ҚАРНАҒЫМ – КИЕЛІ МЕКЕНІМ!

Қарнақ ауылы

Менің есімім Нуритдинова Жасмина. Мен 2000 жылдан астам тарихы бар, Қарт Қаратау етегінде орналасқан киелі Қарнақ ауылында 2006 жылы туғанмын. Сол ауылдағы М.Қашғари мектебінің осы жылғы түлегімін. Волонтёрлық жұмыстарды жаным сүйеді. Қазіргі таңда Y-PEER халықаралық еріктілер желісінің сертификатталған тренерімін. Өзім сияқты жастарға, мектеп оқушыларына тренингтер өтемін көсбашылық, салауатты өмір салты, репродуктивті денсаулық, зорлық-зомбылық туралы тренингтер өтемін. Бос уақытымда ауылдың сұлулығына тамсана жүріп, дем алып, серуендегенді жаным сүйеді.

Қарнағым – киелі мекенім!

Туып өскен жерім, жүрегімде мәңгі қалатын жерім – кіндік қаным тамған жер, туған өлкем! Бұл менің балалық шағымның келбеті, жетістіктерімнің куәсі. Менің ауылым – Қарнақ, Түркістан облысында, Түркістан қаласынан 25 км солтүстік-бастыста, кенді қарт Қаратау баурайында орналасқан. Қарнақ ауылы дәстүрлік мен заманауилықты, табиғи сұлулық пен тарихи мұраны үйлестірген ғажайып мекен. Таулар мен жасыл алқаптармен қоршалған әсем аймақта орналасқан бұл шағын ауылдың тарихы тереңде жатыр. Қарнақ ауылының көрікті жерлерінің бірі – бұл жердің бай тарихын айғақтайтын тарихи ескерткіштері. Мұнда ежелгі қалашықтардың қалдықтары, ежелгі тас мүсіндер мен ежелгі дәуірден және осында өмір сүрген адамдардың өмірі туралы баяндайтын және айқындайтын ғимараттарды табуға болады.

Қарт Қаратау бауырайындағы Қарнақ ауылының көрінісі

Қарнақ — орта ғасырдан белгілі қала орны. Кейбір археологтар Қарнақты ортағасырлық Ишкент деп жорамалдайы, ал Кеңес одағының әйгілі археологы, шығыстанушы, тарих ғалымдарының докторы А.Н.Бернштам жүргізген зерттеуіне көре Қарнақ Әмір Темір әулеті тұсында (13— 15 ғасырлар) салынғанын айтылады. Қарнақ — қазақ хандықтары дәуірінде маңызды рөл атқарған қалалардың бірі болған. Қарнақтың тарихи қала екендігі, сол жерде оғыздар мекендегенін, ХІ ғасырда қалам тербеген М.Қашқари сөздігінен бізге белгілі. Бұл кезеңге қатысты ескерткіштер Қарнақ қаласының маңында жүздеп саналады десек артық айтқандық болмас, соның ішінде имам Бахили, Сопы Каландар, Шапар баба, Шейх Мұхаммед, Тақия ата, Хайриддин ата, Қарабура сияқты әулиелі жерлер ерекше аталады. Онда ежелден мыс, шойын қорыту, қорғасын балкыту, оқ-дәрі жасау кәсібі дамыған болған. ХІХ ғасырда Қазақ ордасының жеріне жіберілген Ресей патшалығының елшілері Ф.Скибин мен М.Трошин қазақтардың оқ-дәрілік қорғасынды Қарнақ қаласында балқытқанын атап көрсетеді. Осы жерден-ақ Қарнақ қаласының (сол кездегі) әлеуметтік-саяси маңыздылыққа ие болған. Оған дәлелдер көп.

Қарнақтағы оарта ғасырға тиесілі қирап жатқан дарбаза (аулаға кіретін есік)

Қарнақ ауылының атын шығарған тарихи оқиғаның бірі ол – Түркістан қаласында орналасқан, XIV ғасырдың соңында тұрғызылған ірі архитектуралық ескекерткішкердің бірі Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі орталылық дәлізінде орналасқан ең басты экспонат - атақты Тайқазан киелі Қарнақта құйылған. Бұл қазан әйгілі қолбасшы Әмір Темірдің тапсырысымен 1399 жылы 25 маусымда Қарнақта құйылған. Ирандық шебер Әбділ Әзиз Шарафаддин Тебризи сирек кездесетін жеті асыл металдар: мырыш, жез, қола, қорғасын, мыс, күміс және темір қоспасынан құйған. Айта кеткен жөн болар, әрбір металдың балқу температурасы әр түрлі, сол себепті де 7 металды дұрыстап балқытып Тайқазанды құю Қарнақтық ұстаның шеберлігінен дәлел. Қазанның салмағы 2 тонна, сыйымдылығы 3 мың литр, биіктігі – 1,60 метр, диаметрі- 2,42 метр. Тұғырының биіктігі - 0,54 метр, ал диаметрі – 0,607 метр болып келеді.

Тайқазанның сыртқы бөлігінің өрнектелуі бес бөліктен тұрады. Бірінші жоғарғы бөлігінде қазанды айнала сулус қолтаңбасымен Құран Кәрім аятынан үзінді жазылып, ол Пайғамбар хадисімен жалғасады, одан соң қазанның кімге арнап жасалғаны, аяқталған жылы берілген. Екінші қатар ірі он кубба (емшек) және он өрнекті тұтқа арқылы жиырма картушка бөлінген. Оның қатар орналасқан екі бөлігіне сулус қолтаңбасымен шебердің өз аты жөні жазылған болса, қалған он сегіз бөлігінде куфи жазу үлгісімен парсы тілінде тілек сөз берілген. Үшінші қатарда Құдайдың Құдыреті жайлы ескерту куфи жазу үлгісімен 22-рет қайталанып жазылған. Төртінші қатардағы қазанның бүйір бөлігінде тұтқа өрнектеріне ұқсас үлкен жапырақ түріндегі он ою бедерленіп, жиырма кіші кубба орналасқан. Аяқ тұғырымен шектесетін бесінші бөлігінде қиылысқан доға сипатындағы өрнектер бедерленген.

Қожа Ахмет Яссауи кесенесіндегі басты экспонат - Тайқазанның суреті

Тайқазан туралы тағы бір ірі тарихи оқиғаны айта кетсем, 1935 жылы Кеңес одағы кезінде Тайқазанды әйгілі Санкт-Петербург қаласындағы атақты музейі Эрмитажға, Иран шеберлерінің III Халықаралық конференциясына алып кетеді. Жарты ғасырдан астам уақыт сонда тұрып, талай хат пен КСРО Жоғары Кеңесіне жүгінген, жанашыр мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым этнограф Өзбекәлі Жәнібеков пен сол тұста «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей директорі Нұрмахан Назаров бастамасымен 1989 жылыдың 18 қыркүйегінде араға 54 жыл салып Түркістанға, Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне қайтарылды.

Қарнақтық дамулла Тәджиддин ақсақалдың айтуынша Қарнақта 22 медресе болған, оның ішінде «Халфе», «Шахмұхамед ишан», «Молда Хашыр дамолла», «Әбілхайыр қазы» атты 4 үлкен медресе болған. Бір айта кетерлігі, сол сәтте Орталық Азияда Қарнақтан бөлек 4 медреселі қала болмаған. Сондықтан, Қарнақ ағарту орталығы ретінде танымалдылығы арта түскен. Медреселер ХХ ғасырдың 20-жылдарына дейін жұмыс істеген. Оны бітіргендердің білім деңгейі Бұхара, Самарқанд қалаларындағы медреселердің шәкірттерінен кем болмаған» Қарнақ медреселерінде ерте заманнан бастап Кенесары-Наурызбайға шейін қазақ төрелері, елшілік қызметіне дайындалатын адамдар, сарай қызметкерлерінің балалары оқыды. Қалашықта әлі күнге сақталған жалғыз ғана көне құрылыстардың бірі Шамет ата мешіт-медресесі, қазіргі күні музей болып қызмет жасауда, ал қалғандары өкінішке орай қирап, болмаса орнына коммерциялық ғимараттар, дүкендер салынған.

Шамет Ишан мешіті - сәулет өнері ескерткіші. Қарнақ ауылының орталығында орналасқан. Құрылыс жұмыстары бірнеше кезеңмен жүргізіліп алдымен мазар, кейін мешіт және медресе салынып, ақыры ХІХ ғасырдың 70-ші жылдары қалыптасқан жалпы архитектуралық кешенге қосылды.

Ғимарат ХVІІІ ғасырдың соңында, яғни 1789 жылы жергілікті халықтың сауатын ашу мақсатында іргетасы қаланған. Ғимарат құрылысы бірнеше этаптан тұрады. Жоғарыда айтқанымыздай алғашында бұл жер мазар, мешіт, ал кейіннен медресе болып құрылған. 1789 жылы кіші ақсарай, 1876 жылы үлкен ақсарай салынады. Кіші ақсарайдың астында қылует бар. Жаздың ыстық күнінде сол қылуетте Аллаға құлшылық жасайтын болған. Ал үлкен ақсарай мешіт рөлін атқарумен қатар шәкірттер алғаш сол жерде сауатын ашқан. Медреседе оқу 1917 жылға дейін жалғасады.1917-1928 жылдары ғимарат балалар үйі болған. Қазіргі таңда сәулет кешені музейге айналған.

Мешіт ғимараты негізгі намаз оқитын және қылуетті қамтитын кіші залдардан, шаруашылық бөлмесінен тұрады. Құрылыстың әр кезеңінде салынғаны оның жобалау композициясынан да көрініс тапқан. Ол Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің нақышына (сталактиттер, төменгі тұғыр қабат кенересі, көгілдір рең, қабырға нақыштағы көгеріс өрнек сюжеттер, т.б.) ұқсас етіп жасалған. Мешіттің аула жақ беті төбесі ағаш оймышпен әсемделген биік айуанмен көмкерілген. Қасбеті жағындағы екі залдың екеуі де жалған күмбезбен айшықталған, оның біршама бөлігі бертінгі темір шатырдың астында қаланған. Кешен медресе құрылысы салынғаннан кейін толық қалыптасты. Медресе “Г” іспетті, бір қабатты құрылыс. Аула жағындағы қаз-қатар орналасқан хұжыралары айуанмен көмкерілген.

Әйгілі Шамет Ишан мешіт-медресесі (қазіргі таңда музейі)

Шамет Ишан мешіт-медресесінің ішкі көрінісі, Ақсарай дәлізі.

Шамет Ишан мешіт-медресесінің музейіндегі экспонаттар.

Шамет Ишан мешіт-медресесінде XIX-ші ғасырларда қазаққа белгілі «зар заманның» ақыны Шортанбай Қанайүлы, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Молда Мұса (Мұсабек) Байзақұлы, Шәде Төре, Жаяу Мұса, Мұхтар Әуезовтың атасы Бердіқожа, т.б. сынды көптеген қазақ зиялыларын оқытқандығы Қарнақтың танымалдығы мен қоса әлеуметтік-саяси жіне мәдени қалалардың бірі болғанын тек айқандай түседі.

Қаратаудың қойнауына ене, тау баурайына сұғына орналасқан қалашықта ХVІІІ ғасыр орыс шенеунігі, географ, тарихшы, өлкетанушы әрі зерттеушісі П.И.Рычков бар-жоғы 300 үй болды дейді. Ескі Қарнақ – төрт дарбазалы, биік қорғаны бар қалашық. Елдің бәрі де жаз күні қалашық маңайында қызмет жасайды да, жау келді десе болды, қорғанның ішіне тығылады деп жазған. Қазіргі таңда қалашықтың 4 дарбазасы орнында төбешіктер сақталынып қалған, тек соның 3-уі ғана бізге белгілі Базартөбе, Ғартөбе және Шаштөбе төбешіктері.

4 дарабазаның бірі болған орын Базартөбе қорғаны

Қарнақтың әзірге дейін сақталып келген мұраларының бірі бұл – мыңжылдық тұт ағашы, әйгілі «Мәжарат тұт» ағашы. Биіктігі 8-10 метр болатын ағашқа 6 адамның құшағы әзер жетеді. Жалпы, бұл ағаш туралы бірнеше аңыз-әпсана бар. Соның бірінде VІІІ ғасырда Ислам дінін Орта Азия елдеріне таратуға келген араб қолбасшысы Кутейба ибн Муслим отырғызғаны айтылады. Ал, екінші нұсқада Имам Бахли есімді діндар кісі жылқы байлау үшін жерге қаққан ағаш көгеріп, өсіп шыққан деген дерек бар. Ал, кей әпсаналарда Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сахабалары осы маңнан өткенде бұлақ басына тіреп қойған аса таяғы қалып кеткен деседі.

«Мәжарат тұт» ағашы, мыңжылдық тұт.

Қазір ағаштың түбірі қурап кетсе де, шыбықтары көгеріп, жапырақ ашып тұр. Ал, ортасы үшке бөлінген. Ауыр тартқан бөліктерін тұрғындар арнайы ағаштармен тіреп қойған. Негізінде Қарнақ ауылында мұндай тарихи үш тұт ағашы болған. Екеуі өкінішке орай өртеніп кеткен. Ал, үшіншісін жергілікті тұрғындар қамқорлығына алып, қоршап қойған. Арнайы құдық қазып, арық тартқан.

Енді Қарнақ ауылының атауына келсек, ол бізді көне тарихқа бастайтыны анық. «Қарнақ» атауының ғылыми этимологиясы әлі де жасалмаған, соған байланысты халық арасында кереғар пікірлер өте көп. Халық аузында «Қарнақ» атауының келіп шығуы туралы әртүрлі аңыздар, деректер кездеседі. Соларға сүйеніп Махмұд Қашқари «Диуани лұғат-ат түрік» кітабында «Қарнақ – оғыздар қаласының бірі» – дей отырып, «Қарнақ» атауы «іші үлкен адам» деген мағына береді дейді. Осыған байланысты жергілікті өлкетанушылар «Қарнақ» атауын «қарынлық» сөзінен шығарғанды дұрыс көреді, яғни төңірегі биік, ортасы терең ойпат болған жер.

Осы тақырыпта біраз еңбек жасаған тарих ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, ежелгі Түркістанның тарихы мен мәдениеті саласындағы танымал тарихшы - зерттеуші Марат Қымызұлы Тұяқбаев «Қарнақ» сөзіндегі «қарды» Махмұд Қашқари сөздігіндегі «қаршы» – хан ордасы деген мағынамен байланыстырады. Қарнақ қаласының ерте орта ғасырға сәйкес келетін Ғартөбе қала жұртының жанында «Хантөбе» деп аталатын төбе бар. Жергілікті халық арасындағы аңызға сүйенсек, осында Әмір Темір өз әскерлерімен тоқтап, дем алған. Осы ойды дамыта түссек, «қала Хан ордасы болды» деген жергілікті халық аңызымен ұштасатын дерек пайда болады.

Қарнақ атауы Кеңес Одағы кезінде өз атауын кеңес заманында шолақ белсенділерге қарсы көтеріліс жасаймыз деп сол ауыл басшысының есіміне Атабай болып атанды. Араға жарты ғасырдан көп уақыт салып Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Президиумінің 1992 жылғы 19 наурыздағы қаулысына сәйкес Атабай атауы қайтадан Қарнақ болып өзгертілген.

Тағы бір мақтанарлық жайт, бұл Қарнақтың білім мәдениетінің жоғарлығы. Ауылдан 3 академик, 15 ғылым доктарлары мен 50-ден астам ғылым кандидатарының шығуы. Одан бөлек әйгілі жазушыларымыз бен де мақтан тұтамыз. Одил Ёқубов – өзбек совет жазушысы, Өзбекстан Жазушылар Одағының кеңесшісі, әйгілі «Балмұздақ», "Екі махаббат", "Мұқаддас", "Құстың қанаттары", "Даврон Газиев — гвардия капитаны", "Хрусталь люстралар", "Мен сені іздеймін", "Ер болу оңай емес", "Ар-ұждан" (осы романы үшін КСРО Жазушылар одағының сыйлығымен марапатталған), "Әппақ-әппақ аққулар", "Әділдік" романдары мен повестерінің авторы Қарнақ аулының тумасы. «Аваз», «Түркістандық әулие» романдары, "Ант бермеген жігіт", "Садағаң болайын", "Той құтты болсын", "Аман барып, есен қайтыңыз", "Ерлерге арналған ертегілер" сынды әңгімелер жиынтығының авторы танымал өзбек жазушысы Садъдулла Сиёевта осы Қарнақ ауылының тумасы.

Осындай тарихы терең ауылдың тумасы болу, оны мақтана айту қандай ғажап. Өз ауылымның тарихымен әрқашанда мақтанамын!

Жасмин Нуритдинова

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ

Көшірілді