы айтылған.
Қорыта айтқанда, шеттетілген таптың талабында, сегрегациялық және дискриминациялық мағынадағы ойдың жатқанына назар аударған жөн. Алайда ертеден бері белгілі физикалық кеңістікте ұйымдастырылған тіршіліктің формаларында (квартал, раваль, слобода, махалла) оқшаулау идеясының болмағаны анық. Мұнда тек автономия идеясы ғана бар. Саяси биліктің тезінен өткен адам сезімдері мен қорқынышы, ақырында дискриминациялық жарлықтарға айналған.
Олай болса, тарих бетіндегі арнаулы кварталдарды әлеуметтік өмірдегі мақсаты мен қызметіне қарай, бір-біріне мүлдем ұқсамайтын үш түрге бөліп қарастыруға болады. Бірінші түрге ішкі өмірін дербес ұйымдастыру мақсатында, қоғамның өз талап-тілегі бойынша құрылған кварталдарды жатқызамыз.
Алайда өз кварталына иелік ету қақы, егер екінші түрдегі құрылымды түзу үрдісі белең алып, жағымсыз жағдай орын алғанда міндетке алмасты. Екінші түрдегі қыстаққа, көпшіліктен өзге діндегілерді оқшаулау үшін құрылған кварталдар кіреді. Кварталдардың екінші түрі ұдайы күштеп құрылады, мәселен, саяси биліктің шешімдері арқылы. Мұндай қыстаққа Ондық Кеңесінің жарлығы бойынша құрылып, күзет қойылған 1516 жылғы Венециялық геттоны жатқызуға болады. Бізге жақын уақыттағы, мәселен, 20 ғасырдың ортасындағы, Элвис Пресли әнге қосқан Чикаголық геттоларада, азшылықты көбіне-көп әлеуметтік құралдардың (кедейлік, білімнің жоқтығы, жұмыссыздық және т.б.) көмегімен оқшаулап отыр. Кварталдардың үшінші түрі (нацистік гетто) оқшаулау үшін емес, ондағы жиналған жұрттың көзін жою мақсатында құрылады. Мұндай геттоға Варшава мен Белостоктағы геттоларды жатқызуға болады.
Геттолардың тарихына осылайша терең талдау жасау, сыртқы формалардың арбауына түсіп қалмай, керісінше, бір қарағанда біртектес болып көрінетін фактілер мен құбылыстардың ішкі мазмұнын анықтауға ұмтылудың қаншалықты маңызды екенін, әсіресе, дәстүрлі форманы өздігінен адам танымастай бұрмалауға қабілетті әлеуметтік функция мен идеяларды түсінуге мүмкіндік береді.