ЕВРЕЙЛЕР МЕН МҰСЫЛМАНДАРДЫҢ БАТЫСТА ҚУҒЫНДАЛУЫ

2-дәріс. Өзге дін өкілдерін айыру белгілері: Пеот, сәлде, сақал, және басқалары

ЕВРЕЙЛЕР МЕН МҰСЫЛМАНДАРДЫҢ БАТЫСТА ҚУҒЫНДАЛУЫ

Әулие Марияның кантигалары бар қолжазбадан миниатюра / Alamy

Неліктен сары жұлдыз кемсітушіліктің символына айналды? Еуропалықтар христиандардың басқа діндегі адамдармен жыныстық байланысы туралы не ойлады? Еуропа тарихында мұсылмандарды кемсіту болды ма? Бұл сұрақтарға тарихшы Ирина Варьяш Qalam үшін жаңа курсында жауап береді. Екінші дәрісте сіз киім мен шаштың қалай діни байланыс белгісі ретінде қызмет еткенін және қоғамдық иерархияны бейнелегенін білесіз.

Совет Одағындағы соғыстан кейінгі мектептегі би кештері жайында джаз орындаушысы Алексей Козлов өз естелігінде: «Киіміңді, шаш үлгісін, мінезіңді, тіпті қалай билегеніңе дейін бақылайтын. Бұл концлагер мен Наташа РостованыңiiЛ.Н. Толстой жазған «Соғыс пен бейбітшілік» романының кейіпкері. алғашқы би кешінің қосындысы іспеттес оғаш дүние болды» деген болатын. Соғыстан кейінгі қиранды, халық ішіндегі аштық пен жеңіс туралы фильмдерде көрсетілген жарқын өмір, сарбаздардың қабынан, жылдам «жайма базарларға» көшкен «сырттан кірген ұсақ-түйектер» мен жаппай белең алған тапшылық қайшылығынан, жастардың атақты «сәнқойлар» деген қозғалысы басталды.

Түрлі түсті шұлықтар, жабысып тұратын белдемше немесе «ормандағы өрт» галстугы, «кок» шаш үлгісі мен көзге оттай басылатын әрленген бет, жолақты қалпақ — осының бәрі психологиялық қорғаныс ретінде туғанымен, ақыр соңында қоғам таптық жауын анықтайтын айрықшалағыш белгіге айналды. Сәнқойларды комсомолдар мен студенттік жиналыстарға салды, қоғам болып сөгіп, тілдеді және жоғары оқу орындары мен БЛКЖОiБүкілодақтық Лениндік Коммунистік Жастар Одағы — Кеңес Одағы Коммунистік партиясының жастар ұйымы. қатарынан шығарып отырды...

Совет өкіметі сәнқойлардың шаш үлгісі мен киімін қатты сынаған сайын, әуелі саясаттан қалыс қалып келген олардың антисоветтік күйі өрши бастады.

1 / 2

Қазірдің өзінде мемлекеттік қызметкерлердің қасаң костюмдеріне немесе панктердің қызылды-жасылды шашына реакция білдіргенде, біз шынтуайтында адамзат тәрізді көне қоғамдық дәреже мен қандай да бір топқа тиесілі екенін визуализациялайтын әлеуметтік ойынның қатысушысына айналамыз. Адамзат ұйысып өмір сүруді үйренген сәттен бастап, сырт келбет тану бағдарындағы күрделі жүйенің маңызды элементіне айналды. Татуировка, мойындағы сақина, рыцарлардың жамылғысындағы белгілер, қызметшілердің киімдері мен әскер таңбалары — бәріне белгілі мысалдардың бір парасы ғана. Ерекше киім немесе аксессуарлардың, я шаш үлгісінің, яки бас киімдердің көмегімен, біздің ата-бабамыз әлеуметтік маңызы бар ақпаратты жылдам жеткізуге бейімделе алған. Алдыңда қарапайым қыз емес, жергілікті тайпа көсемінің қызы, қу кедей біреу емес, қуатты бауырластықтың өкілі тұрғанын тез арада ұғына қою ұдайы пайдалы екеніне келіспеске амал жоқ.

Дегенмен киімдер тілі — өзге әңгімеге арқау болар тақырып. Осы тұста кейде қоғам ішінде және оның ішкі бағдарлық жүйесінде әлдеқандай жағдай орын алып, киім қосымша мағына үстейтінін атап өткен жөн. Киім адамды суықтан, желден немесе күн сәулесінен қорғап, өзі секілді жандармен қарым-қатынас орнатуға көмектескенімен қатар, айрықшалау арқылы аяқ-астынан сегрегациялық мақсатта қолданылып кетуі мүмкін.

Адамзат тарихындағы сегрегациялардың арасында конфессиясына байланысты сегрегациялау айрықша саналады. Бұл жағдайда негізінен діни көпшілік топтың немесе қоғамның саяси басымдыққа ие табының азшылықтарды өзінен айрықшалауға ұмтылатыны жайында сөз болмақ.

Осы тұста азшылық топ деп тек кісі қарасы аз қауымдарды ғана емес, қақы шектелген, дәрежесі төмен, саяси тұрғыдан қорғалмаған топтарды да атағанын ескерген жөн.

Сегрегация қашан басталды?

Көпшілік саналатын топтан өзге дін өкілдерін айрықшалау үшін киімді 9 ғасырдың орта тұсында II Омар халиф қолданған. Ол зороатрушта дінін ұстанатын жандарды, иудейлер мен христиандарды бірқатар ережелерді ұстануға міндеттеген. Осы тұста, мұсылмандардың әлеуметтік доктринасында зороаструшташылар, иудейлер мен христиандар өмірге шыр етіп келгеннен бастап айрықша дәрежеге ие болғанын атап өткен жөн: оларды «Киелі кітап түскен» адамдар деп атап, пұтқа табынушылар мен зиммилерден (келісім бойынша қорғалатындардан) артық көрді. Кең тараған хадистердің бірінде, Мұхаммет пайғамбар ол қауымдарды өз алқауына алған жөнінде айтылады.

8 ғасырда мұсылмандар құрған алпауыт мемлекетте (Араб халифатында) автономия алған, жүз мыңдаған адамнан тұратын иудей, христиан және зороаструшта қауымдары болған.

Деректерге сәйкес, I Омар (634–644 жж.) тұсындағы салық ақпарларында, зиммилер міндетті болған жан басына төленетін жиза салығы Бабылда, шамамен 1.5 млн адамға салынғаны айтылған.

Тек Бағдаттың өзінде 9–10 ғасырларда келісім бойынша патша алқауындағы адамның саны 15 мыңға жеткен. Аталған қала мұндай қауым өкілдері көп шоғырланған аймақ саналмаған. Мұнда Йахуди, яғни «иудейлер қаласы» деп аталған қос қала болған.

Харун ар-Рашид (786–809) есімді халиф, мұсылмандарды, мұсылман еместерден айрықшалайтын идеяны ұсынған. Оның пікірінше, алқауындағы бауырлас діннің өкілдері беліне белбеу тағып, басына құрақ тақия киіп, тіптен аяқкиімінің өзін айрықша әдіспен киюі керек. Осы тұста ат әбзелдері туралы сөз қозғауды өзі артық: олар ер-тоқымдағы қылшықтардың орнына ағаш өрімдерді пайдалануға тиіс. Осы бір ережелерде, өзге дін өкілдерін кемсіту болмаса да, бір діндегі бауырларын, кем дегенде, асқақтату ниеті жатқаны анық. Әсіресе, бұл әйелге қатысты жазылған ережелерде айқын көрінеді — олар атқа арналған ер-тоқымда емес, есектің ерінде отыруға міндетті.

Харун ар-Рашид халифтің портреті. Франция ұлттық кітапханасы, Париж. 17 ғасыр / Getty Images

Харун ар-Рашид халифтің портреті. Франция ұлттық кітапханасы, Париж. 17 ғасыр / Getty Images

Харун ар-Рашидтің идеяларын қол астындағы жақтастары қолдамады және ол идеяларды әлдебіреудің ұстанғаны жөнінде ешқандай да дерек жоқ. Осы мәселеге қайта айналып соғып, жазбаша түрде тіркеген билеушінің бірі, жоғарыда атап өткен II Омар болды. Дәл осы билеушіден бастап адамзат тарихындағы дініне қарап алалайтын заңнамалар қабылданды.

Мұсылман әлеміндегі «Қасиетті кітап иелері (Әһл әл-Китаб)» қандай сипатта болды?

Халиф Омар қабылдаған заңдардың бірінде, өзге дін өкілдері, мұсылмандардан айрықшаланатын киімді киюге міндет деп көрсетілген. Тіптен халиф әртүрлі конфессия өкілдеріне (зороаструшташылар, иудейлер мен христиандар) әрқандай айрықшалағыш белгіні тағуға бұйырды дегенде пікір бар. Дегенмен бұл ереже не мүлдем болмады, не нашар орындалғаны соншалық, оған қатысты оқиғалар бізге дейін жетпеген.

8 ғасырда халифаттағы ерлер арасында үшкір тақиялар (калансува) сәнге айналды, өзге дін өкілдері егер осы тақияны кигісі келсе, мұсылмандар кигеннен өзге түстегі екі түймені тігуге міндеттелді. Уақыт өте келе мұндай тақиялар сәннен кетті, бірақ иудейлер мен христиандарға өз конфессиясын айрықшалау үшін осыны тағып жүру ұсынысы жасалды. Омардың жарлығына сәйкес, өзге дін өкілдері бал түстес сырт киімді, ал олардың құлдары арқасына не кеуде тұсына сол түстегі бір жапырақ мата жапсырып, беліне жұқа емес, қалың белбеу байлап жүруге міндеттелді.

Иоанн Дамаскин. Икона, 14 ғасыр/Wikimedia Commons

Иоанн Дамаскин. Икона, 14 ғасыр/Wikimedia Commons

9 ғасырдағы поэтикалық шығармалар мен сатиралық кескіндемелерде, зиммилерді халифтің ережелеріне жүгінгендіктен емес, өмірдің өзінен туған, алайда ешбір жерде жазылып қалмаған төл жоралғыларына байланысты айрықшалап көрсеткен. Айталық, 9 ғасырдағы араб жазушысы әл-Жазих (869 жылы қайтыс болған), бабылдық жорамалдың бірін сипаттап жазған:

«Дүңгіршектің нағыз қожайыны патша алқауындағы жан болуы керек және оның есімі — Азин, Мазбар, Азданказ, Миша немесе Шлум болып, киіміне арнайы қара дақ және мойын тұсына мөр басуға тиіс».

Мойын тұсына мөр басу жоралғысы, жан басына салынатын салықты төлегенінен хабар беретін таңбадан бастау алған. О баста аталған мөрдің алалаушылық мағынасы болмаған, бірақ, мәселен, қала ішіндегі қауымдар арасында қандай да бір әлеуметтік қақтығыс туса болғаны, сондай сипат иеленіп кетіп отырған.

Омар халифтің де жарлықтары Харун ар-Рашид халифтің идеялары секілді сәтсіз болып, іске аспады: өзге дін өкілдері қырын қарап, қоғам немқұрайлылық танытты, ал билік өкілдері ғасырдың соңына, жарлыққа соны ұсақ-түйек өзгерістер енгізіп, қайтадан қабылдады. Мұсылмандардың жерінде зиммилерге айрықшалағыш белгі тағу идеясы қайтадан 11 ғасырда бірақ көтерілді.

Зиммилердің сырт келбетіне қатысты сұрақ туындай қалса, барлық мұсылман заңгерлері Омардың Пакті деп аталатын жарлыққа сүйенді. Алайда мұндай тәжірибе мұсылмандардың жерінде бірізді ұстанылып келді деп айтуға ауыз бармайды, кейде бір ғасырға жуық уақыт жоғалып кетіп, қандай да бір билеушінің тұсында қайта жанданып кетіп отырды. Сосын аталған билеуші кеткен соң немесе көңіл күйіне байланысты қайтадан қолданыстан шығып қалды. Айталық, 12 ғасырдың аяғында Альмохадтардың билеушісі Абу Юсуф Мағрибтағы иудейлерге жеңі ұзын қара-көк түсті киім мен басына тоқыма тақия киюді бұйырған мысалын келтірсек болады. Оның ізбасарының билігі тұсында сары түсті киім мен басына сәлде орап жүруге дейін жеңілдетілді. 14 ғасырда Мағрибтағы иудейлер қара түсті сәлде немесе қызыл мата жапсырылған тақия мен қамыстан тоқылған аяқкиім киюге міндеттелді.

Мағриб қолжазбасы. Асыл ханымға арналған бақшадағы лютня ойыны. 13 ғасыр/Wikimedia Commons

Мағриб қолжазбасы. Асыл ханымға арналған бақшадағы лютня ойыны. 13 ғасыр/Wikimedia Commons

Осман сұлтандары да сол шақта иммиграцияны насихаттап, көтермелеген бағынышты өзге дін өкілдерінің сырт келбетіне қатысты ой жүгірте бастады. 1580 жылы III Мұрат зиммилерге сәлде тағуға тыйым салып, қара аяқкиім киіп, егер иудей болса қызыл, ал христиан болса қара қалпақ киюді бұйырды. 1730 жылы I Махмұт, кейбір мұсылмандар иудейлер киетін баскиіммен жүргенін байқап, қылмыскерлерді дарға асу жөнінде үкім шығарды. 1758 жылы ол Ыстамбұл көшелерінде қарапайым шаруаның киімінде серуендеп жүріп, тыйым салынған киімді киген еврей мен армяндық адамдардың басын алуға бұйырған. Осман империясында зиммилердің айрықша киімі жөніндегі соңғы жарлықты, 1837 жылы II Махмұт сұлтан шығарды. Дегенмен аталған жарлықтар, мәселен, Грекия, Анадолы мен Балқан түбегі секілді христиандар басым болған провинцияларда қолданылмады.

Батыста өзге ұлттардың киімдері қалай жүйеленді?

Батыс Еуропа өркениеті өзге дін өкілдеріне айрықшалағыш белгілерді ойлап табу мен оларды әрмен қарай іске асыру ісінде өте жасампаз болды. Аталған фактіні, Батыс Еуропада иудейлер мен мұсылмандардың саны тарихи тұрғыдан аз болып, олар көпшілікті құраған христиандардың жанында қатты айрықшаланып тұрғандығымен түсіндіруге болады. Тек Пиреней түбегінде ғана жағдай басқаша болды және бұл жалпы латин құқықтық жүйесіне өз әсерін тигізді.

Сонымен иудейлер мен христиандарды сырт келбеті арқылы сегрегациялау идеясы алғаш, алдыңғы лекцияда айтып өткеніміздей, 1215 жылы Төртінші Латеран Соборында айтылып, жазылып қалған болатын. Ондағы көтерілген ұрандардың өзі көп дүниені аңғартады:

жарлықта «кейбір жерлерде иудей немесе сарацин және христиандардың киімдерінде айрықшалық кездеседі; ал басқа аймақтарда шатыс пұтыс болғаны соншалық, айырмашылық жоқтың қасы. Осының кесірінен ара-тұра христиандар аңдамай иудей немесе мұсылман сылқымдарымен, ал иудейлер не сарациндер — христиан әйелдермен жыныстық қатынасқа түсіп жатады. Осы іспеттес қылмыстар білмей қалдық не жаңылыстық деген сынды сылтаулармен әрмен қарай жалғаса бермес үшін, біз оларға [өзге дін өкілдері] (ері де, әйелі де) христиан жерінде басқалардан айрықшалануы үшін, арнайы киім киюге бұйырамыз» деп көрсетілген. 

Осы бір жарлыққа қарап, Рим папасы да, епископтар да өзге дін өкілдерін түбегейлі кемсітіп, әлеуметтік кіріптар күйдегі жандар ретінде «таңбалауды» қалмағанын аңғаруға болады. Жарлықтың мәтініне қарап, олардың мүлдем өзге мақсатты көздегенін көруге болады: олар бір діндегі бауырларын иудейлер және мұсылмандармен сексуалдық байланыс орнатудан шектеуге тырысты. Тек физикалық, тән жақындығын олар дінге қауіп төндіретін қатар ретінде қарастырды.

13–14 ғасырлардағы папаның көптеген заңы мен епископтардың хаттарында бір ғана ой айтылды: шенеуніктер мұсылмандар мен иудейлер христиандарға қарағанда өзгеше киініп, басқаша шаш үлгісін қоюы керек (бұл шара христиан жезөкшелерімен өзге дін өкілдері байланыспауы үшін қажет).

13 ғасырда осы іспеттес нормалар қалалардың заңнамаларына да енгізіле бастады. Осы мәселені алғаш болып көтерген Фуэро Тартостары, сарациндергеiiяғни, мұсылмандар домалақ болып қырқылған шаш үлгісін және ұзын сақал қойып, киім ретінде — альхубу мен альмейшиюді, яғни дәстүрлі шығыс киімдерін киюді міндеттеді.iМысалы, альхубу және альмшейю

Испан патшасы Дана Альфонсо және оның сарайы / Alamy

Испан патшасы Дана Альфонсо және оның сарайы / Alamy

Киіну тәртібі не себепті үйреншікті іске айналды?

Дейтұрғанмен, ережелер ұдай өзгеріп тұрғанын және осыған байланысты христиандық Еуропада ғана емес, сондай-ақ, айталық жекелеген Каталонияның өзінде өзге дін өкілдерінің киіміне қатысты тұрақты норманы болмағанын ескерген жөн. Айталық, Испаниядағы сарациндерге бірде шашын қысқа қылып алып, сақалын қысқарту бұйырылса, бірде, керісінше, ұзын шаш қойып, ұзын сақал жіберуге міндет болған. Сақал мен пейс оқтын-оқтын иудейлерге де міндеттелген.

Хайме Уге. Әулие Винсентті азаптау. Каталония өнер мұражайы. Барселона, Испания. 1460 жыл/Google Art Project

Хайме Уге. Әулие Винсентті азаптау. Каталония өнер мұражайы. Барселона, Испания. 1460 жыл/Google Art Project

Билік өкілдерінің сырт келбетке қатысты нормаларды (епископтардың хаты мен папаны заңдарына сілтеме беріп) енгізу әрекеттеріне және осыған байланысты салынған айыппұлдарға немесе дүре соғу сынды физикалық жазаға жауап ретінде мұсылман және иудей қауымдары петициялар жазып, норманың күшін жоюды талап етті. Талап хаттарында олар корольдікті тастап кетеміз деп қорқытып, бір ғана аргумент келтірді: олар қандай да бір шаш үлгісін немесе сақал қоюды я айрықшалағыш киім кию бұйрығын, «салтымызда жоқ» және бұрын-соңды «бұлай жасаған емеспіз» дегенді себептерге байланысты күшін жоюды сұраған.

Оның үстіне, мұндай жаңашылдықтар, корольдің өзге дін өкілдеріне еркін дін ұстануға, басқарудағы автономия мен жоралғыларын орындауға берген рұқсатына қайшы келеді. Иелігі бар христиан сеньорлары, мұсылман вассалдарын қорғап, өтініш білдірген кездері де көп болды. Шенеуніктер аймақтарда жаңа жарлықтарды іске асыруға да асықпады.

Осы бір ақпарлардан негізінен Орта ғасырлардың соңына дейін дінге бейтараптық танытқан әлеуметтік өмірдің қарама-қайшы бейнесін көруге болады. Корольдер өзіне дейін енгізілген жаңашылдықтардың күшін оп-оңай жоя алды. Мәселен, 1387 жылы арагондық монарх I Жаон, шенеуніктерден өзге дін өкілдерінің шаш үлгісін сақтау талап еткен епископ Уэскиге хат жолдады. Мемлекеттік хатта король бәрінен хабардар деп айтылған: «сарациндер ешқашан шашын бұлай қимаған және алдағы уақытта қимайды да», бұл ақпар таңданыс тудырады, өйткені король қол астындағы мұсылмандар айтқан аргументті келтіріп, іс жүзінде, христиандардың емес, мұсылмандардың дәстүріне сүйенген.

Еуропада, христиандарың жерінде өмір сүрген иудейлер мен мұсылмандар, негізінен әртүрлі киімдерді кие алды: епископтың шағымы, осы бір фактіні дәлелдей түседі. Сол шақтағы испан сарациндерінің, айталық, сандықтарында мұсылман киімдері жатқан. Мұсылман әйелдерінің орамалын ұмытпаған жөн. Тарихшыларға бұл жайында, егер мұсылмандардың бірі корольдіктен тысқарыға шығып, шетелге шыққаны үшін төленетін салығын төлеген жағдайда, шенеуніктердің дүние-мүлкінің тізімін жасаған жазбаларынан біліп отыр.

Еуропадағы еврейлерге қарсы қандай шаралар қолданылды?

Еуропаның өзге аймақтарында, түсінікті себептерге байланысты, антимұсылмандық заңнама болмағанымен, иудейлердің сырт келбетіне қатысты сегрегациялық нормалар, әлбетте, қабылданды.

Қасиетті Рим империясыныңiiЕуропа аумағында 10–19 ғасырларда өмір сүрген мемлекет. Әр уақытта ол қазіргі Германияның, Швейцарияның, Италияның, Шығыс Еуропа елдерінің және Францияның бөліктерінен тұрды. Германиядағы иеліктерінде иудейлерге, өзге аймақтардағыдай үшкір қалпақ кию бұйырылған. Аталған баскиімді, жоғарыда айтып өткеніміздей, өз қалауымен және сән үшін бұған дейін де киген. 1434 жылы Аугсбургта иудей әйелдер сары түсті баскиімдер, ал иудей еркектер сары белгі жапсырып жүру туралы жарлық шықты. Бір ғасырдан кейін бұл нормалар Германия мен Аустрияға енгізілді, ал Прагада иудейлерден жағасы сары киім кию талап етілді.

Италия жерінде иудейлерге ұзын сақал қоюды міндеттеген жарлық император II Фридрих Гогенштауфенмен (1220–1250) байланысты болды. Рим папасы IV Александр 13 ғасырдың ортасында, өз иеліктеріндегі иудей еркектерге алақандай болатын сары түсті домалақ таңбаны, ал әйелдерге орамалына қос жолақты көгілдір лентаны тағуды бұйырған. Бір ғасырдай уақыт өткен соң, Рим қалаларының заңнамаларында дәрігерлерден басқа, барлық иудейлер еркектеріне айрықша қызыл баскиім, ал әйелдеріне — қызыл алжапқыш тағу бұйырылған тармақ пайда болды. Айрықша шенеуніктер аталған норманың орындалуын қадағалады. 16 ғасырда Римде және оңтүстік Франциядағы папаның иеліктерінде еркектер де, әйелдер де сары түсті, ал Венеция Республикасында — қызыл түсті баскиім киюге міндетті болды.

"Манна жинау" шебері. Еврейлердің құрбандығы. Бойманс Ван Бойнинген мұражайы, Роттердам, Нидерланд. 15 ғасыр/Wikimedia Commons

"Манна жинау" шебері. Еврейлердің құрбандығы. Бойманс Ван Бойнинген мұражайы, Роттердам, Нидерланд. 15 ғасыр/Wikimedia Commons

Ал Польшаның көп аймағына өзге дін өкілдерін айрықшалайтын киім немесе баскиім кию ережесі енгізілмеді. Венгер корольдігі мен Пиреней түбегінде папаның өзге дін өкілдеріне арналған арнаулы баскиім немесе арнаулы киім, не шаш үлгісін қою туралы жарлығын, жергілікті монархтар мүлдем ұстанбады яки формальді түрде енгізіп, бірақ артын ала күшін жойып отырды. Венгер корольі II Андраш (1205–1235) осы іспеттес заңдардың өз корольдігінде енгізбегені үшін екі мәрте папаның шіркеуінен шығарылып жіберген болатын.

Сырт келбет мәселесіне айрықша көңіл бөлініп, Еуропа тарихындағы жоғарыда сөз еткен нормаларды ұстану қатаңдатылған шақ ерте Модерн кезеңіне (15–16 ғғ.) тұспа-тұс келетіні назар аудартпай қоймайды. Дегенмен 16 ғасырдың соңында, Еуропа немесе Американың кейбір аймақтарында иудейлер қойылған қандай да бір баскиім немесе айрықшалағыш белгіні тағу талабы болмады. Сонымен қатар айрықшалағыш белгі секілді, айрықша баскиім, ленталар немесе сырт киімдегі өзге де спецификалық ұсақ-түйектер 17–18 ғасырларда формальды күшін жою жөніндегі бұйрықтарсыз-ақ қолданыстан ақырындап шығып кетті. Дегенмен олай болмаған аймақтарда баршылық. Айталық, айрықшалағыш белгілер мен киімдерді Германия, Вена мен Венецияның кейбір аймақтарында арнайы заң шығарып алып тастады. 1781 жылы II Иосиф император Аустрияның барлық аймақтарында иудейлердің айрықшалағыш белгісін тағу ережесінің күшін жойды. Дегенмен осы іспеттес шектеулер папаның иеліктерінде ұзаққа дейін сақталғаны таңғаларлық ақпарат емес және ол ережелер Ұлы Француз Революциясы орнағаннан кейін аз-маз жеңілдетілді.

Иудейлердің өздері де кейде ескі ережелерді ұстануын жалғастыра берді: венециялық раввиндер мен шау тартқан кісілер қызыл тақиясын тастамады, ал оңтүстік Франциядағы иудейлер, сары түсті тақияларға тыйым салған заң шыққанша киіп жүрді.

Христиандық өнерде өзге ұлт өкілдері қалай бейнеленген?

Бейнелеу өнері де өзге дін өкілдерінің сыртқы келбеті туралы да көп дүниені айта алады. Кітапқа салынған миниатюраларда, шіркеу сурет өнерінде иудейлер мен мұсылмандардың бейнелеу қажеттігі жиі туындады — библиялық тарихтың кейіпкерлері, агиографиялық немесе жылнамалық сюжеттер және т.б. туындылардың кейіпкерлері ретінде.

Оның үстіне жанрдың талабы бойынша, көрермен иудей мен мұсылманды образына қарап бірден «анықтай» алуы қажет. Ол үшін орта ғасырдағы батыс еуропалық сурет өнерінің дәстүрінде өзге дін өкілдерін көпшілік қабылдаған символдар, айрықша атрибуттар арқылы бейнеледі. Бұл, бір жағынан, аталған символдар христиандарға мүлдем таңсық дүние болмауын талап етсе, екінші жағынан, бірде пайда болған символ тұрақты түсінікке айналып, сәннің ауысып отырғанын ескермеді және шынайы тұрмысты суреттеп көрсетпеді деген сөз.

Әдетте өзге дін өкілдерінің атрибуты қауға сақал мен баскиімдер болды — иудейлерде биік тоқыма тақиялар немесе үшкір қалпақ болса, мұсылмандарда тюрбан түріндегі тақиялар символға айналды.

Әдетте, пұтқа табынушылар да үнемі мұсылмандар немесе еврейлер сияқты киінген. Мысалы, көпқұдайшыл билеушінің атрибуты бола алатын сары шүберек пен тақия киген.

Мұндай бейнелерді король Дана Альфонсоның (1221–1284) атақты «Ойындар кітабынан»iiТағы бір атауы «Шахмат, сүйектер және тақталар кітабы» — әртүрлі үстел ойындары туралы трактат. Түрлі түсті иллюстрацияларымен танымал. табуға болады, Әулие Марияның Кантигасында шахмат ойнап отырған мұсылмандар; 15 ғасырдағы каталондық ретаблолардаiiRetablo — құрбандық үстелі кескінінің испандық нұсқасы. және еуропалық бейнелеу өнерінің көптеген басқа ескерткіштерінде. 16–17 ғасырларда кейіпкердің еврейден шыққаны көбінесе сырт киіміндегі кішкентай сары шеңбер арқылы белгілі болған.

1 / 3

Орта ғасырлардағы қоғам үшін сегрегация не себепті табиғи болды?

Біз ұсынған материалдар, бірінші лекциямызда сөз болған мета немесе лата сынды айрықшалағыш белгілер, діни сегрегациялық шаралар тарихындағы дербес құбылыс болмағанынан айқын түрде хабар береді. Оның үстіне аталған шаралар бастапқы кезде, қоғамдық тәжірибеге қайшы келетін әрекет ретінде саналмаған. Керісінше, мета сырт келбет арқылы өзге дін өкілдерін түрлі тәсілдер арқылы айқындауға көмектесетін көп нұсқаның бірі ғана болған. Осы іспеттес мақсаттарға, көргеніміздей, сәннен кеткен тақиялар, қандай да бір түстегі киімдер (көбіне-көп қызыл және сары) немесе қандай да бір конфессия тобымен астастырылған айрықша белгісі бар киімдер яки шаш үлгісін қолдану дөп келген. Батыс пен Шығыс бір жағынан, іс жүзінде қолдануға болатын, екінші жағынан дамудың белгілі бір кезеңіне жеткенде олардан бас тарту оңайға соғатын, ең оңтайлы сегрегациялық форманы ұзақ уақыт іздеді.

Осы тұста сегрегациялық белгілер ислам жерінде пайда болғанымен, латин әлемінде билік тарапынан ұсынылған, діни «азшылықты» оқшаулау идеясын әлеуметтік көпшілік қолдап кеткенде ғана аталған тәжірибе алалаушы әрекеттерге айналып кеткенін атап өткен жөн. Жалпақ тілмен айтқанда, алдымен қоғам ішінде дінаралық қақтығыстар туып, сегрегациялық шараларға мүдделі болған ықпалды күштер (шенеуніктер, қалалық кеңестер, таптық мекемелер және т.б.) осыны пайдаланып, шектеу ережелерін енгізуге тырысты. Қарама-қайшы жағдайларда, жарлықтар тек қағаз жүзінде ғана қалды немесе мүлдем күші жойылып отырды.

Идеяларды күнделікті өмірде іске асыру үшін көп күш салуды қажет ететін, қосымша жұмыстар атқарылуы керек. Дәл осы сегрегациялық идеяларды іске асыру процесі барысында, олардың алалау тәжірибесіне айналып кету ықтималдығы жоғары. Бәлкім, ислам саяси тәжірибесіне тән әлеуметтік тәртіп пен басқару мәдениеті, әртүрлі конфессиялық топтардың өзара әрекеттестігінің жоғары деңгейін паш ететін болар. Латиндік Батыс аталған мәселеге шамадан тыс алаңдап, тіптен үреймен қарап, ақырында иудейлерді Англиядан, сосын Франциядан, Испания мен Португалиядан, тіптен шоқынған бұрынғы мұсылмандар мен морисктерді Испаниядан (менің өзге курсыма сілтеме беруге болады) қуу сынды шапшаң орын алған және бір жақты шешімдерді қабылдады.

Пере Оромиг. Морисктер Валенсиядан кетіп жатыр. 1616 жыл/Wikimedia Commons

Пере Оромиг. Морисктер Валенсиядан кетіп жатыр. 1616 жыл/Wikimedia Commons

Сонымен қатар Орта ғасырлардағы сегрегациялық саясат, заманауи сегрегациялық үлгілерден, ол қоғамның шектеулі діни санасының ғана жемісі болғанымен, яғни дін анықтаушы фактор болған ұжымдық менталитетімен түбегейлі айрықшаланатынын түсінген жөн. Бәрі болмаса да, осы әлемдегі тұрмысы және өте жақын әрі шынайы өміріндегідей сезілген о дүниеге қатысты таным-түсінігі адамның қандай Құдайға табынатынына байланысты анықталды.