СТАЛИН ҰЛТТАРДЫ ҚАЛАЙ ҚЫСПАҚҚА АЛДЫ

Қазақ КСРО ғылым академиясына қарсы жазылған арыз-шағымдар тарихы

«КСРО жасасын!» советтік плакаты. 1935/Alamy

12 сәуір - Қазақстан ғылым академиясының тұңғыш президенті, геолог-ғалым Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толды. Совет үкіметі тұсында заңғар ғалым, Алаш-Орданың жақтаушысы, ұлтшылдар қамқоршысы деп айыпталғаны туралы Qalam-ның кезекті материалында.

Мазмұны

Шықпаған жанның үміті

КСРО-ның Ұлы Отан соғысындағы жеңісі масайратып, бәрі жылымық бір өзгерістерді үміттене күтіп, сенім артты. Алайда бұл үміт ақталмады. Расында соғыс жылдарында режим дінге және бәріне көз алартуды доғарған елдің большевиктік дәуірге дейінгі тарихына қатысты белгілі бір идеологиялық босаңдыққа жол берді. Одан бөлек жүздеген мың адам кеңестіктен тыс басқа тәжірибеге ие болды. Кейбіреулері оккупацияланған аймақтарда тұрды, ал көбі Шығыс және Орталық Еуропаны бойлап, шеру жасады. «Бейбіт өмірге қадам басуы мұң еді билік сананы қатыгездікпен бақылау ісін қалпына келтіруді қолға алды».iВерт, 1992: 208

Көптеген зерттеуші соғыстан кейінгі кезеңдегі режимнің қаһарына мінуін екі себеппен байланыстырады. Біріншісі И. Сталиннің оның билігінің өн бойын шарпыған шектен тыс күмәншілдігі болса, екіншісі қырғи-қабақ соғыстың басталуы. «Қырғи-қабақ соғыстың» ресми бастау алу нүктесі Черчилльдің 1946 жылдың көктемінде Фултонда сөйлеген сөзі болды. Ол коммунизммен күресу үшін англо-саксон елдерінің одағын құру идеясын ұсынды. Өз кезегінде КСРО «Англо-америкалық империализмді» басты сыртқы қауіп деп атаса, «Батысқа табынудың» ішкі қауіп екенін алға тартты.iГринберг, 2012: 119-135

Уинстон Черчилль 1945 жылы/Wikimedia Commons

1947 жылы 14-мамырда Сталин жазушылармен кездесу барысында (Константин Симонов11Симонов К.М. (1915-1979) Кеңестік прозаик, ақын, журналист, қоғам қайраткері жазып алған): «Егер біздің ортаңқол зиялы қауым өкілдерін, ғылыми интеллигенцияны, профессорларды, дәрігерлерді алып қарасақ, олардың бойындағы кеңестік патриотизм рухы жеткілікті түрде жетілмеген. Олар шетелдік мәдениетке негізсіз таңданып, бас ұрады. Бәрі өзін кәмелет жасқа толмаған жас жеткіншектей, әлі пісіп-жетілмеген жандай сезінеді, өздерін мәңгілік шәкіртпіз деуге әбден дағдыланған. Бұл артта қалған дәстүр, Петр заманынан келе жатыр. Әуелі немістер, содан кейін француздар, жалпы шетелдіктерге бас ұру белең алды… Бұл мәселені көп жылдар бойы қаузап, әбден шегелеу керек… Біздің зиялы қауымның өзін-өзі қорлау рухымен күресуіміз керек», дейді.iСталин, 1947.

«Крокодил» журналынан алынған иллюстрация, 1948, №36 Сурет: Ю.Ганф/ашық дереккөзден алынған

Көп ұзамай басталған космополитизмге22Космополитизмге қарсы күрес.i Сталиннің 1948–1953 жж. «Батысқа табынуға» қарсы бағытталған соңғы жаппай идеологиялық науқаны қарсы күрес Сталиннің соғыстан кейінгі саясатының басқа маңызды тенденциясын көлегейлейді, яғни ол кеңестік патриотизмді орыс патриотизмі деп есептейді. Н. Верт Сталиннің аталған саясатын «ұлттарды қыспаққа алу» деп атайды.iВерт, 1992: 208

1945 жылдың 24-мамырындағы Сталиннің атышулы «Жеңіске орай жасаған мәлімдемесінде» ол кеңес халқы үшін емес, орыс халқы үшін тост көтеріп, «Кеңес Одағы құрамына кіретін барлық ұлттың ішіндегі ең үстем түскен ұлт» екенін алға тартып, оны бәрі мойындаған жауынгер халық деп атады.iВерт, 1992: 209 Сталиннің бұл сөзі бұрынғы тұжырымдамадан бас тартуды білдіреді («орыс халқы тең ұлттардың ішінде ең біріншісі»). Сталин 1922 жылы автономизациялау жобасында тыраштанған идеяларына қайтып оралады. Ол сол кезде ұлттар Ресей құрамындағы тек автономиялық республикаларға айналуға тиіс деген еді. Десе де Ленин орыс халқы ресми түрде болса да тең құқықты субъектілердің бірі ғана болатын федерация форматын талап етті.

1947 жылғы кеңестік плакат/Wikimedia Commons

1940-жылдардың екінші жартысында Сталин Ресей империясының тарихын қайта қарауға әкелген барлық ұлттық шегаралас аймақтарды Ресейге қосудың тек прогрессивті сипаты туралы тұжырымдаманы жасай бастады. Тарихшыларды «орыс халқының адамзаттың дамуына қосқан тарихи үлесінің шын мәнінде прогрессивті аспектісін көрсетуге» үндеді. Ұлттық тарихқа басқаша қарау беймүмкін болды. Бұл саясаттың салдарынан ұлттық мәдениетті материалдық және рухани жағынан зерттеуде шектеулер пайда болды. Ғылыми немесе шығармашылық мүдделері ресми канондармен «сәйкеспеген» зиялы қауым өкілдері аяусыз қуғын-сүргінге ұшырады. «Ұлтшылдыққа» қарсы күрес (1920–1930 жылдардағыдай «ұлтшылдыққа бүйрегі бұрушылық») Сталин билігінің соңғы жылдарындағы партияның басым бағыттарының біріне айналды.

«Правда» газетінен үзінді/Wikimedia commons

Ол кез келген шығармашылық және идеологиялық дербестікті басып-жаншу мақсатымен зиялы қауымға жаппай шабуыл жасау аясында өрбиді. 1946 жылдан бастап бірқатар партиялық қаулылар қабылданды: 1946 жылғы 14 тамыздағы Бүкілодақтық коммунистік партия Орталық Комитетінің «Звезда» және «Ленинград» журналдары туралы қаулысы;.33“Жұлдыз және Ленинград” журналдары туралы Қаулы”. Қаулыда бұл басылымдардың редакциялық саясаты, әсіресе “әдебиеттің бос кеудесі мен азғыны” Михаил Зощенко мен “идеядан ада біздің халқымызға жат поэзияның әдеттегі өкілі” Анна Ахматова сияқтылардың туындысын жариялағаны үшін сынға алынды 1946 жылғы 26 тамыздағы “Драма театрлардың репертуары және оларды жақсарту шаралары туралы”.44“Драма театрлардың репертуары және оларды жақсарту шаралары туралы” қаулыБұл қаулыда елдегі ең ірі театрлардың кеңестік заманның өмір салтын көзге ілмегені немесе оған бейтарап көзқарас танытқаны үшін сынға ілікті. Әсіресе “патшалардың, хандардың және ақсүйектердің өмірі идеализацияланатын” “тарихи тақырыптардағы пьесаларды сахналауға деген асқан құмарлық” “ең басты кемшілік” болып саналды (Скрибаның “Маргарита Наварсская Новелласы”, Қажы Шүкіровтің “Хорезмі”, Қасымовтың “Хожанттық Тахмосы”, Тәжібаевтың “Біз қазақтары”, Бурунгуловтың “Идукай және Мұратым” туындысы 1946 жылғы 4 қыркүйектегі «Үлкен өмір» фильмі туралы;.55“Үлкен өмір” фильмі туралы қаулы. Бұл қаулыда тек Донбассты қалпына келтіруге арналған Л.Луковтың кинокартинасы ғана емес, сонымен қатар В Пудовкиннің «Нахимов» фильмі, сондай-ақ Сергей Эйзенштейннің «Иван Грозныйдың» екінші бөлімі де қатаң сынға ұшырады. Эйзенштейн Иван Грозныйды “Гамлет сияқты” көрсетті-мыс, ал “гварияшылдардың озық әскері” америкалықтардың Ку-Клукс-Кланындағы азғындардың бір тобындай көрсетілген” 1948 жылғы 10 ақпандағы “В.Мураделидің “Ұлы Достық” операсы туралы”.i“В.Мураделидің “Ұлы Достық” операсы туралы” қаулы. Қаулы музыкадағы “формализмді” айыптады, дегенмен Сталинге операда 1918-1920 жылдардағы Солтүстік Кавказда Кеңес өкіметінің орнауы ұнамаған болуы мүмкін Дәл осы контексте Қазақ ғылым академиясына және оның президенті Қ.И.Сәтбаевқа қарсы шағым-айыптауларды қарастыру қажет.

Академик Қаныш Сәтбаев минералдарды зерттеп отыр/Wikimedia Commons

№ 335 іс

Ресей мемлекеттік қоғамдық-саяси тарих мұрағатында (РГАСПИ) 17 қордағы (КОКП ОК) файлдармен жұмыс істей отырып, біз 1950 жылы басталған, “Баяндамалар бойынша бөлімдер мен ғылым секторының жазбалары мен анықтамалары, … Қазақ КСР Ғылым академиясы мен ғылыми мекемелеріндегі ұлтшылдық көріністерінің фактілері туралы”iРГАСПИ. Ф.17. Оп.132. Д.335 № 335 істі зерттедік. Бұл іс бойынша кейбір құжаттар “Академик Қ.И.Сәтбаев” құжаттар жинағында жарияланды.iАкадемик Қ.И. Сәтбаев, 2009 ж.

Бірақ барлық құжаттар құрастырушылардың назарын аударған жоқ. Қазақ Ғылым академиясына және Қ.И.Сәтбаевтың жеке басына неге шабуыл жасалды? Оқулықтағы жауап Сталиндік соғыстан кейінгі онжылдықтың тарихына арналған барлық дерлік зерттеулерде қамтыған, ол қатарда: Бүкілодақтық Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бірқатар қаулылары қабылданып, одан кейін бірден Қазақстан Компартиясы (большевиктер) Орталық Комитетінің 1947 жылғы қаулысы мен шешіміi“Қазақ КСР ҒА Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы өрескел саяси қателер туралы”; “Қаз КСР ғылым академиясындағы ғылыми қызметкерлерді іріктеу, орналастыру және пайдалану туралы ” күшіне енді. Бірақ 1947 жылдан кейін ҚКСР Ғылым академиясының президенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың сол кезде айтулы жетістіктерге қол жеткізген республиканың академиялық ғылымының мүддесін қорғап, бірқатар баяндама хаттар, есептер жазғанына қарамастан, біз жоғарыда сөз қозғаған ҚКП ОК қорынан №335 іс шамамен үш жылдан кейін қозғалды.

ҚазКСР Ғылым академиясын ашу мәселесін талқылап отырған ғалымдар. Солдан оңға қарай: КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалының төрағасы Қ.И. Сәтбаев, В.А. Белый, ҚазКСР ХКК төрағасы Н.Д. Оңдасынов, КСРО Ғылым академиясының президенті В.Л. Комаров. 1945 ж./e-history.kz

Өзінің жазбаларында Қ.И. Сәтбаев КСРО Ғылым Академиясы жұмысының нәтижелері туралы баяндайды: 1941 жылы КСРО Ғылым Академиясының филиалында 100 ғылыми қызметкер болса, олардың 14-і - ғылым кандидаты, 3-і - ғылым докторы, ал 1947 жылға қарай КСРО Ғылым Академиясында 1580 адам (филиалдарды) жұмыс істеген, ол қатарда 83 ғылым докторы және 220 ғылым кандидаты болған. Сонымен қатар Қ.Сәтпаев ұлттық ғылыми кадрлардың өсуіне көп көңіл бөледі, 1950 жылға қарай академия қызметкерлерінің 24,9% ғылыми дәрежесі бар қазақтар еді.iАкадемик Қ.И. Сәтбаев, 2009: 370-381 Бірақ жетістіктері мен сіңірген еңбегі КСР Ғылым академиясының президентін 1950 жылдың өзінде-ақ белең алған жаппай айыптаулардан қорғай алмады.

Соғыстан кейінгі қуғын-сүргіннің айрықша белгісі – «саяси айыптаулардың айқын түрде жеке даралыққа ұрынуы» едіiҚазақстан тарихы, 2009: 550. Соғысқа дейінгі кезеңнің өзінде ғылым мен мәдениеттің көрнекті қайраткерлерінің ізіне түсу фактілері болған, десе де қуғын-сүргін 1920-1930 жылдары мейлінше кең тарағанын атап өткен жөн. Ал «саяси айыптаулардың айқын түрде жеке даралыққа ұрынуының» қарапайым түсіндірмесі бар, себебі белгілі бір тұлғаларға назар аударуға жерлестерінің, көршілерінің, әріптестерінің, дұшпандары мен күншілдердің шағым-арыздары да түрткі болды. Арыздар саяси салдар ретінде пайда болды: билік алдымен идеологиялық науқандардың контурын анықтай отырып, бұл айыптауларды қоздырды, содан кейін оларға дереу «жауап беріп», болашақта арыз-шағым түсірудің көкжиегін мейлінше кеңейтуге тырысты.

КСРО Ғылым академиясының құрметті мүшесі Иосиф Сталиннің куәлігі. «Огонёк» журналынан, 1953 жылғы 15 наурыздағы № 11 (1344)/Wikimedia Commons

Сталиннің репрессия машинасынан жауапкершілікті ысырып тастамай, оны ақтамай, қуғын-сүргінді зерттеу барысында нақты шағым түсіріп, арыз айтқандардың рөлі назардан тыс қалып жатқанын атап өткен жөн деп білеміз. Егер Қазақстанда мұндай арыз хаттардың легі көп болмағанда кем дегенде бірнеше ондаған, мүмкін жүздеген адамның тағдыр-талайы мүлдем басқаша болар еді, қайғылы аяқталмас еді дегеніне біз сенімдіміз. Бұл “сикофанттардың”iгрек. арыз жеткізуші, жала жабушы тарих алдында, ГУЛАГ зыңданына жабылған адамдардың жады алдындағы жауапкершілігі туралы біз ашық айтуға тиіспіз. Ең болмағанда осы кезеңдегі ең ірі репрессиялық оқиғалардың бірі – «Бекмаханов эпопеясында» «анти-қаһармандардың» (Х.Айдаров, Т.Шойынбаев, А.Якунин, т.б.) есімдері тайға таңба басқандай аталғаны қуантады.

Бұл тарихшылардың рөлі мен олардың «Бекмаханов ісінде» есімінің жария болуының салдары туралы нақты бағаны М.Қ.Қозыбаев беріп, оны Қазақстан тарихы ғылымы үшін “қатерлі” дейді.iАкадемик Қ.И. Сәтбаев, 2009: 9 Өз мақаласында М.Қ. Қозыбаев: “Ыңғайлы сәттің орайы келгенін пайдаланып қалғысы келген күншілдер мен дұшпандар жала жабу науқанын бастады, әсіресе Қ.И.Сәтбаевқа қатысты арыз-шағымдар қарша борады”, - деп жазады. Арызшылдықтың түрткілеріне (бұл өз алдына бөлек зерттеу тақырыбы) тоқталмай, біз оқиғаның барысын талдауға тырысамыз.

Академик Қаныш Сәтбаев отбасымен/Wikimedia Commons

Олай болса, № 335 іске оралайық. 1950 жылы маусымда Бүкілодақтық коммунистік партияның Орталық Комитеті Қазақ КСР Ғылым академиясының қызметіне тексеру ұйымдастырып, оның қорытындысы бойынша П.Апостолов, Б.Митрейкин және А.Петровский қол қойып, Бүкілодақтық Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің хатшысы Г.М. Маленковқа хат жолданды. . Олар «көрсетілген фактілер негізінен тексеру барысында расталды» деп атап өтті.iРГАСПИ. Ф.17. Оп.132. Д.335. Л.120

Қандай фактілер сөз болып жатқанын түсіну үшін № 335 істің (РГАСПИ) жазбасынан үзінділер келтірейік:

“ҚК ОК (б) өз қаулыларында кейбір ғылыми қызметкерлер өз еңбектерінде зиянды және идеологиялық-зұлым жағдайды ұлықтап, феодалдық-рулық құрылысты идеализациялап, хандар мен байлардың мерейін үстем етіп, революцияға дейінгі қазақ ауылындағы таптық күресті бүркемелеп, буржуазиялық-ұлтшылдық және антиресейлік көзқарастарды тықпалайтынын бірнеше рет атап өткен. ҚК ОК (б) сондай-ақ Ғылым академиясының басшылығын академияны саяси сенім тудырмайтын, ғылыми жұмысқа қабілеті жоқ адамдардан тазарту шараларын қабылдауды бірнеше рет міндеттеді. Алайда бұл қателер мен бұрмалауларға Қазақ КСР ғылым, мәдениет және өнер қайраткерлері әлі де мойын бұрып келеді әрі ҚК ОК (б) тарапынан тиісті саяси баға алған жоқ.

Қаныш Сәтбаев Томск технологиялық институтының студенті болған кезінде. 1929 жыл. Фотосуреттің репродукциясы. Түпнұсқа Мемлекеттік тарих мұражайында/РИА Новости

Мәселен, “ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан” еңбегінің авторы Бекмаханов әлі күнге дейін в Кенесары Қасымов66Кенесары Қасымов Қазақ Хандығының ханы (1841-1847), қазақтардың Ресей империясынан тәуелсіздік алу жолындағы ұлт-азаттық қозғалысының жетекшісі көтерілісінің табиғаты мен мәні туралы жалған көзқарастарды қорғауын жалғастырып келеді. Ол бұл кітапта қазақ халқының тарихының сенімді дереккөзі ретінде контрреволюциялық Алаш-Орда партиясының жетекшісі Әлихан Бөкейхановтың77Әлихан Бөкейханов қазақтың мемлекет қайраткері, (1866-1937), Алаш партиясының негізін қалаушы, Алаш автономиясы үкіметінің төрағасы (1917-1920) еңбектері насихатталғанын жасырып келген, ал кітаптың алғы сөзінде ол Бекмахановтың еңбегін өңдеген жер аударылған троцкийшіл Варшавскийге ерекше алғыс білдіреді.iРГАСПИ. Ф.17. Оп.132. Д.335. Л.120

«Алаш» партиясының мүшелері. Семей, 1918 жыл/Wikimedia Commons

“... 1950 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясы Ақышевтің Қазақстандағы ірі жартылай феодалдар-байлардың мал-мүлкін тәркілеу туралы” атты кітабын басып шығарды. Кітапта байлардың ызақор, антисоветтік мәлімдемелері жинақталған және кедейлердің бай бандитизміне қатысуының көптеген жағымсыз мысалдары келтірілген. Кітап саяси тұрғыда зиян болғандықтан, ҚК ОК (б) бұйрығымен тәркіленді. 1950 жылы Погорельскийдің “Қазақстандағы көшпелілердің отырықшылануы және мал шаруашылығының дамуы” деген кітабы тәркіленді, аталған еңбекте автор “қазақтарда ру дегеніміз біз Маркс-Энгельс бойынша білетін ру емес, Радлов88В.В. Радлов. Шығыстанушы-түрколог, этнограф және археолог (1837-1918) сипаттаған деректерге мейлінше жақын келеді” дегенді растайды. Қазақтардың көшпелі өмір салтынан отырықшы өмір салтына көшуі мәселесінде автор халық жауы Байтұрсыновтың99Ахмет БайтұрсыновҚазақ саясаткері, “Алаш” қозғалысы жетекшілерінің бірі (1872-1937) мәлімдемелерінен үзінді келтіре отырып, партия мен Кеңес мемлекетінің рөлін көзіне де ілмейді.iРГАСПИ. Ф.17. Оп.132. Д.335. Л.121-122

“...Ашық ұлтшылдық тенденциялар Қазақ КСР Ғылым академиясының толық мүшесі Жұбановтың идеологиялық зұлым кітабында да қаузалған. Бұл кітапта фольклорлық зерттеу деген желеумен “кең дауысты”, “шалықтап кеп шырқайтын” қазақ халқының төңкеріске дейінгі әндері анти-орыстық позиция тұрғысынан жазылған.iРГАСПИ. Ф.17. Оп.132. Д.335. Л.122

Қазақстандағы ашаршылық туралы «Ашаршылық 1933» деректі фильмінен кадр/ашық дереккөзден алынған

“... Аталған фактілер идеологиялық майдандағы келеңсіздіктердің дәлелі. Мұның бір себебі – Қазақстанның ғылыми, мәдени-ағарту мекемелерін бассыздықтың жайлауы. ҚК ОК (б) бірнеше рет қабылданған жарлығына байланысты әрі Ғылым Академиясының Президенті Сәтбаевтың көрсеткен қарсылығына қарамастан, кейінгі үш жылдың өзінде екі жүз елуден астам адам академиядан шығарылды. Алайда тексеру барысында Ғылым академиясының қызметкерлері қатарында әлі де болса саяси сенім тудырмайтын, ғылыми зерттеу жұмыстарына қабілетсіз адамдар көп екенін көрсетті”.iРГАСПИ. Ф.17. Оп.132. Д.335. Л.123

II Бүкілодақтық түркітану конференциясының төралқасы (солдан оңға қарай): академик А. Н. Кононов, профессорлар Б. Ч. Чарыяров, І. К. Кеңесбаев, Ю. Д. Дешериев, Н. А. Баскаков, Г. Х. Ахатов, Е. И. Убрятова. Алматы, 1976/Wikimedia commons

Одан кейін ОК нұсқаушыларының жазбасында «ұлтшылдар», «троцкийшілер», «халық жаулары» туралы айтылып: Марғұлан, Бектұров, Стендер, Сонгина, Тартаковская, Снопова, Ермековтер, Тарабаев, проф. Русаков, Летников, Кенесарин, Қондыбаев, Галицкий және т.б “зиян келтірушілердің” есімдері тізіп жазылған. “...Қазақ КСР Ғылым Академиясының саяси тұрғыда жат көзқарасқа ие адамдармен толығуы кездейсоқ емес. Академия президиумының жетекші мүшелері: вице-президент Кеңесбаев (байдың баласы), академик-хатшы Галузо (троцкийшінің ағасы) саяси сенім ұялатпайды. ...Ғылым академиясының президенті - Сәтбаев Қ. Оның екі ағасы Кеңес өкіметінің жауы ретінде репрессияланған. Сәтбаев 1918 жылы «Алаш-Орда» контрреволюциялық буржуазиялық-ұлтшыл партиясының жұмысына белсене қатысқанын партиядан жасырып жүр...Алдағы уақытта КП ОК бюросында тексеру материалдарын талқылауға байланысты Қазақстан Коммунистік партиясы (большевиктер), Қазақ КСР Ғылым академиясының басшылығын жаңарту туралы ұсыныс енгізу қажет деп санаймыз”.iРГАСПИ. Ф.17. Оп.132. Д.335. Л.127

КСРО-дағы 1920 жылдардағы сот/ашық дереккөзден алынған

П.Апостолов, Б.Митрейкин, А.Петровскийдің тексерісінен кейін КСР Академиясының Президенті Қ.Сәтбаев ҚК ОК (б) хатшысы Ж.Шаяхметовке және БКП ОК (б) үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі В.С.Кружовқа 67 беттен тұратын баяндама жазуға тура келді.iРГАСПИ. Ф.17. Оп.132. Д.335. Л.132-133

Бірақ Академияға да, Сәтбаевқа да қарсы арыз-шағымдар қарша борауын тоқтатпады. Жоғарыда аталған БКП ОК (б) үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі В.С.Кружовқа А.Митин есімді біреу 1950 жылы қыркүйекте баяндамалық хат жазып, “жолдас Сәтпаев өз хатында БКП ОК (б) партия, кәсіподақ және комсомол органдары бөлімінің секторларының жұмысын, П.Апостолов, Б.Митрейкин, А.Петровскийді қаралауға тырысады. Жолдас Сәтбаев БКП ОК (б) бригадасы Қазақ КСР Ғылым Академиясының жұмысына көмек көрсетпеді деп санайды. Бригаданың міндетіне академияға ғылыми көмек көрсету кірмеді және ондай міндет бола алмайды. П.Апостолов, Б.Митрейкин, А.Петровский БКП ОК (б) шешімімен Черниченко мен Шойынбаевтың түсірген шағымын тексеру мақсатында барды (біз атап өткен – З.С.), - деп жазады.iРГАСПИ. Ф.17. Оп.132. Д.335. Л.128

Қазақ КСР. Алматы қаласы. Қазақ КСР ҒА Геология ғылымдары институты. Академик Қаныш Сәтбаев бір топ қызметкерлермен болашақ арна картасын қарауда 01.03.1960/Иосиф Будневич/РИА Новости

Сәтбаевқа жазылған арыз не туралы?

Осы құжаттан Қазақстан Ғылым академиясын тексеруді кім бастағаны ақыры белгілі болды. Оған алғаш серпін берген - ​​Черниченко мен Шойынбаев. А. Черниченко - «Правда» газетінің Қазақ КСР-дегі меншікті тілшісі. Т.Шойынбаев – тарих ғылымдарының кандидаты. Шойынбаев Қ.Сәтбаевқа қарсы екі арыз жазған. Біріншісі П.Апостоловтың, В.Митрейкиннің және Петровскийдің тексеруіне себеп болды. Екінші арызды Т.Шойынбаев 1950 жылдың қазан айында БКП ОК (б) хатшысы М.А.Сусловқа және БКП ОК (б) жанындағы париялық бақылау Комиссиясы М.Ф. Шкирятовқа жолдаған. 67 жылдан кейін кәсіби тарихшыны, тарих ғылымдарының кандидатын мұндай «хаттарды» жазуға не итермелегенін айту қиын, бірақ бұл туралы басылымдарда “қызғаныш пен дұшпандық” жайлы сөз өрбігені тегіннен тегін емес, бәлкім бұлар аталған “шағымдарды” жазудың себебін түсіндірер. Мұндай арыз-шағымдардың қандай салдарға әкелгенін білу өте маңызды. Ал, айтылған «фактілердің» едәуір бөлігі өсек-аяң болып шыққанымен, олар Сәтбаевты қудалаудың жаңа кезеңіне түрткі болды.

1950 жылдардағы плакат/Wikimedia Commons

Сонымен қатар Шойынбаевтың судай жаңа арыз-шағымдары академиктің іскерлік қасиеттеріне де, оның қазақ ғылымына деген жанашырлығына да байланысты емес. Бұл хат барып тұрған жала. Оның толық емес 7 бетінің төртеуі Сәтбаевтың “алаштық” өткеніне арналған, 0,5 беті Е.Бекмахановтың Кенесары қозғалысы туралы тұжырымдамасын Сәтбаевтың қолдауы туралы айыптаулар, ал 2 беті “Кеңес билігіне жат элементтерді” Сәтбаевтың қолдауына қатысты шағымдар, ал одан кейін Т.Шойынбаевтың ойы бойынша арнайы тексеруді талап ететін сұрақтар тізімі кетеді. Шойынбаевтың жазбасында маңызды деп көрсетілген тезистер (мүмкін осындай хаттарға тән) Сталин билік құрған кезеңге тән, себебі адамның шығу тегі мен өткені үлкен рөл ойнаған (партиялық күреске қатысу немесе қатыспау, партиялық оппозиция, ұлтшылдыққа бүйрегі бұрушылық және т.б).

Айта кету керек, бұл хат 1950 жылдың қазан айы деп көрсетілгенмен, онда көрсетілген фактілер БКП ОК (б) үгіт-насихат бөлімінің нұсқаушыларының 1950 жылдың маусым айында жасаған баяндамалық жазбасындағы деректерді сөзбе-сөз келтірген.

Ғылым академиясының партиялық тексеруінің нәтижесіне көңілі толмай, бұл Т.Шойынбаевты қолына қалам алып, қайтадан “жазуға” итермелесе керек.

Ахмет Байтұрсыновтың түрмедегі суреті (соңғы фотосуреттердің бірі). 1937 жыл/Wikimedia Commons

Т.Шойынбаевтың бұл пәлеқорлығынан (1950 ж. қазанында) бірнеше факті келтірейік; ол “буржуазиялық-ұлтшыл” “Алаш” партиясын сипаттаудан басталады (хаттың емлесі сақталған): “1917 жылы шілдеде ұлтшыл-кадет Бөкейхановтың басшылығымен өткен жалпы қырғыз съезінде, байлар, молдалар, буржуазиялық-ұлтшыл зиялы қауым өкілдерінен тұратын контрреволюциялық буржуазиялық-ұлтшыл әрі басқа қалаларда бөлімшесі бар “Алаш” партиясының саяси тұрғыда негізі қаланды.

Алаш партиясы орыс империалистік буржуазиясының агенті болды, Уақытша үкіметті қолдап, революциялық большевиктік ықпалдардың байырғы халық бұқарасына енуіне қарсы күресті.

“Алаш” партиясы Кеңес үкіметінің, сәйкесінше қазақ халқының жауына айналды. Қазақстанда Кеңес үкіметін орнату жолындағы күрес жылдарында жүздеген большевиктер мен партияда жоқ большевиктер, орыстар, украиндар, қазақтар Алаш Орда баскесерлерінің қолынан қаза тапты. Олар большевик, азамат соғысының батыры, Қазақстанда Кеңес үкіметін орнату үшін тайсалмай күрескен Амангелді Имановты өлтірді”.iРГАСПИ. Ф.17. Оп.132. Д.335. Л.241

Көріп отырғанымыздай, хат авторында көп жылдар бұрынғы оқиғаларды түсіндіруде ешқандай жаңалық немесе «өзіндік» ештеңесі де жоқ: ол 30 жыл бұрынғы оқиғаларға қатысты ресми көзқарасты жазу кезінде өз ойын механикалық тұрғыда ғана жеткізген.

Әрі қарай хат мәтінінде: “Аталған “Алаш” партиясының белсенді мүшелерінің бірі қазіргі ҚазКСР Ғылым академиясының президенті Қаныш Сәтбаев болатын. Мұны жазушы Мұхтар Әуезов растай алады. Мұны “Алаш” партиясының органдары - “Қазақ” және “Сарыарқа” газеттері растайды. Бұл газеттердің беттерінен басқа алашордалықтармен қатар аталатын Сәтбаевтың да есімін кездестіруге болады”. Мәселен, «Сарыарқа» газетінің 1917 жылғы 9 қарашадағы № 19 санындағы «Үгітші» мақаласында Қаныш Сәтбаев пен Жүсіпбек Аймауытовты «Алаш» партиясы Павлодар уезіне қазақ халқы арасында антисоветтік үгіт-насихат үшін жібергені тайға таңба басқандай анық жазылған. Аймауытов та осы партияның белді мүшесі еді, кейін халық жауы деп танылды. Қаныш Сәтбаев Кеңес өкіметіне қарсы күресте “Алаш” партиясының тапсырмаларын ынтамен атқарды, сондықтан «Қазақ» газетінің 1918 жылғы сандарының бірінде Сәтбаевты мақтаған мақала жарияланды. Мақалада «Алаш» партиясы өзінің жас мүшесі Сәтбаев Қанышқа үлкен үміт артатыны, ал оның “Алаш” партиясының ісіне шексіз берілгендігі туралы қадап жазылған. Сәтбаевтың осы буржуазиялық-ұлтшыл партияға сонша ынта-шынтасымен берілуі тегін емес. Ол үлкен бай-феодал отбасынан шыққан. Ол қазақ елінің төбесінен төнетін байшыкештердің билігін сақтап қалуды армандады, ал “Алаш” партиясы қазақ байының мүддесін қорғады. Міне осы себепті Сәтбаев аталған партияның құрамына қабылданды. Кеңес үкіметіне қарсы күресте оның ағалары Әбікей, Кәрім, Нөкештер де осы партияның белсенді мүшелері болғаны бекер емес. Қазақстан жерінде Кеңес билігі орнағаннан кейін “Алаш” партиясы терең астыртын әрекетке көшті: сәтсіздікке ұшыраған алашордалықтар жан-жаққа бытырай тарады. Олар тактикаларын өзгертіп, қойдан жуас, бетегеден аласа кәдімгі “совет” адамы болып шыға келді.iРГАСПИ. Ф.17. Оп.132. Д.335. Л.242-243

«Қазақ» газетінің 1913 жылғы 22 наурыздағы 7-ші нөмірі/Wikimedia Commons

Бұл үзіндіде хат авторы расында жала жауып отыр, себебі тарихшы ретінде ол “Алаш” қозғалысы өкілдеріне Кеңес үкіметі тарапынан рақымшылық жасалғанын және олардың бәрі әріптестік орнатуға үнделгенін білмеуі мүмкін емес.

Хаттың жалғасында: “Сәтбаев Қаныштың “совет адамына” айналудан басқа амалы қалмады. Өз жанын күйіттеп тауға оқуға аттанады. Томск қаласына. Ал қалған Сәтбаевтар - Әбікен, Кәрім және Нөкештің жолы болмады. Шамасы ағалары Қаныш сияқты жасырынып үлгермесе керек. Олар қолға түсіп, халық жауы деп танылып, қуғындалды. Қаныш Сәтбаевтың бұл үшін Кеңес үкіметін кешіруі екіталай. 1945 жылы «Алаш» контрреволюциялық партиясының бұрынғы мүшесі, буржуазиялық ұлтшыл, большевиктер партиясының жауы Қаныш Сәтбаев БКП (б) қатарына қабылданды. Ол партиядан өзінің буржуазиялық ұлтшыл болғанын және әлі де солай екенін, ірі феодал отбасынан шыққанын жасырып қалды, ал Сәтбаевтардың Кеңес үкіметіне қарсы күреске қатысқанын толыққанды мойындамады.

Қаныш Сәтбаев. 1960/Иосиф Будневич/РИА Новости

1946 жылы ол Қазақ КСР Ғылым Академиясының Президенті болып ТАҒАЙЫНДАЛДЫ. Кейін Қазақ КСР және КСРО Жоғарғы Кеңестерінің депутаты, академик болды. 1949 жылы буржуазиялық ұлтшыл, большевиктер партиясының жауы КП ОК (б) мүшесі болып сайланды. Жауапты қызметтерге ұсынылып, […] ол өзін ауқатты малшының баласы ретінде көрсетті. Ол өзін патшалық езгіге ұшыраған еңбекқор жұмысшының баласы ретінде көрсетіп, Қазақ КСР және КСРО Жоғарғы Кеңестеріне депутат болып сайланғанда халықты алдап соқты. Сәтбаевтың өз жасын жасырғанын да атап өткен жөн. Оның жасы 50-де емес, 60-ты алқымдап қалған. Ол «Алаш» партиясына қатысы барын жасыру үшін осындай әрекетке барды. Бұл партия болған 1917 жылдары өзін 16-17 жастағы жас бозбала ретінде көрсетудің тиімді жолы ғана. Ал жоғарыда айтқанымыздай, оны мұрағат және Алаш партиясының органдары – “Қазақ” және “Сарыарқа” газеттері растайды”, - деп жазылған.iРГАСПИ. Ф.17. Оп.132. Д.335. Л.243-244

Шойынбаев “ауқатты” және “еңбекқор жұмысшы” деген сөздерді алға тартып, бәлекқорлық танытып отыр әрі академикті жасын жасырды деп айыптайды, өйткені оның хатын оқитындардың жалпы қазақ қоғамына жат адамдар екенін жақсы біледі. Шойынбаевтың бүгінде Сәтбаевтың жасына қатысты шағымында өтірік айтып отырғанын әлде өз жазғанына өзі сенетінін анықтап білу қиын, алайда кәсіби тарихшы ретінде ол революцияға дейінгі қазақ қоғамының әлеуметтік категорияларын шолып шықпады деу беймүмкін. Қала берді Т.Шойынбаев тарих ғылымдарының докторы, профессор Е.Б. Бекмахановты да айыптауға көшеді.

Ермұхан Бекмаханұлы Бекмаханов, қазақ тарихшысы/Wikimedia Commons

“Сәтбаев Қаныш күні бүгінге дейін буржуазиялық ұлтшыл болуын доғарған емес. Оның БЕКМАХАНОВТЫҢ “ХІХ ғасырдың 20-40-шы жылдардағы Қазақстан” атты еңбегінде жіпке тізгендей жазылған буржуазиялық-ұлтшылдық көзқарасты жан таласа қорғауы соның дәлелі. Бекмаханов бұл кітабында қазақ халқының қас жауы, Орта Азия хандары мен ағылшын империализмінің агенті Сұлтан Кенесары Қасымовты ұшпаққа шығарады. Бекмахановтың кітабында ұлтшыл-кадет Әлихан Бөкейхановтың еңбектері насихатталады. Мұның бәрі, әрине, Сәтбаевтың көңілінен шықты, сондықтан ол Бекмахановты және оның буржуазиялық-ұлтшыл кітабын ерекше құлшыныспен қорғады”.iРГАСПИ. Ф.17. Оп.132. Д.335. Л.244

Келесі айыптаулар Қ.Сәтбаевтың кадр саясатына қатысты.

“Сәтбаевтың көмегінің арқасында бай-феодал әулеттен шыққандар академияға кандидат, ғылым докторы, кейбіреулері мүше болды. Мәселен, шылқыған байдың қызы, буржуазиялық ұлтшыл Тарабаевтың әйелі Сәтбаевтың жасап берген жағдайының арқасында доктор атанды. Тағы бір буржуазиялық ұлтшыл, алашордашыл Ғаббасовтың ағасы Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі атанды. Сәтбаевтың күйеубаласы, алашордалық Әбікей Сәтбаевтың қызының күйеуі Бектұров академияның толық мүшесі, ал оның зайыбы Сәтбаевтың қарындасы, қазақ халқының қас жауының қызы Райхан ғылым кандидаты деген атаққа қол жеткізді. Сұлтан Кенесарының ұрпағы - Кенесарин Ғылым академиясында жұмыс істейді. Сәтбаевтың күйеубаласы Әлкей Марғұлан 1946 жылы Сәтбаевтың көмегімен «Қазақ эпосы» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғап, онда Марғұлан Алтын Орданың қолбасшысы, моңғол шапқыншылығы кезінде орыстарды қынадай қырған Едігені жер-көкке сыйғызбай мақтайды. Бұл буржуазиялық ұлтшыл Марғұлан Сәтбаевтың көмегімен ҚазССР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі болды”.iРГАСПИ. Ф.17. Оп.132. Д.335. Л.245

Жазушылар саммитіне Әлкей Марғұлан қатысуда. Қазақстан жазушылар одағының съезінде, 1982 жыл/Wikimedia Commons

Сәтбаевтың арыздан кейінгі тағдыры

Шойынбаев хатының мазмұны біржақты әсер туғызады, бірақ мәселе тек эмоционалдық бағада ғана емес. Т.Шойынбаевтың хаттары академик Сәтбаевтың өмірінде тағдыркесті рөл ойнауы бек мүмкін. Қ.Сәтбаевтың пролетариат емес, бай әулетінен шыққанын жасырғанына айыптаудың алғашқы тармағы, ал мұны жасыру Қылмыстық кодекстің 58-бабымен қаралды.iҚылмыстық Кодекс 58 бабы. Бұл контрреволюциялық әрекет үшін жауапкершілік алуды білдіреді. Бұл Сталин тұсындағы “ату жазасына” кесуге дейін жеткізетін бап Әрине жаппай қуғын-сүргін 1937-38 жылдардың еншісінде қалды. Алайда 40-шы жылдардың соңы мен 50-ші жылдардың басында Сталин қуғын-сүргін алауын қайта жақты. “Ленинград ісі”, “Мингрел ісі”, “дәрігерлер ісі” - егде тартқан диктатордың террордың жаңа кезеңіне құлшына кіріскенін көрсетеді.

1951 жылы 23 қарашада КП ОК (б) Бюро отырысының шешімімен Қаныш Сәтбаевқа Т.Шойынбаевтың арыз-шағымы негізіндеi№ 91 хаттама, 3 тармақ айып тағылды.iАкадемик Қ.И. Сәтбаев, 2009: 409-410 Нәтижесінде Қ.И. Сәтбаев КСР Ғылым академиясының президенті қызметінен шеттетілді. Ол ескертумен қатаң сөгіс алып, тіркеу картасына енгізілді. Бірақ мұның өзі жеткіліксіз болып көрінді. КП ОК (б) ОК Бюросының 1951 жылғы 23 қарашадағы қаулысымен “ҚазКСР Мемлекеттік қауіпсіздік министрі жолдас Фитин жолдас Қ.И.Сәтбаевтың Алаш-Орданың Семей комитетіндегі үгітшісі ретінде материалдарды қолданғанын тексеріп, тексеру нәтижесін Қазақстан КП ОК (б) хабарлауға міндеттелді”.iАП РК. Ф.708. Оп.15. Д.175а. Л.1 Бұл ретте Қазақ КСР НКВД-сының ұсынуымен КП ОК-да (б) академик Қаныш Сәтбаевқа қарсы қылмыстық іс қозғау туралы мәселе қаралып жатты, алайда Ж.Шаяхметов пен И.Омаров бастаған республиканың партиялық басшылығы Қ.Сәтбаевты қорғап шығып, бұл ақыр-соңында олардың мансабына әсер етті.

Жұмабай Шаяхметұлы Шаяхметов, ІІХК қызметкері, кейін ҚазКСР КП бірінші хатшысы 1940 ж./Wikimedia Commons

Егер Сталин бір жыл өте қайтыс болмағанында оқиғаның қалай өрбитінін елестетудің өзі өте үрейлі. Бәлкім, «Сәтбаев ісі» Қазақстанның бүкіл ұлттық элитасына қарсы ауқымды қуғын-сүргінге түрткі болар ма еді. Кім білсін?! Қайткен күнде Сталин ұйымдастырған дербес қуғын-сүргіннің басым көбі бір схемамен жүріп отырды яғни жоғары деңгейдегі «қате есептер» үшін сотталған жауапты қызметкерді жұмыстан шығару, - аз ғана тыныштық - қылмыстық қудалау - жұмыс орны бойынша яғни партия ұйымдары мен аппараттардағы жасырын жақтаушылар мен сыбайластарды анықтау - негізгі фигуранттарды ату жазасына кесу, ал қалғандарына отбасы мүшелерімен қоса ұзақ жылдық жаза тағайындау.

Сәтбаевтың биографы М.Сәрсекеевтің жазуынша ғалымның мұрағатында 1952 жылдың қаңтары мен наурыз аралығында жазылған үш хат сақталған: біріншісі 20 қаңтарда И.В. Сталинге жазылған (55 бетте), екіншісі - БКП ОК (б) хатшысы Г.М.Маленковқа арналса (5 бетте), үшіншісі - БКП ОК (б) ғылым және ЖОО Ю.А.Ждановқа жазылған (8 бетте).iСәрсекеев, 1989: 372 Ал аталған хаттардың бәрінде Қ.Сәтбаев бұл қуғын-сүргінде өзіне тағылған айыптармен келіспейді. Қаныш Имантайұлы Сталинге жазған хатында: “Табиғатынан “тыныш” өмірді, ал жұмыста “сақтандыруды” дұрыс көретін мен кейбір іргелі мәселелерді шешкен кезде аталған мәселелердің мемлекеттік маңызын түйсініп қана “тәуекелшіл” қадамға бардым”, - деп жазады.iАкадемик Қ.И. Сәтбаев, 2009: 413 Бұл академик Сәтбаевтың бұлжымас ұстанымы, десе де тағдырының күрт бұралаң жолына қарамастан, тарих бәрін өз орнына қойды. Сталин қайтыс болғаннан кейін 1955 жылы маусымда К.И. Сәтбаев қайтадан Қазақ АКСР Ғылым академиясының президенті болып сайланды.

ОҚУҒА ҰСЫНАМЫЗ

Академик К.И. Сатпаев: Сборник документов и материалов. Составители Б.Т. Жанаев и др. Астана: 1С-Сервис, 2009. 560 с.

Верт Н. История советского государства. 1900-1991. М.: Прогресс-Академия, 1992. 480 с.

Гринберг И. Идеологические кампании в послевоенном СССР их их последствия для Казахстана// Казахстан: послевоенное общество 1946–1953 гг. Материалы Международной научно-практической конференции. 20 апреля 2012 г./ под ред. Х.Абжанова и др. А-А: «Арыс», 2012. С. 119-135.

История Казахстана (с древнейших времен до наших дней). В пяти томах. Т.4. А-А: Атамура, 2009. 680 с.

Политические репрессии в Казахстане в 1937–1938 гг. Сб. документов. А-А: Қазақстан, 1998. 336 с.

Сарсекеев М. Сатпаев. А-А: Онер, 1989. 447 с.

Зәуреш Сақтағанова

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ

Көшірілді