Заманауи адамдардың арасында Аяз атаны білмейтіндер жоқ шығар. Жаңа жыл сайын бұғы жеккен шанасымен аспанда ұшып жүрген көңілді атаны әртүрлі халық жылы қабылдайтыны, бұл бейненің әлемдік поп-мәдениетте нықтап тұрып орныққаны анық. Бірақ Жаңа жылда жұртты шаттыққа бөлейтін осы бір атаның тұрағы қайда? Ойға бірден Солтүстік полюс пен Лапландия келеді. Айталық, финдердің Рованием деп аталатын қаласында Аяз атаның ресми өкілдігі ашылған.
Бірақ Жаңа жылдың символына айналған атаның тұрағына қатысты мұндай тұжырыммен келіспейтіндер де бар. Мәселен, Түркия мемлекетінің тұрғындары Аяз атаны (Славян халықтары Дед Мороз, ал батыс халықтары Санта-Клаус деп атайды) жерлесі деп санайды; өйткені көңілді атаның прототипі болған әулие Николай бірнеше ғасыр бұрын заманауи Түркияның аумағында өмір сүрген.
Оның үстіне, түріктер өздері Aziz Nikola (я Aya Nikola) деп атаған әулие Николайды ертеден құрмет тұтқан. Дегенмен қазіргі уақытта Түркия халқы бұл Жаңа жылдық кейіпкерді Ноэль Баба (Noel Baba) дейтін франциялық лақап атымен атайды, сондай-ақ ол «Жаңа жылдың әкесі»iiфранцуз тілінде Noël — Жаңа жыл, түркі тілінде Baba — әке деген мағына береді деген атаумен танымал. Түркияның Ыстамбұл, Анкара және өзге де үлкен қалаларындағы балалар әулие Николайдан Жаңа жылда сыйлық күтсе, Жерорта теңізінің жағалауындағы балықшылар ол жөнінде «менкабелер»iiтүркі тілінде Menkıbe — әулиелер жөніндегі аңыз айтады.
Әулиелерді құрмет тұту — ислам дінін ұстанатын түрік халқының маңызды жоралғысы. Мұндағы халық ішінде ең кең тараған аңыздар мен ертегілерде көбіне-көп сопылар, әулиелер және олардың ғаламаты сөз болады. Зерттеушілердің айтуынша, мұндай сюжеттердің кең тарауына бірнеше фактор әсер еткен. Біріншісі — сопылық идеясы, яғни исламды әсіре догмат емес, мистика аралас дін ретінде санайтын бағыт болса, екіншісі — түркілердің ата-баба культімен қабыса кеткен (түріктер менкабе-аңыздарында әулиелерді «baba» (әке) және «dede» (ата) деп бекерден-бекер атамаса керек), жүзден астам өз әулиесін құрмет тұтатын көршілес Балқан және анатолиялық халықтарының ықпалы.
Түркияда Ноэль баба жөнінде дауыл кезінде теңіздің суын тыныштандырған, аштық болған жылы ғаламат жолмен қамбаның бәрін асқа толтырған, оба індетін тоқтатуға көмектескен деген әфсаналар айтылады. Дегенмен әулие Николай туралы аңыздардың ең танымалы — оның түн ортасында әлдебір кедейдің қыздары күйеуге тию үшін жасау дайындасын деп үйінің терезесінен бір қап алтын бергені жөніндегі оқиға (түріктерге де өте таныс жайт) болар. Осы тұста бір сәтке аялдап, ежелде өмір сүрген жазушылардың заманауи Түркияның оңтүстік-батысындағы Ликияда бірі 3–4-ғасырда, екіншісі 6-ғасырда өмір сүрген екі бөлек Николай әулиені бір адамға біріктіріп, оған тағы қандай керемет істерді теліп тастағанын анықтап алу қажет.
Қазіргі уақытта қос әулие Николай өмір сүрген Ликия қаласының маңында түріктердің үлкен демалыс орны бар. Мұнда тарих бетінде Ликияның Мирасы ретінде танымал болған Демре қаласында ресми Ноэль Баба (Noel Baba Kilisesi) деп аталатын базилика әлі тұр. Сондай-ақ Ноэль Баба музейі де осы қалада орналасқан. Әлбетте, аталған шіркеу ешқашан мешітке айналмаған.
Сондай-ақ бұл қалада ресейлік мүсінші Григорий Потоцкийдің әулие Николайға арналған мүсіні бой көтерген. 2000 жылы аталған мүсін қала орталығына қойылғанымен, 2005 жылы билік өкілдері алып тастау жөнінде шешім шығарды. Сірә, Николай бейнесі христиандық жосық бойынша салынғаны себеп болса керек. Демре қаласының жаңа әкімі Сүлеймен Топчу бұл мүсінді музейге ауыстырып, оның орнына Кока-кола жарнамасындағы қолына бір қап сыйлық ұстаған, қызыл шапан киген мейірімді ата кейпіндегі Аяз атаның мүсінін орнатуға бұйрық берген. Топчу мырза және түркиялық қоғамдық белсенділер Николай әулиенің мүсінін алып тастауға түркиялықтардың христиандарға деген жек көрініші немесе ксенофобиясы емес, батыстық Аяз атаның бейнесінің туристерді тартатын әлеуетінің зор болуы әсер еткенін алға тартқан. Бірақ Аяз атаның жаңа мүсіні Түркияның мәдениет және туризм министрі Ертұғрыл Гюнайға ұнамай қалыпты. Оның ойынша, шапанды ата мінген шананы тартқан бұғылардың бейнесі күншуақты Жерорта теңізінің жағалауында орналасқан қаламен үйлесе бермейді.
Сондықтан 2008 жылы Аяз атаның да мүсіні алып тасталып, үшінші жаңа мүсін қойылған (бұл жолы «Ликиядан шыққан нағыз әулиенінің» мүсіні орнатылды). Мүсіншілер Ноэль Бабаның бейнесін жергілікті халықтың біріне ұқсатып салуға тырысқан. Әрі олардың ойлағаны іске асқан: мүсіннің түр-тұлғасына, басындағы тақиясы мен үстіндегі киіміне қарап, Жерорта теңізі жағалауында өмір сүрген түрік азаматы тұрғанын аңдайсыз. Ноэль Баба кішкентай қызды жетектеп, иығына ұл баланы мінгізіп алған. Бұл құдды бір кішігірім түрік отбасындағы бақытты әкенің бейнесі іспеттес!
Әлбетте, зайырлы Жаңа жыл мен оның тойлау жосығы — Түркия халқы үшін салыстырмалы түрде жаңа құбылыс. Түркия григориандық күнтізбегеiӘлемнің басым бөлігі қолданатын күнтізбе. Аталған күнтізбе жаңа дәуір Иса Мәсіхтің туған жылынан басталады. Күнтізбе бойынша, бір жылда 365 күн, 12 ай бар және әр төрт жыл кібісе жылы саналады. 1926 жылға дейін Түркия мұсылмандардың Хижра жыл санауын қолданып келген. тек 1926 жылы ауысты, ал 1 қаңтар 1981 жылдан бері ғана мерекелік демалыс ретінде бекітілді. Оның үстіне соңғы он жылдықта консерватив сипатты ислам ықпалына көбірек ұшырай бастаған Түркия саясаты бөгде мерекелердің, әсіресе христиандық әулиені құрмет тұту сынды мейрамдардың өріс жаюын құптай бермейді. Бірақ, соған қарамастан, Ноэль Баба культі ұмытылмай келеді. Айталық, Түркияның оңтүстік жағалауындағы балықшылар теңізге шығар алдында сәттілік үшін Ноэль Бабаның кішкентай ағаш мүсінін суға тастайды. Ал балалар Жаңа жылда осы бір сиқыршы шал армандарымызды орындайды дегенге сенеді.
Ал бұл аралықта 2005 жылы Түркияда Дж. Р. Р. Толкиннің «Аяз атаның хаттары»iТүрік тілінде “Noel Babadan Mektuplar”. еңбегі түрік тіліне аударылды. Кітапты түрік тіліне бар-жоғы 16 жастағы Лейла Роксан Чаглар есімді қыз тәржімалаған. Лейла Роксан Чаглардың сөзінше, ол кітапты «түрік тіліне барынша жатық етуге тырысқан»iHastürkoğlu, G. Translating culture in children’s literature: A case study on the Turkish translation of Letters from Father Christmas. Journal of Language and Linguistic Studies, 16(2), 729-737. Айталық, Аяз ата хат жазған балалардың есімдері (ол атаның есімі аудармада Ноэль Баба болғанын аңдап отырған боларсыздар), түрік аттарына алмастырылған: мәселен, Джонның аты Жанғаiтүрік тілінде Can өзгерген. Сонымен қатар кітапта сөз болатын жаңа жылдық пудинг сынды тәттілер Түркияның дәстүрлі «мухаллеби» және «татлыға» өзгертілген. Қысқа қайырар болсақ, аудармашы батыстық танымдағы Николай әулиені жерсіндіру арқылы Ноэль Бабаны түрік балаларына жақындатуға тырысқан. Сондықтан заманауи түрік халқы мейірімді әке әрі әлемдік мәдениетке кең тараған жерлес ретінде мұндай Аяз атаны шетке теппейтіні анық.